• Ел мұраты
  • 21 Ақпан, 2014

Қазақ ұлтсыздығы

Амангелді АЙТАЛЫ,
философия ғылымдарының 
докторы, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры

Социологиялық зерттеулер бойынша, ұлтқа деген ұстаным әртүрлі бағытта айқындалады. Бірінші – бағыт-бағдарды психологиялық, мәдени, тілдік ортамен байланыс жасай оты­рып, ұлттық құндылықтарға артықшылық беретіндерді айтуға болады. Екінші – ұстанымдағылар өз бойына екі не одан да көп мәдениетті сіңіруге тырысатындар. Үшіншілер – бір жақты, негізінен бөтен ұлт тіліне, мәдениетіне артықшылық беретіндер. Олардың ішінде қай тілді де, мәдениетті де меңгермеген, не басқа, не ана тілін білмейтіндер аз емес. Ұлтшылдық ұлт мәселесіне осы әртүрлі ұстанымнан туады, ал, бұл саладағы ой-пікірлер мен тұжырымдар алуан түрлі екенін көрдік: бір шеті патриотизмнен екінші шеті ұлттық ерекшелікті мойындамайтын, адамзатты бір тілге, мәдениетке икемдеуді қолдайтын космополитизмге дейін жалғасып жатыр. Ұлттық құндылықтарға көзқарастың бір қыры ұлтсыздық, ғылыми әдебиетте ұлттық нигилизм дейді. Нигилистер ұлтқа мән берген құндылықтарды қайта бағалап, арзансытып, дінге де күмән туғызып, ұлт табан тірейтін тіл, мәдениет, дәстүрдің мәнін, беделін түсіреді. Нигилизм - отарлау саясатының салдары. Қазақ еліне басқа этнос өкілдерін шексіз қоныстандыру, байырғы халықты ұлттық азшылыққа айналдыру, қазақ мектептерінің азаюы, аралас некенің көбеюі, тілдік мәдени ортаның тарылуы елдің этностық келбетін өзгертті. Ниги­листер ұлттық мемлекеттілігімізді жоққа шығаруға, ресейлік отарлау саясатын ақтауға дейін барады. Азамат соғысы жылдарында С.Сәдуақасов ел аралап жүріп, қазақтардың нақақтан көп өлгенін естіп: «Сендер не қайрат қылдыңдар?» - деп сұраса, оған: «Қазақтың қолынан не дәрмен келеді? Айдаған жаққа қойша жүре беру! Қырса, үндемей қойша қырыла беру! Біз мал емеспіз бе?»-депті қазақтар. «Қырыла береміз-дағы...», – деп өздерін кемсітеді.


«Қырыла береміз-дағы» деген сөзі жүрегіме оқтай тиді. Бұл не деген жуастық, өлімге мойынсұнғандық? Бүйте берсе, бұл қазақ қашан адам болады!» — деп күйінеді ұлт қайраткері (С.Сәдуақасов, Танымдық зерттеулер, мақалалар. 2-том. Алматы: Алаш, 2003. 271-272-66.). Намыссыз, басқа ұлт тіліне, мәдениетіне әбден бейімделген, әдеттенген, қорлауға да үйренген қазақтар бүгін де жеткілікті.
Нигилизмге шалдыққан, ұлттың өкілдері ұлттың ішкі байланыстарының әлсіздігіне, ұлттық намысының төмендігіне қарамастан, ұлттық құндылықтар төңірегіндегі тірлігі көбіне ұрандатудан, болмаса даурығудан, бас иіп қостаушылықтан аспайды. Бүгінгі қазақтың психологиясында олардың әртүрлі жағымсыз көріністері байқалады. Қазақтың қонақжайлығы - жалпақшешейлікке, кішіпейілдігі - құлдықұра берушілікке, елдігі – рушылдық, жүзшілдік, жершілдік микропатриотизмге, кеңпейілдігі ысырап­шылдыққа ұласып жатады. Қазақтың мақтанышы бүгін даңғойлыққа айналды. «Жүз ат бәйгеге қосылса, мен бәйге алдым деген сөз болса, алдында неше ат бар деп сұрар, артыңда неше ат бар еді деп сұрағанның несі сөз?» – деп Абай айт­қандай, бүгінгі қазақтың қуанышы кейде артымызға қарап масаттануға сүйе­н­ген. Айта кетейік, әсіресе, еврейлерге тән ұлттың өзін-өзі сынауы қазақтар ара­сында бүгін тіпті көрінбейді. Сынаудан гөрі өзімізді мадақтауға үйірміз. Өз ұлтын өткір сынау оны тазартудың жолы, себебі, өзіңнің кемшілігіңді өзің ғана білесің. Өз ұлтыңды басқаға сынатпай өзің сынау – өз намысыңды өзің қорғай алатындығың, өмірге төзімділігіңді байқатады. Сонымен бірге, ол – психологиялық жағынан ұлтты сақтаудың амалы.
Өзін әсіре, артық бағалау қазақтарда әртүрлі көрініс алып отыр. Басқа халықтардың тілінен, мәдениетінен, дәстүрлерінен мәлімет аз болғандықтан ба, бірқатар қазақтар өз тілін, мәдениетін жоғары қоюға әуес. Қазақ тілі түркі тілдерінің ішінде ең таза, ең бай тіл деуімізге басқа түркі тілді халықтар қосыла қояр ма екен? Қазақтарға басқа халықтардың салты шамалы, қызықсыздау, өзінің құндылықтары өзінен артық, ғажайып көрінеді. Әр ұлттың символдары өзінше ерекше бағалы болуы тарихи отбасылық тұрмыстың айнасы екені ескеріле бермейді. Өзгені өзінің еті үйренген дағдысымен өлшеу ұлтаралық қатынастарда жиі кездеседі. Сондай-ақ, өз ұлтының өкілдерінің кісілігі мол, әділ, шетінен батыр деп тану да қазақтар арасында да жиі ұшырасады. Кейде қазақтардың интеллектуалдық деңгейін жоғары бағалау да кездеседі. Сонымен бірге, басқа халықтардың университет, академиялары, өз ғылыми интеллигенциясы бағзы заманнан болғаны ескеріле бермейді. Халықтардың барлығы білімге, ғылымға қабілетті, әр ұлттың ұлы ғалымдары, ойшылдары болуы занды. Бірақ, тарихи жағдайларға байланысты мүмкіндіктер халықтарға бірдей бола бермейді.
Басқа ұлттарды өзіне сіңіру, қосып алу отарлаушы ұлттар мен сан жағынан басым ұлттардың саясатына тән. Өзге тілде сөйлейтін, этностық келбетін жоғалтқан қазақстандықтар, сол сияқты серб тілінде сөйлейтін, бірақ, әртүрлі этносқа жататын югославтар социалистік ұлт саясаты салдарының көрінісі. Бұл - халықтар достығы, интернационализм емес, ассимиляция, басқа этносқа түгелдей, болмаса жарым-жартылай сіңісу. Әсіресе, саны аз этностық топ басқаға тез сіңіседі. Мысалы, Қазақстандағы шағын этностық топтар негізінен орыстанғандар. Ұлтсыздану, басқа ұлтпен сіңісу, оның тілін, мәдениетін қабылдау - бірден емес, ұзақ мерзімге созылатын құбылыс, ұлт оның қаупін сезе бермейді, ол радиация сияқты ұлт организмін бірте-бірте әлсірете береді. Әр ұрпақтың құндылықтар мен тіл таңдауы әртүрлі жағдайларға, әсіресе, географиялық факторларға да байланысты. Нигилизмге кейде жасанды, алдамшы патриотизм де итермелейді. Мысалы, Қазақстан сияқты тәуелсіздік алған бірқатар ұлттар БҰҰ-ға мүше болғанына, «ұлы» халықтардың оны мойындағанына, әлемдік қоғамдастыққа мүше болғанына мәз болып, өзінің тұрмысын, мәдениетін, дәстүрін, наным-сенімін сол «өркениетті» елдерге икем­деймін деп, өз тілінен, мәдениетінен жериді, тіпті, қазақ болғанына намыс­танады. Сырттан қарағанда қазақы мәдениет үшін бұлардың қылығы дөрекі, күлкілі көрінгенімен, бұл - кең тараған қасірет. Бұл жерде өзіңді-өзің тануға, сыйлауға мүмкіндік жоқ, керісінше, өзгедей болу, «өркениетті елдердегідей» болу, «еуропалық мырзалардай» боламын деп тырысып, ұлт болмай калу қаупі басым. Осылай жаңбырдан қашып, карға ұрынғанның кейпіне еніп жатырмыз. Мұндай жағдайда тәуелсіздікті тек тәуелсіздік алу үшін алдық па, орыс­тану, батыстану, америкалану үшін алдық па деген ой туады. Ең қатерлісі - ұлттық құндылықтар жаһанданудың құрбаны болады. Ол мәдениеттің, тілдің, мәдени ортаның ластануынан да көрінеді. Сырт көзге бұл тыраштану, басқалармен тереземізді тең ету, ұлттық патриотизм болып көрінгенмен, шын мәнінде бұл жай ғана ұлттық даңғойлық, мансапқорлық. Бұл шынайы мәдениеттер алмасуы, алыс-берісі де емес, нигилизммен астасып жатқан үрдіс. Осындай көңіл-күй етек алған сайын «ұлт», «тәуелсіздік» идеялары бұлдыр бола береді. Ұлт жалған идеяға икемделген сайын жастар жағы «бақытсыз болмыс­тан» «бақытты өмір» жасап масаттана береді, айналып келгенде, өздерінің орыс, батыс, америкалық жастарға ұқсастығын үлкен мәртебеге саяды. Сондықтан да, Н.Назарбаев: «Бүгінгі уақытқа ілесемін деп өзіміздің ұлттық «мен» дегізерлік бітімімізді жоғалтып алмауымыз керек», – деп даурықпаудан сақтандырды («Бейбітшілік және келісім саясаты». Астана, 2008, 129-6.).
Нигилизмнің әлеуметтік негіздері де бар. Техника, технологиясын, киімі мен тамағын молырақ шығаратын, жастарын көбірек оқытатын елдің тілі, мәдениеті, діні басым болып, өзіне тарта беретін сыртқы ықпалдың да барлығы белгілі. Екінші жағынан, отандық тауарлардың аздығы да ұлт мүддесін кемсітеді. Орыс, ағылшын тілдерінің басымдығы, жарнамалардың да басқа тілде басым болуы ұлттың еңсесін басып, жаңа отаршылдық жағдайда өмір сүретіндей көңіл-күй тудырады. Бүгін ақша, материалдық игіліктер ұлттық құндылықтардан, жалпы рухани құндылықтардан артық бағаланатын болды. Пайда идеологиясы өмірдің барлық саласын реттеуде, ашық айтсақ, бүгін кеңестік тоталитаризмді қаржы тоталитаризмі алмастырып барады. Бұл да ұлттық байлықтарды арзансытып, ұлтсыздыққа бейімдейді.
Ұлтсыздану басшылықтан, әкімшілік топтардан, қала халқынан басталды, техникалық мамандар да оған бейім келеді, бірте-бірте олардың отбасылары да бейімделеді. Бұл үрдіс ақырын-ақырын ұлт организміне тарай береді де, ұрпақ алмасқан сайын бөтен тіл, мәдениет күш алады, ұлттық тіл, мәдениет білдірмей ығыстырыла берді. Басқа мәдениетті, тілді қабылдап, ана тілінен, мәдениетінен қол үзген сай­ын ұлт өкілдері жат тіл мен мәдениетке жақындай береді. Ұлтсыздануға ұшырай бастаған ұлттың әлеуметтік тапта­ры, топтары, кәсіби мамандары әртүрлі деңгейде басқа және ана тілін меңгергендер болып жіктеле даралана береді. Сондай-ақ, ұлттан оқшаулана, бөлектеніп тұрады, тек тілімен ғана емес, қылықтарымен, салтымен, пиғыл-ниетімен көзге түседі. Сондай-ақ, әлеуметтік-кәсіби, күнделікті өмір тұрмысы, киген киімі дос-жарандарымен де ерекшеленеді. Кейде ол дүбәралар, маргиналдар өз ұлтының мәдениетіне, дәстүріне қызықса да оларға басқа бір елдің, жат жұрттың көзімен қарайды. Кезінде, тіпті, В.И. Ленин: «Обрусевшие инородцы всегда пересаливают по части истинно русского настроения» деген. Ұлтсыздану, ұлттық астамшылық қаупі ұлт патриоттарына маза бермей, оқтын-оқтын билікке үндеу жариялатып жатады. Орыс тілін қолдауды қазақ тілін шеттету деп бағалау психологиялық тұрғыдан түсінікті. Бұл қоғамда қалыптасқан тілдік оппозициядан туындайды. Мемлекеттік тілдің қызметін атқарып тұрған орыс тілін осы қалпында сақтау қазақ тілі мемлекеттік тіл дәрежесіне жете алмайды дегенмен бірдей. Егер, орыс тілі мен қазақ тілінің Қазақстандағы орнын таразыласақ, қазақ тілі бөлшектің бөлгіші де, орыс тілі алымы. Бөлгіштің алымнан артық болуы заңды болса, мемлекеттік тіл саясатының заңдылығы – қазақ тілінің басымдығы. Екі тілдің қатар мемлекеттік тіл қызметін атқаруға ұмтылысы дау-дамай туғыза береді. Демографиялық жағдайды да ескеру жөн: келесі он жылда қазақтардың саны 70%-дан асса, мемлекеттік тілде қызмет жасауды бүгін ойластырған жөн. Қазақстан орыстарының үлес салмағы 1989 жылдан әр он жылда 7%-ға азайып келеді, 1989 жылы 37,4% болса, 2009 жылы 23,7% құрады. Орыс тілін жасанды түрде осы қалпында сақтауға тырысу да, оған тосқауыл қойып шеттету де біржақтылық болар. Орыс тіліне елімізде қанша сұраныс болса, оны соншалықты қолдау қажет, әсіресе, білім, мәдениет, гуманитарлық салада.
Ұлттың тілдік, мәдени, ақпараттық алалығы, әртілділігі ұлттың тұтастығын әлсі­ретеді, әр әлеуметтік топтарының бір-бірімен байланысы, ұлтшылдық қарым-қатынас бәсеңдейді. Осыдан келіп ассимиляцияға ұшыраған, іштей бөлінген ұлт ұлтаралық бәсекелестікте ұтылады. Ондай ұлттың шығармашылық қабілеті де әлсірейді, сондықтан, біртұтас, бір тілде сөйлейтін, ақпараттық қуаты жоғары ұлт іштей бөлінген ұлтқа менсінбей қарайды, оның тілін, мәдениетін де сыйламайды. Бүгінгі қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде «менің де тілім» деп мойындамаудың психологиялық себебі осында жатыр. Дүбәраланған ұлтқа олар тек қабыл­даушы, әлжуаз ұлт ретінде қарайды және дүбәраланған ұлттың нигилистері осы артықшылықты мойындайды, өзін-өзі сыйламайды. Өзін-өзі сыйламақ түгілі, тіпті жек көреді. Осы психология бүгінгі қазақ ұлтының бірқатарына тән. Ішкі бірлігі жоқ ұлттың өзіне өзінің сенімі төмен, ол әсіресе, күнделікті өмірде, тұрмыста, отбасында жиі байқалады. Ұлтын, тілін бағаламайтын, өзін-өзі кемсітуге үйренген, тартыншақ, жасқаншақ, қайсарлығы жоқтар, тіпті, кей­де озбырлыққа да көнеді, бір сөзбен айтқанда, тіпті, өзінен білімі, қабілеті төмен болса да билеп қалған ұлттың өкіліне икемді келеді. Намысы кемсітілген ұлт намысы жоғары ұлт өкілдерінің алдында ынта-жігері түсіп, бұғып тұрады. Сондықтан, тәуелді, бағынышты бола береді. Кейін осылай жалғаса береді де, тегі ұмытыла береді, бұл өте ұзақ үдеріс болғандықтан, оның қаупі бүгінгі күні айқын сезілмейді. Бұл қауіпті апат, бірақ, табиғи апаттай көзге ұра бермейді, әр әлеуметтік топтарда оның көрінісі әртүрлі. Нигилистер бол­са өз ұлттық болмысынан жеріп, түгелдей болмаса да, жартылай айырылып қана қоймай, үзілді-кесілді қарсы шығады. Ал, өмірде сол нигилист белгілі бір ұлттық тілде сөйлеп, белгілі бір мәдениетті, дәстүрді тандайды, тандағанда, әрине, өз мәдениетінен артық деген мәдениетті таңдайды. Басқа тіл, дәстүр тандаған сияқты, жұбай таңдағанда да ұлт алдындағы парызын, ұрпақтар сабақтастығын ескермейді.
Сырттай басқа халыққа тым жақындасып, тілін, дінін қабылдаған, тіпті, сіңіп кетуге тырысқандарды, қанша адам құқын, таңдауын сыйлау дегенмен, қоғамдық пікір қолдамайды, себебі, оларды ұлттық намысынан жұрдай, азғырғанға ергендер деп есептемейді. Ал, осы нигилистерге сен алды-артыңа қарамай, басқаның жетегінде кеттің десе, онымен олар келіспейді. Ал, мұндай нигилистер (космополиттер) қай халық арасында жиі кездеседі. Олар ұлт мәселесінде бір­жақты, алған бетінен қайтпайтын ұлт­сызданғандар. Бірақ, ешқандай ұлт, әсі­ресе, мемлекет құраушы ұлт, өзінің келбетін өз­гертуге, басқа ұлтқа, қандай да, тіпті, дамы­ған ұлт болсын, сіңісуге келіспейді.
Кейде шағын ұлт өкілдері «адамзаттық құндылықтар», «өркениетті елдер», «әлемдік прогресс», т.б. сөздердің астарын білмей, оның артында қай ұлттың мүддесі тұрғанын алданған интеллигенцияның сезінуі оңай да емес. «Өркениетті елдер» дегеннің ар жағында басқа ұлттың есебі тұрғанын түсінгенде ғана ұлт зиялылары ойлана бас­тайды. Соның өзінде үстем болып қалған мәдениеттің жақсысы мен жаманын ажырату, оның жағымсыз ықпалынан айырылу бірден бола қоймайды. Көңіл тоқтатып қарағанымызда, шовинизм, космополитизм, нигилизмнің түп тамыры бір. Жаһандану заманында олардың әрқайсысы да ұлттық құндылықтарды менсінбей, орыс мәдениетіне, батыс өркениетіне, америкалануға бейімдейді. Олардың бір-бірінен түбегейлі айыр­машылықтары жоқ. Шовинист өз ұл­тының үстемдігін, басқа ұлттардың, әсі­ресе, отарланған ұлттардың тілін, дінін, мәдениетін қабылдағанын армандайды, сол үшін аянбай қызмет жасайды, өз хал­қының табысын, өркениетке қосқан үлесін аса зор етіп корсетуге тырысады. Сөйте тұра, үстемдік етуші ұлт өзіне сіңісіп кетушілерге сенімсіздікпен де қарайды, антропологиялық келбеті өз алдына, әсіресе, оның аты-жөні сақталса, ол да сенімсіздік туғызуға себеп болады. Ал, космополит те, шовинистер сияқты этностық ерекшеліктерді менсінбей, үстірт қарап, сан жағынан басым ұлттардың мәдениетіне бейімдейді.
Шовинизм мен нигилизм - өзін алдаудан, «ұлымыз» деп өзін-өзі жұбатудан, «кемшін» деп өзін-өзі кемсітуден туған психология. Астамшыл ұлт өкілдері оның мәдениетінің дүниежүзінің кіндігі еместігін, кемшін біз деп сезінген ұлтқа оның бай рухани мұраның иесі екендігін сезінеді. Оны түсінігі тереңдей келе ұлттардың, олардың мәдениеттерінің бір-бірінен артық не кемі жоқтығын ұғады. Әр мәдениеттің қайталанбас құндылық екендігін түсінген жеке адам, ұлт та өз билігі өзінде, ешкімге тәуелсіз болғысы келмейді. Ал, өзін-өзі танымаған адам болсын, ұлт болсын өзін не тақсыр, не пақыр сезінеді. «Момындардың басы cay, жаманды бай­қап қарасаң, күндердің күні болғанда, өз басына өзі жау», деп Махамбет айтқандай, өзін-өзі таныған ұлт өзі де алданбайды, өзгені де алдамайды. Шынайы үйлесім, адамгершілік, ар-ұят өзінді өзің сыйлап, өз арыңның алдында ұлттың алдында таза бол, деп бұл ойды бұдан жиырма ғасырдан астам бұрын Сократ айтқан. Ешқандай дін, ұлт бүгін бұл қағиданы теріске шығара алмайды. Әр ұлттың өзінің өзгеше ерекшелігін танытатын рухани мәдениетінің болуы оның өзіндік келбетін қалыптастырады. Сондықтан, жалпыадамзаттық, ортақ, жалпыға бірдей мәдениеттің болуы мүм­кін емес. Материалдық, техно­логия­лық, ғылыми сұраныстарды қана­ғат­тандыратын құндылықтар болғанмен, жалпыадамзаттық мәдениет идеясының астарында космополитизм идеясы жатыр.
Шынайы ұлтшылдық ұлттың өз қадір-қасиетін білетін, төлтума мәдениетіне негізделген. Ұлт өзінің ішкі және сыртқы саясатында, сын сағатында ұлт мүддесінен шығуды парыз көреді. Өз абыройын таныған ұлт басқаның қадір-қасиетін сыйлап, оларға өз мәдениетін зорлық-зомбылықпен таңбайды және жарамсақтануға, басқа ұлттарға құр еліктеуге де жол бермейді, тіпті, өзін тым жоғары санайтын астамшыл ұлттар алдында да өз қадір-қасиетін сыйлайды. Сондықтан, шынайы ұлтшылдық оқшаулануға да қарсы. Шынайы патриот татулыққа, келісімге, төзімділікке бейім, икемді болады. Ұлт патриоттары өмірдегі болып жатқан жаңалықтарға, тың идеяларға, озық технологияға назар аударып, мәдени құндылықтарды өз мәдениетіне икемдеп, өз қазанында қайнатуға дайын болады, өз құндылықтарымен бөлісуге, еркін алмасуға дайын. Ұлттың өзін-өзі нақты танып білуі жеке адамға да, ұлтқа да әлем мәдениетіндегі шынайы орнын анықтайды. Салыстыра келе астамшыл ұлттың өкілі оның ұлтының әлем мәдениетінің кіндігі еместігін, ал, «кемшінбіз» деп сезінетін ұлтқа оның бай мұраның иесі екенін түсінеді. Шынайы ұлтшылдық оптимизмге, дүниеге сеніммен қарап рақымдылыққа, парасатқа негізделеді, өзін қорғай да алады, ал, ашу, ыза, өш алуға, астамшылыққа бастайтын ұлтшылдық бәлеге жолықтырады.
Әр мәдениет, бір жағынан, тұрақтылық, екінші жағынан, ұдайы дамудан тұрады. Даму үйренуден, игеруден, меңгеруден, оны бойға сіңіруден тұрады. Бірақ, бұл қайшылыққа толы үрдіс, кейде басқа мәдениетті қабылдау сән (мода), кейбір әдет-ғұрыптармен шектеледі. Ал, мәдениеттің өзегі, маңызы терендеу, ол сақталып тұрады. Мәдениеттер алмасуына мәдениеттердің ортақ тегі, діні, дәстүрлерінің ортақтығы (ислам мәдениеті, түркі мәдениеті) әсер етеді. Дәстүрлерді сабақтастырушы отбасы, мектеп, бұқаралық ақпарат құралдары, мәдениет. Жастар әр кезде ұлттық мәдени дәстүрлерімен, соның ішінде шетел мәдени үлгілерімен де танысады, тандайды. Бірақ, әр ұрпақтың, әр адамның өз мәдениетін және басқа мәдениеттерді қабылдауына оның заманы, жеке өмір жолы із қалдырады. Орысша білім алған қазақ жастарының басым көпшілігі, сөз жоқ, орыс, еуропа мәдениетіне басымдық береді.
Орыстану мен орыс мәдениетін, ғылымын меңгеру бірдей еместігін қазақ халқының бірқатары әлі де ажырата алмай жүр. Шын ниетімен, жанашырлықпен сезініп, ұлтсыздық жанына батып жүргендер, әрине, аз. Ұлтшылдық – азапты тағдыр, талай қиындықтарды бастан өткізсе де, қажымайтын күрескерлер бар. Кеңес заманы тұсында өз жағдайымыз туралы өтірікке алдандық, көзбояушылық көп болды. Ол дерттен бүгін де арылған жоқпыз. Ұлтсызданудың қауіпті дең­гейге жетіп, енді ешқандай шегініске, ымырашылдыққа жол қалмағандығын, намысты қамшылайтын заман туғанын сезіне бермейтін сияқтымыз. Ең бас­ты сілкініс қазақ интеллигенциясы ұста­нымының түбегейлі өзгеруіне де байланысты. Халықтар достығы деп, шындығында, ұлтсызданудың жаршысы болған қазақ интеллигенциясының, қоғамдық ғылым өкілдерінің, ғалымдар, жазушылар мен композиторлардың өз тілінің әлсіреуіне, дәстүрінен қол үзуге жұмыс жасағаны да жасырын емес. Сонымен, бір ұлттың екінші бір ұлтты бағындырып, тәуелді етуі, басқаны айтпағанда, отарлаушы ұлттың да, отарланған ұлттың да жан-дүниесіне жарақат салып, біреуін ұлттық астамшылыққа, менмендікке бейімдесе, екіншісін өзін-өзі кемшін сезінуіне, өзінің құндылықтарынан жатсынуға итермелейді. Бірақ, қай ұлт та түгел құлдилап, рухани жағынан азбайды.
Ұлттық астамшылық пен ұлтсыздық заңды, ұлттың маңдайына жазылған тағдыр емес. Ұлттық тәкаппарлықтан да, басқаға сіңісудің құрбандығы болудан да бас тартып, қарсы тұрып, ұлтты адамгершілік, өзара сыйластық жолына түсіру ұлттық саясатқа байланысты. Тәуелсіздік алып, ұлтына төнген қауіпсіздікті сезінген қазақ ұлтының біраз өкілдері бүгін ана тіліне, мәдениетіне, дәстүріне бет бұрды. Бүгінгі ұрпақ ұлттық құндылықтар арқылы кешегі ұрпақпен де, ертеңгі ұрпақпен де байланысуға мүмкіндік алды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ұлттық патриотизм өскен сайын басқаларды шеттету зандылыққа айналады деген болжамдар ақталмады. Қазақ ұлты жалаң этнопопулизмге бой алдырмады. Еліміздегі этностар да күрделі мәселелерді ой елегінен өткізіп, жаңа этноахуалға бейімделуде.
Жаһандану қазақ ұлтының болмысына әртүрлі деңгейде ықпал етуде. Этностарға ішкі ұлтаралық ахуалдың да, тарихи Отандарының да (материнский этнос) ықпалы бар екені анық. Біртұтас қазақстандық қоғамдағы күнде өзгеріп тұратын күрделі ұлтаралық мәселелерді біржола шешу мүмкін емес, оны реттеу – қоғамның, мемлекеттің, әр аза­маттың күнделікті парызы.

Ұлтшылдық у ма, бал ма?

Ұлттық сана мен ұлттық болмыс әр халықта өзін басқалармен салыстыру барысында қалыптасып, өзгеріп, жағдайларға икемделеді. «Біз» бен «оларды» саралап, өз тілімізді, мәдениетімізді, дәстүрімізді ажыратып, кейде, тіпті, таласып та жатамыз. Дегенмен, әр халықтың тарихына байланысты белгілі бір ұлттармен ғана қарым-қатынасқа түскендіктен, солар туралы жағымды, жағымсыз пікірлер, стереотиптер санаға орнығады. Ол байланыс әртүрлі деңгейде көрінеді. Қазақ халқының ұлттық санасында бірінші деңгейде Қазақстанда тұратын этностардың бей­несі, олардың ішінде орыс этносының тарихи жағдайларға байланысты кел­беті қайшылықты, күрделі қарама-қар­сы­лықтарға толы. Патша үкіметінің отарлау саясаты, қазаққа қиянаты ке­зінде «Орыстан досың болса, айбалтаң жа­ныңда болсын» деп сақтандыратын сөз де тудырды. Екінші деңгейдегі біздің санамыздағы образ Ресей халықтары мен бұрынғы одақтас республикалар ха­лықтары. Сонымен бірге, немістер, француздар, қытайлар, америкалықтар, басқа да ұлттар соңғы кезде бізге жақын араласатын іскер серіктеріміз. Біз оларды енді танып-біліп жатырмыз. Үшінші деңгейде бізбен тығыз қарым-қатынас, әрекеттестікте болмаған халықтар, олар туралы әдебиеттен, ақпараттық құралдардан көбірек білеміз. Ұлтшылдық пен ұлтсыздық психологиясы өз ұлтын және басқа да жақын қарым-қатынастағы ұлттардың бір-бірін қабылдауына байланысты туады. Ұлт саясатын айқындау барысында бірқатар мемлекеттер ұлт ұғымына, ел-халқының қалай түсінетініне мән береді. Ресейдің осы мәселеге арналған зерттеулеріне жүгінсек, сауалға жауап бергендердің 48,6%-ы ұлт қасиетті, адамға табиғаттан, Алладан берілген деп қастерлейді; 48,2%-ы ұлты арқылы адам Отанын, ата-бабасын, тарихын танып, елін сақтайды депті; 41,2%-ы әрбір дені дұрыс адам ұлтымен мақтануға тиіс деген. 16,4%-ы ұлт адамдарды қауымдастырып, ортақ мақсатқа қол жеткізеді десе, 11,8%-ы болашақты айтпағанда, ұлт бүгінде көп жағдайда ескірген ұғым депті. 9,7%-ы адамдар тегіне қарамай, ұлтын өзі таңдауға құқылы болсын деген. Ұлттар мидай араласып, орыс ұлтына сіңісіп бара жатқан ресейлік қоғамда бұл жау­ап таңғаларлықтай емес. Сауалға жауап бергендердің 6,3%-ы ұлт ұғымы адамдарды жікке бөліп, бір-біріне қарсы қояды деп жауап берген. Ең бір назар аударатын жағдай, 50 жастан асқандар арасында ұлтты қасиетті деп санайтындар көбейе түседі.
Бұл мәселеге немістердің де пікірі көңіл аударарлық. «Шпигель» журналының зерттеуі бойынша, «Сіз үшін ұлт деген нені білдіреді?» деген сауалға 14 пен 29 арасындағы жастардың 31%-ы «ештеңені де білдірмейді» десе, 21%-ы «ескірген ұғым» депті. «Немістердің басқа да ұлттардан артықшылықтары бар ма?» деген сауалға 52%-ы «жоқ» десе, 45%-ы кейбір халықтардан артықшылықтары бар депті, ал, 2%-ы, тіпті, фашистік ұстанымда болған. «Егер, артықшылықтар болатын болса, немістер қай халықтардан артық?» деген сауалға, 87%-ы поляктардан, 74%-ы түріктерден, 63%-ы орыстардан, 20%-ы француздардан, 11%-ы америкалықтардан деген.
Осылай біреулер үшін ұлт қасиетті, киелі болса, екіншілер үшін ұлттың тарихы, өткен асулары – құндылық, үшіншілер үшін ұлт патриотизмнің қайнар бұлағы, ұлттық ар-намыс еңбек етуге, күреске қуат қажыр-қайрат береді. Бұл – әр халыққа тән ұлттық патриотизм. Сонымен бірге, ұлтқа бей-жай, болмаса жағымсыз пікірлер де баршылық. Әр адамға ұлттық құндылықтары, үйренген ортасы соншалықты қымбат, қадірлі, тіпті, өз ұлтынан артық құнды ештеңе болуы мүмкін емес сияқты. Сондықтан, басқа ұлттардың құндылығы  алыс,  бұлдыр,  көзге  көрінерліктей  бағалы емес деп қабылдауы да мүмкін. Шынында да,   адамдарға өз халқының өзге де жоқ қасиеттерін жинап-теріп, оның артықшылығын  психологиялық,   идеологиялық  тұрғыдан сендіру қиын емес. Осылай өз ұлтына өзгеде жоқ қасиет­тер таңылады. Абай айтқандай, «ей, Құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі ан­тұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп...» ойлау қазақтарға да тән. Мұндай өзімшіл психологияны этноцентристік психология деп атайды. Бұл індетке терең шалдыққан өз ұлтын, ортасын басқалардан артық қоятын отарлаушы ұлттар. Себебі, астамшылық міндетті түрде бөтен этностарға жағымсыз көзқарас туғызып, өз этносының артықшылығын мойындатуға тырысады. Кейде бұл құбылысты этностық нарциссизм – өзін өзі сүюшілік, менмендік дейді. Көне грек аңызы бойынша, Нарцисс судан өз бейнесін көріп, өзіне өзінің сүйіспеншілігі соншалықты, тіпті, көз алмастан қарап, сол күйінде қатып қалып өмірден кеткен. Өлгеннен кейін ол Нарцисс атты гүлге айналған. Адамның өз халқының мәдениетіне, тарихына көзқарасы әралуан. Әсіресе, империялық ұстанымдағы ұлттар астамшылық психологиясымен ерекшеленеді. Ол індетке шалдыққан ұлт өкілдері, ерекше жаратылған, тіршіліктің ішіндегі ең мандай алдысы деп есептейді. Осыдан келіп басқалармен қарым-қатынасын оның ортасы, ұлты, нәсілі басқалардан артық деген қағидаға негіздейді.
Ұлттық өркөкіректік бара-бара ұлы­лық дертіне, ұлттық масат­тану­шы­лыққа, паңдыққа шалдық­тырады. Он­дай ұлттың өкілдері өздеріне ерекше құрмет, ерекше құқ талап етеді, осылай ұлтшылдықтың асқан түрлері шовинизмге, одан фашизмге ұласады, түптің түбінде өзін өзі құртуға апарады. Өмірде астамшыл ұлтшылдықтың көріністері бір-бірімен байланысып, ықпалдасып жатады. Менменсіген орыс шови­низмі Еуропа ұлтшылдығы алдында төменшіктеп, бәсендеп қалады. Орыстардың «Чем быть азиатом в Европе, лучше быть европейцем в Азии» деуі, Ресейдің азиялықтарды айтқанына көндіру, мойынсұндыру мақсатын айқындайды. Орыс интел-лигенциясы өзін-өзі танудан гөрі, Азияда нағыз еуропашылдар болғысы келді. Бірақ, қандай тыраштанғанмен орыс отаршылдары орыстанудан, шоқындырудан, елді мекен, жер-су аттарын орыстандырудан аса алмады, еуропалықтардай ел басқарудың өркениетті үлгісін көрсете алмады. Дегенмен, қазақ зиялылары аз да болса орыс демократтарынан үйренді, орыс білімінен сусындады.
Астамшылдық психологиясы басқаларды кемсітумен, олар туралы әртүрлі ғылыми теориялар таратумен, халықтарды «ең мықты», «орташа», «төмен» деп жікке бөлумен қатар жүреді. Ол «теориялар» жылдардан жылдарға, ғасырдан ғасырға ұласып, ел ішінде наным-сенімдер қалыптастырады. Осылай астамшылықты негіздейтін «эволюция басқыштары» немесе «даму са­ты­лары» деген тұжырым өмірге келді. Адам­зат даму барысында халықтар әртүрлі деңгейден көрінеді, біреулер ілгерілеп, екінші тоқтап қалса, біреулері өрлеп алға баса береді. Сонымен, адамзатқа көз жіберсек, ол эволюцияның әртүрлі кезендерінде дамып келеді. Осыдан адамзат эволюциясының басқышы деген тұжырым жасалды. Ол басқыштың жоғарғы төрінде өркениетті деген елдер орын алса, төменгі басқыштарда өркениетті елдерге мәдениеттері ұқсас, үйлесімді мәдениеттер орын алады, ең төменгі басқышта орналасқан «мәдениетсіз», «жабайылар» орналасқан. «Эволюциялық басқыштарда» да орналасудың басты критерийі Еуропа мәдениетіне сәйкестілігі, сондықтан да, бұл пікір шындықтан аулақ, субъективті психологияға негізделген. Төменгі басқышта орналасқан көшпенділер жоғарғы басқыштарға орналасқан отырықшы халықтарды рухымен, ақыл-айласымен, білімімен, күшімен талай бас идіргені де тарихи ақиқат.
Басқалардан өз ұлтын жоғары баға­лау, болмаса шовинизмнің көрі­ніс алуы әртүрлі деңгейде этнос өкілде­рінің ерекшеліктеріне, әлеуметтік жағдай­ларына, этносаралық өзара байланыстарды реттейтін мемлекеттің ұлт саясатына байланысты. Дағдарыстар жағдайында қаһарына мінген шовинистік топтар этносқа қарсы зорлық-зомбылық жасап, оны жер бетінен жоюға дейін барады. Шовинизмнің себептері әртүрлі: этносаралық қатынастарда өз мәртебесін жоғары санау, мүмкін болса этностарды бағындыру, сырттан келген мигранттардан сақтану, өз мүддесі үшін басқа ұлттың табиғи байлығына таласу, экономикалық бәсекелестікте қарсыласын әлсірету, тағы басқалар.
Ұлтшылдықтың тағы бір көрінісін мәдени консерватизм деуге болар. Ұлттың төл ерекшеліктерін тек өткен замандағы құндылықтармен, тұрмысымен ғана өлшеп, ол үлгілерді бүгінгі талапқа сай икемдемей, сол қалпында пайдалануға тырысушылық. Оны бүгінгі ұрпақтың қабылдауы не қабылдамауымен есептес­пеу де дағдарысқа апарады.
Ұлттық астамшылык, шовинизм қай заманда сол ұлтты толықтай өз ықпалына икемдей алмаған. Ұлтаралық қатынастарға толеранттылық, төзімділік, сыйластық та тән. Этностар арасында бәсекелестік, сенімсіздік, жек көру де, ынтымақтастық пен бірлестік іс-қимыл жасау да қатар жүреді, болмаса кезектесіп те жатады. Ал, отарланған, бағынышты ұлттардың ұлтшылдығының астарында патриотизм, өзін-өзі сүю, ішкі ашу-ызаны сыртқа шығару, өзін-өзі сақтаудың амалы жатыр. Кейде өзін басқаларға қарсы қойып, өзін өзі таныту, өз талабының дұрыстығын дәлелдеу үшін бағынышты ұлт өкілдері де астамшылық, ұлттық тәкаппарлыққа, этнопопулизмге ұрынатынын Абай екінші қара сөзінде қазақты сынға алғанын айттық. Бұл біз де мықтымыз деген жұбаныш сияқты. Абайдың салыстыру әдісін кейінірек саяси ғылымда компаративтік әдіс деп атады. Этностарды әртүрлі тұрғыдан, мысалы, демографиялық, кәсіби, білім, денсаулық, т.б. деңгейлерден даму үрдісін анықтау әлеуметтік ғылымда бүгін кең тараған, оларды сабасына түсіретін ғылыми амал.
Сонымен, ұлтшылдық әртүрлі. Ол у да, бал да құюға болатын сауыт сияқты. Кез келген ұлтшылдықты қисынды, қолдауға тұрады деуге болмайды. Оның бір көріністері шындыққа жуыспаса, екіншілері ұлттың орынды талаптарының белгісі. Мұндай ұлтшылдық – халқымыздың жаны мен тірегі. «Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да бірге өмір сүреді» (М.Шоқай. Таңдамалы. Бірінші том, 1998, 62-6.). Ұлтшылдық – ұлтты тәуелсіздіктен, кіріптарлықтан азат ету жолы. Тағы да М.Шоқайша айтсақ: «Ұлтшылдық біздің, соның ішінде менің де саяси идеяларымыздың соңы емес, басы. Олай болса, біздің барлық іс-қимылымыз өз билігіміздің өз қолымызға өтуін қамтамасыз ету тұрғысынан жасалуы керек» (Сонда, 115-6.).

925 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз