• Тарих толқынында
  • 23 Желтоқсан, 2013

Мемлекеттік және қоғамдық басқару саласының түйткілді мәселелері

Мырзагелді КЕМЕЛ,
экономика ғылымдарының докторы, профессор

Біздің еліміздегі жоғарғы оқу орында­рындағы мемлекеттік басқару саласына мамандар дайындау қандай күйде екеніне назар салып қарасақ, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Мемлекеттiк басқару академиясының магистратурасында соңғы он-он екі жылдың көлемінде 900-дей мемлекеттік басқару магистрі даярланыпты. Ал, елдегі тек мемлекеттік қызметшілердің саны бұдан жүз есе көп екенін еске алсақ, онда арнайы дайындалған маманданған кадрлар саны теңіздегі тамшыдай ғана екені түсінікті. Бакалаврлар даярлау ісін алып қарасақ, деректерге қарағанда біздегі 59 жоғарғы оқу орнында «мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша жоғарғы білімді мамандар дайындалады екен. Сол мамандардың қалай оқытылып жатқанын Астана және Алматы қалаларында орналасқан іргелі оқу орындарында бақылап көргенде, оқыту үдерісіндегі жағдай көңіл көншітерліктей емес екеніне көз жеткіздім. Олардың бар­лығына қатысты мынадай бірыңғай кем­шіліктер байқалады:
– Білім және ғылым министрлігіне қарас­ты бір де бір жоғарғы оқу орындарында мемлекеттік басқару мамандығы бойынша кадр даярлайтын (бакалавр және магистр) арнайы факультеттер мен кафедралар жоқ, олар негізінен «Экономика» немесе «Менеджмент» кафедраларына бекітілген.


– Осы мамандыққа байланысты оқу жос­пары сонау кездегі «Нархоз» аталатын, қазіргі Экономика университетінің тәуелсіздіктің бастапқы кезеңіндегі жоспа­рының көшірмесі секілді көрінеді. Тек бірен-саран ғана өзгешеліктер қосылған, мысалы «социалистік жарыс» деген сөздер «бәсекеге қабілеттілік» деген сөздермен алмастырылып, «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» сынды жаңа тараулар қосылған да қойған. Бұл жоспарды Білім және ғылым министрлігі бекітті деудің өзі ұят.
– Дипломдарында жазылатын мамандығы «мемлекеттік басқару» бола тұра, студент­тердің алып жатқан дәрістерінің 90 пайызы экономика тақырыбына арналған. Ал, ғылыми тұрғыдан алғанда мемлекеттік басқару саяси, экономикалық, әлеуметтік, құқықтық, психологиялық, этикалық және де басқа аспектілерді қамтиды. Сәй­ке­сінше мемлекеттік басқару: филосо­фия (мемлекеттің, қоғамның саяси құ­рылы­мындағы мәні, рөлі мен орны), саясаттану (мемлекеттің мәні мен қызметі билік ету категориясы арқылы көрінеді), әлеу­меттану (мемлекет – әлеуметтік инс­титут ретінде), экономика (өндірісті басқару), тарих (даму жолы), құқық (рұқсат етілген әрекеттер шекарасы), психология (адамның санасы, мінез-құлқы) сияқты түрлі ғылымдар мен ғылыми пәндерді зерттейді, бұл салаға маманданғысы келген әрбір студент осы салалардың бәрінен азды-көпті жүйелі білім алып шығуы тиіс.
– «Мемлекеттік басқару» мамандығын алып шығатын болашақ бакалаврлар мен магистрлердің диплом қорғардағы диссертациялық тақырыптарында мемлекет­тік басқару саласына қатысты негізгі мәсе­лелердің өзі жоқ, бірді-екілі тақырыптар болмаса, қалғандары таза экономикалық тақырыптар. Олардың мазмұнында мемле­кет­тік басқаруға қатысты зерттеулер мен тұжы­рымдар жоқ. Мәселен, диплом қорғау тақырыбына мемлекеттік басқаруға да, экономиканы дамытуға да қатысты мынадай келелі мәселелердің кейбірін қарастыруға болар еді: Қазақстан Республикасындағы қазіргі мемлекеттік басқару: стратегиялар, уәж­демелер, технологиялар; Мемлекеттік басқаруды модернизациялаудың құқық­тық аспектілері; Атқарушы билік орган­дарының БАҚ-пен өзара іс-қимылы; Мемлекеттік басқару жүйесіндегі билік тармақтарының өзара әрекеттестік те­тік­тері; Агроөнеркәсіп кешенін мемле­кеттік басқару; Халық денсаулығын қор­ғау сала­сындағы мемлекеттік басқару; Әлеуметтік-экономикалық сала қызметін мемлекеттік басқару (сала, өңір мысалында); Қазақстан Республикасындағы өңірлік басқару; Әкімдік институты мемлекеттік басқару жүйесінде: даму бағыттары және болашағы; Мәслихаттардың әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешудегі рөлі (нақты өңір мысалында).
– Мемлекеттік басқарудың теориясына, мемлекеттік қызметті жетілдіруге, мемлекеттік басқару саласына кадр даярлауға т.с.с. бағыттарға оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеу де жүйесіз күйде. Әркім қолына түскен оқулықтарды пайдаланады, олардың барлығы дерлік (В.Н.Уваровтың «Теория государственного управления» деген оқулығынан басқасы) Ресей ғалымдарының еңбектері. Біздегі мемлекеттік басқарудың Ресейдікімен салыстырғандағы ерекшеліктері ес­керілмей қалады. Өзімізде мемлекеттік басқару ғылымымен айналысатын ғалымдар жоқ десе де болады, өйткені, олар­ды бағыттап, ынталандырып отыратын ешбір мекеме жоқ.
Осылардың салдарынан келіп шығатын қорытынды – біздегі оқу орындарында мемлекеттік басқаруға кадр дайындауда білікті ұстаздар өте тапшы. Ал, ұстаздың тапшылығы болған жерде олардың орнын өмірге бейімделіп алған, қай салаға болса да сабақ бере кетуге құлшына кірісетін «икемділер» басады, сөйтіп таңдаған саласына қатысты мамандық ала алмайтын, дипломы бар, білімі жоқ адамдарды молайтамыз.
Бір ғана пәнді, «Мемлекеттік басқа­рудың теориясы мен тәжірибесі» пәнін алсақ, оны оқыту тыңдаушылардың мемле­кеттік басқару саласында, мемлекеттік аппаратта кәсіби қызмет атқару үшін қажетті білік пен машық алу жолында толыққанды жүйелі білім алуын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен бірге, мемлекеттік басқарудың қазіргі заманғы кадрларын даярлау үшін мәдениет пен қызметтік этиканың жоғарғы деңгейі, экономикалық ой-өріс пен қажетті құқықтық дайындық, мемлекеттік қызмет тәжірибесіне ғылыми талдау жасай білу тәжірибесін енгізу талап етіледі.
Пәнді оқытудың негізгі мақсаттарының бірі – басқару мәселесінде ғылыми-тәжіри­белік ыңғай қалыптастыру. Яғни, оқу барысында тек ғылыми тұрғыдан ғана білімге ие болмай, алған білімін өмірде пайдалануға да жетісу. Мемлекеттік басқарудың теориясы мен тәжірибесі пәні ғылыми пән ретінде нақты басқару мәселелерін шешуде тәжірибелік дағды қалыптастыру тәсілдерін де қоса қарастырады. Осы талаптар тұрғысынан білім ала алған шәкірт ертең өзі де дәріс беру дәрежесіне жетер еді.
Біздің оқу орындарында «Мемлекеттік басқарудың теориясы», «Жергілікті мемле­кеттік басқару және өзін-өзі басқару» мен «Мемлекеттік органдардағы персоналды басқару» пәндерінен басқа: «Мемлекеттік басқаруды құқықтық реттеу», «Мемлекеттік қызметті жетілдіру», «Мемлекеттік қызметті ақпараттық қамтамасыз ету», «Мемлекеттік қыз­меттер көрсетудің сапасын басқару», «Мемлекеттік қызметтің этикасы және оң имиджі», «Басқару психологиясы» сынды үлкенді-кішілі пәндер оқытылмайды, оқытылған күнде сапасыз. Осыларды ойлағанда, біз мамандануға мүмкіндік ала алмай отырған студенттердің алдында (олардың біразы жылына 600 мың теңгеге жуық ақша төлейді) ұяттымыз дегім келеді. Бұл – күрт жөндеуді талап ететін іс.
Өзім тек мемлекеттік қызмет саласында ғана 40 жыл еңбек етіп, зейнетке шыққанмын. Мемлекеттік басқару саласында теориялық білімім де, тәжірибем де жетерлік. Кезінде өзіміздің мемлекеттік қызметке қалай бейім­делгенімізді еске алсақ, бала күнімізден пионер, комсомолдың, соңыра сол кездегі Коммунистік партияның тәрбиесінен өттік. Ол кездің тәрбиесі – көнбістікке, басшыға көзсіз бағынуға негізделген болатын. На­рыққа көшкелі ақша культке айналды. Бірақ, болашақтағы культ – білім мен адал еңбек болады деп үміттенеміз. Елбасымыз да осыған бағыттап отыр.
Қоғамда байқалып жүрген, тағы бір айта кетуімізге тиіс мәселе бар: мемлекеттік басқару органдарында мемлекеттік басқару саласына маманданып, жоғары білім алған жас азаматтарды жұмысқа алғысы келмейді, қызметке алуды ұйымдастырушылар «Біз бұл мамандықтан гөрі мекемеміздің саласына қатысты мамандарды алғымыз келеді» деп ашық айтады. Сонда, мекемедегі әкімшілік жұмыстарды атқаратын ұйымдастыру, кадр, жалпы бөлімдерге де экономист не заңгер болғаны дұрыс па, жоқ, мемлекеттік басқару теориясын, мемлекеттік басқаруды модернизациялаудың өзекті тұстарын, персоналды басқарудың қыр-сырын, мемлекеттік басқару жүйесіндегі билік тармақтарының өзара әрекеттестік тетіктерін, мемлекеттік басқару жүйесіндегі мемлекеттік қызмет институтының басымдықтарын, мемлекеттік қызметтегі этикалық нормалардың сақталу ережелерін, мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру мәселелерін, меке­менің қоғаммен байланысын, мемле­кеттік қызметтер берудің сапасы туралы талаптарды білетін дайын маманның ешкімге керек бол­мағаны ма?!
Айта берсе, мәселе көп.
Істің оңалуы үшін біз ең алдымен мемлекеттік басқару саласына оқыту­шылар және оқытуға қажетті оқулықтар әзірлеуді қолға алуымыз керек. Ол үшін:
- жоғарғы оқу орындарында мемлекеттік басқару мамандығы бойынша мамандықтарға бөлінетін грант санын көбейтіп, ол маман­дықтарды шоғырландырып, Мемлекеттік басқару академиясында және Астана мен Алматыдағы екі ұлттық университетте (Еуразия ҰУ мен ҚазҰУ) және де мемле­кеттік басқару саласына қойылатын биік талаптарға сай келетіндігін дәлелдеген іргелі оқу орындарында ғана даярлаған жөн. Олардың саны 5-6 болса жетерлік. Себебі, мемлекеттік басқару саласына кадр даярлауға дайындықтары толық, сапалы білім бере алатын мұғалімдер барлық оқу орындарында бірдей жетіспейді. Онсыз білім сапасы болмайды. Мемлекеттік басқару академиясында да тек магистрлер даярлап қана қоюмен шектелмей, Ресейдің үлгісімен бакалавриат ашу керек;
– жоғарғы оқу орындарында (Мемле­кеттік басқару академиясынан басқа) мемлекеттік басқару мамандығы бойынша болашақ осы мамандыққа оқытушылар әзірлеуге септігін тигізетін ғылыми-педаго­гикалық бағытқа магистрлерді көптеп әзірлеуді қолға алуға тиіспіз, оларды да жоғарыда айтқан оқу орындарында ғана даярлау жөн;
– мемлекеттік басқару мамандығы бойынша болашақта осы мамандыққа оқы­ту­­шыларды даярлауға бағытталған Phd док­торлығын қорғайтын ғылыми кеңес тек Мемлекеттік басқару академиясында ғана бар, ондай кеңестер кадр даярлауға мамандануға ұсынылып отырған екі университетте де болуы тиіс;
– мемлекеттік басқару магистрлерін негізгі жұмысын атқара жүріп оқитын кешкі мерзімде даярлауды тоқтату керек, өйткені жұмыстан шаршап шыққан тыңдаушыларда сабақты ұғынып алу қабілеті төмендейді, олар дәрісті тыңдаушыларға емес, дәріске қатысушыларға айналып кеткен;
– мемлекеттік басқару саласына ка­др даярлаудың нақты бір жолы – біз­дің мемлекеттің ерекшеліктерін, жаңа бағыт­­тарымызды қамтитын, шетелдік тәжі­рибеге, басқару ғылымына негізделген жаңаша оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеуге мықтап кірісу. Ол үшін Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің немесе Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанынан мемлекеттік басқаруға қатысты оқулықтар мен әдістемелік және әдіснамалық кітаптар мен нұсқаулықтар әзірлейтін орталық ашып, оларда әзірленген оқулықтардың жазба және электрондық нұсқаларын барлық оқу орындарының кітапханаларына таратқан жөн болар еді.
Осы орайда, тағы бір келелі мәселе жөнінде айтпай кетуге болмас. Біздің еліміздегі қоғамдық басқару саласына кадр даярлау ісін де қолға алғанымыз жөн. Ғылымда «мемлекеттік басқару» «қоғамдық басқарудың» бір түрі деген де тұжырым бар. Бірақ, біздегі қалыптасқан қоғамдық пікір «қоғамдық басқаруға» мемлекеттен тыс тұрған салаларды жатқызады. Мысалы, кәсіподақ, қоғамдық бірлестіктер (Азаматтық альянс, «Атамекен», түрлі әлеуметтік қорғау, экология, дін салаларына қатысты Үкіметтік емес ұйымдар). Бұл салалардың кәсіподақ пен «Атамекеннен» басқалары сырт жақтан біршама уақыт қаржыландырып келгені белгілі. «Атамекен» кәсіпкерлердің қолдауында. Басқа қоғамдық бірлестіктерге елдегі қалыптасқан жағдайға байланыс­ты оларға сырттан қаржы алуға тыйым салынды. Қазір олар біршама байсалды қалыпқа көшті. Кәсіподақ мүшелік жарна мен жарым-жартылай жекеменшікке өтіп кеткен санаторийлер, демалыс үйлері мен қонақүйлерден түскен қаржымен күн көріп келеді. Ал, енді, заман өзгерді, кәсіптік одақтарға қоғамдық ұйымдардың ішіндегі ең мол халық өкілеттілігіне ие болған ұйым ретінде өзгеруге тура келеді. Кәсіптік одақтардың негізгі мақсаты бүгіндегідей ұйымды қалай да сақтап қалу үшін күресуге айналып кетпеуі, олар алдымен қоғамның қалыпты дамуына, мемлекеттілігімізге қызмет етуі тиіс.
Кәсіподақтар түрлі мамандық, кә­сіп, біліктілік адамдарының типтік кәсі­би мүд­де­лерін білдіретіні ежелден қалып­тас­қан. Көптеген дамыған мем­лекет­тердің тәжі­рибесі көрсеткендей, кәсіп­одақтар ең­бек­ші мүдделерінің өкілет­тілі­гінде маңыз­ды рөлге ие болады, еңбек қарым-қатынасы саласында олардың құқық­тарын қорғайтын тиімді құрал болып саналады. Коллективті келісімдер, ұжымдық келісімдерге отыру, Үкіметпен келісім – кәсіподақтардың өздерінің өкілеттілік қызметтерін атқаруы: жұмысшының жұмыс берушінің алдында әлеуметтік-экономикалық мүддесін, құ­қық­тарын қорғау және сақтау – кәсіптік одақтардың басты мақсаты.
Кәсіптік одақтар мемлекеттік орган­дармен диалог сипатына ие болып, жеке адамдардың мүдделерін нақты анықталған ортақ талаптарға өзгертіп, мүдделерді артикуляциялауы (мысалы, Үкіметтен әлеуметтік төлемақы көлемін жоға­рылатуды, жалақыны көтеруді, еңбек­ті қорғау мақсатында салық саясатын өзгертуді сұрауы) тиіс. Ол үшін кәсіподақтардың орталық және облыстық өкілдіктері, салалық органдарының басшы­лығы ортақ мүдделілік таныта, белсене қызмет атқаруы тиіс. Қазірше кәсіподақ органдарында ондай бірлік көрінбейді, ортақ көрпені әрқайсысы өзіне тартуы басым. Мұның себебі, кәсіподақ органдарының басшылығында сабақтастық қалыптаспаған, яғни басшылықтың жаңа кадр­лармен толықтырылуында сабақ­тастықтан гөрі монополистік басым. Салалық кәсіподақ басшыларының алды сексен жасты жағалаған болса, ең жастарының өздері алпысты алқымдағандар және ол орында ұзақ отырып, бауыр басып, өзгеруге ықылассыз болып қалғандар. Орталық және жергілікті жұмыспен қамту бағдарламалары шаруашылық қажеттіліктерін дамыту үшін әр деңгейдегі кәсіподақ басшылығы тиісті кадрлар дайындығына бейімделу керек, жұмыс күші нарығының қажетті инфрақұрылымының қалыптасуын қамтамасыз ету, кәсіпкерлердің әр аймақта жұмыссыздық проблемасын шешу үшін бірігуді ұйымдастыруы тиіс. Сондықтан, біз кәсіподақтарда митингішіл әпербақан басшылар болуын қолдай түсу емес, білім-білікті, жаңа заман ағымын түсінетін, істі жаңаша ұйымдастыруға қабілетті кадр­лар даярлау ісін қолға алуымыз керек.
Кадр даярлау ісіне еркін түрде ұйым­дасқан топтар мүддесін қорғай ала­тындар келуі және олар белгілі бір теориялық дайындықтан өтуі тиіс. Кәсіподақ басшы­сының мақсаты белгілі шешімді қолдау немесе оны болдырмау мақсатында мемле­кет­тік органдарға ықпал ету болғанымен, ұраншылдықтан ада болуы, алдымен мем­ле­кеттік мүддені қорғауы, яғни мемле­кетшілдік мінезіне ие болуы шарт. Кәсіп­одақтардың корпоративизмі латентті сипатқа ие болғаны дұрыс. Осы мақсаттарды орындау үшін елдегі жоғарғы оқу орындарында мемлекеттік басқару саласына сапалы кадр­лар даярлауда кәсіподақтарға да білікті мамандар дайындауды қолға алған жөн. Бұл салаға дайындалмақ мамандарды кәсіподақ ұйымдары өз есептерінен оқытуды да үйлес­тірсе артық болмайды.
Осы жылғы сәуір-мамыр айларында өткен «А» және «Б» корпустарының бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға үміткерлердің білім­деріне және қабілеттеріне тестілеу өткізудің нәтижесі бәрімізге белгілі, онда барлық үміткерлердің 37 пайызы лайықты жауап бере алмай, өтпей қалды. Бұл мемлекеттік органдардағы қызметтегілер мен осы қызметке тұруға талаптанушылардың білім сапасы, әсіресе, еліміздің заңнамасын білуі төмен екенін көрсетті. Егер, жаңа­дан ауыл әкімдерінің білімдері тексерістен өтер болса, онда жоғарыда өтпей қалғандардың пайызы екі еселенуі мүмкін. Сол үшін жоғарыда аталған орталықтарда бір айлық және екі апталық оқу курстарын ұйымдастыруға, оларды тек Астанада ғана емес, облыстар мен ірі қалалар мен аудандардың өздерінде де теориялық және заңнамалық тұрғыдан оқытып алуды ұйымдастыруға болар еді.
Істі осылайша ұйымдастырмасақ, «Мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексінде» айтылатын мем­лекет­тік қызметшілердің білімсіздігі, соның нәтижесінде пайда болатын іске ықылассыздық, заңды білмегендіктен мойындамау, төрешiлдiк және сөзбұйдаға салу көрiнiстерiне жол беретін мамандар легі жалғаса түсері хақ. Тек өрелі білім мен биік мәдениетке негізделген мемлекеттік қызметшілер тобын әр мемлекеттік органда қалыптастыра алғанымызда ғана кодекстің 18-тармағындағы «кәсiби дайындықтың, оның iшiнде орындалуы бағынысты қызметкерлердiң функционалдық мiндеттерiне жатқызылған мәселелер бойынша, қажеттi деңгейiне ие болуға» тиістілік талабы орындалар еді.
«Қазақстан Республикасы Прези­дентi бекіткен «Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметi жаңа моделi­нiң тұжырымдамасына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің «А» корпусының лауазымына тағайындалған мемлекеттiк қызметшiлер үшiн лауазымдық мiндеттерiн тiкелей орындауға кiрiсу алдында менеджмент, стратегиялық жоспарлау, тиiмдi басқару шешiмдерiн қабылдау саласында бiлiм алуға бағытталған қысқа мерзiмдi оқытудан өту мүмкiндiгi жоспарланып отыр. Оқытуды ұлттық басқару элитасын даярлауды қамтамасыз етуге арналған Ұлттық мемлекеттiк саясат мектебi жүзеге асыратын болып белгіленген. Бұл – өте құптарлық іс.
Осы тұжырымдамада тағы да: «А» басқарушылық корпусының қыз­мет­­шiлерi және оның кадр резервiне қосылған қызметшiлер үшiн кәсiби және жеке құзыреттерiн бағалау негiзiнде белгiлi бiр күнтiзбелiк кезеңге арналған кәсiби дамыту мен оқытудың дара жоспарлары жасалады. Дара жоспар оқытудың мазмұндық бөлiгiнде де оқу орнын таңдау да мемлекеттiк қызметшiлердiң кәсiби қажеттiктерi ескеріледі» делінген. Бұл – өте тамаша идея. Мәселен, «экономика», «менеджмент», «қаржы», «заңгерлік» секілді мамандық иелері сол мамандықтарды дұрыс оқытуға өз жобаларын ұсынып, жеңіп шыққанда оқу орындарында білімдерін шәкірттерге жеткізуге мүмкіндік туар еді.
«Қазақстан Республикасы Прези­дентi бекіткен «Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметi жаңа моде­лiнiң тұжырымдамасында: «жоғары бiлiк­тi мемлекеттiк қызметшiлердi даярлау жөнiндегi базалық бiлiм беру орталығын қалыптастыру» және «нәтижеге бағдарланған мемлекеттiк басқару жүйесiнiң технологиялары мен қағидаттарына негiзделген жаңартылған оқыту бағдарламаларын енгiзу» нақтыланған.
Тұжырымдаманың «Мемлекеттік қызметшілерді оқыту» бөлімінде:
«Мемлекеттiк қызметшiлердi даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру бағдарламаларының мазмұндық бөлiгiн сапалық тұрғыдан жаңғырту, оның iшiнде қазiргi заманғы бiлiм беру технологияларының және нәтижеге бағ­дарланған мемлекеттiк басқару жүйе­сi қағидаттарының негiзiнде оқыту бағ­дарламаларын жаңарту маңызды шара болмақ. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң басқарушылық және атқарушылық корпустарға бөлiнуi ескерiле отырып, оларды оқыту үдерістерiн құруға қойылатын саралау тәсiлдерi көзделетiн болады» деп атап көрсетілген.
Бұл тұжырымдар біздердің ұсыныста­рымызға дөп келіп тұр.
Қазақстан Республикасы Конституция­сының 30 бабында: «Мемлекет білім берудің жалпыға міндетті стандарттарын белгілейді. Кез келген оқу орнының қызметі осы стандарттарға сай келуі керек» деген талап негізінде мемлекеттік басқару саласына кадрлар даярлауды, ол үшін алдымен сол кадрларды сапалы даярлаушы ұстаздарды даярлауды жедел түрде жаңғырту қажет деп санаймыз.

478 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз