• Заманхат
  • 28 Мамыр, 2014

Ж. АЙМАУЫТҰЛЫ ӘҢГІМЕЛЕРІ ЖӘНЕ ЗАМАНА ШЫНДЫҒЫ

Қазақ әдебиетінде өзіндік ерекше талантымен із қалдырған, проза жанрының дамуына елеулі үлес қосқан қаламгерлер шоғырында ерекше орын алатын жазушының бірі – Жүсіпбек Аймауытұлы. Өз туындыларында адам мен қоғам, өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық, қуаныш пен қасіреттің бітіспес майданында ғұмыр кешіп жүрген кейіпкерлерінің тұлғасын сомдай отырып, оқырман алдында философиялық мәні терең сауалдар қояды.
Ж.Аймауытұлы шығармасының өмірді қамтуы, келелі мәселені қозғауы үнемі үздіксіз дамып, өсіп, тереңдеп отырады. Сондай-ақ олар­дың ішкі жан дүниесінің құбылысы, ымырасыз тартыс, өмір қайшылығын көрсету де тереңдей түседі. Осындай ізденістен туған туындыларға «Қара бақсы», «Қызыл отау, Қызылбике», «Жаңабайдың жанындағы трагедия», «Тұмарбай мен қатыны», «Әнші» әң­гі­мелерін жатқызуға болады. Бұл шығарма­лардағы көркемдік тәсіл, диалог, тартыс, табиғат суреті кең қамтылып ерекше көп мағынаға ие болатыны байқалады. 


Ж.Аймауытұлы алғашқы әңгімесінің өзінен-ақ композиция жасауға шебер екенін танытқан жазушы. Ол осы мақсатына жету үшін ылғи да алдымен түр үйлесіміне ұмтылады. Тіпті әңгіме, повесі болмасын, әйтпесе романы демейік, соның бәрінде де композициясы өте күрделі келеді, соған қарамастан оқиға шынайы, сыр-сезім сенімді суреттеледі. Мұның өзі жазушы кез-келген шығармасында көркемдік түрді идеялық мазмұнға ұштастыра біледі, дегенге саяры анық. «Жазушы әңгімелері – ел тұрмысын дәл танып, шынайы суреттеп, көркем бейнелей алған құнды дүниелер» деп жазады Б. Байғалиев (1, 178 б.).
Жазушы ерекшеліктерінің бірі – туынды табиғатында, мазмұнында, диалог, монологтың жиі қолданылатынында. «Жаңабайдың жанындағы трагедия» әңгімесі кейіпкердің монологінен басталады. Ол жариялап жүрген шығарманың бәрі қайтыс болған досы Қамиттікі екенін мойындайды. Күтпеген жағдайда қолына түскен қолжазба оны қатты қызықтырады: «Солардың арасынан бір жуан дәптер табылды. Ішін ашып қарасам, марқұмның жазып жүрген ұсақ әңгімелері, өлеңдері екен. Бір-екі сөзін оқып көріп едім дәмді көрінді: қызығып кеттім. Менің де жазушы болам деп көп-жерді шатпалақтайтын «дертім» болатын. Газет, журналдарға кейде сөз жазып жіберетінмін, бірақ, көбінесе басылмайтын: 
«Сөзіңіз тым ұзын екен», болмаса, «маңызы жоқ екен» деген сықылды басқарманың жауабын көретінмін, мына дәптер маған жерден табылған олжадай көрінді: «Қой! Мынаны ұрлап алып, өз сөзім қылып, газет, журналға жіберіп тұрайын. Қамит өліп кетті: «Бұл менің сөзім» дейтін кісі жоқ», – дейді (2, 71 б.). Шынында да осы шығарма арқылы ел ішіне танымал кісіге айналады. Бірақ, ақырында жанын жегі құрттай жеген азап, оны  мойындатпай қоймайды. Автор әңгіменің алғашқы кезінде-ақ оқырманды бас кейіпкермен: «Жаңабай еңгезердей мосқал кісі», – деп қана таныстырып өтеді (2, 73 б.). Осы әңгімеде Жүсіпбек Аймауытұлы өзінің психологиялық мінезді ашуда шебер жазушы екенін көрсетеді. Ол қысқа да нұсқа: «Жаңабай бір айтты-болды; екі сөйлеген жан емес» (2, 73 б.) – деп суреттейді. Кейіпкердің ішкі әлеміне еніп, көзқарасын, қасиеттерін іс-әрекет үстінде ашады. 
Ж. Аймауытұлы кейіпкерінің толқыған сәттегі біртіндеп тебіреніске енуін де шебер суреттейді. Оған: «Жаңабайдың өмірі жас шықпаған отты қара көзінен үш моншақ домалап жерге түсті. ... Көзінің ар жағынан сылдырлап бұлық ағып келе жатқандай, жүйе біткені босағандай елжіреп, өзіне-өзі ие бола алмады» – дейтін үзінді дәлел (2, 75 б.).Бұл  жерде кейіпкер алыс жылдарда қалған балалық шағын есіне түсіреді. Сол арқылы Жаңабайдың балалық дәуірінің қалай өткені анық білінеді. Сөйтіп жазушы өзінің стильдік қолтаңбасын пайдалана отырып, Жаңабайдың жандүниесіндегі сұлулық пен оның ғаламмен байланысын беру арқылы кейіпкердің ішкі әлеміне үңіледі. Бұл авторға осы арқылы кейіпкердің тыныш өмірімен біржола қоштасқанын айғақтау үшін де қажет болғанға ұқсайды:
«Шеше-ау! Сондағы Жаңаш балаң мынау! Елге-жұртқа сыймай, қаңғып бара жатқан сорлы Жаңашың мынау! Көрдің бе, шеше, балаңды?...» – деуі соның айғағы (2, 75 б.).  Осы арқылы әңгіменің түйіні белгілі бір мағынаға ие екені сезіледі. Осыған ұқсас түрлі тәсіл қодану нәтижесінде жазушы оқиғаны қоюландырып, кейіпкердің мінезін аша түседі. Бұл тұстардан жазушы ізденісі, көзқарасы, жазу әдебі мен мәнері, образ жасау ерекшеліктері де байқалады. Адам әлемін еңбегі мен әрекеттері, табиғаты арқылы көрсетеді. 
Ж. Аймауытұлы шығармаларының қара­пайым, оқуға жеңіл екеніне қарамастан, мың түрлі құбылып сезімді қозғайтын стильдік ерекшеліктері қай-қай туындысынан да танылады. Оның құпиясы – тілінің байлығы да, оқиғаның ширақ құрылуында да емес, бұларға қоса түпкі айтар ойының тереңдігінде; табиғат пен қоғамдағы қозғаушы күшке жататын адам тағдырының шебер кестеленуінде жатқаны анық. Мысалы:
«Қураған сар дала. Ұшы-қиыры жоқ дала. Ал­дында белес бардай көрінеді. Белестен асса, ар жағында ел бардай көрінеді. Белес дегені жазық болады. Оның ар жағы тағы белес, оған жетсе, тағы белес...» (2, 45 б.).
Шұрайлы тіл, ішкі ырғақтың саздылығы, сөздің артық-кемсіз орынды қолданылуы, санада пайда болатын ағылған екпін, міне осының бәрі Ж. Аймауытұлы шығармасының кез келгеніне тән қасиет. Жазушы суреттейтін табиғат пен адам арасындағы байланысты оқып отырып, бір кезде, әлдеқандай жағдайда әлгілерді көзіңмен көріп, жан дүниеңмен сезінген жайлар екеніне кәдімгідей иланасың. Осының бәрі ғасырлар бойы ұлттық мәдениеттің санаға сіңірген қазынасының жемісі екені анық. Жазушы еңбегінен өмір тәжірибесі мол дерек көздері көп екендігі көрінеді. Халық қазынасын еркін меңгереді. Сөз сырына зор маңыз береді. 
Қазақ әдебиетінің даму жолдарына жіті көзбен қарасақ, әр дәуірдің дарындары көзқарас, қолтаңбаларымен ерекшеленер еді. Айталық, жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы қазақ жазушылары шығармашылық табиғатын зерделеген кісі олардың бірінің реалист, ал, екіншісінің романтикалық бағыттағы қаламгер екеніне қарамастан стильдік тұрғыдан көбісінің қалыптасқан жазушы сипатына жатқызуға болатынын аңғарар едік. Сондықтан да «Қа­зақ әдебиетіндегі стильдің қалыптасуы он тоғызыншы ғасырдың соңына қарай бой көр­сетіп, соған қарамастан болашақ жылдардың да өлшеміне айналған Абай Құнанбаевтың шығармашылығымен тікелей байланысты екені дау жоқ шындық» – дейді ғалым А. Ісімақова (3, 56 б.).
Суреткерлік пен нәзіктік – Ж.Аймауытұлы стилінің синонимі тәрізді. Мұның өзіндік сыры бар, ол жазушы қиялында туған өмірлік оқиғаның оқырман ойына ауысатынына байланысты. Бұған: «Аспан ала шабыр бұлт. Ызыңдаған күзгі таң бойды шіміріктіреді. Жер бозқырау» (2, 74б.) – деген жолдарды оқыған кісінің көзі анық жетеді. Өйткені, қысқа-қысқа үш сөйлем оқыған кісіні сол бір табиғаттың ішіне еріксіз ендіріп жіберетіні шындық. Жазушы әдеби тәсіл ретінде табиғатты суреттегенде тек жансыз көріністі көрсету үшін ғана емес, кейіпкердің көңіл-күйі мен ойын оқырманға жеткізу мақсатында да пайдаланады. Бұған жоғарыда келтірілген үзінділер, әсіресе Жаңабайдың өмірі, ой-толғанысы, алға қойған мақсаты дәлел болады. 
Ж. Аймауытұлы шығармаларында табиғат суреті мен жылдың төрт мезгілі метафора арқылы беріледі. Сонымен қатар стилистикалық әсердің күшіне сай оқиғамен тығыз байланыс құрайды:
«Мінекей, мынау үңірейіп, аңырап жатқан құр өзен. Жылқыны талай буып тастап, бекінетін құр өзен. Кемеріңде бас бағып қарауыл қарап жататын құр өзен. Қойныңда талай күн түнеп, қараңғыда жылқы жетектеп, жылғаңмен жылысып кететін құр өзен... қош бол, енді адыра қалған қу өзен!..» (2, 74 б.). Бұдан жол үстіндегі Жаңабайдың жан дүниесіндегі азапты сезінеміз. 
Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ даласында болған өзгерістер туралы: «Ж. Ай­мауытұлын толғандырған туған  ұлтының тағдыры, болашағы. Міне, осының бәрін жинақтаған жазушы өз заманының бар шын­дығын қалам қуатымен, үлкен суреткерлік шеберлікпен, жіті көзбен көріп, көркем сөзбен өріп көрсете білген», – деп айтады А. Досыбаева (4, 278 б.). 
Ж. Аймауытұлы «Жаңабайдың жанындағы трагедия» әңгімесінде отызыншы жылдары қазақ жерінде болған ашаршылық мәселесін көтеріп отыр. Біздің ойымызша, қаламгердің аталған әңгімесі қазақ халқының әлеуметтік жағдайын көтеріп қана қоймай, психологиялық тарапынан да терең көрсетілген: «Жаңабай «су бар ма?» дегенде, қалтылдап түрегелді. Қолы дірілдеп, еңкейіп шелектен шөмішпен су әперді. Жаңабай суды жұтып болып қазанды нұсқап:
– Мынауың не? – деді.
Қатын бет-аузы жыбырлап, қисалаңдап, демін бір алды да: «су» деді.
Жаңабай мойнын созып төргі үйге қарады. Пештің түбінде бүркеулі бір нәрсе жатыр: «анауың не?» – деп еді, қатынның бет-аузы тағы да аттай тулап, тұтығып, сөйлей алмады» (2, 77 б.).
Жабық тұрған матаны ашқан кезде еті кесілген кішкентай баланың мәйітін көрген Жаңабайдың жан-дүниесінің ашынғандығын жазушы шебер көрсете білген. Кейіпкер сезі­­мінің ашылуы – жазушының көркемдік ше­берлікті шыңдауының нәтижесі. Әлеуметтік және психологиялық тығырыққа әкелген ситуация. Жаңабай бұл жағдайда еш нәрсе жасай алмады, себебі өзі де осы тығырықта еді: 
«Жаңабай шөмішті тастай беріп қатынға бір түйіліп қарады да, тысқа шықты. Жаңабай кірпияз кісі болатын. Жүрегі айнып арбасына қарай жүрді. Албасты қатын... жемтік, борша борбай... көз алдында тұрғандай... мұндай да әлемет болады екен? Айуан-ай! Өз баласын өзі жеді-ау! Адам ба? Албасты ма? ... Шыбын жаны құрғыр неден мұнша тәтті болды екен!.. Оған да кінә жоқ» (2, 77 б.).  Демек, жазушы еңбегінен адам факторына назар аудару арқылы кезең көріністерін, өмір, уақыт сырларын ашу мұраты айқын аңғарылады. Адам табиғатына үңілу, мінез қырларына ден қою – жазушы мұраттарының бірі. 
Ж. Аймауытұлының «Жаңабайдың жанын­дағы трагедия» төрт бөлімнен тұратын туынды. Соның ішінде төртінші бөлім басқалардай емес, дәптердегі жазудың көп жерінің өшірілгенін оқырманға ескерте отырып, ол кездердегі ай­туға болмайтын өмір шындығын мегзеп қана мақсатына жетеді. Сондықтан да қаламгер аталған бөлімге түсініктеме де беріп жібереді:
«Әңгіменің осы тарауында өшірілген жер­лері бар екен. Сол қалпында көшірмесе, ұғым­сыз бола ма деп, өшірілген жерлеріне нүктелер қойып жазып отырмын» (2, 78 б.) дей келіп, төртінші бөлімнің үзінділері арқылы оқырманды өзінше жорамал жасауға дайындайды: « .......................қанша мықты болса да,  көпке топырақ шаша алмайы........................тартып алам деп, таяқ жеп абақтыға түсті.......................шығарып жіберді....................................Егер көп аштармен біріксе. ............................етер еді. Оны Жаңабай білмеді...............................Әлеумет заңына ол бағынады.....................Әрең дегенде үйіне жетті...........................қайыршы болып тамақ асыраған екен...........................Жаңабайдан әл кетті................Жатқанына, міне, үшінші күн» (2, 78 б.).
Әңгіме жанры – Жүсіпбек Аймауытұлының шығармашылығының қалыптасқан, шыңдалған шағына тура келеді. Сондықтан да оның жазған туындылары ғалам, адам, қоғамдық қатынас, психология, философияның жиынтығы тәрізденіп көрінеді. Жазушының жаңалық атаулыға құштарлығы мен сезімталдығы және соларды көркем стильмен көрсете білуі – кім-кімді де қайран қалдырады. Мысал ретінде, жазушының әңгімелерінің дамуын бақыласақ та жеткілікті болады. Мұндайда біз жазушының басты ерекшелігі – ұлттық рухты, дәстүрді, оның тарихын, жаңа мен ескінің айқасын, билік үшін қырқысқан шайқасты көрсете білуі деп едік. Және бұлар кезекті жаңа шығармасында ерекше мәнге көтеріліп отырады. Мысалы «Жаңабайдың жанындағы трагедия» әңгімесінде Ж. Аймауытұлы қазақ халқының басындағы, жалпы ұлттық мәселені көтерген. Мұнда гуманизм мен ұлттық кемтарлықтың, халық басына төнген аштықтың, қарапайым еңбек адамының өміртанымы басты идеялық бағыт ретінде алынады. Сол заман үшін заңды осы бір жағдай қиын кездегі адам баласының мүсәпіршілік тіршілігін суреттеу арқылы шығарманың әлеу­меттік салмағын арттыра түскен деуге әбден болады. 
Сондықтан да жазушы Жаңабайдың тағдыры негізінде өмір ағысын жаңа арнаға бұру қажеттігін ескертеді. Бұдан, әрине жазушының за­ман шындығын сезінуі, адам факторына маңыз беруі, ең негізгісі образ жасаудағы ізденіс, қолтаңбасы көрінеді. 

Лейла Мекебаева,
 филология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Қазақ әдебиетінің тарихы және теориясы кафедрасының доценті. 

Шәйгүл Рамазанова,
 филология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Мемлекеттік тіл кафедрасының доценті. 

ПАЙДАЛАНЫЛҒЫН ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Байғалиев Б. Жүсіпбек Аймауытов // Жұлдыз. – 1989. - №6. – 178 б.
2. Жүсіпбек Аймауытов. Повесть пен әңгі­мелер, аудармалар // Бес томдық шығармалар жи­нағы. – Алматы: Ғылым, 1997. – Т.2. – 270 б.
3. Исмакова А. Казахская художественная проза:поэтика, жанр, стиль (начало ХХ века и современность). – Алматы: Ғылым, 1998. – С.394.
4. Досыбаева А. Ж.Аймауытұлының ақын­­дығы: жанр және шеберлік // М.Әуезов және әлем әдебиеті: Халықаралық ғылыми-тео­риялық кон­ференция материалдары. – Алматы, 2004. – 268-278бб.

1797 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз