• Келелі кеңес
  • 09 Сәуір, 2014

ОТАРЛАНУДЫҢ ТАҚСІРЕТІ (Алтай өңірі деректерінен)

Ғани Қарасаев, тарих ғылымдарының докторы,  Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті «Қазақстан тарихы 
және құқық кафедрасының меңгерушісі

«Дүниенің бар  байлығы – сәбидің бір тамшы көз жасына татымайды»                                                                                                              

Ф. Достоевский
 
ХХ ғасырдың бірінші ширегінде сталиндік казармалық социализмді іске асыру мақсатындағы кеңестік Қазақстандағы ауыл шаруашылығын күшпен ұжымдастыруға арналған голощекиндік «Кіші Қазан» саясатының нәтижесіндегі орасан аштықтың салдарынан санының үштен бірінің жазықсыз қырылуы ұлтымыздың санасынан еш­қашан да ұмытылмақ емес.

Аталған  аштықтың қаралы сексен жылдығына арналған, бұрын жарияланбаған деректер негізінде жарық көрген кітаптың алдыңғы мұқабасында жоғарыдағы фотосурет берілген. Суретке мұқият қарағанда, одан  сталиндік жүйе ұйымдастырған осы қырғын жылдарында дүниеге  келіп,  табиғатынан берілген қабілеті мен таланты арқылы  өмірден  алар қызығын көрудің орнына бір үзім нанға зар болып, аштықтан қалжыраған үйсіз, күйсіз,  қорғансыз жас қазақ сәбиін  көреміз.   

Кеңестік саясаттың осындай күштеуі  барынша белең алып тұрған мерзіміне балалық кезі тұспа-тұс келген осы сәби не ойлап, не тілеп тұр екен?  Оған саясат, дүние, ілім үшін күрес, байлық үшін бәсеке, т.б. неге керек? Сәбиге тура қазір ішер тамақ, жылы, қонып шығар  баспана,  яғни қарапайым ғана жағдай, мейірімділік пен қайырымшылық қана қажет. Ата-анасы жанында болып, қарны ашпай,  құрбы-достарымен ойнағаннан басқа ештеңенің оған қажеті жоқ. Пәк сезімділік, сәбилік адалдық пен  ақжүректілік, ақжарқын шадымандық,  бір сәттік балалық реніш пен қуаныш қана оған тән. Өмірінің осындай ауыр тағдырға ұшырауының себебін де білмейді,  бар сенімі тек анасында ғана, ал, ананың қолынан не келеді,  қаскөй алапат заманға қарсы тұрар, мұңын шағып, жағдайын айтар орны қалмаған,  оны тыңдар, өзіне емес, сәбиіне көмектесер  ешкім де жоқ, сондықтан да, жаны қысылып, қатыгездік пен жиіркеніштікке, озбырлық пен әпербақандыққа, күштеу мен өркөкіректікке ғана кездескен  ананың  қолынан келер бар амалы сәбиін  құшақтап, қорғаштау,  баласын жұбатар жылы сөзі, барлығының соңын жақсыға жорыған үміті  ғана.  

Қазақ сәбиі мен оның анасының аянышты да амалсыздыққа түскен  әрекеті жаныңды ауыртып, көзіңе еселеп жас әкеледі. Өзің де, анаң да  коммунистік  зұлмат салған  аштықтың  құрбаны болдың ба  немесе одан  аман қалдың ба, белгісіз? Осы суреттегі аяулы жандарымыздың бейнелері бізге халқымыздың ХХ ғасырдың басындағы коммунистік тоталитарлық қанаудан  ғана емес, оның алдындағы бірнеше ғасыр бойғы Ресейлік отарлаудан  барынша жапа шегіп, өз жұртында  өгейшілікке ұшырап, күнкөріс көзінен айырылған, аштық пен жалаңаштықтың бар ауыртпалығын бастарынан өткізіп, ешқандай да құқықсыз тобырға айналған,  үлкен бөлегі лажсыздан көрші елдерге қашып, онда да қырғынға ұшыраған қазақ халқының ғасырлар бойғы бодандалған жиынтық тарихын паш етеді.  Егер де, нақты деректерге сүйенетін болсақ, ХVІ ғасырдың соңынан бастап қазақтардың Орта жүз руларының ғасырлар бойғы  ата-мекендері болған  жерлерін жаулай бастаған Ермактың уақытынан  ХХ ғасырдың соңына дейінгі мерзімде қаншама ұрпақ ішер асы, киер киімі, бас­панасы болмай, бодандықтың қасіретін тартып өтті. «... бұратана халықтарға ит қосып талатпайды демесеңіз, одан басқаның бәрін істейді», – деген тарихи жазба дерегі осы айтылғандарға дөп келгендей.   Ал, мына, фотодағы ана мен сәби   осы бодандықтың барлық кезеңіндегі  өз жеріндегі қазіргі ұлтымыз сабақ алар  қайғылы тарихының ескертуі  болып табылады. 
 Егер де, отарлануға ұшырамай, халқымыз құт-берекелі ата-мекенінде еркін өмір сүргенде, қазір қандай ел, қоғам болар едік. Әрине, санымыз еселеп артқан, шаруашылығымыз гүлденген, білім, ғылымы дамыған, тілі мен мәдениеті әлемге танымал бақытты ел болуымыз ешқандай күмәндік  тудырмас еді. Міне, сондықтан да, өткен тарихымызды саралай келе әрқайсымыздың алдымызға оралатын жауабы күрделі сұрақтар қойылады. Атап айтқанда: «Біз неге басқаға  отар болдық, оған қандай жағдайлар әсер етті? Бабаларымыз (сақтар, ғұндар, түркілер мен монғолдар) әлемнің белгілі аймағына (Еуразия) ықпалын жүргізіп, шаруашылығы мен  мәдениеті өз заманындағы озық орындарға ие болып, қуатты мемлекеттер құра білсе, біз неге осы дәстүрді одан ары жалғастыра алмадық? Неге әлсіреп, жікке бөлініп, көршілеріміздің (Орта Азия хандықтары, башқұрттар, татарлар, орыс казактары, одан ары жоңғарлар, қытайлар) соққысына ұшырадық, ақыр соңында орыс отарлаушыларына бағыныштылыққа өттік? Неге біз Қазақ хандығының ХVІІ-ХVІІІ ғасырлар басында барынша дағдарысқа ұшырауына жол бердік, тәуелсіздігімізді сақтап қала алмадық? Неге  бақталас көршілерімізді, соның ішінде орыстарды өзімізге қосып алмадық? Біз кімнен кем едік? Ал, бұған керісінше, арғы ата-бабаларымыздың өз кезінде ешкімнен де кем болмай, көршілеріне мықтылығы, қуаттылығымен ерекшеленіп, ерте заманнан-ақ Еуразия өңірінде  ірі де қуатты  тайпа бірлестіктері,  мемлекеттер құра білгендігін  төмендегі мысалдар бекіте түседі. Мысалы, б.з.д ІІ-І мыңжылдықтар аралығында байырғы  қазақ жерінде  қола дәуірі адамдары оның табиғат ерекшеліктеріне сай аралас шаруашылықпен айналысты. Еңбек құрал-жабдықтары, қарулары  тасқа қарағанда  неғұрлым қолайлы қолаға ауысты. Мал саны, егіс көлемі молайды, еңбек өнімділігі артты. Халықтың саны өсті. «Осыдан екі мың жыл дерлік бұрын, – деп жазады Н.Ә.Назарбаев, – біздің жерімізде  дамыған мал шаруашылығы  мен егін шаруашылығын  бір-бірімен шебер ұштастырған  өзіндік бірегей  андронов мәдениеті  пайда болды». Тарихи деректерде жазылғанындай: «...андроновтықтар  металл өндіру мен  одан металл бұйымдарын жасауға дейінгі  барлық буындарын шеберлікпен меңгерген.  Оларда арнайы дайындау қазандықтары, құю шеберханалары болды. Олар құю, соғу,  көркемдеу әдістерін меңгерді. Қоланы, қола бұйымдарын дайындауда олар жекелеген деректер бойынша  қытайлықтардан  да асып кетті.  ...Орталық қытай тайпалары  б.з.д. ХVІІІ-ХVІІ ғасырларда ғана дайын күйіндегі алынған қоланы білді». 
 Қазақстан тарихының келесі беттері  қола дәуірі тұрғындарынан тараған  сақтардың сол мерзімдегі  Еуразия өңіріндегі дамыған шаруашылықтары, мәдениеті  мен әскери қуаттарымен ерекшеленгендігін жеткізеді.  Мысалы «Плинийдің тұжырымынша, Татарияны (Орта ғасырларда еуропалық жазбаларда Қазақстан территориясы енген Орталық Азияның барлық көшпенді халықтарын татарлар деп атаған,–Ғ.Қ.)  әр кезеңдерде  Азия мен Еуропаның қалған бөліктерін бағындырған  әр уақыттағы әр түрлі:  ұлы солтүстік халықтары;  жеңіл­мейтін салтаттылар қолы немесе  адамзатты негіздеушілер деп аталған көпсанды халықтар қоныстанды. Жазушы  Бальи  (Bailly),  ...оны бірінші рет біздің рудың бастаушысы деп атады. Ол ерте дүние ғылымның жаңалығын Скифтердің қиыр солтүстік бөлегінен, атап айтқанда,  Енисей жағалауларынан немесе  Гиперборей елінен алды деген айқындама жасайды. Ол (Бальи –Ғ.Қ.) ертедегі Греция,  Италия, Персия және Индияның дүниетанымдық ойы  солтүстіктен келген  деп көрсетеді және де өзінің осы тұжырымын үлкен сенімі және  білімділігі арқылы  дәлелдейді», – деген айқындамасы  да  сақтардың өз мерзіміндегі  қуаттылығы және аймағындағы ықпалдылығын  паш етеді. «Парсылармен бірге гректерге қарсы соғыса отыра сақтар Платея және Фермопиль, сонымен бірге, Марафондағы шайқастарда ерекше жауынгерліктерімен ерекшеленді. ...Ақыр соңында Страбоннан (сақтардың – Ғ.Қ.) өздерінің негізгі мекені Яксарттың арғы жағынан шыға отыра  Бактриядағы гректердің билігін талқандап,  осы елді өздеріне қаратқандығын білеміз» – деген анықтама да біздерге сақтардың cол уақыттағы  әскери күшін жеткізеді. Ал, б.з. дейінгі бірінші мыңжылдықтың соңындағы Қазақстан жеріндегі сақтармен араласқан ғұндардың мықты мемлекеттік бірлестігінің тарихын: «... Хіумb-ну немесе Гунндар (Нuns) біріншісі билеушісі Висделудың  тұжырымы бойынша осыдан 3560 жылға жуық уақыт бұрын үнділіктер мен арабтарды өздеріне тиесілі  елдерінен ығыстыра отыра патшалық ете бастады» – деген деректен білуге болады.
Халқымыз  түркілік даму кезеңінде шаруашылықтары нығайып, өркендеген мемлекеттік бірлестіктерді негіздеді. В.Бартольдтың тұжырымынша: «Бұл жазбалар  тарих сахнасына  VІ ғасырдан шығып, бірден  Қытай шекарасынан  Персия мен Византияға дейінгі барша даланы  билігіне қаратып, өздерін уақыт жағынан алғаш рет  түріктер деп атаған  халыққа жатады». ...Орта ғасырлық еуразиялық көшпенділердің  тарихын кеңінен зерттеуші  Л.Гумилевтің саралауынша: «Түрік мемлекетінің  құрылуы  бүкіл адамзат тарихында  белгілі дәрежеде  бетбұрыс кезең ...  көне түріктердің  адамзат тарихындағы маңызы орасан зор ...». 
Қазақстан территориясын толығымен қамтып, негізгі тұрғындары қыпшақ, т.б. түркілік рулар болған бірнеше ғасырлық  Алтын Орда мемлекетінің  Еуразия аңғарындағы аса қуатты бірлестік болғандығы  белгілі. Атап айтқанда, Шыңғысханның және оның ұрпақтарының жеңісті соғыс қимылдары «Жошы ұлысын  Алтайдан Дунайға дейінгі байтақ өлкені алып жатқан  ... ұлан байтақ мемлекетке айналдырды. ... Алтын Орда бодандарының басым бөлегін  түрік халықтары ... құрады. ...  Ақсүйек және азын-аулақ таңдаулы әскер болған  монғолдардың өздері  едәуір тез арада  өздерінің неғұрлым мәдениетті  бодандарының ықпалына түсіп,  ХІІІ ғасырдың аяғына қарай-ақ  олар түркі тіліне көшті, ал сонан соң ислам дініне де кірді» – деген дерек осы айтылғандарға дәлел болып табылады. Алайда, шаруашылық дамуын біртіндеп өндірістік өркендеу талабына жеткізе алмауы, сонымен бірге, бағындырылған халықтар есебінен  кеңейтілген территориясы аса үлкен елдегі ақсүйектер  арасындағы билік үшін бітіспес өзара тартыс,  сонымен қатар сыртқы әскери жорықтар осы Далалық империяның  әлсіреп, тарауына әкеліп соқты. 
Монғол-түріктік бірлестік негізінде қалыптасқан ХV ғасырдың екінші жартысынан ХVІІІ ғасырдың басына дейінгі Қазақ хандығының өмір сүрген мерзімі елдегі  ішкі-cыртқы қайшылықтарға толы  болды. Әсіресе,  дамудың негізі –  мемлекеттің  экономикасы заман талабына сай келмеді. Көшпелі мал шаруашылығы  хандықтың қуаттылығы мен тұтастығын қамтамасыз ете алмады. Дамудың өнеркәсіптік және отырықшылық  жолына түскен шекаралас мемлекеттердің қазақ жеріне шапқыншылық саясаты оны барынша әлсіретті. Бұл әлсіреуді қоғамдағы жоғары билік үшін талас негізіндегі орын алған жікшілдіктің  басталуы одан әрі жылдамдатты. Қорытындысында хандық ыдырап, осы  кері  құбылыс оның жүздік иеліктерге бөлшектенуімен жалғастырылды. Бұдан, әсіресе, қарапайым халық бұқарасы барынша күйзелді. «ХVІІІ ғасырдың бірінші он жылдығы, – деп жазады  Ш.Уәлиханов  осы сынақты кезең туралы, – қырғыз халқының өмірінде өте сұмдық уақыт болды. Жоңғарлар, еділ қалмақтары, жайық казактары мен башқұрттар  тұс-тұстан олардың ұлыстарына ойран салды.  Малды айдап кетіп, қырғыздарды  отбастарымен тұтастай тұтқындады. Тәңірінің сынағы сияқты ызғарлы қыс, жұт пен аштық олардың қайғысын  ауырлатты. Орынбордағы қырғыз бір басшысы (Анығы Әбілмәмбет – Ш.У.) өз жерлестерінің аянышты жай-күйін  бір топ ит қуған қоянның жағдайымен салыстырған».
Халқымыздың  ХVІІІ ғасырдың  бірінші ширегіне дейінгі мерзімдегі  jcsylfq  әлсіреп, көршілерінің  бәсекелестігіне ұшырауы,  соның салдарынан  Ресей империясының отарына айналып,  одан көрген тауқыметі туралы М.Тынышбаев: «Жан-жақты  жаулардан – қытайлықтардан, жоңғарлардан, қалмақтардан, башқұрттардан және  орыс казактарынан қысым көрген қырғыздар 1730 жылдан Ресей бодан­дығына өте бастады, ал, 1865 жылы Қоқан  хандығында көшіп жүрген  соңғы еркін далалықтар  бағынды. Негізінен алғанда, қарсыласу болған жоқ, себебі қырғыздар  өздерінің саяси бостандығын  одан сақтай алмайтындығын сезініп, ұғына білді, нәтижесінде  орыс  үкіметіне 5,5 миллион халықтан тұратын бұл қосылу көп шығынсыз іске асырылды. Қандай өкінішті, ауыр болғанымен (осы қосылудың нәтижесінде - Ғ.Қ.), қырғыздар өздерінің еркін өмірлерін  тастап, ауқымды, көп азапты көрген даласымен бірге бостандықтарынан бас тартулары керек болды. Орыс бодандығын қабылдай отыра, қырғыздар орыс халқының құрамында  Ресей тарапынан  қамқорлық пен  сүйіспеншіліктен айырылған, ешқандай құқығы жоқ өгей баланың күнін кешетіндігін  ешқашан да ойламады, ондай ойға  жол бермеді де. ...Орыс билеушілерінің бейнесінде олар адам емес, қайдағы бір  өмір сүруге құқығы жоқ зияндылар, сондықтан да, оларға қарсы  кез-келген  қатал шараларды қолдануға болады. Тұрғындар әбден шарасыздыққа  ұшыраған: олар естіп көрмеген қорлық пен қанауды бастарынан кешіруде. ...Қырғыздардың  орыс бодандығына енген кезінен бас­тап   жарқын, қуанышты  күн, бақытты бір сәт болған жоқ. Сол кезеңнен бастап ешкім, ешқандай ресми  басшы қырғыздар үшін қайырымды іс, не осыған ұқсас  ештеңе де атқарған емес. ...Үкімет, біріншіден, жабайы және дөрекі  жазалау шаралары мен тіліне, салтына, дініне қысым жасау арқылы жалпы жеке ұлт ретіндегі  қырғыздарды жою негізінде  барша өңірді орыстандыруға, екіншіден, әртүрлі әкімшілік шаралары, жарлықтары, ережелері арқылы қырғыздарды ешқандай құқықсыз  заңнан тыс тобыр етуге, үшіншіден,  олар­дың қанымен сақтап қалған және баба­ларының сүйектері толған жерлерінен айыру, тақыр және өнімсіз жерлерге, ажал құшағына  қууға ұмтылуда», – деп жазады. Нақтылай түскенде,  қазақ халқының  төл территориясының Ресей империясының  құрамына отарлыққа өтуі ХVІ ғасырдың соңынан-ақ орыс казактарының Ертіс өзенінің орта аңғарын қамтыған Батыс Сібір, Алтай өңірін жаулауы негізіндегі  ХVІ ғасырдың соңынан-ақ іске асырыла бастады.  Аталған мерзімнен бастап күші басым жаулаушылар  бұл өңір тұрғындарын  қарудың күшімен бағындырып, жерлерінен  ығыстыру, қырғынға ұшыратумен айналысты. Міне, осылай (Батыс Сібір – Ғ.Қ.) «...халықтарының бытыраңқылығы, экономикалық және әскери қуатының әлсіздігіне көзі жеткен ресейліктердің Сі­бір аймағын қаратуға арналған «алғашқы қимылдары  атаман Ермактың Батыс Сібірге алғашқы жорығынан бастау алды. 1581 жылы  казактар  Сібірде Көшім ханды талқандағаннан кейін, Ресейдің Азияны бағындыруына  нақты негіз жасалынды.  Осы кезден бастап  Батыс Сібірдің  Ертіс және Обь аңғарындағы  абориген-түрік тайпалары  өздерінен анағұрлым күшті, көпсанды, мәдениетті тайпалар-славяндарға  бағынуға мәжбүр болды». Ал, қазіргі қазақ жұртының  Ресей құрамына кіре бастады деп есептейтін 1731 жылдан бұрын-ақ, осы жүз жылдықтың басында орыс отарлаушылары барынша қызыққан қойнауы кенге бай, табиғаты әсем Алтайдың оңтүстігіндегі Қара Ертіс пен  Зайсан көліне әскери экспедициялар аттандырылып,  Ертістің Орта ағысын қамтыған Алтай өңірінің Ресейге қосылуы басталды. Бұл жерлерге әскери қамалдар мен бекініс орындары салынып, олардың жерімізді одан әрі өздеріне қаратудың тірек орындарына айналғандығы  белгілі.
Осындай ымырасыздықпен жүргізілген жаулаудың барысында ХІХ ғасырдың соңына дейін бүкіл қазақ даласы Ресей империясына  күшпен енгізіліп болды. Кең-байтақ өлке басқыншылардың меншігі деп жарияланды. 
Өлкемізді орыстық отарлаудың  мақсаты, барысы, халқымыздың ата-мекендерінен түгелдей айырылуын: «Қазынамен бірге  ... келесі аса үлкен жер иесі билеуші император мен Сібірдегі 43 млн. десятина жерді меншігіне айналдырған Патша Кабинеті иелігіне Томск губерниясының бүкіл оңтүстік ең жақсы жерлері ... аса үлкен Алтай округі жатады. ...Басқа барлық жердің жоғарғы иесі мемлекет болып табылады» деген дерек  толықтай бекітеді. Ал, «...дала ережесіне орай жайылымдықта орналасқан және оған тиесілі жерлер, соның ішінде ормандар мемлекеттің менші­гі деп танылған. Яғни, қырғыздар жердің иелері емес, оны пайдалану­шы­лар болып есептеледі»– деген мағлұмат   Ресей империясының құрамына ене отыра, халқымыздың барлық мекендерінен  аластатылғанынан қанық етсе, келесі жазбадағы: «Егер де бұрын қырғыздардың пайдалануында 100 шақы­рым жер болса, енді одан 10 шақырым қалған, егер де 100 көл болса, енді біреу  ғана», – деген айқындама орыстық отарлаудың халқымыз үшін алапатын одан әрі дәлелдейтіндігі анық. Осындай жағдайдағы  қазақтардың мүшкіл халі, олардың бодандықтың құрбандары болуы туралы  сол мерзімдегі  ресейлік деректер: «Уақыт өте келе  осы Сібір бұратаналарының бір бөлегі қырылып қалды,  кейбіреулері мүлдем жоғалу үстінде, ...осылардың қатарына ...қырғыздарды жатқызуға болады», – деген мағлұмат береді.
      Ресейлік бодандыққа түсіп,  бейшаралық күн кешкен  қазақтардың тағдыры туралы  Г.Н. Потанин: «Алға­шында орыс отарлаушыларының басып алған жерлері ... үлкен болмады, алайда жыл өткен сайын ол орыс отарлауының көле­мінің үнемі артуына орай біртіндеп ұлғая түсті; ал соңғы  мер­зімде бұратаналар жерін басып алу да болмаған жағдайға жетті. ... Олар қырғыздарды,  ...   ығыстыра түсуде. ...Елдің шаруашылық жүргізуге қолайсыз бөліктеріне ығыстырылған  бұратаналар кедейленіп, аурудан зардап шегіп, қырылуда, кейбіреулері үнсіз, қарсылықсыз, келесілері бізге жер бетінде орын жоқ деп жанайқайымен мәлімдеуде», – деп жазды.  
«Ертіс жүйесі қамалдарын, – деп көрсетеді Г.Спасский, – соның ішінде  Ямышево қамалын негіздеуде  ...қырғыздар ресейліктерге көптеген рет шабуылдар жасады; алайда,  үнемі тойтарыс алып отырды.  Нәтижесінде  олар  Сібірдегі Ресей территориясынан  толығымен аластатылып,  Ертістің  арғы жағына кетуге тиіс болды, аталған өңірдегі тұрғындарға (орыс қоныстанушыларына-Ғ.Қ.) көрсеткен  жәбірлері  мен тонаулары  үшін  олардың  10 шақырымға дейін  келулеріне тыйым салынды. Бірақ та осы тыйым салуға қарамастан  олар жылқы  табындарымен шекараға келіп,  ...тұрғындардың  үйлері мен шөптерін өртеді, жиналған астықты улады». Ал келесі деректегі: «(1808-1819) Жеке Сібір корпусының командирі Генерал-лейтенант Глазенап ... Сібір жүйесі    казак әскерлерін дұрыс бөле алды.  10 бесжүздік  полктар мен екі  атты артиллерия   ротасын ұйымдастырды.  Аталған құрылым жыртқыш қырғыздарды ауыздықтап, оларды бағындыра алды», – деген айқындамадан отарлаушылар  және олардың бағыныштыларына  айналған қазақтар  арасындағы қатынастың барысын білуге болады. Халқымыз осы мерзімдерде жерімізді алып, оларды бостандықтарынан айырмақ болған Қытай империясының озбырлық саясатына да мойын ұсынбады. Оны: «1838 жыл Қытай иелігіндегі шекара өңірі қырғыздары үшін Қытайға қарсы толқулармен аяқталды.  Қара Ертіс өңірінде  көшіп жүрген керейліктер  оңтүстікке қарай  жылжи отыра ұрынхайлықтардың көштеріне еніп, тонауға ұшыратты, тіпті, қытайлық бекіністі де талқандады.  Қобда мен Шәуешектен  жіберілген қытай әскерлері  керейліктерді Қабаның Қара Ертіске құяр жеріне дейін  ығыстырып,  бірнеше ауылды тонауға ұшыратты және 30-ға жуық адамды өлтірді. ... қытайлықтар ұрынхайлықтардың  жайылымдықтарынан 12 керей руларын қуып шықты» – деген сипаттама жеткізеді.
Отаршылардың  басқыншылығына қарсы наразылық білдірген жергілікті тұрғындарды қарудың күшімен үнемі жазалап, қырғынға ұшыратып келгендігіне Кенесары Қасымовтың Ресей патшалығы әкімшілігіне: «Ақыр соңында шыдамай, біз басымызды қорғап, ешбір падижах ағзам хазіретлеріне күнә қылған ісіміз жоқ еді. ...37-жылы Көкшетаудан төрт жүз орыс Семенович Карбышев бас болып, әлике, алтай, қалқаман, төртуыл деген елларын (елдерін - Ғ.Қ.) шапты. Басы Иман қаралы үш жүз елу кісі өлтіріліп кетті. Арғанатыдан қанша мал, қанша қазына алғаны белгісіз. ...38-жылы күзгі күн Көкшетаудан үш жүз орыс, ...екі жүз ауылды шапты, екі жүз қырық кісі бір жерде өлтіріліп кетті. ...Сібірге қараған жұрт зорлығына шыдамай бас тартып көшіп, мүлдем бәлеге ұшыраған сол дұр. ...Өз ісінің туралығына шыдай алмай инанмақ үшін», – деген мәлімдемесі айғақ болады. 
Өздері үшін қолайлы сәтті пайдаланған  тағы басқа көршілер тұтастығы бұзылған  қазақ даласынан өз үлестерін алып қалудың әрекеттерін бастады. Тұңғыш Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың атап көрсеткеніндей: «ХVІІІ ғасырдан бастап Орталық Азия­ның түркі тектес халықтары  ұдайы жалғасып, тереңдей түскен эко­номикалық, қоғамдық-саяси және  мәдени дағдарыстар  кезеңіне душар болды әрі  өз аумақтарын отаршылдық  саясат есебінен  кеңейте түсуді  көздеген мемлекеттердің  оңай олжасына айналды. ...Мұның өзі түптің  түбінде  түркі тілдес халықтардың  ұлттық мемлекеттілігінен  айырылып қалуына,  метрополия тарапынан жүргізілген  орыстандыру саясаты  салдарынан  ұлттық және әлеуметтік  қыспаққа  ұшырауына ұрындырды».
Еуразия аумағында қуатты  экономикалық-әскери  мемлекетке айналған  Ресей патшалығы  өзінің негізгі мақсатына жетуге ұмтыла отырып, қытайлықтардың назарына ілігіп, жоңғарлар мен Орта Азия хандықтарының  шапқыншылықтарына ұшырай бастаған қазақ жерін  өзіне толығымен қосуға кірісті. Нәтижесінде: «Қазақ халқы келесі, бесінші империяның – Ресейдің құшағына тап болды.Бұл жолы тағы да  ішкі алауыздықтан, бірліктің жоқтығынан, қазақ жерінің ұсақ хандықтарға  бөлініп кеткендігінен барлық талпыныс жеңіліске ұшырады».
Міне осылай,  жұртымыздың  ресейлік, одан әрі кеңестік отарлыққа түсуі ХХ ғасырдың соңына дейін созылды. Еліміз тәуелсіздіктің арқасында ғана аман қалды.
Осы тұрғыдан алғанда Елбасы Н.Ә.На­зарбаевтың: «Мен ХХІ ғасыр Қазақстанның  «алтын ғасыры» боларына сенемін. Бұл бейбітшіліктің,  тұрақтылық пен гүлденудің  ғасыры болады. ...  Мәңгілік Ел  болу жолындағы  ұлы істеріміз  жаңа дәуірлерге жол ашсын!» – деген шақыруы баршамыздың Отанымыздың беріктігі мен еркіндігі жолындағы атқарар істерімізді айқындап тұрғандығы белгілі. 
Енді бір рет сүріну, заман талабынан артта қалу, ұлт бірлігінің сәл ғана бұзылуы  біздің болашағымыз үшін  кешірілмес күнә болатындығы айғақ. 
Көк тудың желбірегені –
елдіктің асқақ өлеңі,
әр жаққа тартпай, Қазағым, 
бір сөзге жинал дегені – дегендей өлең жолдары тарихымыздың белгілі дәуірінде  қоғамда орын алған терең қайшылықтар себебінен төл тұрағында  басқаға  бағынып,  шеттетілу мен төмендетудің, қағажу мен өгейліктің  барлық түрін  басынан өткізген  ұлтымыздың  өткеніне ескерту жасай отыра,   қазіргісіне жауапкершілік, ертеңіне  жігер тудыратындығы анық 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1932-1933 жылдардағы ашаршылық ақиқаты-Правда о голоде 1932-1933 годов /Аяған Б.Ғ., Қыдыралина Ж.Ү., Ауанасова Ә.М., Қашқымбаев А.Н., Анафинова М.Л., Ілиясова К.М. Б.Ғ.Аяғанның редакциялығымен.-Алматы: ТОО»Литера-М», 2012-336бс.+16 б. жапсырма-қазақша-орысша., Уәлиханов Ш.Ш.  Көп томдық шығармалар жинағы. Алматы: «Толағай групп.» 2010.Т-5, 148 б.
Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында.-Алматы: Атамұра, 1999.-296 бет. 
Ирмуханов Б.Б. Этническая история  древнего Казахстана.-Алматы, 1997, с.14.
Бартольд В.В:  Тюрки: Двенадцать лекции  по истории  турецких народов Средней Азии .-Алматы: Жалын, 1993,- с.4.  
Гумилев Л.Н. Көне түріктер:  көпшілік оқырман  қауымға  арналған. Алматы.
«Білім», 1994, 4-5 бб. Қазақстан тарихы (көне заманнан  бүгінге дейін). Бес томдық. 2-том.-Алматы: «Атамұра», 2010.- 81,87 бб.
Уәлиханов Ш.Ш.  Көп томдық шығар­малар жинағы. Алматы: «Толағай групп.» 2010.Т.4  119 б.
Тынышбаев М. История казахского народа, Алма-Ата, 1993.-сс.24-25. 
Асылбеков М.Х.,Козина В.В. Казахи. Демографические тенденции 80-90 гг, Алматы., 2000, 14-15 бб. 
Қарасаев Ғ. М. Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы және Шығыс Қазақстан (қозғалыстың 20 жылдығына). Өскемен.2006, 126 б.
Кунаев Д.А. О моем времени: воспо­минания.-Алматы: Алматыкітап баспасы, 2011.- с.168.
Жүз тұңғыш. Жинақ. 2-кітап. Құраст.- Бексұлтан Нұржекеұлы. Алматы: «Жалын баспасы» ЖШС, 2005. 236-237 бб.
Қазақстан – 2050 Стратегиясы – қалып­тасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты.-Қазақстан  Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы.-//Егемен Қазақстан, № 828-831 (27902), 15 желтоқсан, сенбі 2012, 8 б. 

448 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз