• Ұлттану
  • 23 Желтоқсан, 2013

Фарабитануға қосылған жаңа еңбек

Мұхитдин Салқынбаев,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің доценті

Шығыстанушы ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің «Қауам ад-Дин әл- Итқани (Иқани) әл-Фараби ат-Түркістани» атты кітабының құндылығы
Қазақ ғылымында өзіндік орны мен қолтаңбасы бар Әбсаттар қажы Дербісәлі кешегі кеңес заманында, араб әдебиеті десе апиын саналған діни әдебиет деп түсінілген тұста араб әдебиеті мен қазақ әдебиетінің арасын­дағы сабақтастыққа дәнекер болып, келешек арабтанушы ғалымдар үшін маңызды әдеби бағытқа жол ашты. Қазіргі егемен ел болып, тәуелсіздігімізді алған тұста, дініміз бен ділімізді түгелдеп, өз болмысымызды, дәстүрімізді саясаттың салқынынсыз жаңаша зерделей бастаған кезде, қазақ-араб әдебиеттерінің тарихи сабақтастығын, ықпалдастығын тереңірек зерттеу қажеттігі күн тәртібіне қойылған кезде ғалымның зерттеу еңбектерінің алар орны ерекше.


Ғылыми жолын бабалар тарихын зерделеуге арнай отырып, олардың кейінгі ұрпаққа мирас етіп қалдырған еңбектерін ұлтымыздың рухани қорына қосып, мәдениетіміздің мәңгілік мұ­расына айналуына үлкен үлес қосып келе жатқан халқымыздың бірегей ғалымы деп Әбсаттар қажы Дербісәліні атауға болады. Оның кезінде кеңестік солақай саясаттың кесірінен зерттеу нысанынан шет қалған қаншама әлемдік деңгейдегі ғұлама бабаларымыздың әдеби, діни туындылары беймәлім болып келген ұлттың рухани қазыналары сол кезеңде бұлқынып шыға алмай қалған, жо-жоқ шығармай тастаған жауһарларды еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізіп дербес даму жолына түскеннен кейін сыртқа шығарып жариялаудағы еңбегі зор деп білеміз.
М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Талжанов, С.Ғылмани, Ш.Сәтбаева және т.б. тұл­ға­лар­дан кейін қазақ елінің Шығыс елдері­нің мәдениетімен, әдебиетімен қарым-қатынасы аясында қазақ жерінде дүниеге келіп, білім алып, араб жерінде шығармашылығымен әлемге танылған тұл­ға­лардың өмірімен, туындыларымен профессор Әбсаттар қажы Дербісәлінің ерен еңбегінің арқасында таныс болғанымыз, әлі де біле түсетінімізді баса айтуға болады. Оның бүкіл шығармашылығына араб әдебиеті мен Ислам діні арқау болды десек асыра айтқандық болмас. Себебі, профессор Ә.Дербісәлі қазақ-араб мәдени, әдеби қатынастарын зерттеу барысында екі халықтың мәдени сабақтастығына алғаш сүрлеу салған Әбу Насыр әл-Фараби, әл-Жауһари әл-Фараби секілді отызға жуық Фарабтан шыққан ғұламалар мен басқа да қазақ жерінен шыққан, әлемге танымал даналардың әдеби мұраларын араб елдерінен тауып, жариялауда үлкен еңбек сіңірді. Сонымен қатар, ғалым Ә.Дербісәлінің қаламынан «Араб әдебиеті», «Морокконың араб тілді әдебиеті», «Шыңырау бұлақтар», «Қа­зақ даласының жұлдыздары», Мұхам­мед Хайдар Дулати. Өмірбаяндық-библио­графиялық анықтамалық, «Ислам және заман» Тарихи-филологиялық зерттеулер, эсселер мен очерктерден тұратын «Исламның жауһарлары мен жәдігерліктері» және тағы да басқа үш Кердери, үш Сайрами (Исфиджаби), жеті Түркістани, 31 Тарази, Байлақ Қыпшақи, Хасан Әли Жалайыри, Гийас ад-Дин Женди, Хусам ад-Дин Сығнақиларға арналған сүбелі дүниелер жарыққа шықты. Әсіресе, көрнекті мемлекет қай­раткері, әскери қолбасшы, тарих­шы, әдебиетші, ақын болған Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидiң «Жаһан наме» поэмасының Қашғар қаласынан табылып, оны елге алып келген шығыстанушы, профессор Әбсаттар қажы Дербiсәлiнің қазақ мәдени мұрасына қосқан үлесін ерекше атап өтуге тиіспіз. Әбсаттар қажы бұл дастанды Берлин және Қашғар нұсқаларын салыстыра зерделей отырып, араб, парсы сөздерi аралас жүретін М.Х. Дулатидың дастанына нағыз кәсіби маман көзімен қарағаны байқалады. Өйткені, ол әрі әдебиетші, әрі араб тілі­нің білгір тiлшiсі, әрі ірі дiнтанушы. Осындай зерттеушіге қажетті салаларды еркін меңгерген шығыстанушы ғалым жыл сайын Қазақстанға тиесілі, бірақ, белгілі бір себептермен ғылыми қауымға беймәлім болып келген құнды дүниелерді, әдеби ескерткіштерді араб тілінен қазақ тіліне аударып, түсіндірмелерін жасап, түпнұсқа қолжазбасының факсимелесін де қатар беріп зерттеуі еңбектің ғылыми құндылығын арттыра түседі.
Міне, осындай әмбебап ғалымның қаламынан биылғы жылы да сондай түркі халқының рухани кеңістігінде, орта ғасырда дүниеге келген, бірақ, бүгінгі күн­ге дейін өзінің тарихи-танымдық және көркемдік құн­дылығын жоғалтпаған мә­дени жәдігерлеріміздің бірі – «Қауам ад-дин әл-Итқани (Иқани) әл-Фараби ат-Түркістани (1286-1357) өмірі мен мұрасы» атты еңбегі жарыққа шығып отыр. Бұл жолғы автордың жарыққа шы­ғарған Қауам ад-дин әл Итқани (Иқани) әл-Фараби ат-Түркістани тек қа­зақ халқының ғана мақтанышы емес, сонымен қатар, әлем рухания­тының тарихында ғылыми құн­дылығы өте жоғары дүниелерді қалдырған ірі шығармашылық тұлға. Зерттеуші Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби ат-Түркістанидің туған жерін өмірін зерделей отырып, оның Түркістан қаласының шығысында 20, Отырардан солтүстікке қарай 40-50 шақырымдай жердегі, орта ғасырларда Итқан (Атқан), қазіргі уақытта Иқан деп аталатын кентте 1286 жылы дүниеге келгендігін анықтайды. Ол отыздан асқан шағына дейін Отырар қаласында имам болған. Сонан соң білім іздеп әуелі Самарқан мен Бұхараға, кейін Дамаскіге (Сирияға) сапар шеккен. Бағдадта 25 жыл қазилық еткен әл-Итқани сонда үйленіп, балалы-шағалы болған. Өмірінің соңына таман Каирге қоныс аударып, сонда біржола тұрақтап қалған көрінеді.
Жалпы, Әбсаттар қажы Дербісәлі Иқаннан шыққан осынау парасат иесі жайлы алғаш 1995 жылы «Қазақ даласының жұлдыздары» атты еңбегінде мағлұмат беріп өтеді. Алтын шыққан жерді белден қаз дегендей фарабитанушы ғалым Қауам ад-Дин әл-Итқани мұрасын түбегейлі зерттеуге ден қойғанын аталған еңбектен көруге болады. Ғалымның Қауам ад-Дин әл-Итқани әл-Фараби ат-Түркістанидің өмірі мен шығармашылығына арналған зерттеу еңбегін зерделей отырып Фарабтан шыққан ғұлама жайында қалам тербеген басқа да көптеген ғалымдардың бар екеніне куә болдық. Атап айтқанда, Әз-Заһаби, Әс-Сафади, Мухи-д-Дин Құраши, Ибн Хатиб, Ибн Фархун, әл-Мақризи, Ибн Тагриберди, Ас-Сахауи, Ас-Суйути, Ибн Хаджар әл-Асқалани, Ахмед Тащкупризаде, Тақи ад-Дин ат-Тамими ад-Дари әл-Ғаззи және әл-Хусайни секілді Ислам әлемінде танымал ғалымдардың еңбектерінде Қауам ад-Дин әл-Итқанидің рухани, мәдени өмірі жан-жақты сипатталады. Аталған ғалымдардың көбісі әл-Итқанидің замандастары немесе бір-екі ғасыр кейін өмір сүрген тұлғалар. Кейінгі он жетінші, он тоғызыншы, тіпті жиырмасыншы ғасырда да Қауам ад-Диннің еңбектері мен діни пікірлері жайында қалам тербеген Ислам ғалымдары көптеп саналады. Солардың арасынан ХVІІ ғасырда өмір сүрген түрік тарихшысы Хадж Халифаны, ХХ ғасырдағы араб ғалымдары Омар Рида Каххаланы, Мухаммад Заглул Салам, Махмуд Фуадты ерекше атап өтуге болады.
Фараб ғалымының Ислам діні, оның ішінде фиқһ ілімі жайында жазған еңбек­терінің ғылыми бағасын бере отырып, зерделеген атақты Еуропа ғалымы Карл Броккельман да оны орта ғасырдағы көр­некті мұсылман ғалымдарының қатарына қосады. Міне, аттары аталған ғалымдардың бәрі де әлемге танымал ғалымдар. Демек, қазақ жерінен шыққан Фарабилердің бірі әл-Итқаниді орта ғасырдағы ірі ислам ғұ­ла­маларының бірі деп айтуға толық не­гіз бар.
Әл-Итқанидің өмірдерегін зерделей келе оның араб тілі мен Ислам діні­нің шариғатын жақсы меңгергендігін, білім­паздығын байқадық. Аталған кітаптағы 1319 жылы Дамаскіге келіп ұстаздық етті деген пікірге қарап, оның араб жеріне барып ұстаздық етуі ғалымның біліктілігін дәлелдей түседі. Әл-Итқанидің көрнек­ті ғалым болғандығын дәлелдей түсе­тін тағы бір мысалды, оның өзіне дейін­гі ғұламалардың ғылыми ең­бек­теріне, трактаттарына жазған түсін­дірмелерінен көруге болады. Мәселен, әл-Ахсикасидің Ханафи (мазһабы) бойынша фиқһ негіздері жайлы жазылған «Әл-Манар» атты еңбегінің мәтініне, «Усул» (әл-Фиқһ) атты кітапқа, «Әл-Кәфи фи шархи-л-Уафи» («Толық жинақ» кітабына) және т.б. кітаптарды айтуға болады. Әсіресе, оның Бурхан-Ад-Дин Әбу-л-Хасан бин Әбу Бәкір әл-Марғинанидің «Әл-Һидайа» (Басшылық) атты классикалық жинағына жазған түсіндірмесі ерекше бағаланады. Бұл еңбектерде Әбу Ханифа мазһабының фиқһтары (мұсылман заң ғылымдары) жайлы сөз қозғалады. Сонымен қатар, бұл еңбек кешегі Кеңес өкіметіне дейін Орта Азияда мұсылман заңы бойынша негізгі құрал болғандығын атап өтуге тиіспіз.
Атақты ғылыми трактаттарға, еңбек­терге түсіндірме жасау екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. Ал, ондай қадамға өз пәнін жақсы білетін, терең білімді, ірі ғұламалар ғана барғандығы белгілі. Мысалы, Әбу Насыр әл-Фараби Аристотельдің трактаттарына түсіндірме жасағанын айтсақ та жетеді деп ойлаймыз. Орта ғасырдағы ірі ғалым Ибн Халликанның Әбу Насыр әл-Фараби жайлы жазған еңбегінде түсіндірме еңбектердің құндылығына қатысты мынадай дерек келтіреді: «Ислам әлемінің бір атақты ғалымы Аристотельдің «Метафизикасын» қырық рет оқып түсіне алмапты. Бірде қаладағы бір дүкеннен Әбу Насыр әл-Фарабидің «Аристотельдің «Метафизикасына» түсіндірме» атты кітабын сатып алады. Сонда қырық рет оқып түсіне алмаған трактаттың құпиясын Әбу Насырдың түсіндірмесін бір-ақ рет оқып түсініпті». Демек, жазылған құнды еңбектерге түсіндірме жасау ғалымның тереңдігін, зиялылығын білдіреді.
Профессор Ә.Дербісәлі Қауам ад-Дин әл-Итқанидің Ислам діні жайында және оның мәзһабтары жайында өте сауатты, білгір болғандығын мұқият зерттегендігін баса айтуға болады. Оның дін саласындағы өзге мәзһаб ғалымдарымен ғылыми та­лас-тартыстарын сипаттай отырып, өз пі­кі­рін қалай дәлелдегенін өте дәл баян­даған. Енді, шығыстанушы ғалымның осы еңбегіндегі мынадай деректі бере кет­кенді жөн санадық: «Иқандық ғалым Дамаскіде бір жылдай ғана тұрған. Хад­жи Халифаның айтуынша оған Қауам ад-дин мен Тақи ад-дин ас Субки (1296-1373) арасындағы дін мәселесі бойынша талас-тартыс себеп болған. Қауам ад-дин Дамаскіге келген соң бірде рамазан айының қадір түні кешінде намазды халифаның Дамаскідегі өкілі, қала әкімі Әмір Сайф ад-дин Йолбуға ан-Насиримен бірге оқиды. Имам сәж­де жасап, орнынан түрегелгенде екі қолын көтереді. Қауам ад-Дин оған Әбу Ханифа мазһабы бойынша олай ету­ге болмайтынын айтып салады. Бұл ту­ралы жерлесіміздің өзі: 25 раджабта Шам­ға келген соң, рамазан айының 27-де, кешке Сайфтың орынбасарымен ұшырасу құрметіне ие болдым. Жұрт ақшам намазына жиналған еді. Имам сәждеден тұрған кезде екі қолын да кө­терді. Сол себепті мен намазымды қайта оқыдым. Сонан соң одан: Сен (имам) Малик (713-795) яки (имам) Шафиғ (767-820) мазһабындасың ба? – деп сұрадым. Ол: Мен (имам) шафиғ мазһабындамын», – деді. Мен оған: «Егер Шафиғи мазһабындағыдай рукуғ­дан соң қолдарыңды көтермесең де намазың бұзылмайтын еді және одан өзіңнің де ештеңең кетпес-ті. Қолыңды көтергендіктен біздің (Ханафи мазһабы бойынша) намазымыз бұзылды. Егер қолыңды көтермегеніңде намазың дұрыс болар еді» – дедім. Одан ары қала әкімінің алдында мешіттің имамы мен Қауам ад-Дин арасында фиқһ саласындағы талас басталады. Имам қол көтергеннен намаз бұ­зыл­майды дегеннен басқа уәж айта ал­мапты. Ал, Қауам ад-Дин болса, белгілі Ислам ғалымы Макхул ан-Наса­фидің қол көтергеннен намаздың бұзы­латыны жайында айтқан пікіріне сүйе­ніп, өз ойын дәлелдейді. Әл-Итқани жайындағы бұл кітапта Қауад ад-Диннің бұл пікірталасы көпке дейін созылғаны айтылады. Соңында «Рукуғқа барған және тұрған кезде қолды көтеруге бол­майтыны жайында трактат» атты ең­бек жазылғаннан кейін барып олардың арасындағы дау тоқтапты. Жоғарыда кел­тірілген үзіндіден Қауад ад-Диннің мұсылман заңының Ханфи мазһабын же­тілдіріп, жақсартып, дамытуға күш салған тұлға екенін байқаймыз. Бұл діндегі азын-аулақ мәселе болғанымен, әл-Итқанидің өз ұстанымына берік, табанды және сол жолдағы пікірін дәлелдеуде ешқандай ғалымнан қаймықпайтынына назар аударған жөн секілді. Ол өз ойының дұрыстығын дәлелдеу үшін қаншама ізденіп, көптеген ислам ғұламаларының еңбектерін ақтарады. Ақырында, Дамас­кінің дін маманы Әли бин Абд әл-Кафи Самма ас Субкидің мойындамағанына қарамастан өз пікірін дәлелдеп жеңіп шығады. Соның нәтижесінде осы мәселе турасында ғылыми зерттеу еңбегін жазып шықты.
Аталған кітаптың тағы бір оқырманға берері бар, тарихи мағлұматы мол қыры ретінде Египет пен Сирияны билеген мәмлүктер туралы деректерді айтуға болады. 1250 жылы мәмлүк Айбектің билігінен бастап көптеген мәмлүк билеушілерінің өмірі мен қызметі жайында көптеген деректер келтіріледі. Қауам ад-дин әл-Итқани да Шам мен Мысырға осы мәм­лүктер билігі тұсында келгендігі айтылады. Бұл жайында кітапта Ибн Тагрибердидің сөзі былай беріледі: «Әл Атқани Египетке шақырылды. Әмір Сұрғатмыш (Сарғатмаш?) ан-Насири оған үлкен сый-құрмет көрсетті. Ас-Сулайбадан медресе салып берді. Ол кейін Сұрғатмыш деген атпен белгілі болды. Әл-Атқанидың дәрістеріне мемлекеттің жоғары лауазымды кісілері қатысатын. Дәрістерге басшылық жасай жүріп Каир заңына (заң қызметіне) жетекшілік етті». Әрине, бұл дерекке күмәнмен қарайтын ғалымдар да бар. Дегенмен, Мысырды сол мәмлүктер билеген заманда айтылған деректің ақиқат дерек екенін Әбсаттар Қажы Дербісәлі ғылыми деректерге сүйене отырып дәлелдейді. Әсіресе, әл-Итқанидің Каир машаихтарына басшылық жасап, оған Ханафи маз­һабы бойынша қызмет ету шарт етіп жүктелгені жайында келтірген деректерінің маңыздылығы айрықша.
Қауам ад-Дин әл-Итқани сонымен қатар ақын да болған. Оның ақын­дық қыры аталған кітапта анық баян­­далады. Сұрғатмыш әмір оған медресе салып бергенде, риза болған әл-Итқани медресенің ашылу салатанатында Әмір­ге арнап мадақ өлең шығарыпты. Оның қазақша мазмұнын Әбсаттар қажы Дербісәлі былайша тәржімалайды:
1. Сендер күмәндіден қашық жүре­тін, баршаға атақты болған,
Ең абзал адамды көрдіңдер ме?
2. Ол білімі, жомарттығы, қабілет­тілі­гімен,
Осындай жоғары дәрежеге жетті.
3. Ол тақуа, шыншыл, жомарт әрі атақты,
Өзгелерден озық, дәрежесі биік, қолы ашық кісі.
4. Жол ашып, сүннеті тірілтті, әде­биет­шілер мен шайырлардың
Жағдайы жақсарған кез.
5. Бұл Сұрғатмыштың кезінде,
Көктен жауды жақсылық... деген бәйіттер
20. Әбу Ханифа – куниям, ал сонан соң, Қауад ад-Дин болды лақап ат (ым).
21. Рахатта тіршілік ет,
Ғажайыптардың ғажайыбын (һәм) көру үшін бақытты өмір – деп аяқталады.
Әл-Итқани өлеңін зерделей келе оған сый-құрмет көрсетіп, дәрежесін көтерген жомарт әмір де Фарабтық болғанын бай­қаймыз. Әл-Итқани осынау мадақ өлеңін сол кездегі араб әдебиетіндегі мадх жанрының өлшеміне, жүйесіне негіз­деп жазғанын кітап авторы ерекше атап өтеді.
Сөзімізді тұжырымдай келе айтарымыз, Қауам ад-Дин әл-Итқани қазақ топырағында дүниеге келіп, сауат ашып, білім алған. Отырар меші­тін басқарған ғалым әрі ақын, әрі дінтанушы әл-Итқани Ислам әлеміндегі ірі де көрнекті тұлға болғаны даусыз. Оның көптеген ғылыми еңбектерінің қолжазбасы табылған. Олардың бәрі Каирдегі «Египеттің кітаптар үйі» атты қолжазба қорында сақтаулы екен. Атақты ғұламаның Хұмам ад-Дин Әмір Галиб бин Әмир Катиб бин Әмір Умар бин әл-Әмид бин Әмір Ғази әл-Фараби әл-Атқани атты ұлы болыпты. Ол да әкесі секілді діни ғалым болғандығы айтылады.
Ислам дінінің ірі орталықтарының бір бөлігі саналатын қазақ жері әлі күнге дейін толық танылып, мұралары зерттеліп үлгірмеген Қауам ад-Дин әл-Итқани әл-Фараби ат-Түркістани сияқты қаншама әлемдік деңгейдегі ғұламаларды дүниеге келтірді. Олардың бәрі де Ислам дінінің көрнекті үлемдері және араб тілі мен әдебиетінің рухани нәрінен сусындап, шығармаларын араб тілі – Құран тілінде жазғанын пайымдадық.
Қауам ад-Дин әл Итқани секілді қай жерде болсын рухын биік ұстап, өзге ел ғалым­дарымен терезесін тең ұстаған, тіпті асып та кеткен қазақ жерінен шыққан отыздан аса әл-Фарабилер мен басқа да қазақ ғұламаларының мұраларын инемен құдық қазғандай зерделеп, зерттеп Тәуелсіз қазақ қоғамына таныстырып, жоғымызды бар қылып, түгендеп жүрген ғалым Әбсаттар қажы Дірбісәліге үлкен алғыс айтуымыз керек.

372 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз