• Тарих толқынында
  • 14 Қараша, 2013

«Қазақстан – 2050» Стратегиясы және «Нұр Отан» партиясы

Қазақстан Республикасының Прези­денті, «Нұр Отан» пар­тиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың партияның XV съезінде сөйлеген сөзі

Құрметті съезд делегаттары!
Қадірлі қонақтар!
Бүгінгі басқосудың орны айрықша. Өткен 15 жылдың қорытындысын шығару тұрғысынан және болашақ бағдар тұрғысынан да бөлекше күн. Бұл – еліміз «Қазақстан-2050» Стратегия­сын қабылдағаннан бергі партиямыздың алғашқы басқосуы.


Біз алыс болашаққа көз тігіп, алды­мызға биік межелер белгіледік. Қандай мақсатқа қай жолмен жететінімізді нақтылап, оны жүзеге асыруға кірістік. Еліміздің ертеңі стратегиясын қалай іске асыруымыз керек, соны ойластырамыз. Оны мүлтіксіз жүзеге асырып, Қазақ елін дамудың дара жолына бастау елдегі ең қуатты саяси күш – «Нұр Отанға» жүктеліп отыр.
Ең ұлы жолдың өзі шағын ғана қа­дамнан басталады. Осыдан 14 жыл бұрын партияның алғашқы съезіне небәрі 400-ге жуық делегат қатысқан еді. Аз ғана жылда «Нұр Отан» 250 филиалы, 6300 бастауыш ұйымы бар алып құрылымға айналды. Атқарушы және өкілетті билік тармақтарында тізгінді берік ұстады. Елдік істердің барлығына белсене араласып келеді. Менің бастамаларыма әрдайым қызу қолдау білдіріп, идеяларымды құлшына іске асырып келеді. Осы арқылы телегей тәжірибе жинақтады.
Халық көздегіні ғана емес, көңілдегіні де көреді. «Нұр Отан» нақты нәтиженің, ілкімді істің партиясы атанып, елдің көңілінен шыға білді. «Елің қуатты болса, бағың тұрақты болады» дейді халқымыз. Күнімізді шуақты ете түсу үшін елімізді қуатты ету барлығымыздың ортақ парызымыз.
Елімізді әлемнің ең қуатты 30 елінің қа­тарына қосу – алдымыздағы үлкен, ұлы мақсат. Бұл «Нұр Отанның» болашаққа жол сілтейтін темірқазығы болуға тиіс. Бүгінгі съезде қабылданатын «Нұр Отанның» жаңа Саяси доктринасы да осыны көздейді. Біз қоғамымыздың ерекшеліктерін артықшылыққа айналдыра білдік. Әр алуандығымыз – байлығымызға, бірлігіміз – табысымызға айналды. Осыны ұлт зиялылары үнемі есте ұстап, жастарға әрдайым ынтымақтың үлгісін көрсеткені жөн.
Доктринада мемлекеттік тілдің ел бірлігінің факторы ретінде аталғаны да өте маңызды. Бұл мәселеге аса ден қоятын кез келді. Қазақ тілін білу азаматтық парызды ғана емес, ұлтқа деген құрметті де білдіреді. Отан отбасындағы өнегелі тәрбиеден бастау алады. Осыны әрбір азамат есінде ұстауы тиіс.
Биыл тәуелсіздігіміздің 22 жылды­ғын атап өтейін деп отырмыз. Ол – ата-бабамыздың аңсаған арманы. Соның баршасында осы отырған көпшіліктеріңіз, бірге келе жатқан менің серіктестерім, қызметтес достарым, жолдастарым, Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, барлық деңгейдегі әкімдер бүкіл халықты ұйымдастырып, оны жеңіске жеткіздік. Сол үшін баршаларыңызға зор ризашылығымды білдіремін.
Құрметті делегаттар мен съезд
қонақ­тары!
Бұл форум Қазақстанның жаңа тарихының бетбұрысты белесінде өтіп отыр. Біздің қоғамымыз 2050 Стратегиясында жария етілген жаңа ұлы мақсатқа сенімді қадам жасады. ХХІ ғасырдың орта шеніндегі Қазақстанның тарихи шырқау шыңы шымыр да жұмыр белгіленген. Нені және қалай істейтінімізді, қандай мақсатқа қол жеткізгіміз келетінін білеміз. Өзінің ыңғайына қарай тарих қашанда уәждерін алға тартып отырады, тиісінше жағдаяттар да өзгереді, соған орай біздің де өзгеруімізге тура келеді. Алайда, алдағы мақсат біз үшін де, келер ұрпақ үшін де нақпа-нақ айқындалған. Мерзімінен бұрын орындалған 2030 Стратегиясын жүзеге асыру барысындағы сияқты, бұл бізді шабыттандырады. Бұл бағдарламаны да біздің орындай алатындығымызға және халқымыздың игілігі мен елдегі тұрақтылықты қамтамасыз ете білетінімізге мен сенімдімін.
Бағдарламаның өзегі – біздің әлемдегі ең дамыған 30 елдің бірі болуға тиісті екендігіміз. Мақсатымыздың аса ауқымдылығы айдан анық. Өзінің тарихында біздің халқымыз тап қазіргісіндей экономикалық және әлеуметтік шыңдарды бағындырып көрген емес. Мұны жасау тек қазақстандықтардың қазіргі ұрпағының ғана қолынан келді. Тәуелсіздікті жария етіп, Қазақстанымызды дамыта отырып, біз дамудың шалғай шетінен біржола шығып кеттік, Еуразияның лайықты жаңа мемлекеті болдық. Ендігі жерде қашанда бүкіләлемдік қоғамдастықпен қатар адымдауға тиіспіз.
2050 Стратегиясы – біздің әлемдегі ең танымал ұлттардың шоғырына біржолата қосылуымыз үшін берілген ұлы тарихи мүмкіншілік. Бүгінгі таңда шешілуі экономиканы, қоғам мен мемлекетті дамытудың жаңа белесіне шығуға мүмкіндік беретін нақты міндеттерді пысықтау аяқталып келеді.
Алдымызда ауқымды, күрделі жұмыс тұр. 2050 Стратегиясында мен ХХІ ғасырдың жаһандық 10 сын-қатерін нақты бөліп көрсеттім. Өткен жыл бұл болжамның дұрыстығын дәлелдеп берді. Жаһандық дамудың драмалық кернеу күші көзге ұрып-ақ тұр. Жыл басында «Кипр дағдарысының» өрті зорға дегенде өшірілген еді. Бүгінде Еуропа Одағының ең төменгі макрокөрсеткіштер шегінде тербетіліп тұрған экономикасы күрделі күйде. Әлеуметтік дағдарыс әлі де күшті, жұмыссыздықтың, адамдардың көңілі толмауының деңгейі жоғары. БРИКС-ке мүше елдердің барлығының дерлік экономикалық қарқыны едәуір бәсеңдеп қалды.
Жақында ғана Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның Бас хатшысы Пан Ги Мун БҰҰ сарапшыларының баяндамасын жария етті, онда 2050 жылға қарай Жер бетіндегі халықтың 50 пайызы судың қатты тапшылығын сезінетіні айтылған.
Таяу Шығыс енді «араб антикөктемін» бас­тан кешіруде. Египет пен Тунисте ислам­шылар бір жылдан аз ғана астам уа­қыт билік басында тұрып еді, сол уақыттың өзі ел азаматтарының қалың тобының ондай саясаттың тығырыққа тіремей қоймайтынын түсінуіне жеткілікті болып шықты. Сириядағы азамат соғысының аяғы жаппай қырып-жоятын химиялық қаруды қорғансыз әрі ешқандай кінәсіз жандарға қарсы қолданумен тынды.
Менің ішкі түйсігім мен тәжірибем әлемнің таяу болашақтағы даму кезеңі аса күрделі болатынын аңдатады. Осындай жағдайда барлық қазақстандықтар өз Отанымыздағы тұрақтылық пен даму бағдарын болжауға болатындығының бағасын білуге тиіс!
Осындай қиындықтар мен дағдарыстар орын алып тұрғанда біздің еліміз биыл тұрақты дамып келеді. Болжамға қарағанда, биылғы жыл ІЖӨ-нің шамамен 6 пайыз өсімімен аяқталады. Бұл өткен жылға қарағанда жо­ғарырақ көрсеткіш, оған жаһандық нарық­тағы құбылмалылыққа қарамастан қол жеткізілгенін қадап айтқым келеді.
Біздің диқандарымыз тамаша астық алды – 20 миллион тонна бидай жинады. Елдің жиынтық алтын валюта резервтері көбейе түсуде. Биыл ол көрсеткіш Ұлттық қор қаржысын қоса есептегенде 90 миллиард доллардан асып түсті. Мұның өзі біздің әлемдік экономикада орын алатын кез келген қиындықтар мен сүргіндерге қарсы қояр кепіліміз, қайтарар жауабымыз болмақ.
Отандық дайын өнім әлемнің 111 еліне шығарылуда! Қазақстандық экспорт дегеніміз аккумуляторлар, трансформаторлар, металл құбырлары, тыңайтқыштар, азық-түлік өнімдері сияқты көптеген дайын тауарлар. Бізде экономиканың атымен жаңа салалары пайда болды. Елімізде автомобиль, локомотив, вагон мен тікұшақтар жасайтын өндірістер ешқашан болған емес.
Индустриялық бағдарлама аясында өнімнің 250-ден астам жаңа түрлері игерілді. Олар – мәшине құрылысының, фармацевтиканың, химия өнеркәсібінің жоғары технологиялы өнімдері. Мысалы, емдік заттардың 100-ден астам түрлерін шығару игерілген!
Қазіргі таңда биылғы жылды барлық негізгі көрсеткіштер бойынша табыс­ты аяқтап шығамыз деп күтуге толық негіз бар. 2050 Стратегиясын жүзеге асыра отырып біздің еліміз түбегейлі жақсаруға тиіс. Ол өзгерістер бәрін де қамтиды, бәрін де тереңнен қопарады. Олар біздің қоғамымыз өмірінің барлық қырларына қатысты болады. Бұл аса ауқымды жұмыстың да басында «Нұр Отан» партиясы тұруға тиіс!
Бұл съездің түйінді міндеті – XХІ ғасырдың орта шеніндегі біздің барша ұлы Мақсаттарымызға қол жеткізудегі «Нұр Отан» партиясының алар орны мен саяси маңызын айқындау.
Құрметті делегаттар!
Бірнеше айдан кейін, келесі жылдың наурызында біздің партиямызға 15 жыл толады. Партия Қазақстан тарихында тұңғыш рет баламалы негізде өткізілген президенттік сайлау қарсаңында менің реформаларымның бағытын қолдайтын жалпыхалықтық коалицияның арқауын­да құрылған болатын. Халықтың қалауы­на сәйкес басты саяси күшке айналған пікірлестер одағы дәл сол кезде қалыптасқан еді! Біздің жас демократиямыз да дәл сол кезде әлеуетін айқара ашқан еді!
Кезінде басқа ілгері елдердегі – Син­гапурдағы, Оңтүстік Кореядағы, Жа­пониядағы сияқты біздің елде де де­мократия прогресшіл, көшбасшы пар­тиямен – «Нұр Отанмен» бірге дүниеге келген болатын. «Нұр Отанның» қалып­тасу тарихы – демократияның әлемдік тәжірибесінің ажырағысыз бөлігі.
Бірінші съездің қалай өткені жадымызда біржола жатталып қалды. Ол кезде біздің батыл армандарымыздың өзі қазіргі жетістіктерімізге де ілесе алмай жататын. Қазір осы залда мен өзімнің Бірінші съезде айтқан сөздерімді қайталамақшымын, ол сөздер 15 жыл өткенде де көкейкестілігін жоймаған:
«Менің қымбатты жолдастарым, сіздерге Отан деп соққан жүректеріңіз үшін үлкен алғысымды айтамын. Сіздердің халықтың қадір-қасиетін ойлайтындарыңыз, мемлекеттілікті сақтау мен нығайту жолында бәріңіз бір үйдің баласындай жұмылғандарыңыз үшін рахмет деймін!».
Мен өзіммен бірге жаңа елді орнатысқан барлық қазақстандықтарға еңбегі мен төзім­ділігі үшін алғысымды білдіремін! Айрықша алғысымды менімен бірге біздің партиямызды құрысқан серіктестеріме арнаймын! «Нұр Отан» партиясын өркендетуге үлес қосқандардың бәріне алғыс айтамын!
Әуел бастан-ақ партия менің пікірлестерімнің ынта-құлшынысы мен сеніміне арқа сүйеді. Осы залда Сергей Александрович Терещенко, Қайыржан Шайқыұлы Тақуов, тағы басқалар отыр. Олар біздің даңқты дәстүрлерімізді сақтай біліп, партия жұмысына өз үлестерін қосуын жалғастырып жатыр.
Біз үшін алғашқы сынақ 1999 жылғы парламенттік сайлау болған еді. Міне, он бес жылға жуық уақыттан бері партия бәсекелесті адал күресте талай рет сайлау науқанының елегінен өтті және әрқашан жеңіске жетіп отырды! Бізді қай кезде де әр сайлау өткен сайын беки түскен халық қолдауы жігерлендіріп жүрді. «Нұр Отан» партиясы қолынан келмейтінді ешқашан уәде еткен емес. Ол әрдайым нақты істер партиясы бола білді.
Жүздеген мың нұротандықтардың күш-жігерінің, әрбір қазақстандықтың қажырлы еңбегінің арқасында 2030 Стратегиясы мерзімінен бұрын жүзеге асырылды. Осы залда кең-байтақ Отанымыздың әр қиырынан келген сан түрлі ұрпақтың, ұлттар мен кәсіптердің өкілдерін – менің серіктестерімді көріп отырмын. Сіздердің әрқайсыңыз өзінің отбасы мен жақын адамдарының, қаласы мен селосының, ауданы мен бүкіл елдің өміріндегі жаңа жетістіктермен бөлісе алатынына сенімдімін.
Әр отбасының тұрмысын жақсарту жөнінде ауқымды жұмыс атқарылды. Жүздеген жаңа кәсіпорындар, жолдар салынды, жүздеген мың жаңа жұмыс орындары пайда болды. Жаңа балабақшалар мен мектептер, ауруханалар жұмыс істеп тұр. Жаңа университеттер, кітапханалар, театрлар, концерт залдары, стадиондар, спорт алаңдары ашылды. Ең бастысы – халқымыздың Рухы қайта өрледі.
Бүгінде «Нұр Отанның» қатарында 900 мыңдай партия мүшесі бар. Нұрота­н­дық депутаттар Парламент Мәжілісін­де көпшілікті құрайды. Парламенттік заң шығару ісінде аса қомақты тәжірибе жинақталды. Парламенттің тек бесінші шақырылымы кезінде 140-тан астам заң қабылданған! «Нұр Отанның» фракция­сы денсаулық сақтау, аграрлық сектор, мемлекеттің әлеуметтік маңызды қызметтері мәселелері бойынша 12 заң жобасын дайындады. Партия халық мүддесін қорғай білетін парламентшілер мен мәслихаттар депутаттарының тұтас шоғырын тәрбиелеп шығарды. Біздің партиямыз Үкіметті жасақтайды, биліктің барлық тармақтарының іс-қимылының реттілігін қамтамасыз етеді.
Партия жанындағы қоғамдық құры­лымдардың – Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңестің, Құқықтық Кеңестің және басқаларының қызметін айрықша атап өткім келеді. «Жас Отан» жастар қанаты белсенділігін арттыра түсуде. Біздің партияның жас мүшелері өздерінің Екінші съезінің шешімдерін құлшына орындауда. «Нұр Отан» басқа парламенттік партиялармен, Кәсіподақтар федерациясымен, Азаматтық альянспен, ардагерлер және әйелдер ұйымдарымен, өзге де үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауда. «Ақ жол» партиясы және Коммунистік партияның парламенттік фракцияларының белсенді әрі жемісті жұмысын айрықша атап өткім келеді, олар қағидатты мәселелерде өздерінің пікірлерін білдіріп, өз ұстанымдарын қорғайды және қарапайым халықтың жақтастары бола біледі.
Біздің партия – «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық демократиялық коалиция­ның біріктіруші күші. Бүгінде «Нұр Отан» – Қазақстанның ХХІ ғасырда табысты қадамдар жасауын қамтамасыз ететін саяси көшбасшылықтың басты тетігі! Қазір бізде халқымызды жаңа жеңістерге сенімді жетелеу үшін не қажеттінің бәрі бар. Ең бастысы – барлық қазақстандықтардың зор сенімі мен қолдауы. Бұл – «Нұр Отанның» ХХІ ғасырдағы саяси көшбасшылығының негізгі бастауы. Қазір партия ресурстарын дұрыс бөлу керек. Әр нұротандықтың партиялық жауапкершілігін күшейту қажет. Біз партия жұмысының қуатын үш қайтара еселендіруге тиіспіз.
Құрметті делегаттар!
«Қазақстан-2050» Стратегиясы – біздің партиялық бағдарламаларымыздың негізі. Оны орындау «Нұр Отанның» сая­си көшбасшылығымен ғана мүмкін екеніне менің ешқандай күмәнім жоқ. Партия біртұтас саяси ерік-жігердің генераторы, қазақстандықтарды біздің жолымыздағы кез келген бұрылыстардан алып шығар жол бастаушы ретінде іс-қимыл танытуы тиіс. Бұл, бірінші кезекте, біздің еліміз тағдыры үшін ұжымдық жауапкершілігіміз.
«Нұр Отан» сан түрлі адамдардың басын біріктіріп отыр. Іс жүзінде, партия біздің бүкіл қоғамымыздың айнасы іспетті. Партия халық мүддесінің бас­таушысы болуы үшін депутаттар корпусы тарапынан атқарушы би­лік­тің жұмысын тиімді бақылау қажет етіледі. Бүгінде жүйелі жаңару талабы қойылып отыр. Сондықтан біз мұрат­тары­мызды, құндылықтарымыз бен қағидаттарымызды бекітетін Саяси доктрина қабылдаймыз.
Біздің партия қашанда өзгерістердің басында тұрып, табысты партиялық тәжірибенің жаһандық үрдістеріне ілесуі, қоғамға қатысты кез келген тәуекелдер мен сын-қатерлерге жедел және икемді үн қата білуі қажет. Біз қазіргі әлемде та­быс тек нақты іс-қимыл стратегия­сы бар саяси күштерге ғана жолдас бо­ла­тынын анық көруге тиіспіз. Тек тұ­рақты даму мен халқымыз бірлігінің берік кепілі ретінде ұзақ мерзімді саяси көшбасшылық қамтамасыз етілетін жерде ғана табысқа қол жетеді.
Осы жолмен ырғақты дамыған елдер – Түркия, Жапония, Үндістан, Сингапур, Малайзия ғана емес, сондай-ақ Солтүстік Еуро­паның бірқатар елдері – Швеция, Норвегия, Финляндия, Дания жүріп өтті. Сонымен бір мезгілде, та­рих­тың жауапты кезеңдерінде сая­си көшбасшылық әлсіреген жерде қо­ғам сілкіністер мен жанжалдардың ала­сапыранына батады. Сондықтан «Нұр Отанның» әрбір мүшесі – минис­трден қатардағы нұротандыққа дейін – партияның ХХІ ғасырдағы көшбасшылығы нені білдіретінін нақты түйсінуі тиіс.
БІРІНШІ. «Нұр Отан» басты патриоттық күш болуы шарт.
Партияның аса маңызды миссиясы – «2050» Стратегиясында жарияланған Жаңа Қазақстандық Патриотизм қалыптастырудың жалпыұлттық түпқазығы болуы тиіс. Бұл жұмысқа «Жас Қыран» және «Жас Ұлан» балалар ұйымдары, «Жас Отан» бастаған жас­тар бірлестіктері, Республикалық Ардагерлер кеңесі, барлық патриоттық БАҚ-тар мен ҮЕҰ-лар қатысуы қажет.
ЕКІНШІ. Партия қашанда жалпыұлт­тық бірліктің орталық буыны болуы тиіс.
Біріншіден, «Нұр Отан» – халықты топтас­тырушы партия.
Біз бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсаған арманға қол жеткізгенімізді мақтан ете білуіміз керек. Ұлтымыздың ұлы тарихының жаңа тарауы қуатты да табысты тәуелсіз мемлекеттің шежіресі болып жазылуда. Еліміз осы жылдарда ерлік пен бірліктің үлгісін көрсетті. Тәуелсіздіктің қиыншылықпен келгенін, оны ұстап қалу оңай емес екендігін халқымыз білді. Осыны түсініп отырған, бір жұдырықтай жұмылып отырған халқыма шын жүрегімнен алғысымды айтамын. Бірте-бірте барлық жағдай түзеледі, барлық мәселе шешіледі. Барлығымыз қолымызға қонған алтын құс – бақытымызды сақтай білейік.
Бұл – ана тіліміз бен ата дәстүріміздің, ұлттық мәдениетіміздің Мәңгі Жаңғыру Дәуірі. «Нұр Отан» мемлекеттік тілді нығайтуға, қазақтың дәстүрі мен мәдениетін жаңғыртуға байланысты қоғамдық-саяси жұмыстардың тиімді жүйесін жасауы тиіс.
Екіншіден, партияға біздің көпэтнос­ты халқымыздың бірлігі үшін жоғары жауапкершілік жүктеледі.
Бұл ретте түрлі деңгейдегі партия ұйымдары мен Қазақстан халқы Ас­самблеясының, «Нұр Отан» пар­ламенттік фракциясының және Ассам­блеядан сайланған Мәжіліс депутат­тарының бірлескен іс-қимылының тұтас бір жүйесі қажет.
Біздің ұранымыз «Бір ел – бір халық – бір тағдыр» – біз нақты өмірде дәйек­тілікпен жүзеге асырып келе жатқан аса маңызды қағидат.
Үшіншіден, партия ел өңірлерін жақындас­тырып, өңіраралық байланыс­тарды нығайтуы тиіс.
Қазір мемлекеттің жаңа өңірлік саясатын қалыптастыру үдерістері жүруде.
Бүкіл еліміз бойынша ауылдар мен аудандық маңыздағы қалалар әкімдерінің сайлауы өтіп, жергілікті билік батыл түрде жаңартылды.
Орталықтан өңірлерге елеулі өкілет­тіліктер берілді. Өңірлерден орталыққа, сондай-ақ, орталықтан өңірлерге кадрлардың ротациясы жүріп жатыр.
Тек сіңірген еңбегіне негізделіп, конкурс бойынша жүзеге асырылуы тиіс мемлекеттік қызметке қабылдау мен ілгерілетудің жүйесі түбегейлі өзгертілді.
Басқару органдарында жұмыс істей­тіндердің корпусы айтарлықтай жаңарды.
Партияға тұрғындардың бір бө­лігі­нің санасындағы өңіршілдіктің көнерген түрін шешімді түрде еңсеріп, жалпықазақстандық мүдделерді біріктіруші күш болуы тиіс.
Үшінші. «Нұр Отан» қашанда азамат­тық қоғамның көшбасшысы болуы қажет.
Партия, біз қашанда атқарып келе жатқан­дай, Азаматтық Альянспен бір­лескен жұмысты дамытуы, адамдардың нақты проблемаларын шешуші, оларға көмектесуші және арқа сүйеуші барлық патриоттық ҮЕҰ-лар мүдделерінің жолбасшысы болуы тиіс.
«Қазақстан-2050» Жалпыұлттық коалициясын дәйектілікпен нығайту және кеңейту қажет. Бұл жұмысты босаңсытуға болмайды, өйткені, біздің партия елдің болашаққа қадам басуының ядросы болып табылады.
ТӨРТІНШІ. Партиялық көшбасшы­лық­тың басты мәселелерінің бірі – экономикалық және әлеуметтік иннова­циялардың жалпыұлттық эпицентрі болу.
Біздің партиямыз қоғам мен мемлекетті дамудың батыл, инновациялық идеяларымен нәрлендіруі тиіс.
Бүгін әлемдік экономика инновация­лық кәсіпорындар мен сапалы жұмыс орындарын құру есебінен өсімді қам­та­масыз ету бағытында жұмыс істеуде. Сондықтан тиісті мамандар дайын­дау қажет. Біз индустриялық-иннова­циялық даму бағдарламасын дер кезінде қабылдадық және басқа елдер де бізден кейін осындай индустриялық бағдарламалар дайындады. Біз оны еліміздің бүкіл экономикасын дамытудың темірқазығы ретінде пайдалануға тиіспіз.
Осы екі мәселе де инновациялар және ғылыми жаңалықтар негізінде шешілуі керек.
ХХІ ғасырда ғылыми жаңалықтар шешім­дердің ең бастысы болады.
Инновациялардың басты бағыттары биологияның, нанотехнологияның және математиканың түйісінде тоғысады.
Болашақтың энергиясын қамдау керек.
Олар қазірдің өзінде жұмыс істей бастады.
Қуаттың қазірше адамзатқа беймәлім мүлде жаңа түрлерін іздеу жүріп жатыр.
ХХІ ғасырда табыстың маңызды шарты креативтілік болып табылатынын атап көрсетемін.
Сондықтан «Нұр Отан» креативті партия болуы тиіс.
Шығармашыл интеллигенциямен жұмысты айтарлықтай күшейту керек.
Нұротандықтар Қазақстанды дамы­тудың аса маңызды мәселелері бойынша Интернет-пікірталастардың тұрақты қатысушысы болуы қажет.
БЕСІНШІ. ХХІ ғасырдағы көшбасшы партия – жалпыхалықтық бақылаудың басты құралы.
Бәрінен бұрын, 2050 Стратегиясының міндеттерін жүзеге асыруда «Нұр Отан» фракциясының парламенттік және қоғамдық бақылау мүмкіндігін кеңінен пайдалану маңызды.
Тек бесінші шақырылған Мәжілістің жұмысы барысында ғана нұротандық депутаттар партияның Сайлауалды тұғырнамасын орындаудың барлық қырлары бойынша мемлекеттік орган­дарға шамамен үш жүздей сауал жолдады. Бұл сауалдар Сайлауалды тұғырнаманың орындалуы туралы халыққа баяндалуы үшін мұқият қарастырылуы қажет, өйткені, ол біздің ортақ ісіміз.
Заң жобасымен жұмыс кезеңінде халықтық бақылаудың маңызды тетігі «Нұр Отанның» парламенттік фракциясы жанындағы консультативті-кеңесші органдардың қызметі болды.
Олар маңызды заң жобалары бойынша сарапшылардың басын біріктіреді, қалың жұртшылықтың пікірлерін қаперге алады.
«Нұр Отан» фракциясының салық салу мәселелері бойынша қағидатты ұстанымын ерекше атап өткім келеді.
Депутат-партияластардың орта тапқа салықтық салмақты ұлғайтуға жол беруге болмайтыны туралы ұстанымын өте дұрыс деп санаймын. Бізде шағын және орта бизнес өнімнің 20 пайыздан сәл ғана астамын өндірсе, біз қатарына қосылуға ұмтылып отырған дамыған елдерде бұл көрсеткіш 60-70 пайызға жетеді. Бізге орта және шағын бизнестің үлесін 50 пайызға дейін жеткізу керек. Сондықтан орта таптың негізін құрайтын кәсіпкерлікке жан-жақты көмектесу қажет.
Мен осыдан бес жыл бұрын тапсыр­ғандай, сән-салтанат заттарына, элиталы жылжымайтын мүлікке, қымбат автомобильдерге жанама салықтар енгізу қажет. Мұның сол сияқты алкоголь мен темекі бұйымдарына да қатысы бар.
Бұл азаматтық және патриоттық ұстаным!
Үкімет парламентарийлердің пікір­леріне құлақ түруі тиіс. Бір жағынан алғанда, біз бюджетті толықтыру керек екенін және бізде корпоративтік және табыс салығы мөлшерлемелерінің төмен екенін түсінеміз, соның есебінен біз ауқатты азаматтар табын құрдық.
Бұл дұрыс. Бұл біздің мақсатымыз еді. Бұл мақсатты бағытталған саясат.
Бай адамдар көбірек болуы керек және олар өз байлықтарын олардың осылай жасауына жағдай туғызған елдің дамуына бағыттауы тиіс.
Енді, дәулетті адамдар табы ұлғайған кезде, олар әлеуметтік жауапкершілік ісіне өз үлестерін қоса алады және қосуға тиіс.
Бүкіл әлемде осылай жасалады.
Ал бізде миллионер де, жұмысшы да бірдей 10 пайыздық табыс салығын төлейді.
Бұл жөнінде ойлану қажет.
Сондықтан мен өз әріптестерім – Мәжіліс депутаттарының бастамасын қолдаймын!
Консультативті-кеңесші органдар жұмысы тәжірибесін ұлғайту, оларды мәслихаттар жұмысында пайдалану маңызды.
«Нұр Отан» – парламенттік партия.
Сондықтан «Нұр Отан» жұмысын күшейтудің маңызды бір бағыты – Мәжі­лістегі фракция қызметі.
Біздің депутаттар бастамашы болған әрбір заң жобасы, әр шешім елдің ұзақ мерзімді мүдделерін айқын түсінуге негізделіп, Доктрина қағидаттарымен келісілуі тиіс.
«Нұр Отан» ашық, мөлдір, тиімді және жауапты саяси күштің қандай бола­тынын өз қызметімен дәлелдеуі керек.
Біз ашықпыз және біздің жасыратын ештеңеміз жоқ.
Біз адал жұмыс істейміз және халыққа барлық кемшіліктер туралы ашық айтамыз, проблемалардың әлі бар екенін қолдаймыз және түсінеміз.
Әркезде де біздің халқымыздың игілігі үшін еңбек ету қажет.
Партия жүйелі негізде өзінің Қоғам­дық қабылдауларының жұмысын күшейтуі керек.
Тек биылғы жылы ғана Қоғамдық қа­был­­даулар азаматтардың жүз мыңға тарта өтініш­терін өңдеуден өткізді.
Сол сияқты таяу күндері біз «Элек­тронды партия» жобасын іске қостық.
Енді Интернетке қол жеткізген әрбір азамат үйінен шықпай-ақ «Нұр Отанға» өтініш жасай алады.
Азаматтармен тұрақты үнқатысу қажет.
«Нұр Отанды» халықтық қолдаудың сарқылмайтын басты қайнар көзі де міне, осы!
Саяси көшбасшылықтың қағидатты мәселесі – біздің жемқорлыққа қарсы бітіспес стратегиямыз.
Партия нұротандықтардың азаматтық ар-ожданының принципті сақшысы болуы керек.
Адамдар жергілікті жерде жем­қорларды түстеп таниды, ал бұл оларды қатардағы нұротандықтар да біледі деген сөз.
Олар бірінші болып дабыл қағып, жемқорларды әшкерелеуі керек.
Партия мен құқық қорғау құрылым­дарының міндеті – жемқорлықпен күресушілерді қорғап, оларға көмектесу.
Мемлекеттік қазынаның бір теңгесі де қараусыз қалмауы тиіс.
Тек сонда ғана қазынаға қол салу­шылықпен күрес табысты болмақ!
АЛТЫНШЫ. ХХІ ғасырда көшбас­шы­лыққа тек жастар белсенді қолдау көрсеткен партия ғана ие бола алады.
Сондықтан мен жастар саясатын әлеуметтік жаңғыртудың маңызды бағыты ретінде белгіледім.
«Жас Отан» екі жүз мыңнан астам адамның басын біріктіреді.
Бір жыл бұрын «Жас Отанның» Екінші съезінде мен жастармен жұмысты күшейтудің кешенді бағдарламасын ұсындым.
Бірақ, ашығын айтайын, менің тап­сырмаларымның орындалуы жартыкеш жүруде.
Мәселен, Үкімет 2020 жылға дейінгі жастар саясатының тұжырымдамасын бекітті.
Бірақ оны жүзеге асыру жөніндегі Іс-шаралар жоспарында Үкімет қаржы­ландыру көлемін белгілемеген.
Бәрі «бөлінген лимитке сәйкес» әкімшілік бағдарламаларды сатып алуға берілген. Ал бұл лимиттер алушыларға дейін жете ме – мәселе міне, сонда.
Басқа бір мысал.
Менің тапсырмам бойынша Білім және ғылым министрлігі «Жастар» ғылыми-зерттеу орта­лығын құрған.
Бірақ тағы да сол қаржыландырудың жоқтығынан ол толыққанды жұмыс жүргізе алмайды. Сөйте тұрса да, ол жергілікті жерлерде демеушілер есебінен табуға болатын және сол сияқты Үкімет те бөле алатын азғантай ғана қаржы.
Өңірлерде жастардың ресурстық орталық­тарын құру да созылып барады.
Бүгінде 10 өңірде 96 орталық қана жұмыс істейді.
Астана және Алматы қалаларында, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарында бұл жұмысқа тіпті кіріспеген де.
Менің тапсырмам бойынша бүкіл елде «Жасыл Ел» жобасы жүзеге асырылып жатқанын сіздердің бәріңіз жақсы білесіздер.
Біз негізінен шөлейтті және жартылай шөлейтті болып табылатын көлемі бо­йынша әлемде тоғызыншы аумаққа иеміз, орманды бөлік 10 пайыздан аз жерді алады. Сондықтан елді жасыл желекке бөлеу қоршаған орта мен азаматтарымыздың денсаулығы үшін маңызды, бұл үлкен парасатты іс. Бұл жоба жалғасын табуы керек және партия оған қолдау көрсетуі тиіс.
Биыл Қоршаған ортаны қорғау министрлігі желісі бойынша 429 мил­лион­нан астам теңге бөлінді.
Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында жастардың еңбек отрядтарының облыстық штабына ақша тек оқу жылы басталар алдында тамызда ғана келіп түскен!
Осының салдарынан студенттердің негізгі бөлігі бағдарламаға қатысудан бас тартуға мәжбүр болды. Бұл басшылардың кемшілігі.
Бұл жерде студенттердің кінәсі жоқ. Менің тапсырмаларымды орындамайтын нақты шенеуніктер кінәлі.
Жастар саясатына деген мұндай көзқарасқа жол беруге болмайды.
Партия басшылығы мен Үкіметке әкімдермен бірлесіп жағдайды түзетуді және «Жас Отанның» Екінші съезінде мен берген барлық тапсырмаларды орындау жөнінде нақты жұмыстармен айналысуды тапсырамын.
Жастар – біздің алтын қорымыз!
Жас қазақстандықтардың партия бағытын қолдауы, олардың Стратегия-2050-ді жүзеге асыруға кеңінен атсалысуы зор тарихи және тұрақтандырушы маңызға ие.
Мен партия съезі мінберінен барлық қазақстандық жастарға тағы да сөзімді арнағым келеді.
Біздің елімізде жасалғандардың бәрі, ең алдымен, сіздер үшін!
Сіздер үшін Қазақстанда барлық есіктер ашық!
Халықтың бірлігін сақтаңыздар!
Біз үшін осындай Қазақстанды құрып жатқан біздің ата-аналарымыздың, аға буынның еңбегін бағалаңыздар!
Біздің Отанымыздың ұлы болашағы үшін қажырлылықпен және лайықты оқып, еңбек етіңіздер!
Сіздер – бүкіл Қазақстанның үмітісіздер!
Осы шаруаның бәрі жастар үшін, еліміздің тәуелсіздігі ұзағынан болуы үшін және көк туымыз мәңгілік желбіреуі үшін жасалып жатыр. Мәңгілік ел болу үшін жасалуда. Келесі ұрпақ ел үшін, жер үшін, өзім үшін деп еңбек етуі керек. Тек қана еңбекпен бақытты боласың.
ЖЕТІНШІ. «Нұр Отан» біздің мемлеке­тіміздің басты сыртқы саяси құндылық­тарын белсенді жақтап және алға бастыруы керек.
Олар кеңінен мәлім.
Қазақстанның өсіп келе жатқан халық­аралық беделі соларға негізделген.
Біз теңдестірілген және қауіпсіз, көпполярлы және толерантты әлемді қолдаймыз.
Бұл құндылықтарды партия өзге елдердің рухы мен көзқарастары бо­йынша жақын саяси партияларымен байланыстарды кеңейте отырып, парламентаралық және халықаралық қызметінде алға бастыратын болады.
«Нұр Отанның» ХХІ ғасырдағы ұзақ мерзімді көшбасшылығының міндеттері осындай.
Құрметті делегаттар!
Партия съезінің алдында Саяси доктрина қабылдау міндеті тұр.
Оның жобасы «Нұр Отанда» және қоғамда кеңінен талқыланды.
«Нұр Отанның» бағдарламалық құжаттары әркезде де нақтылы болды, сондықтан олар нәтижелі болып келді.
Біз ешқашан құрғақ қиялға берілген емес­піз.
Біз ешқашан бұлыңғыр міндеттер қойып, бос уәделер берген жоқпыз.
Біз әрбір сөзімізді әркезде де шынайы еңбекпен және нақты істермен айғақтап отырамыз.
Мен әркезде де солай болатынына сенім­дімін!
Өйткені, «Нұр Отан» – көшбасшы партия!
Қымбатты достар, әріптестер!
Біздің басты партиялық брендіміз – Қазақстан, тек қана алға!
Стратегия-2050-ді жүзеге асыруға байланысты ол одан да зор нақты мазмұнға ие болады.
АЛҒА – жаңа инновациялық-индус­триялық экономикаға!
АЛҒА – біртұтас және топтасқан ұлт ретіндегі қазақстандықтардың жаңа өмір сапасына!
АЛҒА – ХХІ ғасырдағы ырғақты даму­шы және жауапты мемлекет ретіндегі Қазақстанның халықаралық беделінің жаңа шыңдарына!
Бұлар біздің жиырма бірінші жүзжыл­дықтың ортасына дейінгі іс-қимылымыздың бірегей үш бағыты.
Онда партия мен мемлекеттің алдағы жұ­мыстарының тарихи мәні түйінделген.
Бұл біздің ортақ Қазақстан Арманы­ның ең терең мәні.
Қымбатты достар!
Алдымызда биік белестер бар.
Олардан алқынбай асу, белестерді барлық­пай бағындыру – біздің өз қолымызда.
Мызғымас бірлік пен тынымсыз еңбек, жасампаздық пен жаңашылдық, жауап­кершілік – біздің ең басты құралы­мыз осылар.
Біз өзімізді ұдайы қамшылап, алға ұм­тыла білсек қана «Қазақстан-2050» Стра­те­гиясындағы биік мақсаттарға жете аламыз.
Партиямыз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын.
Мәңгілік елді бірге жасайық!
Алға, «Нұр Отан»!
Алға, Қазақстан!

 

409 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз