• Заманхат
  • 09 Сәуір, 2014

ІБІЛІСТІҢ БІРІНШІ КӨМЕКШІСІ – КОСМОПОЛИТТЕР

Совет-Хан Ғаббасов, жазушы, фан­таст, драматург, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Медицина және Педагогика ғылымының докторы, профессор, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі, Махамбет атын­дағы сыйлықтың лауреаты, Зайсан ауданының құрметті азаматы, Халықаралық М.Нострадамус атын­дағы  академияның толық мүшесі – Академик.

− Армысыз, Совет-Хан аға! Міне, бү­гін 75 жасқа келіп қалдыңыз. 75 деген  жас қандай екен?
− Армысың, бар бол... балам! 75 жас дегеніміз меніңше, аса үлкен жас емес. Салауатты өмір салтын ұстансаң, жас дегенің сезілмейді екен.  Сонымен қатар, – «елім», «жерім» – деп өмір сүрсең, өзіңе тиісті міндетті орындасаң және азамат ретінде абыройлы қызмет етсең... жылдар зымы­рап,  жылдам өте шығады. Бұл жасқа мен шаршап-шалдығып келіп отырғамын жоқ. Осының бәрі... елге қызмет етіп, адал  жүргендігімнің арқасы. Кейде бір күнім де бос болмай жатады. Мәселен, бір ғана мысал, Алматыда осыдан 3 жыл бұрын 60 бала суицид болған кезде, қалалық білім басқармасы кеңес сұрап: – «Сіз дәрігерсіз, педагогсіз ғой... осы жағдайға байланыс­ты пікір айтыңыз», − деп өтінді. Сонда, менің түйіп айтқаным; – «Ата-ана жеті жасар баласын мектепке «жетпіс түрлі» түйінмен әкеліп береді. Бірақ, мектеп оның бірде-бір түйінін шеше алмайды. Ендеше, бұл мәселенің түп-тамыры ата-ананың өзінде жатыр. Тіпті, оларды да кінәлау қыйын. Себебі, «...білмеген адам У-да ішеді...» – демей ме, дана халқымыз. Бізді желкелеген 300 жылдық бодандық және 70 жылдық атеистік қоғам ұлттық тәрбиемізге қисапсыз мол нұқсан келтірді. Осы орайда біз... «ата-аналардың өзін оқытайық» – дедім. Сөйтіп, үш жыл бойы Алматыдағы  қазақ және аралас мектептерде ата-аналар оқуын жүргіздік. Мұғалімдердің айтуынша, ата-аналар бұрын сынып жиналы­сына да келмейді екен. Содан біздер әуе­лі, менің «Халық педагогикасының негіздері» атты кітабымды таратып, содан қорытынды шығаруды мақсат етіп қойдық. Біз жай ақыл айту мақсатында емес, пікірлесе үлкен әңгіме өрбітуге бел будық. Осыдан кейін ата-аналар мектепке сыймай кетті. Өйткені, ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық тәрбие, әлеу­меттік психология мен халықтық педагогика негіздері – деген кітаптар қатты әсер еткен болуы керек.  Мұны естіп алып, Қаскелең мен Жамбыл ауданынан да арнайы шақыртулар келді.  Бұдан бөлек, былтырғы жылы Қызылордада «6 облыс өкілдері» бас қосып, үш күн семинар жүргіздік. Міне, осындай қолға алып отырған мәселелер көп. Сондықтан, 75 жастың қалай келе қалғанын да, білмей қалдық. Қазіргі уақытта, Абай атындағы Ұлттық Педагогикалық университетте са­бақ беріп, шәкірттер тәрбие­леудеміз.
− Бүгінгі туған күніңізге байланысты Алматыда қандай кездесулер мен іс-шаралар өткізілмек?
−Той-томалақ жасап, желпіне қарсы алатындай кез емес сияқты. Шынын айт­сақ, Қоғам мен Адам тәрбиесінде қаба­ғат ауыр жағдайлар аса мол. Бүгін Ал­матыдағы Абай атындағы ҚазҰПУ-де,  «Ұлт тағдыры – ұрпақ тәрбиесінде» атты тәжірибелік ғылыми-практикалық кон­ферен­ция өткізу жоспарланып отыр.  Бұл конференцияға еліміздің үлкен ғалымдары қаты­сып, өздерінің пікірлерін ортаға сал­мақ.  Ұлтымыздың да, мемлекетіміздің де тағдыры ертеңгі ұрпақтың қолында екен­дігі ақиқат. Оның бүгіні мен ертеңі мемле­кеттілігіміздің  келешегін  айғақтайды. Бұл шараға, Алматы қаласының Ішкі саясат және Білім басқармалары, сонымен қатар, республикалық жоғары оқу орындарының ғалымдары келіп талқыламақ. Осы орайда мен аталған университет ректоры, академик Серік Пірәлиевтей азаматымызға,  осындай айтулы шараларды қолға алып жатқандығы үшін алғысымды білдіремін.  Өйткені, бұл конференцияның бастамашысы сол кісі болатын.
− Аға, жалпы мына көп адамдар «туған күн» не «туылған күн» деп айтып жатады. Осының аражігі туралы айтып берсеңіз...
−«Туылған» – деген қазақтың сөзі ғой. Бәріміздің де туғаннан гөрі... туылғанымыз рас қой. Қазақ сөзінің түрленуі көп... Кеңес кезінде сөздің көбі бүлінген. Менің, «Адам тәрбие­сінің жаңа ілімін» жазғаныма 22 жыл болыпты. Осы іліммен тәрбиеленіп туылған балалар... қазір республикаға бел­гілі бола бастады. Мысалы, кешегі Пре­зи­­дентіміз құшақтап суретке түскен бала Жамбыл немесе төрт рет шахматтан әлем чемпионы болған Жансаялар осы технологиямен келген балалар.
– Сонда сіздің методологияңыз бойынша тәрбиеленген ғой бұл балалар? Бұдан бөлек, бала тәрбиесі мен сананы жетілдіру туралы айтып берсеңіз?
− Бұл методология әзірше жаһанда жоқ. Бұл екі сатылы методология, биологиялық  индивид және сананы жетілдіру. Биология­лық индивид сатысынан «жүрек  тәрбиесі» жүйесі шықса, сананы жетілдіру сатысынан «ақыл тәрбиесі» жүйесі қалыптасады.  Адам баласында Тәннің он екі мүшесі секілді,  Жанның да он екі мүшесі бар екендігі анықталды. Бұдан бөлек, ұрпақ тәр­биелеуде халық педагогикасының жеті түрлі негіздері бар. Міне, бұл айтылып отыр­ған ғылыми жаңалықтар, бүгінге дейін пайдаланып келген Педагогика мен Пси­­хология пәндерінде жоқ.  Бірінші негізі − отбасын құруға дайындық және  ұрық тазалығы - делінеді. Кәмелет жасқа келген жігіт пен қыз отбасын құруға іштей дайын болуы керек. Олар оны білсе ғана дайындала алады. Ал, білмесе ше?!? Бойдағы жаман қылықтардан (темекі тарту, арақ ішу, наша жалау, лас ойларды доғару, бойды таза ұстау т.б.) арылуы тиіс. Бұл − табиғи заңдылық. Тіпті, бұл заңдылықты жан-жануарлар төл өрбітерде, міндетті түрде орындайды. Төлдеу алдында жануарлар бір ай жарап, бой түзеп, сайысқа түсіп, қайсысы күшті болса, сол ұрпақ жалғастыру құқығына ие болады. Құстар жылы жақтан бір айдай ұшып келеді. Бойындағы арам терін шығарып, артық майын жоғалтып, ұрпақ жалғастыруға кіріседі. Ал, адам бала­сының ұрық тазалығын сақтамауының кесірінен бүгінгі ұрпақ азып барады. Бала­лардың ақыл-есі кем болып, неше түрлі патологиямен туылуы – ұрық тазалығының сақталмауынан. Тек қана «ұрық тазалығын сақтау арқылы», бүгінгі адамзат қауымын сансыратып тұрған 1700-ге тарта  аурудың 85-90 % пайызы жоғалар еді. 
Екінші негізі − ана құрсағындағы тәрбие. Жанның он екі арнасын, тек ана құрсағындағы тәрбиемен ғана аша аласыз. Ана құрсағындағы бала үш-төрт айында тәрбие күте бастайды. Бала бойына біткеннен бастап, ана жүріс-тұрысын түзеп, мінезін қалыптастырып, жаман қылықтардан арылып, денсаулығын қада­ғалауы тиіс. Өйткені, ананың мінез-құлқы, денсаулығындағы ақаулар құрсақтағы балаға беріледі. Қазіргі таңда ана құрсағындағы тәрбиенің сақталмауынан жанның он екі арнасы жабылу алдында...
Үшінші негізі − нәресте кезеңі. Ана сүті − табиғи нәр. Нәрестесін омыраумен емізетін аналардың... сол сәтте алатын ләззаты − теңдессіз ләззат. Ана сүтінің орнын ештеңе де баса алмайды. Біріншіден, ол − қорек, екіншіден − ана мен бала арасындағы табиғи байланыс. Көптеген жас аналар әртүрлі сылтаумен нәрестелерін жасанды сүтпен қоректендіреді. Ал, бұл ана мен бала арасындағы сүйіспеншіліктің жаңа сипат алуына (мейірімсіздік) себеп болып отыр. 
Төртінші негізі – Балбөбек кезеңі. Бұл кезеңде үш түрлі салт-дәстүр тәлімін бала психикасына лайықтап пайдалануды ұсынамын: Бірінші, балбөбек кезеңінде сәбиге ең терең де түсінікті әсер ететін әуен екенін ескеріп, оған халық әндерін, күйлерін тыңдату; Екінші, ұлттық ою-өрнектер мен халық суретшілерінің классикалық туындыларын баяу ғана ойнаған ұлттық әуеннің сүйемелдеуімен парақтай ашып көрсету; Үшінші, термешілер мен жырауларды, айтыс, ертегі тыңдату.
Бесінші негізі − балабақша жасындағы Сәбилік кезең. Бұл жаста бала айналасында болып жатқан құбылыстарды жіті аңғарып, көргені мен естігендерін зердесіне жазып ала қояды. Қоршаған ортаны танып-білгісі келіп, «анау не, мынау не» деп сұраумен болады. Осы жаста бала санасына нені сіңірсек, ертең соның жемісін көреміз. Ал, біз бүгін балабақшадағы балаға үш тіл үйретпекшіміз. Үш тілді сіңірген бала психикасы не болмақ? Ол бала не қазақ, не орыс, не ағылшын болмайды. Ол дүбәра шизопреник болады.     Алтыншы негізі − бас­тауыш мектеп жасындағы Балиғат кезеңі. Жеті жасқа толған балалар бұрынғыдай емес, ұлдары-қыздарға, қыздары ұлдарға мүлдем басқа көзқарастармен қатынас жа­сауға ұмтылады. Осы кезеңнен бастап, жыныс бездері мен жұлын-жүйке сөлдерінің өзара үндесе жұмыс істеуінің әсерінен, жасөспірімдердің мінез-құлықтары мен адамдық темпераменттері ғана қалыптасып қоймай, әр тұлғаның өз ерекшеліктерін жетілдірудің ең күрделі сатылары басталады. Балаға бұл жасында бала деп емес, «естиар» деп қарауымыз керек. 
Жетінші негізі − орта білім мен Кәмелеттік кезеңнің тәрбиесі. Адам ғұмырының бұл кезеңінде, ақыл тәрбиесі мен жүрек тәрбиесіне гормоналдық жүйе қосылып, осы үш жақты үндестіктің жетілуімен бір бағытта қызмет істеуінің сипаттары күшейе береді. Бұлар тән құры­лысындағы жетілу сипаттары болса, жан дүниесіндегі жетілуі де білім-ғылым, мәде­ниет, еңбектің ықпалымен аса терең пси­хологиялық жетістіктерге ұмтылады. Бұл кезеңде балаға дұрыс бағыт беруіміз керек. Ауылда болсын, қалада болсын немересіне ертек айтып, қазақ әндері мен күйлерін, өсиет жырлар тыңдатып, немересін еңбекке баулып, ұлттық салт-дәстүрді үйрететін ата мен әжені табу қиын. Кейде көшеге шығып серуендеп қайтқанда... кейіп қайтамын. Өйткені, немересін жетектеген ата немесе әженің орыс тілінде сөйлесіп бара жатқанын көріп, жүрегім ауырады. Қазіргі аталар мен әжелерде өнеге де, өсиет те қалмай барады. Бала тәрбиесінің нашар болуы − шал мен кемпірдің тәрбиесінде болуында ғана емес, қандай Ата мен Әженің тәрбиесінде болуында. «Ата-әжесіне бердік» - деп әке-шешесінің бала тәрбиесінен қалыс қалуына болмайды. Ілгеріде қазақтар баланы ауыл болып тәрбиелеген. Сонымен қатар, бүгінгі таңда әкенің ұлттық бала тәрбиесіндегі алар орны жоқ деуге болады. Өйткені, тартқаны − темекі, ішкені − арақ, ұлттық салт-дәстүрден мақұрым – әке балаға қандай тәрбие бере алады? Ал, аналарға келсек, бесіктің құдіретін ұқпайтын, бесік жы­рының мәнін білмейтін, омырауымен баласын қоректендірмейтін анадан не күтесіз? Ең сорақысы, «аттан қалма, байталым» дегендей, ерлермен жарыса темекі тартып, арақ ішетін ана өз қылығы қасірет екенін ұқпаса, оған не шара? Мұндай аналардан қандай тәрбие күтуге болады? Қазіргі жас аналардың жүріс-тұрысы, киім киюі ұлттық салт-дәстүрімізге сай келмейді. Өз бойында жоқ қасиетті балаға қайдан берсін?! Міне, осыларды мемлекет деңгейінде ойланған жөн.
− Осы Жан дегеніміз не?
− Жан дегеніміз – қуат (энергия). Әл-Фарабидің еңбегінде жазылғандай, құрсаққа ұрық түскеннен кейін, бірінші кіретін күш. Осы күш деп отырғаны – Жан. Ал, Жанның орны жүректе. Жүректің  тоқтаусыз соғып тұратындығы осы Жанның арқасында. Міне, осы Жүрек тәрбиесінің тәсілі арқылы Жанның он екі мүшесі  ашылады. Тәннің - жүрек, бауыр, бүйрек, миы – жүрексіз істемейді. Ал, Жанның он екі мүшесі қазір адамзат қауымында  жабылуда, оның аз­ғындауы... соның көрінісі. Мен мұны - жан­ның 12 арнасы - деп атадым. Осы арналар қазір жабылуға жақын. Мәселен, Ұят арнасын алып қарайық. Қазіргі адамдарда «ұят жоқ» дейді...
−Ұят деген не сонда?
−Ұят дегеніміз – Жанның бір мүшесі. Ол санаға бағынбайды. Мәселен, сізге «ұялып көрші» десем, ұяла алмайсыз. Тіпті, басыңызды жерге тоқпақтасаңыз да... Ал, жайсыз бір әңгімені есіңе алсаң, қып-қызыл болып ұялып кетесің. Солай ғой?  Мен 22 жылғы ғылыми ізденісімді Жанның осы арналарына арнадым.
− Осы арада Жанның он екі арнасы туралы айтып өтсеңіз…
− Адамда тәннің он екі мүшесі (жүрек, бауыр, бүйрек, ми т.с.с.).сияқты, жанның санаға бағынбайтын он екі арнасы бар екендігі анықталып отыр. Олар − түйсік, ұят, сүю, мінез, табиғи қабілет, зерде, жігер және ішкі бес сезім. Бүгінде бұл арналар толығымен жабылу алдында. Бірінші, - түйсік - арнасының жабылу алдында тұрғанын айтайын. Мысалы, зілзала болатынын ит пен мысық, жыбырлаған тарақан үш күн бұрын біліп, эпицентрден қашып кетеді. Ал, біз дәл сол уақытта үйдегі заттар шайқалып, бүкіл дүние солқылдағанда ғана білеміз. Бұл − қазіргі түйсігіміздің түрі. Екінші − ұят – арнасы. Ол да жабылу алдында. Мысалы, бұрындары төрт-бес жастағы бала жайсыз нәрсе жасап қойса, ұялып, қызарып кететін. Ал, бүгінде ондай баланы таппайсыз. Міне, бұл – ұят арнасының жабылғандығы. Үшінші − сүю – арнасы. Қазір Төлеген мен Қыз Жібектің, Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың арасындағы махаббатты кездестіре алмайсыз. Жігіт пен қыздың арасындағы сүйіспеншілікті былай қойғанда, ата-ана баланы, бала ата-ананы сүюден қалып барады. Сәбиінен безініп, балалар үйіне тапсыру, ата-анасынан безініп, қарттар үйіне тапсыру күнделікті өмірдегі, қатардағы үрдіске айналып барады. Бұл − сүю арнасының жабылуы. Төртінші − зерде. Қазіргі тілмен айтқанда, зерде − бұл диктофон. Қазақта ауыз әдебиетінің жақсы дамығаны − зерденің мықтылығы. Ертеде жыршылардың, жыраулардың түнді таңға ұластырып айтқан жыр-дастандарын құймақұлақ шәкірттері ертеңінде бір сөзін қалдырмай жатқа айтқан. Ал, қазіргі балалар бүгін айтқаныңды ертең қайтара айтып бере алмайды. Бұл − зерденің жабылуы. Бесінші − мінез. Бұрынғы уақытта «ой, қандай мінезді азамат» деп сүйсініп, мадақтап отыратын. Бүгін ондай мақтауға лайық адамды күндіз қолға шам алып іздеп табу мүмкін болмай қалды. Оның есесіне мінезсіздер қатары өсіп барады. Ақылына қарап емес, ақшасына қарап құрметтейтін болдық. Құлқынның құлына айналғандар көбейді. Жағымпазданып, үлкен басымен жасы кіші қалталының алдында құрдай жорғалайтындар қатары толығуда. Мінездің жоғалуы − міне, осы. Алтыншы − табиғи қабілет. Кейде: «Осы бұрынғы билер, жыраулар, ақындар, әншілер мен күйшілер қайда?» – деп сұрап жатады. Осы сұрақтың өзі табиғи қабілеттің құрып бара жатқанын аңғартады. Ұзаққа бармай-ақ, кешегі Біржан сал мен Жаяу Мұсалар, Құрманғазы мен Дәулеткерейлер нота білмей-ақ, қаншама теңдесі жоқ ән мен күй шығарды. Ал, бүгін он-он бес жыл оқып, консерватория бітіргендер дәл сондай ән мен күй жаза алып отыр ма? Жоқ. Өйткені табиғи қабілет жоқ. Жетінші - жігер. Бүгінгі таңда біз жігерсіз қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Олай дейтінім, арақ пен темекінің зиянын біле тұра, тиын сауғандардың... кез келген дүкенде ашық саудалауына жол беріп отырмыз. Темекі шегудің салдарынан талай адамның қыршын кетіп жатқаны, арақтың кесірінен талай отбасы бұзылып, талай бала жетім қалып, талай әйел жесір қалып жатқандығы ешкімді де елең еткізбейді. Жігерсіздіктің кеселінен тепсе темір үзетін қазақтың жап-жас жігіттері маскүнемдікке, нашақорлыққа бой алдырып, отбасынан айырылып, үйсіз-күйсіз қоқыс аралап күн кешіп жүр. Міне, бұл - жігерсіздіктің салдары. Ұят дегенді енді осы арадан бағамдай беріңіз…
−Ал, Рух ше?
− Жан мен Тән тәрбиесі үндескенде - Рух пайда болады.
− Сонда Жан мен Рух екеуі екі бөлек дүние ғой?
− Қазір біз, Абайды күллі қазақтың сүйікті тұлғасы дейміз. Кешегі Алаш азаматтары да Абайды үлгі тұтты. Бүгінгі интеллигентті зиялы деуге болмайды. Зиялы дегеніміз білімділіктен де басым. Мәселен, олар елі, жері үшін жанын пида ететін  адамдар болып табылады. Тәнмен қатар Жан тәрбиесінсіз − Абай айтқан «толық адам, нұрлы ақыл» бейнесіне, тіпті де, жете алмайды.. Сондықтан, қазіргі уақытта Жан құмарлығынан бұрын... Тән құмарлығы басым түсіп, адамдар азғындыққа ұшырауда.Ұрпағымызды бұдан қорғау үшін бізге еуропоцентристік методологиядан мүлдем кету керек.  Бұл методология - империялық саясатқа құрылған.
− Осының бәрі тың жаңалықтар ғой...
− Бұған мемлекет  назар аудармай отыр. Егер, бұл ескерілсе, мынау 22 жылда...барлық бала атаулы, жас ақын бала Жамбыл мен әлем чемпионы Жансаяның деңгейіне жететін еді.
− Жамбыл мен Жансаяны өзіңіз тәрбиеледіңіз бе?
– Бала Жамбыл мен әлем чемпионы Жансаяның ата-аналарының айтқанын маған мектеп деректоры әңгіме еткен еді. Бұ­лар­дың негізі бергі дүние ғой... Мен жанның он екі арнасын ашатын технология жасадым. Қазіргі уақытта осы технологиямен тәрбие алып, оқып жүрген менің қатерімде мың жарымнан астам бала бар. Олардың алғашқылары 1992 жылы дүниеге келген үш бала да  он төрт жасында он бір жылдық мектепті алтын белгіге бітірді. Жанның он екі арнасын ашу үшін... «Жүрек тәрбиесінің жүйесін» қолға алу керек. Жанның 12- арнасы: түйсік – ұят – сүю – зерде – табиғи қабілет – мінез – жігер және ішкі бес сезім (көкірек көзі, телепатия, дәм, ішкі сезіну, иіс) – бұлар да тек ана құрсағында  ашылады. Сондықтан да, бұл жүрек тәрбиесі арқылы келетін дүние. Ал, «Ақыл тәрбиесі» дегеннің де құпиясы мол − бұл сананы жетілдіру.
− Аға, әңгімеміздің басына қайта орал­­сақ... Әдебиетте қолтаңбаңызды ай­­­­шық­тап қалдырдыңыз. Фантастика жанрында қалам тербедіңіз. Қазір фан­тастикалық шығармалар жоқтың қасы. Бұл жанр неліктен кенжелеп қалды?
−Мен 1985 жылы «Кәусар» атты Қазақ­тың тұңғыш ғылыми-фантастикалық романын жаздым. Бұрын қазақта фан­тас­тикалық роман болған жоқ. Ұлттың фантастикаға келуі – халықтың  жетілген­дігінің бір көрінісі. Бұл оңай дүние емес. «Адам жанының ілімі» – алтыншы расаның даму механизмі. Жаңағы айтып отырған балалардың өмірге әкелер балалары таза алтыншы расаның адамдары болады. Бұл не деген сөз? Бұл адамдар - Тән құмарлығынан – Жан құ­марлығына – өткен тіршілік иелері. Оларда – мүлде тән құмарлығы жоқ. Қазіргі уақытта елден ерек 1500-ге жуық бала бар. Олар Тән құмарлығын білмейді, өзімшілдік те жоқ. Мемлекет үнемі басқаға еліктеп, өз­геге таңдай қағады. Ал, мұны мемлекет бағдарламасына енгізсе, қанша ілгері­леушілік болар еді. Жаңалықты... тек қана, табиғи таланты оянған адамдар ғана әкеледі. Міне, әңгіме қайда?..
− Дұрыс айтасыз... «Мейірім»  деген кітабыңыз шықты 1989 жылы. Осыдан бөлек тағы басқа да жинақтарыңыз бар. Бұл халықтық педагогикаға дейінгі дайындық болды деп ойлаймын өз басым.
− Сөз жоқ. Осы жасқа келгенше...қаншама адамның арасында болдық. Олар­­дың арасында  неше түрлі дарындар бар. Табиғаты ерекше жандар да кездесті.  Барлығынан байқалатын бір кемшін тұс – салт-дәстүрді – дұрыс білмейді. Дәстүр не десе ешкім ештеңе айта алмайды. Мен қазір докторант, магистранттармен кездесу жасап жүрмін. Пікір алмасу ретінде өтеді. Сол уақытта үш сұрақтың жауабын сұраймын. Мәселен, – «Адам дегеніміз  не ? – дегенде, олар биік санадағы «анау-мынау» деп әңгіме айтады. Ал, адам дегенді білмеген ұстаз, қалай өзгені тәрбиелейді? Бұлай жалпылаудың қажеті жоқ. Адам деген - үш түрлі жүйеден тұратын – тіршілік иесі. Олар – Тән құрылысы, Жан дүниесі, Рух қуаты. Біздің тәрбиелейтініміз осы үш жүйе ?! Осы жүйелерді  меңгеріп, үйлестіре алсақ,  Абай айтқан «толық адам, нұрлы ақылды» аламыз. Ал: «Адамның мәні неде?» – десе, оны да білмейді. Міне, қа­раңыз. Оның ішінде, докторлар да, академиктер де бар. Адамның мәні – Жанында ғой. Тән болса, ертең топырақ болып қалмақ. Жан тәрбиесі болмаған жерде қандай мән болмақ? Міне, адамзаттың азып отырғандығы осыдан. Бұ­дан бөлек, адамның бақыты неде дей­міз? Адамның бақыты меніңше, балада. Ол даңқ та емес, байлық та емес. Бір жанұяда 10 бала бар десек, олардың оны да жібі түзу болмаса, ол шаңырақ құлайды. Мынау Тәуелсіз  мемлекет те сол секілді.
− Аға, «ұлттық намыс», «қазақы намыс» деп жатады. Намыс дегеніміз не сіздің ойыңызша?
− Намыс дегеніміз тіршілік иесінің бәрін­де бар. Мәселен, жыланды барып түртіп көріңізші, не істер екен? Болмаса, итті барып ұрып көріңіз. Намыс – ақыл мен жігердің қосылған дүниесі ғой. Мәселен, көшеде екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесуі барып тұрған намыссыздық және мәдениетсіздік. Мұны, мен айтқан жоқпын. Иоган Гетенің айтуынша, – «кез келген адам өзінің тілін жетілдірмесе, оны сыйламаса, ол адамнан асқан мәдениетсіз адам жоқ» – дейді. Тіліңнен артық қан­дай дүние бар? Халықтың халықтық қасие­тін жасайтын да тіл. Эзотерикалық ілім­де: «Ібілістің бірінші көмекшісі – космо­политтер»-дейді. Сондықтан, шала қа­зақ­тар дегеніміз – космополиттер. Олар хал­қына, ұлтына... отанына жандары ашымай­тын адамдар.
− Болашаққа не айтасыз, не жолдайсыз?
− Ең басты айтып отырғанымыз, ұрпақ тәрбиесі мен ұлт тағдыры. Олай болса, болашаққа айтатыным біз халқымыздың дәстүр-салтын әлі түсінбей келе жатырмыз. Мәселен, «жеті атаға дейін қыз алыс­пау» ешбір халықта жоқ дүние. Мұның теңдессіз ғылым екенін біз әлі айтып, түсіндіргеніміз жоқ. Сондықтан, салт-дәс­түрің мен  тіліңді өте қатты құрметтеу керек.  Біздің биліктен талап ететініміз не? Қазақта жолға қойыл­маған нәрсе – ұлттық идеология.  Ұлттық идеологиясыз өмір сүрген қазақ азбай қой­майды. Екі тілділер көбейіп еді, енді «үш тілділер» пайда болды. Мұны, биология мен физиология заңдылықтарын ескеріп қана пайдаланбаса, келешекке берер кесапаты мол.Кеңес өкіметінің кезінде бізге «шет тілін» бесінші сыныптан бастап оқытып еді. Енді бірінші сыныптан бастап оқыту аса үлкен қателік. Осының түбі «ұрпақты бұзуға» апару?!? Бала үш тілдің қайсысын меңгереді? Сондықтан, бұл мәселемен ой­науға болмайды... ойланған жөн. 
Сұхбаттасқан   
Бауыржан Қарағызұлы

 

365 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз