• Келелі кеңес
  • 06 Наурыз, 2014

Сықақшы Толымбек ӘЛІМБЕК- ҰЛЫНЫҢ әзіл-оспақ беті

ТЕҢГЕНІҢ ТЕРМЕСІ
Батқан кезде елге мұң, 
Көңілін тауып пенденің 
Жарқ етіп шыққан шытырлап, 
Теңдесі жоқ Теңге едім. 
Келе сала кірбің бар 
Қабағын елдің жөндедім. 
Қалтасын майлап ағаның, 
Қабағын аштым жеңгенің. 
Асаулау едім алғашта 
Ешкімге, шыным, сенбедім. 
Сырттан келген ақшаның 
Біріне ырық бермедім. 
Ырық та бермей ығына 
Жығылмадым, көнбедім. 
Қадамым кетіп қарыштап, 
Құлашты кеңдеу сермедім. 
Сермемеске бар ма амал? 
Өзімнің жұртым, өз жерім. 


Жалтақтап қарар басқаға 
Әлдекімнен кем бе едім?! 
Осындай теңдік, билікке 
Қайтемін, әбден шөлдедім. 
Үстемдік қылған Рубль 
Келмеске кетті – жерледім. 
Ерке едім, орным бөлек-тін, 
Адымдап шыққан төрде едім. 
Бабаларды тірілтіп, 
Аруақ қолдап, ерледім. 
Қазіргі халім қандай-ды? 
Қысылып аздап терледім. 
Өткенге көз сап қараймын, 
Табаным асты ақ айдын. 
Тайғанап жүріп тайсалмай, 
Аштырдым аузын талайдың. 
Намысым биік әлі де 
Күреске біраз жараймын. 
Келімсек маған сөз бе екен, 
Қамшылаймын, сабаймын. 
Сөйте жүріп мен кейде 
Сүрінген тұсты санаймын. 
«Бөрі арығын білдірмес» – 
Шіренгеннің бәрі айбын. 
Беделді болған жақсы ғой, 
Беделді мен де қалаймын. 
Бедел де кетіп барады 
Уайым, қайғы, маңай мұң. 
Суретті түгел ап тастап, 
Жұртыма жалтақ қараймын. 
Аруақтарынан ұят болды ғой, 
Фараби, Шоқан, Абайдың... 
Орысша сөйлеп барамын 
Жыртықты қалай жамаймын?! 
Теңгеден қате шықса да, 
Ұялмай елге тараймын. 
Қарсы болған халықтың 
Сенімін неге тонаймын? 
Адасып кеткен секілді 
Ішінде қалың тоғайдың. 
Евроның қолына 
Су құйып жүрген малаймын. 
Кете берсем осылай 
Доллардың қолын жалаймын. 
Қазақшам қайтса өзіме 
Бақытты сәт деп санаймын. 
Жап-жас теңге болсам да 
Осыны ойлап қауғадай 
Сақалымды тараймын. 

УӘДЕ
Мен бүгін арақты қойдым. 
Коймасқа амал жоқ – 
Әбден тойдым. 
Азын-аулақ беделім бар еді, 
Оның шекесін ойдым... 
Абыройды күлге аунатып, 
Жон терісін сойдым. 
Таныла бастаған дарын едім, 
Оның да көзін жойдым. 
Тайраңым түгел таусылып, 
Осылып бітті ойным. 
Әйел төркінге кетіп, 
Босаңқырап қалды қойным. 
Кінәлі басты көтере алмай, 
Салбырап түсті мойным. 
Ертеңгі жолды құдай біледі, 
Кешегі жолым ойдым-ойдым... 
Құрысын... Тойдым... 
Шынымен қойдым! 
«Қойдым» деп мөр басып, 
ҚОЛЫМДЫ қойдым. 
Уһ!
Қойғаным тәуір болды. 
Айтпақшы, қойған күнім – 
Бірінші сәуір болды!

ҰРЛЫҚШЫЛАР – БІЗДІҢ ӘЙЕЛДЕРІМІЗ 
Өңкей әскерден келген жігіттер болған­дықтан кәстрөл, ыдыс-аяқ алып қойған­быз. Кезекшілікпен тамақ жасаймыз. Қыс­­тың кезі болатын. Қолымызға қарға «қонақтап», ауылдан келген етті екінші қабаттағы ортақ асханада былбыратып қайнатып жатырмыз. Кілең сілекейі шұ­быр­­ған сүрбойдақтар. Қазы-қартаның иі­­сі дәлізді алып кеткен. Макарон салып етті әкелетін мезгілде асханаға кір­сек, мәссаған, екінші қабаттағы студент атаулының жүйкесіне ойнаған дәу кәстрөл де, көстрөлдің ішіндегі был­­­бырап піскен ет те ізім-қайым жоқ. Ай­қайды салдық. Көрген ешкім табылмады. Шарқ ұрайық. Сол сәтте дәлізде де тыныштық орнап қалды. Шерлок Холмс болмаса кәстрөл  табылатын емес. «Ен­ді жейміз» деп өзімізді әбден дайындап қойғанбыз. Демде қан қысымымыз көтеріліп, астаң-кестең болдық та қалдық. Бағанағы дәліздегі талтаңдағандар енді  жаутаңдаған халге түстік. Бір уақытта курстағы өзіміздің қыздар дәлізге шықты. «Етке шақырасыңдар ма?» деп қояды. Пәле осылардан келгенін сездім. Сездім де, жігіттерге: «Сөзге айналдырып тұра тұрыңдар», – деп кеттім. ҚазМУ-дің жа­тақ­ханаларындағы балкондар жайлы. Бі­рі­нен-біріне оңай ауысып кете бересің. Оны меңгергенбіз. Балконнан бал­­кон­ға секіріп, қас пен көздің арасында қыздардың белмесіне жетіп-ақ бардым. Шамдарын өшіріп, өздері дәлізде қызық тамашалап жүр. Балкондары құлып­тан­баған екен. Лып етіп ішке кірдім де әлі де буы мен исі басыл­маған ет толы кәстрөлді |үстелдің астынан таптым. Тап­тым да арқалаған күйі кері қайттым. Бөлмеге әкеліп болған соң аңқаусып, дәлізге қайта шығып, қыздарға: «Сендер ал­дыңдар, табыңдар», – деп бөлмелерін ашқыздық. Он­дағы кәстрөлдің жоқтығын көріп, енді қыз­дардың абыржығанын көр­сеңіз. Кәс­трөл ұрлаған кыздар: Гүл­­нар – қазір ме­­нің әйелім, Ділдәр – Қы­дырәлінің әйе­лі, Асқан – Шойбектің әйе­лі, Алма – Ер­тайдың әйелі. Сегізіміз де бір курстанбыз.
Кейін ұқтық, қыздардың  кәстрөл ұрла­ғаны – бұл ыдыс-аяқтың болашақтағы иесі бізбіз ғой, осы бастан қожалық жасай берейік деген емеуріні екен-ау... 

 

361 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз