• Заманхат
  • 06 Наурыз, 2014

Қазіргі кезде жеке репертуарды саксофонда ойнаудың өзіндік тәсілдері

XX ғасырдың екінші жартысында үрлемелі аспаптар музыкасында жаңа өзіндік ойнау тәсілдері мен ерекше ойнау әсерінің пайда болуы нәтижесінде музыкалық тілді жаңартуға бетбұрыс жа­салды. Бұл әсіресе 70-90 жылдары ай­қын көрініс тапты. Өзінің дыбыс жасау, дыбыс шығару ерекшелігіне қарай ағаштан жасалған үрлемелі аспаптары жаңа тәсілдерді қолдануда кең диапазонға ие. Соның нәтижесінде үрлемелі аспаптардағы дыбыс шығаруының жаңа тәсілдерін білдіретін төмендегідей терминдер шыға бастады: еріндік осцилляция, сморцандо, тілдік пиццикато, микротондық альтерация, бифония, әртүрлі шулы және соқпалы эффектілер, аспапта мундштуксіз ойнау және т. с. с. Мұндай жаңа тәсілдер дәстүрлі ойнау әдістерінен ерекшеленіп, орындаушыдан жоғары ойнау техникасын, үлкен икемділігін, ойнау аппаратының жүрдектігін, қозғалу моторикасының жоғары деңгейін, есту бағдары мен эмоция­лық реакциясын талап етеді.


Ойнау тәжірибесінде инновациялық тех­ни­каларды енгізудің заңды нәтижесі – саксофондық репертуардың – жеке және ансамбльдік музыканың жаңартылуы бол­ды. Оған мысал ретінде: Р. Ноданың «Импровизация», Э. Денисовтың «Соната» және «Две пьесы», Т. Иошимитцудің «Пушистая птица», Л. Берионың «Секвенция», Д. Смирновтың «Вечерняя песня», Ж.Вилдбергтің «Реминисценсии», Р. Щедриннің «Basso ostinato», К. Леннердің «Моноторус», Л. Берионың «Секвенция XI», И.Тараненконың «В поисках пути»,Т. Антонионың «Соло саксофона», С. Марайнның «Welles/ Nietes» және т.б. шығармаларды атауға болады.
 Танымал  «XA-SAX»квартеті үшін ар­найы Дж.Апегристің «Crosswind», А. Калевароның «Quiebroz», А. Буэс­стің«Hyperbaton», Ф. Россенің«Ximix» және басқа да шығармалар жазылды. Сондай-ақ, Бельгияда өтетін А. Сакс атындағы халықаралық саксофоншылар байқауына арнайы жазылған композиторлардың шығармалары үнемі енгізіліп отырады. Атайтын болсақ, 2006 жылғы байқаудың бағдарламасына Л. Берионың «Секвенция», Д. Фишхамптың «Декалькомания», Т. Иошимитцудің «Пушистая птица», Фредерик ванн Россумның «Патетическая история» шығармалары, 2010 жылғы байқау бағдарламасына П. Сверттің «Клонос», «Котекан», А. Вангнейннің «Рапсодия для альт-саксофона» шығармалары енді. Мұндай байқаулардың талаптарына тек қана үлкен музыкалық білімі бар, саксофонда ойнаудың дәстүрлі емес өзіндік әдіс-тәсілдерін еркін меңгерген, кәсіби шеберлігі жоғары орындаушы ғана лайық. Бұл көркемдік құбылыстың мәнін тереңірек түсіну үшін дәстүрлі емес тәсілдер кездесетін қазіргі заман компо­зициясының біріне тоқталып көрейік: Р.Но­даның №1 «Импровизациясы». Рио Нода – саксофонның жеке репертуарын жаңа интонациялық-мәнерлілік, сонорлы-акустикалық және ырғақтық құрылымдағы шығармалармен байытқан көрнекті жапон саксофоншысы, педагог және композитор. Оның шығармаларынан шығыс және батыс музыка мәдениетінің ықпалын байқауға болады. Композитор шығармаларының басым көпшілігінде партиясы өзіндік әдіс-тәсілдерге толы саксофонның жеке орындауына мән береді (көбіне электронды аспаптардың синтезінде). Бұл күндері Р.Ноданың жиі орындалатын шығармалары -  саксофонға арнап жазылған пьесалар циклі «Импровизации» (№1, 1972, - №3, 1974), Скетч для квартета саксофонов» (1973), «Симфоническая рапсодия» (1974), «Мей» (1975), «Хана» (1980), «Секстет» (1980), «Пулис» (1982), «Фоникс» (1983). №1 «Импровизациясы» (1972) жеке саксофон-альтқа арналған. Пьеса  флейтаға арналған дәстүрлі жапон музыкасы «сякухачиге» еліктеп жазылған. Автор оған тән сипатты бере білген:  әуендік желі паузалар бөліп тұратын шағын фразалардан құралады, жапон флейтасының темперирленбеген құрылымына сай қолданатын микротондық интонация кездеседі. Басқа қырынан алғанда, пьесаны тақырыптық аркамен көмкеру (шығарманың соңында пьесаны басындағы тақырыптық мате­риалға оралады), алтын бөлік нүктесінде динамикалық кульминацияның болуы  еуропалық дәстүрдің ықпалы екендігін көрсетеді. Пьесаның музыкалық мате­риа­лының  уақыттық құрылымы да қалып­тасқан жүйеден өзгеше: Нода бұл шығармасында академиялық музыкаға тән метроритмикалық қалыптан бас тартты, өлшем көрсетілмеген, тактіге бөлінбеген. Автор пьесаның орындалу ұзақтығы 4 минут екендігін көрсетеді, онда орындаушы  осы уақыт аралығында ырғақты беруде үлкен агогикалық еркіндікке ие болады. «Импровизацияда» дәстүрлі емес тәсілдердің бір тобын пайдаланады: вибрато, дәстүрлі емес альтерация, флаттер, портаменто, тембрлік трельдер. Алғашқы фразасында автор дәстүрлі вибрато тәсілін қолданғанмен ол әдеттегідей тембрді деформациялау үшін фондық деңгейдің жанама құралы емес, керісінше, синтаксистік, музыкалық-сөздік деңгейдің негізгі құралы ретінде пайдаланады:  вибратомен музыкалық фразаның даму кезі байланысты болып келеді. Экспозициялық құрылымды аяқтайтын екінші фразада микротондық интонациялау қолданылған: ¾ тонға төмендеу,¼ тонға жоғарылау. ¼ тондық интонациялаудың ерекше түрі негізгі тоннан жоғары және төмен қысқа глиссандо жасау болып табылады, ол дыбысталуда әсерлі реңк береді.
Импровизацияға дайындық сәтінде глис­­сандо түріне жататын портаменто әді­сі кіргізілген. Портаментоның сипаттық ерекшелігі – бір дыбыстан екінші дыбысқа «сырғанай» қалқып құйылу. Линеарлық им­про­­визацияға берілген шағын бөлім  пьесада ерекше орын алады, онда нота­лық мәтіндегі жекелеген бекітулер қозға­лыстың жалпы қозғалыс траекториясын ғана қарастырады.
Дыбыстық образдың әрі қарай дамуы саксофонда орындаушының музыкалық талғамына, көркемдік ойсанасына байланысты. Сол арқылы Нода орындаушыға виртуоз және интерпретатор ретінде үлкен еркіндік береді. Саксофонда ойнаудың жаңа әдіс-тәсілдерін тәжірибеде қолданудың орындаушылық өзгешеліктің ерекше түрі ретіндегі бірыңғай техникалық және интонациялық-мәнерлілік тұжырымдамасы жоқ. Бұл бүгінгі күні ағаш үрлемелі аспаптарында ойнаудың, оның ішінде саксофонда ойнаудың өзекті мәселесі және терең теориялық ұғынуды қажет етеді. Әзірше  саксофонға арналған репертурды оқып-зерттеу, ойнау технологиясының жоғары деңгейін қалыптастыру, саксофоншының шығармашылық және интерпретациялық қабі­леттерін жетілдіру т.с.с мәселелер сырт қалып тұр. Бұл кемшіліктің орнын тол­тыру –демек, отандық саксофонда ойнау өнерінің дамуына түрткі болу, ол өз кезегінде  XXI ғасырдың кәсіби саксофоншы-музыканттардың жаңа ұрпағын дайындауға себеп болу деген сөз.

Ғания НОҒАЙ,
          Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының 
магистранты

Пайдаланылған әдебиеттер:

1 Беговатова М.А. Современные техники игры на саксофоне // Актуальные проблемы музыкально-исполнительского искусства. История и современности. — Казань: 2009. – 231 – 237б.
2 Иванов В.Д. Выражение эмоциональной отзывчивости на сонорно-акустические эффекты в исполнительстве на деревянных духовых инструментах // Эмоциональный компонент содержания эстетического образования (мат. межд. науч.-практ. конференции). – Тула: 2006. – З30 – 333б. 
3 Беговатова М.А. Роли современного репертуара в концертно-конкурсной практике // Актуальные проблемы музыкально-исполнительского искусства. История и современности. — Казань: 2010. – 159 – 163б.
4 Шульгин Д.И. Признание Эдисона Денисова. – М.: 1998. – 209б.
5 Иванов В.Д. Трактовка современных исполнительских приёмов в музыке для деревянных духовых инструментов // Современное музыкальное образование: актуальные вопросы педагогики, методики, практики. – М.: 2002. – 30 – 34б.

318 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз