• Ұлттану
  • 09 Сәуір, 2014

ТЫЛСЫМ ЖАҒДАЙЛАРДА БӘРІН ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЖОРУ КЕРЕК

Куандык ОразбекулыҚуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ,
педагогика ғылымдарының 
кандидаты, доцент

Қызметтес келіншектердің бірі түс көргіш екен. Бірде ұнжырғасы түсіп кетіпті. 
– Не болды? – деп сұраймыз. 
–Түсімде бір қарға көремін де жатамын. Содан кешелі бері «енді не болып қалады» деп, алаңдаумен жүрмін, – дейді.
–  Ойбай-ау, қуана бер. Жақында тұрмысқа шығасың. Басың екеу болады, – дедік. 
Әлігі келіншектің көзі күлімдеп, жадырап сала берді.
– Ағай, Сізге рахмет! Арқамнан бір қап отын түскендей болды...
Қандай тылсым жағдай болса да жақсы­лыққа жору керек. Бұл ата-баба­ларымыздан бері келе жатқан ырым.   
Мысалы, түсіңде – бір құшақ немесе арбалап отын әкел­сең, келешегің жарқын бола­ды, болашақта жақсы өмір сүресің;
- машина мініп, есік алдына айдап әкел­сең, үлкен олжаға кезігесің;


- жы­лан көрсең, жақында қуанышқа кенелесің;
- өзің қайтыс болсаң, онда өңіңде ұзақ өмір сүресің;
- пышақ көрсең, әйелің ұл табады;
- дарбыз көрсең, қуаныш-шаттыққа бөле­несің;
- жел тұрып тұрса, бұл махаббат нышаны;
- балық көрсең, жолың болмайды;
- мысық көрсең, қас адамыңа жолы­ғасың;
- лас нәрсе көрсең, ауырасың;
- жалау көрсең, біреумен сыйласасың;              
- қарға көрсең, үйленесің, тойың болады;
- қағаз ақша көрсең, қуанышқа молы­ғасың;
- ай көрсең, бір сұлуға жолығасың;
- сүлгі көрсең, біреуден хат-хабар аласың
деген сияқты түс жорулары көбінесе шын­дыққа айналып жатады.
Мына тыйымдарды да сақтау керек.
Бала бас ұстамайды. Егер бала бас ұстаса әкесі өліп қалады деп тыйым салған.
Нанның қиқымын жесе – бай боласың дейді.
Сәби тоңқайып екі аяғының астынан қараса, күткен жолаушы келеді немесе қонақ келеді, дейді.
Жас балаға бұғана ұстатпайды, онда бойы өспей қалады деп жорыған.
Қыз балаға жілік ұстатпайды. Ұстатса күйеуге шықпай оң жақта көп отырып қа­лады, дейді.
Бала алғаш жолаушы шыққанда той жасайды.
Сәби көзін ашып ұйықтаса – жары сұлу болады.
Сәби шалқасынан алаңсыз ұйықтаса, елге белгілі азамат болып өседі, бүк түсіп ұйықтаса, уайымшыл, жігерсіз болып шы­ғады. Етпетінен жатып ұйықтаса, ойшыл болады. Егер аяқ-қолын еркін созып ұйықтаса - болашақта батыр болады,  бұл кемеңгерліктің белгісі.
Баланың желкесі шұқыр болса немесе желкесінен сүйсе кесір болып өседі.
Шөбересінің алақанына су құйып ішкен қарт жұмаққа барады.
Тіл ұшын жесе, сүйреңдеп сөйлей беретін болады деп ырымдаған. Таңдай жесе, шешен болады.
Батырдың, ақынның, шебердің, палуан­ның сарқытын жегізсе немесе олар сәбидің аузына түкірсе, олардың жақсы қасиеті мен өнері балаға қонады деген ырым бар.
Сәбиге көз тимес үшін маңдайына күйе жағып қояды.
Жастың басы ауырса «басыңа бас қосы­лады» деп ырымдаған.
Жұма күні кір жума – әруақтар ренжиді, дейді.
Ақты (сүтті, айранды) төксе, малдың желіні кетеді.
Пышақтың жүзі шалқасынан жатса, сол үйдің малы пышаққа ілінеді.
Егер киіз үй сыртына ит сарып кетсе, құт келеді деп жақсылыққа телиді.
Адам құлағы шуылдаса, жанындағы кісіден «қай құлағым шуылдады?» деп сұрайды. Ол дәл тапса, «мені біреу мақтап жатыр екен» дейді. Таба алмаса, «жамандап жатыр екен» дейді.
Жаңа туған ботасы бар үйге қызыл жалау байлап қояды. Мұны көргендер атпен, көлікпен қатты жүріп келмейді. Қатты келсе, бота шошып кетеді де, көп ұзамай өліп қалады деп ойлаған.
Қазақ сейсенбіде жолға шықпайды, іс, жұмыс бастамайды, көшіп-қонбайды.
Жолаушыға «қайда барасың» демейді, «жол болсын» дейді.
Тамақ үстіне келген адамға үй иесі «мақ­тап жүреді екенсің» деп риза боп қала­ды. Дастархан жиналып жатқанда келгенге «бізді жамандап жүреді екенсің» деп ескерту жасайды.
Дастархан үстіне келген адамға дәм ауыз тигізеді, әйтпесе күйеуің немесе әйелің тас­тап кетеді, дейді.
Мал сатқанда оны ноқтасымен не бас жібімен бермейді, малдың басы кемиді деп ырымдайды.
Мал төлдеп жатқанда ешкімге мал бер­мейді, сатпайды және айырбастамайды.
Жақын адамдарға пышақ, ит сыйламайды.
Егер жақын адамның пышағы өте ұнаса, оны ұрлап немесе сатып алады.
Ауыл ішіне атпен шауып келген жаман ырым.
Егер сүйінші сұраса, шауып келуге болады. Бірақ «сүйінші, сүйінші» деп айқайлап келуге тиісті.
Қайғылы, қазалы хабарды естірткенде немесе жаназаға шақырғанда ғана атпен шауып келіп шеткі үйге хабарлайды. Ол үйдің иесі басқаларға хабарлауы тиіс.
Үйге кешке немесе түнде келген адам «кеш жарық» деп кіреді. Үйге келген қонақ адам болсын-болмасын «ассалаумағалейкум» деп сәлем беруі керек.
Екіқабат әйел арқан аттамайды, аттаса баланың кіндігі мойнына оралып қалады дейді.
Біреу әңгіме айтып отырғанда сәби түш­кіріп қалса, шын айтқаны деп ойлайды.
Аты сүріншек болады деп балаға төстің сүріншегін жегізбейді.
Қазақ «сәтті күн» деп істі сәрсенбі күні бастайды.
Көзге теріскен шықса, саусақ арасынан қол шығарады.
Мысыққа тамақ бергенде «ертең ұмытып кетесің» деп маңдайынан шертіп береді.
Тауық мезгілсіз шақырса – жаман ырым.
Иегің қышыса бір жерден дәм татасың.
Адамның келіншек отырған жақтағы аяғы үйіп қалса, ол екіқабат екен деп ырымдайды.
Егер өздері әкелген сыбаға немесе тамақ­тан жесе, ол үйдің әйелі қыз табады дейді.
Бейуақытта ұйықтаған, жылаған жаман болады.
Қолды жуғаннан кейін оның суын сілкі­мейді, орамалмен сүртеді.
Бала қаспақ жесе, оның үйлену тойында жаңбыр жауады.
Баласы шымыр болсын деп екіқабат әйел­ге сағыз шайнатады.
Түсік тастамасын деп жас әйелдің етегін бүріп қояды.
Екіқабат әйелдің күні жақындаған кезде «Жер Ана, қуат бер» деп, жалаңаяқ жүр­гізеді.
Жас босанған немесе аяғы ауыр әйел түн­де суға бармайды.
Екіқабат әйелге пышақ, ара, қайшы ұстат­пайды. Ұстаса мерзімінен бұрын босанады деген ырым бар.
Баласы кіндігіне оралып қалады деп екіқабат әйелге ине-жіп ұстатпайды.
Бала ортан жіліктің майын жесе, ата-анаға мейірімсіз болады.
Екіқабат әйел қоян етін жесе, баласы қоянжырық болып туады деседі.
Сиырдың желіні іссе, таңертең ерте кебіс­пен ұшықтайды.
Жас келіннің төсі, малдың желіні іссе, қайтыс болған адамды жуған қолғаппен ап­тайды.
Жаңадан қайнатқан сабынды жоғары қой­са, ол үйге түскен келін өркөкірек болады.
Аспаннан ағып түскен жұлдызды көргенде қазақтар «менің жұлдызым жоғары» дейді.
Адамға немесе малға біреу сұқтанып қа­ра­са, «көзің тиеді» деп түкіртеді.
Балықтың құйрығын ұстаса, ауға балық түспейді.
Ойынға ашуланған адамның басы таз болады.
Мал үш, не төрт төл туса, олардың біреуін бауыз­дап, босағаға көмеді.
Егер бір үйде қыз туа берсе, келесі баланы ұл болсын деп оған ұлдың атын қояды.
Егер ауыздық шықса, жүгеннің ауыз­дығымен емдейді.
Көп жасаған немесе жақсы адам қайтыс болса, оның киімдері мен тұтынған заттарын ырым етіп бөліп алады.
Адам басы кемиді деп бөтен адамға бас киім бермейді немесе айырбастамайды.
Садақаға киім берсе, оның түймесін қиып алады.
Баланың мойынын тез және түзу бекісін деп оның шілдеханасына сойған қойдың мойын омыртқасын тұтасымен асып, тесігінен шыбық өткізіп кептіріп қояды.
Несібесі көп, дастарханы мол болсын деп жаңа үйдің босағасын маймен майлайды.
Жиенді ұрса, қолы қалтырайды деген ырым бар.
Қазақ басымыз көбеймейді деп адам сана­майды.
Алыс жолға шыққан адамдар қараша­ңырақтан немесе үлкен кісінің үйінен дәм татып аттанады.
Қазақ жек көрген немесе көрмеймін де­ген адамының артынан бір уыс топырақ ша­шады.
Біреудің үйі өртенсе, оның арты жақсылық болады деп ырымдайды.
Жаңа айды көргендер «жаңа айда жарыл­қа, ескі айда есірке» деп бата жасап, ырымдайды.
Қалы үлкейіп кетпесін деп қалымен туыл­ған баланы Қалдыбай, Қалдыгүл деп атайды.
Пәле-жаладан аулақ болсын деп жаңа үй­ленген жастарды арша түтінімен ыстайды.
Өреден жас құрт алып жесе, жаңбыр жауады.
Өліктің денесі оралған кілемді түнде жұл­дызға қаратып жайып барып пайдаланады.
Шашалған адамға «мал қап» дейді.
Ет турағанда бір кесек ет қалып қойса, ет тураушыға өтірік айтатының бар екен дейді.
Біреу қайтыс болды деп ескертіп, кейін ол тірі болып шықса, «көп жасайды екен» деп ырымдайды.
Үйдің өз сәбиі үйге «ассалаумағалейкум» деп кірсе, ол үйге көп кешікпей қонақ ке­леді.
Сәби қолындағы заттарын «шашу» деп шашса, ол үйде той болады.
Бас киімді теріс қаратып киген жаман іс­тің белгісі.
Айта берсек, ырымдар мен тыйымдарды тауысу қиындау болатын шығар. Олардың тәрбиелік мәні ұшан-теңіз. 
Жақында мынадай жағдай болды. Көлікте отырғанбыз. Аялдамадан қыз бен жігіт мінді. Жігіт басындағы «кепкасын» теріс киіпті. Ал, қыз шашын бос жіберіпті. Иығына түсіп тұр. Бала менің жанымдағы бос орынға жайғасты. Қыз алдымыздағы орындыққа жайғасты. 
Жігітпен амандастым. Амандық, саулық сұрастық. 
– Балам, – дедім жәй ғана, – бір нәрсе айтайын өкпелемейсің ба?
– Ата, айтыңыз, ақылды тыңдаймыз, өкпелейтіндей ешнәрсе айтпайтын адамға ұқсайсыз.
– Бас киіміңді теріс кигенің ұнаңқырамай тұр. Қазақ оны жаман ырымға балайды. Мына қыздың саған жақындығы бар сияқты ғой. 
– Жақында үйлендік, келіншегім...
– Онда айтып қоясың ба, қалқам, шашты бос жібермейді. Ол жамандық шақырады...
Жігіт ойланып қалды. Бірінші бас киімін дұрыстап киді де, маған қарады.
– Ата, Сізге үлкен рахмет! Келіншегіме үйге барған соң түсіндіріп айтамын. Өстіп, біз білмейтін нәрселерді жәйлап айтып отыр­саңыздар ғой, қандай жақсы болар еді. Мен өзім балалар үйінде тәрбиелендім. Келін­шегім де сондай. Бізге кім не үйретті дей­сіз. Сізге рахмет, – деді.
Мен мәз болып қалдым. Айтқаныңды тың­дайтын  жастарға кездескеніме қуандым. 
Осы оқиғаның ертеңіне универси­теттердің біріне бара жатқанмын. Жолдан өту керек болды. Бағдаршамды күтіп тұрмыз. Жаным­да бір қыз тұр. Құлағына бірдеңелерді ты­ғып қойыпты. «Мына бала жолдан өтіп бара жатқанда машиналардың  сигналын да естімейді» деп ойладым. Бірдеңе айт­қаныңмен естімейді.  
Тыңдайтын құлақ болмаса қайтесің енді...
 
ХАДИСТЕРДЕГІ ЖАС ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ
Халық мәдениетi жөнiнде толық түсiнiк алуда дiни дәстүрлердi ғылыми түрде ой елегiнен өткiзудiң   маңызы зор. Оның үстiне қазақ отбасының көптеген дiни дәстүрлерi этникалық педагогиканың элементтермен тығыз астаса келе халықтың тұрмыс-тiршiлiгiне терең бойлап, оның ажырамас бөлiгiне айналып кеткен. 
Егер археологиялық және өзге де ескерт­кiштер мәлiметтерiнiң негiзiнде қазақтардың дiни наным-сенiмдерiнiң генезисiне тарихи тұрғыда ой жүгiртсек, мәдениет сияқты, оның да қат-қабат қыр-сыры бар. 
Ислам дiнiнiң қазақ жерiнде таралуы жөнiндегі әдебиеттерде, зерттеулерде әр­түр­лі пiкiрлер айтылады. Тарихи деректер ХIХ ғасырдың басына дейін Ислам идеологиясын көшпендi қазақтар санасына сіңіру әрекеттерi болғанына куә. Қалай дегенмен де, қазақтардың көшпендi тұрмыс-тiршiлiгi Исламның кеш таралуына негiзгi себеп болғаны анық. Себебi, көшпелi халықтың тыныс-тiршiлiгi, дүниеге көзқарасы олардың өмiр сүру тәсiлiне байланысты қалыптасты. Бұл қазақтардың арасында мұсылман дiнiне дейiнгi дiни нанымдардың берiк орын алуына жағдай туғызған едi. Осы себептi де көшпелi шаруашылық шаман дiнiн де ұстауға негiз болып, кейiннен ол ислам дiнiмен қатар араласып кеттi.
Қазақ отбасындағы діни дәстүрлердің, ырымдар мен тыйымдардың қалыптасуына аса көп ықпал еткен хадистер. 
Хадистердiң жас ұрпаққа берер тәлiм-тәрбиесi аса мол. Олардың жаны таза, салауатты адам болып қалыптасуына, жүректерiнде мейiрiм-шапағат нұрының ұялауына тигiзер ықпал-күшi орасан зор. Айталық, ата-ананы құрметтеу, бағып-қағу әрбiр перзенттiң парызы. Қасиеттi Құранда (Әл-Исра сүресi 23-25 аяттарда): «Жаратқан иелерiн өзiне ғана құлшылық етудi, әке-шешелерiңе жақсылық етулерiңдi шешiп бердi. Егер екеуiнiң бiрi немесе екеуi де кәрiлiкке жетсе, оларға тұр деп кетiс бiлдiрме, сол секiлдi екеуiне зекiме, сыпайы сөйле. Екеуiне де кешiрiммен қарап, құшағыңды жай да: Жаратушы ием! Бұл екеуi менi кiшкентайымнан мәпелегендей, ол екеуiн де есiркей гөр! – де. Жаратушы ие­лерiң iштегiлерiңдi жақсы бiледi, сали­қалы болыңдар. Шынында да Ол тiлек тiлеушiлерге кешiрiмдi» делiнген. Сөйтiп, Алла тағала әуелi өзiне ғана құлшылық етудi, содан соң әке-шешеге қызмет етудi бұйырады. 
Иә, ата-ана «Перзентiмнiң табанына кiрген тiкен маңдайыма кiрсiн» деп, бала-шағасына өбектеп отырады, «Балам адам болсын» деп тiлейдi. Хадистердегi ата-ана ақысын ақтау жөнiндегi өсиет-мiндеттердiң мән-маңызы айрықша жарқырай көрiнедi. 
1. Алла тағала ахирет күнi адамдардың үш түріне мейiрiм-шапағатпен қара­май­ды: 
- ата-анасын ренжiткендерге; 
- iшiмдiкке салынғандарға; 
- iстеген жақсылығын айтып, басқаны табалайтындарға. 
2. Ата-анасы тiрi кезiнде жұмаққа кiре алмаған баланың соры қайнасын, соры қайнасын  және соры қайнасын. 
3. Ата-анасына тiл тигiзген, сондай-ақ Алланы ауызға алмай құрбандық шалған адам Тәңiрi қарғысына ұшырасын! 
4. Алланың ризалығы – әке-шешенiң ризалығында, Алланың ашуы – әке-шешенiң ашуында. 
5. Ата-ана – сенiң жәннатың не тозағың. Олардың ықыласын алсаң – жәннатқа, қарғысын алсаң- тозаққа енесiң. 
6. Ата-ана ризалығын ала алмағандар қор болсын, қор болсын және қор болсын! 
7. Үш дұға мiндеттi түрде қабылданады: зұлымдыққа ұшырағандардың, мүсәпiр жолаушының және ата-ананың дұғасы. 
8. Күнәнiң  ең үлкенi: Тәңiрге серiк жасау, ата-ана қарғысына қалу, нахақтан қан төгу және өтiрiк куәлiк беру. 
9. Ата-анаға бағыну – Тәңiрге бағыну, қарсы шығу – Тәңiрге қарсы шығумен бiр­дей. 
10. Ата-ананы қорғағанды Тәңiр де қорғайды. 
11. Хаттаб ұлы Омар айтыпты: «Бiр күнi Мұхаммедке бiреу келiп, «Мен бiр зор күнә iстедiм, ендi мен үшін тәубе ету мүмкiн бе?» – дедi. Сонда Мұхаммед (ғ.с.): «Ата-анаң  бар ма?» – дедi. Ол адам: «Иә, анам бар» – дедi. «Тездеп анаңа бар да соған қызмет ет» – дедi. 
12. Анаңа, анаңа және анаңа жақсылық қыл, содан кейiн әкеңе. 
13. Атаң мен анаң бiрдей шақырса, алдымен анаңа жауап бер. 
14. Бiреу: «Ия, Расул Алла, әке-шешенiң өлiмiнен кейiн оларға iстей алатын қызме­тiм бар ма?» дегенде, Ол: «Иә, олар үшін жарылқау тiлеп, дұға оқы, өсиеттерiн орында, достарымен сыйлас» – дептi. 
15. Күнә ризықты жоғалтады, тағдырды тiлек қана тоқтатады, өмiрдi ата-анаға iсте­ген жақсылық қана ұзартады. 
16. Адамның төрт түрін Алла ғана жәннатқа енгiзбеуге хұқықты: ата-анасына қарсы келген, өлiмқоршы, жетiм-жесiрдiң  ақысын жеушi және маскүнемдер. 
Қазақтарда: «Ата-анаңа не қылсаң, алдыңа сол келедi», «Ата қарғысы – оқ, шеше қарғысы – боқ» (өйткенi, шеше мейiрбанды), «Атасы бардың батасы бар» – деген мақал-мәтелдер бар. Ата-ана «iштен шыққан шұбар жыланды да» қимайды. Тiлегiн тiлейдi. 
Бұрын қазақ қоғамында ата-анасын ренжiткендер қара есекке терiс мiнгiзiлiп, бетiне күйе жағылып, мойнына құрым iлiп, бүкiл ауылды айналдырған. Көргендер бетiне түкiрiп, басқаларға сабақ еткен. Ал, ата-анасына қол жұмсаушылар өлтiрiлген. 
Ата-ананың парызынан артық ештеңе де жоқ. Перзент ешуақытта да ата-ана қары­зынан құтыла алмайды. Сондықтан да ата-ананы сыйлап, құрметтеп өтуi тиiс. 
Хадистерде жас ұрпаққа айтылатын өсиеттер терең ойларға жетелейдi. Ұлт тәр­биесiнiң қайнар көзi, мөлдiр бастауы саналатын Хадистердiң әр жолы қымбат, айрықша маңызға ие.
                 
Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Оразаев М., Смайлова М. Қазақ хал­қының салт-дәстүрлері (8-9 класс оқу­шыларына арналған факультативтік бағ­дарлама) «Қазақстан мұғалімі», 26.10.90.
2. Оразбекова К., Нарбаев В. Ата дәстүр - әдеп, болашақ игілігі. – Алматы, 1991. – 236 б.
3. Табылдиев Ә. Т. Халық тағлымы. –Алматы: Қазақ университеті. 1992.-197 б.
4. Балтабаев М. Х. Народно-музыкальное творчество казахов как средство этнического воспитания студенческой молодежи (На материале музыкальных отделений ФОПа ВУЗов Казахстана). Автореф. дисс. ... канд. пед. наук.-Алматы: 1986.-с. 26.
5. Бөлеев Қ., Бөлеева Л., Құсайнова С. Қазақ мектептеріндегі ұлттық тәрбиесінің жайы. // Этнопсихология және этнопедагогика. (Ұлттық тәлім-тәрбие.). 5 жинақ, -АЛМАТЫ.: Дарын, 1998.  Б.31-33. 
Ұзақбаева С. Қазақтың халықтық педаго­гикасындағы эстетикалық тәрбие. Пед. ғыл. Док. Дис. Алматы, 1994, 420 б.

2865 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз