• Заманхат
  • 06 Қаңтар, 2014

ЛАТЫН ҚАРПІНЕ КӨШУ ТУРАЛЫ Міржақып Дулатовтың 1924 жылы Орынборда қазақ-қырғыз білімпаздарының тұңғыш съезінде сөйлеген сөзі

Қазақ жұрты өнерлі, мәдениетті болуына біз қарсы емеспіз. Жаңалыққа да, өзгеріске де қарсы емеспіз. Бірақ өзгерістің де өзгерісі бар. Күндердің күнінде латын әрпін қолданатын болармыз. Латын түгіл, жұрт біткеннің бәрі шапшаң жазуға (стенография) түсуіне де сенеміз. Бірақ айтатынымыз латынды шабылып, шығынданып ала қоятындай пайдасы көрініп тұрған жоқ. Қайта зияны бар дейміз.
Қазақтікінен латын әрпінің артық­шылығын көрсету үшін латыншылдар қит етсе айырплан, аптамабел мен қазақтың екі аяқты арбасын салыстырады. Аптамабел екі аяқты арбадан артық екенін кім білмейді, сонымен біз қай аулымызға аптамабел орнатып отырмыз?


Латынды оңай, қазақ (араб) әрпін қиын қылып көрсету үшін латыншылдар қисынсыз мысалдар алады. Мәселен: Аб­дірахман өт­кен жолғы баяндамасында өзінің қазақша жазуды 10 жыл оқып үйренгенін айтып өтті. Бұрынғы кезде солай болғаны рас та шығар. Бірақ оған қазіргі әліпби жазықты емес, сол кездегі ескі оқудың әдісі кінәлі ғой. Қазір орысшаны да, қазақшаны да 8-9-дағы балалар 2-3 айда жазып, оқып кетеді. Үйренуге орысша да, латынша да бірдей. Бұлай болса, «10 жыл» деген сөз қазіргі әліпбиімізге жала ғой.
Абдірахман араб профессоры Жузе дегеннің сөзін дәлелге келтіреді. «Арабшаны 10 жыл оқыған адам дұрыс оқи алмайды», депті Жузе дейді. Абдірахман 10 жыл оқып қазақ жазуын әрең үйренгені сықылды нәрсе (Міржақып бұл арада арабтың ескі емлесімен жазылған Әзір­байжанда шыға­тын «Коммунист» газе­тінен сөздер келтіріп, ондай сөздерді дұ­рыс оқу қиын екенін керсетті. Жузенің айтып отырғаны сол деді).
Латынды қолдаушылар қазақ әріп­тері жазуға да қиын деседі. Бұл бекер (Міржақып қазақ сөздерін латынша, казақ­ша жазып салыстырды).
Латыншылдар физика, алгебра сықыл­ды ілім кітаптарында ұшырайтын бел­гі­лер латынша жазылады, соның үшін де латынды алу керек дейді. Солай екені рас, бірақ орта және жоғары дәрежелі мектептерде оқушылар әлгідей ұшырайтын латын белгілерін арнап оқымай-ақ өзінен-өзі үйреніп кететін нәрсе, оның мысалын орыс­тың бұрынғы-соңғы орта дәрежелі мектеп­терінен көріп жүрміз.
Телжан баяндамасында, араб әріптерін өзгерткенде 14-і ғана өзінің бұрынғы тү­рін­­де іске жарайды, өзгесінің бәрін (тең жартысын) арабшылар жанынан шығарып отыр. Латын әрпін алсақ, мұның 4-тен бірі ға­на өзгертіледі, қалғаны бұрынғы күйінде іс­ке асады дейді. Араб әріптерінің өзгеріп отырғаны рас. Бірақ қалай өзгертілген, әңгіме сонда болу керек қой. Араб әріп­терінің 14-і ғана бұрынғыша болса, өзге ойдан шыққандары жұртқа жат болуы керек еді ғой. Ондай нәрсе болды ма? Бол­ған жок, ендеше, бұл өзгертушілердің ше­берлігі деп біліңдер. Бұлар өзгерткенде, әр әріптің бұрынғы тұлғасын жоймай, өзгерткенін сездірмей, хат танитын адам бөгелместен оқып кетерлік қылып өзгерт­кен. Сондықтан, мүны өзгертушілер жанынан қосты деуге болмайды, енді латынға келсек, оның төрттен бірін өзгерту керек екен.
Бұл арада біз санына таласып әуре болмай-ақ қоялық. Бірақ латын әріптері мей­лі өзгерсін, мейлі өзгермесін, біздің қазақша хат танитындарымызға шетінен жат емес пе? Телжан Қазақстанда жаңа жо­баның әріптері жоқ дейді. Біздің баспа­хана­ларымызда латын әрпі бар ма екен? Бұл әншейін айта салған сөз.
Латыншылар (Абдірахман мен Телжан­ның баяндамасында) мықты дәлелде­рінің бірі – араб әрпі қымбатқа түседі, онымен басқан кітап, газеттеріміз қымбат болады дейді. Мысалға Қызылордада шығып тұр­ған «Еңбекші қазақ» пен орыс газетінің бағасын, әрпін салыстырады да, «Еңбекші қазақты» қымбатқа шығарады. Баспаханаларда араб әрпінің ұялары көп болады, араб әрпінің бір-біреуі 3-4 түрлі болады дейді. Әріп тізушілердің еңбегі, уақыты артық жұмсалады дейді. Қысқасы, латын әрпін алу­ға жұмсалатын қаражат қазақ әріптерін өзгерткеннен 10 есе арзанға түседі дейді.
Арзан, қымбат жағына келсек, араб әр­пін өзгертіп алудың шығыны жоқтың қасы екені, латынды алу үшін есепсіз көп қазына керектігі анық нәрсе.
Абдірахман мен Телжан араб әріптерін қымбатқа түсіргенде, оның 3-4 түрін алып қымбаттатып отыр. Кітап, газет қым­баттығы да содан, әріп тізушілердің жұмысы ауырлауы да содан болып отыр. Қазіргі Татарстанда алынып отырған, Бурнаш жобасымен жасалып, іске асырылып отырған оқушыға түк жаттығы болмай отырған әріптің дара түрін біздің латыншылдар ауызға алмай отыр. Өзгертілген араб әрпінің дара түрімен латын әрпін және оның орнына орыс әрпін салыстырып қарасаңыз, қымбатшылық жа­ғы­нан екеуінің де қалыбы даярланған соң қор­ғасыннан құйылып шығуы бірдей, орыс әрпінен қазақ әрпі бұрын қымбат болса, оның себебі – қазақ әрпінің қалыбы көп­тіктен, бір әрпінің қалыбы 3-4 түрлі болғандықтан еді. Енді олай болмайды. Араб әрпі дараланса да жоламаймыз десеңдер, ол бір басқа, бірақ оны керексіз дерлік дәлелді біз көргеніміз жоқ.
Сөзді қорыта келгенде, қаражат жағы­нан латын мен араб әрпінің бізге қай­сысы қолдануға лайықты, соны айталық.
Араб әрпін соңғы өзгертілген жоба бойын­ша (дара түрін) алуымыздан келер шы­ғын жоқ, өзгертілген әріптің жоғарыда айтқанымыздай, оқушыға жаттығы жоқ, мынау мынадай әріп деп ешкімге үйретіп жат­паймыз. Ал, енді латын әрпін қолдануға келсек, бұған шығатын ақша есепсіз көп болмақ керек. Латын әрпін езгертеді екеміз, корректорларды латынша үйретеді екеміз, латын әрпімен оқытатын мүғалімдер даярлайды екеміз, ел-елде мектеп ашады еке­міз, қызметкерлерді үйретеді екеміз, тағы да толып жатқан шығындары болады екен. Осының бәрін есептесек, бұған мил­лиондаған ақша кетуінде сөз жоқ. Қазір латын­шаның бұрынғы әрпімізден іс жүзінде артықтығы жоктығын көре тұра, каншалық қаражатты, толып жатқан кем­шіліктерімізді түзетудің орнына аса ділгерлігі жоқ латынды кіргізу үшін жұм­сауымыздың түк қисыны жоқ.

Гүлнар Міржақыпқызының
жеке архивінен алынды

504 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз