• Ұлттану
  • 15 Шілде, 2014

СӨЗЖАСАУШЫ – ІСЛӘМ ЖАРЫЛҒАПОВ

Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның құрметті журналисі

Кешегi тарихта жетпiс жылдан астам дәуiрлеген кеңес өкiметiнiң алғашқы жылдары дүниеге келiп, соңғы сәттерiнде (1918-1991-жылдары) өмiрден өткен жазушы, ғалым, аудармашы Iсләм Жарылғаповтың бүкiл саналы ғұмыры күрделi кезеңге тап келедi. Қазақ халқының тағдыры, ұлт болып қалыптасуы жолында аянбай тер төгiп, жауапты қызметтер атқара жүрiп, жоғарыдан жүргiзiлген саясаттың темiрдей тегеурiнiне қарамастан, ана тiлiмiздiң байлығын сақтауға, ғылым мен техниканың қарыштап өскен кезеңінде уақыт талабына сай жаңа сөздермен, терминдермен жаңартуға өлшеусiз үлес қосты. КСРО өлген тiлдердiң моласына айналуға шақ қалған, қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл мәртебесiн алуға орыс шовинистерi өлердей қарсы болған, Қазақстан өмiрiнде орыс тiлi қожа тiл, орыс тiлдi қызметкерлер қазақ тiлiне пысқырып та қарамаған, олардың қолшоқпарына айналған кейбiр жалтақ, шен-шекпеншiл, мансапқұмар қазақтар қазақ тiлiнiң көсегесiн көгертпеген, орыс тiлiнiң өзге ұлт тiлдерiне пайдасынан көрi кесапаты көп болған қиын-қыстау кезеңде ана тiлiн бiлмейтiн өз ұлтының өгей балаларын Қазақстанның азаматы деп атауға болмайтынын бұдан жарты ғасыр бұрын жазып кеткен де ұлтжанды азамат Iсләм Жарылғапов едi. Сол қазақ тiлi тоқырап тұрған

кездiң өзiнде Iсләм Жарылғапов лексикология, лексикография, жаңа сөздер жасау саласында 500-ден астам жаңа сөздердi, неологизмдердi, орыс және шет ел тiлдерiндегi сөздердiң лексикалық, сөз тiркестiк балама сөздерiн өмiрге алып келдi. Термин жасаушы, сөзжасаушы ғалымның төл туындылары – жаңа сөздерi қазақ халқының, ғалымдарының, ақын-жазушылары мен журналистерінiң шығармашылық шабытына қуат бердi, әжетiн ашып, кәдесiне жарады. Кезiнде жазушы, драматург Асқар Сүлейменов Iсләм Жарылғаповтың көркем сөз зергерлiгi туралы «Жақсыдан сөз шығады жан секiлдi, тамырдан атқылаған қан секiлдi» деп бағалаған екен. Танымал сөз зергерi Iсләм Жарылғапов өмiрден өткенімен өшпес рухы тiрiлермен бiрге жасап келедi. Күнделiктi тұрмысқа енгiзiп кеткен, қалада да, ауылда да кең қолданысқа ие, тiлiмiзден түспейтiн аялдама, балмұздақ, анықтама, күнделiк, жанұя, көрермен, оқырман, саяжай, жағажай, ғарыш, зымыран, тың­жершi сияқты көптеген жаңа сөздерi туған халқымен бiрге мәңгi жасай беретiн болады. Ескi мен жаңаны жымын бiлдiрмей жалғастырып, ана тiлiмiздi сара соқпаққа салып жiберу үшiн көрегендiк қабiлет пен жан-жақты терең бiлiм, бай сөздiк қорды меңгерген сирек дарын иесi болды.
«Көп тiлден түйiп ой-сезiм,
Төл тiлдiң аршып көл көзiн.
Төлдетiп ана тiлiмдi, 
Бес мың сөз қостым мен өзiм.
Саяқ сөз тарап кендейiн,
Көрсетпес сөзге денгейiн.
Романға кiрсе әр сөзiм,
Романнан қалай кем дейiн» – деп жазады Iсләм Жарылғапов.
Бұл өлеңiнде Iсләм Жарылғапов өзiнiң тапқан жаңа сөздерi, сөз тiркестерi бар, шет ел тiлдерiнен аударған балама сөздерiнiң жалпы санын көрсетсе керек. Оның iшiнде жаңа сөздерi мен термин сөздерi бес жүздiң басын құрайды.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi ретiнде Iсләм Жарылғапов өзiне «Негр» деген лақап атты (псевдоним) таңдап алады. Бұл теңеу бүкiл саналы ғұмырында жалқаулық дегендi бiлмей, елi үшiн тер төгіп, еңбек еткенiн бiлдiрсе, екiншi мағынасы аудармашылық қызметіне байланысты айтылады. Аударма ісімен ұзақ жыл айналысқан, бұл саланы үлкен өнер деп қабылдап, шығармашылық қызметпен егiз ұғымда зор құрметпен қарап келген Iсләм Жарылғапов жазушымен бiрдей тер төгiп, еңбек ететiн аудармашы заңдылық, материалдық және моральдық тұрғыдан көп төмен екенiне кейiстiк бiлдiредi. Аударма сөзi кезiнде «тудырма» сияқты қолайлы әрi мазмұнды мағынасын таба алмағандықтан құлаққа сiңiсiп кеткен. Шын мәнiнде «аударма» сөзi ақыл-ойсыз, сезiмсiз, қолдың қимылымен атқарылатын әрекет. «Туынды» қол еңбегi емес, ой еңбегiн бiлдiредi. Осындай кәсiпқой аудармашы еңбегiндегi теңгермешiлiк ақ нәсiлдерден негрлердi төмендеткендей болған соң Iсләм Жарылғапов өзiне «Негр» деген лақап атты лайық көрген. Бұл әдебиет майданында қоян-қолтық бiрге еңбек ететiн жазушы мен аудармашының арақатынасын дәлме-дәл бейнелейтiн мағыналы теңеу сөз. 
Көркем аударма өнерiнде үнемi бұлжымай қолданатын тұрақты, тұрлаулы үлгi жоқ екенiн алғаш айтқан, аударма iсiне елеулi жаңалық енгiзген жандардың бiрi де Iсләм Жарылғапов едi. Көркем аударма әрбiр көркем туынды секiлдi қатып қалған үлгiден тумайды. Шалқыған шабыттан, сан-қилы шеберлiктен өрбидi. Сондықтан да, көркем шығарманы аудармашылар түрлi-түрлi аударады. Олардың қайсысы сөзбе-сөз емес түбiрдiң әсерiн, ой құнарын дәлме-дәл жеткiзсе, жақын келсе, нағыз көркем аударма сол болады. Iсләм Жарылғапов бiр тiлден екiншi тiлге аударуды, аударма iсiн үлкен өнер деп түсiнедi. Бiр халық пен екiншi халықты үндестiретiн, жақындастыратын алтын арқау, дәнекер, достық көпiр деп түсiнедi. Армяндар аудармашыны – туындатушы, қасиеттi адам деп бағалаған. Мкрчанның айтуынша қасиеттi аудармашы – туындатушыға ескерткiш орнатылғанына төрт мың жылдай уақыт өтсе керек. Демек, қастерлеуге тұрарлық қасиеттi ғұлама. 
Қоғамның үздiксiз даму кезеңiнде әлеуметтiк-экономикалық өзгерiстерге сәйкес құбылып, өзгерiп отырады. Арғы түп-тамырын ауыз әдебиетi қайнарынан алып, ауызекi сөйлеу үлгiлерiн бойына жинап, шешендiк сөздермен әрлене түскен ұлттық тiлiмiз Ислам дiнiнiң Орта Азияға таралуы кезеңiнде түркi халықтары арасында дiни наным-сенiмге, сауда-саттыққа, ұсақ кәсiпшiлiкке байланысты ұғымдарды бiлдiретiн араб, парсы сөздерiнiң, одан кейiнгi кешегi кеңестiк дәуiрдегi орыс тiлiндегi көптеген сөздердiң енуiмен бастапқы ажарынан айырыла бастағанда қазiргi нарыққа тән терминдер тегеурiнi ұлттық сөз қорын тым күрделендiрiп жiбердi. Осындай кезеңде әр саланың терминологиялық жүйесiн қалыптастыру, мектеп пен жоғары оқу орындарының қабырғасында бiлiм алып жүрген жастарға дұрыс бағыт берiп, жол сiлтейтiн көмекшi құралдар мен оқулықтар шығару, әсiресе, ғылыми-техникалық сөздiктер, терминологиялық кiтаптарды пайдаланудың қыруар мiндеттерi ұлттық тiл мамандарының иғына батпан жүк артқаны белгiлi. Елiмiздiң тығырыққа тiрелген ана тiлiн сара соқпаққа салып жiберу үшiн ескi мен жаңаның жымын бiлдiрмей ұштастыратын көрегендiк қабiлет, жан-жақты терең бiлiм, ұлтымыздың бай сөздiк қорын меңгерген кәсiпқой тiл мамандары ауадай қажет-ақ. 
Жаңа технология тасқындап, жаһан­данудың жойқын күшi күнделiктi өмiрiмiзге баса көктеп енiп, салт-сана, әдет-ғұрып, ата дәстүрiмiздiң құнарын шайқаған, қаймағы бұзылмаған ана тiлiмiзге қарадағы қойға қасқырша тигендей, ту талақай еткен, тума төл сөздерiмiз топан суға батып, әр жерден басын қылтитқан қазiргiдей нарық заманында Iсләм Жарығаповтай азаматтар тiрi жүргенде туған халқын тiл тұманынан адастырмай алып шығар едi-ау деген ой да көкейге оралады. Коммерция, бизнес, менеджер, маркетинг, кәсiпкерлiкке қатысты пайда болған қаншама сөздер мұрты қисаймай сөздiк қорымызда сол күйiнде сайраңдап жүр. Олардың қазақ тiлiндегi баламасын тауып, халықтың кәдесiне жаратсақ деп еңбектенiп жүгендердiң қатары да сирек. Оның үстiне бiр сөздiң баламасын тарихта қалатындай етiп қатырып тұрып тапқан адамға пәлен ақша берiледi деп елдiң қызығушылығын туғызып жатқан құзырлы орындар тағы жоқ. Сонымен шiлдедегi шегiрткедей ұшып келген кiрме сөздер ұлттық тiлiмiздiң бақшасына қаптады да кеттi.
Iсләм аудармалар арқылы қазақ тiлiне бiрнеше сөз қосты. Орыстың ұлы жазушысы И.С.Тургенов орыс тiлiне «шуршит», яғни, «Камыш шуршит» («Қамыс сыбдырлайды») деген сөз қосқанын замандас­тары қуана қабылдаған. Ал, Iсләмнiң тiл саласындағы рухани байлығы – сирек кездесер жайт. Қазiр қазақ бiткен қолданып жүрген басылым (издание книги), кө­рермен (зритель), оқырман (читатель) деген сөздер Iсләм қаламының жемiсi. Формальдi түрде қарасақ, бұл сөздер әрине, лингвистикалық фактiлер, бiрақ, осы сөздер арқылы әрқилы сезiмдi, ойды құбылта суреттей бiлгенде, әлбетте әдеби фактiлер болары өзiнен-өзi түсiнiктi нәрсе ғой... Ғалым өмірінің соңғы  жылдары қосқан оқулық (учебник), жем-шөп (корм), санамақ (считалка), мазақтама (дразнилка), ойынхана (игротека) әдемi табылған терминдер.
Сөзжасау, бейнелi сөз тiркестерiн жи­нақ­таумен ел iшiнен шыққан оқымыс­тылар, ғалымдар ертеден айналысып келгенi тарихтан белгiлi. Он тоғызыншы ғасырдың аяғында Түркiстан мұғалiмдер семинариясының түлегi Иш-Мұхамед Букин деген азамат үш мыңнан астам сөзден тұратын орыс-қырғыз, қырғыз-орыс сөздiгiн құрастырып, кiтап етiп шығарады. Одан кейiнгi уақытта Қазақстан Ғылым академиясының Тiл институты орыс-қазақ сөздiгiн талай мәрте жинақтап, жетiлдiрiп шығарып келедi. Соңғы жылдар беделiнде әр саланы, әр кәсiптi, тiптi, нарық заманына тән жаңа сөздерден тұратын сөздiктердi басып шығару үрдiсi қолға алынды. Олардағы көпшiлiк жаңа сөздер қолданысқа енiп, бiразы көңiлге қонбай, ұмыт қалып та жатады. 
«Қоғамдық ой-сананың үздiксiз дамып, күрделене түсуiне сәйкес негiзгi қарым-қатынас құралы – тiл де сөздiк қорымызға жаңадан пайда болған жаңа сөздермен байып, арнасын кеңейте түседi. Күнделiктi өмiрде қаншама жаңалық, ұғым қосылса, ұлттық тiлiмiзге де соншама жаңа сөздер мен тiркестер қосылады. 1930 жылдары еңбеккүн, қызыл отау, өнеркәсiп, бесжылдық, екпiндi сөздерi, 1950 жылдары бөлшек сауда, жылжымалы кiтапхана, социалистiк жарыс, үш сайыс, 1960 жылдары көрермен, оқырман, басылым, хабарлама, ақпарат сөздерiмен молығып, басқа тiлдерден сөз қабылдаумен түрленсе, екiншi жағынан сөз жасампаздықпен (словотворчество) өрiсiн кеңiте түстi. «Бiзде сөз жасампаздық өнерiмен шұғылданып, көптеген сөздерге балама тауып, кейiн әдеби тiлде қабылданған әдеби сөздердi дүниеге келтiрген I.Жарылғапов, М.Әлiмбаев, Ә.Сатыбалдиев сияқты ақын-жазушы, журналистерiмiз бар. Мысалы, тiлiмiздегi балмұздақ (мороженое), басылым (издания), жазылыс (подписка), көрермен (зритель), теледидар (телевидение), аялдама (остановка) сияқты сөздердiң пайда болуы iзденiмпаздықтың жақсы үлгiсiн көрсетiп жүрген Iсләм Жарылғаповтың есiмiмен байланысты. Бiлгiр аудармашының кейiнгi кезде ұсынып жүрген уыздық (яичница), бейдауа (рак), iлдiрiк (оправа), азагүл (венок), қазанама (некролог), жағажай (пляж) сияқты сөздерi де әдеби лексикамызды нәрлендiруге дайын тұрған сөздер» деп жазды ғалым Шора Сарыбаев 1971 жылы 27-тамызда «Лениншiл жас» газетiне жазған «Әдеби тiл – дiттеген мүдде» атты мақаласында. «Егер «роддомның» баламасы ретiнде I.Жарылғаповтың ұсынып жүрген «анахана» сөзiн пайдаланатын болсақ, онда перзентхана сөзiне «яслидiң» мағынасын жүктеу керек. «Хана» арқылы жасалған осы тақылеттес сөздер қазақ говорларында көп. Мысалы, дәмхана, атхана, майхана, мұзхана, тойхана сияқты қалтарыста жатқан сөздердi жиып-терiп, сөз байлығымызға қосу жағын ойластырсақ».
Iсләм Жарылғапов ұзақ жылдар теледидар мен радио эфирiнен сөз сөйлеп, ұлтымыздың мәдениетiне, әдебиетi мен тiлiне қатысты келелi әңгiме қозғап отырған. «Туған Қазақстан туралы ойлар», «Сөзстанға саяхат», «Сөз туралы сөз» деген тақырыптарда он төрт хабарға қатысып, сөз сөйлеген екен. «Сөз туралы сөз» атты кiтап та жазу ойында болған. Қазақ халқының арасындағы қысқа да нұсқа шешендiк сөздер мен шағын шумақтан тұратын нақыл сөздердiң басын құрастырып, «Гүлгүл» деген атпен жинақ шығару да ойында жүрген. Ой-санасы өсiп келе жатқан халқымыздың жас ұрпақ өкiлдерiне арнап «Орысша-қазақша сөздiк» жасап, кiтап етiп шығаруды да армандаған. Сол кезеңдерде баспадан шыққан «Орысша-қазақша сөздiктерге» онша көңiлi толмаған. Олар бiлiмдi жандардың, әсiресе, жазушы-аудармашылардың талабын толық қанағаттандыра алмайды, жоғары талғамға сай емес деп бағалаған. Жаңа сөз жасауда бiрiншiден, қазақтың ертедегi сөз жасау тәжiрибесiне, екiншiден, орыстың классикалық және кейiнгi сөз жасау тәжiрибесiне, үшiншiден, әлем халықтары тiлдерiнiң бай сөз жасау тәжiрибесiне, төртiншiден, классикалық және орыс лингвистикасы негiздерi философия тiлiнiң классикалық үлгiлерiне көбiрек сүйенедi. Өткендi қайталап, оқырманды жалықтырып алмау үшiн халықтық сөзжасау жүйесi желiсiнен айнымауға талпынады. Жалпы шығармашылық қызмет, оның iшiнде жаңа сөзжасау шеберлігі халық шығармашылығының үлгiсi – ой ауытқушылығына ұрындырмайтын басты бағыт болып саналады.
Сөздi тұрмыс қажеттiлiгi туғызады. Тiл құралы ретiнде пайда болған сөздi халық мәпелеп, байытып отырады. Ана тiлiмiз үздiксiз дамып, жетiлiп келедi. Уақыт өте келе тiл де заман талабына сәйкес жаңарып, жасарады. Тiлдiң өсу, даму жолдары да күрделi. Халықтың ұлт болып қалыптасуындағы маңызы ерекше. Кемелiне келiп толысқан қазақ тiлi өзге халықтардың сөздерiмен, ғылым, бiлiм, техника дамуына қатысты сөздермен байып, керегесiн кеңiте түстi. Тiл бiлiмi ғалымдарының пайымдауынша, қай халықтың тiлi болмасын – ол өзiнiң байырғы тiлдiк қорын кәдеге асыру, көнерген, диалектизм, жаргон сөздер, синоним сөздердi пайдаланады. Сөзжасаушы ұмыт бола бастаған көне сөздердi жаңғыртып, уақыт ағымына сәйкес жаңартады. Ертеде жолдас сөзi – ұзақ жолға жолаушылап шыққан адамның серiгi деген мағынаны бiлдiрiп келсе, кешегi кеңестiк дәуiрде бiр-бiрiне дос, бауыр деген мағынаға ие болды. Яғни, бұрынғы қолданыстағы бар сөзге жаңаша мағына берiлдi. 
Екiншi жолы басқа халықтардың сөздерiн өзiмiздiң ұлттық тiлiмiзге телiп алу. Түбi бiр түркi тiлдес халықтарының, орыс және шетел тiлдерiнен ауысып келген сөздер. Ғылыми-техникалық, бiлiм-ғылымға байланысты ғарыш, ұшақ, зымыран, ғарышкер сөздерi өмiрге келдi. 
Үшiншi жолы тiлдiк қорымызда мүлде жоқ жаңа сөздердi жасап шығаратын тiл мамандарының, әдебиетшiлердiң шығармашылық еңбегi. Жаңа сөздердiң жалпыхалықтық қолданысқа ие болып, сiңiп кетуi де оңай емес. Жаңа сөздер мемлекеттiк терминологиялық комитетiнiң бекiтуiнен өткеннен кейін мерзiмдiк баспасөз бетiнде жарияланады. Ақын, жазушылардың көркем шығармаларында, журналистер қауымының жазған материалдарында жарияланып, телерадио хабарларында оқылып, жұртшылықтың құлағына естiлiп, бiртiндеп көңiлiне қона бастайды. Сәтiн салып табылған өмiршең сөздер әдеби тiл нормасына енiп, кең қолданысқа ие болады. Кейбiр жаңа сөздерге балама iздеу арқылы тiл қорымыздағы бар сөздер мән-мағынасы, тұрпаты жағынан өзгерiске ұшырап, бөлекше сипатқа ие болады. Орыс тiлiндегi сөздердiң синонимдiк мәнiн, оның баламасы ретiнде тұрақтандыруға, сол арқылы ұғымдық мағынасын ашуға талпынушылық та байқалады. Кешегi кеңестiк дәуiрде ұзақ жылдар орыс тiлiндегi ученик, учащихся, читающий книги сөздерiнiң мәнiн «оқушы» деген жалғыз сөз бiлдiрiп келген болса, Iсләм Жарылғаповтың читательдi – оқырман деп аударып, жаңа сөз табуы әлгi орыс тiлiндегi бiрнеше сөздердiң аражiгiн ажыратып, тiл мәдениетiнде үлкен жеңiлдiк жасап бердi.
Қазақ тiлiнiң сөздiк қорын байытатын жаңа сөздер жасауда тiл заңының талаптары сақталуы тиiс. Онсыз жаңа сөздер нанымсыз, жасанды болып шығады. Жаңа сөз жасағанда ана тiлiмiз қорына және үлкен сөз зергерлерiнiң сөзжасау үлгiлерiне көп сүйенуге тура келедi. Дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллин шығармаларында «жұмыскер» деген сөздi көп қолданып жүрдi. Ал, Iсләм Жарылғапов художник слованы – суреткер деп атады. Балмұздақ сөзi балқаймақтың үлгiсiнен жасалған. Бiрiккен сөздер дыбыстардың үндестiк заңы арқылы жасалады. Алайда iшiнде балы жоқ, балдай тәттi, мұздай салқын сөз тiркестерiнен балмұздақ сөзi шығып тұр. «Аялдама» – остановка – тоқтау, кiдiру, аялдаудан келiп осы атауды таңдап алады. Тоқтау сөзi ұзағырақ уақытты бiлдiредi, кiдiру сөзiндегi «i» әрпiнiң буыны қысыңқы келедi. Сөзжасаушы естiлуi жiңiшке дыбыстан қашып, ашық, жатық айтылатын «аялдауды» алуды дұрыс көрген. Бұл сөзжасаушының тапқырлығы. Осы аялдаманың – баяндаманың үлгiсiнде жасалғаны көрiнiп тұр. Өткен ғасырдың 40 жылдарына дейiн газет-журналдарда докладты сол күйiнде жазып келiп, қазақ жазу­шылары баяндама деп алатын болған. 
Iсләм Жарылғаповтың аударма еңбектерi арқылы енген «өткелiн бiлмей, өзенге түспе» (Незнавший броду, не лезьте в воду), «Жаныңыз жадырасын!» (С легким паром!) дейтiн тұрақты сөз тiркестерi әбден тiлде де, ауызекi сөзде де еркiн қолданысқа ие болды. Осы аударма арқылы келiп, ана тiлiмiздiң қорына енiп, бiте-қайнасып кеткен жаңа сөздер мен сөз тiркестерi, сөйлем орамдары, жазба және ауызекi тiлiмiзде жиi кездеседi. 
Қазақтың танымал аудармашы-ғалымы, ұлттық тiлiмiздiң қорын байытуға өлшеусiз үлес қосқан Iсләм Жарылғапов 1934 жылы Қазақстанның астанасы Алматыға келiп, өзiнiң сүйiктi қаласында табан аудармай 57 жыл өмiр сүрдi. Абай атындағы педагогикалық институтты бiтiрген соң Алматы облыстық комсомол комитетiнiң үгiт-насихат iсi жөнiндегi хатшысы, 1943 жылы Алматы қалалық комсомол комитетiнiң бiрiншi хатшысы болып еңбек жолын бастады. Қазақстан Компартиясы орталық комитетi бюросының шешiмiмен Мәскеудегi Iшкi iстер министрлiгi жанындағы Жоғары дипломатия мектебiне тыңдаушы етiп жiберiлдi. Денсаулық жағдайына байланысты Алматыға қайтып келiп, 1946 жылдан Қазақстан Компартиясы орталық комитетiнде лектор, 1949 жылдан үгiт және насихат бөлiмi көркем әдебиет пен өнер секторының меңгерушiсi, «Қазақстан» мемлекеттiк баспасында аға редактор, 1957-1958 жылдары «Қазақ әдебиетi» газетiнiң бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы бастауыш партия ұйымының хатшысы, көркем аударма кеңесiнiң төрағасы қызметтерiн атқарады. Iсләм Жарылғапов «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезiндегi қажырлы еңбегi үшiн» медалiмен, 1959 жылы «Халық ағарту iсiнiң үздiгi», 1962 жылы «Қазақстанның еңбегi сiңген мәдениет қызметкерi», 1967 жылы «Баспа iсiнiң үздiгi» белгiлерiмен марапатталды. «Мен үшiн ең жоғары награда оқырмандар мен тыңдармандардың маған деген ықыласы, қазақ тiлiнде жатық сөйлеткен аударма кiтаптарым, газет-журналдарда жарияланған әңгiмелер, өлеңдер, мақа­лаларым туралы жұртшылықтың ризашылық сезiмiн бiлдiрген хаттар ал­дым, ауызекi сөзде жылы пiкiрлерiн естiдiм. Мұның бәрi мен үшiн үлкен марапат» деп жазады аудармашы, ғалым.
Кешегi кеңес өкiметiнiң алғашқы жылдары дүниеге келiп, соңғы жылы өмiрден өткен ұлтжанды азамат Ісләм Жарылғапов комсомол, партия қызметiнде ұзақ жыл еңбек ете жүрiп, ана тiлiмiздiң тазалығын сақтауда, жаңа сөздермен, терминдермен байытуға өлшеусiз үлес қосты. Алматы қаласынан бастап, Елордамыз – Астана, облыс орталықтары, қалалар мен аудандар, шағын елдi мекендер тұрғындарына дейiн ғалым, аудармашы Iсләм Жарылғаповтың төл туындылары – жаңа сөз маржандарын күн сайын қайталап, ғалымдар мен журналистер, ақын-жазушылар газет-журналдар мен кiтаптарда үзбей жазып келедi. Теледидар мен радиода сан мәрте қайталанып жатады.  
Өткен жылы тамыз айында Қараған­ды қаласында «Түрік терминологиясын біріздендіру және үйлестіру мәселелері» атты Халықаралық форумды   «ТҮРКСОЙ» бастамасымен Қарағанды облысы мен Жаңаарқа ауданының әкімдігі және Халықаралық түріктану орталығы ұйым­дастырды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбаев, Түрік Кеңесі төрағасының орыбасары Дархан Қыдырәлі, Астана медицина университетінің профессоры Ахмет-Төре Мұхамедия, Башқұрт университетінің профессоры, академик Алмас Шайхулов, осы мақала авторы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының профессоры, академик Әлімхан Жүнісбеков, Түркияның Фырат университетінің профессоры Ахмет Буран, Афйон Қожатепе университетінің доценті Хүсейін Мұтлұ, Германияның Мюнхен қаласынан келген бизнес өкілі Ханс-Отто Золлманн, Қырғыз-Түрік университетінің профессоры, академик Қыдыралы Қонқабай, Ісләм Жарылғаповтың күйеу баласы Амантұрлы Қалманов, өзге де көрнекті ғалымдар Халықаралық форумның күн тәртібіндегі мәселе туралы баяндама жасап, өздерінің ой-ұсынысын ортаға салды. Дүниежүзі елдері, әсіресе, түркі тілдес халықтарының ұлттық тілдеріндегі көптеген атаулар мен терминдердің мағына-мазмұны бір-бірі­не ұқсас болып келетіндіктен, жаңа сөздер мен терминдер қолданысқа тез еніп, сөздік қордан орын алып жатады. Араласып-құраласып жатқан түркі халықтарының әдеби тіл нормасында ортақ сөздер мен терминдердің жиі кезігуі тілдердің халықтар мен ұлттарды бір-біріне жақындастыратын туыстық және достық дәнекер құралы екенін   дәлелдесе керек. Қазақтың оқымысты ғалымы Ісләм Жарылғаповтың балмұздақ, аялдама сөздерінің өзге халықтар тілдерінде жатсынбай еркін қолданысқа ие болуы соның жарқын көрінісі. Халықаралық түріктану форумының басты тақы­рыбының «Түрік терминологиясын біріздендіру және үйлестіру мәселелері» деп аталуы да осы үлкен мақсаттан туса керек. Дүниежүзі ғалымдарының келелі жиында ортаға салған мәселенің маңыздылығынан да болар, үлкен мін­беден көтерілген тақырыптың кейбір тұстары қызу пікірталасқа ұласып кетіп жатты. Халықаралық түріктану форумын өткізу – ғылымға деген құрмет пен Ісләм Жарылғаповтың отандық ғылымға қосқан сүбелі үлесін көрсету және мемлекеттік тілдің берік әдістемелік базасын жасауға бағытталған маңызды қадамның бірі болып табылады. Қазіргі таңдағы ұлттық түрік терминологиясының бастауларын бір-бірімен үйлестіру, соның негізінде бірыңғай түрік мәдени-лексикографиялық, лексикалық-терминологиялық әлеуетті сақтау, пайдалану және біріздендіру мақсатында жұмыстар жүргізіп, бірлескен шешімдер мен жалпы қағидаларды әзірлеу қажеттілігі пісіп-жетіліп отыр. Бұл Халықаралық форумды келесі жолы Ыстық көл мен Анкарада өткізу туралы ұсыныстың айтылуы күн тәртібіндегі мәселе ауқымының халықаралық деңгейге көтеріліп бара жатқанын көрсетеді.                          
Халықаралық түріктану форумына қатысушы ғалымдар Ісләм Жарылғаповтың туған жері Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентіндегі жаңартылған Мәдениет үйінде Ісләм Жарылғаповтың туғанына 95 жыл толуына арналған Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмыс істеді. Халықаралық деңгейдегі жиында баяндама жасаған ғалымдар қазақ терминологиясын жасауға зор үлес қосқан ағартушы-лингвист Ісләм Жарылғаповтың еңбегі мен мол мұрасын, оның сөзжасамдағы бай тәжірибесін бүгінгі ұрпаққа жеткізуде қазақ терминологиясын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды үйлестіру, өндіріс пен ғылым саласында қарым-қатынасты нығайтып, ортақ ғылыми тақы­рыптарды жоспарлау мен іске асырылуын қамтамасыз ету, біріздендірілген терминжасау әдіс-тәсілдерін қалыптастыру, тәжірибе алмасу және қазіргі жағдайда талдап-сараптау мәселелері көтерілді. Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, Атасудағы кәсіптік-лицей директоры, Ісләм Жарылғаповтың туған інісі Ғазым Жарылғаповтар әулеті атынан ризашылық сезімін жеткізді. Атасудағы орталық мұражайды аралап, өлкенің көне тарихымен, танымал азаматтарының өмірі мен еңбек жолымен танысқан қонақтар Ғазым Жарылғаповтың шаңырағында тігілген он сегіз қанат қазақтың ұлттық киіз үйінде мол дастарқаннан дәм татып, аудан өнерпаздарының ән-шашуын тамашалады. Бұдан бес жыл бұрын да Ісләм Жарылғаповтың туғанына 90 жыл толу құрметіне арналған Халықаралық конференцияның мәдени шарасының басы-қасында да Ғазым аға жүрген еді. Жаңаарқа халқының  меймандосы мен құрметіне бөленген шетелден және Астана мен Алматыдан барған ғалымдар келесі жолы Ыстық көл мен Анкарада кездескенше деген ыстық сезіммен аттанып кетті.    

934 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз