• Заманхат
  • 15 Шілде, 2014

М. Әуезовтің жиырмасыншы жылдар публицистикасындағы әдебиет және ұлт фольклоры жайлы ой-толғамдары

«Шолпан» журналының 2 (2-3), 3 (4-5) сандарында жарияланған М. Әуезовтің халық ауыз әдебиетін публицистикалық тұрғыда насихаттау бағытында жазған «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» атты тарихи-әдеби сынында қазақ әдебиетінің өткен күніне: «Бұл күнгі әдебиетке белгілі жол салып, дұрыс бағыт береміз дегенде, жалпы қазақ әдебиетінің  өткен күнін, бүгінгі қалпын әм келешегін де түгел түсіну керек. Сонда ғана әрбір жазушы хақиқатқа жақын сөйлеуі де мүмкін. Сондықтан мен бұл мақаланы  қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі деп атасам да, бүгінгі сынға салу үшін ескілікті айтпау, әдебиеттің басын айтпау, бізге атадан қалған дәулетті айтпау лайықсыз болғандықтан туып отыр»[1,142], – деп рухани аманатқа адалдықты айта келіп, әдеби мұраны шартты түрде ауыз әдебиеті, көшпелі дәуір әдебиеті, жазба әдебиет ретінде үш дәуірге бөледі. Ол бөлуді нақты мысалдармен дәйектей отырып, Абай реализмінің жазба әдебиеттегі орнын: «Абай өлеңдеріндегі беттеген бағыт, құлаққа естілген сарын ненің сарыны екені байқалады. Ол – ашық тілек, айқын ұғымның, здравый реализмнің сарыны. Абай бастаған сол реализмнің сарыны қазақ әдебиетінде осы күнге шейін жол болып келе жатыр» [1,228], – деп анық талдап дәлелдейді. Сонымен бірге Абайдан соңғы қазақ жазба әдебиетін түрлендіруші «Қазақ» газетінің ұлт­шылдық бағытын баса айтады. Абайдан соңғы жаңалық ретінде: «Жаңа басталып келе жатқан сезімшілдік, сыршылдық (романтизм) дәуірі. Жаңа басталып келе жатқан әдебиет дәуірінің бұл сияқты жұрнақтарында, көбінесе, құлаққа ілінетін күй – сезім күйі. Бұлардың ішінде тіршіліктің суреті, әңгімесі аз болса да, ішкі өмірдің сыры көп, адамды өз ішіне үңілтетін мұң мен  шердің сарыны бар» [1, 230], – деп романтизмнің көркемдік қырларын айта келіп, бүгінгі өмір шындығын, кейіпкердің ішкі әлемін романтикалық сыршылдықпен бейнелеу қажеттігін жазады. Қаламгердің осы айтқан сөздерінің лебі «Шолпан» журналы авторларының бұдан бұрын не кейін жазған қандай әдеби-публицистикалық еңбектерінен көрінеді десек, ұлтшылдық бағыттағы А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Дулатұлы, Қ.Кемеңгеров, С.Қожановтың туындылары көзге түседі. Мәселен, А.Бай­тұр­сынұлының 1922 жылы қазақ ұлт­жанды қаламгерлерін біріктіру ниетімен құрылтай өткізбек әрекетінен соң жазған «Қазақ қаламгерлері жайынан»[2,25] атты мақаласындағы, Мағжанның «Алқа» ұйымы бағдарламасындағы» [3,23], Ж.Аймауыт­ұлы­ның «Мағжанның ақын­дығы туралы» [4,400] мақаласындағы, Қ.Кемеңгерұлының «Көр­кем әдебиет туралы» [5,160] айтыс ретінде жазған әдебиет сынындағы немесе С.Қожановтың 1923 жылы 4-мамырда «Ақ жол» газетіндегі баспасөз күніне орай берілген бас мақаласындағы: «Қазақтар арасындағы революция туралы мәселе қаралғанда Абай Құнанбаев пен Ахмет Байтұрсыновты айналып өтуге болмайды. Олар қазақтар арасында революцияның дамуына көп еңбек сіңіргеніне күмән келтіруге болар ма. Қазіргі революционерлердің барлығы да Абай мен Ахметтің  шәкірттері болып табылады»[6] деген сөзі осының айғағы.


М. Әуезовтің «Қазақ қалам қайрат­керлеріне» ашық хатында[7,7] баспасөздің ел қисығын түзейтін, білімге жетелейтін қасиеттерін  айта келіп, қазіргі баспасөздегі сөздердің көбінің қазақ миына кіріп, рухына сіңбеуінің басты себебін: «Осымен қатар елдің қазіргі тілегіне, әдебиеттен іздейтін бөліміне (спросына) қарасақ, ол белгілі: ашық, дұрыс бір-ақ тілек болып тұр. Қазір де қаладағы оқыған тобын былай қойып, қырдың көпшілігін алсақ та, солардың осы күнгі іздейтіні – таза әдебиеттің бұйымдары екені даусыз» [7,8], – деп әдебиеттің таза көркемдік сипаттарынан іздеген. Сөйтіп өзі де осы шарттарға лайық көркем шығармалар тудырды. М.Әуезовтің 1921-1925 жылдардағы әңгіме, повесть, пьесаларындағы дала өмірінің суреттері, ондағы сал-серілік, көшпелі тұрмыс көріністері, саяткерлік, махаббат суреттерінің кейіпкердің  ішкі әлеміндегі сағыныш, тра­ге­диялық халмен астаса романтикалық тұр­ғыда бейнеленуі, ал, тіршіліктің ащы қиындықтарының реалистік қалыпта жазылуы өзі жазған әдеби сынындағы  талаптар үрдісінен шыға білгендігін дәлелдейді. Мұны академик З.Ахметов: «М. Әуезовтің жазу­шы болып қалыптасқан тұсы әдебиетте социалистік реализм орныға бастаған кезеңге дөп келеді. Бара-бара көркемөнерге қатаң талаптар қойылып, жазушыларға ресми идеологияға тәуелді болу міндеті жүктелді. Бүгінгі тұрғыдан қарап байыптап бағаласақ, М.Әуезов 20-30 жылдарда әдебиетке мықты орын тепкен партиялық, таптық принциптердің тар шеңберіне ешбір сыймайтынын айтуымыз керек. Әрине, кезінде Әуезов социалистік реализм әдісін толық меңгерді, оның негізгі принциптерін  өз шығармаларында бұлжытпай қолданып отырды дегендей пікірлер айтылып келді. Бірақ бұл жазушы қоғамдық өмір шындығын терең ашып көрсете алды деген мағынада айтылады»[8], – деп тап басып таныған.
«Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» атты осы мақалада автор қазақ ауыз әдебиетіне, оның ерекшелігі мен маңыз-мәніне қысқаша шолу жасап өткен. Өйткені жазушы: «Ескі әдебиеттің түрін білу, бетін ұғу, ағымын түсіну біздің өзіміз үшін керек»[1,229], – дейді. Яғни бұл біздің бүгінгі әдебиетіміздің жай-жапсарын терең танып, келешек бағыт-бетін дұрыс белгілеу үшін өте қажет деп біледі.
М. Әуезов: «Орыс жазушыларының қыс­қаша сындарына қарағанда, біздің ескі ауызша әдебиетіміз бай өрнекті, түрі, тарауы көп кестелі, қысқасын айтқанда, қазақтың даласы секілді кең, келешегі көрікті үлкен, жалпы түрік әдебиетінің ішінде үлкен орын алатын әдебиет секілді көрінеді. Себебі, әдебиетімізде өзге көп жұрттың ауызша әдебиетінде жоқ нәрселер табылып отыр. Ауызша әдебиет бір заманда тәртіпті жазба әдебиеттің қызметін атқарғандығы білініп отыр. Сол міндетін ұққандықтан  ауызша әдебиет өз өрісін кеңей­тіп әкеткенін көріп отырмыз. Сол ескі сөздің ішінде ескі қазақ өмірінің әрбір дәуірі, әрбір мезгілі  және жеке-жеке суреттері де айтылған» [9,10] – деп жазады. 
Ал «Халық әдебиеті туралы»[10] – атты  мақаласында автор қазақ халық әдебиетінің, яғни ауыз әдебиетінің өте жоғары сапалы болуы – әдебиетіміздің келешегі үшін де, жалпы халқымыздың «болашағы гүлді, түбінде іргелі ел болуына» да негізгі тұлға, себепші деп түсінеді.  Сондықтан мақалада қазір сол халық әдебиетінің үлгілерін ертерек қамдастырып, төгіліп-шашылып жоғалмай тұрғанда жинақтап, жүйелеп, хатқа түсіріп алу қажеттігін баса айтады. Бұл істе, әсіресе, оқып  жүрген шәкірттердің көп қолғабыс тигізе алатынын жазушы өте дұрыс ескертеді. 
Ал, «Қобыланды батыр»[11] – атты мақа­лада М.Әуезов қазақ ауыз әдебиеті негізінде  халық тарихының адамзат тарихымен байланысы жайлы өте қызықты, әрі ғылыми тұрғыдан өте құнды  ой-пікірлер айтқан. Мысалы, онда ғалым: «Бұрынғы заманда неше алуан хандық құрған түрік жұрттарының көбінің  шыққан тегі бір ел екені тарих жүзінен белгілі. Нағыз қазақ бірлігі он бесінші ғасырлар ішінде шықты десек те, сол бірлікті жасаған рулардың көпшілігі ертерек заманда болған. Алтын Орда, Қазан хандығы, Ноғайлы, Өзбек бірлігі сияқты хандықтардың бәріне де кірген, солармен бірге ыстығына күйіп, суығына тоңып, ірі тарих уақиғаларды бастарынан бірге көшіріскен» – дейді.  
Автор жалпы ауыз әдебиеті шығарма­ларының, соның ішінде батырлар жырының да негізінен ел қиялынан, арманынан туа­тындығын, бірақ солай бола тұра, олар­дың өмірлік, тарихи белгілі бір негізі бола­тын­дығын, яғни  «бізге тіпті анық қылып тарих бетіп ашып береді демесек те, сол ескі тарих көлемінде  болған ірі мезгілдердің бар­лығының да ұлы суретін нобаймен, тұс­пал­мен көрсететіндігін» атап айтады. «Қобыланды батыр» жырына осы тұрғыдан тал­дау жасай келе, жазушы ел әңгімелерінің тарих «өлшеуінен бірде ілгері, бірде кейін кетіп отыратынын», бұрын-соңды өткен оқиғаларды кейде бір дәуірге, бір кісінің басына жиып қоятын кездерінің болатынын да ескертіп өткен. 
Бұл шағын мақалаларда ауыз әдебиеті, әдебиет тарихының   кейбір мәселелері, жеке өкілдері мен шығармалары жайлы қысқаша барлау, шолу түрінде көрінген алғашқы қадам жасалса, «Әдебиет тарихы» кітабында  жазу­шы осы ой-пікірлерін жинақталған, жүйе­ленген тұңғыш тұлғалы зерттеу еңбекке айнал­дырады.

Құралай Мырзаханқызы,
Абай атындағы Қазақ  ұлттық педагогикалық университеті 
Магистратура және PhD докторантура институтының
2-курс магистранты. 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Шолпан. Журналды жинақтап, баспаға әзірлеген Х.Есенқарақызы. Алматы: «Ақ Арыс», 2010, -440 бет.
2. Байтұрсынұлы А. Қазақ қаламгерлері жайынан// кітапта: Байтұрсынұлы А. Бес томдық шығармалар жинағы. 2 том, Алматы: «Алаш», 2003, -409 бет.
3. Жұмабаев М. Шығармалар жинағы. 3 том. Алматы: «Жазушы», 1995, -348 бет.
4.Аймауытов Ж. Мағжанның ақындығы туралы//кітапта: Жұмабаев М. Шығармалары. Алматы: «Жазушы», 1989, -448 бет.
5. Кемеңгеров Қ. Шығармалар. Павлодар: «ЭКО», 2003, -242 бет.
6. Қожанов С. Басқармадан//Ақ жол, 4-мамыр, 1923 жыл.
7. Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 3 том. Алматы: «Ғылым», 1998, -392 бет.
8. Ахметов З. Даналық тағылымы//Абай, №2-3, 1997.
9. М.Әуезов М. Әдебиет тарихы. Алматы: Жазушы, 1997. –299б. 
10. Әуезов М. Халық әдебиеті туралы// Жас қайрат, 1924, №3,4.
11.Қобыланды батыр//Таң,1925, №1.

391 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз