• Заманхат
  • 23 Желтоқсан, 2013

Ә.Қоңыратбаев және түркітану мәселелері

Түркітану – түркі халықтарының тарихы мен әдебиетін, тілі мен мәдениетін зерттейтін кешенді ғылымдардың бірі. Түркітану ғылымы Еуразия құрлығыңда дүниеге келді. Оның өзіндік заңды себептері бар. Кешегі Кеңестер Одағының территориясы болып саналған, бүгіңде бірнеше тәуелсіз мемлекеттер орналасқан Еуразиялық территорияның басым көпшілігін түркі халықтары мекендеді. Бұл жерлер – түркілердің туып-өскен ата қонысы.


Түркі халықтары Орталық Азия даласынан шыққан. Көшпелі өмір салтын ұстаған халық Еуразия даласына тез тарала бастайды. Белгілі түркітанушы С. Е. Маловтың пікіріне сүйенсек, «түркі халықтары біздің жылсанауымызға дейінгі V ғасырдың өзінде қазіргі қоныстанған жерлерін тіпті одан да үлкен территорияны билеген. Яғни, көне дәуірдің өзінде түркі халықтары Қытайдан Дунайға дейінгі аралықты жайлаған».
Ғалымның бұл пікіріне күмән келтірген ға­лымдар болса да, С.Е. Малов топшылауының дұрыстығын тағы бір ірі зерттеушінің тұжырымы растай түседі. Белгілі орыс фольклортанушысы, академик В.М.Журминский түркі халқының эпосы «Алпамыс» пен грек эпосы «Одиссея» сюжеттерінің ұқсастығының бұл халықтар арасында көне байланыстардың болғандығы деп санайды және оны терең зерттеу қажеттігін айтады.
Түркітану атауы ғылымға алғаш рет Орхон – Енисей ойма жазулары, көне ұйғыр жазба ескерткіштерінің зерттелуіне байланысты дамыды.
Бұдан кейін түркітану араб, парсы тілінде жазылған тарихи жылнамалар, географиялық шығармаларды зерттеу негізінде дамыды.
Тұңғыш рет қазақ тілінің грамматикалық құрылысы жөнінде қысқаша мәлімет беріп, қазақша-орысша сөздік жасаған орыс ғалы­мы Н. Ильминский еді. Оның «Материалы к изучению киргизского языка» /1861/ деген ғылыми еңбегі құнды еңбектердің бірі ре­тінде қазақ филологиясының асыл қазынасы есебінде сақталып келеді. Сонымен бірге П. Мелио­ранскийдің «Краткая грамматика казахского-киргизского языка» деген еңбегін ерекше атауы­мызға болады. Бұл еңбек ғылыми дәрежесі, тіл фактілерінің дұрыс сұрыпталуы жағынан өте сәтті шыққан еңбек деуге болады.
Түркітану ғылымында өзіндік орны бар қазақ ғалымдарынан профессор Әуелбек Қоңырат­баевты атауымызға болады.
Ә. Қоңыратбаев еңбектерінің жанды бір буыны – этимология. Оның зерттеулерінен көшпелі тайпалардың этногенезіне байланысты деректер көп кездеседі. Зерттеуші өзі қорғап отырған мәселенің ғылыми астарына үңіліп, оны үнемі кең де кемел толғап шешуге тырысады. Бұл ономастикадан бастап, этнонимия, топонимия, антропонимия мәселелеріне қатысты сипат.
Зерттеушінің күрделі бір пікірі «түрік» сөзі­нің этимологиясы тұсында байқалады.Бұл сөздің тегін М. Қашқари, В. Бартольд, Г. Вамбери, Ю. Немет, А. Бернштам, А. Зайончковский, А. Кононов, Н. Баскаков, Р. Фрай, Ф. Гордеев, В. Мах­пировтер де өз еңбектерінде қарастырған. Қашқари оны жеке адам атына телісе (Түрік), Бартольд VI ғасырдағы көшпелі ел атауы ретінде қалыптасқанын айтады. Г. Вамбери «адам», «жаратылу» деп, ал Ю. Немет «күш», «қуат» деген пікірлер ұсынады.
Бұл этноним төңірегінде Ә. Қоңыратбаев та қызықты ойлар айтқан. Атаудың түрлі фор­мада кездесетінін жаза отырып, ғалым монғол тілінде түркот, қытайша – түкюс, грекше – тойркот, сансктритше – туруска, пракритше – турукка, соғдыша – түрк екенін жинақтап көрсеткен. Оның пайымдауынша бұл атау (түрік – туруғ) хұн, қушан дәуірінен қалыптаса бастаған. Зерттеуші сөздің түркі тайпаларына қатысты ішкі мағынасын айтып қана қоймай, олармен шектесіп жатқан өзге елдердің қалай атағанын да сөз еткен. Мұны ғылым тілімен аллоэтноним дейміз.
«Түрік» сөзінің тегін Ә. Қоңыратбаев «тархан» атауымен де байланыстырып: «Тархан» сөзінің түбірі туруғ болса да ғажап емес», - дейді. Бұл түрік бектеріне қолданылған титул еді. «Тархан» сөзін «түрік» этнониміне телігенде Ә. Қоңыратбаев, А. Н. Кононов, Б. Н. Заходер, Дж. Логашова, А. Гафуров зерттеулеріне жүгінеді. Ибн – Русте, Гардизи, «Худуд ал- әлем» жазбаларындағы деректерді салыстыра зерттеген Б. Н. Заходер Хазарт елінің билеушілері бірде хазар – хакан (Ибн – Русте), бірде хакан – хазар (Истахри, Ибн –Хаукал), енді бірде тархан – хақан («хухуд ал- әлем») деп аталғанын жазады. Бұл атауға С. Г. Кляшторный да мән беріп, оны Түрік қағанатындағы әскери басқарма лауазымы ретінде атаған. Тәжік ғалымы А. Гафуров болса бұл сөзді «бек», «әмірші» деп, екінші жағынан оны «түркан» деп оқуға да болатынын айтқан. «Ирандық үшін таркан сөзі мүлде таныс емес-тін. Ал, түрік деген ұғым беретін «түркан» сөзін ол бесікте жатып естіген», – дейді автор. Одан әрі «таркан» сөздеріне түрік бектеріне тән кан, хан атауларының бар екенін ескерте келіп: «таркан» деудің орнына «Түркан» деп атау түрік елдерінде де қалыптасқан. Мысалы, түрік лексиологі Бесим Аталай бұл атауды түркан, яғни «ү» дыбысымен береді, – дейді. Демек, Ә. Қоңыратбаев айтып отырған тархан – түркан – түрік сөздіктері өзара жақын, үндес, сабақтас болып шығады.Атап өтерлік бір жайт, А.Гафуров «тархан», «түркан» атауларын ғана емес, «төре» сөзінің семантикасын да осы ұғымға бейімдейді. Ертеде «түр», «төре» атаулары ханзадаларға қолданылған десек, автор соңғы «түрік» сөзінің кейін «тұра» болып айтылғанын жазады.
«Түрік» этнонимі тұсында А. Н. Кононов та үш түрлі ғылыми болжам келтірген. Біріншіден, оның пайымдауынша «Түрік» сөзі саяси термин болмақ. Ол түрік-монғол тіліндегі «төркін» (әйел жағының туыстары) атауынан туып, бері келе тарихи деректерге түрік және түрк болып түскен.
Екіншіден, «Түрік» сөзі екі буынды. Біріншісі (tur) – түр түс ұғымының фонетикалық өзгеріске түскен варианты. Бұл ұғым бойынша «Түрік» этнонимі ертедегі көшпелі тайпалардың әскери одағының жинақтаушы атауы болмақ. Ә. Қоңыратбаев зерттеулерінен біз түрік бектеріне қатысты айтылған «тархан» титулы мен «Түрік» этнонимін өзара сабақтастыру нышандарын байқасақ, А. Кононов пен Н. Баскаковтың «Түрік» сөзін «төркін» деген семантика арқылы түсіндіруі тосын пікір. Осы ғылыми тәсілді негізге ала отырып, Дж. Логашова да: «Түрік» сөзі көпшілік ұғым берсе, ол иранның «туран» атауына жақын. Мұндағы «ан» да көпшілік ұғымда қолданылып тұр деді. Осы ретпен Атрек ( А-түр-к) топономнің түбірінде «Түрік» сөзі бар деген ғылыми болжам айтады. Тарихи деректерге жүгінер болсақ, VIІ-VIІ ғасырларда түркі тайпаларының бір үлкен қанаты Атрек өзенінің бойын мекендегенін көреміз. Ибн-фадлан да оғыздардың Атрек атты әскербасы болғанын айтады. Осы мәліметтерді ескере отырып Ә. Қоңыратбаев «Түрік» төрдегі ел, көшпелі дегенді емес, өзінің белгілі бір жа­ғыра­фияшылық мекені бар отырықшы деген ұғымға бейім деген тұжырым жасайды. Әрине, мұның анықтай түсетін тұстары жоқ емес. Десек те, төр-түр-түс-түре-түран-түркүн-тархан-түрік атауларының этимологиясы өзара жақын, бірақ семантикалық жүйесі әркелкі екенін байқауға болады. Олар бірде этнонимге қатысты болса, бірде тотемдік, тұрмыстық атаулар, енді бірде титул, ел атауы (Тұран) болып отырады. Ә.Қоңыратбаевтың «оғыз», «ұлыс» сөздерінен «түрік» атауының шеңбері кең деген тұжырымының мәні осында.
Гүлмира Баялиева,
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ, қазақ тілі кафедрасының доценті

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.С.Е. Малов. «Памятники древнетюркской письменности.»М,-Л.,1951г.
2.Ә.Қоңыратбаев,Т.Қоңыратбаев. «Көне мәдениет жазбалары». А,1991ж.40бет

1122 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз