• Заманхат
  • 15 Шілде, 2014

Киіздің заманауи киім дизайнында жандануы

Қазақ киімі құлазыған кең даланың үскірік аязы мен аптап ыстығының, салқын самалы мен аңызақ желінің әсерімен қалыптасқан, бар өмірі көлік үстінде өткен Сарыарқа мен оған іргелес жатқан ұланғайыр кеңістікте көшіп-қонған малшы қауымның, таңның атысынан күннің батысына дейін тізе бүкпей «жер шұқылап», мал ұстап күн кешкен Сыр бойындағы, Қазақстанның оңтүстігі мен Талас-Шу атырабындағы жартылай отырықшы және отырықшы елдің ғасырлар бойы реттеуге көне қоймаған тұйық шаруашылығы мен қарабайыр тіршілігі қалыптастырған заттық-тұрмыстық мәдениеттің бірден -бір көрінісі болғандықтан, өзінің қарапайымдылығымен, үйлесімділігімен, жүріп-тұруға ыңғайлылығымен ерекше.
Қазақ халқы, өзінің күн көріс тіршілігіне қажетті үй-жай салуды, киім-кешек тігуді, азық-түлік өндіруді өзінің тұрмыстық кәсібі етіп, оларды күнбе-күнгі тіршілік барысында орынды пайдаланса, әсем бұйымдар жасап, өмірде сән-салтанат та кұра білді. Бұдан біз халық творчествосының қандай түрі болса да, халық өмірімен, сол халықтың қоғамдық тарихымен, күн көрісімен тығыз байланысты екенін көреміз [2,3б].


Қазақ халқының ұлттық киімі, қазақ хал­қының салт-дәстүріне, тұрмыс-тіршілігіне бейім­ділігімен қатар, өзіндік  пішіні мен түстік нақышымен ерекше.  Нанымы мен танымына өте  тығыз байланысты, қазақ киімдері өзінде қайталанбас, терең философияны осы кезге дейін жарылмаған қауыздай алып келген. Қазақ киімі ұлттық, қолданбалы қолөнермен тығыз байланысты, қолөнер түрлерінің зергерлік, киіз басу, былғары өңдеу, кестелеу өнері ұлт­тық киімнің ансамбльдік даралық белгісін ашып тұр. Уақыт өте келе ұлттық киімнің жасалу жолдары, өңдеу технологиясы дамып, жеңілдетіліп, өткел тарих өзінің өрнектерін салғанның өзінде ұлттық киім заманауи үлгіде одан да әрлене, түрлене түсті. Оны бүкіл әлем мойындап бағалап этнодизайн ретінде де зама­науи бәсекеге қабілетті де, тіпті моданың бағытын өзгеруіне де ықпал жасай алатын дәрежеге ие болды десек те артық айтқанымыз болмас. Оған дәлел көп, соның бірі «Сымбат» сән үйі . 
«Сымбат» кеңес заманында өзінің қайта­ланбас қолтаңбасын қалдырған, қазіргі кезде шет елдерде танымал, Қазақстан мода тарихында ойып тұрып орын алды. 1947 жылы жай тігін зертханасы негізінде құрылып, 1992 жылы Сән академиясы болып, қайта құрылды. Ол мұнымен тоқтаған жоқ, 1998 жылы «Сымбат» Сән бизнесі университеті ашылып, онда дизайнерлер, құрастырушылар, тігулі бұйымдар технологтар, маркетологтар дайындай бастады. 
1958 жылдан бастап жарық көрген «Сымбат» сән журналы Республикадағы тұңғыш сән журналы болып саналады. Ал 1987 жылы  Қазақстанда тұңғыш сән театрының негізі қаланды. 1972 жылы Қазақстан мамандарының қолымен жасалған сән алғаш рет шетел асады. Бұл жыл академия тарихында ерекше орны бар, үлкен мүмкіндіктерге жол ашқан сәт болды, киім топтамалары өзге мемлекеттердің сән майталмандарының сарабына салынып, сынға түсті [3,130б].
Топтамалар көрсетілімі  1972 жылы  Болгарияда, 1974 жылы Лейпцигте, 1975 жылы Италияда өткен халықаралық сән фестивальдерінде өтті. Ал, 1988 жылы «Сымбат» сән үйі Чехословакияда өткен ұлттық нақыштағы киім топтамалары фестивалінің бірінші көрсетілімінде «Золотая Лента» бас жүлдесіне ие болды. Содан бері  «Сымбаттың» қорында көптеген жүлделер бар. «Сымбат» ұлттық киім үлгілерін заманауи сән талаптарына сәйкестендіре отырып, айрықша киім дизайндарын жасаумен айналысады. Бүкіл әлем «Сымбат» сән үйінің туындыларын, брендтің қолтаңбасын, әрине, ұлттық нақышта,  қолөнердің кестелеу өнері арқылы, ою – өрнектерінің контрастты және ұлттық түстік үйлесімде орындалғаны арқылы танитыны сөзсіз. Ал жастар арасында Ая Бапани, талантты, дербес  дизайнерді бөліп айтуға болады. Неге оны бөлектеп айтып отырмыз. Себебі киім дизайнында ұлттық қолданбалы қолөнер түрі киіз басу өнерін қолданған тұңғыш дизайнер, дәлірек айтсақ, киізден киім басуды өзінің басты ерекшелігі етіп алған талантты жас. Атақты суретшілер отбасында дүниеге келген Ая  Бапани өзінің өнердегі жолын енді ғана бастап келе жатқан дизайнер. Жастығына қарамастан, ол өзін көрсетіп үлгерді. 2012 жылы Қазақстандық сәнгер Италияның Милан қаласында өткен сән додасында алтын медальға ие болды.  Сән апталығында көрсеткен киім топтамасы қазақтың ұлттық киімдерінің заманауи көзқарастағы, ұлттық қолданбалы қолөнердің ізі бар, биік талғаммен осы заманға үйлесімді туындылар батыс сәнқойларын таң қалдыруы  айқын еді. 
Қазіргі кезде қолөнер шеберлерімен қатар дизайнерлер киізді көптеген заттар жасауда қолданып жүр. Киім дизайнында жүннен жасалған алуан түрлі аксессуарлар, жүнді түрлі маталармен үйлесімін тапқан киім топтамалары көпшілік назарына ілігуде.
Төрт түлік малдың жүні қазақ халқының өмір тіршілігінде үлкен роль атқарған және оны ұқсатуды ел бұдан мыңдаған жылдар бұрын білген. Жүннен бау-шу, арқан жіп, киім-кешек, қазақ үйдің киізін, әр түрлі төсеніштер мен қап, шекпен сияқты ең қажетті мүліктер жасаған [1,36 б].
 Өнер қазынасының сарқылмас мұхиты халық «адам өнерімен әсем, аң жүнімен әсем» деп келіп, «кестені көңіл сызады, қол тігеді, көз сынайды» деп қорытқан. Кесте өнері осы айтылғандай нағыз халықтық, алуан әдісті, таңдауы көп өнер. Кесте және көркемдеп тігу ою-өрнекті әшекейлеудің ертеден келе жатқан элементтерінің басты түрі. Кестені бізбен және жай инемен әшекейлеп тігу барлық халықтарға да ортақ өнер. Қазақ халқының дәстүрінде киім-кешек пен төсек-орын жабдықтары, қалыңдық пен күйеудің, батырлар мен сауыққойлардың (салдардың) бас киімі, белбеуі, киімнің жең жағалары мен балақтары әр түрлі жамылғыштар және басқа да осы сияқты жол-жорық, үй-іші мүліктері кесте өрнегімен жиі безендірілетін. Кесте өнерінің қазақ халқына тән байырғы көне түрлері: біз кесте, айқас тігу, айқыш-ұйқыш тігу, басып тігу, қайып тігу. Біз кестенің шым кесте және әредік кесте деп аталатын екі түрі бар. Біз кесте дөңгелек немесе төртбұрышты етіліп кергіш ағашқа керілген материалдың бетіне түсірілген ою-өрнек бойынша қармақты бізбен өткермелеп шалу арқылы кестеленеді. Шым кесте деп тігілетін материалдың ашық жерін қалдырмай немесе ашық орынды өте аз қалдырып, тұтас кестелеген шымқай кестені айтады. Әредік кестеде материалдың әр жері әшекейленіп, бөлек-бөлек өрнек салынады.
Инемен тігілетін кестені керіп, инеге сабақ­талған жіппен алуан түрлі мәнерлеп тігіп кестелейді. Ол үшін кесте салынатын матаға әуелі өрнек түсіріп алады да, сол өрнек ізімен тігеді [1,138 б].
Халқымыздың бай тарихы, мол өнері жастардың қазынасы, осындай қазақ жастары барда қазақтың аты, тілі, діні, салт-дәстүрі, өнері өшпейді. 
Назым Исаева,
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік 
университетінің магистранты

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Қасиманов С. Қазақ халқының қолөнері.- Алматы: Қазақстан1995;
2. Жәнібеков Ө. Қазақ киімі. Альбом. – Алматы: Өнер, 1996.
3. «Қазақ энциклопедиясы», 2006. 8 том.

377 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз