• Заманхат
  • 06 Наурыз, 2014

Маңғыстау ақындарындағы элегиялық сарын

Ақын да, жырау да өз дәуірінің перзенті. Әрине, ХІХ ғасырда жыраулардың орны ақындармен алмасады, әйтсе де, жыраулардың тілінде ақынға тән лиризм (Бұқар, Үмбетей толғауларындағы сыршылдық), ақындардың желдіртіп, жырауларша толғау айтып, көсілетін тұстары болған. Осы арада әдебиеттегі, поэзиядағы лирикалық кейіпкердің көрінісіне назар салайық. Ақындық поэзиядағы  «меннің» қолданысын саралаудың маңызы зор деп білеміз. Зерттеуші Л. Тимофеев «лирикалық образ арқылы нақты адамның жан тебіренісін көре отырып, оның осы толқуына себеп өмірлік биографиясын да түйсінуге» болатындығын [1, 350 б.], зерттеуші Г. Поспелов «лирика – ақын жүрегіндегі эмоциялық көңіл-күйді жеткізуші, ал эмоциялық ойлау – медиативті (толғаныс) тіл» [2, 106 б.] деген анықтама береді. 


Осы арада ақындық поэзиядағы  «меннің» көрінуін саралап кетуді жөн санадық. Зерттеуші Т. Тебегенов ақындық поэзиядағы автор тұлғаның айқындалуына қатысты «меннің» 3 түрде көрінетіндігін айтады [3, 65 б.].
а) шығарма иесінің өзінің тұлғасын, яғни, лирикалық «менін» айтуы;
б) шығарма иесінің өзіне-өзі мінез­деме беруі;
в) шығарма иесінің туындысында оның өмірбаяндық кезеңдерінің көрініс табуы. Біз өз зерттеуімізде ғалым Т. Тебегеновтың бұл саралауын негізге ала отырып, поэзиядағы ақындық «меннің» көрінуін былайша бөліп қарастырдық.
1) Махамбеттен бастап дараланған ерлік «мен». 
2) Перзентінің қазасына қайғырған ақындардың элегиялық «мені». Элегия­лық «меннің» айрықша көрінуі Батыс өлкесі ақындарының жырлары негізінде қарастырылады.  
3) Ақындық талантты білдіру үшін қолданылатын шығармашылық «мен». Ақын – көркемдік тіл қуаты құнарлы, сөзі шымыр, ойы алдаспандай өткір творчество адамы. Ақынның жұрты алдындағы беделі қандай? Осы мақсатта біздің қарастырған элегиялық «мен» туралы таратып айта кетейік. 
1) Ақын жүрегіндегі жан толқыны­сын, шерлі мұңын  жеткізеді.
Аралбай:
Еңсесі кеткен жүйрікпін,
Еріксіз шауып бұланған.
Қайғы толса қалыбыңа,
Ұшқындап шығар зыбаннан. 
Аралбайдың жалғыз баласы Берекет жиырма бес жасында 1904 жылы ауырып қайтыс болады да, көп ұзамай ел аралап келе жатқан сапарында бұл өлімнен хабарсыз Қашаған ақын Аралбайдың ауылына соғып, ақын інісінің үйіне түседі.  Ақынның «зарланып» мұңын шағатын құралы-домбыра, досы Қашағанға:
Қолыма алған домбыра,
Сен де өзімдей аңыра. 
Ажал құрық салған күн,
Қаларсың сен де адыра, – дей келіп, он жасынан серік болған домбыраның қадыр-қасиетін айта келіп, өз қайғысына көшеді. Жырда «мен аяғы сынған арбамын», «тұяғы сынған тұлпармын», «қанаты сынған қарғамын» деген метафоралы тіркестермен береді. Ақын Түмен Балтабасұлы баласы Сайынға шығарған жоқтауында дүниенің жаратылысы, өмірдің жалғандығы турасында айта келіп, перзентінен айрылған күйікті жанның жоқтауын жазады.
Су сепкендей сөніп тұр,
Жарқыратып жаққаным,
Бөгелгендей болып тұр,
Өрден төмен аққаным.
... Қайысып отыр қапталым.
... Жібітер ме екен, Жасаған,
Көңілдің суып қатқанын?
Ақын жоқтауында метафоралы тіркес­тер былайша беріледі:
 Қайғының қалың қапасы,
Ажарымды алды өңімнен
Базарымды алды өзімнен,
Хоштықты алды көңілден.
Ғалым Б. Кәрібозұлы лирикалық және ақындық «меннің» бір ұғым еместігін көрсете келе, біз  саралаған шығармашылық «меннің» «ақындық көңіл-күйге, түрлі психологиялық сәттер мен сезімдерге негізделіп дүниеге келетіндіктен, онда жалпылық сипат басым, жеке ақынның ғана емес, адам баласының барлығының басында болатын жағдайлар жырланатындығын» айтады [4, 23 б.]. Зерттеуші Б. Кәрібозұлы біздің зерттеуіміздегі шығармашылық және элегиялық «менді» біртұтас  ақынның ішкі сезімін, толқынысын танытатын тұтас лирикалық «менге» сыйдырып отыр. Қайғының қара қамытын жамылып, өлімнің ащы уын ұрттаған Аралбай ақын – қайғышыл, баласын жоқтаған пенде. Өзін «ботасы өлген боз мая, тұлыбына келіп ыңыранған», «лағын түзде қалдырған ақ киік», «елсізде қалып ыңыранған қартайған арыстан», «жапырағы жерге төгілген жаһандағы бәйтерек», «адыра қалып сөгілген ақ сауытқа» теңейді. Мұнда Аралбай ақын түрікменнің ұлы классик-ақыны Мақтымқұлы жырларымен үндеседі. Сәттіғұл ақын «Жібек баулы сұңқарым, қолымнан кетті шығынып», «жел жағымның панасы, құлады қоршау қорғаным», «қақыраған кемедей, тарқады құрсау шеңберім» деп береді. 
Олай болса,  Батыс өлкесінің ақындары Сәттіғұл, Аралбай, Түмен жырларында перзентін жоқтау, ұлының қазасына қайғыру ерекше қапаланып, қиналыспен жырланатындығын ескере отырып, бұл өлеңдерді жанрлық көркемдік тұрғысынан тұтас «элегиялық қайғы-мұң циклды жырлар» деп топтастыруымызға болады. Әлем әдебиетіндегі классикалық жанрлардың бірі ретінде элегия алғаш гректерде пайда болған. Зерттеуші З. Қабдолов элегияны «мұң, сыр аралас назды сарынға» жатқызады [5, 317 б.]. Ақынның тіршілік иелерін жалғыз, сыңарынсыз алуы оның ішкі жан-дүниесін көрсетеді. Мұны жұмысымыздың осы бөлімшесінде айтылатын ақындық «меннің» 2-түріне, элегиялық «менге» жатқызамыз. 
Бұлайша ұлының қазасына егілуіне тоқтау айтып, сабырға шақырған замандасы Қашаған «тура құрық келген күн, …тататын дәмі таусылса, жалғыз деп кімді ескерер, өлімге қатты налиды, кейбір де кейбір пенделер» деп жұмыр басты пенденің бәріне ерте ме, кеш пе, өлімнің хақ екенін басу  етіп, сабырға шақырады. Қайғы құшқан ақын шебер импровизациямен өз хал-сүйінішін жеткізеді. «В обрядовой поэзии связана ее импровизационность. ...плач – это произведение о происходящем, его время – настоящее: настоящее художественное и настоящее реальное. Изображается то, что происходит. Вернее это не изображение происходящего, а эмоциональный отклик на него» [6, 522-524 бб. ]. Мұндай жоқтаудың жанындағы ең жақын адамның қазасына қайғырып, зарлы мұңға басуы қазақ әдебиетінде көнеден бар дәстүр. Халықтың ұғымында ғұрыптық-салт ретінде өлген адамды жерлеу рәсімі, оны жоқтау Ш. Уәлиханов зерттеуінде [7, 164 б.] таралып айтылады. Ең әйгілісі Орта жүзде, Айғаным Уәлиеваның 1833 жылы шешектен өлген үлкен ұлы Мамекені жоқтап жылауы және кейіннен суырып салма деген атағы шыққан әнші әйел 14 жасында өлген күйеуін жоқтап айтқан жылауы. Кейін бұл дәстүр сөз өнерінің иелері − ақындардың перзенттерін жоғалтқанда, ішіндегі ащы мұң-зарын өлеңмен шығаруға ұласқан. Діни терминологияда бұл жұбаныш − утешение, яғни, адам баласының қайғырған, я болмаса теріс эмоцияларға берілген кезінде діннен таяныш іздеу, Аралбайдың «өздеріңдей ағаны, келген күні тәңір айдап, бір көруге іңкәр» болуында замандасы Қашағаннан демеу, жұбаныш дәметкені. Бұл жағдайда ақындар психология тілімен түсіндірсек, «эмоциялық тапшылыққа» ұшырайды. Сонда, Қашаған ақын ажалға пенде баласының бәрі жететіндігін, тек уақытымен келгей деп тілек етуі, тататын дәмі таусылса, жалғыз деп ескермес Алланың құдіретіне көндігумен жұбатады. Бұл − Қашағанның жұбанышы. Аралбайдың қайғысын сейілтетін сабырлы сөз. Қапа құшағына оранған досына жұбату айтып, тоқтау салады. Азалы үн қосып, жүрекжарды ықыласын білдіреді.
Қазақ әдебиетінде туған перзентін жоқтаудың үлгісі Ұлы Абайдың Әбішті, Әбдірахманды жоқтауында көрінеді деп айта аламыз. Ақынның жан қайғысынан тұтас елдің аза тұтқан суреті көз алдыңа келеді, өйткені, қайғыны бастан кешкен жанның жанына барып, тоқтау айтып, сабырға шақырудың өзі ерлік болатұғын. Бұған әдебиетте де көптеп мысал келтіруге болады. Базар Оңдасұлының «Төребайды жұбатуы», Бұдабай Қабылұлының «Әлмембеттің баласы өлгенде көңіл айтқаны», Түменнің Сәттіғұлды жұбатуы т.б. Батыс өлкесінде баласының өліміне қатты қайғырған Аралбай, Сәттіғұл, Түмен ақындарды айта аламыз. Ақындардың мұңын шағып, ішіндегі қайғысын шығаратын сенімді серігі – домбыра болған. Ақындар иллюзорлық бақытты о дүниеден іздейді. 
Сәттіғұл ақын:
Жәннәтте алтын кесе толы шарап,
Жайнап тұр және тәтті хұрмалары.
Мінуге пырақтар тұр алтын ермен,
Киюге және әзір күлләлары.
Бұлайша о дүниеден әдемілік, сұлулық, дәмді ас, қайырлы құтты мекен іздеу Аллаға ғашықтық, Жаратқанның жіберген ісіне қарсылық білдірмеу, осылайша қамкөңіл жүректерді сұлулықпен, бауырмалдықпен «Адамзаттың бәрін бауырым деп» жылыұшырау арқылы адамдар өздерін де, өзгені де жұбатқысы келген тәрізді.
Шал ақын да «өткен қайтып келмейді, алғанын құдай бермейді» деп шындықтың бетін ашып береді, жанның кеудеге қонақ екенін ескерте келіп, дүниеге қызығып малданған кейбір пысықтардың көкейіне ой сәулесін түсіргісі келеді.
Бір құдайдан тілеймін әуелі иман,
Иманымнан айрылсам көрге сыйман.
 …Біреуге ерте келеді, біреуге кеш,
Ертелі кеш өлімнен қалмады һеш…
Міне, моралист, дініне берік ақынның ұсынатын өнегесі. Бұ дүниелік өмірдің қызығын сезіне отырып және сол сезінуді, айналасынан көрген өнеге мен ғайбат мінез-құлықты өз жырларымен көркем беруі арқылы тірліктегі мың күндік сыйластыққа ештеме жетпейді деген түйінге келеді. Бәрі де айналып келгенде имандылық, адамгершілік гумандық қасиеттердің адам бойында көрініс беруін жырлауымен құнды. 
Анар Бүркітбаева, 
Ш.Есенов атындағы КМТжИУ-дің оқытушысы

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Тимофеев Л. Советская литература. – Москва: Советский писатель, 
1964. – 524 с.
2. Поспелов Г. Теория литературы. – Москва, 1978. – 351 с.
3. Тебегенов Т. Ақындық поэзиядағы фольклор мен әдебиет дәстүрі.   Әдеби процесс. Авторлық поэзия. Ақындық өнер психологиясы: Филол. ғыл.      д-ры дис. автореф. – Алматы, 2002. – 65 б. 
4. Кәрібозұлы Б. Қазақ өлеңінің ұлттық сипаты: Филол. ғыл. д-ры дис. автореф. – Алматы, 1997. – 23 б.
5.  Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Қазақ университеті, 1992. – 352 б.
6. Лихачев Д. Избранные работы. – Ленинград: Худ.лит, 1987. – 1 т. – 
656 с.
7. Уәлиханов Ш. Таңдамалы. – Алматы: Жазушы, 1985. – 560 б.

443 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз