• Заманхат
  • 28 Мамыр, 2014

қазақ мәдениетіндегі кескіндеме

Егеменді ел болып тәуелсіздікке қол жеткізген бүгінгі таңда, тәуелсіздіктің маңыздылығы мен кұндылығын айта кеткен жөн, себебі, тәуелсіздік алғанан кейін бейнелеу өнерінде тарихымызды, ұлтымызды, болашағымызды ешқандай бұрмалаусыз өз болмысында жеткізуге ұмтылды. Кеңес үкіметі кезінде тыйым салынған тақырыптарды қайта жаңғыртуға мүмкіндік алдық. Қазақ тарихының 1918 жылғы төңкерістен басталатынына іштей қарсылық білдіртіп, оның сонау бағы замандардан бері қалыптасып келе жатқанын дәлелдеу үшін терең тарихқа үңілдік.


Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ кескіндеме өнерінде айтулы тұлғалар қатары айтарлықтай өз есебінде толыға бастады. Солардың ішінде ұлт тәуелсіздігін руханият әлеміне көтеріп, кең жол, жаңа өріс ашушы жаңа буын кескіндемешілерді атап айтар болсақ, Ағымсалы Дүзелханов, Жүмакын Қайрамбаев, Бақытхан Мырзахметов, Досбол Қасымов, Қазбек Әжібеков, Өмірбек Жұбанязов, Дәулет Аймағамбетов, Талғат Тілеужан, Жамхан Айдар т.б.
Өнер тарихы әрбір суретшінің шығарма­шылығының өзіндік сипатта болатынына көзімізді жеткізеді. Ильфтің күнделік беттерінде «Барлық талантты адамдар әртүрлі жазады, ал, дарынсыздар - бірдей жазады» деген сөздер бар [30,272]. Осыған көзімізді жеткізу үшін тәжірибелер жасап әбігер болудың қажеті жоқ. А. Дүзелханов пен Ж.Қайрамбаевтың, Б. Мырзахметов пен Н. Аштеманың, Ө. Жұба­ниязов пен Қ.Әжібековтың, Д.Қасымов пен Т.Тілеужанның шығармашылығын өзара салыстырудың өзі жеткілікті.
Дәстүрлі кескіндеме саласында өзіндік мәнерімен бағытын қалыптастырған суретшілер қатары сонау тарихымыздағы көшпенді хал­қымыздың тұрмыс-тіршілігін өз болмысында жеткізе отырып, көшпелі дәуір салты мен дүние­танымының терең философиялық мағынасына үңіледі. Шынайы тарихи кезеңдерді, тұрмыстық жағдайды жоғары жыр деңгейіне көтереді. 
Шығармашылығына Доспамбет пен Ақтам­бердінің, дана Бұқар жыраудың реалистік дәстүрлі өнерін негіз еткен Б.Мырзахметов әрқашан ұлт тарихымен, ел тағдырымен рухани байланысын үзген емес. Тумысы Қостанайлық суретші 1953 жылдың 27 қаңтарында дүниге келіп, өнерге деген қадамын 1976 жылы Алматы көркемсурет училищесінде бастайды. Кейіннен Мәскеудегі В.И.Суриков атындағы мемлекеттік көркемөнер институтын тәмамдап, 1988 жылы ҚР суретшілер одағының мүшелігіне қабылданады. Суретші шынайы өмірді, ежелден келе жатқан қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, халықтық философияны сипаттап көрсетуде өзіндік қолтаңбасы мен ерекшеленеді.
Қылқалам шебері Б.Мырзахметов жанр­лық кескіндемеде ұзақ уақыт жұмыс жасап, халқына айтулы туындыларын табыс етті. Оның тұрмыстық жанр да шешім тапқан «Көш» (1999), «Қансонарда» (2010), «Бүркітші» (2009), «Сәскеде» (2001), «Қарахан кесенесі» (2002), «Ежелгі тараз» (2002), «Аққу дәурен» (1998) атты өзіндік ізденістерге толы құнды шығармалары қазақ жеріндегі көптеген өнертанушылар мен өнер зерттеушілерді қызықтыра түсті.
Суретшінің тұрмыстық жанрдағы «Көш» туындысы 1999 жылы орындалған. Композиция қазақ халқының өткен өмір-тіршілігін, болмыс- тынысын яғни, көшпенділік өмірді суреттейді. Тарихтан белгілі қазақ халқы Кеңес үкіметі орнағанға дейін көшпенділік күй шерткені мәлім. Бір жерден бір жерге көшіп барып, қоныстану салты да өзінше бір мереке.
Б.з.б. екі мыңыншы жылдықта пайда болған Көшпелілік – көшпелі халықтардың тарихи қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық даму жүйесі, шаруашылықтың мәдени типі.
«Көш» композиция желісі триптихта шешіледі: бірінші көрінісінде көштің бас бөлігі орналасса, екінші бөлігінде орта шеруі, үшіншісінде көштің соңғы тобы бейнеленеді. Көшіп бара жатқан бір ауылдың артынып-тартынған түйелерінің үстіндегі күймелер көштің сәнін тіптен әрлендіре түседі. Кенептен бойжеткендер мен бозбалалардың жыр-әуендері мың түрлі түске құбылып, құлаққа естіліп тұрғандай әсер қалдырады. Көшпенділер тұрмыс-тіршілігінің ажырамас бөлігі, мал шаруашылығы, яғни, төрт түлік. Автор оқиға желісінде төрт түлік малдың өзіндік рөлін барынша суреттей түседі. Әсіресе, көш шеруіндегі алдыңғы пландағы жегілген өгіз арбалар мен сәйгүліктердің екпінді жүрістері көрген жанды бірден өзіне баурайды. Жеті қазынаның бірі есептелетін ауыл иттері де көшпен бірге асыр сала еріп барады. Олардың әрбір қимыл қозғалысын суретші өте ыждағаттықпен береді.
Триптихтың бірінші және үшінші бөлік­теріндегі элементтердің қайталануы компози­циядағы тепе-теңдікті сақтайды. Сонымен бірге шығармадағы әрбір көрініске өзінше қозғалыс береді. Түстік шешімде ойнақы жылы түстердің бір-бірімен өзара байланысы жайма-шуақ мамыражай мезгілден сыр шертеді.
Көркем шығармада ұлттық нақышты айқын­дайтын ерекшеліктердің бірі, ол кейіпкер­лер­дің киім киістері. Ақсақалды аталар мен ат үстінде бесік ұстаған кимешек киген ақ самайлы әжелер көрерменге тәрбие мен өнегенің өзіндік үлгісіндей әсер қалдырары хақ. Бұрымды қыз келіншектер, боз балалар мен сері жігіттердің әзіл қалжыңдары көшті қызықты жыр думанға бөлеп келе жатқандай. Көш шеруінің бірінші бөлігінде, көштің келе жатқан бағыты айқын беріледі. Бүркіт ұстаған кейіпкердің сұлбасы бірден көзге түседі. Бұл аңшылық, саят құру ісінің көшпенділер тұрмысындағы алар орнын айқындай түссе керек. Екінші бөліктегі тазы иттердің алдыңғы планда берілуі де аңшылық ісінен хабар береді.
Көштің орта шенінде жылқы жануарының бітім болмысына автор айрықша тоқталады. Халқымыздың «ер қанаты – тұлпар» деген аталы сөзінің мәнін аша түскендей. Ат құлағында ойнаған көшпелілердің жаратылысын, мінез-құлқын астастыра бейнелейді. 
Тәуелсіздік жылдарындағы кескіндеме саласында жанрлық шекаралардың жойылуы суретшілер шығармашылығында көрініс тауып жатыр. Б.Мырзахметов ізденістерінде «Ежелгі тараз», «Қарахан кесенесі» атты тарихи көрініске ие тұрмыстық жанрдағы туындылары, өткен ғасырлардан қалған ескерткіш мұраларының бірі деуге болады.
Тарихи деректерге үңілсек, ежелгі Тараз – бұл Орта Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Л.Н.Гумилевтың айтуынша Тараздың алғашқы атауы Талас болған. Қытай деректерінде Тараздың негізін б.з.б.І-ғасырда ғұн билеушісі Чжичи қалағаны жайлы айтылады. 6-ғасырда Түрік қағандығына қарайды. 10-ғасырда Қарахан қағанатының игілігінде болады. Араб географы әл-Макдиси Тараздың ірі бекіністі қала болғандығын жазып қалдырған. 10-12 ғасырларда Таразда сәулет өнерінің бірнеше ірі тамаша сәулет туындылары тұрғызылады. Суретші Тараз қаласын бейнелеуде кенептегі сәулеттік құрлыстың монументтігін барынша арттыра отырып, оның қаншама ғасырлар таразысынан өткен көне тарих шежіресі екенін өте дәлдікпен шешеді. Композицияда артқы планда берілген сәулеттік құрлыстың ауқымы өте үлкен. Сатылы бөлік- бөліктерден құралған ғимаратта әр кезеңнің элементтері анық байқалады.
Тағы бір деректерде 630 жылы Тараз қаласында болған будда монахы Сюань Цзянь өз естелігінде бұл қаланы Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі сауда орталығының бірі деп сипаттап кеткен. Тарихта Тараз қаласы сауда орталықтарының маңызды бөлігі болған. Кенепте шығыстық қыш ыдыстарының көрініс табуы сол кезеңдегі өзге елдер мен барыс-келістің, сауда-саттықтың жақсы дамығанын көрсетеді.
Көркем шығармадан мамыражай тыныш күй сәті сезіледі. Кенептегі жылы түстердің үндесуі дәл түс мезгілінің әсерін аша түседі. Кейіпкерлер сұлбасынан және мешіт формасындағы кесенелерден мұсылмандық түркілік сарынның келбетінен хабар береді. 
Егемендік жылдардағы тұрмыстық жанрда еңбек етіп жүрген тәуелсіз еліміздің төл түлегі Қ. Әжібеков 1965 жылы дүниеге келіп, 1982 жылы алғаш өнер әлеміне қадамын Алматы қаласындағы көркем сурет училищесінде бастады. 1986 жылдары Т.Жүргенов атындағы Өнер Академиясының монументалды кескіндеме факультетін ойдағыдай тәмәмдайды. Білімін шыңдаған жас суретші еліміздің көркем өнер саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, өзіндік мәнерін қалыптастырған тұлға.
Шығармашылығына аға буын өкілдері, ұлттық айшықтағы суретшілер - О.Таңсықбаев, Қ.Телжанов, М.Кенбаев, С.Айтбаевтардың мәнерін белгілі бір дәрежеде сіңдіре отырып, көрермен еш жаңылмай табатын «Әжібекұлы» дейтін қолтаңбасымен картиналарын халқына ұсынды.
Көрерменін өзіне бірден баурайтын көш­пен­ділер картинасы көптеген шығармалар топтамасының бастапқы парағы іспетті. Композициядағы басым бөлік кеңістікке беріледі. Тылсым табиғат әлемінің соншама алып көлемдегі бейнесі айрықша көзге түседі. Табиғат пен адамзаттың бір-біріне байланысы егіз жаратылыс иесі тәрізді.
«Көшпенділер» шығармасы 1998 жылы орындалған. Кенептегі оқиға желісі көшіп келе жатқан қауымның бір жерге кідіріп, дамылдаған көрінісінен бастау алады. Жерұйықты іздеген ата-бабалар көші ме, жоқ әлде аумалы-төкпелі кезеңдегі тыныштықты аңсаған халық көші ме, әлде салтанат құрып келін алып келе жатқан ел бейнесі ме? Ол жағын автор көрермен назарына қалдырады. Қара жердің қайығы, шөл жануары түйе малының көшпенділер үшін алар орнын айрықша ерекшелейді. Күйме ішінде отырған жас келін образы мен бүркіт ұстаған аталар бейнесі композицияның мәнін тіптен аша түседі. Көшпелі халқымыздың тұрмысындағы, салт-дәстүрлерді де жыр ете суреттейді. Шығармадағы түстік коларит ақ көк түстердің байланысы арқылы шешімін тауып бір-бірімен өзара үндестік құрайды.
Осы «Көш» шығарма желісі «Ата жұрт» туындысымен жалғастығын табады. Көштің ата-жұртқа оралып қоныс теуіп жатқан қуанышты сәтін көңілге қонымды етіп суреттейді. Композиция құрылымы орталық бөлікке негізделіп, артқы фон бұлдырлана берілген. Сол бұлыңғырлық арқылы суретші көш тақырыбының тарихи және ұлттық құндылыққа толы мұра екендігіне ерекше екпін береді.
Картинаға зер сала қарасаңыз, бұлыңғыр сағым тәрізді Түркістан қаласының символына айналған Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сұлбасы көрінеді. Автор мұнда көрерменге үлкен философиялық ой тастайды. Сан ғасырлық тарихы тереңде жатқан, түбі түрік халықтардың мекеніне айналып, кейін қазақ хандығының астанасы болған бұл қаланы суретші ата-жұрт тақырыбын ашудағы маңызды элементтердің бірі ретінде қарастырады. Көш керуенінің жай көш емес, ата-жұртқа қоныс аударған бабалар шеруі екенін аңғартқандай.
Автордың көркем туындыдағы шешімінен тарих қатпарында қалған өткен өмірімізге деген сағыныш іздері байқалады. Кейіпкерлердің киім киістеріде орта ғасырдағы түркілік заманын еске түсіреді. Кенепте орта бөліктегі сәлде киген данагөй кария мен қарт кісілердің ата-жұртқа оралғаннан кейінгі бір-біріне деген риясыз көңіл күйлерін ақтарып жатқан сәттерді өте тартымды етіп суреттейді. Алдыңғы пландағы иттің жатқан бейнесі де композицияның мәнін ашуда маңызды рөл атқарады. Қазақтың дәстүрлі дүние танымындағы философиялық түсініктердің бірі, жеті қазынаны ел өмірімен байланыстырып жатады. Яғни, осы жеті қазынаның бірі құмай тазыны автор даралай бейнелейді.
Қазақта жеті қазынаны, жеті ырыс деп те қараған. Осы жеті ырысқа жер де кіреді. «Жерсіз – ел тұл, ерсіз – жер тұл» деген мақал осыдан қалса керек. Ата-қонысқа оралған халық жеті ырысын түгендегендей. Шығарманың оң жақ бөлігіндегі кішкентай бала бейнесінен ұрпақтар жалғастығы көрінеді, аманат еткен ата-жұрттың болашақ иесі осы ұрпақтар екенін суретші дөп басып кескіндейді.
Кескіндемеші халқымыздың асыл мұра­ларын көксеу, аңсау сезімі арқылы ұлттық бастауларымызға қайта оралуға мүмкіндік бере­тін, келесі туындылар жиынтығын жазды. Атап айтсақ, «Айлы түн» (1997), «Отау» (1998), «Тігіншілір» (1998), «Келін» (2003), «Бата» (2005) сияқты шығармалар көрерменіне ой салар топтама. Бұл еңбектерінде этнографизм мен декоративизм бағытын ұстанған. Кенептегі ұлттық киімдегі кейіпкерлер мен дәстүрлі тұрмыс-салт көріністерін жиі пайдалана отырып, лирикалық, поэтикалық көңіл күйді жеткізуге ұмтылады.
Өнертанушы Жазира Ақсақалова кескін­демеші Қ. Әжібекұлы шығармашылығына егжей-тегжейлі тоқталып, «Айлы түнде» жұмсақ жағыс арқылы суретші батыс Еуропалық көне шеберлердің сурет салу үрдісіне қол жеткізгендей түр танытады. Жайқалған жалғыз ағаш астында әуеден түскен «көк қошқарды» бауыздап жатқан адам бейнесінен, мал сою рәсімі баяндалады. Сюжеттік және мазмұндық желісі тұрғысынан бұл мифологияға жақын» – деп, тұжырымын айтады [38]. 
Қорыта келгенімізде бүгінгі тәуелсіздік та­ңын­да кескіндеме саласында тарихи тұрмыстық жанр­дың маңыздылығы аса қажеттілік ту­дырған бағыттардың бірі болып отыр. Тарихқа үңіле отырып, халық санасына өткенге деген қызығушылық пен сүйіспеншілікті ояту, бұл тәуелсіздік кезеңіндегі кескіндеменің басты мақсатына айналып отыр. Олай болса сыршыл суретшілер қауымының халыққа керекті тарихи, мәдени, философиялық дүниетанымнан сыр шертетін туындылары келешек ұрпақ жадында мәңгі қала бермек.  
Әди Батиза,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 
2-курс магистранты

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Кучеренко Г. А. Героическое в искустве. - М.: Изобразительное Искусство, 1980. - 272 б.
2. Ақсақалова Ж. Қазіргі әдебиеттану, өнер­тану және фольклортанудың өзекті мәсе­лелері. - Алматы. 2011.

646 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз