• Заманхат
  • 21 Ақпан, 2014

Отбасы тәрбиесінің өзекті мәселелері

Өмірде ата-ананың ең қымбат нәрсесі – өздерінің балалары. Баласы жақсы жағынан көрінсе – мақтанады, жаман жағынан көрінсе – аяп, қимайды. Оның себебі, бала «бауыр еті», «іштен шыққан шұбар жылан» демекші,оны дүниеге алып келген соң, ата-ананың ел алдындағы, отбасы алдындағы парызы өз ұр­пағын өсіру, тәрбиелеу, лайықты білім беру, қоғамға қосу. Айтуға оңай, дегенмен, баланың әлеуметтену процесінен өту жолы біраз уақытқа созылады, соның ең күрделі кезеңі отбасында өтеді. Отбасы  әлеуметтік тұрғысынан қоғамда бірнеше негізгі функцияны атқарады, оның ішінде репродуктивтік (қайта өндіру), экономикалық (өндіру және тұтыну), қорғау (қауіпсіздік, денсаулықты сақтау), әлеуметтендіру (балаларды тәрбиелеу, аяқтандыру), коммуникативті (отбасындағы қарым-қатынас), т.б. Осындай күрделі міндет ата-аналардың иығына түседі. Орыс  педагогы В.А. Сухомлинский айтқандай: «Өз балаларыңызды  сүйе отырып, оларды сізді де сүюге үйретіңіз, үйретпесеңіз – қартайған шағыңызда көз жасыңызды  төгесіз» . Осыны есте сақтай отырып ұрпақты дұрыс тәрбиелеу біздің басты міндетіміз.Баланың әлеуметтенуіне жетекшілік  ету маңызға не жалпыға бірдей жағдаяттарға сүйенеді. Бала тәрбиесінде қолданатын бірнеше тәрбие стильдері бар: 1. Авторитарлық  2. Демократиялық 3. Бетімен кетушілік 4. Қамқоршылық  5. Хаотикалық. Сонымен қатар әр ұлттың халық педагогикасы отбасындағы тәрбиенің негізі бо­лып саналды. Бірде ойшыл Конфуцийге «Он ұрпақтан кейінгілердің не көретінін болжай аласыз ба?» деген сұраққа ұстаз: Ұрпақтан ұрпаққа, әкеден балаға  не қалып жатқанын дәл білсек, оныншы емес жүзінші ұрпаққа да не қалатынын болжап білу қиын емес», – деп жауап берген екен. Осы айтылған ойларды қазіргі отбасына келтірсек, заманға сай, қоғамның өзгеруіне байланысты отбасылардың алдында көптеген қиыншылықтар тұр. Ең бастысы, әрине, қоғамның нарық экономикасына көшуі. Бұл қоғамдық формация отбасының дамуына, ұрпағына лайықты білім және тәрбие  беруіне өз әсерін тигізуде. Тіпті, отбасының негізгі, репродуктивті функциясына кедергі жасауда. 


Қазақстанда 90-жылдары бала туу үрдісі күрт азайып кеткені бәріміздің көзалдымызда болды. Сол жылдардың сал­дарын демографиялық теңсіздіктен әлі күнге дейін көріп келеміз. Онымен қатар «әлеуметтік жетімдік» пайда болды, әкелердің бала тәрбиесінен қашқақтағаны, феминистік үрдістің жоғарлауы, бүкіл отбасының  тіршілігі әйелдің иығына түсуі. Екінші жағдай, бала үшін ата-аналары қай кезде болмасын ең қажетті,  ең маңызды адамдар болып қалатыны сөзсіз, алайда, жасыратыны жоқ әке мен ананың тәрбиелік функциясы біркелкі емес. Ана әкеге қарағанда балаға уақытын көп бөледі,эмоциялық және психологиялық жағынан ықпалы мол. Үшіншіден, отба­сылық институт туралы, оның дұрыс жолда дамуын зерттеу үшін отбасын тек қана ата-аналар жағынан зерттеу аз, оны бала көзімен де қарастыру қажет. Адам баласын тәрбиелеуде бірнеше құндылық параметрлерін анықтауға болады: гуманистік маңызы бар; нормативтік маңызы бар; ұлттық дәстүрлі маңызы бар. Қазіргі педагогикада осы құндылықтар өз көрінісін толығымен алып отыр. Біздің қоғамда педагогтар, отбасы, басқа да тәрбиемен айналысатын мекемелерде  тәрбиенің гуманистік маңызы бар әрекеттерін және нормативтік құндылықтарды ұстаным етеді. Дегенмен, күнделікті тәрбиеде тұлғаның  бастамасын басып отыру, еркін жүру, сөйлеуге тыйым салуды жиі кездестіруге болады. Әр бала өзінің отбасындағы қабылданған өмірлік құндылықтарды, салт-дәстүрлерді, қарым-қатынастарды бойына сіңіреді. Отбасы ол үшін тәрбиелейтінде, қолдайтында, қастерлейтінде ұжым. Бұл жерде ол жаманның не екенін, жақсының не екенін тани бастайды. Балада ауытқыған мінез-құлық пайда болудың бірден-бір себебі кішкентай кезінен бастап әлеуметтену үдерісіне лайықты  жағдай жасалмағанынан болуы мүмкін, немесе, әлеуметтену проце­сінің тоқтап қалуы да себеп болады.  
Баланың асоциалды болмысы әртүрлі жағдайға байланысты. Соның бірден бірі, әрине, отбасылық тәрбие.Бұл жерде  баламен ата-аналарының қарым-қатынасында үйлесімділік жоқтығы анық көрінеді. Біріншісі, бір жағынан отбасында баланың барлық тілегі орындалады,ата-аналары оған аса көңіл бөледі, соныме қатар, баланы түрлі конфликтілік жағдайға итермелейді, демек, үйде жақсы бол, ал, сыртта дөрекілік мінезіңді көрсете бер дегендей жол көрсетеді. Екіншісі, үнемі жанжал туындайтын отбасының жағдайына байланысты, әсіресе, толық емес отбасы немесе бала басқа жерде тәрбиеленіп, үйіне оралса, сол сияқты басқа да жағдайларға байланысты. Осы жерде баланың көңіл-күйіне  қатты әсер ететін  толық емес отбасы типіне тоқталсақ. Бұндай отбасының пайда болуының бірнеше себебі бар: ажырасу, күйеусіз бала табу, ер азаматтардың ерте дүние салуы. Қазақстанда кейінгі жылдары ажырасу саны күрт көбейіп кетті. 2011 жылы олардың саны 44900 болды немесе 2010 жылға қа­рағанда 7,9 пайызға өсіп отыр. Ал, 2013 жылдың қаңтар-наурыз аралығында 34 мың адам үйленсе, 11600 ажырасу тіркелген, ол 6,4 пайызға былтырғы жылдың осы мерзіміне қарағанда көбейіп отыр. Ажы­расқан уақытта бала әдетте шешесімен қа­лады. Толық емес отбасылардың санын көбейтетін фактор – күйеусіз баланы дүниеге келтіру, осындай отбасының саны жылдан жылға өсіп келеді. Тағы бір фактор, оны атамасқа болмайды, ол ер азаматтардың өлімінің көбеюінен толық емес отбасының санының өсуі. Қалайда болса, балаға әкесінің жоқтығы, шешесінің оның тәрбиесіне көңіл бөлінуіне уақытының аздығы, тағы басқа жағдайлар баланың кө­ңіліне кібіртік салып, түрлі жағымсыз жағ­дайларға итермелеуі мүмкін. Үшіншісі, асо­циалды қарым-қатынаста отбасы мүшелері ішкіш, нашақор, криминалдық психологиясы бар, зорлық-зомбылыққа жақын, балаға қатыгездікпен қарайтын болады. Осы аталған тәрбиелік стильдер балаға өмір бойы әсерін қалтырады. Бала өз білгенімен жүруге дағдыланады, кей уақытта өзін жаман екендігін, ешкім оны жақсы көрмейтініне, керек еместігіне сене бастайды. Баланың психикасы да, тәртібі де өзгеріп, ол төбе­ле­суге, агрессияға, қатыгездікке барады. Бала­лардың ауытқыған мінез-құлығының пайда болуына отбасындағы кемшіліктер мен қатар араласып жүрген ортасы , сонымен қатар, БАҚ-ғы агрессиялық , өлтіру, зорлық-зомбылық көрсетілімдер, қанды кинофильмдер, криминогенді сюжеттер. Осындай жан түршіктірер жағдайларды көріп, кейбір жасөспірімдер соларды қай­та­лағысы келеді. Ақырында не біреуге қиянат жасайды не өзі жамандыққа душар болады. 
Қазіргі заманымыздың бір қатері болып  суицид саналады. Суицидтік әрекет жасағандар әдетте қатты жан кеселімен ауыратын және күйзеліс қалпында жүрген, сонымен бірге, өз­дері кездескен қыйыншылықтарды жеңуге жолдың жоқтығына сенген адамдар.Девиантты іс-әрекет формаларының бірі болып  суицид жастар арасында жиі кездеседі. Статистика мәліметтеріне сүйенсек, әлемде жастар арасындағы суицидтік әрекеттер соңғы екі онжылдықта екі есе жиілеген. Қазақстанның Бас прокуратурасының мәліметі бойынша 2011 жылы балалар арасында 257 суицид болып, 592 суицид жасауға әрекет жасалынған. Ал, соңғы он жыл ішінде жастар арасында өзіне-өзі қол жұмсау үш есеге өскен. Әрбір осындай жағдайға өмір алдындағы қорқыныш өлім қорқынышын жеңіп кететін жеке бастың трагедиясы, тығырықтан шығар жолдың табылмауы әкеліп соғады. Жасөспірімдердің өздігінен өмірден кету себептерін анықтау бойынша тексеру мен қылмыстық істер материалдарының сараптамасына сүйенсек, суицид жаса­ған балалардың 62 пайызының басты себептері болып отбасындағы даулар мен сәтсіздік, ересектердің зорлық-зом­былығы алдындағы қорқыныш. Кей­бір мұғалімдердің келеңсіз әрекет­тері, сы­нып­тастары мен достарымен болған қақ­тығыстар, айналасының қатыгездігі немесе немқұрайлы көзқарасы анықталған. 
Бізді алаңдататын тағы бір тақырып, ол субмәдениеттің жасөспірімдердің көңіл-күйіне әсері. Әлем бойынша бейресмилікті қабылдаған жасөспірімдер саны күннен-күнге өсіп келеді. Субмәдениетке түскен адам онымен біртұтас қалыптасады. Ол жаңа қоғамның барлық тәртібін, заңын қабылдайды, оның құндылықтар жүйесі мен өмірге деген көзқарасы өзгереді. Кейде өзі берілген бейресми қоғамының мағынасын түсінбейтіндер де болады. Көбіне осылай атүсті қарайтындар – жас жеткіншектер. Ересектерге де қауіпті субмәдениеттерге сенімі қатаймаған тұлға тап болса, онда проблемалардың пайда болатыны сөзсіз. Жасөспірім еліктейтін субмәдениеттің теріс жағы барлық уақытта табылады. Ең қауыптысы секталар, мысалы, жын-шайтандар сектасы. Оған кіргендердің көбісі оралмайды. Гипнозды пайдалана отырып  бұл секталарда түрлі әрекеттер жасалынады. Соңғы жылдары жастар ислам діні ағымдарына еліктеушілік жасауда: қыздар неше түрлі хиджаб киіп, ал, ұлдар сақал жіберіп, шалбарларын қысқартып, дәстүрлі діни тәртіптерін бұрмалап жүр. 
Бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып жүрген тағы бір көріністі «гламур» субмәдениетіне жатқызуға болады, бірақ, бұл әдеміліктің теріс түсінігін көрсетуде. Батыстың сұлулық индустриясына еліктеушілік көрінісі біздің елімізге де келіп жетті. Жасөспірім қыздар арасында  «45-30-45» сұлулық параметріне еліктеуден «ана девочки» деген ұғым пайда болды. «Ана» ұғымы «анорексия»терминінен бастау алады. «Ана» қыздарының ұстанымы тамақты аз мөлшерде немесе мүлдем татпау. Түрлі дәрі-дәрмектерді ішіп, тамаққа деген тәбетін бұзу. Бұл қозғалыстың ұраны: «Тамақ ішпе, сонда сұлу боласың!» Жастардың бұндай әрекеттері денсаулыққа қауып туғызатыны белгілі, сол себептен отбасында, мектепте арнайы жұмыстар жүргізілуі қажет. Дәл осындай әрекеттерді  кальян шегу, нашақорлықтың, алкоголизмнің зияндығын көрсетіп түсіндіру керек.
Балаларға жақсы тәрбие берудің түрлі жолдары бар. Ең бастысы – тәрбиенің негі­зі отбасынан, ананың сүтінен, әкенің қам­қорынан басталатынын ұмытпағанымыз жөн. Ата-аналардың отбасылық тәрбиеде жауапкершілігін арттыру үшін олардың педагогикалық мәдениетін көтеру қажет. Ұлы Абай «Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел. Алдыңғы толқын – ағалар, артқы толқын – інілер, баяғыдай көрінер», – деп дүние бірқалыпты тұрмайтынын, бір ғасыр бір ғасырды ауыстыратынын, ұрпақ ұрпаққа жалғасатынын жырлаған. Қазақ халқының көне  мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрін ұрпақ тәрбиесіне пайдалану қазіргі ата-аналардың міндеті. Халықтық педагогика – біздің ұлттық болашағымызды, халықтық қасиетімізді баршаға танытатын асыл мұрамыз, ұлттық құндылығымыз. Біз ата-бабаларымыздың ұлттық тәжірибесін пайдалана отырып  жас жеткіншектерге отанын, елін құрметтеуге,адал еңбекке, адамгершілікке,білім алуға,өмірге бейімделуге сияқты ізгі қасиеттерге тәрбие­леуіміз қажет. Ұрпақ тәрбиесі – ұлы мұра. Олай болса, отаншыл, елін, жерін сүйетін ұрпақты намысшыл етіп тәрбиелеу күн тәртібінен түспек емес.
Күлімхан Жәйшібекова, 
социология ғылымдарының 
кандидаты.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Дулатбеков Н.(Жалпы редакциясын басқар­ған) Ювенология. – Астана, 2010. – 35-36б.
2. Семья и родительство –21 век.( Сборник научных трудов). – Курган,2009. –20-22б.
3.Қалиев С., Иманбекова Б. Халық педагоги­касының ауыз әдебиетіндегі көрінісі және оны орта  мектептің оқу-тәрбие үрдісіне пайдалану.-Алматы, 2010.-20-22б.
4. Мырзагелді Кемел. Конфуций даналығы.Астана: «Аударма». 2002. – 51-52б.
5. Құрастырушы Әбдіқалықова Б. Білім беру меке­мелеріндегі суицидтің алдын алу жолдары.Алматы, 2011.-3б.

6471 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз