• Тарих толқынында
  • 09 Сәуір, 2014

ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ – КЕМЕЛ КЕЛЕШЕКТІҢ КІЛТІ

Ханкелді Әбжанов,
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының 
директоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі

Тәуелсіз Қазақстан тарихы бұрын-соңды түсімізге де кірмеген жаңалықтарға толы. Солардың біразы – президенттік билік, парламентаризм институттары, сыртқы саяси бастамалар, астананың қоныс аударуы, т.б.с.с. – баға жетпес құндылық. Бұл орайда халыққа арнаудың бәсі мейлінше жоғары. Ата Заңымызда анықталғандай, Елбасы мәртебесі мен міндеттерінің бір парасы жыл сайын халыққа арналған Жолдауын жариялау болып табылады.

Алғаш рет осынау конституциялық міндетін Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев 1997 жылы атқарған еді. Содан бері жылдың басты оқиғалары қатарына кіргеніне қоса, Жолдау әрбір қазақстандық асыға күтетін құбылысқа айналды. Оның маңдайалды себептері мынаған саяды: біріншіден, құжат еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін назардан тыс қалдырмайды. Балабақша, білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, тұрғын үй, зейнетақы, жәрдемақы мәселелерін ешбір Жолдау айналып өткен емес. Екіншіден, азаматтарының ірілі-ұсақты тіршілік түйткілдерін шешкен Жолдауларда ұлы міндет – тәуелсіздікті бекемдеу, мемлекеттілікті қалыптастыру, елішілік ынтымақ пен келісімді сақтау шарттары, нақты тетіктері дәйектелді, діттеген межелер нақтыланды. Құрғақ уәдеге, даңғазалыққа, дарақылыққа орын берілмей, халықтың сенімі мен қолдауына ие болды. Үшіншіден, Жолдаулар Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа кірігуіне, бәсеке мен сын-қатерлерден бойды аулақ салмай, төтеп беруге, аман-есен өтуіне, халықаралық қатынастардың танымал да белсенді субъек­тісіне айналуына қызмет еткенін ешкім бекерлей алмайды.

Тарихи динамикада қарайтын болсақ, Жолдаулардың мәні мен мазмұны, өресі мен құрылымы тереңдеген сайын еліміздің ілгерілеуі шапшаңдағанын, елдің өсуімен Жолдаулар да кемелденгенін байқаймыз. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан, бәсекеге қабілеттілік, еркін экономика, еркін ұлт, өңірлік держава, еліміздің қазіргі әлемдегі беделін нығайту тәрізді пайым-тұжырымдар күн тәртібіндегі өзектілігін жойған жоқ.  Өзара байланыс пен ықпалдастықтың жаңа белесін биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы алға тартып отыр. Елбасымыздың мұндағы: «Біз үлгілі дамудың өзіндік моделін қалыптастырдық. Әрбір отандасымыздың жүрегінде елімізге деген шексіз мақтаныш сезімін орнықтырдық. Қазақстандықтар ертеңіне, елінің болашағына сеніммен қарайды», – деген ойтүйінінен азаттық тұсында тындырылған істерге ризалық сезіммен бірге Жолдауларға да артылар жауапкершілік зор екенін көрген ләзім. 

Елбасымыздың халыққа 2014 жылғы 17 қаңтар күні Астанада паш еткен жаңа Жолдауы әдеттегідей ұлы ізденіске толы әрі дәстүр жалғастығын үзбеген. Құжатта бұрынғы Жолдауларға тән ғылыми дәйектілік, саяси сергектік, шешім қабылдаудағы көре­гендік, әлемдік тәжірибені кәдеге жаратуға ұмтылыс  тәрізді мәнді белгілер жаңа ерекшеліктермен толыққан. Әсіресе, бір жыл бұрын жарияланған «Қазақстан-2050» Стратегиясымен сабақтастығы, кең ауқымдылығы тәнті еткендей. Сол жолы Елбасымыз қалыптасқан мемлекетіміздің жаңа саяси бағдарын әлемге паш етумен ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуды 2050 жылға дейінгі басты мақсат деп анықтаған еді. Қария тарих үшін бір жыл – қас қағым сәт. Интеллектуалдық ізденістегі тұлғаға бұл мерзімнің берері мол екеніне биылғы Жолдау күмән-күдіксіз көз жеткізіп отыр. Өйткені, Президентіміз «Қазақстан-2050» Стратегиясы аясындағы басты мақсаттың, түп мүдденің, армандай болашақтың берер жемісінің сыны мен сырын ашып берді. Ал, мол жемістен дәметтірген мақсат дегеніміз не? Баршаға ортақ мақсат табу мүмкін бе? Оның кеңістік пен уақыттағы шегі қандай? Ғылыми тұрғыдан да, практика үшін де қиын сауал. «Әр кәллада бір қиял», дегендейін, өмірде мақсат аз ба, тегінде. Жолаушының мақсаты – жету, саудагердің мақсаты – ұту, аурудың мақсаты – сауығу, шаршағанның мақсаты – тынығу... Осының бәрінің басын қосатын, жай қосып қана қоймай, қоғамға, мемлекетке шарапатын тигізетін формуланы ұсыну хас кемелдің ғана қолынан келеді. Мемлекет басшысы басты мақсатты дөп басып таба алмаса, пайдалы әсер коэффициенті шамалы міндетті шешумен миллиондаған жан әуреге түсетінін коммунизм елесін қуумен құрдымға кеткен КСРО тағдыры бұлтартпай дәлелдегені әлі қаперімізден шыға қойған жоқ қой. 
Мақсаттың да мақсаты бар. Ғасырлар тоғысындағы Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, мәдениетті қолдау, ауыл жылдары, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру өткені белгілі. Жоспарлы экономикадан нарыққа көшкен, қаржы-банк жүйесін реформалауды ұлттық теңгені қа­былдаумен бекемдеген елімізде бүгінде үдемелі индустрияландырудың бірінші бесжылдығы аяқталып келеді. Тұтастай алғанда, бәрі маңызды мақсат, бірақ, мемлекет пен азаматтардың барлық тағдырына түбегейлі бетбұрыс әкелетіндей басты деуге келмейді. «Алдымен экономика – содан соң саясат» формуласы да көпшіліктің тағдырына тікелей қатысты болғанымен, баршаны ұшпаққа шығара алмайды. Өтпелі кезеңде басқаша болуы мүмкін де емес. Ол кемел келешекті болжаған «Қазақстан – 2030» Стратегиясында ашық айтылған болатын. Алғашқыда қиял патшалығындай көрінген құжат екі жыл өтер-өтпестен ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы өсімін 10 пайызға дейін көтеріп, жұмыс істей жөнелді. Дәлелді нәтижесі – бір мүшелден сәл ұзақ мерзім ішінде жүйелі дағдарысты еңсеріп, орта дамыған мемлекеттер санатына кірудің өзі аз олжа емес. Демек, «Қазақстан – 2030» Стратегиясын сәтті аяқтаумен, яғни, өтпелі кезеңді артта қалдырумен тұрақты да ырғақты даму белесіне аяқ басқан Қазақстан жағдайында басты мақсат дегеніміз – халықтың барлық қауымдарын, мүшелерін, топтарын бүгінде, ертеңде құлшына әрекеттендіретін, ұрпақтан ұрпаққа мирас нәтижеге жұмылдыратын және ең кереметі, ой жеткенге қол жететін жол бар екеніне әр күні, әр жылы иландыратын қажеттілік пен мүмкіндіктің, ізденіс пен серпілістің сыңғырлаған үйлесімі. Мәселенің мәнісін Елбасы Жолдауындағы: «2050 Стратегиясы айқын шамшырақ секілді басты мақсатымыздан көз жазбай, азаматтарымыздың күнделікті тіршілігінің мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Бұл біздің 30-50 жылда емес, жыл сайын халық тұрмысын жақсартатынымызды білдіреді. Стратегия – күннен күнге, жылдан жылға елімізді, қазақстандықтардың өмірін жарқын ете түсетін нақты практикалық істер бағдарламасы», – деген жолдар қалтқысыз ашып тұр. 
Басты мақсатты анықтау мен болжамды нәтижесіне жетудің арасын уақыт қана бөліп жатыр десек, қателесеміз. Байыған үстіне байи беруді көздеген әлемдік кереғар монополия мен бәсеке, елішілік және трансұлттық жемқорлық, мемлекеттік билік (атқару, заң шығару, сот) қызметіндегі олқылықтар туындататын жағымсыздықтың алдын алмаса, азаттыққа қатер төндіруі, дүниетанымы солқылдақ жанды тура жолдан тайдырып жіберуі бек мүмкін. Ендеше, президенттік республика Қазақ елінде ішкі және сыртқы саясатты анықтайтын Ұлт көшбасшысына түсетін жауапкершілік салмағы адам айтқысыз ауыр. Бұл - бір. Екінші жағынан, ХХІ ғасырдың Қазақстанын «нөлден» бас­тап, екі онжылдық ішінде құрған талантты, еңбекқор, толерантты халқымыз елін сүйген Елбасына тіреу болған миссиясын атқаруды жалғастырғанда ғана басты мақсат үдесінен шыға аламыз. Билік пен білік, бірлік пен қауіпсіздік – бірін-бірі толықтыратын егіз ұғымдар. 
Мақсатқа жетуді қамтамасыз ететін факторлар да, акторлар да баршылық. Солардың ішінен ерекше көзге түсетіні, алабөтен таңдап алынғаны – мүдде. Ол жаңа Жолдаудың атауынан-ақ көрініп тұр. 2007 жылы жарық көрген «Саяси түсіндірме сөздікте»: «Мүдде – қоғамдағы әлеуметтік субъектілер іс-әрекеттерінің, өмір сүру бағдарының негізгі, ішкі қозғаушы күші», – деген анықтама беріліпті. Біздің ойымызша, Жолдауда қолданылған «мүдде» ұғым-түсінігі әлеуметтік субьектілер, тіпті ұлттық-этникалық бағдар өлшемі биігінен жоғары тұр. Ол мемлекеттік-ұлттық мүдде деңгейіне сәйкес. Осы тұрғыдан келгенде оның обьективті де, субьективті де мазмұн-сипаты бар. Мәселен, тәуелсіздікті қорғау, жемқорлықты ауыздықтау, мұның сыртында, Жолдауда айтылғандай, экономикада, саясат пен әлеуметтік тұрмыста ешбір секіріске, жөнсіз сынақ пен авантюраларға жол бермеу прогресті пір тұтқан жеке тұлғаның да, заңның да, биліктің де міндеті мен мүддесін бейнелейтінін тек обьективті немесе тек субьективті сипатқа жатқызу мүмкін емес. Әңгіме – екеуінің де жа­сам­паздық қасиеттерін ұлықтау, сақтау негізінде қарама-қайшылыққа ұрынбауын қамтамасыз етуде. Жеке индивид деңгейіндегі оның философиясын бабаларымыз: «бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – бес саулық» деген нақылға сиғызған. 
Экономикалық, идеологиялық, шы­ғар­­машылық, т.б.с.с. еркіндік пен сана­луандық орныққан қазіргі уақытта мем­лекеттік-ұлттық деңгейдегі  мүдделер үйлесімін табу қандай қиын болса, сақтау, жетілдіру одан да күрделі шаруа. Өйткені, мүдде қатып қалған, өзгермейтін организм емес. Мәселен, тәуелсіздіктің елең-алаңында шекарасы бекем, экономикасы нарықтық қатынастарға құрылған, әлемдік қауымдастық таныған, Қарулы Күштері жасақталған мемлекеттілік биігіне көтерілу, орта дамыған елдер қатарына кіру басты мүдде еді, шүкір, орындалды.Өткен 22 жыл ішінде барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған 7 құндылық (тәуелсіздік және Астана, бірлік, бейбітшілік пен келісім, зайырлы қоғам және жоғары руханият, экономикалық өсім, жалпыға ортақ Еңбек Қоғамы, тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы, елдің қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қарау) түзіліп, әлеуметтік субъектілер мен мемлекеттің мүдделері жаңарды һәм жаңғыртылды. Үдеріс алдағы уақытта жалғасын табатыны сөзсіз. Осыны ескерген Елбасымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясын орындауды көздейтін барлық іс-әрекеттерді нақты 4 қағидатқа негіздеуді ұсынды. Ең алдыда қабылданатын шешімдердің прагматизмі мен эволюциялылығы қағидаты тұр. «Айналамыздағы әлем қалай тез өзгеретін болса, – деді Н. Назарбаев биылғы Жолдауында, – еліміз бен қоғамымыз да солай жылдам өзгеруге тиіс». 
Мүдделердің  тағдырына пәрменді ықпал етуші құбылыс – жаһандану үдерісі. Ол халық пен халықты, мемлекет мен мемлекетті мидай аралас­тырып, ажырағысыз байланысқа әкеліп қана қойған жоқ, қаржылық, материалдық, интеллектуалдық ресурстарды біріктірмей шешілуі қиын проблемалардың легін арттырды. Мәселен, бұған дейін белгісіз ауру түрлері пайда болды. Алаяқтық пен қылмыстың технологиясы жетілген үстіне жетіліп, Африкада отырып-ақ, айталық, Алматының ашықауызын тақырға отырғызып кететіндер пайда болды. Тоталитарлық өктемдіктен Арал теңізінің суы тартылды. Бүгінде, басқасын былай қойғанда, бұзылған экологияны қалпына келтіруге жалғыз Қазақстанның мүмкіншілігі жетпейді. Сөйте тұра, Аралды суға толтырады екен деп, қазақстандық тізгінді бөтеннің қолына беруге және негіз жоқ. Қысқасы, басты мақсаттан бастау алып, заманауи қажеттілікке сай мүдде іле-шала іске қосылып жатса, мемлекет те, азаматтары да кемелденеді. Шын мағынасында бүгінгі өмірге нұрын сеуіп, болашаққа сенімді арттырады. Бірақ, оларды кемеңгерлікпен тани да, таба да білу керек. Ұлы ізденіс қана ұлы серпіліске негіз қалай алады. Осының тамаша үлгісі – Елбасының халыққа арнаған биылғы Жолдауы. Жаңа жылмен келген жаңалық әлденеше ғылым саласында, қоғамдық пікірде толғағы әбден піскен мегасұрақтың жауабын жайып салды, сана мен танымды дүр сілкіндірді. Қазақстандық жолдың кеңістік пен уақыттағы ортақ мақсаты, мүддесі, болашағы қандай қорытындымен түйінделетінін, ең бастысы – қандай ел құрумен тиянақталатынын жан-жақты, диалектикалық қисынмен ашып берді, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбетін сомдады. «Мен, – деді Н. Назарбаев, – қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы». Сонымен, ХХІ ғасыр ортасына дейінгі Қазақстан халқы ұстанатын ұлттық идея қысқа да нұсқа идеологемамен анықталды: «Мәңгілік Ел». Кім Отанының, ұрпағының, ісі мен есімінің мәңгілік болғанын қаламайды? Ешкім де! Америкада да, Африкада да солай. Жұмыр басты пендеге мәңгілік өмір бұйырмаған. Бірақ, қамшының сабындай қысқа өмірінде адам терең ақыл-ойымен, шебер қолымен мәңгілік ел түзе алады. Басқасының бәрі – көмір де, темір де, тау да, тас та көмекші құрал ғана. Сенімді серігі – толағай интеллектуалдық ізденіс пен серпіліске сүйенген ұлттық идея. Ұлттық идеяның тарихи орнын, оның кешегі, бүгінгі, ертеңгі болмыс-бітімін анықтау үшін алдымен «ұлт», «идея» ұғым-түсініктеріне тоқтала кеткен жөн. 
Ғалымдардың пайымы бойынша, «ұлт» (латынша - nascor) термині Ежелгі Римде аз халықтар деген мағынада қолданылған екен. Бүгінде «ұлт» терминіне берілген анықтамалар қисапсыз көп. Бірінде этникалық қауымдастықты білдіретіні талданса, келесінде мемлекеттің барша халқы мағынасында түсіндіріледі. Мемлекетті «ұлт» терминімен сипаттайтындар бар. Демек, Біріккен ұлттар ұйымы, ағылшын тілінен аударғанда, Біріккен мемлекеттер ұйымы мағынасында қолданылады. 
Идея – грек сөзi, образ, ұғым, тү­сi­нiк мағыналарында қолданылады. Атқаратын мiндетiне қарай идея алуан-алуан қырымен көзге түседi. Мәселен, бiрде ол сырт дүниенi бейнелейтiн қоғамдық сананың пiшiнi болса, ендi бiрде адамның басты сенiмi орнына жүредi. Шығарманың түпкi түйiнi мағынасында да қолданылатыны бар. Жинақтай айтсақ, ұлттық идея сөзтіркесі тарихи ахуалға қарай этностың немесе мемлекеттің мұраты дегенге саяды. Бір қарағанда, «мақсат», «мұрат» сөздері мағыналас тәрізді. Екеуінің айырмашылығын түсіну үшін «бірінші», «тұңғыш» сөздерін салыстырсақ жетіп жатыр. Парқы мен нарқы жағынан «тұңғыш» «біріншіден» қымбатырақ, ыстығырақ, биігірек. «Мұрат» сөзі де мағынасы жағынан «мақсаттан» маңыздырақ, жүрекке жақынырақ. Қайткенде де, мұратсыз ұлт та, мемлекет те жер бетінде болған емес. Қазақ даласында ұлттық идея байырғы түркі дәуірінде мемлекеттік, тіпті, империялық биікке көтерілді. VIII ғасырда: «Бүкіл түркі халқы үшін қызыл қанымды жүгірттім, түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым, төрт бұрыштағы халықтың бәрін бейбіт еттім: бастыны еңкейттім, тізеліні бүктірдім!», – деген бабаларымыз «Мәңгі ел» құрғанына сенімді еді. 
Қазақ хандығының шаңырақ көтеруімен ұлттық идея мемлекет пен оны құраушы этнос­ты, тарих сабақтастығын үзбестен, дараландыратын факторға айналды. Кейінде, ол идея талантты ұл-қыздарын әлемдік ақыл-ойдың асқар шыңына алып шығуға септесті. Ендеше, қазақ қазақ болғаннан бергі ұлттық идеямыздың бес ғасырдан астам тарихы бар екен. Оның өзi бiрнеше дәуiрден тұрады. Қазақ хандығы тұсында ұлттық идеяның өзегiн мемлекеттiліктi нығайту, этникалық аумақты қалыптастыру, бiрде тiлiн, бiрде тiсiн көрсеткен Ресей, Қытай, Жоңғар, Орта Азиялық мемлекеттермен оңтайлы қарым-қатынас орнату, бәсекеге төтеп беру құрады. Асан Қайғының: 
Едiл менен Жайықтың,
Бiрiн жазға жайласаң. 
Бiрiн қыста қыстасаң,
Ал, қолыңды маларсың,
Алтын менен күмiске! – деген жыр жолдарында ұлттық мұраттың сол дәуiрдегi аңсағаны – аумақтық тұтастық, саяси еркiндiк, әлеуметтiк кемелдiк,табиғат пен адам арасындағы үйлесiм бейнеленген. Елдiң бiрлiгiн, iшкi тыныштығын, ханның ынсапты болуын, халықтың берекелi байлығын жырлаумен ұлттық идеяны мемлекеттiк саясат биiгiне көтергендер қатарында Қазтуған, Доспамбет, Шалкиiз, Жиембет жыраулар тұр. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдарында Отан қорғау ұлт мұратына айналды. Ақтамбердiнiң: 
Жауға шаптым ту байлап,
Шептi бұздым айғайлап,
Дұшпаннан көрген қорлықтан
Жалынды жүрек қан қайнап,
Ел-жұртты қорғайлап,
Өлiмге жүрмiз бас байлап, – дейтiнi осыдан. 
Жақсы менен жайсаңның басын өлiмге байлаған ХVІІІ ғасыр Абылай хан дүние салуымен қазақтың маңдайындағы бағын ұшырды. Ұлттық идея тарихының бірінші дәуірі аяқталды. Екін­ші дәуірінде Ресейдiң бодандығына  кiрген қазақ қоғамы әлеуметтiк-саяси және аумақтық тұтастығынан айрылды. Төл мемлекеттiң болмауымен қоса бiртұтас ақпараттық кеңiстiктiң жоқтығы да жалпыұлттық идеяның өрiсiн тарылтты, жолын кестi. «Бөлiп ал да билей бер» саясатынан туындаған әрбiр саяси күш, әлеуметтiк қауым өз биiгiне, көздегенiне лайық ұлттық идеяны дүниеге әкелдi. ХVІІІ ғасырда Абылай мен Ботақанның, ХІХ ғасырда Махамбет пен Баймағамбет сұлтанның, Кенесары мен Қоңырқұлжаның, ХХ ғасыр басында Сәкен мен Мағжанның, Әлiби мен Әлиханның ұстанған ұлттық мұраты барша қазаққа ортақ едi деп, сiрә, ешкiм айта алмас. Иә, бұлар әрiсi – туған халқына, берiсi – соңынан ерген пікірлес қауымға қызмет еткiсi келдi. Бiрақ, уақыт өзi көрсеткендей, бiреулерi ат төбелiндей азшылықтың мұратын жалаулатса, екiншiлерi – барша қазақтың болмаса да қалың көпшiлiктiң мұратын дөп басып таба алғаны ақиқат. Сырым, Махамбет, Кенесарылар ұлттық идеяны қарулы күрестен тапса, Шоқан, Абай, Ыбырайлар ағартушылықтан, Әлихан, Ахмет, Мiржақыптар Алаш автономиясынан, Шоқай тұтас Түркiстанды құрудан, Әлiби, Сәкендер таптық күрес ілімінен олжалады.  Осылайша,тағдыры тоқсан мың тарау адамдар қауымдастығының ортақ мұратын дөп басып анықтау, болмыс-бітімін сақтайтын өзіндік жолы мен болашағына дұрыс жөн сілтеу ойшылдардың әлденеше буынын толғантқан. Дүние дүр сілкініп, екі лагерьге қақ бөлінген ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялылары бұл міндетті шеше алды. Егер, ұлттық идеяның мәні – ұлттың тағдыр анықтағыш тілегі, ниеті, оны ілгері қадам басуға жұмылдырушы фактор, күн тәртібіндегі басты мәселені шешуге бағышталған мазмұнды әрі кесек ой десек, осылардың жиынтық формуласы М.Дулатов дәйектеген «Оян, қазақ!» тұғырнамасында жатыр. Бұл ұран емес, М.Дулатовтың өлеңдер жинағы да емес. Халық қасіретін, замана келбетін дәлме-дәл айқындаған сәуегейлік. Шынында да, екі ғасырға жуық созылған отарлау, қорлық пен зорлық халықтың дү­ние танымына, мінезіне, өмір салтына, шаруашылығына орасан зор нұқсан келтіріп, еңсесін түсірген еді, алды-артын бағамдау қасиеттерінен айыра бастаған-тын. 
Бір мүшелден де аз мерзім ішінде Ұлы даланы қозғалысқа әкелген «Оян, қазақ!» идеясы мақсат-мұратына жетіп, 1917 жылдың жазынан оның орнын «Қазақ автономиясы» ұлттық идеясы басты. Большевиктік билік қазақ халқына қисапсыз қасірет әкелетінін Алаш басшылары 1917 жылы-ақ ескертті. Қазан төңкерісін «найзаның ұшымен, айбалтаның жүзімен болған» зорлық актісі ретінде қабылдаған Ә.Бөкейханов, обалы нешік, әу бастан қазақ жұртын бірігуге, мақсатты әрекетке, бас амандығын қамтамасыз етуге шақырды. «Есік алдынан дауыл, үй артынан жау келді! – деп дабыл қақты ол. – Алаштың баласы, Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан соң, 200 жылда, басыңа бір қиын іс келді! Ақсақал аға, азамат іні, от басы араздық дауды қой; бірік, жұрт қызметіне кіріс! Алаштың басын қорғауға қам қыл!». Бұл «Қорған, қазақ!» ұлттық идеясы еді. Бірақ Алаш көсемінің сақтандыруынан қорытынды шықпады. 
Ұлттық идеяның 1917 жылғы қазанда басталған үшінші дәуірінде большевиктер Алаш үнін тұншықтыру үшін күш қолданумен қатар Қазақ автономиясы идеясын өз пайдасына ұтымды жарата алды. Ақиқатына келгенде, қазаққа мемлекеттік құрылымы автономиядан төмен мәртебені ұсынуға жол қалмады. Соның өзінде үрдісті үш жылға созды. 1920 жылы құрылған Қазақ АКСР-і түрі жағынан ұлттық мемлекеттік құрылым көрінгенімен, мазмұны, өкілеттігі, миссиясы бойынша қуыршақ мәртебесінде қалғанын тарих тағылымы сан рет дәлелдеді. 
Кеңестiк Қазақстандағы ұлттық идеяның тарихы мен тағдырын бiр ауыз сөзбен шиырып айтар болсақ, ол – ұлтжанды тұлғалардың қасiретi мен қуғын-сүргiнге ұшырағаны, кешегi әралуан ұлттық идеяны әу бастағы тартымды мән-мағынасынан жұрдай болған утопиялық социалистiк идеяның алмастырғаны, ол – өз елiндегi, өз жерiндегi біраз қазақтың күшпен таңылған саяси-идеологиялық тапшыл ұрандар мен адасулар әсерiнен қазақтан жатсынуға бет түзегенi. Ұлтын сүйген, социалистiк эксперименттерден қара бұлттай төнiп келе жатқан апаттың сұмдығын қапысыз ұғынған рухы биiк ақын-жазушылар, ғалымдар, жекелеген тұлғалар туған халқының тiлi, дiнi, мәдениетi, жерi үшiн отқа күйiп, суға түскенмен, қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйе Қазақстанда тiлге жеңiл, жүрекке жылы ұлттық идеяны түзуге де, халыққа ұсынуға да жеткiзбедi, көктей солдырды. 20-30-жылдары Алаш зиялылары құрбандыққа шалынғаннан кейiн ұлттық идеяны табу бағытындағы талпынысты «ЕСЕП» партиясының, «Жас тұлпар» қозғалысының дүниеге келгенiнен, «Қазақ әдебиетi», «Зерде» газет-журналдарындағы ұлт тарихы, тiлi, мәдени мұрасы жайлы жарияланымдардан, Ш.Смаханұлының қазақ мектептерiн ашуға жанталасынан, 1979 жылғы Целиноград, 1986 жылғы Алматы оқиғаларынан көргенiмiз ләзiм. Әйткенмен, бағыт – мақсатқа тура жеткiзетiн даңғыл жол емес. Кеңестік 70 жылдың ішінде қисапсыз қасiреттi басынан өткiзген, демографиялық азшылықтың әсерінен ұлттық болмыс-бітімінен ажырай жаздаған біздің ел тәуелсiздiктiң табалдырығынан кемел ұлттық идеясыз аттады.
Тәуелсіздік таңы атысымен ұлттық идея мәселесі белсенді қолға алынды. Түрлі пікірлер ортаға салынды. 2007-2009 жылдары Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті ұсынған «Ұлттық идея – Қазақстанның тұрақты дамуының факторы» бағдарламасы аясында жүздеген ғылыми жоба қаржыландырылды. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары 2009 жылы аяқталған сол бағдарламаға қатысушы болғандықтан жоба нәтижелерін 2012 жылы ғана Астанадағы «Фолиант» баспасынан шыққан «Ұлттық идея: тарихи тағдыры мен болашағы» атты монографияға топтастыра алды. Еңбекте 1991-2012 жылдар аралығындағы Қазақстанның ұлттық идеясы, оны анықтаудағы Елбасымыздың көрегендігі, идея тағдырындағы астаналардың рөлі былайша дәйектелген: 
Ахуалдың мейлінше күрделі екенін 1991 жылғы 17 желтоқсанда, яғни тәуелсіздіктің бірінші күнінде, Елбасымыз бүкпесіз айтты: «Кең-байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесекте ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді. Әсіресе, жастар салқынқандылықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашанда достыққа адал болса, бауырмал, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік». Осылайша, Қазақстан тұрақтылық пен жасампаздыққа бастаған ізденіс жолын таңдады. 
Алматыдағы Орталық алаңда азаттықтың ақ таңын қарсы алған сан мың адам алдында тебіреніспен айтылған Президенттің сөзінде өтпелі кезең үшін қажет ұлттық идеяның құрамдас бөліктері айқындалған еді. Алдымен дүниеге келген жаңа мемлекет Қазақ елі екені баса көрсетілді. «Ел» ­­- байырғы түркі заманынан бері бар ұғым-түсінік, Халық, Отан, Атамекен дегенді білдіреді. «Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Міне, енді сол күнге де жеттік», – деді Елбасы. 
Президент пайымынан ұлттық идеяға қатысты екі ой-түйін туындап тұр. Бірі – ұлттық идея өзін-өзі таныған ұлт барда ғана дүниеге келетіні. Өзін-өзі тану тарих толқынында шыңдалған ұлттардың пешенесіне жазылған. Ұлттық «Меннің» асқар шыңы – ұлттық мемлекет құру, ұлттық мемлекет – ұлттық «Меннің» қамал-қорғаны. Екіншісі – ұлттық идеяның мазмұны мен өзегін, бүгінді кемел келешекпен жалғастыратын өміршең де қисынды арман құрайтыны. «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» қағидатын халқымыз ұрпақтан-ұрпаққа аманаттағанда өсер елдің серігі оптимизм екенін қапысыз таныған ғой. Бұдан кейін алға тартылған президенттік келелі ой – тәуелсіздіктің табалдырығында, жол басында тұрғанымыз жайлы. Дұрыс бағытта ілгерілеу үшін бірінші қадамнан ұлттық идеяны оң анықтаудың мәні зор. Тәуелсіздік өткеннің қарызы мен парызын атқаруға есік ашуымен ғана қымбат емес, әлемдік өркениеттің көші соңында салпаңдамауға, табиғи-ырғақты өсіп-өну жолын табуға мүмкіндікті арттыратын ұлттық идеямен де қымбатты. Еңселі ел болу тым асығыстықты да, ерте күнді кеш қылған жайбасарлықты да көтермейді. Біз үшін оны ешкім атқарып бермейді. «Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда», – деді Президент. Тарқата айтар болсақ, әулеті мен дәулеті тасыған еңселі ел дегеніміз шынайы әрі де-юреден де-фактоға айналған, толыққанды азаттыққа қол жеткізген, ұлттық идеясын әспеттеген ел ғой. 
Президент сөзінің соңы көп ұлтты халыққа береке-бірлік жарасатынын баса көрсетумен түйінделді. «Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін», – деді ол. КСРО-ның ыдырауын тездеткен ұлтаралық қақтығыстар қызуы асқынып тұрғанда, желтоқсан жарасы жазылмаған тұста азаматтық келісім мен саяси тұрақтылықты басты міндеттердің қатарына қою барлық жағынан өзекті болатын. Ұлттық идеяның көздегені де халықтарды ара-дара қылу емес, тұтастыру ғой. Әрине, азаттықтың алғашқы ақ таңында ақтарылған жан тебіренісінде ұлттық идея ұғым-түсінігі қолданылған жоқ. Тоталитаризмнің идеологиялық, саяси, демографиялық қысымынан ұлтсыздануға шақ қалған Қазақстанда басқаша болуы мүмкін де емес еді. Бірақ, ұлттық идеяның болмыс-бітімі Қазақ елі, Азаттық, Бірлік екені тайға таңба басқандай дараланды. Осылайша, бар-жоғы биылғы Жолдауға дейін пікір-талас туғызып келген ұлттық идеяның сүлбесі жүйелік дағдарыс шарықтау шыңына жеткен, алда не тосып тұрғаны белгісіз, тәжірибе мардымсыз, бәзбіреулерді пессимизм иектеген тұста ел астанасы Алматыда дүниеге келді. Тағдыр анықтағыш сәтте Қазақстан халқы, әрине, ең алдымен қазақ халқы сабырлық танытып, асқанның да, сасқанның да сөзіне ермей, Алаштың бас қаласында айтылған ұлағатты сөздерге қонақ берді, бүкіл ел сайлаған тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың таңдауына ұйыды, уәжіне құлақ қойды, өз болашағын сеніп тапсырды. Халық пен Билік арасындағы өзара риясыз сенімнің арқасында, бай, дамыған мемлекетке айналып кетпесек те, Қазақстан әлемге мәшһұр табыстарға қол созды. 1997 жылғы қыста ұлы көштің Жетісудан Сарыарқаға бет түзеуі тәуелсіздіктің елең-алаңында дүниеге келген ұлттық идея өмірі мен шеруін астаналық кезеңге бастаған сәт еді. Елбасымыз Н. Назарбаев Елорданы Астанаға көшіру бастамасымен миллиондардың тарихи миссиясына арна ашты, жаңа Астана озық идеялар мен нақты істердің ұйытқысына айналды. Астана – ұлттық тарихымыздың мәңгілік мақтанышы. 
Қысқасы, ұлттық идея төңірегіндегі ізденіс тоқтамады. Олар қоғамдық санаға игі әсер еткені сөзсіз. Алайда ғылыми нәтижелер бір арнаға тоғыспаған, ғалымдардың басын біріктірмеген күйде қала бергенін мойындауымыз керек. Прагматизмнің қадірі артқан мына заманда ғылым ғылым үшін өмір сүре алмайды. Ұзын арқан, кең тұсаумен жүруге уақыт та жоқ, қаражат та жетпейді. Ақиқатқа жүгінсек, мемлекеттік биліктің ашық та жария қолдауынсыз ұлттық идея табылмайтыны, тамырына қан жүгірмейтіні белгілі болды. Жұлдызды сәт Президентіміздің халыққа «Қазақстан жолы -2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауын жариялаумен туды. «Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел – жалпықазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы», - деді Елбасымыз. Мұндағы «ұлттық» ұғым-түсінігі барша Қазақстан халқын қамтыған мағынаны білдірсе, «Мәңгілік Ел» идеясы мемлекет құраушы халықтың сан ғасырлық құндылығын ұлықтауын, көпұлтты, көпдінді ахуалымызды, бірде-бір этносқа қандай ғана болмасын басымдық берілмейтінін меңзейді. Сөйтіп, жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бағыт-бағдарын, межесі мен мәресін айқындайтын іргетасқа төл тарихымыздың қойнауында қалыптасып, ұрпақтан ұрпаққа аманатталған, бәсеке мен сынақтардан шыңдалумен бүгінге жеткен бабалар арманы қаланды.Енді не істеу керек? 
Біріншіден, Президент дәйектеген ұлттық идея болашаққа ұлы серпіліс болғандықтан, оған конституциялық мәртебе беру – уақыт талабы. Ата Заңымыздың тарау-тарауына енгізумен идеяның жасампаз құдіреті ашылады. Экономикалық, идеологиялық, саяси пікіралуандығының өзекті ұйытқысы орнығады. Екіншіден, «Мәңгілік Ел» идеясын зерттеуде, насихаттауда, оқу үдерісіне енгізуде самарқаулыққа жол бермеу керек. Бұл істен барша зиялы қауым, саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ тыс қалмауына Парламент пен Үкімет, Президент әкімшілігі жағдай жасағаны абзал. Үшіншіден, заманауи ұлттық идеямызды балабақшада тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерден бастап оқушыларға, студенттерге, жастарға жеткізу үшін бар күшті салған артықтық етпейді. Осылардың санасына, өмір салтына сіңген құндылық пен сенім «Мәңгілік Ел» орнатудың қозғаушы күші болары күмәнсіз. Төртіншіден, «Мәңгілік Ел» идеясын ғылыми тануды қазақстандық кәсіпкерлер, бизнесмендер, бай-бағландар қолдауының маңызы зор. Олар ғалымдармен ынтымақтасуы арқылы мәселені тереңінен зерделеген еңбектердің дүниеге келуіне септессе, нұр үстіне нұр. Қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар бюджетке алақан жая бермей, бір мезгіл өзі де қаражат тапқанының айыбы жоқ. Бесіншіден, болашағы жарқын ұлттық идеямызды Қазақстандағы барлық этностармен аймақтарға жеткізу атқарылар іс-шараның бір парасы ғана. Ол әлемдік ақпараттық, ғылыми кеңістіктерден ойып тұрып өз орнын алуы керек. 
Соңғы үш ғасырда қазақ даласында дүниеге келген озық ұлттық идеяның бірде-біреуі отарлау және коммунизм елесінің теориясы мен практикасына шыдас бермегендіктен, жасампаз миссиясын толық атқара алмай, тарих қойнауына кірген еді. Есесіне Кеңестік тоталитаризмнің таптық-партиялық қатыгез идеясы тұлғаларымызды баудай түсіріп, Қазақстанды өркениет әлемінен жыраққа әкете жаздады. Қазақ елінің мәңгілігіне, гүлденуіне қызмет ететін идея енді туды. Осынысымен-ақ, «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауының мәңгілік ғұмыры басталды.
«Мәңгілік Ел» идеясының салтанаты бәріміз бай боламызға саймайды. Әрине, байлар, орташалар бүгінгіден әлденеше есе көп болары сөзсіз. Менің пайымымша, біз «ақылды» ортада өмір сүретін күнге жететін тәріздіміз. Үй, жабдық, жол, көлік, киім, оқулық – бәрі «ақылды» болғандықтан адамдарды адамдық қалпынан шығармайды. Бұл кедейлер, кембағалдар, қылмыскерлер, жемқорлар жоғалады деген сөз емес. Қайшылықтар, кемшіліктер орын ала береді. Шешімі де табылып жатады. Мәселе «ақылды» ортаны түзуге, әсіресе, ғылыми қамтымды экономиканы, жоғары өңделген өнімдер шығаруды қалыптастыруға, білім мен ғылымның тиімділігін арттыруға өздік төл олжа сала білуімізде. «Бұл үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек»! Осылайша ғана «Қазақстан әлемде адамдар үшін қауіпсіз және тұруға жайлы елдің біріне айналуға тиіс».
Кемел келешектің кілті өз қолымызда. 

 

 

483 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз