• Келелі кеңес
  • 09 Сәуір, 2014

«Ұлттық тарихты зерттеу методологиясы мен ғылыми ұстанымын жаңғырту жолдары»

Жания  Әбдібек, журналист

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына жариялаған Жолдауы  аясында, Мемлекет тарихы институты «Ұлттық тарихты зерттеу методологиясы мен ғылыми ұстанымын жаңғырту жолдары» тақырыбында «Келелі кеңес» өткізді. Кеңеске еліміздің беделді тарихшы-ғалымдары, ЖОО мен  ғылыми-зерттеу институтының жетекшілері  қатысты.

 Атап айтқанда, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының директоры, т.ғ.д., профессор Бүркітбай Аяған, әл-Фараби атындағы ҚҰУ-нің профессоры, т. ғ. д. Оразгүл Мұхатова, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, т. ғ. д. Еркін Әбіл, С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-нің профессоры, т. ғ. д. Советхан Игібаев, Башқұрт мемлекеттік университеті деректану және тарихнама кафедрасының меңгерушісі, профессор, т. ғ. д. Роза Буканова,  Қырғызстан Жоғарғы Кеңесінің экс-спикері, Қырғыз-Ресей славян университетінің кафедра меңгерушісі, т. ғ. д., профессор Зайнидин Курманов, Сүлейманов атындағы ғылыми-баспа орталығының директоры, ф. ғ . д. Ильяс Сулейманов, ҚР ҰҒА-ның академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әлия Бейсенова, Колумбия университетінің профессоры (АҚШ) Рафис Абазов,  Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры, т. ғ. д.  Зиябек Қабылдинов, Абай атындағы ҚазҰМУ-нің профессоры Ғизатулла Халидулин, Шәкәрім атындағы Мемлекеттік университетінің профессоры, т. ғ. к. Амантай Исин, «Жас тарихшылардың республикалық қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, т. ғ. к. Қанат Еңсенов  қатысып, қызу пікір алмасты. Назарларыңызға кеңес  барысында сөз алған ғалымдардың пікірін  ұсынып  отырмыз. 

Бүркітбай Аяған: – Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың биылғы 17 қаңтардағы ке­зекті Жолдауында «Мәңгілік Қа­зақстан» жобасының Қазақстан тари­хының жаңа дәуірінің кел­беті ретінде айқындалуына қатысты, тарихи тұжырымдардың да жаңғыру үр­дісін жетілдіру өзектілігі күн тәртібінде тұрғандығы өздеріңізге аян. Жолдауда «Қазақстан-2050» Стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы» екендігі жарияланды. Елімізге дамыған 30 мемлекет қатарына қосылу үшін, алғашқы кезекте елдің интеллектуалдық әлеуеттілігін көтеру, оның ішінде ел тарихын зерделеуде нақты тұжырымдар қажеттілігі мәлім. Ел дамуының қазақстандық үлгісіне гуманитарлық ғылым ғалымдары зор үлестерін қосқандығы сөзсіз. Эко­номикалық дағдарыс жылдарының өзінде отандық ғылымға мүмкіндігінше мемлекеттік қолдау жасалынды, ғылыми-зерттеу жұмыстары тоқтатылған жоқ. Бүгінгі күні ғылыми ізденістердің бастамашысы – Елбасы Н.Ә. Назарбаев тарих саласына аса зор назар аударып отыр. Мемлекет басшысының нақты ұсынысымен жасалынған «Халық тарих толқынында» бағдарламасы жұмы­сын бастап кетті. Қазақстан ғылымын қаржыландыру мәселесі – басты мемлекеттік басым­дылықтардың бірі.

«Аймақтық және халықаралық ғылыми-методикалық семинарларды өткізу мақсаты қандай болды?» де­ген сұраққа келетін болсақ, семинар жұмы­сында ең өзекті: «Қазақстан тарихын дамыту тұжырымдамасы туралы» және«Қазақстан тарихын дәуірлеу» мәселелері қарастырылған еді. Басты мақсат – ұлттық тарихымызды бүгінгі көзқарас тұрғысынан зерделеу және жаңа ғылыми тұжырымдарды көпшілікке жет­кізу арқылы елдің тарихи санасын жетілдіру. Әлемдік және ұлттық тарихты зерттеу жұмыстарындағы жаңғырту үрдістерін, методологиялық жағынан жаңаша көзқарастарды қалып­тастыру мен қазіргі тарихи үрдістер ерекшеліктеріне, ұлттық құндылықтар мен ғылымдағы бәсекелестікті қалып­тастыруға, Қазақстан тарих ғылымының халықаралық тарихи қауымдастыққа кірігуіне байланысты өзекті мәселелерге тоқталу, оның шешу жолдарын қарастыру болып табылады.
Оразгүл Мұха­това: – Қа­зақстан мем­ле­кетінің Тәуел­сіздік алуы ғылымды жаңа өзгерістерге алып кел­ді. Сондықтан да, ғылымға жаңа ұлттық тарихымызды жазуға, әлемдік тарих ғылымын дәуірлеудегі сияқты қазіргі уақыттағыдай кезең-кезеңімен межелі тәжірибесін ай­қындау қажет бола бастады. Қазақстанның тарих ғылымындағы қажеттіліктерді былайша түсіндіруге болады:  Бірінші, тарих ғылымындағы Қазақстан аумағында өткен тарихи үдерістерді уақыт түсініктері бойынша қисынды байланыстыратын айқын түсінік әлі қалыптаспаған; Екінші, қазіргі кезеңді бөлу уақытқа сай барынша жалпы технологияны ұсынады. Ғылымның осы заманғы жетістіктеріне негізделген кезеңдерге бөлу әлі орын алмай отыр;
Үшінші, кезеңге бөлу критерийлері мәселелері тарихи үдерістерді өзіне тән белгілері арқылы сатыларға бөлудің түрлі принциптері жеткілікті әлі де талдана қоймаған; Төртінші, Қазақстанның тарих ғылымында кезеңге бөлу мәселелеріне бай­ланысты категориялар мен түсініктер туралы қандай да бір бірыңғай нақты ұғым әлі де қалыптаспай келеді. «Дәуір, кезең» деген терминдерге ғалымдар әртүрлі түсінік береді. Сондықтан, ғылыми әділдіктер өзара қарама-қайшылықтар да орын алған. Бесінші, Қазақстан тарихының жалпы әлемдік үдеріспен бай­ланысы туралы жеткілікті түсінікті жан-жақты қалыптастыра алмай келеміз. Алтыншы, Бүкіләлемдік тарихтың жалпы заңдылықтары және онда Қазақстанның қоғам жүйесінің алатын орнын ескеруде маркстік-лениндік кезеңдеуден басқа кезеңдеуді қалыптастыра алмай келеміз.
Отан тарихын кезеңдеуге бөлуде қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғау, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрін қорғау, ұлттық мемлекет тарихын  алғашқы орынға қоятын көзқарас ұстанымдарын қалыптастыруды алға қоятын басшылықты алға қою керек. «Тарихты дәуірлеудің жаңа бағыттары» деген Манаш Қозыбаевтың, Ханкелді Әбжановтың, Зардыхан Қинаятұлының, Аманжол Күзембайұлының нұсқалары менің айтатын баяндамамда жан-жақты қарастырылған. Назар аударатын тұсы, Зардыхан Қинаятұлының негізгі ұстанымында: ұлттық мүдде және қазақ халқының азаттық үшін күресі бірін­ші орынға қойылады. Сонымен қатар, эволюциялы, циклдық, өркениеттілік  теорияларына сүйенеді. Отан тарихын дүниежүзілік тарихтың бір бөлшегі ретінде қарастырып зерттеу міндеті туындайды. Сондай-ақ, этникалық, әлеу­меттік, саяси, мемлекеттік өлшемдер дәуірлеудің басты өлшемдері болады деген сенімдемін.
Еркін Әбіл: – Тарихи зерттеулердің методологиялық қам­­тылу мәселесі – Қазақ­стандағы ең өзекті мәселеге айналып отыр. Тарихтың зерттеу ауқымы мен нысанын ғылым ретінде айқындау қажеттілігі туын­дауда. Тарих ғылымындағы кең тараған пікірлердің бірі, ғылым нысаны өткен қо­­ғам болып табылады. Алайда біздің ойы­мызша, бұл көзқараспен келісуге болмайды. Біріншіден, тарих ғылым ретінде, нақты оқиғалар туралы объективті білімді қалыптастыру мен теориялық жүйелеуге бағытталған адам қызметінің саласы. Зерт­теуші өткеннің емес, ғасырлар бойы өмір сүрген адамзаттың қалдырып кеткен іздерімен жұмыс атқарады. Сондықтан да, кез-келген тарихи зерттеу нысаны - өткен, тарихи процестер емес, тарихи деректердегі олардың берілу көрінісі болып табылады. Тарихшы қолы жеткен тарихи дерек көздері негізінде өткен оқиғалар туралы түсінік жасайды, оның моделін құрады. Осылайша, кез-келген тарихи зерттеу – тарихи процестерді модельдеу болып табылады.
Құрметті әріптестер! Қазақстан ғылымында зерттеу объектісі мен нысанын анықтауда түйткіл мәселе бар. Зерттеудің объектісі мен нысанын шатастырып алатындар да бар. Нақты айқындалмаған. Орыс тіліндегі «предмет исследования», қазақ тіліне «зерттеу пәні» ретінде аударылып жүр. Менің ойымша мұнда, «зерттеу заты» деген түсінік шындыққа үйлеседі.
Бүркітбай Аяған: – Әрине, сыни көз­қарастар болғаны дұрыс. Тәуелсіздіктің ал­ғашқы онжылдығында зерттеу процес­теріне байланысты көптеген мәселелер қарастырылды. Ал, «предмет исследование» ұғымы «зерттеу нысаны» ретінде алынып жүр. Сонымен қатар, профессор Қамбар Атабаевтың «бүгінгі мәселе - ғылымдағы термин және методология. Терминдер бір жүйеге түскен жоқ» деген пікірін естеріңізге салғым келіп отыр. Шындығында, халықаралық терминдерді де келісіп бекітетін мерзім жетті.
Советхан Игібаев: – Тарихтың әдіс­на­масы – тарихи ғы­лым­ның бөлінбес бір құрамдас бөлігі, бұ­­рынырақ болған ғы­лымның дамуының, тарих танымының қо­­ры­тындысы.Тарих әдіс­­намасының түбірлі проблемаларының қатарына жататындар: тарих ғылымының пәні және оның шекарасы, білімнің басқа салаларымен арақатынасы; әлеуметтік функциясы (қызметі) және та­рих ғылы­мының әрекеті, танымның проб­лемалары және өткенді зерттеуде шын­дықтың дәлелді, шынайы белгілері, өткенді қалыптастыруда тарихи дәректің орны және т.б. Тарихи принцип немесе нық пікір, айнымас көзқарас әдіснаманың бірден-бір негізі. Тарихи әдіснама дүниежүзілік тарихи дамуды тоқталмайтын қозғалыс, өзгеріс, төменнен жоғарыға көтерілу жолы ретінде қарастырады. Тарих ғылымы анықтық, шындық жолында ізденіс жүргізеді. Тарихи танымның өзіне тән ерекшеліктері бар. Тарих әдіснамасының көп түрлі екенін есептей отырып, адамзат қо­ғамын зерттеуде тарихтың барлық кезеңіне сай келетін әдіснаманың ортақ теориясын іздесек, адамзат қоғамының барлық дәуіріне, ғасыр­ларына тиімдісі өркениеттік-цивилизациялық методология. Тарихты зерт­теудің өзінің әдістері бар: тарихи әдіс, диалектикалық әдіс, т.б. Сонымен, тарихтың келелі мәселелерін зерттегенде, тарихшы осы мәселенің ерекшелігін, оған тән сипатын ескере отырып, зерттеуге тиімді әдістерді таңдап алып, қолданады.
 Роза Буканова: – «Ресейдің ХVІ – ХVІІІ ғғ. институцио­налды-саяси кеңіс­тігі шеңберіндегі Қа­­зақстан мен Баш­құртстан тарихының кейбір ортақ мәсе­лелері туралы» ғы­­­лы­ми зерттеу жұмысы нәтижесінде Башқұртстан мен Қазақстан тарихындағы ортақ қарастырып зерттейтін тақырып аясының баршылық екеніне көзім жетті. Себебі, Ресей мемлекеті құрамында даму жолдарымыз да ұқсас. Башқұрт елі Ресей құрамына ХVІ ғасырда бодандыққа өтті. Сондықтан да, отарлау саясаты аясындағы қорғандар мен қақпалар, құрылыстар тарихының өзінен тарихи құндылықтарға көз жеткізуге болады. Яғни, өзара ғылыми-зерттеу байланыстар арқылы да жаңа тарихи тұжырымдар жасауға болады. Қа­рас­тыруға тұрарлық ортақ мәселелер қатарына халықтардың Ресейге қосылуы және қорған-қалалар тарихы. Демек, қазақ халқы тарихының өткелдері арқылы башқұрт халқының немесе керісінше жағдайдағы, Ресей империясы құрамына кіру тарихының шынайы беттерін таразылауға болады. 
Зайнидин Курманов: – Әріптестер, мен Қырғыз саяси тарихындағы қа­зақы көріністерге тоқ­талуды жөн көр­дім. Қырғыз бен қазақ ара­сындағы бай­ла­ныс­тар мен ынты­мақтастығы көп ға­сырларға жетелейді және бір-біріне деген намыс пен сыйластық туғызатын өзара көмектердің де үлгілері жеткілікті. Осындай мысалдардың бірі - 1,7-2,2 миллиондай адамды жалмап кеткен, сол сияқты республикадан тыс шекаралас аудандар мен мемлекеттерге (Қырғызстан, Сібір, Қытай, Ауғанстан, Моңғолия, Иран және т.б.) 1,2 млн.-дай адамның кетуіне мәжбүр қылған, Қазақстандағы 1932-1933жж. жаппай ашаршылықтың қай­ғылы тарихы.Босқындардың алғашқы толқынына республика және Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласы тұрғындары жаппай ұжымдастыру салдарынан астық пен ет өнімдерін жедел өндіру мақсатында қатаң тәртіппен аз ғана қолдарына түскен азықтарын, өздеріне де жеткіліксіз халдеріне қарамастан босқындарға көмек қолын созды. Бірақ мұндай көмектер еш нәрсені өзгерте алмады, мұны босқындар өлімінің жоғары көрсеткіші куәландырады. 
Жалпы есептегенде, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті жаппай тоқтатудан кейінгі адам шығынынан кейін миллионға жеткен Қырғызстанға, 125 мыңға жуық босқын-қазақтар келіп қосылды. Оларды құтқару үшін ел бойынша түпкілікті және ауқымды шаралар жасау қажет болды. Бірақ, билікқұмарлар социалистік құрылыстың жаңа табыстары туралы бүкіл әлемге жар салып жатқан кезде, Кремль дыбысын шығармай және ашаршылықты елемеуге тырысты. Дегенмен, көмек болды. Ол ешкім күтпеген жерден, бірақ, аштықтағы қазақтар үмітін үзбеген еді. Көмек қарапайым адамдар және ар-ұятын жоғалтпаған көзі қарақты қырғыз саясаткерлері тарапынан жасалды. Мұндай қайғылы да қиын кезеңде Қырғыз АССР Халкомкеңесінің төрағасы, 32 жастағы Юсуп Абдрахманов өзінің қатал да талапшылдығымен, республиканың партиялық-кеңестік жетекшілерін экспортқа жіберілетін астық қоймасын ашуға көндірді. Жас қырғыз премьерінің мұндай әрекетінің салдары не болатынын барлығы білген еді. Осылайша,ондаған мың аш адамдар өлім аузынан қалды, олардың ішінде ауыл шаруашылығымен айналысатын, аштық жайлай бастаған қырғызстандықтар да бар еді. Қазақстан мен Қырғызстанның 20-30 жылдардағы мемлекет қайраткерлерінің жеке өмірбаяндарын қарай отырып, жалпы ортақ және маңызды ұқсастықты байқайсыз – «Алаш» партиясының мүшесі мен қызметі.Барлығымызға белгілі Түркістанда тұңғыш зиялы бағыттағы партияны құрған қазақ интеллигенциясының өкілдері.
Олардың ішінде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Мұхамеджан Тынышпаев, Мұстафа Шоқай және басқалар. Менің елімнің қазіргі заман тарихы былайша: қазақтар Қырғызстанда сенімді. Қазақстандағы қырғыздар сияқты тең. Олар барлық жерде өз үйлерінде сияқты, өздерін шетелдік деп санамайды. Қазақ диаспорасы қазіргі Қырғызстанның дамуына зор үлестерін қосуда, түрлі салаларда: саясатта, ғылымда, өнерде, білім беру, медицина және т.б. Қырғызстанда қазақтардың ірі басшы, министр және парламент депутаты болуы өріс алған. Ал­ғашқы жол 1927 жылы Ескендір Жоламанов Қырғыз АССР-ң тұңғыш Ішкі істер халкомы болып тағайындалуынан басталды. Қазіргі кезде Медет Садырқұлов елге кең танымал саясаткерлердің бірі, екі рет ҚР Президенті әкімшілігінің жетекшісі, ҚР төтенше және тұрақты елшісі болған, Кәрім Оразбаев – Салық қызметінің же­текшісі, Болат Әбілдаев – Қаржы министрі, Еркін Бөлекбаев – Жоғарғы Кеңестің екі рет сайланған депутаты, Қаржы полициясының жетекшісі және т.б. Дегенмен, уақыт өткен сайын, жоғарыдағы айтылғандар туралы білмеуі мүмкін немесе сондай қиындықпен келген және жасалған дүниені бұзғысы келмейтін жаңа ұрпақтар келеді. Сондықтан да, қырғыздар мен қазақтардың ұрпақтан-ұрпаққа жеткен, өзара бейбіт, келісім және мәңгі достықта өмір сүру салтын саяси өсиет ретінде, тарихтың белгісіз беттерін қарастырған маңызды. Қырғыз-қазақ қатынастары туралы ғылыми еңбектер қажет, қырғызтанушы және қазақтанушы мамандар қажет.
Ильяс Сулейманов: – Мен «Қазақ­та­нудың өзекті мәселелері. Ескі па­­­ра­­дигмалар мен Қазақстанның тарих ғылымының ме­тодологиялық инновациясы жөнінде» сөз қозғағым келіп отыр.Философия – методология мәселелерімен айналысатын ғылым.Қазақтанудың өзекті мәселесі: қазақтар кім, олардың шығу тегі. «Казак» этимологиясын алғашқылардың бірі болып шығыстанушы Вениамин Юдин қолданды. Өкінішке орай, қатаң идеологияға және ХХ ғасырдың 60-70 жж. кеңестік «идеялық» мәртебесінің төмендігімен қолданысқа ие бола алмады. Соған қарамастан, оның ең ірі жетістігі Уык-Тұран өзеніндегі 8 ғасырға жататын ежелгі түрік жазбаша руналық ескерткішіндегі «казак» деген сөзді табуы болды. Ал, шындығында тұңғыш тарихи «казак» этнонимі одан да ертерек, «касак» немесе «каска» фонетикасында, тұрғындары«жылқышылар», «жылқыны ұстайтын және бағуға ма­ман­данғаны» белгілі болған б.э.д. ХV ғасырға жататын хеттік жазбаларда кездеседі.
Қазіргі қазақ тілінде ежелгі хет тілінде кездесетін ортақ сөздер аз емес, мәселен, «орел» (қаз.- қыран, хетт. - xaran), «повозка, транспорт» (қаз.- көлік, хетт. - huluk), «дело» (қаз. іс, хетт.- asa) және т.б.Филология ғылымдарының докторы, қазақстандық археологияның негізін қалаушы, академик А. Марғұлан бұл терминнің үндіеуропалыққа дейінгі тамырын Еkwas + суффикс -ak = «коневод» этимологиясын негіздеді. Бұл көзқарасты өзбек академигі А. Аскаров та қолдады. Кеңестік кезеңде бұл тақырыпта олардың зерттеулеріне тыйым салынды және жариялынымға рұқсат етілмеді.Қазір мұндай маңызды ақпарат ғалымның қызы Данель Әлкейқызының көмегімен белгілі болды. Ғалымдардың көзқарасын қазіргі тілтанушылар да бекітіп отыр: расында, has – бұл «аралық» бұрынғы түрі, означающая «қашу», «шабу», «жылқы» дегенді білдіреді.
Оның ішінде ежелгі парсы тілінде этнокорпоративті брэнд көшпелі-жылқышы, біздің ойымызша, «hasak»-тан «sаk»-қа дейін қысқартылды. Жалпы, каска/хасак/сак – «жылқышы», «конник», «всадник», «бақташы», «доитель кобылиц» и даже «конеед» деген мағынаны білдіреді. Осылайша, жылқы ұстаушылар ұжымының ежелгі экзоэтнонимдерінің бірі, «казак/касак» термині деуге болады. Келесі ма­ңыз­ды инновациялық кезеңге кастар-касактар феноменін ботай мәдениеті дамуы аясында, «біртұтас-ерекше-жалпы» гегелдік қағида бойынша зерттеу методикасын жатқызуға болады. Бұл жерде «жалғыз»негізін құраушы, отырықшы хеттіктер державасы тұсында «ерекшелікке» дейін дамыған – «кастар» типі сияқты жылқышылардың этноұжымы жылқы ұстаушылардың ботай мәдениеті болып табылады және ең соңында «жалпы» - номадтық континуум, скифтік-сақ-ғұндар ойкумендеріне дейін. Мұндай ерекшеліктер тарихи зерттеулердегі субъективизмді жойып, қазақ этногенезін ежелгі дүниемен үздіксіз және объективті процесс ретінде қайта құруға мүмкіндік береді. Бұл кешенді, пәнаралық далалық зерттеулерді қажет етеді. Бұрынғы қазақ тайпаларының қалыптасқан және көшіп-қонған орындарына (Иран, Кавказ, Ауғанстан, Пәкістан, Моңғолия, Қытай және т.б.) кешенді далалық экспедициялар (тарихшылардың, өнертанушылар, этнографтар, археологтар, тілтанушылар және палеогенетиктер) жасағанда ғана, қазақтың рулық-тайпалық құрылымы аясында қазақ этногенезінің жасырын құпиялары ашылуы мүмкін.  
Әлия Бейсенова: – Қадірлі қауым, «Әлеуметтік-гу­ма­нитарлық бі­лімдер бойынша жүр­гі­зі­ле­тін зерт­теу­лердегі пәнаралық байланыс» жөнінде қысқаша тоқталғым келеді. Қазақ елінің төрінде  Отан тарихының үлкен мәселелерін талқылауға еліміздегі бүкіл тарихшы қауым­ды  жинап, өткен 2013 жылдың екінші жартысынан бастап, Мемлекет  тарихы институты келелі жұмыстарды атқарып келе жатыр. Бүкіл еліміздің тарихын қалыптастыру, тарихты түпкілікті тұрақтандыру деген сөз. Оқулық жазу оңай шаруа емес екені белгілі. Әйтсе де, «Мемлекет тарихын бір жүйеге келтіру» мәселесі күн тәр­ті­бінен түскен емес. Қазақта оқулық жазудың қалыптасқан жүйесі болған жоқ. Оқулықтың барлығын біз сыртқы жағдайға үйлестіріп, үстіртін оқулық жасадық. Сол тарих оқулығына айтылған сын да көп болды. Сынның көп болу се­бебі, тарихты хронологиялық жағынан біл­геніміз болмаса, факті жүзінде тарихты білу мүмкін болған жоқ.
 Кеңес дәуірінде біздің бағытымыз, біздің біліміміздің барлығы жалпы сауаттану, жалпы ой-өрісімізді дамыту, кеңістікті қабылдау ғана болды. Сондықтан, қазіргі сырттан келген, бұрыңғы орыс оқулығына үйреніп қалған адамдар қазақ авторларына көбірек сын қояды. Соны журналистер қағып алып, «оқулықта қате кетіпті» деп, БАҚ-қа жариялап жібереді. Ол қате емес сол тарихты саралап жазып, Сіздің санаңызды оятудың өзі үлкен табыс дер ем. Семинарда Қазақстан тарихының кезеңделуі туралы біршама ойлар айтылды.  Біз жалпы Қазақстан ғылымы дамуының дәуірлеуін жасауымыз керек. Сонда ғана тарих ғылымы тұтас болады. Тарих ғылымы негізінен хронологиялық фактілерді ғана сипаттайды. Ол қоғамдағы ой-өрісті дамытып, сараптап, болашаққа ой тастайды. 
Қоғамның дамуына байланысты жаңа бір әдістеме жасайтын уақыт келді. Тарихтың алып жүрер жүгі өте ауыр. Ғылым қазіргі уақытта әлемдік деңгейде даму үстінде. Сол сараланған ғылымның қажетін екшеп алып, бүгінгімен сабақтастыра отырып, өзімізге пайдалану арқылы өзіміздің ұлттық тарихымыздың әдістемесін жасауымыз керек. Тарихтың негізгі факторларына келетін болсам, хронология, дипломатия. Археология ғылымының Қазақстанда негізін қалап кеткен Ә. Марғұлан болса, ал, К. Ақышев ғылымның дамуына орасан үлес қосқан ғалымның бірі. Орта ғасырдағы Әл-Фараби меридиан мен параллельді құрықты байлау арқылы ойлап тауып, ғылымға енгізді. Қазақтың ғылымы негізінен орта ғасырлардан бастау алады. Мен негізінен география ғылымының тарих ғылымымен байланысы жөнінде сөз қозғамақшымын. География – негізінен жер туралы ғылым. Біз табиғатта өмір сүреміз, координат пен меридианның қиылысында тұрамыз. Әлкей Марғұланмен мұрағатта көп жыл бірге жұмыс жасадым. Шоқан Уәлихановты зерттей жүріп, қазақ хандығын Шоқаннан артық зерттеген ғалым жоқ, сірә. Қазақстанның табиғатын ерте кезден бастап күні бүгінге дейін зерттеп келе жатырмыз. Географияның жалпы тарих ғылымына қосар үлесі үлкен дер едім. Өйткені, қандай да бір мемлекет болмасын белгілі бір территорияны алып жатады. Территорияда болып жатқан оқиғалар, құбылыстардың барлығы география арқылы жүргізіледі. География бүкіл ой-сананың дамуына, философияның қалыптасуына, білімнің қалыптасуына табиғат керемет сарапшы, керемет анықтамалық. 
Сондықтан, біз тарихи географияны зерттей отырып, қазақтың тарихы – жердің тарихын қарастырамыз.Орта ғасырлық тарихтан белгілі болғандай Қыпшақтардың  картасын тұңғыш рет Ибн Хаукал, Әл-Идриси жасап кеткен. Орта ғасырлардағы Қазақстанда  Сығанақ, Сауран, Отырар, Түркістан сияқты 21 қала бой көтерген. Жақында біз 380 баспа табақ 3 томдық Атлас картасын жасадық.Шоқан Уәлиханов – топография, геодезия құралдарымен жұмыс жасаудың тәсілін білген. Оның геологияға, фольклорға, техникалық ғылымға қосқан үлесі зор. Ол Стратеография деген затты қазақтарға алғаш таныстырып кеткен. Сөзімді қортындылай келе, Қазақ тарихына ден қойған жастардың қазіргі легі тың ойларымен, тарих ғылымындағы келелі мәселелермен айналысады деген ойдамын. 
 Рафис Абазов: – Құрметті ханым­дар мен мырзалар, американдық тә­жі­рибелерге сүйе­не, ба­тыстың ағыл­шын тілдес ел­дерін­дегі ұлттық тарих оқу­лықтарын жазу тә­жі­­рибесіне тоқталғанды жөн көріп отырмын. Сіздер де, батыс, АҚШ-тағы ғылыми көзқарастар XXI ғасырда тарихшыларды жаңа сын-қатерлер, жаңа мәселелер түйісі, тарихқа деген көзқарасты жаңарту қажеттілігіне жетеледі. Мен АҚШ тарихнамасындағы болып жатқан негізгі деген үдерістерге тоқталмақшымын.
Менің ойымша тарихи зерттеу ауқымы мен үдерістеріне әсер ететін үш негізгі сын-қатер бар. Біріншіден, жаһанданумен, тұрғындар құрылымының күрделілігімен, тұрғындар мәдениетімен және көші-қонмен, мультикультуризмнің дамуымен байланысты қоғам жүйесі құрылымының күрделілігін көрсету қажеттілігі. Яғни қоғамның күрделенуіне орай, көңілді макротарихқа ғана емес, микротарихты зерттеуге бөлу қажет. Екінші сын-қатер – тарихты зерттеуде, тарихты оқытуда, әсіресе жаратылыс ғылымдарында қазіргі технология мен ғылым жетістіктерін қалай кіріктіруге болады. Мәселен, математикалық моделдеу, космостық топография, генетика. Осы жетістіктердің барлығын қалай қазіргі ғылыммен кіріктіру керек. Үшінші сын-қатер – қолдағы бар тұжырымдар мен тарихтың құрылымына деректерден, материалдар мен құжаттардан алынып жинақталған білімді кіріктіру. Мысалға, 19 ғасырдың соңы мен 20 ға­сырдың басында, дүниежүзінде, әсіресе Еуропада ұлттық мемлекеттер қалыптасқан кездегі тарихи құрылым бар. Яғни, 19 ғасыр мен 20 ғасыр басында көптеген империялар империя ретінде жойылды, Еуропада және Азияда ұлттық мемлекеттер пайда болды.  Тарихқа жаңаша қараудың мәні бар ма? Бұл сын-қатерлерге жауап ретінде АҚШ ғалымдары оны түсіну үшін және оған жаңаша жол табуға, өздерінің жаңаша жауабын беруге талпынуда. Алынған жаңа жауаптарды қазіргі кезеңнің оқулықтары мен материалдарын жазу тәсілдерімен кіріктірмекші.Американдық ғалымдар бұл үш сын-қатерге қалай жауап беруде? Біріншіден, деректермен жұмыс, әсіресе, мәдениет тарихы бойынша.Жаңа материалдарды оқулыққа енгізу. Былтыр әріптестер көмегімен АҚШ тарихында бірінші рет Қазіргі заманның қазақ әдебиеті тарихы бойынша жинақты шығардық. Тарихты зерттеуде мәдениет тарихы материалдарын кіріктіру болып табылады. Мұндайда қызық жағдайға назар аударылуы керек. Кез-келген материалды, жазба материалдарды электрондық нұсқасын жасап, оны басқа тілге аударуға мүмкіншіліктер бола тұра, қазір жасанды интеллект, жасанды тіл құру үшін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Біз кеше секция отырысында да тілді мәселе ретінде көтердік. Ескі араб ғарпіндегі, латын жазбасындағы және қазіргі кириллицадағы қазақ тілі бар. Деректер де өте көп. Мәселен, Ватикандағы парсы, қытай, латын тілдеріндегі деректерге барлық кезде ғалымдар қолы жетпейді. Біз барлық адамдар сияқты барлық тілді меңгермейміз. Екі, үш, төрт, осымен шектелеміз. Бірақ, түймені басып, кез-келген деректі электронды тілге айналдырса ше? Яғни, Қазақстан тарихы бойынша парсы тіліндегі дерек электронды нұсқаға түссе, оны компьютер түймесі арқылы қазақ, қырғыз, башқұрт және орыс тілдеріне де аударуға болады және керісінше. Мінекей, осындай үдерістер жасалуда. Бұл ғалымның жұмысын жеңілдетер еді.
Екінші үдеріс. Біз Қазақстан тарихы қалай жазылу қажет екендігі туралы көп пікір тыңдадық. Екінші үдеріс ХХ-ХХI ғасыр сын-тегеурініне жауап беру бағытынан шығып отыр. Бұл макротарихты жазудан бас тарту. Макротарихи көзқарас ауқымды картинаны көтеруге бағытталған. Бұл марксизмде формациялық көзқарас, Тойнбида өркениеттік, яғни, мұндай көзқарастар бар. Соңғы кезеңдері макротарихқа мән беретін ғалымдардың кітабы аз немесе зерттеу жұмыстары аз. АҚШ макротарихынан қол үзу орын алуда. Мұның жағымды да, жағымсыз да жақтары бар. Макротарихи көзқарастардан арылғанда, ол сүйенетін тарихи білімдердің құрылымы жоқ.Оның ішінде арнаулы тарихи білім. Соңғы жиырма жылда, 1992 жылдан бастап микротарих жазу үдерісі кең тараған. Микротарих түрлі құбылыстар мен нысандарды жазуға негізделеді. Мәселен, түйе тарихын жазу, оның үй жануарына айналуы, сауда ауқымының өзгеруі мен жібек жолын қоса, керуен жолдарын дамытуы және оның Еуразия континентіндегі өркениет дамуына әсері немесе басқа құбылыстар. Рим, Ватикан, Отырар немесе Баласағұн және т.б., тұрғындарының бір күндік тарихы, Қазақстан аумағындағы көшпелі отбасының бір күндік тарихы. Сол сияқты жаңа құжаттардың нысаны тарихын қайта қарастыру.
Үшінші үдерістен жұрттың барлығы хабардар. Бұл климат және климат тарихын нақты математикалық моделдеу. Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінде ауа-райы өзгерістер тарихын, ауа-райы өзгерістерінің түрлі өркениетке, түрлі әлем тарихына әсерін қарастырып көруде. Бұл жағдайда математикалық модельдеу ауа-райы өзгерістеріне, басқа да нәрселерге нақты қарауға, оның әлем халқының әскери тарихына, экономикалық тарихына, әлеуметтік тарихына әсерін анықтауға мүмкіндік береді. Осылайша, АҚШ-та үш негізгі үдеріс, үш негізгі сын-қатер және үш негізгі жауап кең тарауда. АҚШ тарихында тұңғыш рет соғыстан кейінгі кезеңдегі Қазақстанның 7 ақыны мен 7 жазушысының еңбектерін аударып, жинақ шығардық. Кітапты американдық қауым жылы қабылдады. Тағы да  АҚШ-ғы ғылым дамуының сипаты – түрлі көзқарастарға ортақ пікір қалыптастыру немесе түсіну мақсатында – тарихи оқиғаларды немесе тарихтың басқа құбылыстарын бірлесіп зерттеу. 
Бүркітбай Ая­ған: – Қазақ­стандық тарих ғы­лымы алдында тұр­ған стратегиялық міндеттер нәти­желі­лігі үшін қандай қа­рекет керек? Бұл сұ­раққа Мемлекет басшысының биылғы Жолдауынан жауап табуға болады, яғни, міндеттерді шешу үшін елдігіміз бен еңбегіміз сыналатын сынақтан өту парыз. Биылғы Жолдауды республикадағы әрбір азаматтың қолындағы күнделікті анықтамалық кітапшасына айналуына лайықты құжат есебінде қабылдадық. Ғылыми ортада Қазақ мемлекеттігі сияқты тақырыптар бойынша ортақ тұжырымдар әлі де қалыптаса қойған жоқ. Мемлекеттілік тарихы, оның дәуірленуіне байланысты да түрлі көзқарасты тұжырымдар бар. Мемлекеттіліктің бастау көздерін біріміз сақ-ғұн дәуірінен, екіншіміз Түркі қағанатынан, үшіншіміз Ақ Ордадан, төртіншіміз Алашордадан іздейміз. Бұдан да басқа тарихи оқиғаларға қатысты мәселелердің шешу жолын да биылғы Жолдау айқындап берді, ол – нақты істер бағдарламасы. Оны іске асыру бағыты талмай еңбектену мен ғылыми ортаның ынтымағына тікелей байланысты.
Зиябек Қа­был­динов: – «Қа­зақстан тарихы: даму тұжы­рымдамасы» аясын­да ұлттық тарих ғы­лымы мен білімінің негізгі мәселелері және оны жедел ше­шу жолдарына тоқталғым келеді.Тәуелсіздік жыл­дары көптеген мәселелер бойынша ашық түрде зерттеу жұмыстары атқарылды. Көп мәселелер ашық түрде қалды. Елбасының ұсынысы бойынша «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы тұжырымдамалары мен бағдарлама жобасымен Мемлекеттік хатшы тікелей тапсырмалар беріп, зерттеу ауқымы кеңеюде. Алдымызда тұрған қандай мәселелер бар? Біріншіден, кадр мәселесіне орай, бакалавриат, магистратура, докторантураға қабылданатындар саны аз. Санын кем дегенде 3-4 есе көбейту керек. Екіншіден, докторанттарды қабылдау мәселесі де сын көтермейді. Магистранттар деңгейі сапа жағынан нашарлап барады. Ағылшын тілінен емтиханнан ауыл-аймақтан келгендер өтпей жатады. Таныс-тамырлық жайлап барады. Мұны соқыр ғана көрмейді. Магистратураға қабылдауда сынақ сұрақтарын университет кафедрасы даярлайды. Кафедра, деканат басында мықты азаматтар болса, сапа да жақсы болады. Тиісінше, мұндай жағдайда дарынды жастарды іріктеуде қателіктерге ұрынамыз. Сондықтан, құпия тест сұрақтары қолданылуы тиіс деп ойлаймын. Болашақта кафедра меңгерушілері мен декандар сайланбалы құзырға ие болуы шарт. Ертеде Координациялық Кеңес болатын, сондай Кеңесті Ұлттық Кеңес аясында, не Ғылыми зерттеу институттары аясында құру керек. Университеттің 60 пайызында ғылыми дәрежесі барлар жұмыс атқаруы тиіс, ал қазіргі қарқынмен болашақта 30 пайызға жетпей қалуы мүмкін. Үшіншіден, зерттеу тақырыптарына сәйкес, зерттеу нысандарын дұрыс таңдай алу қажет. Ел тарихының мазмұнын ашатын тақырыптар бекітілуі керек. Жергілікті жер тарихына қажет тақырыптармен толықтырылуы шарт. Ғылыми жұмыстарды қорғау кеңесінің саны аз.Негізгі бағыттар тұрғылықты жерлерге, олардың этнографиясы, өлкетану, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін және т.б. Ұлы Отан соғысы кезеңін толыққанды зерттеу қажет. Дивизиялар тарихын кім зерттейді?  23 ғалым шетелдік деректерді алып келді. Осы жұмыс жалғасын табуы тиіс. Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақстанда 80-ге жуық әскери құрылымдар құрылған. Басқа ел тәжірибелерін де еске сақтауымыз керек. Мәселен, армяндардың Матенадаран музей институты – ежелгі жазбалардың қорына айналып отыр. Онда армян, араб, сирия, грек тілдерінде деректер сақталған, қыпшақтар туралы мәлімет те алуға болады. Көптеген шетелдік ғалымдар үшін Матенадаран Таяу Шығыс тарихын зерттеу орталығы болып отыр. Күмістен және теріден жасалған ортағасырлық жазба кітаптарын да осыдан табасыз. Ендеше Қазақстанда Армениядағыдай жазба деректер музейі мен сақтайтын орталықтар ашып, ол жерге ғалымдарды шоғырландыру жұмысын да жүргізу керек. Шеттегі ұлттық рухани құндылықтарды елге қайтару керек. Мәселен, Омбы өлкетану музейінде хан Кененің 3 мылтығының бір мылтығы сақтаулы. Осындай тарихи мұраларды елге қайтару шараларын қолға алу керек. Бабалардың мұраларын көрген жастардың тағзым етуімен тарихқа деген қызығушылығы артады. Ауыл-аймақтар тарихына қатысты мұраларды зерттеу керек. Қамбар Атабаев ағаларымыз бастады, бірақ, қолдау болмады ма қазір бәсеңдеп қалды. Мәселен, ашаршылық кезінде отбасында 11 бала туылса, ең болмағанда біреуі қалып отырды. Сол ұрпақтарды түгендеуіміз керек. Министрлік аясында жақсы сыйақы төлеп, оқулық жазу керек. Патриоттық рухты көтеретін 10-13 ғасырлардағы ежелгі бекіністерді қалыпқа келтіріп, оның ішін дәстүрлік бұйымдармен әрлеп, көшпенді өркениетін паш ету керек. Еліміз үшін аса маңызды ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі жақындап қалды. Ал, біздің дайындығымыз нашар. Осы тұрғыдан алғанда, Астананың оңтүстік-батысында, Нұра өзенінің Есіл өзеніне құятын тұсында орналасқан ежелгі Бозоқ қалашығын қалпына келтіруіміз керек. Көрмеге келген туристерге көрсететін мәдениетіміз бен өнеріміз болуы тиіс емес пе?! 
Ғизатулла Хали­дулин: – Ғылыми жұ­­мыстар тақы­ры­­бы­ның бір жерден коор­динациясы жоқ. ЖОО-ғы докторанту­ра, магистратурада қорғалатын та­қырыптар бекі­тіл­меген. Бұрын Координациялық отырысында болашақ тақырыптар зерделеніп, бекітілетін еді. Сондықтан да, диплом, ғылыми жұмыстар тақырыбын бекітуді қарастыратын Координациялық Кеңесті құрудың күні туды деп есептеймін. Ал, Қазақстан тарихын кезеңдеуге байланысты, Мемлекет тарихы әзірлеген нұсқаны негізге ала отырып, барлық қа­рас­тырылған нұсқалар мен авторларын қатыстыру арқылы ортақ шешімге келген дұрыс болар.
Зиябек Қабылдинов: – Қазір ғылыми-зерттеу технологиясын халықаралық стандарттарға бейімдеуге байланыс­ты шаралар бастау алды. Үйлестіру мәселелері де Ғылым комитеті тарапынан қарастырылуда. Мәселе, кейбір баспасөз беттері мен журналдарда берілген жекелеген тарихшылар ғылым «абыройын» сақтау үшін белгілі бір басқармаға бағыну қажеттігін айтады. Дегенмен, ғылым еркін ойды қажет ете­ді. Ол үшін елімізде жағдай жасалған. Бір жерден басқарылып, кезінде диссер­тациялар қалай қорғалғанынан бас­пасөз беттерінен хабардарсыздар. Қа­зіргі ғылымдағы жаңғырту - алған бағытын айқындай, технологиялық меңгеруге барынша жол ашу. Ғылымда да ұсынысқа сұраныс өсіп тұр. Біз қалаймыз ба, қала­маймыз ба, нарық жағдайында жа­hан­дық деңгейге ілесу үшін, кімнің ұсынысы өтімді және нәтижелі, сол қолдауға ие болады. Мәселен, Мемлекет тарихы институтының ұжымы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қатар, Елбасы тапсырмалары аясындағы мемлекеттік талаптарды орындап, шараларға қатысуды негізгі міндеті санайды. Әрбір ғалым біліктілігімен қатар, отаншылдығын алып жүру керек. Ол қалыптасқан мемлекетімізді кемелдендіру үшін қажет-ақ. Тарихта қалатыны - аға буынның ұлағатты идеясы, ал жас ғалымның жасампаздық іс-қимылдарымен оны жалғастыра алуы. Нақты әрбір ғалым, жеке ғылыми-зерттеу институттары, ЖОО-ның ғалымдарының ғылым саласына қосқан жаңалықтарымен, нақты тұжырымдарымен ғана бағаланады. «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы негізгі тапсырмаларды орындау – Елбасының ғана талабы емес, заман талабы. Бұл біріншіден. Екіншіден, тарихты зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру және оны үйлестіру Ғылым комитетінің құзырында. Комитет тарапынан қолдаудан басқа, ғалымдар тарапынан айтылған өтініштерді орындамай, өктемдік жасағанын естімеппін. Қазақ елінің тарихын зерттеу мәселесіне «төңкеріс» емес, талдау мен тұщымды тұжырымдар керек. Өкінішке қарай, тарих ғылымының емшісі де, қамқоршысы да зерттеушінің өзі екенін естен шығарамыз. Яғни, тарихи сананы жетілдіретін парасатты ойлардың басым болуына қарай, оның әлеуеті де көрініс береді. 
Амантай Исин: – Тәуелсіз Қазақстан жағдайында кеңестік тарихты зерттеу және оқыту жөнінде қа­лыптасып кет­кен құрылымдық құр­саудан арылу баяу қарқынмен өзгертіліп келеді. Бұрын Мәскеу мен сол кездегі Ленинградта болған тарих мамандықтары елімізде әлі күнге дейін жоқтың қасы. Айтайық, шығыс, оның ішінде араб, парсы, түркі, қытай деректанушылары мен тарихнамашылары, шығыс (араб, парсы, түркі, моңғол, қытай) және батыс елдерінің эпиграфикасы мен нумизматикасы, шығыс және батыс елдерінің палеографиясы, тарихи география мен уақытнама (хронология), т.б. болмағанда дербес тарих ғылымы қалай қалыптаспақ? Осыған байланысты еліміздегі тарих ғылымы, әсіресе соңғы ғасырлар тарихына қатысты жазылып-басылып, айтылып жатқан деректер, зерттеулер мен пайымдаулардың көбі тиянақты, терең негіздеуге жеткізілмей, өз шеңберіміздегі қатпарлы да құлыптаулы қазынаға айналуда. Басты себептің бірі – халқымыздың, құрылым өкілдерінің ойлау жүйесінде. Әлі күнге дейін саны, үнемі зәбір көрген халықпыз деген қатып қалған қағидадан арылу жоқ. Сана мен халыққа лайық тілің де, ақпаратың да, баспасөз бен кітап ісі де, әдебиетің, әдебиеттануың мен тарих ғылымдарың да болу керек. Сол түсінікке жетсек, технократиялық, басыбайлы көзқарастарымыздан, сатып алам, қарызданам деген сияқты қимыл-әрекеттерден де алыстар едік. 
Арнайы тарих ғылымдарын даярлау жүйесінің жоқтығы тарих кезеңдерін зерттеуді тежейтін үлкен кедергі. Осыған байланысты бізде тарих пен филологияның үлкен-үлкен салалары мен бағыттары қалыптаспаған. Мәселен, ғұнтану, моңғолтану. Түркология филолог және археолог ғалымдарымыздың арқасында абыройлы. Аса беделді түрко­логтарымыз да көп емес. Зерттеу аума­ғымыз тар. Бізде төл топырағымыз тарихына тікелей қатысты өткендегі мемлекеттер тарихымен шұғылданатын ғалымдарымыз жоқтың қасы. Ежелгі жә­не ертеортағасырлық мемлекеттердің тари­хын зерттеуді тұтастай дерлік шетел ғалымдарының еншісіне қалдырып, өз мемлекетіміздің тұрғысынан сол тарихқа үңіле қарап, әлемдік ғылымға үн қатуды артық санап келе жатырмыз. Және сол шетелдік ғылыми жетістіктер де өз тілімізге аударылмағаны, зиялы қауым­ға жеткізілмегені аян. Көпшілік тарих әдебиетін рулық сана мүлде жаулап алған. Фальсификациялық «еңбектерге» заң арқылы еш тежеу қойылмады. Қазақ хандығы заманының археологиялық зерттелуі де алдыңғы замандардан көш артта. Тарих – мемлекеттің халықаралық имиджі. Сондықтан да, біздегі ғылым мемлекеттің үлкен қолдауына мұқтаж. Мемлекеттік хатшының таяудағы тұжырымдары басыбайлы тарихшыларды ынталандыруы да, қоғамдық белгілі бір әңгіме қозғалып жатқандығы да соны көрсетеді. Құрылымдық өзгерістерсіз, ғылымды қаржыландыруды жолға қоймай түбегейлі табыс, әлемдегі тарихты жазудағы бәсекелестікте кенжелеп қалып, ірі мемле­кетімізге лайық өз орнымызды таба алмайтынымыз айқын.
Қанат Еңсенов: – Жолдау аясында Қа­зақстандық жаңа па­­триотизмді қа­­лып­­­тастыру мен да­­­мыту бүгінгі күн­нің талабы. Өйт­­­­ке­ні, еліміздің тәу­ел­­сіздігін баянды ету, іргелі мемлекетке айналу, болашақ ұр­пақты тәрбиелеу мақсатынан туындайтыны анық. Бұл аталған мақсаттарға жету үшін ұлттық тарихқа дұрыс мән берілуі керек. Осы мақсатқа орай Қазақстан Рес­публикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің 2012 жылғы 15 желтоқсандағы «Қа­зақстан – 2050» Стратегиясы –  қа­лып­тасқан мемлекеттің жаңа саяси ба­ғыт­­ы» атты халыққа Жолдауының 7 тарауында «Жаңа Қазақстандық патриотизм» туралы: «Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақ­стандық патриотизмді тәр­бие­леуіміз керек. Бұл, ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады. Бірақ бүгінде қалыптасқан мемлекеттің жаңа даму кезеңінде бұл түсініктің өзі жеткіліксіз. Біз бұл мә­се­леге прагматикалық тұрғыдан қарауы­мыз керек...», – деген еді. Міне, осы тап­сырмаларға орай «Жас тарихшылардың рес­публикалық қауымдастығына» мүше жастар «Жаңа Қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы ұлттық тарихтың рөлі» атты ғылыми зерттеу жобасын «Халық тарих толқынында» атты Мемлекеттік бағдарламаның аясында 2014-2016 жылдары жүзеге асыру барысында жұмыстар атқаруда. Сондықтан, алдағы 3 жылдық мерзімге ғылыми жоба ретінде алынып отырған тақырып бойынша жаңаша пайымдаулар және жаңаша көзқараспен зерттеулер жүзеге асырылады. Атап айтсақ, 1991 жылы еліміздің тәуелсіздік алған уақытынан бері ұлттық тарихтың зерттелуі, жаңаша көзқараспен ой-тұжырымдар жасалуы, ұлттық мүдденің ескерілуі сияқты шынайы зерттеудің бағыттарына мән бере отырып, ұлттық тарих пен патрио­тизм мәселесі тарихи сабақтастықта қарас­тырылып, тарихи құжаттар мен деректер арқылы дәлелденіп жазылады. Сонымен қатар, республика жастарын тәрбиелеудегі тарихтың рөлі ғылыми негізде талданып көрсетіледі. 
Ел тарихына қатысты ғылыми-зерттеулер мен көлемді жинақтарды жарыққа шығарып отырған бір ұжым қазіргі уақытта Астана қаласындағы ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты. 5 жыл бұрын құрылған инс­титут 2008-2013 жылдардың ара­­лығында 60-тан аса еңбектерді жа­рыққа шығарды. Оның ішінде Қазіргі Қазақстан тарихы оқулығы, хрестоматиясы, орта мектептің 9 сыныпқа, 11 сыныпқа арналған Қазақстан тарихы оқулықтары, республикалық, ха­лықаралық конференциялардың материалдар жинағы, тәуелсіздік хроникасы және ұлттық тарихтың өзекті мәселелеріне қатысты кітаптар  бар. Сондай-ақ, «Ұлы Дала тұлғалары» атты сериямен жарық көрген Ж. Тәшенев, Ә. Ермеков және Н. Назарбаев туралы ғылыми басылымдар да жарық көрді.
Қазіргі уақытта институт ұжымы «Ғылыми қазына», «Халық тарих тол­қынында» деп аталатын Мемлекеттік бағ­дарламалар аясында бірқатар ғылыми-зерттеу жобаларын 2014-2016 жылдардың аралығында жүзеге асыру мақсатында жұмыстар атқаруда. Жалпы, Елордадағы тарихшылардың ұжымы бүгінгі күнде республиканың институттары және уни­вер­ситеттерімен тығыз қарым-қатынаста шығар­машылық жұмыстар жасауда. Тіпті, алыс, жақын шетелдердің ғалымдарымен де әріптестік қызметтер атқарып келеді.
Елбасының 2014 жылғы халыққа Жолдауында көрсетілген «Мәңгілік Ел» идеясы жарқын болашаққа бастар жол екендігі анық. Өйткені, қазіргі жаһандық жағдайда елдікті сақтап, ұлт ретінде жасау үшін тұтастық, береке мен бірлік керек. Қазіргі айтылып отырған Мәңгілік Ел идеясын Түркі қағанаты заманында Тоныкөк абыз 1300 жыл бұрын айтып кеткен екен. Ал, 2003 жылы Қазақстан Республикасының Перезиденті Н.Ә. Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» деп аталатын еңбегінің 268-ші бетінде ең алғашқы құрылған далалық империя Түркі қағанаты «Мәңгілік Ел» болып құрылды дейді. Яғни, өткен тарихта сабақтастық пен ұрпақтардың жал­ғастығы бар екендігіне күмән жоқ. Сон­дықтан, қазақ халқы елдікті сақтап, тәуелсіздікті баянды етуге тырысуы қажет.

1313 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз