• Заманхат
  • 21 Ақпан, 2014

КҮЙІНГЕНДЕ ШЫҒАДЫ-АУ АЩЫ СӨЗІҢ...

Өз басым адамдарды екіге бөлемін. Әуелгісі күрескерлік рухтағылар. Олар өз мүддесінен гөрі ел-жұртты ойлағыш, ұлтының намысын жыртуға бейім келеді. Екіншілерінің бойында бейжайлық басым, енжар, мінезсіздеу. Біздің ұлтымыз осындай ерекшелігі – «аса кеңдігі, өте қонақжайлылығы» кесірінен көресіні көрудей-ақ көрді. Сөйтіп, Ресейге «өз еркімен қосылған» үш ғасырға жуық уақытта тілі мен ділінен, дінінен айырылып, жойылып кете жаздады. Қазақ елінің қаласы да, даласы да орыстанды. Соның айрықша бір мысалы – қазақтың қаншама батырлары, қабырғалы қаламгерлерінің кіндік жұрты Жуалы өңірі. Аудан орталығы Бурноедан бастап қырыққа жуық елді мекен атауы келімсек, қабасақал «ұлы ағайындардың» аты-жөнін иеленіпті. Егер солардың ішінде ырымға ауызға алып, осы жерді қорғады, көгертті-көктетті дейтіндей бір Иванның  үлгі-өнеге етерлік еңбегі сіңсе, кәне! Өкініштісі, әлгі Петров, Алексеев,  Казанский, Луначарский, Некрасов, Кантемиров және басқаларының ұрпақтары қызғыштай қорғап, ұлағат етер бір ісі мен бір сөзін айта алмай ит-әуреге түскенде, біздің жомарт та пейілді азаматтарымыздың кейбірі солардың сөзін сөйлеп, шотын  шауыпты.  Адамды құлдық сана бір шырмаса, қиын-ақ, ол қаны мен жанына ұялай еніп, тазартуға икем бермей, тамырлап кетеді екен.


– 1990 жылы Жуалы ауданы халқының 63 пайызы қазақ болды. Сол кездегі жағдайды екшей қарағанда жақсы-ақ көрсеткіш. Бірақ, осыған қарамай,  ұлт мүддесіне келгенде еңсеміз езіліп, көзімізбен жер шұқитын едік, – дейді Мырзахан Ахметов. 
Әрине, өткенді айту сән емес. Сол себепті біз де мәселенің  мәнін ұғыну үшін қозғайық: тіліміз мемлекеттік мәртебе алып, жер-жерде «Қазақ тілі» қоғамы құрыла бастаған 1990 жылдың ақпан айында ауданда ұйымның 4126 мүшесі болыпты. Тұралаған тілімізді тұғырына қондыру үшін атқа мінген азаматтарға айрықша дем берген Мырзекең талай әңгімені алға тартып, бағдарлы бастамаларға ұйытқылық етеді. Өзі екі тілде жарық көретін газеттің бас редакторы. Газет үлкен күш екен, ол «Қазақ тілі» қоғамының қолға алған қай ісін де қағыс қалдырмай келесі күні-ақ жұртқа жайып жібереді. Ащы ақиқатты ашынып айтудан айылын жимайды. Сондай күндердің бірінде жарық көрген «Жаңа өмір» мен «Новая жизнь» газеттеріне: «Ағайындар-ау, біздің ертеңіміз не болады? Біз кім боламыз? Аудан ауқымындағы 22 балабақшаның бәрінде тәрбие орыс тілінде жүргізіледі. Ондағы сәбилердің 75 пайызы өзіміздің қаракөздер, – деп күйіне жазды. – Бұл деген қасірет қой! Ұлтымыздың ертеңіне балта шабу...».
«Сөз сүйектен өтеді». Іле осы мәсе­леге байланысты ауыл-ауыл, мектеп-мектептің бәрінде қызу талқылаулар өтті, пікірталастар ұйымдастырылды. Қолдаған, құптаған, тіпті өршелене қарсылық білдірген оқырман хаттары қаптап, телефоннан тыным кетті. Демократияның үні үстем кез емес пе, ол екі басылымда да бүкпесіз ой-пікірге барынша орын беруге тырысты. Аталы сөзге де ден қойды. Орыстардың арасында да ұятты-миятты   кісілер бар боп шықты. Солардың кейбірі редакцияға  әдейілеп келді.  Көтерген мәселелерің жөн деп құптады. Нәтижесінде аудан орталығындағы алты балабақшаның үшеуі және ауылдық жердегілерінің жартысы бір-ақ күнде қазақ балабақшаларына  айналып шыға келді.
«Е, бәрі бастамаға, ішкі ниетке байланысты екен ғой» деді Мырзахан. Сөйтті де мектеп мәселесін көтерді. Тағы да өткендегідей тәсілге салды. Ауданда 15 орта, 16 орталау, 4 бастауыш мектеп барын, солардың үшеуінде ғана таза қазақша оқытылатынын, он екісінде оқу-тәрбие жұмысы орысша-қазақша жүргізілетінін, 5 мектепте оқитын 20-25  орыс баласына бола аралас мектеп екенін өзі аты-жөнін жазған бас мақалаға сыналай енгізді. «Мәселен әлгіндей жағдайдың салдарынан Крупская, Пушкин, Киров, Горький атындағы орта мектептердің әрқайсысында 450-650-ге дейін ұл-қыздар қазақша оқу мүмкіндігінен айырылыпты. Әрине, солай болғаны балалардың емес, олардың ата-аналарының кінәсінен. Сонда бұдан кейін де осылай  жалғаса бермек пе?» – деп сауалды төтелей қойғаны шымбайына қатты батса керек, аудандық кеңес президиумы төрағасының орынбасары Николай Иванович  Ерошенко ыршып шыға келді. Жалғыз емес, жанына ауданның тұтқалы жерлерінде отырған славян тектес ниеттестерін үйіріп алған. Сөздерінің сықпыты «қиын»: «Біз кетеміз... Көшеміз, бәрімізге бала-шаға­мыздың болашағы қымбат», – деді. Қасына ілескен тобымен аудандық кеңес президиумының төрағасының алдына барды. Ол комсомолдан өскен, партияда шыңдалған интернационалист емес пе, көзі алақандай болып, сол замат телефонға жармасады.
– Әй, Мырзахан, не жаздың сен?  Мыналардың түрі жаман. Бұлар кетсе, халіміз не болады? – деді.
– Ағатай-ау, әлі күнге дейін осы­лардың айдауымен жүрдік қой. Тек қана ығына жығылумен келіппіз. Сендердің балаларың қазақ болудан қалды дегілері келмейді. Ойлағандары өз бастары...
– Бәрін түсінемін, Мырзахан. Өткен өтті. Біз бүгін елдің бүтіндігін ойлайық, – дейді ол кісі өзінше ақылға шақырып. Деп қана қоймай, тура сол күні орыстардың «ашуын басатын» үндеу жазып тастайды. «Орыс бауырлар, сендер кетпеңдер. Біз тамырын тереңге жайған қауымбыз. Жуалының  тарихында, өңірдің тағдырында сендердің үлестерің мол. Сендерді ешкім қумайды» деген сөздері бар материал. «Есаға, дәл осының қажеті жоқ-ау! Бір мезет біз де мінез көрсетсек қайтеді?» деп еді, көнбеді. Газеттің редакторы Мырзахан болғанымен, иелік ететін – аудан басшылығы. Амалсыз жариялады. Бірақ содан кейін кішкене қулыққа көшті. Ұлт мүддесіне қатысты ойларды қазақ газетінде күшейтіп, мен қазақпын дейтіндердің намысын шым-шымдап қоздыруды арттырды. «Азат» пен «Невада – Семей» қозғалыстарының дүркіреп, ел басқарғандардың өздерін еріксіз иліктіріп тұрған мезеті, ауданда да қолдаушылары жетерлік еді. Бірінің жетекшісі журналист Жамбыл Шақыбасов, екіншісін аудандық жол жөндеу мекемесі кәсіпорнының директоры Асқар Раев басқарады. Сол азаматтар бір күні қастарына мәслихат депутаты Жақан Қананов пен ақын Бауыржан Үсеновті ертіп әдейілеп келіпті. 
– Мырзеке, осылардың бабалары Жуалыға келіп, сулы-нулы жерлерімізге орнығып, қазақтарды тау-тасқа, сай-салаға қуып, құдды космосты игергендей – кісәпір мінез көрсетті. Жарайды, оларды сауатсыз дейік. Ал, мыналар өздерін оқыған-тоқығанбыз, өреліміз дейді. Газетіңде жазудай жазып келесің. Ономастиканың қоғамдық негіздегі басшысы ретінде де әркім-ақ ұғатын деңгейде сөз айттың. Ендеше, бәрін қойып нақты әрекетке көшейік: бір түнде Алексеевка деген жазуды Көлтоғанмен ауыстырайық. Бұрынғы атауы солай емес пе? – деді сынай қарап. – Сен түк білмейтін түр таныт. Егер әлдекім шу шығарып жатса, көрерсің.
Бұл үнсіз құптады. Әлгі азаматтар ертеңінде-ақ сол ауылдың біраз кісілерін қосып алып, айтқандарын жасады. Арада апта өткенде Некрасовка – Ақтасты, Кантемировка – Қошқарата болып өзгерді. Олар дәл осылай, республикалық деңгейде ресми бекітілуін күтпей-ақ, аудан көлеміндегі 38 елді мекеннің көбінің тарихи атауын қалпына келтіріп, елдің көз, құлағын  үйретіп қойды. 
Айтып отырса, мектеп аттарын ауыстырудың да машақаты жетіп-артылыпты. Осы ойымызға бір дәлел, өзі туып-өскен, негізін қалаған мектепке қоғам қайраткері, республикалық үлкен журналдың бас редакторы, ол аз десеңіз, әйгілі А.Бектің Бауыржан Момышұлының өшпес ерлігі жөнінде жазылған «Волоколамское шоссе» повесін мөлдіретіп аударған көрнекті қаламгер Құрманбек Сағындықовтың атын бергізе алмай пұшайман күй кешулері. «Ала ауыз болған ағайынға Киров қимас бауырларындай жақын көрінгені жанымызды қинады-ау», – дейді Мырзекең.
М.Ахметов аудандық газеттің бас редакторлығынан мәслихат хатшы­лығына ауысып, он екі жыл басқарды, одан соң үш жыл аудан әкімінің орынбасары болып абыройлы қызмет етті. Қай қызметте де ұлтжандылық танытты. Бүгінде Қазақтың Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінде баспасөз жағына жетекшілік жасайтын жауапты жұмыста.
– Алла әрқайсымызға Ахмет Бай­­тұр­сыновтай тіліміздің ғұлама ғалым­дығын, Темірбек Жүргеновтей асқан ұлтжанды мәдениет министрі болуды жазбағанымен, қиянатты көп көрген халқымыз үшін күрескер, шынайы жанашыр болу міндетін жүктеген. Осыны сезінбеген қай қазақтың да ақ сүтін берген анасының алдында адалмын деп айтуға қақысы жоқ! – дейді ақын, саз­гер, публицист-жазушы Мырзахан Ахметов.
...Таяуда Мырзекеңе жаңадан ашыл­ған «Білім» телеарнасынан бір жігіт  хабарласып, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде оқып келген жастар жөнінде хабар жасағысы келетінін, соған көмектесуін қиыла өтінеді. Өзі  де күні кеше өстіп сөйлескен, теле-радио хабарын жасамаса да, газетке материал жазған. Дереу қатысы бар кісілермен сөйлесіп, біразының  аты-жөндерін ақ қағазға түртіп алды. Артынша ертең қалаған кезіңізде келе беріңіз деп журналист әріптесін шақырды. Әттеген-ай, шақыруын шақырып алып, ойсырай өкінгенін қалай ұмытар?.. Әлгілер «өзге тілдің бәрін біледі», алайда өз тілдеріне келгенде: «Биз казакша билмейді», – дейді. Күйіп кетті!
– Әй, мырзалар мен ханымдар, біздің болашағымыз сендерсіңдер ме? – деді тепсінген ашуын әзер іркіп. – Әй, қор болған қазағымның ұрпағы!.. Қайырымсыз кеткен қайран ақшаның обалы енді кімге дейміз?..
Оның осы сөзін естігенде менің де жүрегімді күйініш табы түйнеп-түйнеп өтті....
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,
публицист-жазушы

 

224 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз