• Келелі кеңес
  • 21 Ақпан, 2014

Салт-дәстүр ұлттың генетикалық коды

Осы күнге дейінгі біздегі қалыптасқан пікір бойынша дін мәдениеттің құрамдас бөлігіне жатады деген тұжырым бар. Мұндай тұжырымның қалыптасуына 17-18 ғасырларда Батыс Европа елдерінде дін мен қоғам арасындағы қайшылықтың туындауы тікелей ықпалын тигізді. Алайда, бұл тұжырымның дұрыс еместігін уақыт сан мәрте дәлелдеп берді. Дін мәдениеттің құрамдас бөлігі бола алмайды. Өйткені, дін  адам баласының ойынан шығарылған нәрсе емес. Дін адамзат қоғамынан тыс ортада пайда болып, сол жіберілген қоғамның игілігі үшін қызмет жасайтын ілімдер жүйесі. Адамзат қоғамында жалпы мәдениет пе, салт-дәстүр ме, әдет-ғұрып па, мемлекеттік жүйе ме барлығы діни ілім мен діни таным негізінде қалыптасады. Сол себепті, дін ешқашанда мәдениеттің құрамдас бөлігі бола алмайды. Керісінше, дін мәдениеттің құрамдас бөліктерін қалыптастыратын негізгі қозғаушы күш болып табылады. Дін мен діни танымнан тыс қоғамның рухани-мәдени өмірі мен қоғамдық қатынас жүйелерінде ешнәрсе болмайды. Өйткені, қоғамдағы барлық жүйелер осы діни таным негізінде қалыптасып, сол діни таным шеңберінде қызмет етеді. Бұл діннің қоғамдағы қызметінің сан-салалы екендігін көрсетеді. Сондықтан, мәдениет әркезде дінге тәуелді болады. Діннен тыс ешқашан мәдениет болмайды. Діннің қоғамдағы ролінің артуы – ол қоғамның нұрлануына, гүлденуіне, мәде­ниетінің жаңа сатыға көтерілуіне әкелсе, діннің қоғамдағы ролінің төмендеуі, керісінше, қоғамның азғындауына, тоқырауға ұшырап, ыдырауына әкелетін қауіпті фак­торға айналады.


Діннің қоғамдағы ролінің қаншалықты жоғары екендігі туралы XX ғасыр басындағы  орыс ойшылы В. С. Соловьев былай деп жазады: «При таком внутреннем соединении (а несмешении) религиозной идеи с народностью выигрывает и та и другая сторона. Народность перестает быть простым этнографическим и историческим фактором, получает высший смысл и освящение, а религиозная идея обнаруживается с большой определенностью, окрашивается и воплощается в народности, приобретает в ней живую историческую силу для своего существования в мире. И чем значительнее народная сила, тем выше она должна подниматься над национальном эгоизмом, тем полнее она должна отдаваться своему вселенскому служению». В. С. Соловьевтің бұл пікірі кез-келген халықтың деңгейі, ру­­хани қуаты діни идеяның халықтың ой-санасынан қаншалықты терең орын алуына байланысты екендігін көрсетіп отыр. Басқаша айтқанда,  халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің, жалпы мәдениетінің қай бағытта дамитынын айқындайтын – діні, діни танымы. Егерде кез-келген халық өзінің дәстүрлі дінінен, діни таным негіздерінен ажырайтын болса, онда ол халық өзінің рухани мәдени болмысынан ажырайды. Жаңа қабылдаған діннің талабына қарай жаңа мәдениет пен дәстүр қалыптастыруға мәжбүр болады. Осы тұрғыдан келгенде Президент Жолдауындағы «Дәстүр халықтың генетикалық коды» деген тұжырымын – қазақ халқының болашағына алаңдаушылығы деп түсінген дұрыс. Сондықтан, дін халықтың міндетті түрде салт-дәстүрімен сабақтас болуы шарт. Олай болмаған жағдайда ол дін халықтың рухани, мәдени болмысы мен салт-дәстүріне қауіп төндіретін факторға айналады. 
Әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің 
киелілік сипаты
Салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа анықтама бер­­мес бұрын, бұл сөздердің шығу тегіне қыс­­қаша тоқталып, бұл сөздердің түпкі мәні нені білдіретінін анықтап алғанымыз жөн.Дәстүр – ұрпақтан-ұрпаққа ауысатын, тарихи қалыптасқан нормалар мен үрдістер. Ол – халықтың мінез-құлқының, іс-әрекетінің рухани негізі. Дәстүр мәдениетпен тығыз байланысты, сондықтан мәдениеті дамыған ел дәстүрге де бай. Ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, адалдық, әділеттілік, мейірімділік сезімдері озық дәстүрлерге жатады. Сеййид Хусейн Наср атты түркі ғалымы: «Дәстүр» сөзі уаһи жолымен адамдарға білдірілген қасиетті, әрі осы иләһи хабарлардың адамзат тарихы бойынша тоқтамастан ашыла беруі мағынасында қолданылады. Дәстүр – Иләһи хабар, әрі Негізге жақындататын үздіксіздік мағынада дей келе Аллаға ғашықтық ақиқатына жалғаған тұп-тура байланыс құралы ретінде сипаттайды. Сөйтіп, ол ойын ары қарай былайша тұжырымдайды: «Дәстүр дінді және оның заңдылықтарын қамтыған» дейді. Ал, Дін болса, қалыптасқан дәстүрге айналған Сүннет болып табылады және сопылықтағыдай дәстүрлі өмірдегі ой толғанымдары мен өмірдің әр дәуірін, әр кезеңін және әр ғасырын Негізге жалғайтын шынжыр, тізбек, яғни Силсала. Осы себептер арқылы дәстүрдің тамыры Иләһтан келген уаһида орналасқан. Бұтақтары мен өзегі ғасырлар бойы дамыған алып бір бәйтерекке ұқсатуға болады. Дәстүр ағашының негізінде дін, оның негізінде ағаштың өмір сүруін қамтамсыз ететін уаһидан нәр алып тұрған берекет орналасқан. Дәстүр, киелілік, басы және соңы, ақиқаттары: таусылмайтын хикметі мен ақиқаттың ауыспас принциптерін әртүрлі уақыт пен мекен шарттарында әрқашанда іске асып отырады.» Бұл дәстүрдің пайда болуы жайдан жай емес, Жаратушының әр халыққа белгілеп берген өмір сүру жолын белгілеген қағидалар жүйесі екендігінен хабар береді. 
«Салт» сөзін қазақша мағынасына келер болсақ, қатты, қатты болу, берік болу, төзімді болу дегенді білдіреді. Егерде, осы талдауларға сүйенер болсақ, онда «салт-дәстүр» ұғымының мағынасы – айнымайтын, берік қоғамның тұтастығы үшін жаратушы тарапынан жіберілген қағидалар жүйесі дегенді білдіреді. Араб тілінің сөздіктерінде: «Әдет деген сөз араб тілінде - ‘адат -әдет, бір істі немесе әрекетті жиі қайталау. Бұл сөздің негізгі түбірі «‘ада» -  ﻋﺎﺩﺍ - қайта оралу, өз қалпына келу деген мағыналарға саяды. «‘ұрып» сөзі негізінен арабтың «‘арафа» деген сөзінен шығады. Араб тілінде –«‘арафа» сөзінің мағынасы   білу, тану, қабылдау, өте жақсы білу. Сонымен «Салт-дәстүр, әдет-ғұрып» деген сөздер түгелдей дерлік діни сөздер. Қазақ халқына араб тілінен еніп, төл сөзімізге айналған. Бұл сөздер халқымыз тұтастай Ислам дінін қабылдаған тұстан бастап қолданысқа енген кірме сөздер. 
«Мәдениет» (маданийат) – сөзінің этимо­логиялық төркіні арабша қала, қоғам, қауымдасу т.с.с. мағыналарды білдіреді. Мәдениет пен дін сөздері бір түбірден (дана/йадину етістігінен) шыққан. Дін арапша - дин, сөздік мағынасында жол, сенім, үкім, қағида т.с.с. мағыналарды білдіреді. Мәдениет қала, қауымды білдіретін «...Тәңір тарапынан белгіленген «жолы», этикалық, әлеуметтік, экономикалық және діни құлшылық ету қағидалары мен сенімдік жүйеге негізделген, Тәңірмен байланыс құруға арналған табыну орны (мешіт, шіркеу, синагога т.с.с.) бар қауымның тіршілік әдісін, тұрағын анықтайтын ұғым (термин). «Маданийат» ұғымы кейіннен уақыт ішінде қала, қалалық, отырықшы т.с.с. сипатқа ие болып, латын тіліндегі «культура» ұғымымен тең мағынаға ие болған».
Егерде, қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі негізінде Құдайлық негіз болса, онда, олардың барлығының киелілік сипаты бар жүйе. 
Йасауи Ислам шариғатындағы негізгі бес негіз – бес парыз бен осы бес парыздан туындайтын қырық парызды қалдырып, қо­ғамдық қатынастарды реттеу жолы толығымен  көне дәстүрге берді. Бұл басқаша айтқанда, бұдан жан мен тән қажеттілігіне қарай адам болмысының екіге бөлінгенін көруге болады. Тариқат жолы тән қажетіне байланысты мәселелерді қарастырмайды, адамның рухының қажеттігін өтейтін амалдарды қарастырады. Осы дәстүрдің бүгінгі күні кванттық физика ғылымы тарапынан толығымен дәлелденіп отыруы Йасауи бабамыздың бұл саладағы білімінің қаншалықты терең болғандығын көрсетсе керек. Демек, бұл қазақ дәстүріндегі шариғатта жоқ деп жүрген амалдардың негізі бар екендігін және олар тариқат жолы арқылы қалыптасқандығын көрсетеді. Өйткені, қазақ халқының  жылдар бойына жинақталған рухани мұрасы мен мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы дінмен байланыс жолы негізінде қалыптасты. Ал, қазіргі күні келіп, қазақтың ана салт-дәстүрі, мына әдет-ғұрпы Құранда  жоқ, исламға жат деп үкім шығару – қазақтың дәстүрлі діни танымына қайшы екендігін көпшілігіміз түсіне бермейміз.
Демек, қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы қазақ халқының діні мен діни танымымен тығыз байланысты. Бүгінгі күні «әсіре исламшылдар» әулиелерге зиарат ету, әруақтарға арнап ас беру, зікір ғибадаты сияқтыларға шабуылдаумен шектеліп отырған жоқ. Дін мен дәстүр негізінде қалыптасқан бүкіл әдет-ғұрып, салт-дәстүрге қарсы шабуы­лын үдетіп отыр. Халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері халықтың діни танымының материалданған көрінісі, символдары. Халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін өзгерту діни таным негіздерін, киелі саналған бүкіл символдарын жояды. Бұл халықты діни танымымен қоса, рухани, мәдени болмысынан толық ажыратуға әкеледі. Басқаша айтқанда, қазақ халқын тамырымен қопарып, тарих сахнасынан кетіреді. Сондықтан, қазақ халқының дәстүрлі діні мен діни таным негіздерін, осы негіздермен сабақтас қалыптасқан дәстүрін сақтап қалу бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Өйткені, салт-дәстүр халықтың генетикалық коды.

 

4386 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз