• Заманхат
  • 28 Қараша, 2011

ӘСЕТ НАЙМАНБАЕВ

Аспандағы аққумен әнін қосқан арынды да дабылды өнерпаз. Әсеттен тағдыр тәлкегін  көп көрген әнші де, ақын да кемде-кем шығар. Қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданының жеріндегі Қызыларай тауы баурайында өмірге келген ол әкеден он төрт жасында жетім қалып, кезіндегі Көктал болысында тұратын нағашыларының қолында өседі. Тұрған жеріне жақын Мақаншы өңіріндегі Көктума ауылында Зейнулла деген имамның медресесінде оқып, зеректігімен қаршадайынан-ақ көзге түседі. Алайда ерте оянған ақындығы, асқақ үнді әншілігі оған дін жолын қуғызбай, ылдиы мен өрі көп, қызығы мен қиындығы қат-қабат өнер жолынан аудырмай, ол өз ортасын жырымен суарып, әнімен әлдилеп, нағашы жұртында қалып қояды. Осы жақта үйленіп, шешесін көшіріп алады. Сөйтіп, атақонысы Керегетас, Қызыларай тауларымен, Қаршығалы өзенімен мәңгі қош айтысады. Тауық боп тары тердім Найман шалдан,  Найман шал айы туған маңдайшадан.  Үйректей, қаздай қалқып жүрмін жүзіп  Көл – елде, көп жұртымда қыдыр шалған, – дейтіні оның дәл осы тұс. Жұрт мейірі қанғандай, жастар ғибрат алғандай тәтті әннің арасында асыл сөзді маржандай тізген Әсет ойға жүйрік, сөзге шебер, тілге бай ақын болған. Тәп-тәуір дастандар жазып, айтысқа да түскен. Оның ақындық өнерін замандастары  аса жоғары бағалаған. Айтыстың ақтаңгері атышулы Кемпірбай ақынның ақтық сөзін Әсетжан, осы аурудан  өлем білем,  Алланың аманатын берем білем.  Кеудемнен көгала үйрек «қош» деп ұшты,  Сол шіркін, кәрі жолдас өлең білем, – деп Әсетке айтып, аманат тапсыруы да тегін емес.  Асылы, Әсет ақындығынан әншілігін артық санап, әуелеген әнін көбірек күйттеп, төгіліп тұратын өлең-жырына онша мән бермей, асқақ үнін аспан-көкке аңыратып, өзі айтқандай: Арғынмын, атым – Әсет арындаған,  Арындап ән сала ма дарымаған.  Аспанның аясында ән шалқытқан   Бұлбұлмын даусым көкте дамылдаған.  Көмекей көп қапысын әнмен ашса,  Төгіліп меруерт, маржан сауылдаған.  Тұлпармын топтан озған, тосырқаман,  Шаршы топ, қарсы, өрім жоқ шабылмаған, –деп шырқата шарықтап жүре берген тәрізді. Кейін өзі осынысына қатты өкініп, «Абайдай арттағыға сөз қалдырып, жақсы еді-ау, әттеген-ай өлу деген» деп қатты  қамыққан. «Менен сорлы ақын да өтті ме екен, бір сөзі баспа орнына берілмеген!» деп күңіренуі де содан. Аққан селдей, соққан желдей дабылдатып, дауылдатып отыратын, ұдайы балталаса бұзылмайтын ұйқаспен өріліп, маржандай төгіліп тұратын оның жырлары шынында да, бітімі бөлек, ырғағы ерек өршіл де отты туындылар болатын. Тек олардың бірде-бірі көзі тірісінде баспа бетін көрген жоқ. Әсеттің өлімі де күні бүгінге дейін жұмбақ күйінде қалып келеді. Ол 1923 жылы Қытайдың Құлжа қаласында қайтыс болған. Кейбір зерттеушілердің болжамынша, ауған елмен бірге кеткен өнерпаздың түбіне кеңес үндеместерінің қызыл қырғилары жеткен сынды. Ақынды көрген, ән-жырынан сусындап мейірі қанған замандастарының айтуына қарағанда, даусын ашу үшін әнші ара-тұра суға езіп мүсәтір ішеді екен. Бір жолы оның орнына у ішіп қойыпты. Алмасты мүсәтір де татып алдым,  Дерт шалды  өне-бойды, жатып алдым. Құдайдан тура келсе арманым не, Ажалды ақша беріп сатып алдым, – деп ақынның өзі де анықтайды. Әр сөзі алтын қайран ақын кіндік қаны тамған Қызыларайынан да, жаны ашыр ағайыннан да алыс, жат жерде осылай өмірден өтіпті. Ақылдының сөзінде жұпары бар, Ғылыммен тән тазартып жанданады. Оқудың түзетпейтін адамы жоқ, Қараңғы мінберлерге шам жағады. *** Торғай жеп қыран бүркіт тоят алмас, Опасызға қай жүрек жалғанады. Өз ойынша пәспін де кім санамақ Мен надан деп айтуға арланады. *** Жігіттің жігіт болар бейнесінде, Күш-қайрат өнер болса кеудесінде Жүйрік ит, қыран бүркіт, түзу мылтық, Байлаулы бәйге ат тұрса кермесінде Күлім көз, оймақ ауыз жары болса, Лайық жақсы жауап сөйлесуге. Ас қазан, орта шарқы,  жақсы үй болса, Шақырса ерік қоймай, келмесіңе. *** Ойсыз, мінсіз болады кейбір жігіт, Жігеріңді қылады құмменен тең. Біреуден пайдаланған ақыл-білім Жаңбырмен араласқан нұрменен тең. *** Күнқақты сұр шолақтай шыр бітпеген, Кісідей өрт өшірген түр бітпеген. Араққа апиынды қосып ішіп, Қулар бар мал-басын бір өрбітпеген. *** Жігітке қисық мінез мінменен тең, Жараспас жас бойына сынменен тең. Қолы сараң надан бар, көңілі қарау, Ақ жүрегі қараңғы түнменен тең. *** Дүние-ау, асаудайын арындайсың, Құр сөзге құнары жоқ жалындайсың. Терідей сабын жаққан жылп-жылп етіп Шіркін-ай, қойған жерден табылмайсың. *** Күлдіргі, қалжыңға ұста тәуір жігіт Көңілдің бақшасында гүлменен тең. Сасқан жерде ойланып тапқан ақыл Заты жалған болғанмен шынымен тең. Ақылыңда жарасқан жақсы жолдас Кіндігіңнен жаралған ұлменен тең. *** Би қиқайса тартады мұрындарын, Білгенсіп әр нәрсенің орындарын. Ақиқаттан хабарсыз шартық билер Бұзады әділеттің форымдарын Қаңғыртып қара жұрттың қанын сорып Сипаған қазандай ғып қарындарын. *** Жас жігіт аңғалдықпен алданады. Атақты  адам дегенге малданады. Ақылды, аз ашулы, көп пікірлі  Пайдалы насихатты аңғарады. Әзірлеген С. ЕСЖАНОВ

746 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз