• Тарих толқынында
  • 06 Қаңтар, 2014

ТАРИХИ ЖЫРДЫҢ ТАҒЫЛЫМЫ

Бақтияр СМАНОВ,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі,
Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі,
педагогика ғылымдарының
докторы, профессор

Көне тарихымызды зерделеп, халыққа таныстыруда өткен ғасырдың басында академик Н.Н.Веселовский жазып алып, қа­ғазға түсірген ақын Молда Қалыбай Мәм­­бетұлының «Орыс әскерінің Түр­кіс­танға тарихтың 1853-1866 жылдарында жа­саған басқыншылығы» атты даста­нының орны ерекше.
Молда Қалыбай Мәмбетұлы 1856 жылы Оңтүстік өлкенің Ақжар болысындағы Шар­бұлақ ауылында (қазіргі Қазығұрт ау­даны) туылған. Ташкентте оқып, сауат ашқан ол, кейіннен өз ауылындағы оқыған адамдардың арқасында білімін толықтырған. Қалыбай жастайынан өте зейінді де зерек болған. Көптеген тарихи оқиғаларды, дастандарды, халық ауыз әдебиетінің үлгілерін терең меңгеріп, кей кездерде оларды жатқа айтып жүрген. Әкесі Мәмбет пансат (пансат – 500 адамдық әскерлердің басшысы) кезінде Шадманқожа мыңбасының жауынгері, жүз­басы қызметтерін атқарған. Кейіннен Ташкент қаласы орыс билігіне көшкен тұста Мәмбет пансат әмірләшкер Әлім­құлдың әскерінің құрамында ту ұс­тау­шы болып қызмет еткен.


Қалыбай 1888 жылы Ташкент түбін­дегі Бостандық ауданының Іскендер елді меке­ніндегі Іскендер арығын қазып жатқан уақытта көзі ашық, сауатты меценат Акрам Асқаровпен танысады. Оның өтінішімен әкесі Мәмбеттің көрген-біл­гендерін, куәсі болған оқиғаларын хатқа түсіреді. Соның нәтижесінде атал­ған тарихи дастан дүниеге келеді. Академик Н.И.Веселовский өзі жа­қын танысып, жақсы араласқан азамат Акрам Асқаровтан осы жырды алып кетеді де, «Киргизский рассказ о русских завое­ваниях в Туркестанском крае» деген атпен 1894 жылы Санкт-Петербургте кітап етіп бастырып шығарады. Онда дастанның орыс тіліндегі көркем аудармасымен бірге, араб жазуындағы нұсқасы да берілген. Бізге қолжазбаның негізгі нұсқасы жетпегенімен Н.И.Веселовский жазбасы арқылы онымен танысуға мүм­кіндік алдық.
Осы жерде тағы бір ескерте кететін нәрсе – қағазға қазақша түскен аталған жыр-дастан бізден бұрын өзбек тіліне аударылып, «Түркістанды басып алу» (Туркистон босқини) деген атпен 2009 жылы Ташкентте жеке кітап болып жарық көргені.
Атақты шығыстанушы ғалым жа­рия­лаған бұл тарихи жырдың баспадан шыққанына биылғы жылы 120 жыл толады. Оңтүстік өлке, Жетісу, Сыр бойы, Өзбекстан, Қарақалпақ жерін­дегі қазақтардың тарихи көркем бейне­сін жырмен баяндаған осынау әйгілі дастанның бүгінгі күнге дейін (120 жыл!) қазақ тілінде басылмауы ұят-ақ. Өз­бек тіліндегі кітапқа ұсынылған белгілі өзбек тарихшысы, тарих ғылымдарының кандидаты 3ияу­иддин Илхамовтың «Шайқас­та көрсе­тілген тарих» атты кіріспе мақа­ла­сында дастан деректеріне сүйене оты­рып, Қоқан хандығына қарайтын бір­қатар қалаларды, елді мекендерді орыс бас­қын­шыларының басып алғаны жайлы, Әулиеата, Түр­кістан, Шымкент, Пішпек, Таш­кент, Алматы шаһарларындағы патша­лық Ресей империясының жаулап алуына қарсы жергілікті тұрғындардың жүргізген елді жаудан қорғау күрестері, онда қаһар­мандық көрсеткен халқымыздың бірқатар ержүрек азаматтары мен қазақ руларының, қырғыз, өзбек, тәжік жұртының беделді өкілдері жө­нінде өте құнды мағлұматтар келтіреді. Ол мұнда: «– Бир ойдан сунг Авлиёота тарафидан тахминан турт юз урис Чимкентга келди. Мирза Давлат [бошчилигида] Қаландар ботир, Худоёрбек, кенагас Темир додхох, Исламқул додхох, Анорбой додхох, Мулла Қушуқ ботирбоши, Мухаммад қировул беги, нашхили [уруғидан] Хайит ботир, Сазо додхох серкали [уруғидан], Шукурали додхох, Қуролбой додхох, Олашбой ботир, Будабой ботир [кангли] каби мазкур ботирлар чор қушинларига қарши жангларда катта қахрамонликлар курсатдилар» (6-б.), – деп Түркістан өлкесіндегі ел қорғаушы батырлардың есімдерін атайды.
Ақын Қалыбай Мәмбетұлының тарихи шығармасында бейнеленген осыдан бір жарым ғасырдан астам уақыт бұрынғы «Арғымақтың тәуірі арбада кеткен, ер жігіттің тәуірі арманда кеткен» (сол кезең­нің мақалы – Б.С.) замандағы бүкіл түркі ұлысының қалың қолын басқарған қыпшақ Әлімқұл Әмір­ләшкердің тарихи тұлғасы жырда сәтті шыққан. Оның Қо­қан хандығының ішкі саяси жағдайын жақсарту мен сырт­қы саяси ұстанымдарын нығайту мақса­тын­да жасаған игі қызметтері хандықтың әскери күш-қуатын дамытуға ықпал ет­кені мәлім. Соның нәтижесінде ол Қоқан билігі әскери құрылымының кәсі­би даярлығы мен қару-жарақ қорын өз мүмкіндігінше жетілдірді. Осы тұрғыда бірша­ма жеңістерге жеткен Әлімқұл Әмір­ләшкер патшалық Ресейдің отар­шыл бас­қыншыларының Түркістан, Әулие­ата, Шым­­кент, Тоқпақ, Пішпек, Алматы қа­ла­­ларын жаулап алу үшін жүргізген сұ­ра­пыл соғыстарына берік қорғанысты қам­тамасыз етуге және белгілі бір дәрежеде жетістіктерге ие болды. Алайда, оның жеке-дара жеңістері мен жетістіктерінен соң қайта шапқан жаудың – бақайшағына дейін қисапсыз қаруланған күш-қуаты мол отаршылдардың толассыз жойқын шай­қастары, батыс пен Сібірден ағылып келіп, қосылып жатқан қарулы күштері қорғануға мүмкіндік бермеді. Бірақ, сонда да ел тәуелсіздігін сақтап қалу үшін ішкі және сыртқы жағдайларды реттеуге әрекет етіп, патша әскерлерінің басқыншылығына қарсы қалың жұрттың басым бөлігін жұмылдыра білген әскер­басы халық тара­пы­нан ерекше қолдау тапты. Сөйтіп, ол әскери және саяси саладағы жіберген кемшіліктеріне қара­май, Түркістан өлкесін мекендейтін ха­лық­тардың үлкен құрметіне ие болды. Сондықтан, сол заманның тарихшылары, жылнамашы-хаткерлері, ақын-жазу­шылары өз еңбектерінде Әлімқұл Әс­кер­басының атқарған қызметіне жоғары баға беріп, айтулы тарихи тұлға, саяси және әскери қайраткер болғандығына айрықша назар аударады.
Ақын Қалыбай Мәмбетұлының тарихи дастанының негізгі кейіпкерлері – Қоқан ханы Мәллахан тұсындағы қыпшақ Молда Әлімқұл Ләшкербасы (Әскербасы) бастаған иісі түркі жұрты­ның, оның ішінде, әсіресе, қазақ хал­қының елі мен жерін отаршылдардан қорғау жолында ерлік көрсеткен ер­жүрек батырлары. Жырда сол кез­де­гі ел басшылары мен олардың ұжым­­­­дық бейнесі шынайы сомдала­ды. Шығарманың басқа түркі тарихи туындылардан басты ерекшелігі әрі артық­шылығы – оның поэзия тілімен қа­зақша жырлануында дер едік. Онда ардагер азаматтардың жанқиярлық ерлік істері, ата-баба аманат еткен ұлан-ғайыр жері мен туған елін қорғаудағы әрекет-қимылдары тарихи деректер ізімен жүйе­лі баяндалған.
Дастанда тағы бір жиі аталатын кейіп­­керлердің бірі – Молда Қошық дат­­қа Тоқбайұлы. Ол 1796 жылы қазіргі Таш­кент қаласының аумағындағы Дар­хан ауылында туған. Қошық алды­мен Ташкенттегі «Көкалташ», одан кейін Бұ­харадағы «Мірараб» ме­дре­селерін тәмам­даған; ислам шариғатын, әдет-ғұрып заңдарын, құ­ран-хадис ұс­танымдарын жетік білген. Ол Орта Азия­ға келіп, сауда-саттықпен ай­на­­­лысып жүрген орыстың көпес­тері­мен, іскер-саудагерлерімен ара­лас-құралас бола жүріп, орыс тілін жетік меңгерген. Молда Қошық датқа 1814 жылы Қоқан хандығын Омархан билеп тұрған шақта, он сегіз жасында, датқа лауазымына ие болған. Хандық дәуірдің бұл кезеңі оңтүстік өлкеде рулық басқару жүйесінің қаймағы әлі бұзылмаған кез еді. Сонан дарынды жас шанышқылы елінің мыңбасысы қызметін де қоса ат­қар­ған. Тарихи деректерге қарағанда, Молда Қошық екі жыл (1844-46 жылдары) Қоқан хандығының Ресейдегі елшісі, Хан әскерінің Бас қолбасшысы (Әмір-Ғаскер яғни Батырбасы, 1859 ж.), Таш­кент қаласының даруғасы (басшысы), алғаш Түркістан генерал-губернаторлығы ұйымдастырған қалалық әкімшілік дең­гейін­­дегі «Мекемеде» Ташкенттің бас биі (1866 ж.) қызметтерінде болған. Ел арасында ол – Датқа, Ләшкербасы, Батырбасы, Молда-би сияқты лақап аттармен танылған кісі. Мұны халық арасында кең тараған өлең-жырларда, аңыз-әңгімелерде, Май­­­лы­қожа, Сүйінбай ақынның жыр-толғау­ларында, айтыс­тарында келті­рілген деректер де айғақтайды.
«Елдестірмек – елшіден» демекші, ол өз заманының сарабдал саясаткері, мәмі­легер елшісі ретінде екі-үш рет Бұқар әмірлері Насрулла мен Мұзаффардың тұс­тарында олардың қабылдауларында бо­лып (А.Кенесарин т.б. деректері бойынша), Қоқан хандығының ұсы­ныс-тілектерін жет­кізген, бауырлас ха­лық­тарды береке-бір­лікке, ынтымаққа ша­қыр­ған. Дат­қа – өмірінің соңғы жылдарына дейін жан­қиярлық күрескерлікпен өткен қайсар қай­раткер, бәһадүр батырбасы. Ташкенттің он екі қақпасының әскери күзетінің басшысы кезінде оның Қоқан билігіне наразылық ретінде хан тағайындаған Ташкент бегі Қа­нағатшахқа қарсы 1859 жылы халықтың көтерілісін басқарғаны, сонан (ханға) бүкіл елдің талабын орындатқаны, өзі әмір-ғаскер (Батырбасы) дәрежесіне қол жеткізгені, сондай-ақ, Шымкент, Ташкент қалаларын қорғауда, Түркістан маңындағы Иқан же­рін­де, Алматы жанындағы Ұзынағаш тү­бінде болған орыс басқыншыларына қар­сы сұрапыл соғыстарға Нармұхаммед құшбегі, Қанағатшах, Әлімбек датқа, Нияз­құл пансат, Керімқұлдармен бірге қол бастап келгені, соңғы шайқаста Сыпатай, Сұ­раншы, Тайшық, Сыздық, Тойшыбек, Байсейіт сынды т.б. халқымыздың елі мен жерін қорғаған батырларымен бірге ерлік көрсеткені бірқатар тарихи құжаттарда аталады.
Молда Қошық 1866 жылдың басында, патшалық Ресейдің Ұлы Императоры Александр Екіншінің арнайы шақыртуымен бүкіл түркі жұртының жақсы-жайсаңдарын (7 адамды) Санкт-Петербургке бастап барған. Онда патша ағзамға аса маңызды талаптар қойып, сол ұсыныс-тілектерін мүлтіксіз орындатқан саясаткер. Атап айтқанда, пат­шалық Ресейдің жаулап басып алу мақсатындағы әскери қимылдарына қар­сы Түркістан жұртының ғазауат соғыс жариялап, шайқасқа шығуының негізгі себебі – қанқұйлы генерал Черняев әскерлерінің жауыздығын, отаршыл қолбасшының шектен тыс қатыгездігі мен имансыздығы, иісі мұсылман жұртына ортақ қастерлі діни орындарды қиратуы болғандығы; сондықтан, оны кері шақыруын, одан соң жергілікті халықтардың діни сенім-нанымдарына тиіспеу, оны шектемеу; олардың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін бұзбау, оған араласпау, оларды пайдалануға мүмкіндіктер жасау; қазақтардан әскерге адам алмау; соғыс зардаптарын көрген елден алынатын салықтардың көлемін азайту; жергілікті елдің азаматтық құқықтарын шектемеу; орыс отаршылдарына қарсы күрескен, соғысқа қатысқан адамдарды жазадан босату; тұтқынға түскен ел қорғаушы түркі жұртының азаматтарын тұтқыннан босату; абақтыға жабылған, қуғын-сүргінге ұшырап, жер айдалған ел қорғаушы жауынгерлерді туған жеріне қайтару; діни-ағарту орындарын, мешіттерді, медреселерді, қасиетті кесенелерді қиратпау секілді маңызды талаптар еді.
Ақ патша Молда Қошық датқаның тілегін қабыл алып, 1866 жылы 8 ақпанда генерал Черняевті кері қайтарып, орнына жиені, князь, генерал-майор Д. И. Романовскийді жі­береді. Мұны патшалық Ресейдің әс­кери тарихшысы, генерал-лейтенант М. А.Те­рентьев «Орталық Азияны жаулап алу тарихы» атты үштомдық еңбегінде: «...Соңынан 475 рубль зейнетақымен отставкаға жібе­рілген Черняевтің тамаша мансабы осылайша аяқталды», – деп жазды (СПб, 1906. 1-том, 335-бет). Онда Батырбасы (Молда Қошық датқа) да аталады (216-бет). Бұл туралы өткенде «Егемен Қазақстан» газетінде жазылды (2 наурыз 2013 жыл).
Біз әңгіме өзегі етіп отырған Қалыбай ақын Мәмбетұлының дастаны Қоқан ханы Құдиярдың билік құрған тұсындағы 1853 жылдың бір күнінде Ақмешіт қаласын орыс әскерлерінің қоршап алғаны жайлы хабардан басталады. Сол жайтты ақын дастанда былай баяндайды:
Әмір қылды ханымыз:
Үш күнге шейін жиылғын,
Дін-мұсылман бәріңіз,
Уәзірлер мен саркордар (әскер басшылары – Б.С.),
Жақсыларым келіңдер,
Бір маслихат беріңдер.
Жақыпбектің үстіне,
Батыстан жау келіпті,
Дін-исламды бөліпті.
Жақыпбектен хат келді,
Еліме қатер төнді деп,
Бір күн ұрыс қылдым мен,
Сол бір күннің ішінде,
Жүз елу жігіт өлді деп,
Келген хат-тіл бізге сол
Кім барады енді деп?
Содан Қасым мыңбасы бас болып, Жалау құшбегі, Әлімбек, Сейітбек, Молда Сапар пансат, Ғазибек, Жұматай пансат, Есенгелді датқа, Мұхаммед жүзбасы барлығы ханнан бата алып, отыз мың әскермен жаумен соғысуға шығады. Ол кезде Ақмешіт қаласының әкімі қыпшақ Жақыпбек болатын. Оның алдында Жақыпбек Таш­кент­­те әкім болған. 1864 жылдың соңын­да әмірләшкер қыпшақ Әлімқұлдың бұй­­­рығымен ол Шығыс Түркістанның Же­ті­­­­шаһар қаласына әкім етіп жіберіледі.
Ақмешіт үшін болған соғыста түркі жұртынан жиылған әскер үш күнге жетпей жеңіліп кері қайтады. Ал, олардың басшысы – Қасым мыңбасы Бұқарға қашып тынады. Содан қаланы отаршылдар басып алады. Арада екі жыл өткен соң Құдияр хандықтан қуылып, орнына (анасы бөлек) ағасы Мәл­лехан таққа отырады. Осы тұста ол Алматыға Атабекті әкім етіп тағайындайды. Алайда, арада көп уақыт өтпей (1860 ж. Н.И. Веселовский) отаршылдардың әскерінің Ал­маты қаласына да жеткені жайлы хабар келеді.
Мұнда да ел қорғаушы жауынгерлер мен халық басшыларының отан қорғау үшін сапарға шығуы Мәллехан құзырында болған мәжілістен өрбиді:
«Бір мәслихат етпек керек,
Ғазауат айтып көп дұшпанға,
Біз мұратқа жетпек керек.
Әркім болсын тәуекелшіл,
Қырық мың қолға басшы болып,
Алматыға кетпек керек.
Алматының жолы қысқа,
Ер жігітке сөзім нұсқа...
Алматыға келді орыс,
Қылар қайрат қайсы батыр.
Алдын алып біз бармасақ,
Мұнда бізді қоймас ақыр».
Осыдан соң, яғни, Мәллеханның сөзі­нен кейін, Рүстембек орнынан тұрып, қы­лыш­тарын беліне байлап, Ғазизбек, Шү­кірәлі, Жұматай, Саза пансаттар, Молда Қо­шық батырбасы, Мұхаммед қарауыл бегі, Егемберді, Молда Хуш датқалармен бірге хан әмірімен отан қорғау соғысына аттанады. Бұл көрініс дастанда:
«Астарында бедеу аттар,
Дұшпандарды болып таптар,
Қоқаннан шыға жөнелді,
Сол заманда азаматтар.
Молда Қошық, Жұматай,
Молда Сапар, Молда Хұш,
Шүкірәлі, Мұхаммет бай,
Бұлар өтті тобыменен,
Қоқанның даңғыл жолыменен» (5 бет) – деп баяндалады.
Аталған әдеби дереккөз орыс мұра­ғаттарының мәліметтерімен де сәйкес ке­­ле­­тінін байқаймыз. Мұны Алатау округі бастығының Сібір корпусы қол­басшысына жазған ресми құпия ха­тының мазмұнынан аңғарамыз.
Бұл жайтты Верный бекінісіндегі Ала­тау округінің бастығы подполковник Г.А.Колпаковскийдің Сібір корпусының қол­басшысы генерал Г.Х.Гасфордқа 1860 жылы 8 қыркүйектегі №2147 «Өте құ­пия», «Аса маңызды» деген белгімен жол­даған хаты дәлелдейді. Онда: «Аса жоғары мәртебелім! Сізге осы құпия хатты қолма-қол жіберіп отырғанда, Піш­пекті алғаннан кейін, Тоқмақтың бұрынғы әскери комендантының әс­ке­ри тұтқыны, Ұлы жүз Суан болы­сы­ның қазір Верныйға отбасына басқалармен бірге қайтқан сарбаз – қазақ Әлжанбай Биболовтың жаңа хабарын естідім. Осы аталған қазақ Әлжанбай Атабектің тапсырмасымен біздің отрядтың Шудың арғы жағына келгені туралы Ташкент­ке хабар жеткізген және ол мынадай мәліметтер әкелген: Қанағатшах Ханның (Құдияр­дың – Б.С.) тапсырмасымен құрамында ташкенттіктер мен көш­пелі Құрама рулардан тұратын 10-15 мың әскермен Әулие атаға келген. Олардың 24 лафеттегі қаруы (зеңбірек), бұдан басқа 600 жалдамалы парсылардан құралған жаяу әскері бар. Бұлардың мақсаты – Пішпекті қайтарып алу және Қанағатшах бізбен келіссөз жүргізбек. Онда бізден олардың шекарасын бұзып, жеріне өткенімізге жауап алу туралы ханнан тапсырма алғанын айтпақ. Жауап алудан бөлек, ол бізден әскери тұтқын болған датқалар мен біздің жағымызға өткен адамдарды қаруларымен қайта­руды талап етпек. Егер біз бұл талаптарды орындамаған жағдайда, олар бізге қарсы соғыс жарияламақ», – деп жазады. Осы 1860 жылдың 21 қазанында болған Ұзынағаш шай­қасындағы патша әскерлерінің же­ңісі үшін әскери округ басшысы подполковник Колпаковский полковник шеніне жоғарылатылып, төртінші дәрежелі Қа­сиетті Георгий орденімен ма­ра­пат­талғаны, ал, Қастек пен Пішпекті тас-талқан етіп басып алғаны үшін көп ұза­май (1862 жылы) генерал-майор, одан кейін генерал-лейтенант атағын алғаны тарихтан белгілі. Ал, біз болсақ күні бүгінге дейін тек Ұзынағаш түбіндегі соғыстың өзінде 30-40 мың адамның қанын судай шашқан, сол Колпаковскийге Алматы қаласы мен оның ма­ңындағы қа­лалардан көшелердің атын беріп әлі әлек болып келеміз... Түсі­ніксіз жағдай.
«Аса маңызды», «Өте құпия» жазыл­ған хатта қоқандықтардың отрядында Таш­кенттің Нармұхаммед құшбегісі, Қа­­на­­ғатшах әскеріне Әндіжаннан ке­ліп қосылған Әлімбек датқаның жауын­гер­лері, Ниязқұл пансат, Молда Қо­шық датқа, Керімқұл және т.б. келе жат­қаны ескертіледі. Бұл құпия жазбаша хабардың 1860 жылы 23 қазанда тір­келіп, қабылданғаны жайлы кеңсе белгісі соғылыпты. Осы дерек көздерінен біз 1860 жылғы әйгілі Ұзынағаш шай­қасының тарихын, оған қоқандықтар әскерінің құрамында қазақтың Сыпатай, Сұраншы, Тайшық, Сыз­дық, Тойшы­бек, Байсейіт, Керімбек, Бай­зақ, Батырбек, т.б. ел қорғаушы батыр­лары мен өзбек, қырғыз, тәжік секілді Орта Азия халықтары өкілдерінің белсене қатыс­қанын байқаймыз.
Олар дастанда аталғандай:
Дін исламға жар болғайсын,
Бабай түкті Шашты әзіз.
Әулиенің мырзасы,
Қылсам ұрыс шектен зият,
Намыс бермек ерлерге ұят,
Дінім үшін жан құрбандық,
Медет бергін Бабай Мұрат, – деп Түркістан өлкесіндегі қасиетті әулие­лердің әруақтарына тағзым етіп, он сегіз мың ғаламның жаратушысы – Алла таға­ладан көмек сұрайды да, елу мың әскермен ел мен жерді қорғауға аттанады.
Жырда елге тұтқа болған игі жақсылар мен ержүрек батырлардың есімдеріне ерек­ше мән берілген. Мұны ақын:
Шанышқылыда батыр көп, бірі
Жаппар,
Мұхамет би Жаппарға хатымды ап бар.
Қазыбек пен Жұматай, Есботаға айт,
Шайқұрбан бірге келсін, мұнда гәп бар.
Онан соң жасауылдар қаңлыға бар,
Аты шыққан Құралбай намлыға бар.
Есітсе Шүкірәлі өзі келер,
Бұдабай батыр айтты, алдына бар.
....................................................
Жігіт жиып, тарату қыла берме,
Байзақ би не істеп жатыр енді.
Он мың әскер жиылсын бар қазақ­тан,
Мірәлі би қалмасын шақыр енді.
Қай жақта батырбасы Молда
Қошық,
Би тайынып қалды ма діні шошып.
Өз ауылы, арғын, найман, бағыс, те­мір,
Ұзақ келер жиылып менен шошып, – деп әмірләшкер Әлімқұлдың тек Ташкенттің төңірегіндегі елдердің өзінен он мың қол әскер жиғанын баяндайды. Осылайша Таш­кент, Шымкент, Пішпек, Алматы аты­рабындағы жойқын қарсылықтардың, кө­те­рілістер мен наразылық толқулардың жиі-жиі қайталануы Ресей патшасы мен басқа да шет елдерді алаңдата бастаған. Мұны орыстың Ұлы императоры II Алек­сандр өзінің Түркістан өлкесіндегі се­німді өкілдерінен, олардың мәлімдеме жазбаларынан біліп отырды.
Ұлы ақын Жамбыл да «Сұраншы батыр» дастанында осы кезеңді:
«Елдің басын доп қылып,
Айналдырды ойынға.
Сап түзесіп солдаты,
Сартылдатып арбасын,
Серейіскен зеңбірек,
Бетке ұстаған айбаты,
Патша кірді қойынға.
Тезек төре жол беріп,
Қарғы тақты мойынға.
Қоқанды құртқан Құдияр,
Оратөбе тәжігін
Көкпар етіп тойында.
Патшаға қарсы тұратын,
Қуаты жоқ бойында,
Қырғызды қанға батырған,
Әркімге бір сатылған,
Орман хан бар қолында:
Қазақты барып талайық,
Патшадан бұрын алайық,
Деген мақсат ойында», – деп сипаттайды.
Ұлы жыршы дастанының екінші бір тұсында:
Оралдан өрлеп Алтайға,
Алуға патша ынтықты.
Садақ тартқан қазаққа,
Түтіндетті мылтықты.
Ертісті өтіп оралтып,
Жетісуға қол сұқты...
Бірнеше күн өткенде,
Колпаков пен Черняев,
Жетісуға жеткенде,
Құдияр хан қағынды,
Тағы қанды сағынды,
«Алатын орыс, қазақсың,
Аламын деді бәріңді!» − деген жолдар бар.
Қоқан хандығы билігінің өз қарама­ғындағы бүкіл түркі халықтарына жаса­ған қиянаты көп болғанын жұрттың бәрі біледі. Дегенмен, сондай қысылтаяң ке­зеңнің өзін­де сол заман халқының, хан­­дық биліктің зорлық-зомбылығына қар­­­­сылық білдірген ерлердің, оларды ұйым­дастырған ардагер азаматтардың жан­қиярлық ерліктерін, ұлт үшін жасаған есе­лі еңбектерін ұмытпай, на­си­хаттап, қалың жұртқа таныстырып отыр­ғанымыз абзал.
Жоғарыдағы жыр алыбы – Жамбыл жыр­ларынан келтірілген үзінділерді оқи отырып, ұлы ақын сол кездегі саясат адамдарының, өзінің әдеби кеңес­ші­лерінің айтуы бойынша, кеңес­тік заман талабына сай, қызыл коммунистік идеологияның ықпалымен отаршыл әскер­лердің келуін, олардың жойқын жаулап алу соғыстарын бүрке­мелеп, Жетісу қазақтарына Қоқан ханды­ғы­­ның зорлық-зомбылығына қарсы күресте көмектесуші, одақтас ретінде тонын айналдырып көрсетуді, хандық биліктен азат етуші, жанашыр құтқа­рушы түрінде танытуды мақсат еткен болуы керек деген ой келеді бізге. Әйтпесе, қырғыздар – Орманды, өз­бектер – Құдиярды, қыпшақ Әлімқұл әмірләшкерді т.т. әлдеқашан ақтап алды. Оларға тәуелсіздік тұрғысынан қайта баға беріліп, ұлт мүддесіне орай есімдері қалпына келтірілді. Жер, су, елді-мекен аттары беріліп, ескерткіштер қойылды. Ал, біз болсақ кеңестік (орыстық деген дұрыстау болар) мүдде тұрғысынан әлгіше түсіндірумен, отаршылдық сая­­сат­тың айтқанын тотықұс секілді қайта­лаумен келеміз. Ойланатын жағдай сияқты. Бұл – бір. Екіншіден, мұндай жымысқы ойдың артында қырғыз, өзбек, қазақ секілді туыстас халықтарды бір-біріне жеккөрінішті көрсету пи­ғылы, оларды бір-біріне қарама-қарсы ай­дап салу сияқты сұрқия саясат жат­қандығын да дастанның мәтінінен бай­қаймыз. Үшіншіден, отаршылдарға тек қана қазақ емес, бүкіл түркі ұлысы, күл­лі Түркістан жұрты жұмыла қарсы шыққанын, барлығы біріге күрескенін көреміз. Төртіншіден, Колпаковский мен Черняев Жетісуді жаулаған тұста Қоқан ханы Құдияр емес, Мәллахан болатын. Бізге осы ретте кеңестік саясат та ұлы ақынның шығармашылық күш-қуатын өз пайдасына жаратқан сияқты деген ой келеді.
Олай дейтініміз, Батыс Сібір әскер­лерінің Бас қолбасшысы генерал А.О.Дю­гамель 1864 жылы 21 маусымда Ресей әскери министрі Д.А.Милютинге мынадай мазмұнда жеделхат жолдайды: «...Полковник М.Г.Черняевтің құпия хабарына қарағанда, 4 маусым күні олар Әулиеата қамалын айқын күшпен басып алған. Қоқандықтар елеулі соққы көрді. Бізден бары-жоғы 4 жаралы жауынгер болды. Толық қорытынды хабар капитан Красовскийден жіберіледі», – деп жазады Әулиеатаны басып алғаны жөнінде.
Майлықожа ақын «Шалқып жатқан елім-ай..» атты өлеңінде бұл жайтты:
Тоқпағым мен Піспегім,
Өңімдей болды түстегім,
Орыс шықты тауыңа,
Қиын болды түспегің.
Әулиеата, Талас-ай,
Үстінде жатқан Алаш-ай,
Орыста қалды қор болып,
Мұсылманның баласы-ай.
Сулы мен Билі көлім-ай,
Жуалы, Шақпақ белім-ай,
Орыста қалды-ау қор болып,
Шалқып жатқан елім-ай, – деп айқын аңғартқан.
Осындайда полковник Черняевтің Әу­лиеата бекінісінің бегі Ниязәлі датқаға 1864 жылдың маусымында жазған мына хатының мазмұны еске түседі. Бұл ресми хаттан басқыншының өктемдігін, шектен шыққан зорлық-зомбылығын, жанкешті жауыздығын аңғарамыз: «...Біздің сөзіміз мынадай: Мен Ұлы мәртебелі патшаның ұйғаруымен Әулиеатаны басып алуға келдім. Ең алдымен, бостан-босқа қан­төгісті болдырмау үшін, бекіністі Ақ патша әскерлеріне тапсыруыңыз керектігін айтуды өзімнің парызым деп білемін. Оны бізден қорғай алмайсыздар. Қосқорған, Күмісқорған, Ақмешіт, Жаңақорған, Дінқорғандағы және хандықтың барлық бекіністерінің ішіндегі ең шұрайлысы – Пішпектегі жағдай сіздердің бастарыңызға туады. Құмсуат, Ақмешіт, Ұзынағаш маңын­дағы майдан даласындағы Қоқан әскер­лерінің әрекеттері кезінде де олар орыс қаруының шексіз күш-қуатын байқады.
Егер, бекініс атыссыз берілсе, онда мен қоқандық азаматтар мен бекініс­тегілердің барлығының дерлік өмірін, дүние-мүліктерін, бостандықтарын сақ­­тай­­тынымды құдіретті патшаның атынан білдіремін.
Менің ұсынысымды қабыл алмай, Сіздер Әулиеата тағдырын өзгерте алмайсыздар... Қорғанғыларыңыз келсе өз еріктеріңіз, бірақ зардап шек­се­ңіздер өздеріңізден көріңіздер. Жауап беру үшін үш сағат уақыт тағайындаймын...
Полковник Черняев», – деп мөрін басып, қолын қойып жолдайды.
Бұл деректер − көне тарих көзі. Елдің, жердің өткенін, тарихын білемін деген зерделі жандарға таптырмас мол мұра, баға жетпес асыл қазына. Өйткені, кез келген тарихи оқиғаның негізінде шынайы шындық жатады. Осындай ашық-айқын, бұлтартпас мәліметтер арқылы ел-жұрт қазақ даласы­ның патшалық Ресей империясының құра­мына қалай қосылғанының мәнісін терең және жүйелі түрде, нақтылы дәлелдер негізінде түсінеді.
Бұл жайлар жөнінде Қалыбай ақын дастанда:
Бұл хатты көріп Әлімқұл,
Жасауылды шаптырды.
Қазақ, қырғыз, сарт, қыпшақ,
Ауылда жатқан еліне.
Пәрмен қылып хат жазды,
Әндіжан, Қасан, Марғұлан,
Наманганның бегіне:
Бесарықпен, Бадам келсін,
Балықшы, Ошта қалған келсін.
Төреқорған, Жармазардан,
Он екі мыңдай адам келсін, – деп Қасым мыңбасы, Жалау құшбегі, Әлімбек, Сейітбек, Молда Сапар, Ғазибек, Жұматай пансаттар, Есенгелді датқа, Мұхаммед жүзбасы, ер Мыңбай, Молда Әлімқұл батыр сынды ерлердің есімдерін көркем кестелі жырмен баяндайды.
Сондай-ақ, ел ішіндегі Бекмұхаммед төре, Әлімбек, Сейітбек, Бердібай құшбегі, Әкім қожа, Молда Сәлібек ахун, Әбілқасым ишан, Махдум гусфендуз, Қарабас қожа, Шерәлі кәл, Жиған датқа, Құдайшы секілді азаматтардың да іс-әрекеттері әсерлі әңгіме өзегі болады. Жырдағы Иқан жері мен Шымкенттен кейін Ташкенттегі Сортөбеде болған кескілескен қанды шайқастарда оқ тиіп ауыр жараланған Молда Әлімқұл әскербасының жан тапсырарда батырбасылар мен пансаттарға, датқаларға, елдің игі жақсыларына сөз арнап, аманат айтқаны да назар аударарлық:
Мені өлді демеңдер,
Мен үшін қайғы жемеңдер!
Тәннен басың кеткенше,
Атысыңдар жауменен,
Намысты қолдан бермеңдер!
Тәшкенді тастап кетпеңдер,
Бұзық ниет етпеңдер...
Не айтайын сіздерге,
Әр біріңде ақыл бар.
Әр кім қылған өз ісін,
Өз ойынша мақұлдар.
Қыпшақ, қырғыз бұзылма,
Тәшкенді алса бұл орыс,
Саған да бір күн жақындар...
Есек озар тұлпардан,
Шымшық озар сұңқардан.
Сақау озар шешеннен,
Ерлер кейін қалады,
Төсекте жатқан кеселден, – дейді Молда Әлімқұл ләшкербасы. Сонан жан тәсілім етіп, шейіт кеткен оны сол күні кешке қалың жұрт, қала тұрғындары жиылып әз Төле би жатқан Ташкенттің Шайхантәуірдегі көне зиратына апарып жерлейді. Ал, Қоқан хан­ды­ғының отан қорғаушы әскерлерін басқару тізгіні Молда Сәлібек ахунға жүктеледі.
Дастандағы баяндалған тарихи жайттарды туысқан өзбек халқының басқа да бірқатар көне деректері мен қазіргі күнгі зерттеушілері еңбектеріндегі мә­лі­меттер де растайды. Мәселен, ша­ғатай тілінде жарық көрген Молда Әлім Махдум қажының «Тарихи Түркістан», Ысқақхан Төре Ибраттың «Тарихи Ферғана», Мұхаммед Жүніс Ташкандидің «Естеліктер», Мұ­хаммед Салыққожа Ташкандидің «Тарихи жадиди Ташкент» секілді т.б. көне тарихи еңбектері мен З.Илхамовтың «Али­құли Әмірлашкар және оның Қоқан хан­дығының саяси тарихындағы орны» атты диссертациялық зерттеуінен, сондай-ақ, бауырлас қырғыз зерттеушілерінің, ақын-жазушыларының еңбектерінен хандық тарихына, Түркістан аймағындағы патшалық Ресейдің отарлау саясаты мен оның қалай жүзеге асырылуы жайында салыстыра отырып, мол әрі толыққанды мағлұматтар алуға болады. Айталық, Молда Әлім Махдум қажы «Тарихи Түркістан» кітабының алғысөзінде: «...Әсіресе, өзбектер бұрынғы өткен аталары мен руларын жадында ұстамаққа барынша жан-тәнімен берілуші еді. Бірақ, біздің Түркістан сартиялары (өзбектері – Б.С.) тарихқа көп мән бермей, екі-үш атадан ілгері өткен жайттарды және олардың замандарындағы хикаяттар мен оқиғаларды мүлдем біл­мейді. Бейне бір өзім сол кезеңдегі жағ­дайларды меңгергендей ниетпен, сон­дай-ақ, өтініш үмітімен Фарғана мен Қоқан хандары және олардың бастан өткен жағдайларын кейбір тарихтардан және көпті көрген адамдардан өзім есіткендерімді, көріп-білгендерімді қа­ра­­пайым әрі ресми шағатай тілінде «Тарихи Түркістан» деген ат қойып, баспаға әзірледім. Алла тағаланың назарына жетіп, табыс­ты болуға лайық қылғай. Мұнда түркістандық азаматтарымыз Фар­ғана хандары, олардың замандары мен оқиғаларын және Ресей мемлекетіне бодан болғанына елу жыл мерзім ішінде өмір кешкен хал-жағдайымыздың қалай өрбігеніне көңіл бөле отырып, қоры­тынды ойлар түйер еді», – деп жазады (Молда Әлім Махдум қажы. Тарихи Түр­кістан. – Ташкент: Түркістан генерал-губернаторлығының баспасы, 1915, – 220 бет.).
Бұл шығарманың басым бөлігі Қоқан хандығы билігінің тарихына арналған. Онда тарихшы Қоқан хандығының құ­рылған ке­зеңінен бастап, соңғы дәуіріне дейінгі тарихы, кімдердің билік құрғаны, олардың тұсында қандай маңызды оқиғалар орын алғаны және олардан шыққан нәтижелер қандай болды деген мәселелер (Қоқанның алғашқы ханы – аңыз бойынша «Алтын бесік» әулетінен шыққан Шахрух ханнан бастап, соңғы хан – Құдиярға дейінгі тарих) шынайы әрі дәлелді баяндалады.
«Алтын бесік» әулеті жайлы әфсанаға байланысты жайттар В.П.Наливкиннің «Қоқан хандығының қысқаша тарихы», Т.Қ.Бейсембиевтің «Тарихи Шахрух – тарихи кезең сипатында», Р.Н.Нәбиевтің «Қоқан хандығының тарихы», Қ.Халид­ұлының «Тауарих хамса» атты т.б. еңбек­терде аталады. «Тарихи Түркістан» шығар­масы Орталық Азияны мекендеген түркі халықтарының өміріндегі әрбір ханның қалыптасқан дәстүр бойынша таққа отыруы, атқарған маңызды игі істері, әсіресе, жаңа медреселер мен мешіттер ашуы, ол хандардың ел басқару ісіндегі кемшіліктері мен қым-қиғаш тағдырлары, сан қилы саяси-тарихи құбылыстарды бастан кешіруі, со­ңынан өмірден озуы, имам Қ.Халидұлы айтқан «Қыпшақ заманасы» мен Молда Шамсидің (Шавқи) «Жангнома-и Худойар хан» (Құдияр хан шайқасы) кітабында аталатын байырғы қыпшақ жұртының құлан, өлмес, елатан, жасық, жетіқасқа секілді т.б. руларының өзара қақтығысын, жалпы тарих сахнасындағы түркі-қыпшақ жұрты өмір кезеңдерінің бой көрсетуі сияқты оқиғаларға құрылған. Бұл деректер еңбектің мазмұн-мағынасын байыта түскен.
Тегінде, Молда Әлім Махдум қажының «Тарихи Түркістан» атты ең­­бе­­гінен біз Түркістан өлкесі тарихын зерттеп-зерделеуге қатысты аса құн­ды деректер ала аламыз. Ал, 1915 жылы жа­рық көрген бұл шығарманы оқып-та­нысқан әрбір саналы азамат өз айма­ғының өткеніне байыппен зер салады, бұл тақырыпқа тұрақтап ден қояды. Әрі Қалыбай ақын Мәмбетұлының біз сөз етіп отырған дастанындағы жазылған тарихтың растығына көз жеткізеді. Бірақ, мұнда да орыстың зерттеушілері, тарихшылары се­кілді өзбектің бұрынғы және қазіргі тарихшылары мен саясаткерлері өз зерттеулері мен талдауларында өзбек халқының мүддесі мен абырой-беделі тұрғысынан баяндайды. Бұл, дұрыс та шығар. Олардың орнында біз болсақ, мүмкін біз де солай етер ме едік? Алайда, құдайдың жалғыз екендігі сияқты тарихи шындық та жалғыз – біреу. Оны әркім әрқалай көреді, әртүрлі бағытта көрсетеді. Ал, бірақ, бұдан бізге қажеті – сол дереккөздердің қауызынан дәнін аршып алу, бұлтартпас айғақтарды өзіміздің керегімізге, ұлтымыз игілігіне, (Сабыр Рахымов, Орал Таңсықбаевтар секілді) ұтымды пайдалануымыз керек.
Жалпы, өзбек тарихшыларының ұлт­тық тарихты жазып, оны жоғары және арнаулы орта оқу орындарында, жалпы білім беретін мектептерде оқытудағы өнегелі істерінен үлгі алуға, олардың мол тәжірибелерінен, дерек-мағлұматтарынан қажетке қарай пай­да­лануға болады. Себебі, бұл қазақ тарихын түгендеуге де мол септігін тигізер еді. Мәселен, олар «Өзбекстан халықтарының тарихы» пәнінен бөлек, жалпы білім беретін орта мектепте оқытылатын «Өзбек­стан және әлем тарихы» пәнінің оқу бағ­дарламасы мен тест сұрақтарына (Авторлары: Мұхамаджанов А.Р., Өзбекстан Ғы­лым академиясының академигі, Усманов Қ.У., тарих ғылымдарының докторы, профессор) Кенесары Қасымовтың, Жанқожа ба­тырдың көтерілістерін, олардың тағ­дыр-тауқыметі жайлы мәліметтерді, 1850 жылдардың ортасындағы Қоқан хан­ды­ғының алым-салықтарына қарсы Ташкент тұрғындарының наразылық қоз­ғалыстары, Орыс әскерлерінің 1854 жылы 25 ақпанда Алматыны жаулап алуы, қала түбіндегі Тойшыбек бекінісін ойрандауы, 1853 жылы Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовскийдің Ақмешітті жаулауы, 1859 жылғы Ресей императоры ІІ Александрдың Қоқан хандығын басып алу туралы қабылдаған қарары, 1860 жылы подполковник Г.А.Колпаковский әс­кер­лерінің Ұзынағаштағы Қарақыстақ өзе­ні бойында Қоқан хандығы әскерлерін зең­­біректердің оғына орауы, одан Шу бойына шабуыл жасап, Шу бекінісін 1862 жылы басып алуы, полковник Черняевтің 1864 жылы 4 маусымда Әулиеатаны, сол жылы Пішпекті, Тоқмақты, Иқанды, Түркістанды, Манкентті, Шымкентті, ал, 1865 жылы маусымда Ташкентті, қыр­күйекте Шыршық атырабын басып алған соң, Ресей отарлаған аймақтарды генерал Черняевке бағынатын Түркістан өлкесін құруы, оған Сырдария және Жетісу облыстарын Ферғанамен қо­сып, төрт облыс­тан тұратын Түркістан генерал-гу­­бер­наторлығы мен Түркістан әс­кери окру­­гін құруы секілді т.т. маңызды тарихи деректерді мейлінше толық енгізген. Бұл – бізге де үлгі аларлық жайт. Өзбек ағайындардың ұлт тарихына қатысты ең­бек­терінен мұндай мысалдарды көптеп кездестіруге болады.
Айталық, «Тәуелсіздік қаһармандары» се­рия­сымен жарық көрген тарихшы-ға­лым, ақын Ысқақхан Төре Ибраттың «Та­рихи Ферғана» (Ферғана тарихы) ат­ты еңбегінде: «Бұл 1285 (1868) жыл еді. Онда Молда Әлімқұл әскер басы болып, әмірләшкер деген атақ алды. Ресей әскерлері Түркістанға келді деп ха­бар жетті. Әмірләшкер Ташкентке кел­ді. Шадманқожаны өлтірді. Орнына Нар­мұхаммед датқаны Ташкент әкімі етіп қойды. Дәулет тәжік деген адамды Түркістан қаласына әкім етіп жіберді... Әмірләшкер 1281 (1864) жылдың қысын­да Шымкентке келді. Ол кезде орыс әскері Түркістаннан (қаласынан – Б.С.) бері шыққан жоқ екен. Шымкентте жан-жаққа адам жіберіп, игі жақсыларды шақырыпты. Олардан Түркістаннан Сыз­дық төре және қазақтардан Байзақ биді ша­қыртты», – деп баяндайды (– Т.: «Маънавият», 2005 ж. – 118-бет). Онан та­рихшы-ғалым Иқандағы жойқын соғыс, Мың­­бай датқаның жараланып қайтыс болуы, Шымқаланы қорғау үшін болған шайқастар жайлы кеңінен әңгімелейді. Мұны орыс, қазақ, өзбек, қырғыз тарихи деректерінен де айқын аңғарамыз.
Кезінде бұл жайттарды: «Қоқан жұрты ақ патшаға қарсы болып, соғыс қылудың жөні жоқ екенін бірақ енді білді... Орыс әскері бұлай асып кеткен деп жұрт ойлаған жоқ екен. Орыстың солдаты өзіміздей-ақ адам ғой деп ойласақ, олай емес екен. Біз жолда келе жатқанда орыс әскерін тоқтатармыз деп қанша күш салсақ та, орыс әскері арысландай болып жүріп кете берді десті. Осы күнде Қоқанға қараған ел тұс-тұс жақтан өзбегі болсын, тәжігі болсын, қыпшағы болсын, қырғызы (қазағы – Б.С.) болсын – бәрі келіп, генерал-губернаторды көріп, тыныштық бергені үшін тәңірі жарылқасын айтып жатыр», – деп жазды «Түркістан уәлаяты» газетін шы­ғарушы Шаһмардан Ибрагимов газет­тің басмақаласында («ТУГ», 3 қазан 1875 жыл, №23).
Қысқасы, Молда Қалыбай Мәмбет­ұлының «Орыс әскерінің Түркістанға тарихтың 1853-1866 жылдарында жа­са­ған басқыншылығы» атты жырмен жазылған тарихи дастаны отаншыл ер­жүрек күрескерлердің есімдерін құрмет тұта отырып, олардың ерлік істерін, па­триоттық сезімдерін кейінгі ұрпаққа үлгі ететін, ұлт тарихының аса бір күрделі кезеңдерін халық жадында қалдыру мақ­сатынан туған шынайы тарихи туынды екендігіне куә боламыз. Сол үшін де дастан Қоқан хандығы аумағын Ресей империясының басып алуы мен оған қарсы күллі Орта Азия халықтарының біріге жүргізген тәуелсіздік үшін күресінің тарихына байланысты құнды деректердің жиынтығы ретінде аталған өңірдің тарихы мен жалпы тарих туралы ұлттық пайым-түсінігімізді қалыптастыруға қыз­мет етуі айдан анық.
Бұл жазылған жайлар – тарихи туынды мен Түркістан жұртының өткені туралы айтар ойларымыздың бір парасы ғана.

461 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз