• Заманхат
  • 12 Ақпан, 2014

Инновациялық педагогика қызметін ұйымдастыру

Мақпал Асанова, 
Алматы полиграфия  колледжінің әдіскері

Қоғамдағы қазіргі өзгерістер білім беру жүйесіне көптеген міндеттер жүктейді. Еліміздегі серпінді идустриялық және инно­вациялық даму бағдарламасына сай мемлекет экономикасын жан-жақты, білікті мамандармен толықтырып отыру, қоғамның интеллектуалды деңгейін арттыру – бүгінгі білім берудің басты мақсаты болып табылады. Әсіресе, осы мәселені назарда ұстау керектігін Елбасы Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының съезінде сөйлеген сөзінде нақты айтты. Ол еліміздің экономикасы әлемдік дағдарыс жағдайында даму қарқынын жоғалтпай, елімізде 250 индустриялық-инновациялық жобаның енгізіліп, соған байланысты ішкі нарықта жұмысшыларға деген сұраныстың еселеп артатынын ескертті. Осы даму қарқынына сай білім беру жүйесіне жаңа талаптар қойылатыны туралы да айтты. Бұл талаптарға сай болу үшін білім беру жүйесінің өзі де инновациялық тәсілдерді жетік меңгеріп, инновациялық даму жолына түсуі тиіс. 

Инновациялық даму жолына түсу дегеніміз білім беру жүйесінің үнемі жаңа технологиялардың даму қарқыны аясында болуын және жаңа әдістемелер мен нақты тәжірибені педагогикамен ұдайы ұштастыра отырып, ел экономикасына білікті мамандарды даярлауды және мемлекет азаматтарын тәрбиелеп шығаруды қамтамасыз ету болып табылады. 
Бүгінде еліміздегі жоғары және орта оқу орындары, басқа да білім беру мекемелері нарықтық экономика жағдайында орын алатын қатаң бәсекелестікке түсіп отыр. Мемлекеттік тапсырыспен оқытумен (гранттар) қатар, Жоғары және орта оқу жүйесінде «ақылы оқу» және «кредиттік оқу» түрлері де қалыптасып үлгерді. Осындай − қатаң нарық жағдайында ­ инновациялық оқыту әдістемелерін білім беру ісіне толық әрі сапалы түрде енгізген оқу орындары ғана мемлекет пен қоғам тарапынан қойылатын талаптарға сай болып, оқушылар мен оқытушылардың әлеуметтік және құқықтық жағдайларының тұрақты болуын қамтамасыз ете алады.

Әрине, бұрынғы өзге құндылықтар аясында өскен аға буын өкілдеріне, ата-аналарға білім беру жүйесінде жасалып жатқан қарқынды өзгерістер түсініксіз болуы мүмкін. Сол себепті, көптеген адамдар жағдайдың өзгермеуін, тұрақты болуын қалайды. Алайда, нарықтық бәсекелестік білім беру жүйесін ғана емес, қоғам өмірін тұтас қамту үстінде екені анық. Ендеше өзгерістерден білім беру ісі де тысқары қала алмайды. Ал, оқу орындары бәскелестікке төтеп беру үшін әлеуметтік сұранысты үнемі қанағаттандырып  отыратын жағдайда болулары тиіс. Бұл инновациялық жетілдіру процесін іске асырмайынша мүмкін емес. Білім берудің сапасы осыған тікелей байланысты болып келеді. Қоғамның дамуы білім сапасына жаңа талаптар қоюда. Ол талаптарды бұрынғы әдістермен шешу мүмкін емес. Сондықтан нарық жағдайында өзгерістерге бейімделе алған білім мекемелері ғана сұранысқа төтеп береді. Олай болмағанда – нарық оны ығыстырады.

Қазір ҒБМ нақты дерегі бойынша еліміз­де 888 техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері жұмыс істеуде. Әрине, білім беру мекемелері өздері оқытатын мамандықтарға сәйкес оқыту және үйрету процесіне инновациялық жаңалықтарды енгізуге әрекеттенуде. Бірақ енгізіліп жатқан инновациялық жаңалықтардың көпшілігі жоғары жақтың нұсқауымен енуде. Сондықтан, кейде бұл жаңа әдістемелер мамандандырылған білім берумен үйлеспей жататын фактілері кездеседі. Сол себепті инновациялық жаңа әдістемелерді енгізуде білім беру мекемесінің,  онда қызмет атқаратын мамандардың кәсіби біліктілігіне сүйену аса қажет. Жергілікті мамандар министрлік тарапынан «басқару мен даму принциптері» ретінде ұсынылған әдістемелерді өз жағдайына бейімдеп, тиімділік тұрғысынан өзгерістер енгізіп отыруға тиісті. Яғни, оқытушылардың кәсіби шеберлігін жетілдіріп отыруға жетелейтін қызметтің педагогтар үшін маңызы зор. Әрине, Білім министрлігінің әдістемелік орталықтары еліміздегі жаңа тәжірибені жинақтап, жүйеге келтіріп, үлгі ретінде таратып және ақпараттандырып отыруы оңды құбылыс. Ол педагогтарға көп нәрсені жеңілдетеді. Бірақ оны әрбір оқу орнының ерекшеліктерін ескермей басшылыққа алудың зиянды жақтары да болатынын ескеру қажет. 
Педагогтардың инновациялық қызметі өте күрделі және жан-жақты. Оның өзінің мазмұндық құрылымы: а) оқушы жастарды дамыту, олардың адами және кәсіби деңгейін жаңа сатыға көтеру; ә) жаңа тәрбие құралдарын жасау, игеру және қолданысқа енгізу; б) жаңа технологияны игеру және жаңа білімге қол жеткізу болып табылады. Инновациялық қызмет бір мақсатқа – білім беру мекемесінің нақты мәселелерін шешуге қызмет етеді. Оның нәтижесінде туындайтын жаңалықтар білім беру сапасын өзгертеді, ол өзгерістер «жаңа» немесе «жетілдірілген» болуы мүмкін. Бірақ инновациялық қызмет мақсат ретінде қалып қоймай, ең алдымен, «мақсатқа жету құралы» ретінде қабылдануы қажет. Сондықтан бұл процесс білім мекемесі басшылығының басқаруымен және бақылауымен жүзеге асқанда ғана тиімді. 
Білім беру мекемесін инновациялық үрдіске көшірудің технологиялық негіздерін, яғни ұйымдастыру тәсілдерін меңгеру де маңызды мәселелер қатарына жатады − бұл процесті жүзеге асыру үшін педагогикалық ұжымды оған даярлау қажет. Ол мекеме басшыларынан көп күш-жігерді талап етеді. Біріншіден, инновациялық процесті жүзеге асыру үшін педагогикалық ұжымды оған дайындау, ынта-жігерін ояту, екіншіден оқу орнының техникалық мүмкіншілігін инновация талаптарына сәйкестендіру. Сонда ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады.
Сонымен қатар, басшылыққа алынған іс-шаралардың барлығы да ұжымдық сипатта болуы тиіс. Бұл ұжымды жұмылдыруға, оның шығармашылық әлеуетін ортақ мақсатқа жұмылдыруға оң ықпалын тигізеді.
1-кезең. Өзгерістер қажеттілігін білім беру мекемесінің басшылығы дер кезінде ұғып, болашақ идеялардың туындатушысы ролін өз мойындарына алуы. Әдетте, мұндай идеяны «басшылыққа алу» мекеме басшысының араласуымен жүзеге асады, өйткені, ол ұжымның заңды көшбасшысы саналады.
2-кезең. Идеяны жүзеге асырушы топты жасақтау. Оған алдымен мекеме басшы­лығындағы адамдар енеді. Өз кезегінде олар қатарына кәсіби-әдістемелік  білігі жоғары, жаңа тұрғыда ойлауға қабілеті мол педагогтарды тарта бастайды.
3-кезең. Оқытушылардың инновациялық қызметке араласуына және оған дайын болуына қызығушылық тудыру. Мұндай қызығушылықты ұжымдағы педагогтардың кемінде төрттен бірі танытуы қажет. Өйткені, онсыз оқыту процесіне қандай да бір өзгерістер енгізу талабы ешқандай нәтиже бермейді. Себебі «төрттен бірі» деген мөлшер жаңа әдістемеге көшуді қамтамасыз етуге қабілетті ұжым түзілуінің ең төменгі деңгейі. Онсыз жаңа іске тәуекел етуге болмайды. Ал, оқытушыларды жаңа идеяға тарту, қызықтыру тетіктерін мекеме басшылығы өздері шешуі тиіс.
4-кезең. Идея жобасын нақтылау барысында тек қана осы мекемеге қатысты «мәселелер ауқымын» өте дәл анықтау.
5-кезең.  Алынған нәтижелерді салыстыра отырып «басты мәселені» анықтау және жақын арадағы атқарылатын жұмыстардың тізімін белгілеу. Онда бастапқы болып білім беру әдістерін дамытуда аса маңызды саналатын мәселелер таңдалынып, оның мазмұнын, қажеттілігін бүкіл ұжымға түсіндірумен айналысу қажет. Бұл кезеңде болашақ инновациялық өзгерістердің бет-бейнесі қандай болары, қандай оқыту не одан тыс мәселелерді қамтитыны, олардың қайсысы басымдыққа ие екендігі айқындала бастайды. Сөйтіп, инновациялық бағытты айқындауға педагогикалық ұжым жаппай тартылады. Бұл педагогтардың қызметіне оң әсерін тигізіп, олардың шығармашылығына қозғау салатын шара. Осы кезеңде а) стратегиялық маңызы бар басқару жүйесіне қатысты мамандар іріктеледі; ә) шешімі оқу орнына тәуелді емес мәселелер тобы анықталады; б) инновацияға ықпал етуші өзге бағыттар анықталады. Мұнда әрекетті алғашқы мәселені шешуден бастаудың маңызды екендігін қайталап айту қажет деп ойлаймыз.
6-кезең.  Нақты басшылық жобасын: жоспар мен бағдарламалар жасау.
7-кезең. Жүзеге асырыла бастаған әрбір қадамды мұқият бақылап отыру және оның қорытындысына сәйкес болашақ инновациялық басқару процесіне түзетулер енгізіп отыру.
Дамудың осы кезеңінде педагогикалық ұжымның инновациялық потенциалын арттыру механизмдері жетілдіріліп отырылады және педагогикалық ұжымның өзі де оқу орнындағы білім беруді дамытудың кепілі өздері екендігін ұғынулары тиіс. Сонымен, жұмысты осындай кезеңдерге бөлгенде ­ оның ең маңыздысы 4-кезеңі болып табылады. Себебі, ол мәселені алдын ала дұрыс анықтап алмаған жағдайда – одан кейінгі барлық бастамалар зая кетуі мүмкін. 
Оқу орнында жаңалыққа жаны құмар бастамашыл топтың болуы өте қажет әрі маңызды.  Әдетте, мұндай жұмысты оқу орнының аса білікті тәжірибелі педагогтардың атқаратыны белгілі. Сондықтан кез келген ортада инновация білікті ұстаздарды топтастыру, ортақ мақсатқа біріктіруден бастау алады. Олардың бірлесе атқарған қызметі білім берудегі инновациялық өзгерістердің тірегіне және өзегіне айналады. Әрине, педагогтарға қойылатын ондай талаптар міндеттеу не жүктеу арқылы жүзеге аспайды. Оны жүзеге асыруға педагогтардың өздері ықыласты болулары тиіс. Ал, егер ол процеске студенттер мен олардың ата-аналары мүдделілік танытса – атқарылатын шаруаның жүгі әлдеқандай жеңілдей түседі. Шынында да, ізденбеген жерде ешбір мәселе тумайтыны сияқты, егер осы мәселеде бастаманы мекеме басшылығы қолға алмаса – онда ешбір де жаңалық туралы сөз көтерілмес еді. Ендеше іске кірісер алдында мекеме басшылығы өз мүмкіндіктері мен инновациядан күтетін жетістіктерді, басқа да білім беру мекемелеріндегі осы бағыттағы тәжірибелерді зерттеп, талдап, електен өткізіп алулары қажет. Тек содан кейін ғана бастама көтерілуі тиіс. Онсыз, әсіресе − өз ерекшелігі мен мүмкіндіктерін дұрыс ұға алмаған ұжымның инновацияға баруы абсурд  болып шығар еді. Бірақ бәсекелестікке төтеп беру үшін, оған баруға бәрібір мәжбүр. Ендеше инновациялық педагогикалық қызметті бастаудың өзін де қадам-қадаммен, алғашқы нәтижені келесі мәселенің іргесіне айналдыра отырып жүзеге асырған абзал. 
Проблемалық идеяларды жинақтау сабақтарға қатысу, мамандықтар бойынша жаңалықтарды жинау, пікірлесу, анкеталар арқылы жүргізіледі.
Жинақталған материалдар ірік­теліп, оның инновациялық мәселелері педагогикалық кеңестің талқысына салынып, ұжымдық тұрғыда шешімдер қабылданады.
Ұжымды алға қойған міндетті орындауға даярлау, ғылыми-техникалық конференция өткізу, педагогтарды даярлау курстарынан өткізу, әдістемелік оқулықтар жазу, шығару және басқа шаралар жүзеге асырылады.
Қазіргі кезде ел экономикасында мамандар тапшылығы пайда болуына байланысты студенттерді де бұл іске тарту. Олардың шығармашылық бастамаларын қолдау. 
Оқу-тәрбие жұмысын түбегейлі қайта қарау. Мамандық пен азаматтық түсінікті жастардың бойына қатар сіңіру.
Инновациялық педагогикалық қызмет адам капиталын өндірудің тармағы болып табылады. Оның бөлігі ретінде ол процес­ке қатысушы жақтардың шығармашылық потенциалын атаймыз. Әлемдік және отандық педагогикалық тәжірибе бізге педагогикада шығармашылық бастаудың болуы қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Сондықтан онсыз педагогикада инновацияны жүзеге асыру мүмкін емес. Педагогиканың басты ерекшелігі де мынада: ол  оның «объектісі» мен «өндірген өнімі» − Тұлға қалыптастыру екендігінде. Педагогика адамның бейнесін емес, Адамның өзін жасап шығуға міндеттенеді. Сол себепті, инновация негізі үш тұғырдың бір арнаға тоғысуына тәуелді. Ол тұғырлар: педагогтар, ата-аналар, студенттер. Сол «үш тұғыр» бір-бірімен  толыққанды үйлесімде қызмет атқарса ғана ­ педагогтардың инновациялық қызметі баянды болады. 

Пайдаланылған әдебиеттер: 
Раджерс Э. Инновация туралы түсінік. – //Қазақстан мектебі, №4, 2006.
Бөрібекова Ф.,  Жанатбекова,  Кусаинова А.А., И.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті. «Оқытудың инновациялық технологияларын пайдалану ерекшеліктері» (http://kaznmu.kz/press)
Көшімбетова С. Инновациялық технологияны білім сапасын көтеруде пайдалану мүмкіндіктері. – А.: Білім, 2008.
В.С.Кукушкин. Педагогикалық технологиялар. Алматы.2002. 

389 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз