• Келелі кеңес
  • 21 Ақпан, 2014

Дін және дәстүр

Жания  Әбдібек,
журналист

Құран Кәрімде: «О, Халық! Не нәрсені де талқыла, сонда сен шындыққа жете­сің» деп көрсетеді де,  көзқарастар қайшы­лығынан ақиқатқа қол жеткізу болатынын меңзейді. Ендеше, қазіргі кең етек  алған дін мен дәстүр қарым-қатынасының қандай болуы керектігі мәселесі уақыт тудырған проблемалардың бірі. Оған қоса ендігі бір тұстардағы айтылып жүрген тәңіршілдік ұстанымын алға тартсақ, онда мәселе тіпті күрделене түседі. Тә­­ңір­шілдікке келсек, оны теориялық жа­ғынан негіздейтін кітап та, канон да жоқ. Ол бар болғаны қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүр, күнделікті тыныс-тіршілігіндегі  қарым-қатынасқа сіңісіп, мұсылмандықпен астасып  кеткен  наным-таным, айта берді сенім. Сондықтан, тә­ңірлік ұлттың «сәбилік» шағының  белгісі. Ол халқымыздың өткен табиғи-тарихи процесі. Оған еш қайта  орала  алмаймыз. Демек, бүгінгі келелі кеңесте көтеріп отырған мәселеміз дін мен дәстүр қарым-қатынасының  қан­шалықты болып, қандай деңгейде  дамуы  керектігі болса, ол ешкімді де таң­қалдыра қоймас. Дейтұрғанмен, соңғы уақыттағы жат ағымдардың кері әсерінен болар, дәстүріміздің  дінге қайшы тұстары көп айтылып жүр. Дәстүрлі  дін мен салт-санамыздың ара жігі неге ажырап бара жатыр. Бұл  қоғамның өзге ағымдардың  әсерінен арандауға ұшырағаны ма, әлде «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, салт-дәстүріміз  иманға қайшы болғаны ма? Осы және өзге де дін мен дәстүрге қатысты  мәселелерді алға тартып, келелі кеңес ұйымдастарған едік. Кеңеске  «Нұр-Мүбарак» университетінің  проректоры, профессор Шәмшәдин Керім, ҚР Мәдениет  қайраткері, жазушы Құ­дияр Біләл, з.ғ.д., профессор Зайлағи Кенжалиев, философ Әбдірашит Бәкірұлы, ҚР Білім беру ісінің құрметті  қызметкері Жарылқасын Боранбай, ҚМДБ уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, PhD доктор, теолог Ершат Оңғаров қатысып, дін мен дәстүр сабақтастығы төңірегінде  ойларын ортаға  салған еді...


– Соңғы кездері мерзімді басылымдарды былай  қойғанда, қалың қауым халықтың арасында дін мен дәстүр өзек­ті мәселе болып отырғаны өздеріңізге  мәлім. Шынында да, осы бір қасиетті  ұғымдардың аражігін ажыратып, бөле-жара қарауға бола ма, әлде олар бір-бірімен  астасып, үндесіп  кеткен түсініктер ме? 
Жарылқасын Боранбай: – Қазақ  халқы еш уақытта дінсіз бол­маған. Оған дәлел­дер өте көп. Соның бірі, бар­лық қа­сиетті кі­тап­тарда Адам ата, Хауа ана ай­тылады. Ал, қа­рап отырсаңыз, әлем халықтарының ішінде Адам  деген сөздерді қазақтар ғана айтады. Хауа ананы ана деп атаймыз. Екінші бір дәлел, қазақта Тәңір, Құдай, Алла деген сөздердің барлығы бір Алланың хақ екендігіне арналған. Мұхаммед пайғамбар  келгенге дейін басқа халықтарда, тіпті арабтардың өздерінде пұтқа табыну басым еді. Және пайғамдарды Алла Тағала  жібергенде де сол халықты  тыныштандыру, тәрбиеге шақыру, мәдениетке жеткізу деген ниет болған. Сондықтан да, біз Құдай арқылы, Тәңір ар­қылы Алланы тез қабылдадық. Себебі, ислам діні алғаш таратыла бастаған кезде біздің қазақтың қанында, жанында, болмысында  бір тәңірге сену құбылысына еш  қарсылық болған  жоқ. Мемлекет болу үшін, халық болу үшін төрт бірлік керек: тін  тарих,  территория және хан. Ал, мұндағы  тін  дегеніміз  тіл, діл, дін. Осы нәрселер біздің  халқымызды ұйыстырады. «Төртеу түгел  болса, төбедегі келеді» деген осы. Бұдан шығатын ой, дін бүкіл салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды  қабылдады.  
2011 жылы мектеп оқушылары мен ЖОО-на арнап Абай атындағы Қазақ мемлекеттік  педагогикалық университетінің оқытушысы Бақтияр Сманов екеуміз бірігіп, «Ұлттық  тәрбие  және дін мәселесі»  деп аталатын кітап жазып шықтық. Бұл кітапты шығарудағы басты мақсатымыз оқушыларға, студенттерге дін мен  ұлттық дәстүрдің байланысын түсінікті, діни терминологияны  мейлінше аз қолдана  отырып түсіндіру болды.
Зайлағи Кенжа­лиев: – Алла деп бас­­­тайық. Құрметті пі­кір­­таласқа қатысу­шы­лар! Дін және дәстүр тақырыбы қазақ қоғамы үшін өте нәзік және жан­ды тақырып. Қа­зақ халқының дәстүрлі діні – ислам діні. Және бұл айтылған ой бү­гінгі кез­де қоғамда дау тудырмайды. Өмір шын­­дығына сай тұжырым ретінде  қабылданады. Қуантатыны, бұл ойды  мем­лекет те мойындайды және өзінің  ресми идеологиясының  құрамдас бөлшегі ретінде қарастырады. Оған дәлел «Діни  қызмет және діни бірлестіктер туралы» 2011 жылы 11 қазанда  қабылданған мемлекетіміздің Заңы, Елбасының ресми сөздері, оның ішінде «Қазақстан–2050 Стратегиялық бағдарламасы» секілді маңызды  құжат­тардағы ислам діні  туралы айтылатын ойлар. Аталмыш заңның преамбуласында: «Ханафи бағытындағы  исламның  халықтың мәдениеті мен рухани өміріндегі  тарихи рөлін  Қазақстан Мемлекеті  ресми мойындайтынын және  танитынын бекітеді», – делінген. Ал,  Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан–2050 Стратегиялық бағдарламасында»: «Біз мұсылманбыз. Оның ішінде Әбу-Ханафи масхабын ұстанатын сунидтерміз», – деп қадап айтты. Және де Елбасы: «Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді,  ата-анасы сыйлауға негізделген. Ендеше бүгінгі  ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін ислам дінін қадірлей отырып, ата-дәстүрін ардақтағаны абзал», – деді. Бұдан шығатын қорытынды, егер ислам діні  қазақ  халқының  дәстүрлі діні болса, қазақтың дәстүрі де ислам дініне негізделуі тиіс. Дін мен дәстүрді айыруға  болмайды.  Олар  біртұтас  құбылыс. Дін дәстүрдің ішкі мәні-мағынасы болса, дәстүр оның сыртқы келбеті. Мәнсіз, мағынасыз дәстүр болмайтыны  белгілі. Әрине, кейбір дәстүрлер  бір  емес,  бірнеше  қабат  дәстүрлерге  ие болуы  мүмкін. Және бір қарағанда олар дінмен еш  байланысы жоқ секілді болып көрінеді. Бірақ, байыптап қараған адам дәстүрдің түпкі  мәні діни сенімге негізделгенін көре алады. Айталық, дәстүрлі наурыз мейрамының  табиғат заңын танып-білу мейрамы, күн мен түннің теңелуін, жаңа  жылдың  келуін қарсы алып, қуану мейрамы екендігі рас. Бірақ, наурыз мейрамының мәнін, оның табиғаттық сипатымен шектеуге тырысушылар аз емес, олардың пікірінше бұл мейрамның бастауы табиғаттан бастау алады және мағынасы мен мақсаты табиғатты  мойындау мен соны дәріптеумен шектелуі тиіс. Бұл мейрамның исламмен еш қатысы жоқ. Ал, мұсылман қауымы үшін табиғатты жаратушы Алла. Демек, қыстың  орнына  көктемді әкеліп,  жаңа  жылға  бастау болатын наурыз айының түсуін, ол айдағы  күн мен түннің теңелетін күнін де белгілейтін бір Алла Тағала. Олай  болса, наурызды мерекелеу Алла Тағалаға ризашылығымызды  білдіру деген сөз. Яғни, ислам ғылымы, оны ұстанушы мұсылман қауымы наурыз мейрамының табиғат мейрамы екенін  жоққа шығармайды. Бірақ,  бұл мейрамның түпкі мәнін табиғат пен табиғат заңымен шектемейді. Мәселені, тереңірек түсінуге  мүмкіндік береді. Сөйтіп, табиғаттың жа­­ратылуы негізінде Алла Тағаланың  қа­­лауы­ның жатқандығын ескеруді алға тар­­тады.
Құдияр Біләл: – Дін тақырыбы жұрт  күтіп отырған, өзек­ті тақырып. Көп мә­селе шешілмеген, жа­бық күйінде қалып келе жатыр. Ислам ді­нін ғасырлар бойы ұс­танып келеміз десек те, бүгінгі таңда енді біліп, енді танып жатқандаймыз. Оның өзіндік себептері бар. Сондықтан да, дәстүр мен діннің үндес­тігі, бірлестігі туралы тақырыптың  көтерілуі орынды  деп ойлаймын. Дәстүр мен діннің үндес екенін ұғынғаннан кейін, біз оны «дәстүрлі дін» деп қабылдаймыз. Кейбіреулер бізден ис­лам дінін неге бөлшектейтініміз тура­лы сұрайды. Ислам біреу ғана емес пе, неге оны «дәстүрлі дін» деп бөле-жара  қарай­тын, әлде өзгелер ұстанатын исламнан бір ерекшеліктері бар ма деген секілді сұрақ­тар туындайды. «Дәстүрлі дін» дегенде  ішінен қазақтың өзіне ыңғайлап алған жаңа тармақ бар ма деген секілді сауалдар пайда болады. Рас, дәстүрлі дін дегеннен  қашпауымыз керек. Өйткені, ислам дінінің  қазіргі  күннің  өзінде  73 тармағының  бар екендігі ақиқат. Сондықтан, олардың  ішінен екшеп, қазақтың ұстанған дінін  хақиқи дін екендігі дәлелдеуімізді қажет етеді. Мәселе осы төңіректе өрбу керек.  Дін мен дәстүрді  біз бөлмей «дәстүрлі  дін» деп біріктіріп жіберуіміз керек. Мына бір жайтқа  назар  аудару қажет қазақтың халық болып қалыптасқанға дейінгі  кезеңдердегі сенім-наным ұстанымдарының барлығы  Ислам  дінінің терең  етек  жаюын тездетіп,  халықтың санасына мұсылмандықты сіңір­ді. Дәстүр – ислам дінімен егіздесіп кеткен ұғым. Қазақтың дәстүрін ислам діні  қалыптастырды. Екеуінің үндесіп кетуінің себебі осында жатыр. Дәстүрсіз жалаң  ислам­ның өзін  ұстанған  ұлт болады деу өте қате. Ислам дінін ұстанып отырған қаншама мемлекет бар. Бірақ, олар бір дінде, бір  шариғатта, бір масхабта болғанымен, діні бір ұлт қалыптастыра алмайды. Өйткені, бұл әу бастағы Алла Тағаланың «Сендерді ұлттар мен ұлыстарға бөлдім» деген хақиқатына қарсы. Сондықтан,  міндетті түрде дәстүр болады және дін  ұлттың дәстүрін қалыптастырады. Біздің  ұстанған кез келген жолымыз осы ислам діні арқылы үндесіп, қалыптасып кетті. Ұлттық дәстүрді  сақтап отырғандықтан біз әлі діннен де, дәстүрден де ажырамай отырмыз. Біздің негізіміздің мықтылығының  өзі  осында. Алдағы  кезеңдерде, жаһандану  жағдайында қазақтың болмысын дін мен дәстүрдің сабақтастығы арқылы ғана сақтап қаламыз. Сондықтан, біз дінді  айтқанда  дәстүрді, дәстүр дегенде дінді айтамыз, екеуін  бөліп ажырата алмаймыз. 
Шәмшәдин Ке­рім: – Ислам діні жә­не ұлттық дәстүр деген мәселе қазіргі қоға­мы­мызда неліктен кө­кейтесті болып отыр. Бұның себебі, ислам дінінің күшеюімен бай­ланысты. Ислам діні күшейгеннен кейін біздің елімізде жастар дінге қарай  бет  бұрды, сонымен бірге сырттан, әсіресе миссионерлер,  дінді  тарататын құралдар,  формалар, дін жолын  ұстанатын жастар  көбейді. Осымен байланысты екінші проб­лема туды. Жастарымыз тек ислам жолымен, шариғат бойынша жүреміз деп,  кейбір салт-дәстүрімізді  шариғатта  жоқ деген пікірлер айта бастады. Осыдан кейін біздің қоғамымызда дәстүрге қар­сылық туды. Біздің аруаққа сену секілді әр түрлі ұғымдарымызды ислам дінінде жоқ деп шықты. Қыз­дар­дың да киім кию формалары, қа­зақ жігіттерінің сырт­қы көріністері өзгере бастады. Сондықтан, біз қазақ елі болғандықтан, өзіміздің ұлт­­тық болмысымызды қалай сақтап қа­ламыз деген үлкен сұрақ туындайды. Тек қана біздің қазақ қоғамында ғана емес, барлық әлемдік жаһандану заманында халық­тардың дәстүрі өзгеріп, кейбір ұлттар жоғалып жатыр. Жаһандану дәуірінде біз көптеген дәстүрімізден қаласақ та,  қала­масақ та айырыламыз. Келесі ғасырға біз  қазақтығымыздан  не алып барамыз деген  проблема тұруы керек.  Ислам діні қазіргідей кең түрде, дендеп ене бастаған кезде де  біз  дәстүріміздің қайсысын алып қаламыз деген тағы да мәселелер туады. Сонымен бірге, ислам діні  ешқашан дәстүрге  қарсы  шықпаған. Сондықтан біз қазіргі дәуірде  өзіміздің  ұлттық дәстүрлерімізді, исламды сақтай  отырып, қазіргі заманға  лайық халық болып қалыптасуымыз керек. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Қаласақ та, қаламасақ та, кейбір салт-дәстүрлер  қалады. Бірақ, дәстүрімізден айырылып қалсақ, біз ұлттық келбетімізден де  айырылып қалуымыз мүмкін. Бар мәселе,  осы  дәстүрлердің  қайсысын біз  болашаққа  алып барамыз? Сондықтан, біздің қазіргі  философтар, қоғамтанушылар да қазақ  хал­қының  ең жақсы, заманымызға лайықты  құндылықтарын сақтап қалуымыз керек деген ой айтуда. Мына  заманда  ислам дінін берік  ұстамаған  жағдайда да  бізге халық ретінде  жоқ болып кету қаупі тағы бар. Қазіргі  кезде  біз он миллионнан асатын  халықпыз, көп емеспіз. Жаһандану дәуірінде өзіміздің ұлттық келбетімізді  сақтап  қалуды ойлауымыз керек. Биыл Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасында биылғы жыл «Дін және  дәстүр жылы» деп аталады. Бұл мәселе өте өзекті. Осыған байланысты біз ұлттық дәстүріміздің дінге қайшы келмейтіндігін, үндестігін көрсетуіміз керек. Сөйтіп, бір  жағынан ислам дінін ұстау болса, екінші  жағынан ұлттық құндылықтарымызды сақтау, жоғалтпау мәселесі  қазір көкейкесті  болып отыр. Бұл кей­бір біржақты діни  ағым­дарға тосқауыл қойылудың  бір жолы  деп есептеймін. 
Ершат Оңға­ров:  – Бисмилла Рах­мани-Рахим! Асса­лау­ма­ғалейкум, ардақты  ағалар! Шынында, дін және дәстүр мәселесі қазір  өте өзекті болып отыр. Соны  ескере  отырып,  ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы негізгі бағыт ретінде  осы  дін мен дәстүрдің  сабақтастығы басты назарға алдынды. Және биылғы 2014 жылды дін  және дәстүр жылы деп жариялады. Осы мәселе туралы  көптеген еңбектер жазылуда. Осы орайда, «Дін және дәстүр» деген кітаптың бірінші бөлімін алып келдім. Бұл кітап сериялы түрде жалғасын кө­ретін болады. Бұл жерде дәстүр деген не, дәстүрдің біздің мәдениетіміздегі  орны, оның діндегі орны, діндегі дәстүрдің терминдік мағынасы қандай деген секілді  мәселелерге тоқтала кеткен. Және бұл кі­тап­тың ұтымды бір тұсы біздің мәде­ниеті­міздегі, салт-дәс­­түріміздегі, әдет-ғұрпымыздағы құндылықтар исламмен қалай сабақ­тасқан, неге негіз­делген деген секілді сұрақ­­тарға жауап іздеуге тырысқан. Осы мәселелер жөнінде кітаптан  мысалдар  табуға  болады. Өзімнің де «Қазақ мәдениеті және Ислам құн­дылықтары» атты монографиялық ең­бе­гім бар. Қазақ мәдениетіндегі ислам құн­дылықтарының орны деп аталатын  док­торлық диссертациямның ізіменен  жазылған ғылыми еңбек.    
Біздің салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз  ислам дініндегі құндылықтармен синкреттелген, біте қайнасып, сабақтасып кеткен. Кез келген мәдениетіміздегі құндылықты, салт-дәстүрді алып қарасақ діннен негізін табамыз. Қарапайым халық олардың дін­дегі сүннет, мұстахат, уәджіп екенін біл­меуі мүмкін. Бірақ, ол діндегі негізгі құн­дылықтардың бірі. Ал, дәстүрдің анық­тамасына тоқтала кетсек, «салт-дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақ­талып, өмір­дің өзі тұрғызған мінез-құлықтың үлгілері, күн­делікті қолданыста бір мәдени топты  екіншісінен айыратын және бейресми жолмен реттейтін қа­был­­данған мінез-құлық ережесіне немесе әлеу­меттік әре­кет­терді жөнге келтіретін термин». Бір топтың немесе халықтың екіншісінен ерекшеліктері бар ғой. Осы ерекшеліктер Құранда да айтылып кеткен. Адамзат бір­не­ше ұлттан тұрады, әр ұлттың өзінің  мә­дениеті бар. Алла Тағала о баста осылай  жаратқан. Бұл Алланың хикметі. Бұл  Шура әл-Хаджира сүресінің 13-аятында: «Уа, адам баласы, шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйел адамнан, яғни Адам мен Хауа  анадан жараттық. Сондай-ақ, бір-бір­леріңді  тану  үшін сендерді ұлттар,  рулар қылдық. Шынында, Алланың  қасында ең ардақтыларың тақуаларың, яғни ақ пен қара нәсілдің ешқандай айырмашылығы жоқ. Артықшылығы  тек имандылығында, тақуалығында», – деп нұсқайды. Ал,  дәстүр және ғұрып деген сөздер де араб тілінен алынған сөз. Біздің лексикологиямызға енген терминдерді алып қарасақ, 30-40%, жалпы, білім,ғылымға арналған, адам­ның интеллектуалдылығын бағалайтын терминдердің барлығы араб тілінен енген. 
Зайлағи Кенжалиев:  – Мен бір  ой қоса кетейін. Қазақ пен арабтың көне сөздерінің түбі бір. Біздің қазақта Адам деген сөз қол­­данылады. Басқа халықтардың бәрінде басқаша айтылады. Ол, арабтың сөзі емес, қазақтың сөзі. Яғни, түбі бір сөздер арабқа да, қазаққа да ортақ десек шындыққа  жақы­нырақ келетін сияқтымыз. Арабтардан келді дегеннен гөрі, ортақ  сөздеріміз бар деген дұрыс  сияқты. 
Ершат Оңғаров: –Жақсы, адам деген сөз ағылшын тілінде де – Адам. Оларда таласуы мүмкін. Бірақ,  басқа әңгіме.  Ортақ әңгімемізге келсек, әдет-ғұрып сөзі де Құ­раннан алынған. Қазақ тіліне бұл араб тілінен енген. Мысалы үшін,  Алла  Тағала «Аарат» сүресінің 199-аятында: «Ғафу жолы ұста, ғұрыппен әмір ет, надандардан теріс  айнал», – дейді. Бұл  жердегі  «урф» сөзі адамзатты осы белгілі бір мәдениеттің, халықтың ерек­­шелігін, замандар бойы қалыптасқан дағ­дыларын айтады. Ғұрф шариғаттың үкі­мін шығару үшін қолданылатын негізгі  категориялардың бірі. Бұл урф фарыз,  уәд­жіп, сүннет, мұстахаф, мубах, харам, макрух нормативтік шариғи актілерді белгі­лейтін категориялардың бірі.Ұрфтың өзі, яғни әдет-ғұрыптың өзі ақылға сүйену ар­қылы халықтың қалыптасқан жазылмаған қағидаларын көрсетеді. Мысалы, Аллах Тағала  Құран Кәрімде бес нәрсені харам  деп белгіледі. Олар өлексе, бауыздағанда ағатын  қара қан, доңыздың етін, сүзіліп  өлген,  буынып  өлген малды харам етті. Ал,  қалған  жыртқыштарды  пайғамбар қосымша  Алланың  әмірімен қосты.  Пайғамбар (с.ғ.с) жыртқыш аңдардың  етін жеуді  харам деп санады.  Сойдақ тістері  бар, тырнақтары бар, құстардан  мұрны  имек  болып келгендерінің  еті  харам  деді. Бірақ,піл секілді  айтылмаған және жыртқышқа жатпайтын аңдар бар ғой. Піл не Құранда, не хадисте айтылмады. Сон­дықтан, араб елдерінде пілдің етін жеуге рұқсат берілмеді, себебі араб  халқы  пілдің  етін жеуді жақтырмады. Сол секілді, араб  хал­қының кейбір ғұрыптары шариғаттың  да анықтағыш  нормасына  айналды. Ислам дінінің төрт масхабында да әдет-ғұрып шариғаттың нормасы ретінде саналады. Мысалы, қалыңмал беруде әр қоғамдық тап­­тың өзінің белгілеген құндары бар.  Мәселен,  әке-шешесі  жоқ немесе  үйленіп жат­қан кезде қалыңмалын атап айтпаған қызға сол қоғамдағы әдет-ғұрыпқа сай  беріледі. Бұл біздің дініміздегі салт-дәстүр­дің  орнын көрсетсе керек. Мысалы үшін,  қазақтың салт-дәстүрінде, ұлттық педагогикасында  жазылмаған заңдар бар.  Мұның барлығы ислам дініндегі белгілі  бір құндылықтарға сай болып табылады. Ауыз әдебиетінде де мысалдар жетіп  артылады. Хадисте: «Береке сендердің үл­кен­­деріңмен бірге келеді» делінеді. Қа­зақта: «Қа­риясы бар үйдің қазынасы бар» дейді. Жасы үлкен адамдарды төрге шы­ғарамыз, сыйлаймыз, бас тартамыз. Бірақ,  үлкенді құрмет тұту бізде бұрыннан бар еді, ислам енгеннен кейін сол құндылық болып қалыптасып кетті. Ислам дініндегі құндылықтар біздің салт-дәстүрімізде де болғандықтан, ол тез сіңіп, халық тез  қабыл­дап алды. Сондықтан, менің ойымша, біз  салт-дәстүрімізді жандандырсақ, онда ата діні­мізді жандандырған болып  есептелеміз. Сондықтан, жат ағымның ықпалында  жүріп,  исламды дұрыс түсіне алмай жүргендерге  айтарымыз: «Сіздер қазақ халқы ұстанған ислам дінінен, салт-дәстүрінен өзгені ұсын­баңыздар, айтпаңыздар, қазақтың ұстанымын жандандырсаңыздар, дінде бөлінбей, айрандай ұйып келген ынты­мағымызды осы  дәстүр мен діннің сабақ­тастығы арқылы алып  шығуға  болады». 
Әбдірашит Бәкір­ұлы: – Көтеріліп отыр­­ған мәселе өте ма­­­­­­ңыз­ды.  Өйткені, дін де, дәстүр де қоғамды бірік­тіруші рухани бастаулар болып табылады. Сондықтан қоғамдық санада дін қа­ғидаттары мен салт-дәстүрлерімізде қай­­шылық болмауы қажет. Егерде қоғамда ға­сырлар бойы  қалыптасқан әдет-ғұрыптарға дәстүрлі дін қарсы келсе, онда қоғамда діннің де, дәстүрдің де іргесі шайқала бастайды. Осы­ның әсерінен қоғамда берекетсіздік пайда болады. Ендеше, дін мен дәстүр үйлесімділігін қоғам қашанда назарында ұстап, діни уағыздың дәстүр аймағында болуын үнемі қадағалап,  олардың арақатынасы алшақтап кетпеуін қамтамасыз етіп отыруы тиіс. Мәселені дұрыс талдау барысында мынадай мәселелер көтеріледі: біріншіден, «діннің ішкі қайшылығы ұлт­тық дәстүрлердің беріктігіне залалын тигізбейді ме?» деген. Біз қазір дәл осындай жағдайға келіп тірелдік. Тәуелсіздіктен кейін біз өзіміздің жан дүниемізді айқара ашып қойдық та, барлық діндердің елімізге енуіне мүмкіндік бердік. Әртүрлі діндердің миссионерлері келді. Оларға қазақтың өзіндік ділі, мәдениеті, дүниетанымы ешбір қажет емес еді. Олар тек «қазақтың жүрегін жаулауды» мақсат тұтты. Сондықтан, аздаған уақытта, өзге дінге өткендер саны артып қойған жоқ, сонымен бірге,олардың діни қайшылықтарын да қабылап үлгердік. Сөйтіп, олардың ішкі тартысы қазақтың бас ауруына айналды. Нәтижесінде біз қоғам ретінде жа­рылудың алдында тұрмыз. Сондықтан, бізге қазір халық ретінде монолит­тану аса қажет. Оған, ең алдымен, қалқан болатын нәрсе – ұлттың ділі мен ұлттық болмысы болмақ! Болмаса, әлемдік діндердің, не болмаса, ислам дінін жамылған небір секталардың өзара айтыс-тартысының көкпары болып кетер түріміз бар. Қазір біздің бір ғана нәрсеге көзіміз анық жетуі тиіс – өзара айтысып жатқан діни ұс­таным бізді де ұлт ретінде тұтастыра алмайды. Мысалы, салафиттер «бізге келсең мықты боласың» десе, уаһабтар, тіптен, «әлемдік мұсылмандар халифатқа бірігейік» дейді, «құраниттер» – заң емес, құран сөзімен жүр десе, өзгелері - өзге дінге тартады. Сөйтіп, өздері берекетсіз болып отырған діни ағымдар жан-дүниесі айқара ашық қазақты да берекетсіздікке бастап бара жатыр. Екіншіден, осыған дейін талай замандары халықтың бет-бейнесін анықтап тұрған дәстүрлердің де озығы бар, тозығы бар. Бірақ, оның «озық-тозығын» анықтап отыратын не нәрсе? Дін бе, болмаса, басқа ма? Меніңше, діннің басты мақсаты «дәстүрді дамыту» емес, әруақытта «өзгеру үстіндегі дәстүрге» бейімделу арқылы адам жүрегіне имандылықты ұялату, бір Аллаға деген сенімді орнықтыру болып табылатын сияқты. Мысалы, «соқыр сенімдегі» адам − бір бөлек те, Алла жолына «саналы» жолмен барған адам – екі бөлек болып келеді. Алғашқысына діннің сыртқы атрибуты маңыздырақ. Сондықтан, ол қазақтың дәстүрін тәрк етіп, өзі дін идеалы санайтын бөтен елдің киім үлгісі мен салтын, мысалы, қысқа балақ пен қауға сақалды міндет санайтын фанат. Әдетте, ондайлар қарсы уәжге төзімсіз келеді – өз ұлтының дәстүр атаулысына астамшылықпен қарап, қажет болса шыққан тегіне қарсы «жихад» жариялай алатын «ислам солдаттарына» айналады. Ал, Аллаға санамен жеткен жан әруақытта «жүзінен иман төгілген», оған – имандылық парыз! Мінеки, бұл жердегі елеулі айырмашылық осында ма деймін! Ал дәстүр оған кедергі емес. Қайта ол өзінің дәстүрі аясында адам ретінде де, Алланың пендесі ретінде де одан әрі кемелдене түседі. Мейлі, дәстүр замана ағымына сай «елу жылда ел жаңа» дегендей өзгере берсе де...
– Біз,  қазақ  халқы  ислам діні  арқылы  араб әлемі, Пәкістан,  Иран, Ирак елдерінің киім кию мәдениетін, адами, азаматтық кейбір қарым-қатынастарын, тіпті  ендібір іс-әрекеттерін қабылдау арқылы өзіміздің ұлттық болмысымызды, салт-санамызды, мәдениетімізді  өзгертіп  алмаймыз ба?  
Ершат Оңғаров: – Бұл жерде мына  қағиданы алға тартуға болады. Құран және сүннетке, ижмаққа (ижмақ деген ғұла­малардың бір ауыздан келісіп, норма­тивтік, құқықтық, азаматтық, жал­пы актілердің жинағы. – Е.О.) қарсы  келмеген әр халықтың ұлттық салт-дәстүрі, мәдениетіндегі ерек­ше­ліктеріне, әдет-ғұр­пына ислам қарсы  шық­пайды. Мысалы  үшін, өздеріңіз айтып өткендей Арабиядағы, Индия, Пәкістандағы мұсылмандардың жүріс-тұрысы, киіну  мәдениеті күнделікті өмір салты, іс-әрекеті, қарым-қатынасы,  мұның бәрі әр елде өзгеше. Ал, ислам  оларға  шек қойып  жатқан  жоқ. Біздегі  қате түсі­нік сол елдердегі мәдениетті бізге әкеліп, жастарымызға, халқымызға таңып жатыр. Құранның  түскен  жері  Сауд Арабиясында өздерінің салт-дәстүріне сай киінеді.  Яғни,  ер адамдар ұзын ақ  көйлек  және қызыл орамал. Ол Мұхаммед  пайғамбар  (с.ғ.с) кезінде болған емес, ол сүннеттің  өзі емес, бірақ ол киім стилі исламға  қарсы болғаннан  соң  қалыптасып кетті. Кувейтте ақ орамал, Палестинде  қара-ақ  түсті  орамал. Пәкістанда да соған ұқсас. Себебі ол елдерде  өте  ыстық. Біздің халықтың да өз киім кию дәстүрі  бар. Абайдың киіміне қараңызшы.  Басында тақия, тік жағалы көйлек, бешпент, шекпен, кең  балақты шалбар. Осы киім исламның қай қағидасына қайшы келіп жатыр. Қазақтың өзінің ұлттық киімі емес пе? Мәселен, әйел адамдардың киінетін киіміне тоқталар болсақ, сәу­келе, егде жастағы әуелдердің кимешегі, қоғамдағы статусына қарай киінуі – мұның барлығы өзіміздің мәдениетімізге тән. Бұл исламдағы қағидаларға  да қайшы келмейді. Басқа елдің мәдениетін, салт-дәстүрін  бізге  әкеліп таңу – сауатсыздық. Бұның бәрі буыны қатпаған, бұғанасы  бекімеген жастарымыздың сол елдерде  оқып, жат  елдің  салт-дәстүрін исламның  негізгі қағидалары,  құндылықтары деп қабылдап, соны  бізге әкелулерінен шығып  жатыр. Әсіресе, ондай жастардың дені орысша тәрбиеленген, қазақтың  менталитеті, қазақи тәрбиені білмейтін, саналарына сіңірмеген  жастар. Мысалы, балағын кесіп,  сақалын қауғадай қылып жіберген салафи жолындағы, уахаби жолындағы  жастардың бәрі  орысша сөйлейді. Қазақтың тәрбиесінен сырт қалған, дәстүрден алшақтаған жас­тар. Елбасының  бастамасыменен, ҚМДБ қолдануымен «Нұр-Мүбарак» университеті ашылды. Ондағы мақсатымыз, санасы әлі  қалыптаспаған жастарды, өзіміздің елде,  әдет-ғұрыптармен,  менталитетімізді  білетін жолменен бакалавр деңгейін  оқыту  болатын. Ал, магистр деңгейінде ғана шетелде оқуына мүмкіндік жасаймыз. Бұл өте дұрыс. Себебі, бакалавр бітіргенше  жастардың санасы өзіміздің  ұлттың  менталитетті  қабылдап, қалыптасып  үлгереді.
Құдияр Біләл: – Барлық кілтипан мынада: бүгінгі  дәстүрлі  дінге  қарсы  шығып жатқандардың – біздің дәстүріміздің мәнін ұғып, түсіне алмауында. Дәстүр қалай  қалыптасты, дәстүр негізінде не жатыр,  біздің  дәстүрімізден ислам діні  қалай көрініс табады. Біз дәстүріміздің  мәнін ашып, түсіне  алмай жатырмыз. Дәстүрдің мәні ашылса,  кез келгенінің  негізінде  ислам  дінінің тұрғандығы байқалады. 
Зайлағи Кенжалиев: – Киімге байланыс­ты айтылатын бір нәрсе ислам ғылым ғой. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) бізге ақиқат алып келген кісі. Киімнің  «модасын» алып  келген жоқ. Ол бізге жаңа дүниетаным,  көзқарас, әлемді ақиқат көзімен қарай  білу,  соған сай сөз сөйлеу, іс әрекет жасауға үйретті.  Және Құранда айтылады: Сенің  киімің – тақуалығың, сыртыңдағы емес, ішкі  дүниең. Осы арасын ескерсек, болды. Яғни, ислам үшін адамның тақуалығы, иманы бәрінен жоғары. Екіншіден, дін және  дәстүр тақырыбына байланысты басты  мәселелердің бірі – осы екеуінің қайсысы  бірінші тұруы керек. Егер, олардың арасында түсініспеушілік туындап  жатса. Бұл сұрақтан қашуға болмайды. Себебі, бұл сұраққа кім қалай жауап береді және осы сұрақты өзі үшін кім қалай шешеді, соған  сай ол өзінің дүние-танымын білдіреді. Мұндай  жағдайда  ислам діні бірінші  тұруы керек деген адам өзінің ақиқат жолында екінін көрсетсе, дәстүр дінге қайшы келсе дәстүр бірінші тұру керек деген жан дәстүрді өз дініне айналдырып жібергенін білуі тиіс.Дәлірек  айтсақ, ислам дініне  қайшы келетін дәстүрдің негізінде жатқан наным-сенімді  өз дініне айналдырып алғанын білу керек.  Қазақ халқының салт-дәстүрі ислам дінімен егіз, әлімсақтан діннің негізінде  қалыптасқан, сондықтан салтымыздың  осы қырларын ашып көрсетіп, осыған  байланысты насихаттауымыз керек.
Шәмшәдин Керім: –Біздің  ислам елдеріне барып  жүрген жастардың  арасында  ислам  діні мен  арабты  шатастыру бар. Араб деген 300 млн.  астам  халық. Олардың  іштерінде  де  өз  дәстүрімен келген халықтар бар. Қазақ секілді әртүрлі  өзінің дәстүрлері мен ислам дінін қатар ұстанып келе жатқан  ұлттар бар. Сондықтан, араб дәстүрінің барлығы исламға тән деп түсінбеуіміз керек. Қазақ жастары араб елдеріне барып, арабтардан көргенінің бәрін ислам деп ұғады. Біз осыдан шатаспауымыз керек. Сонымен қатар, екінші айтылатын  араб­тардың киім киюіне байланысты әр түрлі климаттық, географиялық жағ­дайларға байланысты немесе исламға дейін­гі олардың  қалыптасқан  дәстүрлері  бар. Сондықтан, кейбір жағдайда қазақтың  дәстүрлері ислам діні келмегенге дейін  қалыптасып және дінге сәйкес келетін дәс­түрлер бар. Мысалы, аманатқа беріктік, «Уәде – Алланың сөзі» дейміз, тазалық, қайырымдылық, кешірімділік,  дархандылық, қонақжайлылық сияқты мінез-құлықтары жағынан алып қарағанда біз араб халық­тарынан да жоғары тұрамыз. Біз арабтармен қарым-қатынаста жиі боламыз. Олар кейде сөздерінде тұрмау, өтірік алдап кету, өтірік күлу, тағы басқаларға көп ерік береді. Сондықтан, біздің көп дәстүр­лері­міз ислам дінімен сәйкесіп жатады. Біз өзі­міздің жақсы құндылықтарымызды жо­ғал­т­пауымыз керек. Ал, исламға  жат, Кеңес үкіметінен қалған арақ ішу, зина­қорлық секілді жаман дәстүрге айналып бара  жат­қан әдеттерімізден арылуымыз керек. Осы  орайда,  бізге ислам діні көмектеседі. Біз дәстүрлеріміздің жақсы  жақтарын,  исламмен байланысты  тұстарын айтуымыз керек. Ислам дініндегі біздің ұлтымызды алға тартатын құндылықтарын алып, ысырапшылдық, даңғойлық, қайы­рым­сыздық, ата-анаға қарамау, біздегі  суицид деген, бала сүймеу, түсік тастау се­кіл­ді теріс мінездердің қажеті жоқ.Қазақты  халық ретінде құртып жіберетін жау осы. Ислам діні  көп балалықты жақсы көреді. Сондықтан біз исламның  жақсы жақтарын насихаттауымыз  қажет. 
Зайлағи Кенжалиев: – Ислам  – ғылым, ғылыми ойлау және ақиқат білімдер жүйесі. Ал, басшылыққа алынған ислам ғылымы – ислам діні деп аталады. Исламды ақиқат ғылым, ақиқат дүниетаным деп бағалай алмаған оны дін ретінде де ұстай алмайды. Біз исламды уа­ғыздағанда оның ғылым ретіндегі мәніне баса көңіл бөлуіміз керек. Сондықтан осы ғы­лымды, ой ойлауда да, сөз сөйлеуде де, іс-әрекетте де басшылыққа алу мұсылман қа­зақ қауымының айнымас дәстүріне айналуы керек. Әрине, ол үшін ең алдымен исламның  басты өзегі – Құранды қазақшаға жүйелі түрде дұрыс аудару ісі мемлекеттік деңгейде  қолға алынса. Ал, бұл салада атқарылар іс әлі қыруар. Құранның  қолда  бар  қазақшалары  әр алуан. Діни сауаты өсіп келе жатқан  қа­зақтың талабын толық қанағаттандыра бер­мейді. Осы ескерілсе. Айталық, халифатун сөзі «орынбасар» деп, ал, орыс аудармаларында «наместник Бога» деп аударылып кеткен. Алла Тағалада бала да, серік те, орынбасар (наместник) те болмайтыны – исламның басты қағидасы емес пе! Бұл сөзді сол күйін­де беру керек, және аудармасы «Алла әмі­рімен бір қалыптан келесі қалыптарға өтіп, Жаратқанға қайтып оралушы қалып (хал)» деген мағынаға қарсы келмейтінін ескеру керек. Сонда әрбір адам – халифа – Аллаға қайтып оралушы болып шығады және Жаратушы жер бетіне - халифатунды (халифатты) – Өзіне қайтып оралушы адамдар қауымын әуел бастан орнатып қойғаны анық болады. Әрине, бұл сөздің толық ақиқат астары бір Аллаға ғана аян. 
Әбдірашит Бәкірұлы: – Бізге дінді бала тәрбиесі жүйесіне ретсіз енгізе беру­ден сақ болу қажет. Дін − күнәға батып үлгергендердің кешірімге жету, түзелу жолы. Яғни, саналы қадам және сана арқылы жеткен Сенім! Мектеп жасындағы баланың бойына әуелі, діннен бұрын, заманауи ғылым-біліммен бірге ұлттық болмыс, салт- дәстүр, тыйым тәрбиесін енгізу әлдеқайда маңызды! Қа­зақтың да­налық пен адамгершілікке негізделген этнотәрбиесін дін алмастыра алмайды. Бұл сөздер «дінсіздікке» шақыру емес. Әр нәрсе өз уақытында. Ал, алдымен «нағыз қазақ» болған балаңыз һәм адамгершілікті, һәм иманды боларына кім де болса күмән келтіре қоймас. Жалпы, барлық имандылықты тек діннен іздеу, «тек дін ғана түзу адамды тәрбиелеп шығады» деген түсінік – діннің өзіне нұсқан келтіруі мүмкін. Өйткені, ол түсініктің астарында мен жоғарыда айтқан себептердің салдарынан «Қай дін?» деген екіұдайы ой, сұрақ жатады. Сол үшін қазақ (Шәкәрім) – «адам Құдаймен ақылдың күшімен қауышады» деп бекер айтпаса керек-ті... Бала – періште! Оны уақытынан бұрын «күнәлі» етпейік. Олар қазақтың мақал-мәтелдерін игерсін, ертегі, батырлар жырын оқысын. Сол жеткілікті. Бала бала болып ойнасын! − одан артық қандай қуаныш бар!? Онда да дін жөнінде аз айтылмайды. Мысалы, осыған дейін біздегі дін «қазақ болмысын» зерделемей келді. Міне, енді, осының салдарынан кейбіреулердің «атаның сақалына жармасуға» немесе қолына қару алып, өзге елдерге «дін жолындағы соғысқа» аттануға немесе «түзу жол» деген жалған сеніммен өзін-өзі шейт етуге бара бастағанда ғана, біздің Дін басқармамыз мынадай – «Дін және дәстүр» деген кітапты шығарыпты. Бұл өте тамаша нәрсе. Осы кітапты оқыған жамағат енді діннен үрікпейтін болады, дәстүр мен дін сабақтастығын ұғып, олардың арасында қайшылық жоқ екеніне көздері жете бастайды. Жалпы, қазақтың даналық сөздері өзіміздің төл дінімізбен астарласа жымдасып, үндесіп кеткен. Кейде, дінге жетелеу үшін мақал-мәтелдерді жиі қолданатынымыз да сол себепті емес пе? Қазақтың ондай дана сөздерінде имандылық тұнып тұр. Сон­дықтан, біздегі діни уағыз өзара бір пәтуаға келгенше діни сауаттылықты этнотәрбиемен жымдастырып отыру аса қажет. Жеке басым, немерелеріммен әр кез мақалдар мен мәтелдердің мағынасын талқылап отырамын. Сонда, балаңыздың ой-өресі қаншалықты дамып, өсе баста­ғаны көз алдыңызда өтіп жатады. Бұл – ғажап құбылыс! Оны біздің бабаларымыз білген, сондықтан олардың алдында «діни қайшылық», «ушығу» деген мәселелер де туындамаған.  Біз де одан бас тартпай, соны жалғастыра беруіміз қажет.   
Ершат Оңғаров: – «Өзін өзі таныған –Құдайын таныған» деген қазақта аталы сөз бар. Бұл сөз хадистен алынған. Пай­ғамбар (с.ғ.с): «Кім өзінің нәпсісін таныса,  раббысын таниды», – дейді. Тағы  бір дәлел, «көпшілікпен бірге болыңдар, шынында қасқыр да шетке шыққан  қойды жейді» дейді, ал қазақта «бөлінгенді  бөрі жейді». Бұл секілді хадистерден, Құран­нан алынған қазақтың күнделікті өмірде кездесетін жүздеген сөздер бар. Қазақ –ұятқа,  ар-намысқа берік халық. Астарында әзіл бар әңгіме бар. Арабтар қазақ жеріне дін таратуға келсе, қазақтың дәстүрін көріп, «мыналар бізден бұрын мұсылман болып қойыпты ғой» деген екен. Демек,  қазақтың  исламға  дейінгі бар  дәстүрлері  дін келгеннен кейін сабақтасты да, өрке­ниет­тің шыңына көтерілді. Біз әдет-ғұр­пымызды танысақ, өзімізді өзіміз та­­нысақ, біз құдайды да танимыз. Біз  Алла Тағала Құран Кәрімде: «Аллаға бой  ұсыныңдар, одан кейін Алланың елшісіне  бой ұсыныңдар, одан кейін өздеріңнің  ара­ларыңнан сайланған басшыларыңа бой ұсыныңдар!», – дейді. Ол біздің қазіргі  қо­­ғамда елбасы, рухани өмірімізде ол муф­тиіміз. Сондықтан, Елбасының  саяса­тын қолдап, діни бағытымызды  ҚМДБ туы­ның  астында берік ұстансақ, Иншалла біз елдігімізді  сақтаймыз. Біздің алдыға  қойған мақсатымыз анық, болашағымыз жарқын болып, биік белестерден өтеміз. Дінімізді, ата-бабамыздың  салт-дәстүрін, жазылмаған қағидаларын берік  ұстанайық,  ағайын!
Суреттерді түсірген 
Азамат Құсайынов

866 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз