• Заманхат
  • 09 Сәуір, 2014

Қолөнерді жалпы білім беретін мектептерде қолданудың маңызы

Қазіргі таңда мектеп оқушыларын еңбек тәрбиесіне баулу арқылы өз ұлтымыздың ұлттық қолөнеріне үйрету – оқу тәрбие үрдісінің өзекті мәселелерінің бірі болып келеді. Қолөнерге оқушыларды баулу өз елін, жерін, халқын сүю, салт-дәстүрін бағалай білуге үйретеді. Қолөнерді жасап байыту арқылы адамның жан дүниесі, ақыл-ойы, қиялы, іскерлігі, шеберлігі, тапқырлығы, талаптылығы, ұқыптылығы жә­не  байқағыштығы артып, дағдыландырады. Сондықтан,  тарихи сан ғасырлық мәдениет үлгісін сақтап, дамып, оның ұлттық қадір-қасиетін жоймай, бойына сіңіріп келе жатқан қазақтың ұлттық өнері күнделікті өмірімізде кеңінен қолданылып  өзінің тек сипатымен емес, сұлулық сырымен, сәніменен ерекше көзге түсіп, өз мағынасын жоймай жас ұрпақ арасында өзектілігін жоғалтпады. Қазақ халқы өзінің ұлттық өнерін эстетикалық талғамның көрсеткіші ретінде бағалап, сұлулығын сүйсіне білуге, өз тамырларын ұмытпай, патриоттық сезімді тәрбиелеу мақсатында, айшықты сөз өнерімен суреттеп отырған. 


Жалпы білім беретін мектептерде технология сабақтарында ұлттық қолөнер бұйымдарын даярлауды үйрету болашаққа негіз ретінде, көзі ашық, ұлтына жүрегі ауыратын азаматты өсіруге мүмкіндік береді. Қазіргі кезде технология сабақтарында оқушылар сабақ кезінде өз бетінше дербес бұйымдар жасай алмайды. Ұлттық қолөнер бұйымдарын даярлау машықтарын дарыту үшін қолөнерді  үйрету әдістемелік жұмысы жүргізілуі керек, ал өз алдына, үйрету әдістемесі дегеніміз  - білім, іскерлік және дағдыларды игеруге қол жеткізуді, сондай-ақ адамның танымдық және шығармашылық кабілеттерін дамытуды және оған жан-жақты тәрбие беруді жүзеге асыратын педагогикалық әрекеттер тәсілдері.
Қолөнерді оқыту әдісі дегеніміз — мұғалімнің технология сабақтарында оқушылардың шығармашылық іс-әрекетіне басшылық ету тәсілдерінің жүйесі. Оқыту әдісі арқылы оқушыларды көркемдік білім мен қолөнерге іскерліктері мен дағдылары қаруландырады. Оқыту әдісі – мұғалім мен оқушы арасындағы танымдық-педагогикалық әрекет болып табылады. Бұл оқушы үшін танымдық іс-әрекет болса, мұғалім үшін оқушының көркемдік білімді меңгеруіне басшылық жасау мақсатын көздейтін қызмет. Оқыту әдісі арқылы мұғалім оқушының танымдық практикалық іс-әрекетіне жетекшілік жасайды.
Оқыту процесі оқыту теориясына негізделеді. Оқыту теориясы өз дамуында үш негізге сүйенеді. Олар: 
1) оқыту теориясының шартты заңдарының философия ғылымы негізінде дамитындығы;
2) өткен заманнан қалған педагогикалық прогресшіл ұлы мұраның осы күнгі оқыту теориясын дамыту үшін бірден-бір білімнің сарқылмайтын қайнар көзі болып табылатындығы; 
3) мектептердегі мұғалімдердің озық тәжіри­белерінің оқыту теориясының дамуына ықпалы. 
Халықтық дидактикадағы үйрету әдістері оқушының тұлғасына  психологиялық-педаго­гикалық тұрғыдан ықпал етеді. Олар өте қара­пайым, жеңіл және қолдануға бейімді болып, педагог мамандардың ғана емес, оқушылар арасында барлық адамдардың бұқаралық пайдалануына арналған.
Халық этнопедагогикасын теориялық-әдіс­намалық, тарихи тұрғыдан зерделеп негіз­деген ғалымдар (Қ. Жарықбаев, С. Ұзақбаев, С. Қа­лиев, К. Қожахметова) еңбектерінде халықтық педагогикадағы тәрбие әдістері жан-жақты ашық көрсетілген. Осы үйрету ұғымының тәрбиелеу түсінігін де қамтитындығы дәлелді, себебі балаларды қолөнерге үйрету әдістерін топтастыру барысында тарихи-этнографиялық, ұлттық тәрбиеге негізделген  еңбектердегі (С. Қасиманов, Ә. Тәжімұратов, Ә. Марғұлан) деректер мен мәліметтерге негізделе отырып, аталған үйрету әдістерін бес топқа бөліп қарастырамыз:
Көрнекі (үлгі-өнеге көрсету);
Ауызша (түсіндіру, әңгімелесу, иландыру);
Сарамандық (жаттықтыру, тапсырма беру);
Ынталандыру (қолдау, мадақтау, тү­зеу);
Қорытындылау (толықтыру, бағалау).
Еңбек сабағында нақты жұмыс жүргізіле­тіндіктен, жұмыс түрін меңгеру үшін ерінбей еңбек ететіндей төзімді және жинақы болуы керек. Ал, бұл мектеп оқушыларының барлы­ғының шамасы келе беретін қасиет емес. Сон­дықтан да болар еңбекке баулу пәнінде оқыту мен тәрбиелеу жұмыстары қатар қадағалауды қажет етеді. Мұғалім – тәрбиелеуші мынадай ұстанымдарды үнемі қадағалау қажет. 
Жаңа сабақты түсінуі.
Жұмыс орындарын жинақы ұстауы.
Жұмысты ретімен орындау.
Сөз бен істің сәйкес болуы.
Жіберген қателерін уақытында жөндеу.
Жетістігін көрсетіп мадақтау.
Әр сабақта пайдаланатын әдіс оқушының қабілетіне, ынтасына қарай топпен, деңгейлеп тапсырмалар беріп, жеке оқушылармен жұмыстар ұйымдастыру барысында нәтижелі болуы қажет. Үйрету мен оқытудың тиімділігін арттыру үшін көрнекіліктер мен дайын үлгі жұмыс түрлері пайдаланылады. 
Шығармашылық қабілеті жоғары оқушы әр істе сол қабілетін іс жүзінде көрсете алады. Мұндай оқытудың түрлі әдістерін пайдалану жеке тапсырмалар, шығармашылық жұмыстар жасауға өз көмегін тигізеді. Шығар­ма­шылық игеру деңгейі – оқушының өз бетімен белгілі мақсатты іздене отырып, нә­ти­жеге жету жолындағы әдіс-тәсілдерді мең­геріп, қорытындылай алуымен сипатталады. Оқушылардың шығармашылық жұмыстармен айналысып, тұрмыста қажетті қолөнер бұйым­дарын шағын көлемде жасап үйренеді. Атап айтсақ, қолөнер түрі көркем тігіс түрлерін, ұсақ моншақпен кестелеу өнерін, бұйымдарды әшекейлеу, сәндеу жұмыстарына кеңінен қолданады. Тоқу өнеріне де қызығушылықпен қарайды. Ілмекпен гүлдер, сулық, тізбек тоқу үлгісімен ойыншықтар жасайды. Ою-өрнек үлгілерін дайындап, түскиіз үлгісін бастырып тігу әдісімен, ұлттық қолөнер түрі түрлі құрақ үлгілерін қол-тігістерімен тігіп дайындайды. Бұл жұмыстардың барлығы да көп уақытты қажет етеді. Жұмыс барысында оқушының мінез-құлқының сабырлылығы, тиянақтылығы өте қажет қасиет.
Қорыта айтқанда, мектептегі еңбек тәр­биесін тиімді әдістермен оқытып үйрету қазақ халқының төл педагогикасының негізгі такы­рыбы. Мектеп табалдырығын енді аттаған бүл­дір­шіндерге, адамға ең бірінші өмірлік қажет еңбек екенін, адам өз бойындағы асыл қасиеттері мен қабілет­терін еңбек арқылы көрсетіп, оның рахатына бөленетінін, жеңістерге жетіп, қуаныштарына куә болуға үйретеді. 
Баршын Есбергенова,
 Алматы технологиялық университетінің студенті

Пайдаланылған  әдебиеттер:

«Мектептегі технология» журналы, 2007, 2010,2011 ж.
С. А. Жолдасбекова, Б.А.Симова. «Сәндік қолданбалы өнерге үйрету бойынша хрестоматия»  Шымкент 1993ж.
Оңтүстік Қазақстан ғылымы мен білі­мі (Республикалық ғылыми журнал) №4 2008 жыл. 
К.Өстеміров, «Технология пәнін оқыту әдістемесі», Алматы 2008 ж.
«Қазақстан мектебіндегі технология», №5 2011 ж.
Ұ. Әбдіғаппарова. Бастауыш мектеп. Қолөнерге үйрету әдістері. 2007ж.
Н.Адамқұлов, «Ұлттық қолданбалы қолөнері», Алматы 2008 ж.

Summary: The article is sanctified to education of aesthetic literacy and patriotic spirit at general schools of students on the lessons of technologies on facilities of national needlework, that develops creative flairs, assiduousness and attentiveness in turn. That in turn help to develop social skills, doing the student  more flexible, having an own point of world view.

633 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз