• Келелі кеңес
  • 14 Қараша, 2013

Тағы да мемлекетшілдік туралы

Әбдірашит Бәкірұлы, философ

20 ғасырдың екінші жартысы «тәу­ел­­сіздік шеруі» салтанат құрған заман болды. Ресейдің тұңғыш прези­денті Б.Ельциннің «Тәуелсіздікті той­ғандарыңша алыңдар!» дегені расқа ай­налып, жер шарының алып бөлігінде 15 мемлекет өз алдына отау тікті. Бұ­­рынғы «мызғымас» социалистік жүйенің күйреуі – тәуелсіздік шеруінің салтанатты «отшашуына» айналды. Сөйтіп, КСРО құрамындағы 15 мемлекет, Шығыс Еуропа елдеріндегі он­нан аса мемлекеттер тәуелсіздігін «той­ғанынша» алды: қарым-қатынастар жүйе­сі күйреді, экономикалық тоқырау басталды, бірер мемлекеттер өзара со­ғысты, кей елдерде азаматтық соғыс өр­шіді. Осындай тығырыққа тіреліп, әуел бастағы «қателігін» тез ұққан бұ­рынғы коммунистер бірігудің әрекетін жасап, «ТМД» деген құрылым құрып алды, тек ТМД тиянақты бола алмады. Себебі, көптен күткен тәуелсіздік тек халықтардың ғана «тәтті арманы» емес екен.

Ол – өз алдына билеп-төстегісі келетін биліктің де қолайына оң келер «нәрсе» екен де, өз бетімен «билеудің» дәмін татып үлгерген «райком-крайкомдар» енді қайтып Мәскеуге ат басын бұруды артық санады... «Қалай екен?» деген Мәскеуге: «Чем большой оклад, лучше маленький склад» дегендей сыңай танытты да, әркім өз күйін күйттеуге көшті... Иә, осы 20 жылдан астам уақытта ешбір мемлекет, қандай да бір себептермен өз тәуелсіздігін тәрк етуге бармады. Қайта, экономикалық-қаржылық дағ­дарысқа, небір қиындыққа тап болса да – тәуелсіздігін нығайта түсті. Шынын айту керек, осы тәуелсіздікті тиянақты етуде бұрынғы республикалар арасындағы «социалистік жарыс» енді нағыз «капиталистік жарысқа» ұласты. Бұрын «кім жеңді?» деген сұрақтың төрешісі төрде – Кремльде отырса, енді бұл сұрақтың жауабын әр мемлекеттің билігі Шекспирдің «быть или не быть» дейтіндей қарқынмен шеше бастады. Сонымен: Бірінші, тәуелсіздік таңында әр халықтың мәдени-экономикалық даму деңгейлері әрқалай болды. Бірақ, бір халықтар өздерінің кейбір ерекшеліктерінің арқасында тәуелсіздігін мәңгілік тұғырға қондыра алды, біреулері – қаншама мол табиғи байлық пен адам ресурсына ие бола отырып, оған қол жеткізе алмады. Ен­деше, халықты тұтас біріктіретін, мемлекет аясында цементтей қатыратын қандай қасиет? Ол – «мемлекетшілдік»! Онда да, ол − декларация түріндегі ұран­дататын «мемлекетшілдік» емес, шын мәні­сіндегі − халқы мен билі­гінің әрекеті бір арнаға тоғысқан, бола­шақ тарихының бастауы бола алатын деңгейдегі МЕМ­ЛЕКЕТШІЛДІК еді. Осыған сай келетін «үлгіні» Балтық жағалауы елдері айқын көрсетті. Ал, Өзара Экономикалық Көмек елдері арасынан Польшаның шоқтығы биік шықты. Ал, Ресей, Беларус, Украина, Ортаазиялық Республикалар, Қазақстан, Кавказ елдері, Саакашвилиге дейінгі Гүр­жі мемлекеті бұрыннан келе жатқан, бірақ, 70 жылдай «кеңесудің» арқасында біршама көмескіленген «тарихи жадын» қайта оятып, КСРО-лық әміршіл жүйесін реанимациялауға көшті. Тіптен, патшалық-хандық дәуірдің кейбір басқару элементтері өмірге қайта оралды десе болады... Екінші, біз «халық» ретінде, тәуелсіздік алған сәттен бастап өзімізді дұрыс бағалай алдық па? Әлсіз тұсымыз неде, күшті жағымыз қандай? деген сұраққа жауап іздедік пе? Меніңше, күні бүгінге дейін бұл сұрақты ашық алаңға шығарған ешкім көрінбейді. Иә, бүгінде көп сөзіміз мақтанға толы, ол сөздер: «Тарихымыз сонау көне дәуірден басталады. Ұлы дала төсін дүбірлетіп, ат тұяғы жеткен жерлерде алып мемлекеттер құрған халықпыз» немесе «Ата-бабаларымыз жанкештілікпен бізге осыншама жерді, осындай байлықты мұра етіп қалдыруы тегін емес, сірә, текті бабалардың ұрпағы біз болармыз!» − деп, осы сарынмен жалғасып кете береді. Патриоттықты ояту үшін бұл дұрыс шығар. Алайда, кейде ойланасың: «Иә, мұның бәрі рас. Бұл жер, бұл байлық, байтақ дала, асқар тау бізге өздігінен келген жоқ. Ол байлық ғайыптан емес, шынында да, ата-баба қанымен, маңдай терімен келді. Алайда, бүгінгі ұрпақтың оған осыншама мақтанатындай, сондай эйфориялық сезіммен өмір сүре беретіндей − ол ерлікті жасаған кім? Біз емеспіз, қанын төксе − бабаларымыз төкті, соғысса − солар соғысты, қырылса − солар қы­­рылды! Ал, біздің «кеудені кере» мақтануымыздың оған қатысы қандай?.. Мүмкін, біз де солар секілді батырлар шығармыз?... Бірақ, бүгінгі тірлігімізге: қазба байлықты оңды-солды сатуға; халықтың тұрмыс-жағдайын түзей алмай жатқанға; заңымызды аяқасты етуші шетелдік компаниялардың жыртысын жыртып, әділеттілікті талап еткен өз жұмысшыларымызды олардың алдына жығып беруші мемлекеттік басқару органдарға; унитарлы мемлекет бола отырып, «көпұлтты» саясат ұстануға; қазақтың ана тілін мансұқтап, оны шын мәнісіндегі «мемлекеттің тілі» деңгейіне жеткізбей, орыс пен ағылшынша сөйлеуге жаппай бет бұруға; коррупциялық т.с.с. әрекеттерге қарай отырып – қалайша біз өзімізді «батырмыз» немесе тым болмағанда − «батырлардың ұрпағы едік» деп мақтай аламыз?.. Оған моральдік, адами қақымыз бар ма?! – деп налисың.

Өмір диалектикасы адамзат баласына мынадай, қарапайым ғана шындықты үйретті: ол − «әр ұрпақтың алдына тарих әрқандай жауапкершілік жүктейді. Бұл заңдылық өмірдің өзінен туындап, уақытпен бірге жалғаса береді» − деген. Енді, осы қарапайым философиялық түйіннен әр ұрпақ үшін өмірлік маңызы бар қағидаттар туындайды: ол – «әр ұрпақтың тарихын еске алуы «өзін-өзі қайрау» үшін керек. Олар осыны жақ­сы ұғып, бүгінгі − өздеріне жүк­телген миссияның мәні, тіптен, өзгеше екенін білулері тиіс. Әр ұрпақ өздеріне бұйырған құндылықтарды шеберлікпен «ұқсатып», болашаққа ұялмайтындай мұра етіп қалдыруға міндетті. Яғни, атадан-балаға ауысып келе жатқан мирас жаңаруы, жаңғыруы тиіс. Сонымен бірге, ол мирас әрі қарай­ғы дамуына күш алатын энергиямен қуатталып − болашағына сеніммен қа­дам басуы қажет» деген қағидат. Біз осыны білсек керек-ті! Бірақ, біздің оны көлегейлеген құр мақтанышымыз ұзаққа созылып барады, келер ұрпақтың енді бізбен мақтанатындай тындарған істер көрінбейді. «Ананы істедік, мынаны жасап жатырмыз» деп айтудайын айтып келеміз, бірақ, одан халықтың қарыштап кеткен іскерлігін, озық технологияны меңгеріп, ғылымының озғанын, қоғамда сенімді, тұрақты әлеуметтік ахуал орнағанын көріп отыр­ған жоқпыз...

Сонда бұл не – біз, осы, әбден теперіш көріп, еңсеміз езіліп, жотамыз жауыр болып қалғаннан аманбыз ба? Болмаса, неге «мемлекет» дегеннің не екенін, ол үшін жауапкершілік түптің түбінде өтпелі биліктен емес, кейіннен, мүмкін бәрі кеш болғанда, негізінен, халықтан сұралатынын ұқпаймыз, ұғуға тырыс­паймыз? (Иә, тарихта ондай − ашкөз биліктің өзімен бірге мемлекетті де құрдымға кетірген оқиғалар талай рет болған. Бірақ, «тарих» сұрақты өзгеше қояды: «билік мемлекетті қалай жойды?» деп емес, «халық мемлекетін қалай сақтап қала алмады?» деп...). Бүгінде билік құлаққа жағымды сөзді айтар, әрі, ол аса қиын емес. Бірақ, солай деп отырғанның өзінде − оның өз «мақсаты» бар және ол «мақсат» әрқашанда халықтың мүддесімен, талабымен сәйкес келе бермейді. Содан болар, билік жүйесінде жеке мүдде басым болған сайын, оның аузынан «бәрі де мемлекет үшін, халық үшін» деген сөздер жиі шығады. Ал, ол шындыққа толық сай болмаса − халықтың ол сөздерге деген сенімі сұйыла түседі. Сөйтіп, мұнда мазмұн мен форма орын алмастырады: «мемлекеттік қызметтің» мәні мемлекетті көркейтуге емес, жеке бастың қажеттілігін өтеуге қарай бұрылады. Яғни, Билік пен Халықтың күш-жігері бір арнада – «мемлекет пен оның, тәуелсіздігін нығайту» жолында тоғыспайды да, қоғамның өмірінде жалған принциптер алға шығады. Бүгінде бұл «мемлекеттік мүддені» аттап өтіп, қалайда байып кету» принципі ретінде көрініс табуда. Бұлай деп, мен қара аспанды төндірмеймін − ел тыр­быңдап өз күнін көріп жатыр: бірі − кедей, бірі − ауқатын тауып дегендей, аз бөлігі бүгінгі жағдайына мәз. Алайда, бай­ларға да, кедейлерге де жабысқан бір «ауру» бар, ол − тұрақсыздық! Екі тараптың да болашаққа сенімі аз: бай­лар − ертең байлығын сақтап қа­лары­на, кедейлер − бір замандарда баитынына!..
Иә, өмірде ертеңгі күнің қалай боларын білмей (бала-шағаның болашағы деп ұғыңыз), жанды қоярға жер таппай өмір сүргеннен қиын не бар дерсің! Ол туралы Конфуций «Қарғыс атудың көрінісі − алмағайып заманда өмір сүру» деп бекер айтты ма? Бұған коррупцияның өршуін, игілікке жұмыс істеуі тиіс қаржының «бекер мал шашпаққа» ысырап болып жатқанын қоссақ және де, күнделікті «бәленше жердің әкімі және т.б. біреу миллион қаржы жеп құрықталды» дегендей ақпаратарды қоссақ − мұның бәрі бейнебір «майданның алғы шебінен» жетіп жатқан хабардай қабылданады... Содан кейін, саналы-есті адамға күлкі қайдан болсын?! Конфуцийдің де айтқаны осы ғой.
Нәтижесінде, «мемлекеттік басқару» механизмі халықты бақытты етудің құралына айнала алмайды да, ол билік тұтқасына қандай да бір амалдармен қол жеткізген адамдардың мақсатына қызмет ете бастайды. Шын мәнісінде, бәрі де керісінше болуы тиіс еді − ше­неуніктер мемлекеттің (халықтың да) көркеюіне қызмет етуі қажет. Міне, сөйтіп, дамудың негізгі принципі − «мемлекетшілдік» өз мазмұнынан ажы­рап, сыртқы көрініске (формаға) айналып кетеді. Яғни, бұл «мемлекет бар, алайда ол жоқ», «тәуелсіздік бар, алайда ол жоқ» дегенді білдіреді. Егерде, бұндай процесс ұзаққа созылса, өздігінен реттелмесе, не халықтың өз тағдырына немқұрайлылығы, жайбарақаттығы, не оны оятатын, соңына ілестіретін тұлғалық көшбасшының жоқтығы, не басқадай сыртқы түртушінің болмауы – мемлекеттің азып-тозуына, күйреуіне апаруы мүмкін. Себебі, мұның шындығы адамдардың өзін-өзі алдарқатуында емес, қоғамда қалыптасқан пиғылда жатыр. Ал, бізде ол пиғыл «мемлекетшіл» емес! Мінеки, ақыр соңында ­− мемлекеттің тағдыры «мемлекетшіл бола алмаған» халықтан сұралатыны да сол себептен болса керек...
Ал, «көркейген мемлекет» деген, әлі де шешімін таппаған, сондықтан, жалаң деуге келетін ұрандардың бүгінде жиі айтылуы – осы сәйкессіздікті бүркемелеудің амалы ма дерсің. Мұндай қайшылықты жағдайда қоғамның «мемлекетшілдік» пиғылы басым ба, болмаса ол көзбояушылық ретінде айтылып, ал, әрекет тек үстем таптың қарақан басының қамы үшін бе − тергеліп-тексерілмейді. Өйткені, халық тек қана «басқару объектісі» қатарында, сондықтан, сұрау салар тұлға жоқ. Әрине, демократиялық елдерде бұл рөлді халық атқарады. Алайда, бүгінде бізде бұлай етуге халықтың қолында тұрған тетік әлсіз, тіптен, жоққа тән десе болады. Ендеше, бұл мәселеде «жауапкершілік кепілі» биліктің өзі болып қалады. Сондықтан, билік ха­лықтың өзіне деген сенімін «сыртқы фор­ма» деп емес, «билік қызметінің» төл мағынасы деп ұғынуы тиіс. Сонда ғана жағдайды өзгерте аламыз. Және де, мұндай жағдайда тарихи сахна төрінде «жалғыз актердің» ойнауына да толық мүмкіндік туады. Бүгінде біз дәл осы жағдайға ке­ліп тірелдік десе болады... Ал, бұл жол халықтың тағдырын кездейсоқтыққа әкеледі (сәттілік болса, біршама дамуы да мүмкін). Бірақ, бәрібір, бір адамның «көрегендігі мен даналығы» қоғамның алға басуына кепіл бола алмайды. Себебі, халық тағдыры бір адамның қасиетіне келіп тіреледі. Сөйтіп, нәтижесінде ­− халықтың көкейінде: «тие ме, тимей ме?», басқаша айтқанда: «жолымыз бола ма, болмай ма?» деген сұрақ үнемі тұратыны анық. Мұндай қоғамның дамуы мұхитта шатасқан айсбергтің күйіне түседі... Ал, көбіне айсбергтің мұхитта еріп кетуі, ізі де қалмауы үнемі болып жататын құбылыс. Бұл ешқандай ғажап емес... Ең қорқыныштысы да осы ­− бәрі де уақыттың еншісінде! Ал, уақытқа телінген жерде тек қана сарыла күту бар, нағыз қайнаған өмір жоқ...
Демократияға сүйеніп, билігі мен халқының арасына сызат салмаған елдер ше? Мысалы, жоғарыда айтқан Балтық жағалауы елдері? Олар басқа­лардай емес, табиғи байлығы аз, халқының саны да көп емес. Бірақ, бүгінде Еуроодақтың құрамында, өз орны мен келбеті бар, тұлғасын жоғалт­паған мемлекеттер қатарында тұр. Олардың билігінің де, халқының да мемлекетшілдігі кімге болса да үлгі бола алады! Мұндай мемлекетшіл билік халықты ортақ мақсатқа тас-түйіндей етіп жұмылдыра алады, өз тарапынан халық та билігіне толық сенім білдіреді. Мұндай елдердің болашағы баянды болмауы мүмкін емес!
Тарихи процесте әділеттіліктің болуы шешуші рөл атқарады. Осыған дейінгі адамзаттың бастан өткерген небір қоғамдық катаклизмдерінің бастауында үнемі осы – әділеттілікті талап ету немесе қалпына келтіру тұрады. Мінеки, біз де бүгінгі жағдайымыздың осылай – қазақ мүддесіне сай қалыптаспауына «әділеттілік» принципі тұрғысынан баға беруге тиістіміз. Ол бойынша Қазақстан ­ − қазақ ұлтының мекені, мемлекет ­ − қазақ ұлтының мемлекеті. Мұны Қазақстанда тұратын диаспора өкілдерінің түсінетіні бар да, түсінбейтіні бар. Бірақ, мұны, неге екені белгісіз, өзіміздің қазақ билігіндегі кейбір шенеуніктер мойындамайды. Соның нәтижесінде «қазақ мәдениеті», «тілі», ділі» шайыла бастады да, ол ұлттық санада рухани күйзеліс жағдайына алып келеді. Әрине, ондай мемлекетте кім күшті болса, кімнің байлығы артып тұрса – сол басым. Бірақ, олар мемлекеттік жауапкершілікті мойындарына артпайды. Оларға керегі − мейлі, ол өз азаматымыз болсын, мейлі, шетелдік компаниялар болсын − Қазақстанның байлығы ғана. Ендеше, бұл жағдай біздің «мемлекетшілдік» туралы ауыз толтырып айта да алмайтынымызды білдіреді. Жаңа қарқын алған жаһандану процесі бізді өз құшағына айқара қысып, тұншықтыруға әзір. Сондай жағдайда халық өзінің құтқарушысы ретінде мыңдаған жылдар бойы гендік деңгейде бойға сіңген өз болмысын, келбетін, дәстүрі мен салтын, жалпы, мәдениетін қарсы қоюы қажет. Бірақ, маргиналданған билік саясаты бұрынғы құндылықтарды «донкихоттыққа» айналдырады. Ондай кезде ұлт өзінің бағыт-бағдарынан ажырап, қандай қасиет қадірлі, қайсысы ұлтты алға жетелейтінін білмей, тек билік пен байлыққа жанталаса ұмтылған, одан әжептеуір пайда көріп «адам» қатарына қосылғандарға қызыға да қызғана қараумен күнін өткізеді. Қоғамда «байлыққа жету», «ақша», «жеңіл өмір» және т.с.с. «қасиетсымақтар» үлгі болып, халық аза бастайды. Бірақ, еңбексіз келген байлықта береке жоқ, әрі, ол байлық бәріне бірдей бұйыруы мүмкін емес. Сондықтан, халық өз қиялымен, қайғысымен, зарымен жекпе жек қалды. Ал, билігі халқына «өз күніңді көр» деп, орта жолда шорт кетеді... Дәл осы жерде біздің елде болған мынадай қайғылы оқиға туралы айта кетуді жөн деп санаймын: Соғыс кезінде көрші ауылдың шетіне бір орыс әйелі «болмағанда біреуі тірі қалсын» деп, 3-4 жасар ұлын жетектеп, құндақтаулы қызын жүйеге қалдырып кетеді. Оны жүгері суаруға барған ауыл адамы тауып алады. Содан неше заманнан кейін Мәскеуде КГБ-да істейтін ұлы шеше аманатымен қарындасын іздеп табады. Алайда, шеше байқұстың өмірі тек құсалықпен өтіпті... Сонымен, ағасы қарындасын тапты, асырап алған әкесі қызды тауып алғанын мойындады... Бірақ, соңы не болды? Жаны қазақ «қарындасы» ағасын қабылдамай қойды. Оның «Мәскеуден үй әперем, балаларыңды оқытам» деген сөзін құлағына да қыстырмады. Орыстың «қазақ болған қызы» осындай мінез танытты! Өйткені, ол қыз нағыз ұлттық сана аясында, қазақы дәстүрмен, қазақтың ұлттық санасы бөлінбеген ортада тәрбиеленген болатын... Оны, тіптен, алтынмен апталған Мәскеу де қызықтырмады! Міне, дәл сол секілді «тастанды» көңіл-күй қазір бізде бар. Бірақ, біз үшін құсаланатын «әке» де, «шеше» бар ма? Болса қаншалықты, қанша? Сонымен бірге, «барын да, арын да сатпайтын» қыз да табыла ма? Табылса қаншалықты, қанша? Міне, мәселе сонда! Бүгінде байлықтың буы адами қасиетті тұншықтырып, көзді тұмандандырып, ақылдан ауыстырған жоқ па?.. ...Әрине, егер адамға байлық іскерлікпен, ақылмен, еңбекпен келсе – онда бізден өткен нұрлы қоғам болмас еді! Өкінішке орай, ондай талпыныс алқымнан қысылып тұр – тексеріс пен кредиттің жүгенсіз кеткен тұстары ушығып барады. Қара қауымның көпшілігі бүгінде жеке банкілерге басыбайлы. Қазақта «үш күн ашыққаннан ақыл сұрама» деген. Сондықтан телевизор қарап, ондағы айтылғанға елтіген күйде отыра беру – ұлттың негізгі «мінезіне» айналуда. «Мемлектшілдік» қасиет те сонымен бірге кетіп барады...
Немқұрайлылық.... Мемлекетшілдік туралы ойлана отырып, осы туралы да ойладым – «өз тағдырына деген нем­құрайлылық, қасірет адамда қалай пайда болады?» деп. Сонда мынадай қорытынды сұранады екен: Бірінші, адамның тауы шағылғанда: яғни, бастапқыда «мына өмірді өзгертемін!» деген асқақ энтузиазм, максимализм «баяғы жартас – сол жартас» дейтін мүлгіген меңіреу тасқа соғылып, беті қайтқан күні − адам депрессияға ұшы­райды, бойын апатия басады; Екін­ші, адамның бойына табиғатынан егілген «әділеттілік» қасиеті жан-жақтан анталаған «әділетсіздік» атты шүйебөрінің талауына түсіп, әбден қансырағанда! Ондайда, адам ортаға ғана емес, өмірге де салғырт бола бастайды − өлімге мойынсұнады... Сөйтіп, осы туралы ойлана келе, «немқұрайлылықты егуші күш − зұлымдық екен» деген қорытындыға келдім. Бірақ, біздің қоғамда олай емес қой... Жалпы, дүниедегі заттар, іс-әрекеттер, мінез, сөз, қылық жақсы-жаман деп бөлінсе, осыдан пайда болған нәрсе адал мен харам деп ажыратылады. Жақсы мен адал − имандылық. Ондай адамды «иманжүзді» дейді. Яғни, оның келбетінде, болмысында Алладан түскен нұр бар. Алайда, біз ешқашан Алланың жүзін біле алмаймыз, тек адами санаға салып «жүзі жамал» деп жорамалдаймыз... Мінеки, бізге Жаратушыдан түскен имандылықтың, ішкі цензордың барлық мағынасы осыған келіп тіреледі.... Әгәрки, халықтың төл тәрбиесі осы қалыпта болса, ол халық түбі жаман болмайды. Қазақ ұлттық тәрбиесі осыған сай халық әлі де ол қасиетін түгесіген жоқ. Ендеше, қазақ ұлтының болашақта кей тұста, енді бір сәтте етек алған берекетсіздік пен өтіріктің, жағымпаздық пен жарамсақ екіжүзділіктің, жемқорлық пен парақорлықтың тамырына балта шабуға толық потенциалы бар деп білейік! Әзірге, жұдырықтай жұмыла алмай жатыр, өзінің қандай потенциалы бар халық екенін танымай жатыр... «Сабыр түбі сары алтын» дегендей ол уақыт та келер. Ал, ондай потенциалмен әлемдегі ең мемлекетшіл халықтардың қатарына әлі-ақ қосылармыз...
Жалпы, Қазақтың әрбір мақал-мәтелі, әрбір даналық сөзі телегей теңіз философиялық трактатқа татиды! Мұны әлемдік деңгейдегі талай тарихшылар, даналар мойындаған. Ал, қазақтың этнопедагогикасы негізінен осы даналықты ұрпақ санасына құюмен, оны өмір сүру принциптеріне айналдыру мәселесімен терең айналысқан. Сондай тәрбиемен өскен қазақ − нағыз қазақ деп танылады. ...Қазақ философиялық тұрғыда ойлайтын халық. Ендеше, әр отбасы осыны жаңғыртып, күнделікті қазақ даналығын тәрбиеде қолданып отыру арқылы ділімізді сақтаймыз. Діліміз үстем болса – мемлекет те өз егемендігімізге оралады. Ендеше, мемлекетшілдікті биліктен де емес, өзгеден де емес, ұлт­тық тәрбиеден, еңбектен, үлгі-өнегеден, ақылдан іздейік. Одан басқа жол жоқ!

482 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз