• Заманхат
  • 28 Мамыр, 2014

Қазақстан Республикасы кадрлар саясатын жүзеге асырудың ғылыми-әдістемелік негіздері

Қазақстан Республикасы халықаралық аре­нада демократиялық, құқықтық және әлеу­меттік мемлекет ретінде танылуындағы ма­ңызды мәселелердің бірі кәсіби мемлекет құ­ру­дағы еліміздегі кадрлық саясатты дамыту болып табылады. Мемлекетімізде алға қойған басым бағыттарды шешу үшін, кадр жасақ­таудың қалыптасқан жүйесін дамытудың мақ­саттары мен міндеттері еліміздегі әлеуметтік-экономикалық және саяси-модернизация үрдісі­мен сабақтастырылады.


Ғылыми жүйеленген анықтамаларда – кадр ұғымы жеке құрам мағынасын бере отырып, кәсіпорындар мен мемлекеттік  мекемелердің, қоғамдық ұйымдардың маманданған кәсіби қызметкерлерінің негізгі (штаттағы) жиынтығын көрсетеді. Кадр – тиісті білімі бар, әлеуметтік қызметтік дағдылары қалыптасқан қоғамның еңбек ресурстары [1, 367]. Кадрларды тек қана арнайы білімі бар мамандар ретінде ғана емес, сондай-ақ оларды қызметтік және іскерлік қасиеттері дамыған, белгіленген мәртебеге ие лауазымды тұлғалардың құрамы ретінде қарас­тыру, қойылған міндеттерді уақытылы және сапалы шешуге қабілетті мамандардың кәсіби біліктілігі кадрлық саясаттың негізгі көрінісі болып табылады. Жаһандық және еліміздегі ұзақ мерзімді басымдықтардың міндеттерін шешу, кадр жасақтаудың жүйесін ғылыми әдістемелік зерттеулермен қамтамасыз ету жұмыстарының  сапасын арттыру көзделеді. Кешенді ғылыми зерттеулерде қызметтік және іскерлік қасиеттер төмендегідей анықталған:
- қоғамның құндылықтары мен мәдениетін ұғына отырып, мемлекеттің мүддесіне сай қыз­мет ету;
- ұйымның жұмыстары мен іс-шараларына қызығушылық таныту, оның жоспарларын әзірлеу және жүзеге асыру, қоғамда белсенділік таныту, берілетін жеңілдіктер мен артықшылықтарды пайдалануда моральдық дайындық және қыз­мет барысында туындайтын кедергілер мен сәтсіздіктерге төтеп бере білу белгілерімен сипатталады. Ал, іскерлік қасиеттің өлшемдері ретінде қызметкердің кәсіби біліктілігі ерекше назарға алынуы тиіс. Бұл мәселе кадрлар саясатының төмендегідей негізгі қағидаларын жүзеге асырады;
- кешенділік-құқықтық ұйымдастыру­шы­лық, психологиялық және т.б. аспектілерінде кадрлар мәселелерін шешуде есепке алу қажеттілігін көрсетеді;
- перспективтілік – кадрлар жағдайын бол­жау­ға негізделген сипатын айқындайды;
- ғылыми негіз – кадрлармен жұмыстың ғы­лыми негізделген технологияларын және ка­др­лар саясатын жүзеге асырудағы тетіктерді анықтайды.
Еліміздегі басты саяси және экономикалық мәселелердің нақты шешімін табуы кадрлардың кәсіби біліміне, тәжірибесіне, жеке қасиетіне тікелей негізделе отырып, оларды орналастырып тиімді пайдалануға байланысты. Осыған орай, кадрларды түрлі жоғары оқу орындарында оқытып, даярлау жан-жақты қарастырылған. Жұмыс орындарын кәсіби мамандармен қам­та­масыз ету кадрлар саясатының басым бағыттарына негізделген.
Қазақстанның  ұзақ мерзімді Стратегиясында басымдықтарды дамытудың негізгі міндеттерінің бірі – кадр саясатының белсенді жүзеге асырылып, жаңа ғылыми пікірлер негізінде теориялық және методологиялық ұстанымдар мен тиімді құрылымын құру мәселелері тұжырымдалған:
-  әлемдік озық тәжірибелерде дәлелденгендей, ғылыми негізделген кадр саясаты кез-келген өркениетті мемлекеттің маңызды жиынтығын құрай отырып, кешенділік-құқықтық, ұйым­дастырушылық, басқару – психологиялық және т.б. аспектілеріндегі  кадр мәселелерін шешудің басты бағыттарын көрсетеді;
- кадрлармен жұмыстың ғылыми негізі инно­вациялық технологиялардың кадр саясатын жүзеге асырудағы өзекті стратегиялық міндет­теріне сәйкес мақсаттарын жүйелейді [2, 268].
Мемлекеттік қызметкердің кәсіби маман ретіндегі үлгісін құрайтын екі жүйелік көрсет­кіштің болуы, бірі оның жеке сапалық қасиеттері болса, екіншісі маман ретіндегі кәсіби деңгейінің дәрежесі және бұлар саяси сипаттағы абсолютті кәсіби талапты арттыратын, шешімдердің дұрыс қабылдануына мүмкіндік беретін фактілер. Ал, құрамы ретінде бұл үлгі саяси, адамгершілік және іскерлік сияқты үш маңызды сапалық көр­сет­кішінің жиынтығын құрап, психологиялық дайындықтың, яғни адамның интеллектуалдық және физикалық дамуының өз әсерін тигізу ерекшеліктерін көрсетеді.
Қазақстан Республикасында кадр саясатын дамыту, модернизациялау, теориялық және практикалық мәселелердің кеңінен  зерттелуімен тығыз байланысты. Мұндай байланыстар кадр саясаты жүйесі дамуының озық сипатта болуын талап етеді. Бұл үрдістегі негізгі факторлар қазіргі жағдайдағы мәселелердің шешімін айқындайтын түрлі аспектілердегі  орын алып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси құбылыстарының пайда болу заңдылықтарын зерттеу, оларды дамыту, модернизациялауда дә­лел­ді баламаларды (альтернативаларды) жасау мүмкіндігін арттыру жағдайларын туындатады.  Бұл деңгейде кадрлар саясатын жүзеге асырудың тиімді тетіктері мен көрсеткіштері, негізгі ба­ғыт­тары, кадрлар жұмысының мазмұны мен басым­дықтарын жүйелеу, тиянақты қарастыру туралы міндетті жүктейді.
Кадрлық саясаттың мәселелерін зерттеу барысында функционалды, жүйелі, әлеуметтік, тарихи, проблемалық методологиялық әдіс­терді қолдану маңызды болып табылады. Зерт­теушілердің пайымдауынша, басқару аппа­ра­тының жұмыс істеу мазмұнын жан-жақты зерттеу функционалдық әдістердің мүмкіндігінің  жоғары екендігін көрсетеді. Еліміздегі мемле­кеттік басқаруды оңтайландыруды  іске асыру, кадр саясатын қағидаттарын нысанды түрде зерттеудің тиімді әдістерін белсендендіру қажет. Аталған мәселе практикалық жағынан арнайы ғылыми әдістемелік бағдарлама негізінде функ­ционалдық талдау жүргізу қажеттілік танытады.
Сондай-ақ, кадрлық жұмысты технологизациялау мәселелері ХХІ ғасырда дамыған батыс елдерінің кадрлық менеджментінде кадрлық жұмысты технологизациялау бағытының таралуы кеңінен үрдіс алғаны белгілі. Оның мазмұны кадрлық жұмыстың  қолданбалы сипатын құруда ғылыми методологиялық әдістерді қолдана отырып, практиканы теориямен тығыз бай­ланыста қарастырумен ұштастырылады. Ка­др­лық процестерді технологизациялау – бұл ғылым­дағы салыстырмалы жаңа бағыт болып табылады. Мысалы, оның кейбір элементтеріне тоқталатын болсақ, кәсіби маманның өзін-өзі дамытуы, ынталандыру мәселелері, басқарудың инновациялық технологияларын анықтау, қыз­меттік өсуге жетудегі қажетті жағдайлардың ес­ке­рілуі, оның ішінде жеке тұлғалық қасиет­терін, имиджін анықтау сияқты жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану тиімділік танытады.
Еліміздің тұрақты даму жағдайында кадр саясаты, кадрлар ресурстарын талдау, жос­парлау және біліктілігі жоғары, кәсіби маман­дандырылған, сапалы кадрлармен толықтыру үшін ғылыми-әдістемелік база орталықтарының жұмыстарын жетілдіру және нысандарын айқындау төмендегідей өзекті және стратегиялық міндеттерді шешеді деп ойлаймыз:
- кадрлық саясаттың даму перспективаларында кадрлардың ішкі қозғалысын анықтау, кәсіптік мінездемелеріне нақты талаптар дайындау, сол талаптарды қанағаттандыратын кадрларды іріктеу және жоспарлы дамыту жолдарын жетілдіру;
- кез-келген қызметтің мазмұны мен түрінің динамикасын ескеретін, кадрларға ұзақ мерзімді қажеттіліктерін болжаудың ғылыми әдістемесін дамыту;
- жоспарлы дайындау және тағайындау есебінен кадрларды жасақтау тетігін анықтау;
- кадрлар әлеуетін бағалау, әдістері мен өл­шем­дерін жетілдіру;
- кадрлардың кәсіби әлеуетін ескере отырып, ашықтық және жариялықты жүзеге асыру;
- кадрлардың кәсіби біліктілігін қалып­тастыру;
- кадрлардың кәсіби дайындығының деңгейін арттыру және көпсатылы білім беру жүйесін жетілдіру.
Ғылыми-әдістемелік негіздің бір бағыты мемлекеттік кадрлық саясаттың тиімділігі болып табылады және оның әлеуметтік базасы арқылы анықталады. Қызметті жүзеге асыруда кадрлық саясат патриоттық, кәсібилік, өзара қолдау көрсету, тәжірибелі кадрларға ықыласпен қарау құндылықтарын қолдауға және дамытуға бағытталады. Ол ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етудің қолданбалы ғылыми зерттеу, кәсіби біліммен басқару жүйелерін құру және дамыту бағыттарымен сипатталады. Осы бағытты ұстану барысында, мемлекеттік қызметкердің заң алдында адалдығына, әділдігіне байланысты мәселелер де айрықша назар аударуды қажет етеді. Қорыта айтқанда, кадрлар саясатын жүзеге асыруды ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету басымдығы интеллектуалды элитаның қалыптасуымен анықталып, кадрлық саясаттың маңызды аспектісі ретінде адамгершілік және кәсіби сана-сезімнің жоғары болуы, саяси көзқарастарының нақтылығы Қазақстан Республикасының болашағының жарқын дамуына әсер етуші құндылықтар болып табылады.

Айдана  Бөденеева,
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің
2 курс магистранты 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Ұлттық энциклопедия 4-том, 718 б.
2. Саяси түсіндірме сөздік. Астана, -2007, 615 б. 

461 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз