• Заманхат
  • 09 Сәуір, 2014

Қазақ-жапон мәдениетіндегі табу феномені: культурологиялық анализ

Тыйым – алғашқы қауымдық кезеңнің мәдениетінен бастау алады. «Taboo» полинезиялық тайпалар тілінен аударғанда, қазақтың  «тыйым, тыйым салу» деген сөздеріне келеді, яғни табу – алғашқы қауымдық құрылыс мәдениетімен тығыз байланысты діни негіздегі үзілді-кесілді тыйым салуды білдіретін ұғым. 
Бұл терминді алғаш рет қолданысқа ағылшын жиһанкезі Кук енгізді. Табу жайында зерттеулер молшылық. З.Фрейдтің пайымдауынша, табудың мәні екі бағытты. Бірі – қасиетті болса, енді бірі – қорқынышты, қауіпті. Дж. Фрейзердің «Золотая ветвь» шығармасынан табудың көптеген үлгілерін табуға болады. Дж. Фрейзер дін мен сиқырды (магияны) бір-біріне қарама-қарсы қойып, табуды сиқырдың теріс нобайы ретінде түсіндіреді. Табу туралы психоталдаудан мол мағлұмат алуға болады. З. Фрейд өзінің «Тотем және табу» атты еңбегінде табудан көсемге деген амбивалентті қатынасты: бір жағынан, көсемді қастерлеп табынуды, екінші жағынан, іштей қызғану, жек көруді, санасыз түрде ұнатпауды байқаймыз дейді. Әлеуметтік антропология тұрғысынан тыйымды зерттеушілер Малиновский, Радклифф-Браун және т.б. оны әлеуметтік бақылау мен қадағалау рөлін атқаратын құрал деп қарастырады. 


Табу – барлық мәдениеттерде кездеседі. Әр мәдениеттің өзіне сай заттарға, іс-әрекеттерге, сөздердің қолданысына байланысты тыйым түрлері бар. Тыйымды бұзған адам қатыгез жазаланатын болғандықтан, ешбір жағдайға қарамастан, бұлжытпай орындауға тырысатын болған. Тыйым – қазақ халқының ғасырлар бойы жинаған тәжірибесінің нәтижесінде қалыптасқан ұғым. Оның басты қозғаушы күші – сенім. Магиялық наным, оның ішінде сөз сиқырына сену. «Сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген аталы сөзді негізге ала отырып, Ш.Уәлиханов өз ойын былай деп түйіндейді: «Қырғыз (қазақтардың) ойынша, сөздің жою ықпалы болған... Қазақтың сәбиі көз жұмса, сәйгүлік аты жоғалса, қыран құсы ұшып ғайып болса, мықты қаруы жарамай қалса – бәрін де адам тілінің жаман әсері»,- деген. 
Ш.Уәлихановтың бұл пікірін дамыта отырып, академик Ә. Қайдаров өзінің осы тақырыпқа арнап жазған бір еңбегінде [1] сөздің сиқырлы қуатына сенуді жалпы түркілік жеті сипаты бар наным ретінде қарастырады. Олар төмендегідей:
1. Түркі халықтары сөз бен тілді, тасты да жоя алатын жойқын күшке ие дейтін. Мұның бұлтартпас дәлелі, ғалымның пікірінше, қазақтың «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген қанатты сөзіне сәйкес келеді. 
2. Орнымен пайдаланса, сөзден асқан ға­жап, сиқырлы күш жоқ. Бұл күш адамды қай­рат­тандырады. «Қалауын тапса – қар жанар» демекші, ол алмайтын қамал да, ол ерітпейтін мұз да жоқ. 
3. Күллі жамандық атаулының бәрі тілден бастау алады деген наным бар. «Басқа бәле - тілден», «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген мақалдар сол сенімнің дәлелі. 
4. Сөз бен тіл мәңгілік жасампаздықтың жанды үлгісі сияқты. Ол рухани немесе материалдық құндылық іспетті ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, дамып, жаңарып, мәңгі жалғасып отырады. Бұл тұжырым да дәлелсіз емес: «Жақсының өзі өлсе де, сөзі өлмейді». 
5. Сөз – кемеңгерлік пен ақылдың кені, адамның жан азығы. «Аталар сөзі – ақылдың көзі», «Жақсы сөз – жан азығы» деген дәлелдер баршылық. 
6. Сөз бен тіл адамның ішкі жан сұлулығы мен рухани байлығының сыртқы тән сұлулығына сәйкес келетінін де бейнелейді: «Ішімдегінің бәрі тілімде, тілімдегінің бәрі түрімде». 
7. Сөз бен тіл – қол сұғуға болмайтын адамның бас еркіндігінің символы, әрі қорғаны. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ»,- деген қазақ мақалы соның дәлелі. Сөз бен тілдің  осындай қуатына шексіз сенудің салдарынан сөз  арқылы бәлені айдау, жақсылықты шақыру әдеттері туған. 
Дәстүрін дәріптеп, салтын сақтаған қазақ халқы ырым-тыйымдары арқылы тәрбие берген. Ырым-тыйымның пайдасы ұшан-теңіз. Табулар қазақ халқының көне тотемистік, анимистік көзқарастарынан сыр шертеді. Халқымыз қызды қырық үйден тию қажет деген. Ұрпақ тәрбиесі мен халық санасының өркендеуі көбіне аяулы әйелдерге тән болғандықтан, қыздарға, жалпы әйел затына байланысты табулар өте көп. Мысалы, аяғы ауыр әйел керулі немесе шұбатылып жатқан арқаннан аттамайды. Бұлай істесе, босанған кезде баланың кіндігі мойнына оралып, өміріне қауіп төнеді деп ырымдаған. Қазақ келіншектері қасын боямайды, жұлып, теріп, тақырламайтын болған. Олай істесе, дұшпаны көбейеді, жауы басына шығып басынады деп жориды. Тойы жасалып, үйінен ұзатылатын қыз кетіп бара жатқанда артына бұрылып қарамайды. Қарсы әрекет еткен жағдайда ақ некесі бұзылады, жұбайымен отаспай, төркініне қайтып келеді деп сенген. Екіқабат әйелге түйенің етін жеуге болмайды, әйтпесе ол баланы он екі ай көтереді. Егер он екі айдың жүзінде де босанбаса, бураның мойнына ақ мата салып, содан аттап өтуді жөн санаған. Қазақ келіндері еш уақытта кайын жұртының мүшелерін өз аттарымен атамаған. Сыртқы келбетіне, мінез-құлқының ерекшеліктеріне байланысты сай атпен атаған. Мысалы, қайын сіңлілерін Еркеқыз, Сұлушаш, Шырайлым, қайын інілерін Кенже-бала, Айдарлым, т.б. атаған. Осығын орай, «Ат тергеу салты» қалыптасқан.[2]
Күншығыс елі мәдениетінің өзіндік тыйымдары молшылық. Мысалы, ерте Хэйян кезеңінде жапон әйелдері тұрмыс құрғаннан кейін тістерін қара түске бояған. Ол «хагуро» (қара тіс) салтының пайда болуына негіз болды. Сұқ көзден сақтану мақсатында ақ тістерін көрсетуге қатаң тыйым салынған. Сол тыйымның әсері қазір де көрініс береді. Бүгінгі жапон әйелдері күлгенде тістерін жарқыратпай, бір қолымен жауып жымияды. Шаңырақ көтеріп жатқан жас жұбайларға тілектес туыстары сөз оралымдарында өте мұқият болуы тиіс. Той барысында олар овару-аяқталу, вакареру-айрылысу, акиреру-жалығу, сутеру-лақтыру, тастау, итаму-ауырсыну, каэру-қайта оралу сынды сөздерді қолданбауы қажет. Оқуға түсетін, сынақ тапсыратын оқушыға суберу-сырғанау, очиру – құлау сияқты сөздерді айтпайды. Пайдаланған жағдайда, сөздің күшіне ену қаупі бар деп сенеді. Жапон үйлері мен ауруханаларында «төртінші» және  «тоғызыншы» қабаттар болмайды. Яғни үштен соң бірден бесінші, сегізден кейін оныншы қабат болып жалғасады. Мұндағы «төрт» саны жапонша «щи» -өлім,  «тоғыз» саны «ку, кью»- қайғы-мұң, ауыртпашылық деген мағынаны беретіндіктен, өлімді, қиыншылықты шақырады деп сенеді.[3]
Әр елдің салты басқа дегендей әрбір халықтың мәдениетіне, тұрмыс-тіршілігіне, табиғат жағдайларына байланысты табулары да ерекшеленеді. Жоғарыда талданғандай, екі халық та қыз затына бей-жай қарамайтындығы мәлім болды. Жапонияның географиялық орналасқан жері жан-жағынан теңіз суымен шайылып жатқандығы анық, қорқынышты, сол себепті де табиғаттың тылсым күшінен жүрексініп, көптеген тыйымдарына арқау еткен Қазақ халқы аңшылыққа жиі шығатындықтан, аңшылық сәтіне байланысты тыйымдар да мол.
Баян Қонысбекқызы,
 Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-дің магистранты
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ш.Ш. Уәлиханов, 5 томдық шығармалар жинағы, Алматы, 1961.
2. Самойлович А.Н. Запретные слова в языке казах-киргизской замужней женщины // Живая старина, XXIV. Петроград, 1915.
3. 松野町夫(翻訳家)『ことば (53) 婉曲語法 』

 

430 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз