• Заманхат
  • 06 Наурыз, 2014

Уаххабиліктің ТМД аумағындағы халықтарға таралу тарихы

ЗикирияЗікірия Жандарбек, 
тарих ғылымдарының кандидаты

Қазіргі күні бір Қазақстан емес, Евразия кеңістігін мекендеген мұсылман халықтарының басына түскен басты нәубет – діни экстремизм десек жаңы­лыспаймыз. Діни радикалды топтардың пайда болуының себебі не? Қашаннан бастап бұл идеологияға негіз қалана бастады? Неліктен діни экстремистік топтардың жетегіне жас буын өкілдері тез түседі? Осы сұрақтарға жауап берілмейінше біз  бұл мәселені шешу жолдарын таптық деп айта алмаймыз. Оған біз осы мақала шеңберінде мүмкіндігіміз келгенінше жауап бергенді дұрыс көрдік. Ол үшін Евразия кеңістігіне ислам ді­нінің таралу тарихына қысқаша шолу жаса­ғанымыз абзал.


Ислам дінінің Евразия кеңістігіне ке­ліп, осы кеңістікті мекендейтін халық­тардың  діни-рухани болмысының  өзегі­не айналғанына мың жылдан аса уақыт болды. Кейбір өлкелер Исламды VIII ғасырдың екінші жартысында қабылдаса,1 екінші бір өлкелер X ғасырда Ислам дініне мойынұсынды.2 XII ғасырдан бастап сопы­лық ілімнің тариқат дәрежесіне көте­ріліп, Исламды қабылдаған халықтардың этникалық ерекшеліктерін сақтауға, мұ­сыл­ман халықтарының әр қайсының ер­кін өркендеп дамуына жол ашты. Әр ха­лық өзге халықтың рухани-мәдени еркін­дігін мойындай отырып, өзінің де, өзге халықтардың да Ислам атты ұлы бәйтеректің бұтағы екенін сезіне білді. Осы кезеңнен бастап, қазіргі күнге дейінгі аралықтағы бұл территорияны мекендеген халықтардың барлығының әдет-ғұрып, салт-дәстүрі осы ислам діні негізінде қалыптасты десек артық айтқандық емес. Бұл кеңістікте өмір сүрген мемлекеттердің шарықтап өрлеуі де, құлдырап саяси дағдарысқа түсуі де, күйреуі де Ислам дініндегі діни-рухани үдерістермен сабақтаса жүргенінен көбі­міз хабарсызбыз. Өйткені, тарихи үдерістердің дамуын біз, осы күнге дейін діни-рухани үдерістермен емес, материалдық құндылықтар негізінде өлшеп келдік. Бұл тарихымыздағы көптеген мәселелердің әлі күнге ашылмай қалуына ықпал етіп келе жатқан басты фактор екендігін әлі мойындар емеспіз. Мысалы, Евразия кеңістігіндегі түріктердің этникалық жіктелуіндегі не­гізгі фактор діни-рухани үдерістер болғанын біздің осы бағытта ұзақ жылдар бойына жүргізген зерттеулеріміз нәтижесі айқындап берді. 3 
XIII ғасырда ханбали мазхабының өкілі ибн Таймийаның ислам дінінің сенімдік негіздеріне қарсы шығып, ревизияға ұшыратуы мұсылмандар ара­сына жік түсірді. Оның өзі жазалан­ғанымен,  шәкірттері оның салған жолын ары қарай жалғастырып, оның соңы Мұхаммед Абд ал-Уаххабтың бұл жолды ағылшын тыңшылары көмегімен араб халқының Османлылар империясына қарсы тұрар идео­логиялық доктринаcына айнал­дырғаны  тарихтан белгілі.4 Бұл үдеріс­ті ары қарай дамытқан, исламдық рефор­ма­торлық идеяның атасы атанған Жамал ад-дин Афғани мен Мұхаммед Абдух болғандығы да тарихтан белгілі.5 Ислам әлеміндегі мұндай жікшілдіктің пайда болуына XV ғасырдан басталған ислам дініндегі халықтардың рухани, мәдени са­лада,  артта қалушылық пен ғылымның тоқырауға түсуі тікелей ықпалын тигізді. Бұл үдеріс Ислам әлемінің әр түкпірінде бұл тоқыраудан шығудың жолын іздеушілер санын көбейтті. Ондай жағдай түрік халықтарында да болды. Алғаш рет түрік діни танымына қарсы шыққан XVIII ғасыр соңы мен XIX ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген татар ғұламасы Абу Наср Курсави еді. Ол Орталық Азияда мұсылмандарының  діни сенім негізі болған Имам матуриди мен ізбасары Насафи ақидасына қарсы шықты. Бұл көзқарас тікелей ибн Таймийа танымымен сабақтасып жатты. Алайда, оның бұл көзқарасының қалыптасуына ық­пал еткен анық кім екені белгісіз. Ол осы көзқарасы үшін 1808 жылы сәуір айында Бұхар әмірінің жарлығымен  өлім жазасына кесіледі.  Оны өлім жазасынан құтқарып қалған Курсавидің ұстазы, сол кезеңдегі Орта Азиядағы нақ­шбандийа-мужаддидийаның белді өкілі Шайх Ниазқули болды.6 Ол түрмеден босап шыққан соң Қазанға келіп, өзінің жұмысын одан ары қарай жалғастырды, өз көзқарасынан қайтпады. Бұл оның «Иршад лил-Ибад» атты еңбегінде Ислам ғылымдарының құрамдас бөлігі болған «Калам» ғылымына тікелей қарсылығынан байқалады. Курсавидің бұл әрекетінің соңы XIX ғасыр соңы мен XX ғасыр басында бүкіл Евразия мұсылмандарын түгел қамтыған жәдидшілдік атты қозғалысқа айналды. Олар тоқырауға түскен мұсылман халықтарын оятып, Ислам әлемін жаңа сатыға көтереміз деген үмітте болды. Бұл ағымды қолда­маған XX ғасыр басындағы мұсыл­ман халықтарынан шыққан интеллигенция өкілдері болған жоқ деп айтса болады.  Жадидшілер қозғалысының күшейгені сондай, олар ұлт-азаттық мәселелерін күн тәртібіне қоя бастады. «Шура-и Ислам», «Жас түріктер» жадидшілдер ұйымдары саяси талаптар қоя бастады.7 Алайда олардың бұл әрекеті мұсыл­ман халықтарының ғасырлар бойы қалып­тасқан әдет-ғұрып, салт-дәстүріне тікелей қарсылықпен ұштасып жатты. Олардың бұл әрекеті сол кездегі дәстүрлі Исламды жақтайтын ғұламалар тарапынан қар­сылыққа ұшырады. Олар Татарстанда да, Орта Азияда да, Кавказда да, Қазақ даласында да жәдидшілдерге қарсы шықты. Мысалы, дағыстандық ғұлама Абд ал-Хафиз ал-Ухли тарапынан қатты сынға алынды. Ол жадидшілер мен уаххабилерді Ислам үшін ең қатерлі ағым ретінде сипаттады. Ол былай дейді: «Мен екі адасқан ағымды айтқым келеді: оның біріншісі –уаххабилік; екіншісі – жәдидшілдер тобы. Ол «Хизб ал-жадид» деп аталады. Оның негізін салған, Ислам ішіне іріткі салушы – Жамал ад-дин Афғани».8  Бұл екі бағыт арасындағы тіке-тірестің соңы ірі қақтығыстарға ұласар ма еді? Егерде Патша үкіметінің құлап, орнына Кеңес өкіметі орнамағанда. Патша өкіметі тақтан кеткен кезде, мұсылман халықтарының көпшілігі өз тәуелсіздіктерін алып кететіндей де мүмкіндіктері болды. Алайда, ұлт зиялылары арасындағы діни танымдағы алауыздық  бұл мүмкіндікті пайдалануға  мүмкіндік  бермеді.
Ал, Кеңес өкіметі болса, бұл алауыз­дықты өз мүддесіне жақсы пайдаланды. Жадидшілерді қысымға ұшы­ратып, дәстүрлі Ислам өкілдеріне уахха­билікті қарсы қойды. Қашғар жерінде өлім жазасына кесілген Саид ибн Абд ал-Вахид ибн Али ибн Асали Тарблуси аш-Шами  атанған уаххабилер өкілін өлім жазасынан құтқарып, Ташкентке әкеліп, жергілікті дәстүрлі Ислам өкілдеріне қарсы салды. Ол кеңестік өкіметке арқа сүйеп, жергілікті ғұламаларды  пікір сайысында жеңіп, белгілі тұлғаға айналды. Оның белсене араласуымен Ташкентте  «Ахл ал-хадис» тобы қалыптасты. Ол өзінің айналасына  талантты жастардан шәкірттер тәрбиелей алды. Шами дамулланы өз мүддесіне пайдаланып болған соң, Кеңес өкіметі оны жер аударып көзін жойды. Шәкірттерінің біразы да қуғынға түсіп, сотталып, көп қиындықтарға ұшырады. Сол шәкірттерден аман қалған Зиа ад-дин Бабаханов кейіннен «Орта Азия мен Қазақстанның Діни басқармасының» муфтиі қызметін атқарды. Ол ұзақ жылдар бойына Кеңес өкіметінің мұсылман мемле­кеттерімен байланыстырушы жал­ғыз көпір болды.9 Бұл деректер уах­ха­билік идеологияның ТМД елдері аума­­ғына Кеңес өкіметі құлағаннан кейін келмегенін, сол XIX ғасыр басынан бастап ене бастағанын, атеистік қысым кеткен соң, бұл ағымның қайта жанданғанының куәсі болдық.
Уаххабилер әрекеті Орта Азияда, Фер­ғана аңғарында өткен ғасырдың 70-жыл­дарында-ақ белсенді әрекетке көше­ді. Белгілі зерттеуші Б.Бабаджанов Өзбек­стандағы діни-саяси бағыттағы қозға­лыстардың пайда болуын өткен ғасырдың 70-жылдар ортасынан бастайды. Бұл үдеріске ықпал еткен  Ферғана аңғарында «хұжыра» деп аталған астыртын жұмыс істеген діни мектептердің ықпалы күшті болғанын, осы кезеңде Өзбекстан мен оған іргелес жатқан республикалардағы діндарлар қауымының осы «хұжыралар» ықпалымен қалыптасқанын алға тартады. Олар тек діни білімді жетілдіріп қойған жоқ, сонымен бірге «дауралар» аталған діни топтарды да қалыптастыруды бастағанын, ол топты басқарған Рахматулла ‘аллам  мен  Абдували-қари болады. Олар өздеріне «мужаддидийа» деген ат алады.10  Бұл топ белсенділері «мұсылмандардың әрекетін шектейтін» Имам Матуриди ақидасынан бас тартуға, олардың орнына салафийлік бағыттағы ұстанымдарды қабылдауға ша­қырды. Осы топтың бұл әрекетіне қарсы шыққан ханифилер әрекеті нәтижесіз аяқталды. Дәстүрлі Исламның сол кезеңдегі көрнекті өкілі Мұхаммеджан Хиндустани мужаддидилердің бұл әрекетіне қарсы шығып, олардың түпкі мақсатын халықты уаххабилікке апара  жатқанын әшкерелейді.11 Бұл тіке-тірестің барысында халық арасына жік түсті. Мешіттер «ханафилер мешіті», «уаххабилер» мешіті болып екіге бөлінді. Бұл әлі Кеңес өкіметі ыдырамай тұрып қалыптасқан жағдай болатын. Олар осы кезеңде ислам партиясын құрып, саяси билікке жету жолдарын қарастыра бастады. Алайда олардың бұл әрекетін дәстүрлі Ислам өкілдері қолдамағандықтан  іске аспай қалды. Партияны құра алмаған соң уаххабилер «Адолат», «Ислам лашкарлары» атты ұйымдар құрып, осы ұйымдар негізінде үкімет органдарымен қатар, балама билік жүйесін қалыптастыра бастайды. 1992 жылға қарай діни ахуал Өзбекстан Респуликасында күрделеніп кетті. Уаххабилер мемлекетке мойынұсынудан бас тартты. Оған Өзбекстан президенті И.Каримовтың Ферғанаға келген сапарында Тахир Юлдашевтің көрсеткен  дөрекілігі  дәлел  бола  алады.12
Міне, осы діни-саяси үдерістердің соңы 1996 жылдан бастап террактілерге ұласты, Андижан оқиғасына себеп болды.  Алайда, Өзбекстанда уаххабилерге қарсы тұра алатын, дәстүрлі дінді жетік білетін тұлғалар бар еді. Олар мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, уаххабилер ықпалын бәсеңдетуге қол жеткізді. Бірақ, бұл тіке-тірес Өзбекстанның халықаралық беделіне, экономикалық жағдайына үлкен нұсқан келтірді. Уаххабилік ұйымдарға сырттан келіп жатқан көмек жолын кескенімен, мемлекет ішіндегі ұйымдар, банктер, кіші кәсіпорындардың уаххабилерге жәрдемінің тоқтамауы, мемлекеттің оларға қарсы қатаң шаралар қолдануға мәжбүр болды. Бұл мемлекеттің ішкі экономикалық жағдайының күрт төмендеуіне ықпалын тигізді.
Ал, Тәжікстан мен Қырғызстан рес­пуб­ликаларындағы діни-саяси үде­ріс­тер осы Өзбекстан Республикасын­дағы діни-саяси үдерістермен тығыз сабақтастықта өрбіді. Бұл жерде қоса кететін бір мәселе – Қырғызстандағы 2005 жылғы «Қызғалдақ» революциясына діни-радикалды топтардың тікелей ықпалы болды деп айтуға негіз бар.  Бұған жанама дәлел ретінде Өзбекстан президенті И.Каримовтың 2005 жылдың басында «Независимая газетаға» берген сұхбатын алға тартуға болады. Тілшінің И.Каримовтан, «Сіз Қырғызстандағы діни ахуалды қалай бағалайсыз?- деген  сұрағына И.Каримов былай деп жауап береді:
– Қырғызстандағы діни ахуал өте күрделі. Мен бұл туралы А.Ақаевқа айттым. Неге шара қолданбайсың?-деп сұрадым. Ол маған –Менің қо­лым­нан не келеді?-деп жауап берді. Қырғызстанда діни-радикалды, экстре­мис­тік топтар ықпалының күшті болғандығын қырғызстандық зерттеуші С.Сағынтаеваның «Религиозно-оппози­цион­ные группы в Кыргызстане: Хизбут тахрир» атты мақаласында келтірілген деректер де қолдайды.13
Ал, Солтүстік Кавказдағы діни-саяси үдерістердің өзіндік ерекшелігі болды. Кеңес өкіметі ыдырағаннан кейін Солтүстік Кавказ халықтарында тәуелсіздікке ұм­тылу жаппай сипат алғанын, алғашқы кезеңде  олардың арасында діни негізде жік­телу­шілік болмағанын көреміз. Бірақ, Шешенстан өз тәуелсіздігін жариялап,  Ресейден  іргесін  аулақ  салуы, Шешенстан басшыларының  Ислам  елдеріне бет бұруы республикадағы діни-саяси ахуалдың күрделенуіне, уаххабилердің Шешенстанда жетекші діни-саяси ұйым ретіндегі ролін арттырды. Уаххабилер уағызына еліткен қарулы жасақ басшыларының  тек Ресейге қарсы со­­ғыс­пай, жергілікті дәстүрлі Ислам өкілдеріне «жихад» жариялағанын көре­міз. Оған дәлел ретінде менің Аты­рауға іссапарға бара жатып, екі шешен әйелімен серіктес болғаным бар. Олардан Шешенстан жағдайын сұрағанымда олардың бірі маған былай деп жауап қатты: 
– Мен қарулы жасақтың басшысы Бараевтың кластасымын. Бір ауылда тұрдық. Бірақ, ол қазір қатты өзгерді Ол біздің ауылдың дәстүрді Исламды жақтайтын ақсақалдарын аптасына екі күн: дүйсенбі және бейсенбі күндері «бұл күндері сендерді құдайларың жақсы қабылдайды,» -деп кекетіп, халық алдына шығарып атады. Қазір аулымызда қариялар қалмауға айналды. Шешенстан тәуелсіздігі үшін күресіп жүрміз деген қарулы жасақтар да, федеалистер де шешен халқы үшін қауіпті болып тұр. Біз қазір өте қиын жағдайда қалып отырмыз,- деп әңгімесін аяқтады.14 Бұл әңгіме жалған емес, шындық болатын. Уаххабилік идеологияның ықпалы шешен халқының тарихи тағдыры үшін Ресей қоластында болудан қауіпті екендігін сезінген, уаххабилер соңына ерер болса, шешен халқының діни таным негіздері мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен, жалпы мәдениетінен толық ажырайтынын, Ресей қоластында болса, тәуелсіздіктен айырылғанымен шешен халқын сақтап қалу мүмкін екенін сезінген Абдулла Қадыров сияқты кісілер, бұрындары қарулы жасақты басқарып, Ресейге қарсы күрессе де, күрес жолынан бас тартып, Ресей жағына шықты.
Еділ бойы мұсылмандары да уаххабилік ылаңнан таза деп айта алмаймыз. Өткен жазда Татарстан муфтиінің жараланып, орынбасары В.Якубовтың өлтірілуі ондағы діни ахуалдың қаншалықты ушыққанын көрсетеді. Мен білетін Валиолла Якубов татар халқының дәстүрлі діні мен салт-дәстүрін, мәдениетін жан-тәнімен қорғаған тұлға еді. Ол өзінің дәстүршілдік  бағыты мен уаххабиліктен келетін қауіпті қандай болатынын «Ислам традиции» атты мақа­ласында жазған болатын.  Ол мақалада мынадай жолдар бар: «Однако справедливости ради надо отметить, что реформаторами движет свое понимание проблемы, восхищение протестантизмом, реформами, хотя они не задумываются, хороши ли реформы, полезны ли они, как сотносятся с татарским этносом? ...Задача дня – преодоление евроцентризма в познании реальности, формирование уважения к собственному народу, его достижениям. Иначе же этот странный симбиоз ваххабизма и джадидизма, объединивщихся в атаке на мазхаб и традицию может победить, но среди победителей, как это всегда бывает, останутся только ваххабиты. Необходимо трезвая оценка, - ради чего и для кого затена вся эта возня, кому это выгодно и что нас ждет. Немецкую интеллигенцию привлекали в фашизме патриотизм и возможность реванша, но вместе с ними они получили много еще чего. Таким образом, реформаторы помагая сейчас ваххабитам уничтожить мазхаб и связанную с ним традиционную толерантность татар, останутся на едине с ваххабизмом со всей его обскурантисткой прелестью предсатвлении: антроморфическим пониманием Бога, ксенофобией и нетерпимостью. Может быть, лучше учиться на чужих ошибках и не повторять пестования пусть и своего «мусульманского» но все же фашизма».15 Ол осы күрестің басында болды және осы жолда өзін құрбан етті.
Ал, Қазақстанда уаххабилік ағымның дамып, таралуы өзге ай­мақтарға қара­ғанда басқаша сипат алды. Өзбек­стан мен Тәжікстанда, Солтүстік Кавказ бен Татарстанда уаххабилерге қарсы күресе алатын дәстүрлі дін өкілдері болды. Ал, Қазақстанда дәстүрлі дін өкілдері тәуелсіздік қарсаңында мүлде қал­маған деп айтуға болатын еді. Оның себебі, Кеңес өкіметінің қазақ халқына қарсы бағытталған саясаты қазақ халқын үш­тен екісінің жойылуына әкелді. Ұлт зиялылары мен дін қайраткерлері тү­гелге жуық жойылды. Бірлі-жарым қалғандарының жалпы халыққа ықпалы бола қойған жоқ. Ықпал етуге атеистік саясат мүмкіндік бермеді. Тек Маңғыстау өлкесінде жыраулар қазақтың дәс­түрлі дінінің өзегін ұстаған тұл­ғалар болды. Олардың соңы 1980 жылдар басында дүниеден өткен соң, қазақтың дәстүрлі дінінен хабары бар діндарлар қалмады десе болады. Ал, медреселерде оқып, білім алған молдалар, олардың ішінде «Мир-и Араб» медресесін бітіргендердің де қазақ халқының дәстүрлі дінінен хабар болған жоқ. Алайда, олар қазақтың дәстүріне қарсы да болған емес.
Қазақстан тәуелсіздігінің ал­ғаш­қы он жылында сол кездегі Қа­зақстан Діни Басқармасының муфтиі Р.Нысанбаев сырттан келген діни ағымдардың бар­лығына дерлік қарсы тұрды. Соған қарамастан, Қазақстанға ислам атын жамыл­ған діни ағымдар келе бас­тады. 
Қорыта айтқанда, уаххабиліктің ТМД елдері аумағына таралу тарихы осындай. Біз бұл мәселеге тереңдеп бармай, үстіртін шолып өттік. Соның өзі уаххабилік идеология ықпалының  халық әлі санасына ықпалының бәсеңдемегенін көрсетті. Мұның да өзіндік себептері бар. Ол әлі күнге өз тәуелсіздігін алмаған мұсылман халықтарының уаххабилікті өздерінің тәуелсіздігі жолындағы күресінің негізгі идеоло­гиясына айналдырмақ ниетімен тікелей байланысты болып отыр. Евразия кеңістігіндегі осы діни-саяси үдерісте Қазақстанның белсенді рөл атқара бастаға­нын көруімізге болады. Қазіргі күні қазақ жерінде тәрбиеленіп, дайындалған жастардан құрылған тер­рористік топтар Солтүстік Кавказда, Ауғанстан жерінде, Сирияда әркет етуде. Бұл Қазақстанның ішкі діни-рухани ахуалының қауіпті шепке жақындап бара жатқанын көрсетеді.  

308 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз