• Ұлттану
  • 23 Желтоқсан, 2013

ОРЫС-ШЫҒЫС КЕЛІСІМІ

ГаспрЫсмайыл Гаспыралы

Ойлар, жазбалар, тілектер

1881 жылы мен «Орыс мұсылмандығы» атты шағын ғана кітапша жариялаған едім. Мұнда Ресей аумағында тұратын мұсылмандарды ағарту мен олардың орыс­тармен тығыз жақындасу мүмкіндігіне қатысты шаралар жөнінде айтқам-ды. Сонда «орыс адамы өзіне тумысынан тән қарапайым, қайырымды, адамгершілік қасиетімен әр түрлі халықтармен жеңіл үйлесім тауып, жақсы сыйысып кетеді» деген едім. Мұсылмандардың Русьте өзін бөтен сезінбеуі, орыс адамымен тіл табысып, жақындап жатсынбауы осымен түсіндіріледі.


Бұл жай айтыла салған, не қыздырмалы қызыл сөз емес. Ресейде өскен, 1871-1875 жылдары Батыс пен Шығыста тұрған кісі ретінде жоғарыдағы көзқарасымды жеке бақылауым мен әсеріме сүйеніп барып, қаперіме алған едім. Содан бері он бес жылдың жүзі өтті: орыс-мұсылман қатынасы мен жалпы мұсылманшылыққа байланысты, сірә, тар һәм біржақты ойлайтын адамдар тарапынан баспасөзде айтылып қалатын сөздерге қарамай, менің әлгі көзқарасым одан сайын қатая түсті. Өмірдің аты – өмір: ол қай бағытта түзілсе де бүгіп қалғанды түзеп, қатені жөніне жібереді.
Мен сол кітапшада қалыптаса бастаған, бірақ, саны аздау білімді орыс мұсылмандарын ислам діни мектептері бағдарламаларын кеңейту жолымен, ана тіліндегі баспа ісі жолымен, орыс мектебі мен ғылымын танымал етіп, соған қызығушылықты арттыру жолымен қалың мұсылманды ағарту пайдасына байланысты жұмыс пен қызметке шақырған болатынмын. Өзгелерге үндеу айтып, өзім де қол қусырып қана отырмадым. 1883 жылдан бастап «Терджиман – Переводчик» (қазақша «Тәржіман».- Ауд.) атты татар-орыс тілдерінде апталық газет шығардым. Бастапқыда ол Ресей мұсылмандарына, солардың таным-түсінігі мен ұғымына арналса да, кейін басылымның империя шекарасынан тысқары мұсылман жерлеріне таралуын ескеріп, бұлардың экономикалық, саяси жағдайын, отанымызбен қарым-қатынас ерекшелігін зерттеуіме түрткі болды.
Қазір осыған байланысты ойға келген пікірлерімді қысқаша жеткізуді қаладым. Әрине, күрделі халықаралық мәселелерде қателесуім мүмкін; сұлу да көрікті Бақ­шасарайдан қарағанда қаламгерге көп нәрсе іс жүзіндегіден басқаша көрінуі ғажап емес, саясатқа келгенде, дилетант ұқсап сөйлеуім де мүмкін; сөйте тұра мен не ойлайтынымды, неге сенетінімді ешкімге кінә артпай жазамын.
Жалғыз ғана мақсатым: ойларым мен көзқарасым орыс және шығыс оқырманы тарапынан талқыланып, байыпталса екен деймін.
І

Шығыс жарты шардың картасына қа­расақ, мұсылман елдері мен Ресей ұлан-ғайыр аймақпен шектесетінін, соның ішінде ортақ Каспий мен Қара теңіз де бар екенін көреміз. Орыс-мұсылман әлемі бір жағы – Солтүстік мұзды мұхиттан экваторлық Африканың ішкі қойнауына дейін, екінші жағы – Балтика мен Адриатикадан Ұлы Қытай қорғаны мен Үнді-қытай теңіздеріне дейін созылған. Шығыста - Ресей мен мұсылман жерлеріне дейін 500-600 миллион жаны бар моңғолтілдес әлем быжынап тіршілік кешсе, Батыста - 250 миллион еуропалықтың қуатты өмірі бұрқ-сарқ қайнап жатыр. Осылайша еуропа мен моңғол әлемдерінің арасына жайғасқан орыс-мұсылман әлемі барлық жолдар мен сауда, мәдени, саяси, әскери байланыстардың тоғысқан түйісінде, жартышардың орталығында тұр.
Әлемдік екі көршісі де – еуропалықтар да, моңғолдықтар да кемерден асып толған; ернеуінен асқандар бос жер іздеуге мүдделі. Ал, орыс пен мұсылман жамбасы астында мұндай жер көп-ақ. Жапондар мен қытайлар теңіз байланыстарының ыңғайлы мүмкіндігіне қарай Ұлы мұхит аралдары мен оңтүстік-шығыс Азияға артық адамдарын жіберіп, толтырып жатыр. Америка «тыйым» шараларымен олардың келуіне қарсы күресіп отыр. Қытай империясының құрлықтағы жерінде темір жол байланысы аяқталған тұстан алғаш эмиграция, содан кейін оңтайлы саяси амалдар орыс-мұсылман әлеміне сес көрсетіп, Батысқа жүгінумен болады. Таяуда кішкентай ғана Жапонияның Қытайды жеңуі біздің көңілімізді жайландырмауы керек, өйткені, Жапония әскери қуатының жылдам дамуы - дәл сондай жағдайды Қытай да қайталауы мүмкіндігін көрсетеді. Осыдан отыз жыл бұрын Жапонияны бүгінгідей болады деп ешкім ойлаған жоқ. Бірақ, ол Қытайдағы сияқты томаға-тұйықтығымен, қозғалыссыздығымен, күлкілі ғұрпымен, сайрандаған әскерімен белгілі болатын...
Батыстан орыс-мұсылман әлеміне қарай Еуропа жақындап келеді. Әзірше оның сиректеу нүктелері – Ресейдің оңтүстігінде шашыла орналасқан, Түркиядан және ара-тұра Палестина аумағынан көрінетін неміс колониялары келешектегі жерге деген ашкөздіктің нышаны секілді. Саясат саласында Батыстың бұл талпынысы ашық және бадырайып көрініп тұр. І Петрге дейінгі жабайы, бөлек-салақ Московияны жек көру, соңғы екі ғасырдағы Ресеймен күрес немесе оған қарсы тұру – Шығысқа қарай Еуропа жылжуының салдары. ХІІ Карлдің Ұлы Петрмен соғысынан бастап, ағылшындар тым әсерлеп жаңғырықтырып жіберген Армениядағы соңғы бассыздықтарға дейінгі кейде саналы, кейде санасыз ұмтылыстар Еуропа саясатын түсіндірсе керек. Польша жерін – германдар, Алжир мен Тунисті – француздар, Босния мен Герцеговинаны – австриялықтар, Кипр мен Египетті – ағылшындар, Абиссиния жағалауын – италиялықтар жаулап алуы Шығысқа бағытталған қозғалыстың айқын белгісі емес пе? Бұл да аз болып, Англия кейпіндегі Еуропа Шығысты айнала қоршап, Ресейдің Оңтүстік Азия мен Ауғанстандағы, Памир қыраттарындағы мүдделеріне қарсы келіп отыр.
Кейде Ресейге, кейде мұсылмандарға қарсы әрекет істеп, еуропалықтар екеуінен де пайда тауып, алға жылжиды. Осылай Ұлы Екатерина тұсында Түркияға қарсылықты бірде қолдайды, бірде үнсіз жатып алады; І Наполеон заманында Грекияны азат етуде Ресей жанында болады, кейін Уникар-Исскелек келісіміне Түркиямен бірлесіп қарсы шығады. Портуды соғысқа талаптандырып, онымен бірлесіп Севастопольді атқылайды. Соңғы азат ету соғысына мысқылмен қол шапалақтай отырып, олар қымбат, ауыр соғыстың бар нәтижесін Берлинде аяғын аспанға келтіріп төңкереді. Ресейге Карс бекінісі мен Батум портын ғана беріп, олар өздеріне Түркияның үштен бір бөлігіне жуығын алады. Мәселе пенске, сантимге, пфеннингке келгенде, Еуропа әркез аңға айналып, жүрексіздікпен тұтас Шығысты экономикалық тұрғыдан езіп-жаншиды. Бұдан Шығыстың Еуропадан ешқандай жақсылық күтпеу керегі белгілі болады.
Еуропалық та, моңғолтілді де Шығыс, менің көзқарасымша, шығыс жарты шардың орталық аумағын мекендеген халықтарға ізгі сезіммен қарай алмайды. Екі әлем де аршын бойы немесе жүздеген мильге екі жаққа жылжи отырып, орталық мұсылман және орыс жерлеріне мүмкіндігінше этнографиялық, экономикалық, саяси тұрғыдан жақындауы керек.

ІІ

Егер моңғолтілді әлемнің келешегі қараңғы, жұмбақ көрінсе, онда жанды, өркениетті Батыстың міндеті мен талпынысы аса айқын болып шыға келеді.
Мұсылмандар арасында Ресейге деген сенімсіздік пен қастықтың дәнін себу, оны ислам мен батыс мәдениетінің жоюшысы, аяусыз жауы ретінде көрсету – еуропалықтардың тікелей есебі. Орыс және шығыс елшілерінен кешірім сұраймын, олар мұсылман мен орыс қатынасындағы түсінбеушілікті шебер және жүйелі қанайды. Бұл түсінбеушілік өте қатерлі, Еуропа үшін аса маңызды. Бүкіл Шығысты экономикалық жағынан тонау, дос болғансып, батыстық тілектестері арқасында жабдықтанып, қаруланып, мұсылмандарға оқтын-оқтын соғыс ашып, Ресейді әлсірету – міне, Батыстың ештеңе жоғалтпайтын саясаты. Басқаны былай қояйық, даңқты Черногорияны есептемегенде, Ресей азаттық әперіп жатқан барша ұсақ туыс ұлыстар Русь бауырының әлеуетті көмек қолын керек етпейінше, Батысқа қол созумен болады. Менің бұл ескертпем қарапайым жұртқа, қалың халыққа арналмаған, бірақ олар жетекші рөл атқармайтыны бесенеден белгілі ғой.
Батыста білім алған немесе сол жақтан шақырылған профессорлардың дәрісін тыңдаған немесе олардың ғылымын аударма кітаптар мен мерзімді басылымдардан оқитын мұсылмандар Ресей мен орыс халқы туралы аса көмескі, қате мағлұматқа ие. Үндістан мұсылмандарын айтпағанның өзінде араб, түрік, пар­сылардың солтүстіктегі ұлы көрші ел туралы төлтума бірде-бір туындысы жоқ. Олар Ресейді ағылшын, неміс, француз дерек көздері арқылы танып, батыс достары танымының жетегінде кетеді, солардың көзілдірігін қуана-қуана тағады. Біз «Терджиманның» Мысырдағы, Түркиядағы, Ирандағы (парсы) оқырмандарынан «Ресейде медресе (мұсылмандардың діни мектебі) ашуға рұқсат бұрыннан бар ма? Университетке мұсылмандардың қызметке тұруы қашаннан басталады? Мұнаралардан азан шақыруға пұрсатты қай кезден бері берген?» т.б. сұрауларды жиі аламыз. Бұл мырзаларға «Ресей мұсылмандары кез келген басқа елдің мұсылмандарындай тұрады» десең, таң қалады. Өкінішке қарай, Ресейде де Шығысты оқу мен тану тиісті деңгейге жеткен жоқ. Ресей ішінде он екі миллионнан астам мұсылман қауымы тұрып жатса да, бізде Құран ғылымын, мұсылман халықтарының тұрмысы мен жағдайын білетін адамдар некен-саяқ. 200 миллион адам құлай сенетін қасиетті кітапты «өте зиянды» санайтындарды Құранды «оқып, білді» деп айтуға ауыз бара ма? «Мұсылмандар – түзелмес фанатиктер, білім мен бейбіт тұрудың жаулары» деген пікірді білім санауға бола ма?
Аса өкінішке қарай, біздің әдебиет пен көсемсөз Шығыс туралы қисынсыз көзқарастарды сейілтуге қам жасамайды. Бұл ретте алғысты орыстың сезімі мен мінез-құлық ерекшелігіне қаратып айтамыз: мейірімді, сенімді қарым-қатынастар нығайып, дамып келеді. Орыстар мен мұсылмандар бірін-бірі теріс түсініксіз, арнайы ескертусіз жақсырақ, тікелей зерттегені дұрыс. Сонда олар діннен басқаның бәрі жақындастыратынын, байланыстыратынын көрер еді. Дін – Жаратқанның аясындағы нәрсе, сондықтан, ол осы өмірдегі қайырымды тіршілікке, қызметке кедергі келтірмейді, сондықтан да, Құран түріктер мен ағылшын-француздардың одағына кедергі бола алмады, ал, Інжіл император Николай Павловичтің Түркиямен достастық келісім жасауына бөгет етпеді. Жеке өмір мен қызметте мұсылмандар мен христиандардың тамаша қарым-қатынасын біз барлық жерден де байқаймыз. Әркімге қадірлі діни сезімге тиіспей, осы жағдайды дамыту, кеңейту, нығайту қажет.
Мұсылман халықтарына батысқа қарағанда, орыс мәдениеті анағұрлым жақын. Орыс халқының экономикалық, өндірістік күшінің батыстікімен салыстырғанда қаупі де аз. Мұсылман мен орыс адамы бірге және қатар жер жыртып, егіс егіп, мал бағып, кәсіп етіп, сауда жасап, тіршілік ете алады; олардың қабілеті тым алшақ емес. Ал, еуропалықтың қасында мұсылман кедейленіп, батыраққа айналып қалуы тиіс, солай болып та тұр. Ресейде көшпелі қазақ-қырғыздан басқасы кедейленген жоқ, қайта қом жинады. Күдік келтірмейміз, қазақ-қырғыздың болашағы да анағұрлым адамшылық негізде реттеледі.
Шығыс халықтарының орыс халық­тарымен мәдени, былайша айтқанда, стихиялық жақындығы мынадан көрінеді: Шығыс баласы Ресейден басқа еш елде мұншалықты жерсінбейді. Марсельден де, Парижден де араб колониясын (алжирлік) кездестірмейсіз, Лондонда үнділіктердің кварталы жоқ, Гаагада бірде-бір ашын (индонезиялық ұлт.- Ауд.) немесе малай мұсылманды іздеп таппайсыз. Осы кезде Мәскеу мен Петерборда мыңдаған мұсылман өмір сүріп жатыр. Олардың өз көшесі, мешіті т.б. бар. Бұлардың көп бөлігі – татарлар. Бұдан өзге шекара облыстарды айтпағанның өзінде, ішкі Ресейдің үлкен қалаларында парсы саудагері мен түрік наубайшысын кезіктіресіз.
Стихиялық туысқандық болмаса, оларды Ресейге не тартады? Неге шығыс адамын Батысқа барып кәсіп, сауда жасау қызықтырмайды? Қазаннан Петерборға немесе Архангельскіге жеткеннен гөрі Алжирден Марсельге жету қиын емес шығар.
Түріктің ұлы жазушыларының бірі (оның аты-жөнін айтуға құқым жоқ) маған былай деген еді: «Османлы адамның күші жететіннің бәрін құрбан етіп, өз дербестігін соңына дейін қорғауы тиіс, қорғайды да. Егер қашып құтыла алмайтын, айрылар сәт туса, мен халқымның басқа мемлекеттің емес, Ресейдің қол астына кіруін қалаймын. Себеп – орысшылдықта емес, мен – османлымын, басқа ешкім де емеспін, орыстармен бірге тұру жақсы және жеңіл болады: Батыс халықтарына қарағанда олар құрылымы мен мәдениеті жағынан бізге жақын».
Оның Ресейге деген мейірімді қатына­сынан, сенімінен біз де көп ұтамыз. Олар мен Шығыстың арасындағы географиялық жағдайға қарап, өте өткір, кең сауда дамуы керек. Шығыс өңдеуші өндірістің бұйым­дарын қажет етеді, Ресей ыстық, оңтүстік елдердің өнімдеріне құштар. Басқа елдерге үлгі болмай-ақ қойсын, неге Ресей мен Шығыс бір-біріне сауда саласындағы кейбір артықшылығын ұсына алмайды? Еуропа мұны қаламайды дейсіз бе? Олай болса, бұған қатты ұмтылу керек, өйткені бұл байланыстарды орнықтырудың пайдасын тағы бір рет дәлелдейді.

ІІІ

Ресей мен Шығыста өзара жауласу мен сенімсіздіктің тарихи, географиялық, діни дәлелдері табылып жатса, Батысқа бұл тиімді, ол қуанады. Бірақ, сол тарих пен географиядан өзара сыйластық пен келісімнің дәлелін іздеу жақсырақ емес пе? Меніңше, осы ізденіс үшін Батыс орыстар мен мұсылмандарға тым қатты ренжісе де, біз үшін ол маңызды.
Қаламгерлік қызметімнің әу басында, 1883 жылы «Терджиманның» 8-санындағы «Ресей және Шығыс» атты мақаламда мен былай деп жазған едім: «Ресейге өз дамуы үшін және бір жағынан шығыс христиандардың жағдайын түзету үшін мұсылмандармен соғысуына тура келді. Бұл соғыстарда мұсылман жерлерін жою мен әлсірету мақсаты көзделмеді. Түріктің Ресейге мейірімді көрші ретінде емес, батыстық достарының айтқанын тыңдап барып қарағанынан туған соғыс салдары осындайға әкеліп соқты. Соңғылар Түркия мен Ресейдің жаулығын шебер пайдаланып, біріншісін қанап, екіншісінің күшін әлсіретті. Біздің ойымызша, түрік пен орыс ескіні ұмытып, шынайы жақындасса, ақылды, пайдалы іс болар еді. Мұны қаламайтын, бәлкім болдырмайтын – Еуропа. Осының өзі ортақ пайда мен олжа үшін әрекет етіп қалу керектігін көрсетеді. Еуропа – Түркия мен Ресейдің ортақ жауы. Бүгінде бұл көзқарасымыз анағұрлым кеңейіп, түпкілікті бекіді.
Ресей мен Шығыстың жақындауы туралы идеяны бірте-бірте, алайда жүйелі жүргізіп, отанымыз туралы жаңалықтарды шынайы хабарлап, еліміздегі мұсылмандардың тыныш, орнықты өмірін жария етіп, қажет жерде орыс басылымдарымен пікірталасқа барып, мен әу баста ойламаған нәтижеге қол жеткіздім».
«Терджиманды» өзім бағыштап жазған, жазып та жүрген жай адамдар ғана емес, білімпаз үлемдер, ақсүйек хандар, көзі ашық пашалар оқи бастады. «Терджиман» жетістігін («Терджиман» Ресей мұсылмандары арасына қарағанда, шетел мұсылмандары арасында кең тараған) тек Шығыстың Ресейге деген қызығушылығының оянуымен ғана түсіндіруге болады. Бұл мұсылман газеттерінің («Икдам», «Себах», «Гейрат», «Ватан», «Деккат», «Хидмет» т.б.) Ресей туралы барлық мәліметті әрқашан және сөзбе-сөз «Терджиманнан» алып басатынынан да көрінеді.
Қазіргі күні мұсылмандық Шығыс деп – басында халиф, яғни, тұтас исламның жетекшісі, пайғамбардың өкілі ретінде мойындалатын Түркия сұлтаны отырған Ауғанстан, Иран, Мысыр, Марокко елдерін айтамыз. Осы мұсылман мемлекеттерінің бәрі де дербес саналады, бірақ, әжептәуір дәрежеде осы дербестігінен айырылған: ұлы державалардың саяси бәсекелестігі мен Еуропадағы, бүгінде Азиядағы «тепе-теңдікті» сақтауының арқасында ғана өмір сүреді. Мұсылман елдері Ресейге қандай кедергі келтіреді? Ресей оларға қандай кедергі келтіреді? Ресейге Жерорта теңізіне еркін шығып, оңтүстік шекараларын қоршау үшін бұғаз керек деседі. Бұғаз Түркияның қолында. Кең байтақ Азиялық Ресейге де Парсы шығанағынан болсын, Үнді мұхитынан болсын теңізге шығатын дәліз қажет. Бізді мұның біріншісінен – Иран, екіншісінен – Иран мен Ауғанстан бөліп жатыр. Осыдан келіп, бұл патшалықтарды талқандап, жойып, олардың орнына отыру қажеттігі туады-мыс. Тағы да: барлық жердегі жарты айды жұлып алып, оның орнына православ крестін қоюға Ресейдің жоғары адамшылық миссиясы мүмкіндік береді деседі...
Соңғы сөздерге мен мән де бермеймін, себебі: Қазан мен Қырымда бір кездері Русьтің оңтүстік пен шығыс бағытындағы жолын кес-кестеп, тұрақты шабуылымен шошындырып татарлар емес, сербтер мен болгарлар жүрді делік, бүгінгі түріктің орнында еуропалықтар әкелеп-үкілеген гректер билік құрды делік. Сонда не, Ресей кеңістік пен мұхитқа деген табиғи, таза шынайы талпынысынан бас тарта ма? Ол тура татарлардан тартып алғандай, Қазан мен Қырымды тартып алар еді, Ресейден шығатын және Ресейге кіретін есік пен жол ретінде бұғаз мәселесіне де қызыға қараушы еді. Мен байыпты мемлекеттік және халықтық қозғалыстан тиянақты шынайы астарсыз дерексіз міндеттер шығаруға негіз жоқ деп білемін. Көп адам арабтар ислам мен Құранды тарату үшін ғана қозғалды, елдерді жаулап алды деп айтып, жазып жүр. Мен бұлай ойлай алмаймын, себебі білемін: жаңа дінмен біріккен арабтар өздерінің құнарсыз шөлдерін сенімсіздеу тастап, Сирия, Ирак, Мысыр жұрттарының табысты жерлерін жаулап алуға ұмтылды. ІІ Мұхамет Константинопольді жаулап алуға аттанарда, әулие София харамын мешітке айналдыруды ғана ойлаған жоқ, нақты айтсақ, бағынған христиандарға елеулі жеңілдіктер беруі – оның Алла сарбазы емес, шебер саясатшы болғанын көрсетеді. Ілгерідегі ислам сардары Омар халиф та Иерусалимді алғанда, ғибадатханаларға қол салуға немесе оларды талқандауға келмегенін байқатқан еді. Сөйте тұра орыстар жиырмасыншы ғасырда крест жорықшыларының рөлін ойнап көрсетті деуге пейілдімін. Бұл мәселені шынайы дұрыс жағынан қарастыру анағұрлым пайдалы: егер орыстар мен мұсылмандар асқақ (идеальды) нәрселермен шұғылданса, басқалар шынайы (реальды) нәрселерді қағып кетеді. Біз бұлай болуын қаламаймыз.
Ресей үшін бұғаз бен оңтүстіктегі мұхитқа шығудың маңызы аса түсінікті. Ауқымды құрлықты алып жатқан бұл елдің ашық мұхитқа шығуға деген табиғи (әрі заңды) талпынысы оның дамуы мен экономикалық, саяси өмірінен туындап жатыр. Мұсылмандар мұны «жаулауға құштарлық», тіптен де «исламмен жауласу» деп қарамауы керек. Өз жағдайын сақтай отырып, қауқарлы көрші халықтың табиғи қажеттілігіне жол беру – Шығыс мемлекеттік қайраткерлерінің саяси парасатының биігі болмақ. Екінші жағынан, бейбіт және адам шығынынсыз оңтүстік шекараны қорғау мен сауда-саттықты дамыту мүддесіне кепілдік үшін Ресейге де шығыс көршілерімен келісім амалдарын табу өте маңызды деп ойлаймыз.
Соңғы екі ғасырдағы Ресей мен Шығыс арасында болған бірқатар қақтығыс пен соғыстың бәрі шығыс христиандарын азат ету мен тұрмысын түзеу мағынасында елеулі нәтижеге жеткізсе де, бізді орысқа таза пайдалы, орысқа таза қажетті мәселені – бұғаз жайын шешуге жақындатқан да жоқ. Ресей Қара теңізде шідерленіп қалсын, қажет кезде өзіміз бұғаздан өтіп тұрайық деген қатаң шартпен Еуропа Балқан түбегінде христиан кінәздіктерін құруға бағытталған шараларға қолдау көрсетіп жүр, көрсететін де болады.
Сәтсіз соғыстан кейін Париж бейбітшілік келісімі бізді бұғаздан аулақтатып тастады; жеңісті соғыстан соң Берлин конгресі бұл жырақтауды нақтылап бекітті. Өзіне пайдалы болғандықтан, Еуропа болашақта да бұл жырақтықты бар күшімен қолдамайды деуге негіз жоқ.

ІV

Осы жылдың басында «Орыс-түрік одағы туралы келісім жасалады» деп тараған сыбысқа байланысты Еуропаның қалай толқығаны көптің есінде шығар. Неге бұл сыбыс Еуропа баспасөзін дүрліктіріп, елшілердің құлағын елеңдетіп қойды? Мұның екпінінен неге Константинополь де, Петербор да сыбысты терістеуге мәжбүр болды? Әрине, Еуропа орыс-түрік шабуылының арман-мүддесіне мазасызданған жоқ, ол әдетте өзі ойнап дағдыланған картасын ақ патша мен мұсылман халифының одағы мүлдем бұзып жіберетінін түсінді. Әрдайым орыс-түрік жақындасуы мен одақтасуы туралы сыбыстың өзі Еуропаны мазасыздандыратыны оның қандай маңызға ие болатын мүмкіндігін көрсетеді. Егер бұл мәселені Түркиямен шектемей, кең қарасақ – Ресейдің тұтас Шығыспен жақындасуы мен ынтымақтасуы тұрғысынан қарасақ, мұның маңызы одан да ұлғаяды.
Ресейдің Түркиямен және Иранмен шын, достық қарым-қатынасқа түскенін елестетіп көрейікші. Бұл достық бір жағынан – Мысыр мен араб әлемімен, екінші жағынан Ауғанстан мен үнді-мұсылман әлемімен байланысымызға елеулі әсер етер еді.
Халифтың орасан үлкен беделі арқасында бүкіл мұсылман әлемінің Ресейге деген сенімі мен ықыласы артатыны сөзсіз. Оңтүстік Ресейге қарай баратын бұғазда жай ғана түріктер емес, орыстардың достары тұрар еді. Бұлардың арқасында бұғаздың беки түсетіні сонша, жағалаудағы елдерден келетін жаулардың жолы қиылар еді. Парсы шығанағында, Азиялық Англияның сол шебінде Ресей жанашыр Иран, не болмаса Ауғанстан тұрар еді. Еуропа мен Азиядағы Ресейдің оңтүстік-орыс шекарасын шектес мұсылман патшалықтарымен берік келісімге отырып қамтамасыз етсек, бұл батыс пен қиыр шығыстағы күштерге өте мол еркіндік берер еді. Ол патшалықтарды жаулап алғаннан гөрі, мұндай келісімге қол жеткізген жеңілірек. Ал, Жерорта теңізі мен Үнді мұхитына таяу орыс стансаларына қатысты айтсақ, мұндайларды Түркия мен Ираннан шартпен алуға немесе сатып алуға болады. Англия Түркиямен келісімге келе отырып, флоты үшін жай ғана стансаны алған жоқ, тұтас Кипр аралын алды. Екі жаққа пайдалы жағдайды белгілеп, осыған лайықты келісім орнатуды қалап жатса, Ресей, Түркия, Иран арасында мұндай келісімді неге жасамасқа?
Ешкімге қауіп төндірмейтін, таза қорғаныс сипатындағы орыс-шығыс келісімі шарттасқан екі жақтың өнімдеріне айрықша жеңілдік беретін аса үздік сауда келісімімен бекітіле түсуі де мүмкін.
Түркия мен Иран үшін Ресеймен келісімге келудің де пайдасы зор: олар бұл келісімге табан тіреп, өздерін Еуропаның қанауынан жақсылап қорғап, түрлі держа­валардың қыңырлығынан немесе тепе-теңдік теориясының кездей­соқтығынан тәуелсіз болар еді. Осы келісімге арқа сүйеп, олар болашаққа сеніммен және беймарал қарап, Батыстың емес, өркениет пен халық өмірінің қалып­тасуы тұрғысынан өзіне жақын Ресейдің үлгісін алып, ішкі қайта өрлеумен асықпай айналысар еді.
Орыс-шығыс келісімінің өзара пайдалы тұстарын бұдан әрі қазбаламай-ақ қояйын. Мұның пайдасы көзге ұрып тұр, оның үстіне бұл келісімде Балқан түбегі кінәздіктері де өзіне лайықты орын алар еді. Аталған келісімді қалай жүзеге асыруға болады деген мәселеге келгенде, мынаны ескеру керек: кез келген келісім белгілі міндеттерге құрылады, ал міндет келісушілерді байланыс­тырады. Бұл – сөз жоқ, барар жер, басар тау. Мемлекеттік тұлғалардың ісі - қабылдаған міндет пен күтілетін пайда салмағының теңесу-теңеспеуін айқындау.
Ресей «мұсылмандар – берік, сенімді одақтасым» деп, мұсылмандар «Ресей мен орыстар тағымыз бен дінімізге сұғанақ­танбайды, қол салмайды» деп, көзі жетуі керек. Ол үшін келісім түсінікті, нақты жағдай­ларға негізделуі қажет. Келісуші жақтар бір-біріне мүмкіндігінше барлық шарт пен пайданы ұсынуы тиіс. Келіскенде, бір-бірін алдайтын жолды емес, халықтардың ортақ мүддесі мен бейбіт дамуын қамтамасыз ететін, адал келісімге құрылған берік негізді табуы қажет. Мемлекеттік тұлғалардың міндеті – осындай келісімге жетудің аса қолайлы шартын ойлап табу.
Тәуекел етіп, ойымдағы тілегімді айтайын: бұл келісім орыстарға да, мұсылмандарға да пайдалы!

V

Орыс-шығыс келісіміне өз ішімізден де, сырттан да түрлі қарсылықтар болуы мүмкін. Оның алғашқысы шамамен мынаған саяды деп пайымдаймыз: «мұндай келісіммен Ресей өз қолын өзі байлайды, мұсылман елде­рінің тұтастығына кепілдік беру – тарихи миссияны өзгерту деген сөз». Мен бұлай ойла­маймын. Басқа да державалар секілді, Ресейге де кепілдік жат емес. Сол кепілдікті өзі қолына дара алғанда, тиісті пайданы қамтамасыз етеді. Мұсылман ретінде маған рухани тұрғыдан Ресейдің миссиясы туралы айту ыңғайсыз, бірақ, Шығыспен жасалатын келісім кең аядағы оның өркениеттік миссиясын жеңілдетеді. Стамбұл мен Тегеранда «Ресеймен жақын келісім елімізді дербестігінен айырып, түрік сұлтаны мен парсы шахын Бұхара мен Хиуаның хандары деңгейіне түсіреді» деп айтып, сыбырлауы мүмкін. Тіпті, бұлай емес. Керісінше, келісім осы әміршілер мен елдердің жағдайын берік етеді; олар енді қай держава рабайсыз тізесін батырады деп алаңдамайды. Тунис, Мысыр т.б. айырылу құбылысы сияқтыларды айтпағанның өзінде, 1885 жылы Румелия генерал-губернаторын ат төбеліндей болгардан құтқара алмаған Түркияның сыртқы тәуелсіздігі туралы не айтуға болады? Ресеймен келісім сұлтан мен шах билігінің беделін түсірмей, оларға зор тұрақтылық, қомақты рухани және материалдық күш береді. Мұндай келісімге қарсы Еуропа өтірік-шынды араластырып күресетін болады. Ол Петерборда, Стамбұлда, Тегеранда, Каирде барлық серіппені іске қосады, тіпті соғыспен қорқытып айбат шегеді, бірақ, Ресей мен Шығыс жетекші адамдарының ізгі ниеті болса, бұл келісім жүзеге аспай қоймайды. Өзін қолдайтын, өзінің артынан ерген Түркия мен Иран барда, Ресей барлық мұсылман Шығысының туғанына айналады, әсіресе орыс халқы сипатының бақытты құрылымы арқасында мұсылман халықтары мен өркениетінің көшбасына шығады. Мұндай атаққа Англия табандылықпен тырысып жүргені мәлім.
Ақ патшаның мұсылман Халифіне деген ізгі қарым-қатынасы Үндістандағы миллиондаған хақ жолындағылардың ойы мен ықыласын мүлде басқа ағысқа салғанда, ағылшындарға Англия мен оның еркін мекемелерінің қорғауында-мыс деген мұсылмандарды жоюға бағытталған «казактардың» миссиясы мен ұмтылысы туралы ертегі айтуы оңайға соқпайды.
Бізде, Ресейде, мұсылман халықтарына деген ағылшын сыпайы қарым-қатынасының жүйесі жөнінде білетініміз аз. Бұл жүйе өте жақсы ойластырылған, бірақ, оны бри­тандық өзін-өзі дәріптеушілік пен суықтық құртады. Егер, ағылшындарда орыстардікі сияқты төзімді, қарапайым мінез құрылымы болса, Шығыс оларды тым ашкөздік пен дүниеқоңыздығына қарамай қадірлер еді. Осылай ма, басқа ма, бүгінге дейін ағылшындар шығыста халиф пен мұсылмандардың достары рөлінде салтанат құрып жүр. Олар Марокконы Франция мен Испанияның жасырын ниетінен қорғаймыз деп; Түркия мен Иранды Ресейден қорғаймыз деп; Мысырды Франция тырнағынан қорғаймыз деп; Үндістанда билеуші емеспіз, жергілікті кінәздар мен халықтардың одақтасымыз деп, Шығысты сендірді. Мұсылмандардың терең сеніміне кіру үшін олар Мекке шәріпінің «Үндістан – ислам елі» деген мойындау қағазына қол жеткізді. Бұл, ағылшындардың пікірінше, мұсылмандар мен Британ билігін бітімге келтіреді. «Бізге сауда-саттық жеңілдігін беріңіздер, Құрандарыңыз бен тақтарыңызға ешқандай да тиіспей, сіздерді қорғаймыз және сіздерге өркениет өнімдерін жеткіземіз» - ағылшын саясатының түйіндемесі осы. Тіпті, соңғы кездегі сұлтанға шабуылдарды, атышулы «Арменияға» байланысты арандатуларды - «Түркияның тұғырын бекітеміз, реформаны қолға алу мен халыққа еркін мекемелер беруін талап етеміз» деп түсіндіреді. Сөйте тұра, деректерді жасырып, оларды тиісті деңгейде жарияламай, ағылшындар орыстардың мұсылмандар мен исламға деген түзелмейтін қағидатты жаулығына көзді жеткізбек болады. Алайда соңғы армян оқиғалары мен Мысырды «қорғаудың» тым жалғасып кеткендігі ағылшын ойынының бет-пердесін ашып, Англия достық тарихының өне бойы сын тұрғысынан қарала бастады.
Шығыс жұртшылығы арасында ағыл­шындарға, өздерінің байырғы достарына, қарсылық әрекеті қаншалықты өршіп тұрғаны Англия үрдісін жүргізетін мұсылман газеттерінің оқырмансыз қалғандығынан, ал, ұлттық газеттердің бетінде антиағылшындық мақалалардың көбейгендігінен байқалады.
Босниядағы «Ватан» газетін, Болга­риядағы «Гайрет» газетін, Кипрдегі арал аттас газетті, бірсыпыра араб, үнді мер­зімді басылымдарын біреу дәл келісіп Англияға қарсы айдап салып қойғандай. Былтыр Лондонның өзіндегі мұсылмандар шеруінде жарияланған ащы ақиқат туралы айтпай-ақ, ағылшындардың үнді газеттеріне жасаған шабуылы туралы сұлтан-халифке жазған арызын келтірмей-ақ, осы жылы 2 (14) ақпанда Ньюкасл қаласында өткен жергілікті география қоғамының жина­лысындағы үнді мұсылман ғалымы Мұхамет Абдул-Ғани-Эфендидің сөзін дәйек­теумен ғана шектелейік. Бұл ғалым аталған жиналысқа жер шарындағы екі жүз миллион мұсылманның тіршілігінен алынған географиялық-статистикалық мәліметтерді ұсына отырып, адамзат өміріндегі оның маңызын көрсетіп, ойын төмендегі мағыналы сөздермен аяқтады: «Дүниежүзіндегі мұсылмандардың төрттен бірі Англияның қол астында. Бұл осы мұсылмандарға белгілі азаматтық және саяси қасиет міндетін жүктейді. Бірақ бұл тұрғындар аса нәзік, терең байланысын діннің басшысы ретінде барша мұсылманның халифімен ұштастырады. Рас, осы жағдай мұсылмандардың Ұлы­британияға қатысты азаматтық міндеттерін атқаруға кедергі келтірмейді, алайда олардың мемлекет алдындағы парызы мен дін, халиф алдындағы парызынан туындайтын сезімін қатты қысымға алу жөнсіз болар еді. Қай жерде болсын мұсылманды кемсітіп, сол арқылы бірегей діни қауым ретінде дүние жүзі мұсылмандарын қарсы қойып алу жаманшылыққа апаратынын ұмытпау керек».
Ескі түрік партиясы мен парсы ақсүйектері арасында Ресейдің едәуір жақтастары бар. Сонымен бірге конституциялық тәртіп жолындағы жас түріктер де Ресеймен ізгі қарым-қатынасты бағалай алады. Олар Парижден шығатын баспасөзі («Мешверет» - кеңес) арқылы «Түркия Ресеймен қазіргі әлсіреген күйінде емес, күш жиып алғанда жақындаса алады, әйтпесе мына күйінде келісім бағыныштылыққа апарады» деп мәлімдеме жасады. Осы газет французша қосымшасында былай дейді: «Біз Ресеймен ешқандай да жаулықты сезінбейміз. Оның өз тарихи миссиясы бар, ал, біз өз тарапымыздан тәуелсіздігіміз бен абыройымызға алаңдаймыз. Осы қарама-қарсы көрінетін көзқарасты келістіруге бола ма? Біз болады деп ойлаймыз» («Nous ne professons aucune animosite contr la Russie. Elle a sa mission historique et de notre cote nons avons aussi le sonci de notre independance et de notre diznite. N’y aurait-il jas moyen de concilierces deux points de vue en apparence incociliables? Nous croyons, que oui».
Тәуелсіз және жартылай тәуелсіз мұсыл­ман патшалықтары мен кінәздіктері өмір сүруінің саяси циклі қалай аяқта­латынына қарамай, Құран біріктірген және тұтастырған екі жүз миллион адам тіршілік кеше беретін болады. «Сенімге» айрықша иек артып, тіл, ел бөлектігіне ешқандай мағына бермейтін, Құран – бір, оның жолындағы адам да – бір деп ұғатын осы қауым ешбір еленбей қалмайды. Мұсылман халықтарымен мейлі көрші тұру, одақ құру немесе оларды бағынышта ұстау түрінде болсын жақын байланыста өмір сүруді тарих бұйырған мемлекеттер мен халықтар осы көпмиллиондық айрық­ша әлемнің сенімі мен ықыласына, жау­лы­ғы мен сенбеушілігіне немқұрайды қара­мауы керек. Мұны Лондонда өте жақсы түсінеді және арнайы жәрдеммен шығатын араб-үнді баспасөзі арқылы мұсылман қауымына ағылшын-мұсылман мүдделері ынтымақтастығы идеясын біртіндеп сіңіріп келеді. Осы басылымдардың сөзіне қарағанда, Ресей мұсылман тағына ғана емес, мұсылмандардың нақ болмысына, олардың дініне қауіп төндіреді, ал, Англия болса ел мүддесі үшін (көрдіңіз бе, қандай ашықтық?..) Ұлыбританияның қорғауы мен басқаруындағы өз мұсылмандарына барша уағыз айту, даму, еркін өмір сүру кепілдігін беріп, исламның тағы мен халқын көздің қарашығындай сақтауға борыштанған.
Меніңше, мұсылман әлемі Ресей туралы аса бұрмаланған түсінікте жүргендіктен, оларға шындықты жеткізу пайдасыз болмас еді. Бұл әлем исламға, оны ұстанатын халыққа Ресейдің ешқандай жаулық сезімі жоқ екенін біліп, сенуі керек. Ресейде тұратын немесе бізге келіп жүретін мұсылмандар осыны дәлелдеудің тірі мысалы және жанды сөзі бола алады. Ізгі ойдан Ресей мұсылмандары ешқашан ештеңе ұтылмайды, одан қорытынды шығара алады.
Жазбамды аяқтай отырып, мен мынаны айтқым келеді: осыдан Түркия, Англия мен Германияның қол астында кетсе, ол бұлардан халифаты мен әулетінің өзіндік өмір сүруіне, сыртқы мақтаныштан әрі аспайтын тіршілікке елеулі кепілдік алады, дін жолындағы мүддесін қамтамасыз етеді. Бізге белгілісі, император Вильгельм Түркия сұлтанына өзі арнайы барып, үштік одақпен байланысуды ұсынған. Бірақ әмірші қатаң «жалғыздықты» жөн деп тапқан. Мұны ол сыпайы жасағаны сонша, Германиямен жақсы қарым-қатынасын сақтап қалған. Сірә, сұлтан батыс комбинациясы беретіннен де үлкен нәрсені іздеп отыр.
Шығыс оқырманымызға ескерте­тініміз: біз орыс-шығыс келісімін айт­қанда, өз көзқарасымызды біреуге таңғымыз келген жоқ. Мейлі, мұсылман мемлекеттері ешқандай келісімсіз-ақ өмір сүріп, дами берсін. Егер олар қайсыбір саяси комбинациялардың қажеттігін сезінсе, біз күшті Ресейді, тамаша орыс халқын ұмытпауға кеңес береміз. Ресей ешқандай одақсыз, келісімсіз өзімен-өзі өмір сүріп, дами алады, ал мұсылман мемле­кеттерінің басында мұндай жағдай жоқ.
Бақшасарай
Наурыз, 1896 жыл.
Аударған – Дихан Қамзабекұлы

327 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз