• Ұлттану
  • 20 Мамыр, 2014

Түркітанушыларды көптеп дайындауымыз керек – БҒМ вице-министрі

Бүгін Астанада өз жұмысын бастаған «Түркі жазуы күні» атты халықаралық форумда ҚР Білім және ғылым министрі Т.Балықбаев еліміздегі түркітанушылардың санын да, сапасын да арттыруымыз керек дегенді айтты деп жазады Baq.kz.  

Түбі бір түркі дүниесінің ортақ құндылығы саналатын түркі жазуының күні – тарихы ортақ, тағдыры ұқсас түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастығын арттырып, халықаралық беделді ұйымдар мен зиялылардың бас қосатын атаулы күн екенін тілге тиек еткен Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев: «Мәдениет әліппеден бастау алады. Өркениетті елдер ежелгі әліпби немесе петроглифтердегі сынық сызбаны құрметпен ұлықтайды. Әлем қауымдастығы бұрындары латын, крилл жазуы күндерін атап өтетін болса, енді Түркі жазуын да атап өтіп отырмыз. Болашақта бұл күн түркі әлемінде түгел аталатын дәстүрлі мерекеге айналуы тиіс. Сондай-ақ, бұл атаулы күн түркі халықтарын өткенімен қауыштырып, тарихи санасын оятып, халықтар достығын нығайтуға қызмет етеді деп ойлаймын»,-деді.
Сондай-ақ, еліміздегі түркітанушылардың саны мен сапасын арттыруда жұмыстар жасалып жатқанын жеткізген вице-министр Тахир Оспанұлы: «Елімізде соңғы жылдары жаңа заман талабынан туындап отырған тың мамандықтармен қатар, түркітанушы мамандар даярлау ісіне де аса мол мән беріліп отыр. Қазір республикамыздың бірқатар іргелі университеттерінде осы саладағы білікті мамандар даярлайтын, арнаулы кафедралар мен орталықтар жұмыс істейді. Болашақта осы бағытта магистрлер мен докторанттар даярлайтын оқу орындарының санын көбейте беретін боламыз»,-деді.

272 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз