• Заманхат
  • 21 Ақпан, 2014

ПРОФЕССОР. РЕДАКТОР. КОРРЕКТОР

Алдағы  уақытта бұл айдар аясынан сіздер сырт көздің біріне әпенді, біріне қызық көрі­нетін, бірақ, шын мәнінде қара нардың жүгін арқалап, ұлты үшін, ұрпақ үшін нағыз қажетті жұмыс істеп жүрген, бұл жұмысы үшін жоғарыдан мансап, төменнен марапат, басына бақ, астына тақ және күтпейтін кейбір азаматтар жөнінде қызықты да тағлымды сипаттамалар оқи аласыздар. Төменде ұсынылып отырған материал солардың бірі де бірегейі жөнінде.


Және – жауапты хатшы... техредактор... суретші... фототілші... Жоқ, ол- ең алдымен Азамат. Әйтпесе, докторлық дә­ре­же, профессорлық атақ қазір кімдерге таңсық. Немесе редакторлық – құдірет пе, корректор болу – құрмет пе? Ал, осы аталған атақ, дәрежемен қоса журналис­тиканың барша мамандығын бір бойына жинақтап, бір мезгілде бәрін бірдей атқара беру – тек азаматтың ғана қолынан келмек. «Есектің артын жусаң да мал тап» дегеннен гөрі «халқыңа пайдалы болса, қандай қызмет атқарсаң да арлығы жоқ» деген кредо оны осындай азаматтық биікке көтерген.
Сонымен Алдан Әйімбетов кім?
Оның кім, қандай адам екенін өзінен де, өзгеден де емес, «Казахская правда» газетінен білесіз. Иә, «Казахская...», «Казахстанская...» десеңіз қателесесіз. Түңғыш саны, өткен жылы 15 қаңтарда жарық көрген осындай бір газет бар. «Осындай бір газет бар» деу де бір жағынан ыңғайсыз. Алайда, 10 миллион қазақтың 10-ақ мыңының қолына тиіп отырған бұл газет жөнінде амалсыз солай деуге тура келеді әзірге. Дегенмен... оның са­наулы санына да, алақандай бетіне де, бірер айда бір-ақ рет шығатын түйе толғағына да қарамай, қазір Қазақстанда шығып жатқан газеттердің көбінен артық болмаса, ешқайсысынан кемдігі жоқ деп бағалаған жөн. Өйткені, өткен жылы қолға тиген алты нөмірінің өзінен-ақ. «Казахская правда» – шындығында да нағыз шындықтың, ақиқаттың газеті.
«Арымнан жаным садаға» деген на­мыс­тың газеті.
Ақиқат жолында «Казахстанская прав­да» «Караван», «Бірлесу» секілді төрт құ­быласы түгел, жеке үйі, жеткілікті, кыз­меткері, артында Алатаудай қорған­дары бар газеттермен бірнеше рет бетпе-бет кел­ген, олардың біреулерімен сот алдына да бірнеше рет барған ерлік пен мәрттіктің га­зеті.
Бас редакторлықтан – курьерлікке дейінгі бар жұмыс жалғыз адамның күшімен атқарылатын жанкештіліктің газеті.
Қағаздың қат, дүниенің қымбат, ең­бектің бәрі сатулы заманда бір профес­сор­дың ғана қалтасы мен ерлігіне кіріптар «тәуе­кел түбі – желқайықтың» газеті екені кө­рінді.
Ал, газеттің бірінші нөмірі жарыққа шык­қанда жұрт не айтты деңіз? Обалдары нешік:
- Ерлік! – деді.
- Бізге керегі осындай газет, – деді.
- Орыс тіліндегі кейбір газеттің кейбір керауыз мақалаларына орыс тілінде жауап беретін өз газетіміз де болды, – деді.
Бірақ, амал нешік, көңілі түссе біреуге жамбастың мырза басын ұсына қоятын мырза ағайындардың арасынан: «Ау, мына азаматқа қол үшін берсек қайтеді» дегендер жоқтың қасы. Ал, «қазақпыз» дегенде дау­сымыз жер жарады...
Жә, бұл әр азаматтың білім-білігіне, ар-намысына байланысты мәселе де, сон­дық­тан, сөзімізді азамат Әйімбетовке қайта бұрайық.
Осы тұста мынадай сұрақтар ойға оралады. «Казахская правда» шыққанға дейін Алдан Әйімбетов ел назарына қалай ілікпеді? Біз оны дәл бүгінгідей публицист ретінде қалайша білмедік? Жалпы, оны жеке меншік газет шығаруға итермелеген кандай күш?
Соңғы жеті-сегіз жылдың дүрбелеңі ең алдымен кімнің-кім екенін танытты. Талайдың ар-ұяты таразыға, азаматтығы сынға түсті. Бай кедей болды, кедей бай болды. Үнсізге тіл бітті, тілдіге қулық бітті. Қулығы сол – бұрын сөйлеп үйрен­ген ауыздар жел қай жақтан соқса, жел­дей есіп сол жақтың сөзін сөйлеп, за­манның ығына жығылды. Сұмдығы сол – жел кері соққанда олар тағы да жел­дей есіп жұрттың алдына шықты, «ел үшін туған ер», «халық үшін қам жеген қаһарманға» айналды. Кешегі күні Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек, Әлихандарды ауызға алғандарды ауылымен көшіріп жіберуге әзір тұратындар, енді солардың туын көтеретін болды. Бұл – әдебиет, мәдениет, ғылым төңірегіндегі мәселелер болса, саясат өрісінде де сан түрлі «қызықтар» болып жатты. Оның ішінде, әсіресе, ұлттық мүдделер төңірегінде сөз көбейді, қарсылық күшейді. Тіл, республика азаматтығы, Конституция, ономастика, жер жөнінде айтыс-тартыстар әр жерде қылаң берді. Кімнің-кім екенін танытқан да дәл осы кез. Алматы мемлекеттік медицина институты философия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымының докторы, профессор Алдан Әйімбетовті азамат Әйімбетов ретінде таныта бастаған да осы кез.
Бұл жөнінде Алдан ағаның өзі былай дейді:
- Бұрын газетте де, саясатта да көп шаруам жоқ еді. Бірақ, кейінгі кездегі кейбір жайлар мені амалсыз отқа да салды, суға да түсірді. Біреулер жеке өзіңе тиісіп жатса бір сәрі, ал, тұтастай халқыңның, ұлтыңның ар-ұжданына қол сұғып, намысыңды таптағысы келгенде шыдап тұру мүмкін бе. Мен де шыдай алмадым. Ол шыдамның шынжыры алғаш рет былай үзілді... Әлі есімде, бұдан төрт-бес жыл бұрын Алматыдағы саяси ағарту үйінде үлкен бір жиын өтеді деп естідім. Онда депутаттыққа дәмелі Докучаева деген бір әйел сөйлемекші екен... Сөзі – Қазақстан ұлттық мемлекет бола ма, әлде азаматтық мемлекет болуға тиіс пе деген пікір төңірегінде көрінеді. Жиынға келсем, ол «Докучаеваны сайлау клубы» деген тобын маңайына үйіріп алып, «Азаматтық ел...» үшін айқасты бастап та кеткен екен. Оған салсаң, республика атынан «қазақ» деген сөзді өшіруге дейін бар. Ал, шыдап көр. Сөз кезегі жеткенше жаным шыға жаздады. Қысқасы, сол күні мінбеден шырқырап шыққан дауысым мені де талайға танытып үлгерді. Талайлар енді мені мұндай жиыннан қалдырмайтын болды. Келсем, сөйлейтін болдым. Қайбір тілі қышығаннан дейсің, шабыңа түртіп, жаныңа, тиетіндер көп те. Көп демекші, ұлт мүддесіне қарсылық кейін, тіпті, көбейе түсті. Олар енді жай мінберді місе тұтпай, орыс тіліндегі газеттердің бетінен көріне бастады. Қарсы мақала апарсаң, баспайды. Баса қалса, кейін басқалардың сөзімен қайта өзіңді ұрады. Мәселен, «Казахстанская правдадан» мұндайдың біразын көрдім, мен. Ал, қазақ газеттерін қазақтан басқа кім оқиды. Екіншіден, олар да кейде батылырақ айтқан сөзіңнің мұртын басып, сақалын күзеп жіберетіні бар. Өйткені, олардың бар билігі өз қолымда емес, әрқайсысының жоғарыда қожайындары тұр. Қой, – дедім бірде, – ақшадан да, басқадан да ешкімге тәу­елсіз өз газетімді ашайын. Сөйтіп «...правда» дегеннің не екенін көпшілікке білгізейін, – дедім де, іске батыл кірісіп кеттім. «Казахская правда» дүниеге осылай келді. Оны жалғыз шығаруда көрген, көріп отырған азабым мен бейнетімді айтпасам да болады. Осындай күндері өз шамаларынша көмек көрсеткен біраз азаматқа алғыстан басқа айтарым жоқ. Олардың арасында орыс та, украин да, неміс те бар. Қазақ аз. Дәл солардың көп болатын, қысылған кезде қасымнан танылатын жөндері бар еді. Қайтесің, өз бармағыңды өзің шайнау қиын. Бірақ, мені біреулер тек қазақтың мақсатын ойлап жүр десе, қатты қателеседі. Мен қазақ жөніндегі шындықты айтсам, ол – баршаға ортақ шындық. Жұрт шындықты білгенде ғана сабасына түседі, арандатудан, арамзалардың сөзінен аулақ болады. Барлық ұлтқа береке, бірлік, тыныштық сонда ғана болады. ...Алда, енді, кәсіби парламент сайлауы келе жатыр. Соған өз кандидатурамды өзім ұсынсам деймін. Ондағы ойым: пайғамбар жасынан асқан шағымда атақ, абырой іздеу дейсің бе, шындықты, ақиқатты, халыққа қажет сөзімді биік мінбеден айтып, соған ылайық іс істесем деген ниет те.
Мен Алдан ағаның өз үйінде – редакциясында отырмын. Оның – Бас редактордың кабинеті – жатын бөлмесі. Босаға тұста жазу үстелі. Үстел үстінде: жаңа нөмірдің макеті, қалам, қарындаш, фо­тосурет, сызғыш, ұстара, қылқалам. Қар­сы алдында – бірақ уыс беті әбден қажыған аппақ селеу шашы ұйпа-тұйпа, көзі шүңірейген, шүйдесі шығыңқы, шүйкедей ғана бір қарт отыр. Шындықты айтып шырылдап жүрген Алдан ағамыз осы кісі.
Мен ол кісіге қарап отырып қарадай қысылғанымды сездім. Қазақ ретінде, қалам ұстаған адам ретінде қысылдым.
Біз осы не бітіріп жүрміз?
Дидахмет ӘШІМХАНҰЛЫ
«Түркістан» газеті,
8-ші ақпан, 1994 ж.

 

560 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз