• Тарих толқынында
  • 08 Желтоқсан, 2011

Айтары мол, шежірелі «Ақиқат»

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Бас ғимаратындағы ғылыми кеңестің мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығы және «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының 90 жыл­дығына арналған «Қазақстандағы ақпараттық процестер: тәуелсіздікті нығайтудағы БАҚ рөлі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

ХІХ ғасырдың бірінші ширегінен бас­тап, яғни 1921 жылдан бері жарық көре бастаған «Ақиқат» журналының тарихи-тағылым­дық ше­жіресі халқымыздың тәуел­сіздік жолында­ғы өсіп-өркендеуімен тығыз байланысты. Тұтас бір ұлттың бет-бейнесін айшықтайтын, бір ғасырға жуық жолды жүріп өткен басылымның айтары да, жазары да қашанда мол. «Ақиқат», шын мәнінде, көпшіліктің ықыласына бөленген басылым екенін  уақыттың өзі дәлелдеді. 90 жылдық нөмірлерінің сарғайған беттерінде «Ақиқаттың» көтерген мәселелері аз болған жоқ. Ел мен жер, халықтың әл-ауқаты, саяси-экономикалық бағыт-бағдар, әлемдік өр­кениеттер тоғысы тәрізді күрделі мәселелерді күн тәртібіне шығарып, оқырманға ой салып, көкірек көзін ашатын сарабдал басылымға айналды. Журнал заман мен уақыттың саяси-әлеуметтік көріністерін сипаттап бейнелеген, осылайша, болып жатқан рухани-мәдени құбылыстарды саралап, тасқа басқан тірі шежіреге ұласты. «Ақиқат» халық өмірінің айнасы болуымен бірге, қазақ халқының болмысына, дүниетанымына жақын тақырыптарды қозғай алды, рухани байлықты дәріптеді, ғылым мен білімді ту етіп, ізгілікті арқау еткен бірегей басылым ретінде қызмет етті.

Кеңес дәуірінің кезінде «Ақиқат» жур­налының атауы басқа болғанымен, мақсаты-мұраты, көтерген тақырыптары тап қа­зіргі­дей ұшан-теңіз еді. «Қызыл Қазақстан», «Ауыл коммунисі», «Коммунист», «Қазақ­стан коммунисі» деген атаумен жарық көріп, бүгінде «Ақиқат» атын ұстанып келе жатқан журнал, шын мәнінде, өзінің ұлттық келбетін айшықтауда ақиқаттың, шындық пен шынайылықтың үлгісін насихаттауға бағыт алды. Бір кездері «Ақиқаттың» тоталитарлық жүйенің қылышынан қан тамған заманында идеологиялық құралға айналған кездері де болды, алайда қасиетті Тәуелсіздіктің келуімен журнал әрбір тақырыпқа еркін бойлап, цензуралық шектеуден біржола арылды. Ол бүгінде мемлекет дербестігінің нығаюына өзіндік сүбелі үлесін қосып келеді. Басылым беттерінде зиялы қауым өкілдерінен бастап, жас ғалым зерттеушілердің ойлы мақалалары жарық көріп, қоғамдық пікірталастың өзегіне айналды. Журналды басқарған әр жылдардағы редакторлары  – Камал Смайылов, Сарбас Ақтаев, Ахат Жақсыбаев, Нұрмахан Оразбек, Темірхан Медетбек, Жұмабек Кенжалин, Самат Ибраим сынды қарымды қаламгерлер журналдың бастапқы редакторлары Абдолла Асылбеков, Ерғали Алдоңғаров, Мырзағұл Атаниязов, Нәзипа Құлжанова, Нығмет Нұрмақовтар салып кеткен сара жолды табысты да сәтті жалғастыра білді. «Ақиқаттың» редакторлық ұжымы уақыт пен заман талабына сай өзгеріп келсе де, басылымның ел өміріндегі бет-бейнесі дәл сол қалпында. 90 жылдық белесіне үлкен табыс пен ғибраты мол өнегелі өмірімен келіп отырған басылымның алдағы уақытта да қазақ руханиятының шамшырағы болып қала беретіні сөзсіз.

Басылымның 90 жылдық мерейтойына арналған ғылыми басқосуға еліміздің БАҚ өкілдері, алыс-жақын шетелдерден келген құрметті қонақтар, бір топ зиялы қауым өкілі, магистранттар мен студенттер қатысты. Осынау айтулы күнге орай үкімет және министрлік басшыларынан келіп түскен құттықтау хаттарының легі мол болды. Олардың арасында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтен, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтен, Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиевтен, Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтан, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахмановтан, Қазақстанның бас­ты жоғары оқу орындары ректорларынан келген жылы лебізге толы хаттарды ерекше атап өтуге болады. Жиын барысында сөз алған «Ақиқаттың» әр жылдардағы редакторлары мен конференция қонақтары журнал ұжымын айтулы мерейлі шағымен құттықтап,  жүрекжарды лебіздерін білдірді.

«Қазақ газеттері» ЖШС-ның бас директоры, редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин басылымның әр кездердегі редакторлары болған белгілі қаламгерлер Сарбас Ақтаев, Ахат Жақсыба­ев, Нұрмахан Оразбек, Темірхан Медетбек, Самат Ибраимге «Ақиқат» журналына сіңір­ген еңбектері үшін марапаттау мен бағалы сыйлықтар табыстады. Осы алқалы жиын ба­рысында «Ақиқат» журналының бас ре­дакторы Мұхитдин Салқынбаевқа, «Ана тілі» газеті бас редакторының бірінші орынба­сары Нұрперзент Домбайға «ҚР Мәдениет қай­раткері» белгісі табыс етілді. Сондай-ақ «Мәдениет қайрат­кері» белгісімен «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Қарағанды облысындағы өкілі Батырбек Мырзабеков марапатталды. «Ақиқат» жур­налының бұрынғы басшысы Сарбас Ақтаев пен басылым бас редакторының орынбасары Қыдыралы Қойтайға Қазақстан Журналис­тері одағының «Қазақстан журналистикасы­на 50 жыл» мерекелік медалі табысталды. Басылым қызметкерлері де мерекелі күнге орай  дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Дәуіржан Төлебаев

 

882 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз