• Келелі кеңес
  • 06 Наурыз, 2014

ҚАЗАҚ ОТБАСЫ: КЕШЕ, БҮГІН ЖӘНЕ ЕРТЕҢ

Жания  Әбдібек, журналист

Отбасы  қоғамдық институт, мемлекет ішіндегі «мемлекет», бала тәрбиесінің  бастау-бұлағы, адам  капиталының құрушы  факторы екені анық. «Ұл өсіре отырып, жердің, елдің иесін, қыз өсіріп, ұлтты тәрбиелейтін» дана  халқымызды отбасы мәселесін әрқашан бірінші орынға қойған. Алайда, бүгінгі таңда  қазақ  қоғамында отбасы  мәдениеті, тәлім-тәрбиесі құлдырауға  ұшырап бара  жатқан секілді. Бұл проблема біздің ұжымды  да  бей-жай қалдырмады.Осы  орайда,  редакциямызда  «Келелі кеңес»  өткізіп, отбасы мәселесін  талқылаған  болатынбыз.  Кеңеске белгілі жазушы-ақын Аян  Нысаналин, философ Әбдірашит Бәкірұлы, б.ғ.д. ҚР Президенті  жанындағы отбасы  және  әйелдер істері жөніндегі Ұлттық комиссия  мүшесі, репродуктолог-эмбриолог Салтанат  Байқошқарова, Алматы қалалық әкімшілігі, «Көп балалы аналар одағы» төрайымы, Алматы қаласы әкімдігінің депутаты Нағигүл Бейсембина, ҚМДБ Жалпы  және  жастар бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысқанұлы, Алматы қаласы Түркісіб аудандық АХАТ бөлімінің бас маманы Гүлзира Несіпбекқызы қатысып, орамды ой-пікірлерін  ортаға салды.

– «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны  ілер» дейді халық даналығы. Сон­дықтан, отбасыдағы дұрыс тәрбие  ұл мен қыздың болашақта ұрпақ сабақтастығын  жал­ғас­тырып, қоғамға пайдалы аза­мат болып қалыптасу қажеттігінен туын­дайды. Алайда, соңғы уақытта қазақ отбасыларында тәлім-тәрбие  құлдырап бара жатқан  сияқты.  Ажырасу,  ішкілікке салыну, материалдық жағдайдың  тө­мен­­деуі, жалғызбасты аналардың  кө­беюі, әке сыйламау, ата-аналардың қарау­сыз қалуы − мұның барлығы қазақ от­ба­сындағы типтік проблемалар. Осы мәсе­лелер ту­ралы сіздердің  пікірлеріңіз қандай? Аян Ныса­на­лин: −Біз өте қиын кезеңде өмір сүріп отыр­­мыз. Мемлекеттің,  қо­ғамның,  адамның  да көзқарастары өзгеріп кетті. Адамзат тарихы  талай белестерді  артқа  тастады. Тобырлық кезеңді өткерді. Бүгінгі зайырлы,  құқықтық  қоғамға дейін экзогамия, полигамия деген отбасылық кезеңдер өтті. Ал, қазір «гендерлік саясат» деген бір «сұмдық» шықты. Азаматтық неке деген тағы  бар. Бұл құбылыстар еркек пен әйел  арасындағы қарым-қатынасты әбден  бүлдіріп бітті. Әйелдерді еркінсіткеннен басқа,  бұл саясат бізге  түк берген жоқ. Қазір  Қазақстанда 1000 әйелге 928 ер адам  келеді. Парламентте тоқал алу  мәселесі көтерілді. Сонда «гендерлік сая­сат» дем берген әйелдер қауымы да «егер еркектер екі әйелден алатын болса, біз де екі ерге күйеуге шығамыз» деп дау­рық­ты. Біздің көршімізде, Қытайда 30 млн.  еркек сүр бойдақ болып жүр. Соған сай, олар саясатын да өзгертті, бұрын бір отбасыға бір ғана бала тууға  рұқсат етсе, қазір екі-үш балаға дейін тәрбиелеуге рұқсат етілді. Қазір бізде демографиялық проблема  бар:  қазақтың саны аз. Бұл мәселе бірінші  кезекте тұруы керек. Сондықтан, біз үшін  гендерлік саясат,  азаматтық  некеден еш пайда жоқ. Қыздарды, әйел затын тым еркелетіп жібердік-ау  деп  ойлаймын. Бұл  оларды өмір бойы шектеп тастау дегенді  біл­дірмейді. Бірақ, олардың ой-пайымы,  ақыл-парасатына  қарай еркіндік  беру керек  деп ойлаймын. Нағигүл Бей­сем­бина: − Мен  көп­балалы анамын, Құдай берген алты-жеті  балам бар. Жиырма  жылдан  астам Әуезов ауданындағы «Көп балалы аналар ода­ғын» басқарамын. Сондықтан,  отбасы тақырыбы маған өте жақын. Отбасы мәселесі соңғы уақытта жиі  көтеріледі, өйткені, қарнымыз  ашады, көңіліміз толмайды. Азаматтық неке  дегеніңіз ақылға мүлде сыймайтын, біздің дәстүрімізге, қазақ халқының менталитетіне, болмысына өте жат нәрсе. Мәселенің барлығы  осыдан болып тұр. Өйткені, жауапсыздық көбейіп  барады. Отбасы дегеніміз екі адамның бір-біріне серік болуы, дүниеге ұрпақ әке­луі, сол ұрпақтың иманды болып өсіп,  ұрпақ сабақтастығын жалғастыруы екенін  әрбір адам ұмытпауы керек.  «Отан отбасыдан басталады» емес пе? Қазір тек  мәселенің барлығы тек әйелдерде  ғана  емес,  ер-азаматтар да кінәлі. Қазір ақыл айтатын, көрген-түйгені көп  ақсақалдар жоқ. Үлкен  жастағы  қариялардың жиын-тойларда жастарға ұқсап, билеп жүр­гені біртүрлі көрінеді. Сонда, судың бұлақтан  бастау алатыны секілді, «біз кімнен, қайдан өнеге ала­мыз?» деген орынды уайым келеді. Иман­дылыққа шақыратын ақсақалдар жоқтың қасы. Еліктегіш  болып барамыз: қазір орысты қойып, еуро­палықтардың  мәде­ниетіне еліктеуді шығардық. Көп әйелдер дене бітімі сұлу, өзі жас көрі­нетін әйелді «нағыз әйел», яғни, «идеал» деп қабыл­дайды. Ал, шын мәнінде «на­ғыз әйел» дегеніміз ер-азаматын риза қылып, отбасының сәнін келтіріп,  бала-шағасына жылу сыйлаған әйел. Алматы қаласы әкімінің жанындағы «Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия» әйелдер үшін  қазіргі уақыттағы заман талабына сай, сонымен бірге дәстүрлік тәрбие бере алатын сауатты  бала тәрбиелей алатындай болуын  көздейді. Баласына тек қана тамақ беріп  қана  қоймай, оның еңбекке араласып, елге, қоғамға пайдалы  іс атқара алатындай тәрбие беруі тиіс. Өмірдің өзі − сын. Сол сыннан сүрінбей өтсе  ғана,  болашағы кемел болады. Отбасының бастауы иманнан болуы ке­рек. Имандылық дегенің өзіңді тәрбиелеу, нәп­сіңді тәрбиелеу, қызықтыратын дүние­ге еріп кетпеу, бар нәрсеге шүкіршілік ету, күйеудің, баланың қадірін білу деген сөз. Егер, әрбір отбасы имандылыққа  жүгінсе,  онда біз аңсайтын,  жылылық тұнып тұратын, әйелі  отағасын сыйлап тұратын, қиын-қыстау кезде ер-азаматын сыйлайтын отбасылар көбірек болар ма еді. Отбасыда  бала көргенін істейді, естігенін істемейді. Сон­дықтан, ең бірінші ата-ана бір-бірін сыйлап тұруы керек. Қасиетті Құранның өзінде ер-азаматын сыйлаған адам жаннатқа  барады, жаннат  ананың  табанының  астында деген секілді хадистер өте көп.  Қазір қоғам Құдайға шүкір, имандылыққа бет бұрып келе жатыр. Бұл мені қуантады. Егер сана-сезімімен кіріп жатса,  әрине. Қазір дінге  де сын келіп тұр. Өйткені  адасушылық  өте көп. 2009 жылы әйелдердің зорлық-зомбы­лығына қарсы заң шықты. Содан кейін, Алматы қаласының ІІБ-ның отбасылық арнайы бөліміне биылғы  жылдың өзінде  күйеулері ұрған, қорлық көрген 2 мыңға таяу ша­ғым түскен. Сонымен  қатар, азаматтық  некеге тұрып, тастанды атанып жатқан  ба­ла­лар көп. Жетімдер үйі де сол себепті кө­беюде. Гүлзира Несіп­бек­қызы: − Осы мә­селеге ке­ліп тоқ­та­ла­тын бол­сақ, 2012-2013 жыл­дар ара­лы­ғындағы неке қию мен неке ажырасу, әке­лік таныту, бала асы­рап алуға қатысты нақ­ты деректерді  кел­тіре кетейік. Неке 2013  жылы 16483 болса, 2012 жылы 19599. Яғни, некеге тұру көрсеткіші 15,8 пайыз томендеген, ал, неке бұзу 5584 биыл болса, былтыр 5588, яғни, 0,1 пайыз төмендеген, әкелік таныту алдыңғы жылы 4759 болса,  2012 жылы 5053 болған. Былтырғы көр­сеткіш алдыңғы жылға қарағанда 5,8 пайыз тө­мендеген. Өз азаматтарымыздың және шетеліктердің бала асырап алуы былтыр 217, ал, 2012 жылы 175, болған, яғни, 19,3 пайыз өскен. Бұдан шығатын қорытынды,  қазір неке қию және неке ажырасу төмендігі бар. Неке  ажырасудың  негізгі  себептері мінездерінің сәйкес келмеуі дейді. Көпшілігі осы себепті жазады,  кей­біреуі шындығын айтады: бір-бірін алдауы,  әке-шешелерімен бірге тұрғылары келмеуі, тұрмыс жағдайдың төмендігі. Әйел адамдардың, жас  қыздардың барлығы тек байлықты аңсайды, ауқаттыға тұрмысқа шыққысы келеді.Үй, көлігі, жақсы жұмысы болса  дегенді армандайды. Мейлі, арманына  жетсін, бірақ, ол  адаммен өмір сүріп кете ала ма? Бірінші соны ойлау керек. Жастардың  бүгін үйленіп, ертең ажырасуы көп кезде­суде. Жоғарыдағы ажырасу бойынша айтқан деректің аз дегенде 20-30 пайыз жас  жұбайлар. Азаматтық неке бойынша әкелік таныту бойынша да түрлі жағдайлар кездеседі. Азаматтардың бірнеше некесі бар болады, т.б. Менің жеке тәжірибемде, бір азамат  үш  әйелді баласына әкелік танытуға келді. Заңды бір некесі бар. Тастанды  бала қайдан шығады? Азаматтық некеде  туылып, әкесі бас тартқан, анасы асы­рай алмай тастап кеткендер. Яғни,  отбасылық жауапкершілік жоқ. Бала асырап  алу биылға 19,3 пайыз  өскен. Мен келтірген деректер тек Алматы қаласы бойынша ғана, ал, Қазақстан  бойын­­ша қаншама? Бұл мәселенің түбіне жете  алмайтын  шығармыз... Салтанат Бай­қош­қарова: − ҚР Прези­денті  жанындағы  әйелдер істері және  отбасы демографиялық саясаты жөніндегі ко­миссияның мү­ше­сімін­. Бұл мәселені күн­делікті ақпарат құрал­дарында да жиі көтеріп жүрміз. Қазіргі кездегі өте қиын, шешімі жоқ мәселе. «Гендерлік саясат» деп айтыңыздар, мұндағы  гендер деген сөз маған да  ұна­майды. «Қазақты құртатын екі-ақ сөз бар: «гендер» мен «тендер» дейді. «Гендер» дегенді сөзбе-сөз аударсақ, бұл екі  жыныстың теңдігі. Бірақ, біз қанша теңдік орнатамыз десе де, табиғаттан физиологиялық  теңсіздік бар екінін жасыра алмаймыз. теңсіздік бар. Әйелдің ағзасы бөлекше жаратылған. Бірақ, «екі жарты − бір бүтін». Солай деп  аламыз да, қазір тоқал алуды бастама етіп көтереміз. «Қазақ байыса әйел алады» дегендей, ертеректе көп әйел алушылық болды. Себебі, заманның өзі солай еді. Жау­­гер­шілік, соғыс, әмеңгерлік адам санын  толтыру мақсатында көп әйелге рұқсат етілді. Қазір заман  басқа, біз уақытты кері шегіндіре алмаймыз. Біз сауатты, зайырлы мемлекетте  тұрып жатырмыз, сондықтан, неке де тек бір әйел мен бір ердің  тең құқылы одағы болуы керек. Көп әйел алу − қиын философиялық мәселе. Бала бір әке бір шешенің тәрбиесін алып, берекелі отбасында өсуі керек, балалардың арасында қызғаныш болуы мүмкін. Сондықтан, қажет емес деп ойлаймын. Аян аға, дұрыс айт­тыңыз, 1000 әйелге 928 ер адамнан келеді деген ақпарат бар. Негізі, статистика бойынша 10 пайыз  қыздарға  қарағанда, ұл балалар көп туылады. Бірақ,өлім-жітім ер жігіттердің арасында жиі болады да, 20-25 жастан кейін азая бастайды. Жол апаты, соқтығыс, төбелестен, зиянды әдеттерден ер балалар азая береді. Теңсіздік осыдан  туындайды. Телеарналардан бір еркекке 9 әйелден келеді екен деп «соғып» жіберді. Мұндай, қате деректер таратпау керек. Егер, көп әйел алушылық болса, әйелдер  же­тіспей қалуы мүмкін ғой. Сондықтан, бір теріс жағдайдан екіншісіне кетпеуіміз керек. Кеңес кезінде орысша білім алдық,  алайда үйдегі тәрбие қазақша еді. Ата-әже­нің әңгімесін, ертегілерін тыңдап өстік. Қазір ондай жанын үзіп беретін ата-әжелер жоқ. Бар болса да, өте аз. Менің жолдасыммен отасқаныма отыз жылдан астам уақыт өтті, шүкір, екі ұлымыз, бір немереміз  бар.  Жолдасым мінезді кісі. Ол да бір үйдің еркесі, ата-әженің баласы, мен де дәл солай. Соның өзінде, мен  ер-азаматымның  алдында басымды иіп, төменірек тұруға тырысамын. Онсыз отбасында береке болмайды. Қанша керемет болса да, ғалым болса  да  кез келген әйел ерін сыйлауы керек. Бірақ, бір- біріне жауапкершілікпен  қарауы  керек. Жаңа  сіз айттыңыз  ғой, екі мыңға жуық зәбір  көрген әйел хабарласатынын. Мүмкін,  ол әйел тілінен табатын шығар. Гендерлік саясат деген онша ұнамағанымен, біздің елде теңдік берілді, дегенмен  оны дұрыс түсіну керек. Бір-біріне басына шығып кету емес, өзінің мүмкіндіктерін орынды пайдалануы:білім алу, ғылым жолына түсу, мансап қуу мүмкіндігін шектемеуі керек. Алтынбек Ұтыс­­қанұлы: − Бис­­си­милаһи раһмани  раһим! Отбасының не­гізгі тірегі − ата-ана. Екі тірегі, ата-ана дұрыс болған жағдайда отбасы дұрыс болады, отбасы дұрыс болса Отан­ның да дұрыс болатыны баршамызға мәлім нәрсе. Сон­дықтан, бүгінгі тақырып өте орынды, Алла  тағала берекелі етсін! Кешегі отбасы қандай болды десе, бар­шамызға белгілі,  бүкіл  халықты  аузына  қаратып сөйлейтін, іс-әрекетімен үлгі болатын абыздарды айтуға болады, одан қала берді өз аймағында әр бір сөзі жерге тасталмай, әсерлі ететін ақса­қалдарымыз, ал, отбасында айтқанын істете алмайтындарға шал деп қарайтын халықтың ұрпағымыз. Апа-әжелеріміз де­генде ақ жаулықты, инабатты да ибалы, балаға дұрыс тәлім-тәрбие  беріп,  отағасын сыйлайтын, сөзін жерге тастамайтын әжелерді елестетеміз. Аналар дегенде үл­кен­дердің алдын кесіп өтпейтін,  жарысып сөй­лемейтін, салихалы бейнелер елестейді. Қазақ тарихында  даңқты көсемдердің,  ділмәр шешендердің, батырлар мен қол­бас­шылардың болуы отбасының дұ­рыс болғандығының дәлелі деп айтуға болады. Абай, Шәкәрім, Қожа Ахмет Йассауи, Мәшһүр Жүсіп Көпей, Сәкен Сей­фуллин, Мұқағали Мақатаев т.б. зиялы адам­дардың сөздерінен, еңбектерінен,өмір  дерек­терінен олардың өте иманды, ислам­ның қайнар бұлақтарынан нәр алған отба­сылардың  шыққандарын байқауға болады. Абайдың әкесі Құнанбайдың қа­жы­лыққа барып тұрып, мешіт сал­ды­руы үлкен даналық. Ол жаққа ниет­теніп  баруының өзі имандылықтың  белгісі. Әжесі Зере, анасы Ұлжанның да мейірімі, ақылдылығы, көрегендігі  көп айтылады. Мектептерде Абайтану пәні енгізілуде. Мұның барлығы  біздің ата-бабаларымыздың отбасы дәстүрінің  қандай болғандығын көрсетеді. Ал, қазіргі  кездегі үйлене салып, ажырасып кетіп жатқан отбасыларды, балаларды жетім тастап кетіп жатқандар, адам түршігерлік қоқысқа тастау, шарана кезінде жойдыру кім-кімді болса  да алаңдатарлық мәселе. Ең келеңсізі, бірдей жыныстылардың одақ құруы белең алуда. Елімізде де екі қыз үйленіп, заңдастыруын сұраған. Бұл имансыздықты көрсетеді. Батыс елде­рінен келіп жатқан сұмдық, мұның бәрі. Сондықтан, біздің жастарымыз келешекті ойлап,  тарихымызды зерделеп, халқымыздың қайдан шыққанын, тілі­міздің, дініміздің қалай пайда болғанының парқына бармай жатып,  батысқа еліктей  беруіне болмайды. Егер, жастарымыз осы  ағыспен кететін болса, ол  болашағымызға жақсылық әкелмейді. Сондықтан, болаша­ғымыз, еліміз, отанымыз дұрыс болуы үшін ең бастысы, имандылықты насихаттау керек. Мен 90 жылдары  ауылды жерлерде имам болып  жұмыс істедім.  Сол кездің өзінде не бір ақсақалдарды көрдік. Сөзі, іс-әрекетімен сыйлы болып, абыз болып отырған. Ал,  қазір 70-ке келген кісі ақсақал жоғалды деп отырады. Ақсақал − өзі. 60-қа келгендері: «60- деген талтүс, 60-деген екі 30» деп қартайғылары келмейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтады: «Жастардың ішінде ең жақсыларың қарттарға ұқсағандарың, қарттардың ішіндегі ең жамандарың жастарға ұқсағандарың». Қазір үлкен  жасына  қарамай, жастарға  еліктеушілер көп, жастарымыз Еуропаға еліктеуде. Үлкеннен тәлім-тәрбие ала алмаймыз: әжелеріміз де боянып, қыздарға тәрбие  беретін сипат көрсете алмай жатыр.    Бірақ, бәрін жоққа шығарудан аулақпын. Мүлдем жоқ емес, бар. Ақсақал жасына  жетіп отырса да, соған тән сипат жоқ. Бұ­рынғы аталарымыздың аузынан «Алла» деген  сөз түспейтін, «Биссимилла» дегенді үйре­тетін. Жаңа әпкелеріміз дұрыс  айтты, бұрын­ғының әжелерінен тәрбие алып үлгерген. Ата-әженің тәрбиесін көрген адам  басқаша болады. Қазіргі ата-әже сериалдағы кейіп­керлерді,  Алла емес арақты айтады, Құран емес қызды айтады. Одан қандай тәрбие.   Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  хадисінде: «Кім де кім жамандықты көрсе, қолымен өзгертсін, ауызбен, жүрекпен,  Алла таға­лаға дұға қылсын» дейді. Бұл  жерде қолмен өзгерту дегеніміз,  Заң шығарып, заң арқылы  реттеу керек. Мәселен, бір  жынысты не­ке­ге тыйым салып, қазақтың дәстүрі, мәде­ниетіне, дініне қарсы екенін айту керек. Заң арқылы  алдын алу керек. Біз мұсылман халқымыз, елімізде 75 пайыз мұсылмандар тұрады. Елбасымыз да айтады: «Дініміз − ислам, тегіміз − түркі, кітабымыз − Құран».  Сондықтан, ондай негізі ислам болғандықтан, кейбір  орынсыз әрекеттердің алдын-алу үшін тосқауыл қойып, заң шығара аламыз. Біз иманды отбасы идеясын наси­хаттауымыз керек. Насихаттың ең жоғары өкілдері БАҚ өкілдері: газет-журнал, радио-телевидение, сол арқылы  насихаттау керек. Дін − насихат дейді. Тағы бір аятта: «Сендер қайырлы үмбет­терден болыңдар, адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тиятын» дейді. Сендер дегенде, тек мешіт имамы ғана емес, барлық адамдар да атсалысуы керек. Әр кім өз саласында, шынайы  ықыласпен  беріліп үлес қосуы керек. Отбасының мәнісін көп  адам түсіне бермейді. Қазақта «үйлену оңай, үй болу қиын» дейді. Үйленіп,  ары  қарай  қалай өмір сүру керек екенін білмейді. Отбасыда, мектеп, ЖОО-да отбасының мәнін түсіндіретін тәрбие беріліп, керекті пәндер оқылмай жатыр ма? Егер, біз  баланы жастайынан азамат, адам ретінде тәрбие­лейтін болсақ, біздің еліміз болашақта гүлдер еді. Әбдірашит Бә­кірұлы: − Елі­міз­дегі отбасылық институттың дамуы еліміздегі болып жат­қан өзгерістерге толығымен сәйкес келеді. Сондықтан, біз отбасы, отбасылық тәрбие, ұрпақтар арасындағы түсіністік, дәстүр мен мәдени сабақтастық туралы айтқанда, ең алдымен, біз өзімізге «Қандай мемлекетте, қандай ортада өмір сүріп отырмыз?» деген сұрақты қойып алуымыз қажет. Егер, мәселеге осы тұрғыдан келетін болсақ, онда қазіргі жағдайымыз да, болашағымыз да алаң туғызатындай жағдайда екенін көреміз. Неге? Алдымен «Отан» деген қасиетті ұғымның Отбасыдан басталатынын еске алайық. Бүгінде Отан сөзінің қаншалықты қадір-қасиеті бар? Рас, біз Отанымызды қазіргі Қазақстан мемлекеті деп ұғамыз. Сөйтіп, біздің санамызда  «Отан» ұғымы «мемлекет» ұғымымен бір мағынаға ие болып шығады. Ал, енді, мемлекетіміз өз халқының жағдайын  қаншалықты көтере алды? Бұл – әркімді қинайтын сұрақ. Сөйтіп, бізде мемлекеттік дамуда қаншалықты қателіктер мен келеңсіздіктер орын алып жатса, соншалықты Отанға деген құрмет, патриоттық сезім азая түсуде. Ендеше, біздің мемлекет «тәрбие – тал бесіктен» екенін ескере отырып, отбасылық институтты дамытуға көңіл бұруы қажет. Сонда бүгінгі түйткілді мәселелердің бәрі біртіндеп шешіле бастайды. Бірақ, бұл оңай жұмыс емес. Ол үшін алдымен қоғамда шынайы демократиялық құндылықтар орнап, қазақтың діліне сәйкес келетін құрайтын әділетті жағдай орнауы қажет. Заң да, жөн-жоралғы да, сый-құрмет те бәрі үшін тең болуы қажет. Онсыз қаншама тәрбиелегеніңізбен, ұрпақ бәрібір қазақ болмысына жат ортаның барлық келең­сіздіктерін бойына сіңіріп, оны үлгі тұтып, өзгереді. Нәтижесінде, аға буынның кіші буынды түсіне алмайтын жағдай орнайды. Яғни, бұл біздің бойымыздағы осыған дейін жеткен «қазақы болмыстың» толықтай күйреуі болып шығады. Біздің қазіргі айтып, сынап жүрген «мәгүрттік», «космополиттік» деген қасиетсымақтар сөйтіп, қазақ ұлтының «төл болмысымызға» айналады. Олар – аты қазақ, заты – қазақ емес. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жетер мақсат осы ма еді? Жоқ. Біз ұлттық құндылықтарымызды дамытып, нағыз қазақ ұлты екенімізді көрсетіп, жаңа тарихымызды бастайық. Қазіргі бізді аздырып жатқан жойқын күштің бірі – азаматтық неке. Жалпы, бұндай «неке» дегеніміз ислам дінімен өр­нек­­телген қазақы ділге жат құбылыс. Алайда, жасырып неғылайық, қазір діннің өзі де осыған астарлы түрде қызмет етіп жатыр. Мысалы, мұсылмандықта 4 әйел алу заңдастырылған. Енді, соны желеу еткен біздің «діншілдер», не көп әйел алғыштар, ол мақсатын «бір әйелмен ғана некеге рұқсат ететін» заң аясында шеше алмағасын,  неке қию арқылы іске асыруда. Сөйтіп, иманды адамдардың өздері де «азаматтық некенің» барлық қызығын көріп жатқан жоқ па? Осыдан соң «үлгілі отбасы» туралы не айтуға болады? Оның үстіне, азаматтық неке тұрғысындағы бұл үрдіс студенттер арасында кең тараған. Себебі, бізде қазақтың бұрынғы ұстанымдары мода болмай қалды. Бұрын «қыз ұстанымы», «некеге дейінгі адалдығы» отбасы құруда басты критерийлердің бірі еді. Енді, ол маңызды емес. Енді, бастапқы болып махаббат, көзқарас т.б. саналады. Ал, шын мәнісінде, бұл – жеңіл жүрісті ақтаудың амалы. Ұл болсын, қыз болсын – жыныстық қатынас еркіндігінің дәмін бір татқан соң, ол келеңсіздіктен үйлі болып, отбасы құрған соң арыла ала ма? Ақыр соңында «ауру қалса да, әдет қалмайдының» ке­рі келіп, жас отбасылар «көзіме шөп салды» деп ажырасып тынады. Қазіргі ажырасулардың шамадан тыс көптігі соның айғағы. Сондықтан, бұл мәселеде біз қайтадан бұрынғы қазақы құндылықтарымызды алға шығаруымыз қажет. Нағигүл Бейсембина: −Менің  бір түсінгенім − имандылық керек,  онымен  бірге имамдардың өздеріне тәрбие керек. Діни ілім-білім, араб тілін білу аз, дін адам тақуа болуы ләзім. Сөзі, ойы, жүрегі, бет-бейнесі иманды болу үшін, біздің жү­ре­гімізді тазартып, Құран шынында да  бізге басшы болуы керек. Исламда ашура күні деген мейрам бар. Бұл күні барлық отбасыңды жинап, сый-сияпат беретін күн. Осы мейрамнан кейін Жаңа жылға  қызықпай қалдым. Аян Нысаналин: −Қарт кісілер жоқтың қасы деп айтып  отырсыздар. Меніңше, бұған қоғам  кінәлі, 70 жылдан астам уақыт біз атеистік қоғамда өмір сүрдік. Қариялық қасиеттерден атеист  болған соң айырылып қалды. Дінге енді бет бұрып келе жатырмыз. Менің ойымша, имандылық тектілікке байланысты. Тектілікте имандылық та, махаббат та, сүйіспеншілік те бар. Тектілік ұлттың тазалығымен келеді. Қазақта үлкенін сыйлау, тәрбие, өнеге деген түсінік бар. Ал, имандылық дегеніміз Құран­ның шеңберінен туындайды. − Қазіргі  кездегі қазақ  қоғамына  Еуропа  мәдениеті мен өркениетінің  енгені соншалық, қазіргі отбасыларда бала санын шектеу проблемасы белең алып келеді. Бұл проблема біздің болашақта қазіргі Еуропа күйін кешуімізге алып келмей ме? Салтанат Байқошқарова:− Мұн­дай қорқыныш бар. Бұрынғы Кеңес үкіметі кезіндегі қалдықтар, бір жағынан Еуропа мәдениетіне еліктеушілік бар. Бұрынғы кезде атеизм басым болды, атеизммен тәрбиеленсек те, үйде көрген  ата тәрбиесі, еңбекке баулу, жан иесіне  жамандық жасамау, кесір қылмау, барға қанағат қыла білу, осы мәселелер отбасынан шықты. Бір  анадан ала да туады, құла да туады, 7-8 бала туылса,  оның бір-екеуі текті болуы мүмкін. Алла тағала бір балаға ең жақсы гендерін беруі мүмкін, ал,  бір  балаға керісінше болады. Сондықтан, тек қандай болмасын, ең бірінші дұрыс тәрбие беруі керек. Балаға қоғамның, ортаның, отбасының әсері бар. Ата-ананың күнделікті күйбең тіршіліктен балаға уақыты болмайтын кездері  де  көп кездеседі. Қазір балаларымызды теледидар тәрбиелейді. Таңертеңнен қо­сылған телеарналардың алдында кеш­ке дейін телміріп отырады. Менің ба­лам­ның тілі 3 жасқа дейін қазақша шық­ты, кейін орыс бола бастады. Се­бебі, телеарналардың көрсетілімдердің барлығы, «жын-ойнақтар» түгелімен орыс тілінде. Сондықтан,  біз  балаларымызды тәрбиелеп  отырған жоқпыз, тәулік бойы бітпейтін мультфильмдер тәрбиелеуде. Қарап отырсақ, қазіргі  қазақ екіге бөлінді: бай мен кедей, ортасындағы орта тап Алматы секілді үлкен  қалаларда болмаса, онша көп емес. Қазір  қарап  отырсаңыз,  қарама-қайшылық өте көп, «нағыз қазақ», «шала  қазақ»  деген мәселе  бар. Ұлттық намысы жоқ қазақтар бар, қазаққа ұқса­майтын қазақтар да кездеседі. Өткенде, бір  жиында отырмын. Алты әйел қатар отырған екен.  Қасымдағы кісі «сол алтаудың екеуі нағыз қазақ, екеуі түрі қазақ, бірақ, ділі қазақ емес, қалған екеуі дүбәрә»  дейді. Ондай бөліністің болатыны, біз еліктегішпіз,  жылтыраған әсіре нәрсе көрсек, еліктейміз. Сондықтан, біз өз дәстүрімізді ұстамайынша, ұлттық намысымыз болмай, ешқашан ел болып  дамымаймыз, тәрбие де болмайды. Бірдей жынысты адамдардың үй­ленуі көбейіп келе жатыр, бұл тек аз­ғын­дау, пси­хикалық ауытқу, болмаса идеологияның ғана  емес, айналамызды қоршаған химиялық заттардың әсерінен де шығар. Менің тәжірибемде неке және отбасы деген бөлім­де жұмыс істеп жүргенімде, екі әйелдің үй­ленуге өтініш беру жағдайы болды. Еуро­пада ел басқарып отырғандардың өзі осы мәселемен шатасы бар көрінеді. Онда бұл проблеманы қозғаудың өзі қорқынышты, жоқ  қылып жіберуі мүмкін. Сондықтан, біз қазір үлкен қауіп-қатердің «тоғыз жолының торабында» тұрмыз. Әйелдің, еркектің, қала берді ұлттың болмысын жоғалту қаупі төніп тұр. Нағигүл Бейсембина: − Қазір көп бала дүниеге әкеліп жатқан отбасылар көп. Бай дегендердің өздері баланың ең жақсы «депозит» екенін түсініп, бала санын көбейтуде. Бірақ, көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек өте мардымсыз. Олардың статусы заңмен қорғалмаған. Төрт  баладан көп баласы бар отбасылар көп балалы отбасыға жатқы­зылады. Ал, алты баладан көп балалы ана­ларды «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана»  деп атайды. Бұрын «Батыр ана» атағын он  баласы бар аналар алатын. Оған үкімет 9 мың шамасында ғана жәрдемақы өмір бойына беріледі. Он  бала өсіріп отырған  анаға он-ақ мың теңге беріледі. «Көп балалы аналар одағын» сол үшін де құрдық. 90 жылдардың басында еліміз тәуелсіздік алған тұста,  балалар мәселесі сыртта  қалды. Сол тұста керек болды. Көп балалы отбасының бір  жақсысы, мейірімділік бар. «Жарты алманы жейін  бе, жемейін  бе» деп тамағынан өтпей тұрады. Бірін-бірі  ойлап, қамқор болады. Ел басқарып отырған  азаматтар кейде ұмытып кетеді, әтпесе, солар көп балалы отбасылар одағынан шыққан. Мен туу көрсеткіші  азайды деп айта алмай­мын, статистика бойынша керісінше, көбейіп келеді. Алтынбек Ұтысқанұлы: − Пайғам­барымыз (с.ғ.с.) айтады: «Үйленіңдер, некелесіңдер, нәсілдеріңді көбейтіңдер, қиямет күні мен үмбетімнің көптігімен мақтанамын» дейді. Әр бала  өз ырызды­ғымен келеді деп қарайды, «Бір қозы туыл­са, бір түп жусан артық  шығады» деген осы. Дініміздегі отбасы болу үшін ең бастысы жар таңдай білу керек делінеді. Үйлене салу емес, жарды қалай таңдайды,  сол мәселеге өте көп көңіл бөлу керек. Ата-бабаларымыз ұл-қызына жар таңдау мәсе­лесі үшін көп жауапты болып, дұрыс бағыт беріп  отырған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде де: «Жар таңдағанда  төрт  қасиетіне қара: сұлулығы, тектілігі, байлығы және діндарлығына қара. Бірақ,  бұлардың ішінде сұлулық та, байлық та, тектілік те қалуы мүмкін. Сені екі дүниеде де бақытқа жеткізетін, оның имандылығы» дейді. Егер, ол иманды болса, өзінің дәрежесін, орнын біледі. Әйел адамның жаннатқа баруы − ол күйеуінің  разылығы.Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір  қауым ел өзін өзі өзгертпейінше, мен олар­ды өзгертпеймін» дейді. Қоғам жеке тұлғалардан тұрады, жеке адам өзін-өзі өзгертсе, қоғам да өзгереді. Мені мемлекет неге өзгертпеді деп қарап отырмау керек. Адам өз кемшілігін түзеуге тырысуы керек. Әркім өзінен бастауы тиіс. Алла  адамға  ашу мен сабырды қатар берсе, оның қайсысын дамытарын адам өзі шешеді. Баланың санасы  жаңадан туылған кезде тап-таза «кассета» секілді, ал, уақыт өте ол «кассетаға» не жазыл­са, соны істейтін болады. Сондықтан, әр бір  отбасы  жастарға  қандай тәлім-тәрбие беріп жатырмыз деп ойлауы керек. − Қазаққа  тән отбасылық  қадір-қасиеттер  жоғалып  бара  жатқан секілді. Мәселен, ене мен келін, ата мен бала  арасындағы  қарым-қатынастың  дұрыс  болмауы, соның салдарынан қарттар  үйлерінің көбею  мәселесі  тағы  бар. Аян Нысаналин: − Үнді  халықта­рында келін енесіне тіке сөйлемейді, орта­сында ағаш тұрса, айтарын соған айтады екен. Яғни, енесінің бетінен алмайды. Бұл керемет дәстүр деп ойлаймын. Сыпайы­лық, сыйластық деген осыдан тарап  жатады. Ме­нің­ше, әрбір халықтан үйренетін де, жиренетін де нәрселер болу керек. Салтанат Байқошқарова: − Өкі­нішке орай, қазіргі кез нарықтың, дүниенің заманы. Жарнамалардың барлығы байлық, сұлулық, жасанды сұлулық, соның айна­ласында. Сондықтан, балалардың бір-біріне бауырмал болып өсуі өте қиын. Көп балалы отбасы  бола тұрып, жағдайы  жақсы болмаса, бала  өсе келе асырай алмасаң  неге  тудың деуі мүмкін. Бұрын қанағат қылатынбыз. Әйтеуір, киіміміз бүтін, тамағымыз тоқ болса дейтінбіз. Қазір олай емес, бәрі жеткілікті болып өсуі керек. Қазіргі теңге құнсызданған заманда, бұл үлкен мәселе болуы мүмкін. Жастардың арасындағы суицид көбеюде. Қазір ақпараттық прессинг жүріп жа­тыр. Бір жазушы апамыз айтып еді, біз өрт сөндіруші секілдіміз, соғыста жүрген­дейміз.Таңертеңнен кешке дейін ақша табудың жолындамыз.  Сол секілді, қазір көп ­балалы болу үлкен жауапкершілік. Қа­зақтың әрқайсысы сауатты, білімді болуы керек. Олай болмаса, біз ертеңгі күні  қараң қаламыз. Біз  қазіргі  заманға иекемделуіміз керек.  Бұрынғы отбасылар осындай еді деп  жүз  жерден  армандасақ та, ол уақытты  қайтара  алмасымыз анық. Қазіргі ажырасып жатқандардың көпші­лігі аштықтан емес, қанағаттың  жоқты­ғынан мұндай қадамға барады. Жеке дара  өмір сүруге ұмтылудың бәрі қанағаттың жоқтығынан туындайды. Әбдірашит Бәкірұлы: − Осы уақытқа дейін біз «Қыздың орны», «келін жолы», «жігіт», «әке», «жігіт ағасы», «ақсақал» «апа», «әже» және т.б. ұғымдардың қалыбын таппай келеміз. Бұрын ол ауызша, тәрбиемен беріліп келген. Енді, ол заман келмеске кеткен соң, осы қасиеттерді тәрбиелеудің жаңа формалары неге ізделмейді. Отбасын зерттейтін институттар бізде бар ма? Бар болса, неге осыған дейін, тым болмаса, жаңа үйленген жастарға арнап ұлттық ерекшеліктерді ескеретін «Отбасын құру мәдениеті» атты кітапша даярлай алмай отыр. Соның кесірінен, көп жастар отбасы құруға психологиялық тұрғыда даяр болмаған соң да, болар-болмас нәрсені сылтауратып, ажырап кетіп жатыр. Бұл – шындық. «Гендерлік саясат» дегенді мен түсіне алмай-ақ қойдым. Мысалы, мен білетін барлық отбасыларда – ал, ондайлар өте көп – бір де бір әйелдің «теңсіздік» көріп, не болмаса «тең емеспін» деп күйзеліп жүргенін көрмеппін. Жалпы, мұның бәрі әйел-еркекке тәрбиемен ғана келмейді, бұл  табиғи инстинктілер деңгейінде шешілетін мәселе. Бірақ, «гендерліктің» шешуі әйелде жатқан жоқ, оның шешімі – ерлердің қолында. Себебі, жігіт жігіт болған соң, үйленіп, бала өмірге келген сәттен бастап өзін «әкемін» деп сезініп, ал, жарын «баламның анасы» деп құрметтеуі тиіс. Бізге солай үйретіп, құлағымызға құятын. Осы тәрбие қазір бар ма? Қазір барлығы материалдық-меркантилдік  сипатқа ауысып кеткен. «Ана», «әке» деген сезім соның көлеңкесінде қалып қойды. Әйел еркекке «мал табушы» деп қараса, еркек те  – әйелге осындай көзқараста. Махаббат – тым дабыра сөз. Ең қиыны, бір-біріне деген сый-құрметтің дүние-байлықтың құрбандығы болып бара жатқаны. Осыны тоқтатпасақ, қандай «гендерлік» саясат болуы мүмкін. Басқаша айтсақ «дүние бөлісте» қашан теңдік не әділдік болып еді? Оның ырду-дырдуы ешқашан таусылмайды. Егер, осыны, яғни, әйелдердің дүниеге, қызметке, табысқа және т.б. қызығушылықтарын өтеуді не оны шешу жолдарын «гендер» деп санайтын болсақ, онда мұндай жағдайда еркектердің де «әйелдерден қорғанатын институтын» ашып қою қажет сияқты. Сондықтан, біздегі «гендерлік саясат» дегенді аластап, оның орнына «отбасы жарасымдылығы» деген саясатты енгізу қажет. Бұл біздің менталитетімізге мейлінше жақын. Ал, күйеуге тиген қыздардың «теңдігі» онсыз да заң аясында қатаң қорғалады емес пе? Нағигүл Бейсембина: – Біздің дәстүр, қанағат ету, шүкіршілік қылу, балалардың бәрі білім ала отырып, өзі­нің адамдық қасиетін сақтап қалу, қаза­қи дәстүрлі отбасының болуы бәрі  иманды­лықтың  болуынан. Имандылық, адами құндылықтарды  сақтау – ақша  сақтаудан  да  қиын. Қазір шынайы  қарым-қатынас,  білімділік, имандылық жетіспейді.  Ене мен келін қарым-қатынасы да имандылықтан шығады. Тыйым салынған нәрселерден аулақ болып, нәпсімізді тыйсақ, біз де жақсы  адам, жақса ене, келін бола  аламыз деп ойлаймын. Алтынбек Ұтысқанұлы: – Бүгінгі  көтеріп отырған мәселеміздің түп-төркіні  бала тәрбиесінен шығады. Оның адами қасиеттерді бойына сіңіріп өсуі, рухани байлық беру, ата-бабамыздан қалған дәстүрмен ұштастыра отырып,  балаға тәрбие  беруге тиіспіз. Өмірде бір нәрсені үлгі ретінде, ғибрат  ретінде алып, соған  қарай ұмтылуымыз керек.

 

4048 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз