• Келелі кеңес
  • 23 Желтоқсан, 2013

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МЕДИАБІЛІМ БЕРУ: БҮГІНІ МЕН БОЛАШАҒЫ

Жания Әбдібек,
журналист

Қазіргі ақпарат қажеттілігі дәуірлеген ғасырда, оның маңызын түсіне білген елдер, сол ақпараттың бастау-бұлақтары, негізгі тетіктерін, таратуы нысандарын дамытуды мықтап қолға алып отыр. Әрине, бұл үдерісте, ең алдымен, ақпараттың тізгіншілері – журналистердің кәсіби әлеуетін арттыру қажет. Сондықтан, журналистерге сапалы білім беру, білікті маман дайындау мәселесінің күн тәртібінен түспеуі заңдылық. Осы орайда, келелі кеңесімізді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультетінде өткізіп, медиа мамандарының пікірін білген едік. Кеңеске «Қазақ газеттері» ЖШС-нің төрағасы, с.ғ.к., журналист Жұмабек Кенжалин, журналистика факультетінің ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының мең­герушісі, ф.ғ.д., профессор Назгүл Шыңғысова, Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі, с.ғ.д., профессор Гүлмира Сұлтанбаева, профессор м.а. э.ғ.к. Жетпісбай Бекболатұлы, факультет деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары, ф.ғ.к., доцент Сәкен Нұрбеков және «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлімұлы қатысып, орамды ойларын ортаға салды. Назарларыңызға сонда айтылған пікірлерді ұсынамыз.


– Егемен ел, тәуелсіз мемлекет болған жылдардан бері журналистикамыз жаңа бағытта дамып келеді. Ұлттың бар-жоғын түгендеп, мемлекеттігімізді нығайту жо­­лын­да жұмылып, сонымен қатар, жа­һандық процестерге сай жұмыс істеуде. Сон­дықтан, журналистердің білімді, жан-жақты болуын заманымыз талап етіп отыр. Алайда, қазіргі журналистика мектептері осындай талапқа сай маман дайындауға қаншалықты қауқарлы? Жетістігі мен әлі де әттеген-ай дейтұғын тұсы қайсы?
Жұмабек Кенжалин: – Ең алдымен, 80 жылға жуық тарихы бар Қазақ ұлттық уни­­верситетінде, оның ішінде журналис­ти­ка факультетінде осы мәселені қолға алып, қазір емен-жар­қын дөң­гелек үстел өт­кізуге жиналуымыз құп­тар­лық қадам. Бұл жиынды «Қа­зақ га­зеттері» және оның құрамындағы «Ақиқат» журналымен бірлесе өткізуіміздің өзіндік мәні бар. Себебі, «Ақиқат» журналы 90 жылдан аса тарихы бар басылым болғандықтан, журналист кадрларын дайындау мәселесін қалт жіберген емес.
Жалпы, журналистік білім беру мәселесі әртүрлі жиналыстарда жиі айтылып жүр.Және журналистика саласының мамандарын дайындау мәселесіне әлем тәжірибесін мысалға ала отырып келуіміз, біздің ой-өрі­сіміздің кеңейгендігін көрсетеді, тәжі­рибе алмасуымыздың жаңа белестерге кө­­терілуіне игі әсер етеді. Осы жылдың ақ­пан айында Познань қаласында өткен ха­­лықаралық конференцияға практик-жур­налист ретінде біз де қатысқан едік. Университеттер арасындағы тығыз байланыстың нәтижесінде бірнеше оқытушы қатысуға мүмкіндік алды. Мұндағы айтпағым, оқып, естігеннен гөрі, сол оқығаныңды көзбен көріп, жаңалығын айтып келген жақсы. Сол көрген-түйгенімізді журналистика ғылымын өрістетуге үлес қосатындай ортақ қазынаға айналдыра білгеніміз дұрыс. Біз барып кел­геннен кейін мен «Ана тілі» газетіне бір беттік мақала бердім, Сапарбай Парманқұлов түрлі кездесулер өткізді.
Кезінде, Кеңес дәуірінде жоғарғы пар­тия мектебінде журналистика фа­куль­теттері жұмыс істеген. Сонда кадрларды даярлап, жергілікті аймақтарға жолдамамен жіберіп отырған. Менің жиі айтып жүрген ұсынысым - мамандықты жетілдіру институтын ашу мәселесі осыдан келіп шығады. Өйткені, заман басқа, кешегі өлшем бүгінгі өлшем бола алмайды. Бүгінгі электронды ақпарат ғасырында интернет-сайттар жедел жұмыс істеуде. Дәстүрлі басылымдардан біз кетпейміз, бірақ, заман талабы - ғаламдық ақпараттық кеңістікке ілесіп, содан Қазақстандық журналистиканың өзіндік орнын айқындау үшін жаһандық ақпараттық көмейінде жұтылып кетпей, өзіміздің үнімізді білдіріп отыруымыз керек. Қазір «Қазақ газеттері» ЖШС-на қарайтын басылымдардың барлығының жеке сайты бар, Бас редакторлардың блогтары бар, әлеуметтік желі жұмыс істейді. Мәселен, күн сайын «Ана тілі» газетіне 2-3 мың оқырман кіреді, әлемнің кез-келген нүк­тесінен біздің басылымдарды оқып, пікір білдірушілер бар. Тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Сондықтан, осындай жеделдікке іле­сетін бүгіннің журналистерін дайындау теорияшы ретінде сіздердің және практик ретінде біздің парызымыз. Бұл мәселенің қозғалуы өте өзекті. Қазір «Ақиқат» журналы кең таралып, оқылатын журналға айналып келеді. Үндесуші оқырмандар қатары күннен-күнге көбеюде. Соған өзде­ріңіз де атсалысыңыздар. Зертханалық сабақтарда журналдың материалдарын талдауға болады. Мәселен, өткен сандарының бірінде БАҚ-тағы негізгі мә­­се­­­лелер төңірегінде Таңатарұлының мақаласы жарияланды. Мақаланы түгелдей оқып шықтым. Оның ішінде ой салатын, салыстырмалы пікірлер бар. Сондай материалдарды лабораториялық сабақтарда студенттерге талдатсаңыздар, пайдалы болар еді. Олардың пікірлерін бізге жіберіп отырсаңыздар құба-құп. Оқу мен тәжірибе үндестігі дегеніміз осы.
Журналистика ғылым емес деген пікір­мен келіспеймін. Профессор Т.Аман­досов журналистиканың бүкіл жанрларын зерттеп, талдап берді. Ал, осы мәселені ары қарай жалғастыру бүгінгі күннің еншісінде. Сондықтан, талдамалы материалдар жазатын ғалымдар керек. Ат­тестациялық комиссияға ма, әлде Білім және ғылым министрлігіне жіберіп, журналистиканың өз алдына ғылым еке­нін, зерттеу объектілері, проблемалары бар екендігін айту қажет. Бүгінгі кеңесте айтылған мәселелер қағазға басылып, жарық көргеннен кейін, тиісті жерлерге жеткізілуі керек.
Қазіргі журналистикадағы үлкен мә­селе, аудандық газеттерде мамандар тап­шы. Бұрыннан айтылып келе жатыр, қазір тағы да ай­тылуда, журналистика факультетінің жанынан біліктілікті жетілдіру институты сияқты мекеме ашып, мерзімді дайындау курстарын өткізу керек. Бұ­ған қазынадан қаржы бөлінсе. Басқа ма­ман­дықтардың білім жетілдіру инс­ти­туттары болғанда, журналистерге арнап неге ашпасқа? Жергілікті ба­сы­лымдарға әдебиетші, тіл маманы не­месе тіпті, журналистикаға қатысы жоқ мамандар жазып жүр. Сондықтан да, заманауи журналистика жаңалықтарды олардың бойына сіңіретіндей дәрістер оқы­лып, біліктілігін арттырғаны туралы куәлік берілсе. Бұрыннан айтып жүрмін, журналистердің санатын, яғни, категориясын белгілеу керек. Бізде әлі күнге дейін ол жоқ. Бас редактор, орынбасары, жауапты хатшы, тілші, т.б. деп қызметі кете береді. Бірақ, бұл санат емес. Егер, категориямен жұмыс істейтін болса, қарапайым журналисті де редактордың деңгейіндегі қыз­меттерді атқара алатындай дәрежеге жеткізуге болады. Осы секілді мәселелерді бірлесе қолға алсақ. «Қазақ газеттері» ЖШС құрылғалы университетпен қоян-қолтық байланысып келеді. Осы жұмысымыз жемісін береді деп есептеймін. Сондықтан, осындай күрделі, жоталы мәселелерге бір­лесіп, атсалысайық. Сіздер білім беру, теорияны үйрету, біз тәжірибе жөнінде демеп отырсақ, «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей ортақ мәселені бірлесе шешкеніміз дұрыс. Оқытушыларға айтарым, студенттерді редакцияға жіберіп, талаптандырып отырғандарыңыз дұрыс. Біздің есігіміз әрқашан ашық!
Назгүл Шың­ғы­сова: – Батыс елде­рін­де Медиабілімді бір жүйеге келтіру ісі өткен ғасырдың 70-80 жылдары қол­ға алынған екен. Ал, біз бұл мәселеге ен­ді ке­ліп, болашақ журналистерге са­па­­лы білім берудің түрлі методоло­гия­сын іздестірудеміз. Осы тұста, журна­лис­тиканың ғылым саласы ретінде қа­был­данбауы, түлектердің тек телеви­зия саласына ұмтылуы, аймақтарға бармауы, ондағы БАҚ өкілдерінің кәсіби бі­лік­­тілігінің төмендігі секілді проблемалар жиі ұшырасады. Қазіргі кездегі біздің мақсатымыз – білім мен ғылымды ықпалдастыра отырып, теория мен практиканы ұштастырып, бәсекеге қабілетті жур­налистерді даярлау. Бүгінгі өткізіп отырған келелі кеңесіміздің медиабілім берудің негізгі проблемаларына арналуымен өзекті.
Біз студенттерге жоғары білім беруге тырысамыз, алайда, «Студенттің бойында талап, ойында ынтасы бар ма» – де­ген секілді проблема тағы туындайды. Сапалы білім беру үшін жастарға мотивация керек. Медиабілім беру аса маңызды. Себебі, маман даярлауда кемшіліктер болса, ол журналистердің кәсіби тұрғыдан тұралауына әкеліп соғады. Бүгінгі келелі кеңестің негізгі мақсаты қазіргі медиабілім бе­ру саласына қатысты ортақ тұжырымдар шығарып, құзырлы органдарға жеткізсек деген ой болып еді.
– Жұмабек аға, өте дұрыс айттыңыз, аудандық газеттерде көбінесе тарихшылар, әдебиетшілер, мектеп мұғалімдері жұмыс істегендіктен, газеттердің тілі мен стилі мүлде сын көтермейді. Университет қабырғасындағы сапалы білімнің қаншалықты маңызды екендігін ескерсек, жергілікті баспасөздің кемшіліктеріне таңдануға болмайды. Өзге сала маманда­рының журналистиканың қыры мен сы­рына бойлай алмасы анық. Бүгінгі өңір­­­­­лік газет менеджерлері экономиканы, шы­ғармашылық және техникалық үдеріс­тер­ді тиімді басқарудың тетіктерін меңгеруі тиіс. Өңірлік газеттерде медиа­нарықты, аудиторияны, қоғамдық пікірді зерттейтін маркетинг, қоғаммен байланыс бөлімдері де, мамандары да жоқ. Аудиторияның пікірін тек хат арқылы, ара-тұра ұйымдастырылатын кездесулер арқылы зерттеу жеткіліксіз.
Аудиторияның сұранысын сезіну, жас ерекшеліктерін ескеріп, тақырыпты дұрыс таңдау, қол жетімді болу, пайдалы ақпаратты түсінікті етіп беру, яғни, журналистің өзіндік маркетингі де кәсіби деңгейдің ар­туына елеулі ықпал етеді. Әр газеттің өзінің дәстүрі, әр редактордың ұжымды басқару стилі болады. Ол оның кәсіби және өмірлік тәжірибесіне, ұжым мүшелерінің жеке мінез-құлық ерекшеліктерін, өмір сүру салтын, жағдайын, әлеуметтік мүдделерін білу деңгейіне байланысты. Дегенмен, Бас редактор, газет және оның резервтері туралы терең ойлап, әлеуметтік мәселелерді ше­шуге, инновациялық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, газеттің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, сапалық жарияланымдарды көбейтуге ынталы болған жағдайда ғана басылым тоқырауға түспей, қарқынды дамиды, бәсекеге қабілетті болады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Ұлттық идея дегеніміз – әдебиет, мәдениет, білім, экономика, индустрия сынды барлық салаларда бәсекеге қабілетті болу» – деген еді. Өңірлік газеттер коммуникациялық инфрақұрылымды дамыта отырып, бәсекеге қабілеттілік танытуы тиіс. Газет жетекшілері басқарудың жаңа нарықтық әдіс-тәсілдерін меңгеріп, кәсіби менеджментті жолға қоюы, журналиске шабыт бітіріп, қанаттандыратын мотивацияны жүзеге асыруы керек. Менед­жменттегі ең басты құндылық – адам ре­сурсы болып табылады. Басшылық та­­ра­­­­пынан ынталандырудың журналист шығар­машылығына игі әсері зор. Көңіл-күйі, әлеу­меттік жағдайы орнықты, әріптестерімен жылы қарым-қатынаста болған журналистің қызметі де өнімді болады, ол жалпы редакция қызметінің тиімділігіне әкеледі.
Қазіргі таңда жоғары оқу орнын бі­тірген журналист мамандарының өңірлік басылымдарға (әсіресе аудандық) бармауы – өзекті мәселе болып отыр. Мұндай мысалдар журналистика факультеті жанынан біліктілікті жетілдіру институтын ашу керек деген идеяның керек екендігін көрсетсе керек. Былтыр қолға алынғанымен, мәселенің аяғы қаржыға келіп тірелді. Өңірлік мерзімді баспасөздің аталған кемшіліктерін жойып, болдырмас үшін өңірлік БАҚ-қа кадр даярлау мәселесін жолға қоюымыз керек. Журналистика факультетінде университет бітірген түлектерді өңірлерге жолдамамен жіберу дәстүрі болған. Осы үрдісті қайта жандандырып, университет қабырғасында төрт жыл сапалы білім алған түлектерді аудандық, облыстық газеттерге жіберу қажет. Олар аудандық басылымдардың ыстығы мен суығына көніп, шыңдалып келуі керек деп ойлаймын. Сонда жоғарыда аталған кемшіліктерді жоюға мүмкіндік болады. Жаңалыққа бейім, тың идеялы жастар өңірлік журналистиканы жаңа белеске көтерер еді. Сонымен қатар, өңірлік журналистерге ар­налған семинарларды жиі ұйымдастырып, жаңа медиа технологиялары туралы ақыл-кеңестер беру қажет. Оқу бағдарламасын жа­сау барысында практик журналистерді тарту керек. Сіздердің біздің тарапқа қояр қандай талаптарыңыз, тілектеріңіз болады, соған орай маман дайындап беруіміз керек. Қазіргі кезде алғашқы қадамдар жасалып жатыр деп ойлаймын. Жұмабек аға ма­гистранттарға дәріс оқып жүр. Биылғы оқу жылында Аманхан аға мемлекеттік ат­тес­тациялық комиссияға төраға ретінде қатысады. Болашақта осы бағытты дамыта беруіміз керек. Себебі, біз сіздердің көмек­теріңізсіз тек жалаң теориямен кәсіби маман дайындап шыға алмаймыз. Осындай жиындарды жиі ұйымдастыруымыз керек.
Гүлмира Сұл­тан­баева: – Бүгінгі мә­селе сұранып тұрған өзекті тақырыптардың бірі. Себебі, қазіргі жур­­на­­листика сала­сын­да проблема өте көп. Бі­­ріншіден, сапалы журналистік білім беру, білім мен тәжірибенің бай­ланысы, екіншіден, қоғаммен байланыс саласында мамандар даярлау мәселесі, үшін­шіден, әлемдік дең­гейдегі академиялық қауымдастықтағы ре­фор­маларға сай маман қалыптастыру. Яғни, білім беру саласында Болон үдерісін қа­былдағанымызбен, ол ары қарай қалай жү­зеге асады, ұлттық моделі қандай болуы керек, журналистика секілді шы­ғармашылық салаға осы жүйенің ық­пал-әсері қандай дегендей проблемалар бар. Ал, енді осыларды тарқатып айтар бол­сақ, қоғаммен байланыс саласы, яғни, PR-дың (пиар) қазақ тіліндегі аясын ке­ңейтуіміз керек. Біздің факультетте бұ­рын қоғаммен байланыс мамандығы ашы­лып, қайта жабылды. Неліктен? Се­­бебі, кәсіби мамандардың көңілі толмады. Кейін араға 5-6 жыл салып, қайта ашылып, бүгінге дейін мамандар дайындап келеді. Кафедраға PR индустриясы тарапынан, PR нарығы тарапынан үлкен міндет жүктеліп отыр. Өйткені, біздің даярлаған мамандарымыздың нарыққа икемденіп, өз орнын тауып кететін, өндіріске барғанда кез-келген PR технологияны білетін, PR құралдарымен жұмыс істей алатын қоғамды еліте алатындай маман болуы қажет.
Кафедраның түлектері қазақ тілді PR-ды дамытарына сеніміміз мол. Біздегі PR саласы орыс тілінде жақсы өркендеуде. Біздің мемлекеттік тілдегі пиар әлі де өз деңгейіне биіктей алмай отыр. Өйткені, орыстілді коммерциялық секторға қаржы жеткілікті бөлінеді де, қазақтілді жар­намаға дұрыс бөлінбейді. Бұған жауап ретінде қазақтілді аудиторияның аз екен­дігін алға тартады. Алайда, бәрі ке­рісінше. Қазақ аудиториясы көп, ал, ақ­­парат тең дәрежеде жеткізілмейді не­месе жеткізу формасы дұрыс емес. Қа­зақша PR-ды дамыту үшін мамандарды қазақтың ауыл балаларынан жинауымыз керек. Осы мақсатта, алдағы ақпан-наурыз айларында үлкен шаралар, атап айтқанда, республикалық мектептерде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу секілді жоспарымыз бар. Яғни, PR немесе журналистика деп бөлінбей, ауызбіршілікпен жұмылып, негізді стратегия құрып алуымыз керек. Үшіншіден, қазіргі кезде баспасөз, радио және телевизияны бір арнаға тоғыстыратын конвергентті (жақындау, жақындасу, үй­лесу, үндесу) журналистика, жаңа медиа дүниеге келді. Осы саланы дамытуда да әлем көшінен құр қалмай, жаңаша жол іздеп, жаңа технологияларды меңгеруіміз қажет. Ақпаратты дер кезінде тарата алатын мобильді журналистерді дайындау қазіргі оқу процесінің басты ба­ғыты болып отыр. Сондықтан, студенттер та­рапынан тек оқу, ынта, қа­бі­лет, да­рын, ізденіс секілді қасиеттер болса, оқы­тушылар мен басшылық тарапынан жүйелі ұйымдас­тыру болу керек деп есеп­­теймін. Оқу про­цесінде техникалық жаб­дықтар же­тіс­­пейді деген тек сылтау болмауы керек. Себебі, қазіргі кезде әрбір студенттің қолында ноутбук, планшетті компьютер, көп функциялы ұялы телефон бар. Сонымен қатар, бізде барлық клас­терлер компьютермен қамтылған. Бізде: «Демократиялы факультетпіз, сын-пікір айта аламыз» деген бір үрдіс бар. Бұл қате. Студент өзі ізденіп оқуы тиіс. Төрт жыл оқу барысында лектор тек бағыт береді, ары қарай іліп алып, оны зерттейтін, ізденетін студенттің өзі. Сондықтан, бір жақты кері пікір қалыптастыруға болмайды.
Бүгінгі келелі кеңесіміз біздің игі баста­ма­ларымыздың бірі. Теоретиктер мен прак­тик­терді бір ортаға жинап, журналистік білім беру мәселелерін талқылауымыз өте орынды. Келер жылы үлкен форум ретінде өткізсек деген ұсыныс та бар. Себебі, елі­міз­­дің әр түкпірінде білікті мамандар өте көп. Журналистиканы еліміздің 14 ЖОО оқытады. Әр аймақтың өкілдері нақты презентациялар, жобалар, әдістемелік құралдар ұсынып, журналистика саласының дамуына өз үлестерін қоса алады. Олардың ой-пікір­лерін, тәжірибелерімен бөлісу арқылы журна­листикаға ортақ тұжырымдарға келе­­міз. Даму, өркендеу, сапалы білім беру сон­дай шаралар арқылы келеді деп ойлаймын. Жылда Астана қаласында өтетін дәстүрлі медиафорумға шетелдің білікті мамандары келеді, алайда, олармен байланысу мүмкіндігі біздің студенттерде жоқ. Сондықтан, өз арамызда сондай деңгейдегі форум ұйымдастырсақ деген ұсыныс бар.
Жетпісбай Бек­бо­лат­ұлы: – Әлемдік тә­жірибе туралы айта келіп, қазір Жұмабек Омарұлы Польшада өткен халық­аралық ғылыми кон­фе­ренцияға тоқталды ғой. Осы конференция туралы таратып айтып өтейін. Германиямен шекарадағы Слубица қаласында, поляк-неміс біріккен уни­вер­ситетінде өткен бұл ғылыми шараны ұйымдастырған Адам Мицкевич атындағы Познань университетінің саяси ғылымдар және журналистика факультеті болатын. Мен осы оқу орнында халықаралық «Болашақ» бағдарламасының жолдамасымен биыл бір жылдық ғылыми тағылымдама-стажировкада болдым. Тағылымдама барысында осы университет пен факультет жөнінде «Познань университеті» деген оқулық мақсаттағы шағын фильм түсірілді. Оны бүгін өздеріңіз тамашаладыңыздар. Фильм жасау идеясы факультет деканы, профессор Тадеуш Валлас тарапынан қолдау тапқанын, оны факультет телестудиясының білікті мамандары видеоға түсіріп, монтаждағанын айта кеткім келеді.
Енді, осы университет туралы аз кем мәлімет бере кетейін. Познань университеті солтүстік-батыс Польшадағы ежелгі де ең ірі мемлекеттік оқу орны болып та­былады. Оның тарихы бұдан 500 жыл бұ­рын епископ Ян Любранский негізін салған Любран академиясының мирасымен ұштасып жатыр. Ал, қазіргі заманғы үлгіге сәйкес университет 1919 жылы қай­та құрылған. Университеттің 15 факультетінде бүгінде 47 мыңнан астам студент білім алуда. Бұл университеттің өзге шетел университеттерінен бір ерек­шелігі – мұнда қазақ тілі жоғары бі­лім мамандығы ретінде оқытылады, ал, білім алып жатқан студенттер қа­зақ­ша еркін сөйлеп, пікірлесе алады, бұған фильмнен көз жеткіздіңіздер деп ойлаймын. Осы орайда поляк жастарының білімге деген құштарлығы туралы айтпай кетуге болмас. Ресми деректерге сәйкес олардың 85 пайызынан астамы бір немесе екі шет тілін, соның ішінде ағылшын тілін жетік біледі. Жалпы, шетел тілдерін оқыту Адам Мицкевич университетінде жақсы жолға қойылған. Оқу орнында ағылшын тілін жастармен қатар егде тартқан кісілер де ықыласпен оқып-үйренетініне өзім де сондай курстарға барып жүріп көз жеткіздім. Енді, университеттің саяси ғылымдар және журналистика факультетіне тоқталсақ. Тағылымдама барысында Польшаның Варшава, Краков, Торунь университеттерінде, Слубица қаласындағы біріккен поляк-неміс университетінде, Чехияның Карлов университетінде болдым. Бұл оқу орындарының бәрінде журналистика пән әрі мамандық ретінде оқытылады. Алайда, нақ журналистика жөнінде толымды ғылыми зерттеулер жүргізіліп, әдістемелік жұмыстар жасалып жатқаны – Варшава университеті. Мұнда журналистика факультетімен қатар журналистика институты, журналистика және коммуникация бойынша 8 кафедра бар. Познань университетінің саяси ғылымдар және журналистика факультетіне келсек, мұнда, оның атынан көрініп тұрғандай, саясаттануға баса көңіл бөлінеді.
Оқу ордасында 90-нан астам оқытушы, соның ішінде 31 доктор мен профессор жұ­мыс істейді. Сондай-ақ, өзге факультет­терден, Познаньның өзге жоғары оқу орындарынан ғалымдар мен кәсіптік орта өкілдері сабақ беруге шақырылады. Практиктер арасында белгілі журналистер, жар­на­ма агенттіктерінің мамандары мен бас­пасөз хатшылары жетерлік. Жур­налистика, ақпарат және қоғамдық бай­ланыстар саласындағы коммуникация мамандығында өндірістік сабақтар көп. Сабақ кестесі теңдей етіп үш бөлікке бө­лінген: оның алғашқысында студенттер түскі 12-лерге дейін аудиторияда кафедра оқытушыларынан теориялық білім алады, 12-ден 3-ке дейін студиялық сабақ, мұны практиктер жүргізеді, ал, 3-тен кейін сту­денттер қаладағы газет, радио, интернет, баспа редакцияларына тарап кетеді. Сөйтіп, студенттер интернет-радио мен теледидар хабарларын жүргізіп, қоғамдық теледидар үшін апта сайын 15 минуттық бағдарлама әзірлейді. Мұны олар ақылы түрде істейді. Оқуды тәмамдау үшін ре­дак­циялардағы 6 апталық практикадан кейін міндетті түрде сынақша тапсыру керек болады. Факультетте студенттер күшімен «Университет Курьері» «Флеш» телебағдарламалары, «Метеорит» радиобағдарламасы әзірленеді, «Өте уни­верситеттік газет» және «Фенестар» атты 2 студенттік газет басылады.
Факультет жыл сайын дәстүрлі ғылыми жиындар өткізеді. Жұмабек Кенжалин, Сапарбай Парманқұлов сияқты еліміздің белгілі журналистері қатысқан, Кәкен Қамзин, Гүлмира Сұлтанбаева, докторант Марс Жаңабаев сияқты факультет ұстаздары, сондай-ақ, бізде білім алып жат­қан 10 магистрант баяндамалар жасаған Слубица қаласындағы халықаралық конференция осындай жиын. Бұл алқалы ғылыми жиын 14 жылдан бері өткізіліп ке­леді. Конференцияның жұмыс тілі полякша болғанымен, талқылаулар ағылшын тіліне ілеспе аударма арқылы жүргізілді, орыс тілінде секциялар жұмыс істейді. Осы орайда конференция журналистикаға емес, саясаттануға арналғанын айта кетуіміз керек.
Ал, өткен қыркүйек айында бол­ған «Посткеңестік кеңістіктегі ақ­па­рат­тық процестер: қоғамды демокра­тия­ландырудағы БАҚ рөлі» атты кон­фе­ренцияға факультетімізден Назгүл Шың­ғысова, Айгүл Ниязғұлова, Марлан Негізбаева сияқты ұстаздар қатысып, баяндамалар жасады. Осы тақырыпта университетімізде соңғы жылдар беделінде өтіп келе жатқан конференцияға «Қазақ газеттері» серіктестігі мен Жұмабек Омарұлының тікелей өзі қолдау көрсетіп келе жатқанын естеріңізге сала кеткім келеді. Осы конференцияда Познань университетінің базасында журналистика бойынша поляк-қазақ, украин ғылыми журналын шығару, журналистика бойынша дәстүрлі ғылыми конференция өткізіп тұру ұйғарылды. Бұл біздің халықаралық байланыстарымыз өрісін кеңейтуге, ғылыми зерттеулерімізді еуропалық деңгейге көтеруге жәрдемдеседі, деп ойлаймын.
Аманхан Әлім­ұлы: – Маған Гүлмира Се­рік­­­­байқызының «Жур­налистикада ұлт­­тық модель» жа­­сау керек деген идеясы ұнады. Жур­на­­­листиканың ұлт­­­тық моделі бізде бар ма өзі? Ол үшін не керек? Сөз жоқ, білім керек. Қа­зіргі орыс журналистикасы бізге батыс жур­налистикасының моделін әкеліп жатыр. Онда оқып келген студенттеріміз де Еуропа журна­листикасының моделін ұсынады. Алайда, ұлттық модель идеясын дамыту арқылы журналистика дұрыс бағытта дамиды. Қашанғы біреудің ши­не­лінен шыға береміз. Біреулер біздің шине­лімізден шықсын.
Назгүл Тұрсынбайқызының «аудандық басылымдардың тілі мен стилі сын кө­тер­мейді» деген пікірі ұнады. Бұл тек бас­пасөзге ғана емес, телеарналарға да ті­ке­лей қатысты. «Калька!» Орысша ой­ланып, қазақша сөйлейді. Дикторлардың өзі дайын мәтінді дұрыстап оқи алмайды. Бастауыш пен баяндауыштың орнын ауыстырып сөйлеу, тіл мәдениеті, яғни, сөйлеу мәдениеті қалыптаспаған. Шын мәнінде, білім тіл мәдениетін қа­­лыптастырудан басталады. Яғни, ауди­тория мен журна­лист арасындағы қарым-қатынас мәсе­лесі. Сондай-ақ, мені алаңдататын тағы бір мәселе, ол жур­­­налистеріміздің заңдық-құқықтық сауатының төмендігі. Олар қай мәселені көтеріп жазбасын оның құқықтық-заңдық жақтарын елеп-ескере бермейді. Ал, бұл мәселеде адам тағдыры – жауапкершіліксіз жазуды көтермейді.
Қазіргі кезеңде бізге уақыттан қалуға болмайды.
Сәкен Нұрбеков:– Қазіргі факультеттегі оқу процесінде өз­герістер өте көп. Шетелдермен байланыс жақсарып, тәжірибе алмасу жақсы жол­ға қойы­луда. Ал, кем­шілік де­генде қа­ғаз­бастылық өте көп, бір жүйеден екінші жүйеге ауыс­тыр­ғанда, про­­грамма, типтік бағ­дарлама, т.б. құжат­тарды жаңа жүйеге келтіру кейде мазаны кетіреді. Бұрын лектор тек дәрісін оқып кетсе, қазір ол өзінің оқыту бағдарламасын жасайды, зерттейтін саласының пробле­масын айта алатындай деңгейде болуы керек. Оның ішінде методикалық жаңа­лықтар болуы шарт. Ол күнделікті өзгеруде. Ал, оны бір жүйеге түсіріп, ортақ тәсіл бар, методика, оқудың жаңа үрдісіне сәйкес болу талабын орындауы керек. Сондықтан, оқу үдерісінде жаңалықтар, өзгерістер көп.
Оқу үдерісінің 30 пайызы практикалық бағытта болуы керек. Қазір осы бағытта жұ­мыс жасап жатырмыз. Кейбір зертханалық сабақтар редакцияларда өткізіледі. Журналистика синкретикалық (тұтастыру, біріктіру, қосу), сала болғандықтан, бас­қа ғылымдардың барлығын қамтиды. Сон­дықтан, студенттердің арнаулы зерттеу, жазу бағытын қалыптастыруымыз керек. Мәдениет пен өнерді, экономиканы, заң саласының жан-жақты біліп, қыр-сырын тү­сінетін, сол салада жазатын журналистер нағыз маман болмақ. Өйткені, оның өз тақырыбы, көзқарасы, позициясы бар деген сөз. Бүгінгі таңда студент үшін ең бағалы құндылық оның өз көзқарасын қалыптастыру, ғылыми тұжырымдама жасай білуі, баға беруге үйренуі. Міне, осындай мамандар бізде тапшы.
– Шетелдік медиабілімнің тәжірибесіне сүйенсек, журналистика ғылым ретінде коммуникативистика немесе коммуникология, коммуникатика секілді терминдер деп айналымға енгізілді. Осы ғы­лымның біздің елде даму перспективасы қандай? Қазақ коммуникологиясының критерийлері қандай болуы керек?
Гүлмира Сұлтанбаева: – Журналис­тиканы қоғаммен байланысты ғылым деп тану қажет. Бірақ, біз басқа елдердің тә­жірибесіне жүгінсек, Польша, Гонконг университеттерінде журналистиканы ғылым ретінде коммуникация бөлімінде немесе коммуникативистика саласы ре­тін­де оқытады. Мүмкін, бізге де осындай практиканы әкелу керек шығар. Бұқаралық коммуникация, қоғаммен байланыс деген атаумен де ғылыми айналымға енгізу керек. Ғалымдар бірлесе отырып, монография жа­зып, көпшілікке ұсынса. «Журналистика ғылым емес, ол мамандық, кәсіп, сала, ин­­­дустрия» деген жалаң пікірлер болмауы ке­рек. Бірақ, оны ғылым ретінде дамыту үшін визуальды коммуникацияға, бұқаралық коммуникацияға көп көңіл бөліңіздер деген ұсыныстар болды. Осы талапқа сәйкес жұ­мыс жасауға тырысып жатырмыз. Біздің факультеттің PhD-докторантураға қабылданған шәкірттердің сапалы қорғаулары болмай жатыр. Бірақ, биыл біз алғашқы рет докторантымызға қазақ тілінде PR саласы бойынша диссертация қорғатып, ғылымға енеді деген жоспарымыз бар. Сондықтан, әлі де көп ізденуіміз керек.
Сәкен Нұрбеков: – Журналистика шетелдерде қалай аталса да, оның жүйелік ерекшеліктері бәрібір сақталуы керек. Журна­листиканың өзі жүйелі тұрғыда бөлгенде функционалдық және құрылымдық сараптама (анализ) болып бөлінеді. Функционалдық дегенде журналистиканың қызметі, қоғам­да­ғы рөлі қандай, «төртінші билік» пе, оның коммуникативтік элементтері бар ма, бұл жүйенің ішінде қандай өзгерістер болып жатыр? Осы секілді мәселелерді топ­тастырады. Ал, енді оны оқыту барысында біз ұлттық ерекшеліктерге сай қа­рауымыз керек. Оның тәрбиелік, ком­муникативтік, рекреативтік, идеялық қызметтерін бәрін біріктіретін идентификация, яғни бірегейлікке ұмтылуымыз керек. Сондықтан, оның функционалдық рөліне көп назар аударып,соған сай жан-жақты маман дайындауымыз қа­жет. Ал, структуралық дегенде, ГОЛ (госу­дарство-общество-личность) деген аббревиатураны айтқым келеді, яғни, қа­зақша МҚТ (мемлекет-қоғам-тұлға). Бұл үштаған журналистиканың негізгі объек­тілері, мүддесін көздейтін жүйелі инсти­туты. Осы үш негізді теңдей ұс­тап тұру – бүгінгі журналистиканың мін­деті. Үшеуі­нің мүддесі, көзқарастары тең дәрежеде, жүйелі түрде ескерілуі керек. Бізде мемлекеттің мүддесін қор­ғайтын БАҚ-тар мен қоғам немесе жеке адамға арналған БАҚ немесе олардың өнімдерінің үлес-салмағы әртүрлі. Бірақ, таразының басы әрқашан тең болуы керек. Тұлға дегенде танымал адам ғана емес, қара­­пайым қоғам мүшелерінің, еңбек адамдарының өмірі насихатталуы тиіс. Міне, сонда қоғамдық, адами бірегейлікті, иден­тификацияны қалыптастыра аламыз. Бұл журналистиканың заңдылығы. Журналистика теориялары бойынша тоталитарлық, авторитарлық, демократиялық бағыттар бар. Егер, осы жүйені (ГОЛ) тең ұстамасақ, сол бұрынғы кеңестік жүйеге қайтадан барамыз. Яғни, мемлекеттік мүдде басым болса, онда тоталитарлық журналистика қалыптасады. Ал, ол үшін басқа екі фак­тор­ды (Қоғам, тұлға) да белсенді болу керек. Және осы журналистиканың осындай ерекше жүйесін оқу барысында студенттер білуге тиісті.
Назгүл Шыңғысова: – Бай тәжірибелік және теориялық мұрасы бар журналис­тика жеке ғылым ретінде дамуы тиіс. Ара-тұра «Журналистика ғылым емес, жур­­на­листік кәсіпке 3-4 айда үйретуге бо­лады» – деген пікірлер кездесіп қалады. Осындай пікірлерге тосқауыл қоюымыз керек. Ең бастысы – тарихы, теориясы қа­лыптасқан журналистиканы ғылым ретінде мойындату. Ол үшін осы сала бойынша мамандардың ғылыми әлеуетін көтеруге тиіспіз. Республика бойынша журналистика саласында қорғаған PhD мамандар саусақпен санарлықтай. 10-01-10 – журналистика шифры бойынша докторлық қорғаған ғалымдар тіптен аз. Сондықтан, журналистика саласы бойынша ғылыми зерттеулерді көбейту қажет. Ол үшін әрине докторантураға бөлінетін гранттардың санын арттыру керек.
Қазақ коммуникологиясының бір ұшы PR-дағы білім беруге келіп тіреледі. Жалпы, PR пәнаралық сала болғандықтан, оның экономика, социология, психология т.б. пәндермен байланысты болуы заңды. PR мамандарын журналистика факультетінің қабырғасында дайындау өте орынды. Себебі, қоғаммен байланыс маманының жұмысының басым бөлігі БАҚ-пен тиімді байланыс орнату (медиа рилейшнз), БАҚ арқылы имидж қалыптастыру. Сондықтан, PR маманы баспасөз материалдарын жаза білуі тиіс. Медиа рилейшнз қазіргі таңда қазақстандық көптеген компанияларда жүзеге асырылатын маңызды іс-шара болып табылады. Бұл саладағы PR-науқанның тиімділігі БАҚ-тағы компания туралы жағымды материалдардың өсуімен бағаланады.
Қазақстанда PR мамандығын арнайы оқыту 2000 жылдардың басында жүзеге асырыла бастады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде 2001 жылы БАҚ менеджменті және жарнама кафедрасы ашылды. 2006 жылға дейін нарыққа 500-дей қоғаммен байланыс мамандары даярланды. Кәсіби мамандардың көңілі толмағандықтан «Қоғаммен байланыс» мамандығы жабылды деген қате пікір. Осы мамандықтың мемлекеттік стандартын дайындаған жекеменшік жоғары оқу орны жабылып қалғандықтан, мамандық министрліктің классификаторынан түсіп қалды. 2010 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 5В051400 «Қоғаммен байланыс» мамандығын қайта жандандырып, талапкерлер қабылдай бастады. Бұл жылы мамандық лицензиясы тек әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетіне ғана тиесілі болды. Биыл алғашқы түлектерімізді өмірге жолдама беріп, нарыққа араластырғалы отырмыз. Әрине, қазіргі Қазақстан PR-нарығында аталмыш сала бойынша арнаулы білім жоқ мамандар да қызмет атқарады, алайда олардың бойындағы табиғи талантты жоққа шығаруға болмайды. Олар отандық нарыққа PR-қызметі енгеннен бері жылдар бойы тәжірибе жинақтаған. Дегенмен, бұл салада кәсіби білікті мамандардың аздығын айту қажет.
Қазақ коммуникологиясының басты критерийі – білім беру үдерісінде ғылым мен білімді тиімді ықпалдастырып, жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнату, бірлесе жұмыс істеп, үздік нәтижелерге жету. Оқытушыларды ғылыми тағылымдамалардан өткізіп, кәсіби білігін көтеру, оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін жетік меңгеру. Былтыр Нидерландыдағы Маастрих қаласында құрылғанына 17 жыл ғана болған жас университеттің ғылыми же­тіс­тіктерін көріп таңғалғаным бар. Нағыз бизнес-инкубатор деп осыны айт. Университеттің өзінен өсіп-өніп шыққан компаниялар дәрі-дәрмек жасаумен шұғыл­данады. Университеттің өзінің емханасы бар, зертханалары, техникалық базасы мықты. Дәріс алып шыққан студент бірден емханаға кіріп, алған теориялық білімін тәжірибемен ұштастырады. Зертханада студенттер ғылыми зерттеулермен айналысады. Журналистика факультеттері мен БАҚ редакциялары арасында да осындай тығыз байланыстар болуы шарт.
Жетпісбай Бекболатұлы: – «Коммуникация», «Бұқаралық коммуникация», «Коммуникациялық зерттеулер», «Ко­мму­никациялық менеджмент» маман­дықтары бойынша Америка Құрама Штатта­рында өткен ғасырдың 30 жылдарынан бастап бакалавриат, магистратура, докторантура дәрежелері беріліп, «Communication Research», «Communication Abstracts», «Journal Communication Inquiry» сияқты ғылыми басылымдар шығады. Еуропа елдері университеттерінің барлығы да коммуникология бойынша білім береді, Ресейде де мәдениетаралық коммуникация бойынша кафедралары бар. Ал, Қазақстан жағдайына келетін болсақ, коммуникологияның жекелеген қырларын қамтитын, мәселен мәдениетаралық коммуникация бойынша диссертациялық зерттеулер жүргізіліп жатыр, оқулықтар да жарық көруде. Ал, журналистиканы коммуникация теориясы тұрғысынан қарастыру уақыттың еншісінде деп ойлаймын. Бұл, меніңше, бір жағынан психологиялық проблема да болса керек. Бұған посткеңестік елдер тәжірибесі арқылы көз жеткізуге болады. Батыс елде­рінде журналистика факультеттері жоқ, бірақ, олар Шығыс Еуропада сақталған. Де­генмен, бұл елдерде де мамандық өтпелі кезеңде тұр деп санауға болады. Мәселен, Поль­­шаның Адам Мицкевич атындағы уни­верситетінде журналистика бойынша кафедра «Журналистика және коммуникация» деп аталады, «журналистика және қоғамдық қатынастар» мамандығы бойынша студенттер «журналистика», «қазіргі заманғы БАҚ», «жарнама және промоция», «Бизнестегі ақпаратты басқару» кәсіптерін таңдай алады. Польша журналистика саласындағы ғылыми зерттеулерді коммуникация арнасына батыл бұруда. Әзірге бұл үдеріс аталған проблеманың саясаттану аспектілерін зерделеу арқылы жүзеге асырылуда.
Бұдан екі жыл бұрын өткен Екінші Бүкілпольшалық саясаттану конгресі осының айқын айғағы. Конгреске саясат, халықаралық қатынастар, еуропалық интеграция, БАҚ және бұқаралық коммуникация салаларын зерттеушілер мен мамандар жиналды. Польшаның барлық жоғары оқу орындарынан келген мыңнан астам профессорлар, ғылым докторлары мен кандидаттары, аспиранттар мәжіліс жұмысына қызу атсалысты. Сондай-ақ, шет елдік ғылыми бірлестіктер өкілдері, атап айтқанда, Саяси ғылымдар халықаралық ассоциациясының екі вице-президенті конгресс қонағы болды. Әрбір қатысушы өзінің ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін көрсетуге, тәжірибе алмасып, ғылыми қауымдастықпен қоян-қолтық араласуға мүмкіндік алды. Мұнда Еуропалық одақтың әлемдік экономика мен халықаралық ынтымақтастықтағы рөлі мен маңызы; мүше мемлекеттердің бірқатарындағы қаржы дағдарысының экономикалық және валюталық одақтың болашақ ахуалына әсері; еуроаймақ және Еуроодақ ауқымындағы ынтымақтастық; Еуроодақтың одан әрі кеңею перспективалары; Еуропа мен Еуроодақтағы бұрынғы межелік сызықтардың сақталуы мен жаңаларының пайда болуы; дағдарысты еңсерудегі ұлтаралық мүдделердің маңызы; дағдарыстың мемлекет пен оның азаматтары қауіпсіздігінің түрлі қырларына ықпалы; экономикалық проблемалар мен қоғамның әлеуметтік алуан түрлілігі тереңдеуінің салдары ретіндегі жаңа әлеуметтік қозғалыстар мәселелері жаңа ғылыми бағыттар, атап айтқанда коммуникация теориясы тұрғы­сынан талқыланды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: біз шетелдік ғылыми ойды зерделеу арқылы коммуникологияны өз топырағымызға жерсіндіруіміз керек, бұл – уақыт талабы.

802 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз