• Тарих толқынында
  • 15 Шілде, 2014

МҰСТАФА ШОҚАЙ БИ ШОҚАЙҰЛЫН ЕСКЕ ТҮСІРУ

Александр ШУЛЬГИН,
(1889-1960)
Украина халық республикасының алғашқы сыртқы істер министрі,
cаяси қайраткер

ЕгерТүркістан тәуелсіздік алып,
М. Шоқай тірі болса, ол Джавахарлал Неру, 
Ататүрік сияқты қайраткер болар еді»
А. Я. Шульгин

      «...Түркістан бір күндері жаңарып, өз батырларын еске алатынын,
Мұстафаға Перовскіде, не Ташкентте ескерткіш қоятынын білмеймін.
 Бірақ, халық оған өз жүрегінен ескерткіш  орнататынына кәміл сенемін».
А. Я. Шульгин


Осы қоштасу кезінде  досым Мұста­фа-биге арнап cөз айту қандай қиын. Тірілердің ішіндегі ең тірі жанның өмірден өтті дегеніне еш сенгің келмейді. Ол нақты істің адамы еді. Ол өмірді ал, өмір оны өте жақсы көрді.
Біздің арамызда қандай жақсы адам өмір сүргенін білу үшін жан түршігерлік  қайғылы қазаны күтудің еш қажеті жоқ еді. Ол тек заң түріндегі үлкен адам ғана емес, шын мәнінде үлкен елдің, барша орта Азияның, барлық Түркістанның нағыз көсемі болатын. Оның ортамыздан кенеттен ғайып болуы барлық ел үшін нағыз үлкен апат еді.  Әрине,  Түркістанда оның орнын басуға дайын адамдар табылады, бірақ, оның дара, өзіндік қасиетке ие, өзіне ғана тән, басқаларға ұқсамайтын жеке тұлға ретінде оның орнын толық ауыстыра ала ма?
Мен өзімнің барлық украиндық доста­рымның атынан Түркістандық өкіл­дерге қай­ғырып, көңіл айтамын. О, дүниелік болған көсемнің еліне тағдырдың осындай қатты соққысын басынан өткізу үшін үлкен күш-жігер табуды тілеймін.  
Мұстафа-би кім еді?
Бір жағынан ол таза мұсылман, өзінің жақсы жақтарын жүзеге асыруға бар ынта-жігерін салған Ұлы Түркістанның және Шығыстың адамы еді. Екінші жағынан бұл адам, өзінің өте керемет қабілетімен Батыстың өркениеттілігін сіңіріп, сол арқылы орыс мәдениетіне терең енді. Сезімтал саясаткер ретінде оның бойында өзінің қасиетіне тән әдіс­керлік ерекшелігі де бар болатын. Ол өз қарсыласынан еш тайсалмайтын және қандайда бір қиын мәселелер болмасын қарапайым тілмен анық жеткізіп, әрі өз көзқарасы үшін қорықпай шайқасқа шығатын. Пікір таласында, сөз жарысында оны ешкім жеңе алмайтын. Адамдармен әңгімелесу барысында кімді болмасын өзіне тез баурап алатын,  сүйкімді жан ретінде жүрген ортасында жақсы танылды. Бірақ, осындай қасиеттеріне  қарамастан өзінің ұста­нымына, көзқарасына  берік болатын. Әсіресе,  Түркістанға байланысты мәселеге келгенде  ерекше қайсарлық танытып,  өзі­нің жанын беруге даяр тұратын.                                                          
Мұстафа Шоқай күшті, батыл және ерекше ниеті түзу, әйтсе де,  мен айтып өткендей,  ерекше жан болатын. Бұл ерекшелік оны көптеген ыңғайсыздықтарға да әкеліп соқ­тырды.  Ондай да бәріне қатты күйзелетін.  Мұндай  кездері үлкен елдің көсемі ретінде бәріне шыдап бағатын. Мұның өзі орасан зор адами қасиет. Бұл оның нағыз тарихи рөлі болатын, сондықтан да шығар, өзінің нағыз жауынгерлік  қызуқандылығымен, патриоттығымен нағыз тарихи рөлін атқара білді. Ол туа біткен журналист болатын. Өмірінің белсенді басым бөлігі   шетелде өткендіктен оның бұл қасиеті өте қажетке жарады. Өйткені, жауларын ол тек ұшқыр қаламның ұшымен түйреп, өз жерлестері  рухын және күреске дайындығын қолдап отыруы керек болды. Оның мақалалары жалындап жанып тұрған, кей кездері  кеке­сінді әрі төтенше жағдайда жазылатын. Әр­бір мақаласы одан орасан еңбекті талап ететін. Мұстафа-би шын мәнінде үлкен қыз­меткер еді.  Қажетті  материалды жалындап іздестіріп және оны тез жинастыра алатын. Еуропада  оның Түркістан жайында білгендерінің оннан бір ғана бөлігін білетіндер де аз. Сонымен қатар, ол Кеңестік Одақ өмірінің қиын-қыстау да қысылтаң жағдайларынан және Қиыр Шығыстағы барлық Азиялық қиын мәселелерінен де жақсы хабардар болатын. Егер, бұл адамды жоғалту оның елі үшін үлкен апатты жағдай десек, онда басқа ұлттарға жататын саяси жұмыстар жөніндегі  оның серіктестері үшін де үлкен қаза. Бұл қаза ең ақылды, бар­лы­ғымызға аса қажетті, барлығымыз үшін баға жетпес серігімізден айырды, орны толмас өкініш.
Біздер украиндықтар да үлкен досымыздан айырылдық. Ол украина мәселесіне тереңірек атсалысты, украинаға деген өзінің көңілін білдіріп қана қоймай, көмек қажет болған кезде бізді қорғауға өзіндік сеніммен белсене араласып, қолдау көрсе­тіп отырды. Мұстафа-биге біздің көзқарасымызбен  толық баға беретін уақыт әлі келе қойған жоқ. Мен өзім Мұстафа-биді саяси қайраткер ретінде ғана емес, оны жеке сырластық жағынан да жақсы білетін едім.  Сондықтан да, мен өмірлік жарынан қапияда айырылып қалған Шоқаева ханымды  өзімнің шынайы  пейіліммен  жақсы түсінемін...
Мұстафа Шоқай сияқты жақсы достар өмірде өте сирек. Ондай жанды табу да қиын. Біздің достығымыз кіршіксіз таза еді... Біз  екеуіміз күн сайын, кей кездері апта сайын жолығып тұратынбыз.  Он бес жылдай біз екеуіміз саясат және әдебиет саласында бірге жұмыс істеп, достығы жарасқан екі елдің мүддесі мен мұқтаждарын бірге қорғап, соның жолында бар күш-жігерімізді жұмсадық. Екеуіміз қай кезде, қай жағдайда болмасын бірімізді біріміз үнемі қолдап, қорғап жүрдік. Бұл жағынан мен де, Мұстафа Шоқай да өте тату, өте жақын болдық.  Сол үшін менің өз басым батыл да ержүрек Мұстафа-биге ризамын...  Мұндай шақтарды  мен ешуақытта ұмытпаймын.                  
Мұстафамен қай тақырыпта болмасын әңгіме-дүкен құруға болатын және онымен болған әрбір кездесу, әрбір сұхбат  өте мазмұнды, қызу жағдайда өтетін.  Ондай кездері біздер саясат, тарих, әдебиет салаларын жиі қозғайтынбыз. Әсіресе, өнер саласы бойынша жиі пікір алысатынбыз. Менің ойымша Түркістаннан басқа ол театр мен музыканы қатты сүйетін... Ол өзінің жұбайының талантын (тамаша әнші)   жоғары бағалайтын. Қай уақытта болмасын оның әндерін бар ынтасымен құлақ қоя тыңдап, оның өнеріне тәнті болып отыратын. Мұстафа Шоқайдың сүйікті композиторлары Моцарт пен Бородин еді... Әйтсе де, кездескен сайынғы біздің басты әңгімеміз Түркістан жайында болатын. Мұстафа-би екеуіміздің арамыздағы достық әңгіменің қайсыбірінде болмасын Түркістанды аузына алып, соның жағдайын ойлап отыратын.  Мұстафа Шоқай жанып тұрған журналист, сөзге шешен, тамаша жан болды десек, ол солай болып қалды да. Француздар оны «кайзер» – орны ерекше сұхбаттас, ешкіммен салыстыруға болмайтын тамаша әңгімешіл жан деп атайтын. Өте орынды айтылған сөз, өте орынды берілген баға. Түркістан туралы сөз қозғағанда, ол оның өмірі, табиғаты жайында беріле де қызықты етіп әңгімелесе, өзінің жастық шағын еске алғанда мені өз еліне еріксіз бірге алып кететін, мен де өзімді  көп жағдайда сол елде жүргендей сезінетінмін...
Түркістанда мен ешуақытта болған емеспін. Бұл елді білетін болсам, ол тек Мұстафа-бидің кітаптары арқылы. Оның әңгімесін тыңдай отырып, мен тарихқа толы әрі көлемі жағынан аса үлкен елді, географиялық құрылымын, шеті көрінбейтін жазық даласын, алып тауларын, тіршілік нысаны білінбейтін құмды жерлерін және өзінің керемет құнарлы жерімен адамдарға жемісін  беріп отырған Түркістан елін өз көзіммен көргендей әсерде болатынмын... М. Шоқаев Түркістанның солтүстік бөлігінде, марқұмның дене құрылысы нағыз түркі елінің түр-тұлғасын танытатын қырғыз-қазақ даласында туылған.  Оның  туған қаласы  Перовск деп аталатын.  Ол ескіден келе жатқан танымалы отбасынан шыққан. Мен оның шыққан тегін толық бімеймін, бірақ, маған белгілісі  бұрынғы ата-бабалары ХІІІ ғасырда солтүстік Кавказ бен Украина даласына қоныс аударған Қыпшақ ордасының ханы болған – Көтән деп аталатындығы.  Көтән хан  өзінің қызын украин-орыс князі Мстислав Галицкийге ұзатқан. Бұл тарихта белгілі Жебе мен Сүбітай жорықтары кезеңі екен. Олар алғашында қыпшақтармен одақ болуға шарт жасасып, соңынан айныған соң Көтән хан орыс князьдігінен қолдау іздеуге мәжбүр болған. Тарихтан белгілі болғандай, одақтастар Қалқа түбінде тас-талқан болып жеңіледі. Осының барлығын, яғни, Көтән тұқымынан екендігін Мұстафа-бидің өз аузынан естідім. Бұл ханның және оның арғы аталарының  одан арғы тарихы  маған белгісіз, сондықтан да, Мұстафаның атасы өзіме белгілі Торғай жайына ауысқым келеді. Торғайдың бірнеше ұлдары болған, солардың бірі Шоқай есімін алып жүрді. Мұстафа-би осы Шоқайдың  ұлы.
Марқұмның атасы «датқа» шенін алған. Орысша айтқанда Хиув хандығындағы губернатор немесе облыс басшысы дегенді білдіреді. Мұстафаның әкесі, Торғайұлы Шоқай «би», яғни, сот  болған. Түркістанды орыстар жаулап алған кезде  Мұстафа-бидің атасы – Торғай датқа отряд бастығы болған және орыстарға қарсы соғысқан. Бұл елді жаулап алғаннан соң алғашқы орыс генерал-губернаторы Кауфман Ташкентке келгеннен кейін өзіне барлық әскери басшыларды танысу үшін шақырады.  Торғай датқа оның алдына барудан бас тартады, сол үшін де орыс өкіметі оны жергілікті атақты адамдар қатарынан сызып тастайды. Нәтижесінде барлық губернаторлар мен басқа да лауазымды адамдар сол дала арқылы Мұстафаның атасының ауылы үстінен өткенде жол-жөнекей оған бұрылып, ұлтшыл тәкәппар жанмен өздері танысып отырған. 
Мұстафа-бидің бала кезінде алғашқы аттаған мектебі мұсылман діни мектебі болған. Сонымен қатар, ол Ақмешіттегі  зиялылар мектебінде оқып, орыс тілін жақсы меңгергені де белгілі. Орыс тілін  жақсы меңгергені соншалықты, соңынан ол орыс әдеби тілінде өте таза сөйлейтін. Онбір жасында Мұстафа өзі ауылынан бесжүз шақырым жердегі Ташкент гимназиясына барып емтихан тапсырады. Барлық пән бойынша жоғары баға алады. Осыған қарамастан оның құжаттарын қабылдаудан бас тартып, орнына басқа бір орыс бала­сының құжаттарын қабылдағандығын ес­ти­ді. Бұл іске таңқалып әрі ренжіген ол генерал-губернаторға тікелей жолығуды ойлайды. Бұл жөнінде Мұстафа-би өзінің естеліктерінде былайша баяндайды: қа­был­дау бөлмесінде шенеуніктер мен тілек білдірушілер көп болды. Генерал-губернатор өз кабинетінен шыққан кезде ірі шенеуніктерінің жанынан өтіп тікелей маған қарай жүрді де:
-  Сен мұнда неге келдің?
Бала өзінің тарихы мен өкпе-назын өжеттілікпен айтып береді.
- Сенің емтиханды алғашқы болып жақсы тапсырғаның шын ба?
Мұстафа осы қабылдау бөлмесінде тұрған  гимназия директорын куәге тартады. Директор баланың шағымын растайды. Губернатор директормен тездете тіл қатысады да, сол жерде Мұстафа гимназияға қабылданғандығын жария етеді. Ол өте жақсы оқиды, бірақ,  гимназияны аяқтар алдында  сынып тәлімгерімен  сөзге келіп қалады. Мұстафа тәлімгердің тарапынан  қиянат көрсеткен бір оқушыға жақтасады.  Тәлімгер директорға Мұстафаның өзіне қатысы жоқ істерге араласатындығын айтып шағымданады. Барлық пәндер бойын­ша емтихандарды кілең беске тапсыр­са да осы қылығы үшін оған алтын медаль берілмейді. Осыған қарамастан Мұс­тафа Петербург университетінің заң факультетіне түсуге аттанады. Мұнда жаңа жанжалға жолығады. Генерал-губернатор «даланың» тәуелсіз жас жігіті заң білімін алып, өзіне саяси мансап жасауға жағдай жасамау үшін, оны техникалық білім алуға мәжбүрлейді. Мұстафа бұған үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, өзінің қалауы бойынша оқуға түсуіне мүмкіндік беруін талап етеді.  Осыған қарамастан оны қазыналық стипендиясынан  айырады. 
Жас заңгер алдынан мансапқа жетер жарқын болашақ есігі ашылды: оған университет жанындағы профессор атағын алуына жағдай жасайтын профессорлыққа қалуды ұсынады.  Онда­ғылар оны Түркістан мен мұсыл­манға байланысты істермен айналысуы үшін министрлікте шенеунік ретінде қалдырғысы келді. Бірақ, Мұстафа-би мұндай құрметтен бас тартты, себебі ол өз халқы мен өз елінің мүддесін қорғау үшін еркіндікте болып қалғысы келді. Шын мәнінде, халқы мен елінің мүддесін асқан ыждағаттылықпен қорғады, өте қызу­қандылықпен қорғады. 1917 жылғы  революция, Уақытша немесе Керенский үкі­меті заманында Мұстафа-би Петроградта  болатын. Өзінің  естеліктерінде  бұл туралы былайша әңгімелейді:
«Бір жағынан мен Мемлекеттік Дума­дағы мұсылман фракциясы жанын­­дағы бюросында, екінші жағынан жоғарғы империя әкімшілігі алдында және әртүрлі майдан жұмысшысы ретінде шақырылған  түркістандықтар ісі бойынша жер және қалалар одағы алдында жұмыс істедім. Бұл кезеңде, әсіресе, Түркістандағы арнайы еңбек жағдайының ерекшелігіне бай­ланысты, осы міндетті қызметтерді атқару оңай болған жоқ». Міне, бірнеше сөйлеммен ғана  ол сол кездегі жағдайды түсіндіріп отыр. Империя заңына сәйкес Мемлекеттік Думада Түркістанның өз өкілі болмағандығы  белгілі. Сондықтанда, патшалық империяның жалғыз ғана жоғарғы еркін мінбесінен әр кезеңде барлық құқығынан айырылған Түркістан және оның тұрғындары туралы шындықты айтып тұру өте маңызды болды. Оның сөздерінің қажеттілігі 1914 жылғы соғыстың басында Түркістанның соңғы генерал-губернаторы  генерал Куропаткиннің сөзі бойынша автономиялы тұрғындарға тиесілі жерлерді нағыз тәркілеу (тек талан-тараж деп айтпай) кезінде ерекше сезілді. Бұл саясат 1916 жылы Түркістанда үлкен көтерілістің болуына бірден бір себеп еді.
«Думадағы Мұсылман фракциясы бір ғана Әзербайжан өкілдерінен және Еділ татарларынан (төрт депутат) тұратын. Фракция бюросының  міндеті Империядағы мұсылмандар әлемі туралы материалдарды жинастырып, оны жүйелеп, бір депутат  Думада шығып сөйлегенде бұл материалдарды пайдалану болатын. Түркістандықтар бұл жауапкершілікті маған тапсырды. Бір ерекшелігі сол, Бюро бұл материалдарды 1916 жылғы Түркістан көтерілісі желеуі бойынша төңкеріс алдында дайындады. Бұл жұмыс тағы да маған жүктелді».
Әкімшілік  пен жер мен қалалар Одағы алдындағы бітістіруші ретіндегі оның рөлі, әрине, аса қиын және жауапты болатын. Осыдан кейін-ақ,  Мұстафа-биге оның саяси мансаптық қызметінде Түркістанның қаншалықты өте маңызды екендігін айтып жатудың өзі артықтау.
Сол естеліктерінде, – өкінішке орай, Мұстафа-би тек өз өмірінің  жарқын жақ­тарын: Түркістанға  өзінің зор жеңіспен оралғандығы, Ұлттық орталықтың өкі­лі қыз­метінде болғандығы,  соңына қарай   М. Шоқаев өзі басында тұрған Қо­қан­­да Түркістан Автономиясы үкіметін құрған­дығы  жайында үзінділерін ғана қал­­дырған. Марқұмның өткен өмірінің бір кезеңінің  деректемесін ғана білгендіктен, оның бұл кезеңдегі өміріне тоқталғым кел­мейді.  Себебі, осы жиналыста Вали Каюм мырза  бұл кезең жайында аса білгірлікпен, сонымен қатар, өз естеліктерінде сыпайы­лықпен жазылмай кеткен мар­құмның еңбек­тері туралы өте жақсы фактілерді келтіре отырып, жан-жақты етіп айтып берді. 
Оның белсенділігі, оның танымал­дығы  сияқты өте  зор болды. Ол кезде Мұстафа Шоқай отызға да толмаған. Оның жастығы – жаңарған Түркістанның нағыз көсемі болуға кедергі болмас еді. Бірақ, бұл жастық кей кездері ермек көзі, сонымен қатар және қайғылы жаңсақтықтың көзі болды.  М. Шоқаевты барлығы білді, бірақ, көбі оны көрмеді, түркістандықтардың басым бөлігі оның жас екендігінен түсініктері де жоқ еді. Шығыста мынадай түсінік қалған: мемлекет басында министр болып  тек орнықты,  ақсақалды жандар тұруы тиіс. Ал, Мұстафа Шоқайдан сақал-мұрты шықпаған  жасөспірімді көріп отыр. Қызыл армияның соққысынан құлаған Қоқан үкіметінен кейін сатып жіберген күмәнды одақтан соң Мұстафа-биге қашуға тура келді. Ол Ферғана тауларындағы шеткі ауылдарға барып түсті. Онда өзінің аты-жөнін айтқанда Мұстафа-би мұндай жас болуы мүмкін емес деп сенбеген. Басқа біреудің атағын пай­да­ланушы деп оны өлім жазасына ке­седі. Атылар алдында оның көзін орамалмен байлайды, бұл орамал осы кезге дейін Шоқаева ханымда сақтаулы. Мұстафа аты­луға тиісті нақты  шешімді  күтіп тұрады. Кенеттен бір жаңа адам пайда болады. Ол не болып жатқандығын сұрайды. Оған: қайдағы бір бәлшебек Қоқаннан қашып шығып, өзін Мұстафа Шоқай екендігін айтты дейді.  Бұл адам өзінің өмірін Двина өзені жағалауында, майданда сақтап қалған Мұстафаны  жақсы танитын адам болатын. Әлгі адам өлімге қиылған жанның көзін­дегі орамалды шешіп алғанда оның алдында тізерлей отыра қалып, большевиктерге деген жеккөрушілігі, соның салдарынан ауылдастарының жантүршігерлік  қылмысқа барғаны үшін  кешірім сұрайды. Барлық жағдай қас-қағым сәтте өзгеріп сала берді. Сотты болып, өлім жазасына кесілгелі тұрған Мұстафа-би қайтадан бұ­рынғы сүйікті көсеміне айналып шыға келді. Барлығы жапа-тармағай оны  бас салып құшақтап, сүйіп,  бар мүмкін болған құр­меттерін көрсетіп жатты... Дегенмен, Мұс­тафа қуғындалды. Ұзақ және қауіпті жиһангерліктен соң сол кездегі еркіндікте болған Грузияның астанасы Тифлиске келіп жетеді де онда бір жылға дейін тұрақтайды. Ол әлі де болса отанына оралуға мүмкіндік болатындығына сенді. Бірақ, тағдыр оның маңдайына басқаша жазылды  және  ол Тифлистен Стамболға  қоныс аударды. Мұнда ол бірнеше ай жұмыс істеп, ең соңында Парижге жетті, мұнда ол ұзақ уақытқа қалды. 
Парижде Мұстафа-бидің өмірі мен қызме­тінің жаңа беттері басталады. Түр­кіс­тан делегаты ретінде, ол оны үнемі қорғап сөз сөйлейді. Әр елдің  саяси  қайрат­керле­рімен кездесіп,  Парижде, Лондонда, Берлинде және Еуропаның басқа да астана­ларындағы үлкен мінбелерден шығып сөйлеп, баяндамалар жасайды. Еуропаның мүмкін болған барлық газет-журналдарына сансыз мақалалар жазады.  Бірақ, оның бұл сөйлеген сөздері қаншалықты маңызды болғанымен Мұстафа-би «Яш Түркістан» журналы  органының редакторы ретінде өзінің әдебиеттік қызметіне ерекше мән берді десем қателеспеймін. Бұл журнал, редактордың өзі мен оның қызметкерлері және оқушыларының игілікті істерінің нәтижесінде төтенше құжатталған. Өкінішке орай, уақыттың аздығы Мұстафа-бидің қызыл Мәскеуге қарсы  өткір қаламының ұшымен жүргізген аяусыз күресіне тоқ­талуға мүмкіндік бермейді. Оның жаулары әрбір жазған мақалалары мен сөздеріне тұрақты түрде дәйексөз келтіріп және пікір таластырып, жауапсыз қалдырмай құрмет көрсетіп отырды. Ал,  оның идеяларына ықлас білдіріп, көңіл аударғандарға күдік келтіріп, оларды ату жазасына кесті. Ондай жазаға ұшыраған отбасылары да аяусыз қайғы-қасырет тартты: атып-асты, басқа жаққа жер аударды... Қалай болғанда да оның мұндай жағдайларға, азап көрген пікірлестеріне, оның жақындарына  жаны ауырып әрі қиналып жүрсе де буырқанған белсенділігін, өлімнен басқасын тоқтата алмады...

Мұстафа-бидің  саяси идеясы
Мен мұнда марқұмның шетелдік досы  және тарихшы ретінде Мұстафа-бидің  барлық қызметі негізіне жататын идеяларына саяси сипат беруге әрекет жасағым келеді.  Өкінішке орай, маған қолжетімді тілде  жазылған тек марқұмның әдеби мұрасының бір бөлігі  ғана  қолымда  болғандықтан ол толық сипатқа ие бола алмайды. 
Ең алдымен, Мұстафа Шоқаевтың түсінігі бойынша Түркістан  нені көрсетеді? Осы сұраққа жауап беру үшін, алдымен  оның саяси қарсыластары қалай жауап беретіндігі жөнінде бірнеше сөз айту керек сияқты.   Бұл  үшін орыс шығыстанушы Бартольдың Түркістан туралы «Ислам энциклопедиясында» (француз тілінде) жазған шағын мақаласын сөздәйек ретінде келтіргім келеді. Бұл ғалымның жай ғана шағын мақаласы еді. Оның үлкен ғылыми беделін Мұстафа Шоқайдың өзі мойындады. Бірақ, Бартольд мырза кеңес өкіметінің қол астында, Ресейде тұрып жатып, өз еркімен бе немесе мәжбүрлеп жазылды ма, әйтеуір, бұл мақалада ол сөз жоқ патша заманымен, сонымен қатар, кеңестік дәуірдегі Түркістанның жағдайына өз ресми көзқарасын көрсетеді. Патша заманында «Түркістан» сөзі бірыңғай  әкімшілік  мәнге ие болатын және бұл әкімшілік бірлік шекарасы басқару ыңғайына қарай кең көлемде өзгеруі мүмкін еді. Кеңестік өкімет үшін «Түркістан» сөзі тіптен болмаған. Бұл туралы Бартольд былай дейді: ең бастысы «Түркістан» сөзі Кеңестер Одағы­ның қолданылуында этнографиялық  ұғымнан бүтіндей дерлік шығарылған. Революциядан соң  астанасы ескі Ташкент болған «Түркістан республикасы» өмір сүрді. Бұл республиканың аумағы генерал-губернаторлық билік кезіндегіден  айтар­лықтай кіші еді...  Ұлттық прин­ципті қолдану толығымен аяқталған соң    «Түркістан» жалпы атауы барлық өл­ке үшін әр халықтың өзіне сәйкес  сол өлке­де тұратын: Қазақстан, Өзбекстан, Түр­кі­менстан, Тәжікстан, Қалпақстан деп өзгертілуі тиіс болды.  Ең бастысы, эконо­­микалық  сипаттағы мәселелерді  бұ­рын­­ғыдай Ташкент шешетін болды. Осы жағдайда «Түркістан» емес, «Орта Азия» деп айтылады. Кеңестер Одағының  Түр­кістан туралы ресми көзқарасы осындай. Қазір бұл елдерді Мәскеу бес кеңестік республикаларға бөліп тастады. «Бөліп таста да, билік жасай бер» – бұл мәңгілік саясат. Бұл мәселе бойынша Мұстафа-бидің идеясы өте анық болатын: ол патшалық, сонымен қатар, кеңестік әкімшіліктің ұстанымдарын қатты сынайды. Ол үшін Түркістан этникалық, сондай-ақ, саяси көзқарас  бойынша  біріккен біртұтас ел.
«Батыс Түркістан, – деп жазады өзінің бір мақаласында Мұстафа-би – бұл  үш миллион 948000 шаршы километр жерді иеленген орасан зор ел. Оның барлық тұрғындары барлығына ортақ түркі тілінде сөйлейді. Тек бір ғана Тәжіктер (500000 адам) түбі ирандық, бірақ, оның тұрақты тұрғындары түркілік тұрғындармен тамырласып кеткен. Түркістанның негізгі жалпы тұрғындары  17000000 адамға жетеді. Олардың арасындағы бөтен элементтер – көшіп келген орыстар – небәрі 10 %-ды құрайды». Батыс Түркістанға қатысты Мұстафа-бидің формуласы осындай. Бірақ, ол  қытай Түркістаны деп аталатын немесе шығысқа да  өз отанының екінші жартысы ретінде қарайды. Бұл да біржарым миллион шаршы километрді алып жатқан еліміздің орасан зор екінші жағы. Осы туралы өзінің мақаласында Мұстафа-би: «Бұл өлкенің  басты да негізгі тұрғындарын түркілер құрайды, яғни, батыс Түркістан тұрғындарымен  өте ұқсас. Осы елдің  бөлігінде, Қашқарияда өмір сүретіндерді ұйғырлар деп атайды. Өздерінің нәсілі, діні, тілі мен салт-дәстүр, әдет-ғұрпы жағынан Шығыс Түркістан мен Батыс Түркістан түркілері бір және сол халықты құрайды. Мұстафа-би сонымен қатар, 5-6 миллиондық Шығыс Түркістанның  75% -ын түркілер құрайды. Билік жасайды деген қытайлық тұрғындар бөлігі небәрі 4-5 %-ды құрайды, ал, моңғолдар бірнеше есе көп» деп атап көрсетті. Осы айтылғандардан белгілі болғаны Мұстафа-би үшін екі жақтағы Түркістан да бір тұтастықты құрайды. Бұл үлкен – Отан. Егер, ол Батыс Түркістандағы  өз  бауырларын қорғау үшін ерекше көп күш-жігерін жұмсаса, ол Шығыс Түркістандықтарды да ешқашан ұмытқан емес. «Ревю де Прометей» атты өте тамаша мақаласында, ол қытай билігінен қиындықты көп көріп, «теңдесі жоқ қатты зардап шегіп» соның салдарынан жиі бас көтеріп, көтеріліске шыққан өзінің шығыстық бауырларын қызу қорғайды әрі қолдайды.
Мұстафа-бидің саяси идеялары туралы айта отырып, оның ескі революцияға дейінгі орыс билігіне көзқарасы жайында үндемей, айналып кетуге болмайды. Өзінің ескі Түркістанға арнап сөйлеген сөздері мен жазған мақалаларында бұл мәселеге қайта-қайта  оралып, қатты сынап, шетелдік тыңдаушыларын сендіре білді... Түркістан патшалық өкіметтің соң­ғы жаулап алғаны болды. Мұстафа-би көптеген мақалаларында осы жаулап алушылық тарихына жиі қайта оралып отырды. Оның туған отаны – Қырғыз-Қазақ даласы орыс иеліктерімен тікелей көрші тұрғандықтан қуатты көршінің соққыларын өздеріне қабылдайтын. Орыстардың басып кіруі ХVІІІ  ғасырдың бас кезінде орын алса, бұдан соң қырғыз-қазақтың үздіксіз көтерілістері басталды. Мұстафа-бидің жазғанына сәйкес тұрақты қатынас құрылып, ол ХІХ ғасырдың ортасына дейін ұласты және осы уақыттан кейін  Ресейге қосылу басталды деп айтуға болады. 
Хиуа мен Бұқара хандықтарының (1858-1873жж.) орнатқан бақылауы, 1876 жылғы Қоқан хандығының қанауы жайында Мұстафа-би Түркістан тұрғындарының мұндай бағынышты жағдайларға дұшпан­дық көзқараста болғандығына баса мән беріп, соның салдарынан халық жиі бас көтергендігін атап көрсетті. 1916 жылғы көтеріліс бұрынғы наразылықтардың аяқ­талуы болды. Біздің білетіндігіміз, осы уақытта, яғни, 1916 жылы Мұстафа-би Мемлекеттік Думада Мұсылман фракциясы жанындағы бюрода жұмыс атқарды. Түркістандағы жағдайды анықтау үшін  және өзінің шетелдік тыңдаушыларына үрейлі (қорқынышты) 1916 жылғы көтерілістің себебін үкіметтің өзінің ресми актілерін және Түркістанның соңғы генерал-губернаторы Куропаткиннің күнделігін шын мәніндегі обьективті өте нанымды дәйек сөзбен жай ғана айқындап берді. Бұл өзіндік әдіспен Мұстафа-би 1916 жылғы көтерілістің басты себебі 19 бен 45 жас арасындағы жер­гілікті тұрғындарды тездетіп майданға   ор қазуға және басқа да қара жұмыстарды атқаруға жөнелту болғандығын түсіндірді. Істің ең бастысы орыс үкіметі ешқашанда түркістандықтарға сенбейтін, сондықтан, әскер қатарына қызметке алмайтын. Сонымен қатар, Түркістанда туылған орыстар әскер қатарына шақыртылудан босатылған.  Мұстафа-би  Куропаткиннің өз аузынан шыққан мынадай ашық шындықтарды да келтірді: «осындай шаралармен жергілікті халықты жалаңаш қалдырды, оларға мақ­та теріп, егін өсіріп және мал бағудан басқа істейтін ешнәрсе қалмады». Бірақ, Мұс­тафа-би  генерал Куропаткиннің мынадай ескертпелерін де ерекше атап көрсетті: «Қыр­ғыздардың кө­те­ріліске ұмтылуының басты себебін оларға қатысты біздің аграрлық саясаттан іздеу керек». Бұл саясаттың басты мақсаты жергілікті тұрғындарға тиесілі ең соңғы жақсы жерлерін тартып алып, орыс отарлаушыларына беру болды. Осы бір аграрлық мәселе патшалық, сонымен қатар, кеңестік  үкімет  кезінде де Түркістан өміріндегі  басты мәселе еді.  Бұл   Мұстафа-би өмірін толғандырған және ерекше үрейін алған мәселе ретінде оның іс жүзіндегі басты күрес мақсатына айналды.  
Мұстафа-би түркістандықтар патшалық үкімет кезінде Ресейде үлкен беделге ие болатындай  не Мемлекеттік Думада өкілі жоқ, не өзін-өзі басқару қалалық бас­қар­масы жоқ, ең төменгі нәсіл ретінде саналғандығын  үнемі атап көрсетіп отыратын. Өз еліне және өз туыстарына қатысты мүддені қорғай отырып, осыған қарсы Мұстафа-би күрес жүргізді. Төменде көрініс бергендей, ол революцияға Керенский кезеңі, оның отанына Ресей өз көзқарасын түбегейлі өзгертеді, туған халқына жақсы өмір орнайды деп сенді.  Соңынан қатты көңілі қалды. Кеңес өкіметінің жеңісінен соң бұрынғы патшалық саясатты түбегейлі өзгертуге сөз жүзінде уәде бергенмен шын мәнінде құрған жаңа тәртібіне  Мұс­тафа-би  өз өмірі жолында өліспей беріс­пейтіндей қайсарлықпен күрес жүр­гізді...
Жоғарыда атап өткендей, мен Уақытша үкімет кезеңінде болған Түркістандағы азат қозғалысы тарихын саналы түрде   өткізіп жібердім. Бұл міндетті шешуді менен гөрі жақсы білетін осы залда отырған Түркістан  өкіліне  ұсынамын. Әйтсе де, осында  Мұстафа-би өмірінің әр кезеңіне қатысты әңгімелей отырып,  марқұмның буырқанған саяси өмірі мен көңіл-күйінің жар­қын парақтары жайына сипаттама бере  кету артық болмас деп ойлаймын. Мен қозғағалы отырған мәселелерді түсіну кілті – марқұмның 1938 жылғы басылған мақаласы. Саяси қайраткерлер үшін төтенше ашық саяси әңгімеге жол ашады. Естеріңізге саламын,  Қоқан үкіметінің басшысы болар алдында Мұстафа-би Түркістан Ұлттық орталығының төрағасы болған. Ол өзі былай дейді: «Ұлттық орталық  барлық жастарды, біздің барлық интеллектуалды ұлттық және революциялық  күштерімізді біріктірді. Бірақ, шын мағынада осыған қарамастан бұл орталық тұтастай алғанда барлық елді  көрсете алмады. Өйткені,  Ташкентте басқа орталық құрылып, ол өз тарапы жағынан барша Түркістан өкілеттігіне үміткер екендігін танытты. Мұның өзі бәсекелес екі ұйым арасында дау-дамайды туғызбай тұра алмады. Бұл ұйым «Мұсылман діни Одағы» деп аталды. «Мұсылман діни Одағы» шариғатты тездете енгізуді, болашақ Түркістан конституциясын Ресей Федерациясының мүше-мемлекеті ретінде  орнықтыруды талап етті. Егер, Түркістанның өзінің заң мекемесі алдын ала қолдамаған болса, ең бастысы соның ішінде «Мехмеди-Шариати» қолдамаса, онда Жалпы Ресей Федерациясының  бір­де бір заңы Түркістанда күшіне ен­бейді деп белгіленген. Олар өздерінің осы «клерикалдық орталықтың» негізгі принциптерін осылайша баян­даған. Ең бастысы бұл орталықтың ықпалы Ташкенттің өзімен шектеліп отырған, ал, барлық ел түгелімен «Ұлттық орталықты» қолдайтын, – деп атап өткен болатын Мұстафа-би сол кезеңде. Осы бір естеліктерде (еске түсірер болсам, бұл 1938 жылы, яғни осы оқиғадан жиырма жыл кейін жазылған) сол уақытта жас Мұстафаның күресті қызу жүргізіп жатқан жылдарындағы ащы дауысын естисіз. Сонымен бірге, осы естеліктерді оқи отырып, Мұстафа-биге өз туғандары арасындағы бұл қайшылықтар жайсыздық тудырғанын сезінуге болады. Егер, соңғыларының арасында өз идеялары болып, өздерінің саяси жауларын көре алмаса, дәл осындай сезім Мұстафада болған жоқ.  Басқа  естеліктері мен  үзінділерінде ол қажетті жағдайда ойын анық білдіре отырып «клерикалықтарға» өзін тыңдатқыза алғаны анық байқалады. Өйткені, олардың барлығы да Мұстафа-бидің өз туыстары, қандас бауырлары болатын. Бұл жағынан сөзге сараң болса да Мұстафа-би осы пікір қайшылығын былайша түсіндіреді:
«Мен дінге өте сенетін отбасынан шық­қанмын, мен алғашқы білімге деген қадамымды да мұсылман діни оқыту мектебінен бастадым. Гимназияда оқып жүргенімде мен Тәшкенттегі медресе мектебіне де барып жүрдім. Біздің еліміздің өмірімізде дін мен Шариғаттың беделі орасан зор екендігін жақсы түсіндім. Сонымен қатар, біздің «Ұлттық орталықтың» мүшелері арасында да Құранды терең білетін адамдар да болды. Мысалы, атақты Махмуд-Қожа Бехбуди. Осыған қарамастан барлығымыз біздің елімізде  Шариғаттың бақы­­лауын орнатуға қарсы болдық. Неге? Өзінің шетелдік тыңдаушыларына (осы мәселе бойынша ана тілінде жазған басқа мақалаларын мен білмеймін) мұны түсіндіріп жатудың қажеті жоқ деп есеп­теді. Бірақ, Мұстафа-бидің жеке басын жақсы біле тұра менің түсінгенім, егер, оған өзінің міндетін (миссиясын) аяқтау маңдайына жазылса  және  бостандық алған Түркістанның басқаруына нақты отырса, онда ол көбінде  Ата Түріктің жолымен жүрген болар еді. Бірақ, жарлық жағынан емес.  Оның шыдамдылығы атақты қандасы Мұстафа Кемалға қарағанда артық болатын. Ол ескілікті қатты сыйлайтын, ондағы бар барлық бағалылар мен ұлттықты қалдыруы керек болатын. Бірақ, ол елді Шариғат бойынша ұйымдастыру мүмкін емес деп есептеді. Ол бостандық алған Түркістан өзінің барлық ұлттық бет-пердесін сақтай отырып, батыс елдерден көп нәрсені алу керек, егер қажет болса басқа мемлекеттер арасындағы бәсекеде шыдамдылық көрсете аламын деп есептеді. Осындай ықылас-тілегіне, олардың барлық сүйіспеншілігіне қарамастан, ол барлық жағынан олардың соңынан ілесе алмады. Оның өзі алға бастап алып жүруге тиіс болды.  Ол даурықпа емес еді, ол өз елінің игілігі неде екендігін жақсы түсіне отырып, белгіленген жол бойынша бастап жүру керек деп есептеді. Біздің көріп отырғанымыздай  ол өзінің жеке қателерін (әлбетте ондайлары болса) түсініп, үлкен азаматтықпен зор табандылықты көрсете отырып өзінің бар жан-тәнімен өз халқының нағыз Көсемі бола білді.
Өзінің естеліктерінде Мұстафа-би біз­дің алдымызға  өзінің өмірі жайлы немесе саяси даму тарихын көрсететін тағы да бір маңызды беттерді ашып береді.  Біз жас Мұстафаның  Уақытша үкіметтің алдында өз елінің мүддесін қорғаған кезеңге қайтадан тағы да оралуымыз керек. Сол  кезеңдегі өзінің көзқарасы туралы ол былай дейді: «Ежелгі арманымызды жүзеге асыруға – Түркістан Автономиясына қол жеткізуге біздің күшіміз жетіспейтін. Сон­дықтан да, орыстар арасында, яғни,  Уақытша үкіметпен, әсіресе, Петербург жұмысшылар кеңесі мен солдаттар депутаттары арасында алдын ала дайындықтар жүргізу керек болды» (Ол кезде боль­шевиктік фракцияның үлес салмағы Петербург Кеңесінде болмашы еді және соған қарамастан империядағы ше­шуші күш болатын). Мұстафа-би­дің мұндай ұстанымы, оның тек реалист екендігін дәлелдейді. Ол Уақытша үкі­меттің әлсіз екендігін есептей алмады.  Түркістан күші күреске шығу үшін әлі де дайын емес екендігін ол білетін. Бірақ, Шоқаев осындай бірыңғай басқа да себепті тактикалар болғандығын ашық мойындады: «Біз адастыратын тылсым мистикалық революция аясында болып  және  біздің бақытсыздығымыздың барлығына нүк­те қойылады деп қатты сендік...» Одан ары қарай, бұдан төменірек Мұстафа-би «Шынымен, бұл сенім ұзамай-ақ кете бастады.  Әйтсе де, сыртқы революциясыз құтылу мүмкін емес деген адастыратын тылсым мистикалық революция мен біздің сенімімізді өкімет өз қолында ұзақ ұстады».
Мұстафа-биге сөнгеніне көп болған орыс революциясы жайын 1938 жылы шетелдік оқырмандар алдында қайта қозғауы, өзінің ұстамдылығын, өзінің сенімін, өзін өзі «әшкерелеудің» қаншалықты қажет болды? Сөз жоқ,  мұнысымен ол еуропалық оқырмандарға Түркістандағы ұлттық және сепараттық қозғалыс олардың жаулары айтқандай «қолдан жасалынған қозғалыс» болған жоқ екендігін жете түсіндірді. Басында ол өзі тұрған ұлтшыл Түркістанды «шағын интеллигенттер тобы» құрған жоқ. Ол Түркістанның шалғайдағы бұқара халық арасынан шыққан.  Міне, өзінің осындай «әшкереленуімен» немесе өзінің мойнына алуымен осыларды ашық айтқысы келді. Нағыз көсемдер, олар қаншалықты сабырлы, ұстамды болғанымен халқы талап еткен жағдайда өзінің тактикасын халқының мүддесі үшін күрт өзгерте алады. Міне, осындай жағдай Мұстафа-бидің басынан да өтті. Уақытша үкіметке кезінде көңілі қалған ол, қызыл армияға қарсы табандылықпен күрес жүргізді. Одан жеңіліс тапса да, ол өз қаруын тастаған жоқ.  Біздің білетініміздей, Түркістанды азат ету жолында тұрған барлық жандармен қатар  Кеңес өкіметіне де қарсы күрестер жүргізді.  Басындағы Патшалық Ресейдің Түркістанға көр­сетіп отырған орыс аграрлық саясатын, соңынан большевиктердің сондай жолмен жалғастырып, жасап отырған жауыздығын көре тұра қалайша күреспесін. Ол өзінің халқына аштық әкелген, мақта себуге және осы мақтаны кеңінен пайдалануға тыйым салған Кеңес үкіметінің теріс  іс-қимылын, әре­кеттерін жақсы білетін. Әрине, осындай қиын жағдайда Түркістан теориялық жағынан нанды тек Ресейден алуға мәжбүр болатын, бірақ, сол нан жеткіліксіз мөлшерде  әкелетін...  Мұстафа-би Түркістанға жасалынып отырған осындай лаңкестік әрекеттерге, орыс келімсектерінің және Кеңес өкіметінің пайдасына елді тонағандарға қарсы үлкен күш-жігермен күрес жүргізді. Бірақ,  Кеңестерге оның басты және түпкілікті қойған таза талабы: «Өз тағдырын өзі шешу дегенді біздің түсінігіміз бойынша ұжымдық  мемлекеттен әрбір ұлттың бөлініп шығу құқығы мен тәуелсіз мемлекет құру құқығына ие болу» еді. 1917 жылы  Ленин өзі осылай деп айтқанын, Сталиннің 1917 жылы «орыс мемлекетінің төңірегінде қала ма немесе олар бөлініп өздерінше тәуелсіз мемлекет құра ма, мұны қанауда болған  халық өздері шешуге құқылы» деп жазғандарын Мұстафа-би есіне алады. Төрт жыл өткен соң  екіжүзді Сталин ұлттық құқық  –  ескірген идея және «шет аймақтағы  халықтардың қазіргі жағдайда бөліну туралы талаптары  кертартпалық» деп  ақылға сыйымсыз мәлімдеме жасады. Бұған қосымша, Мұстафа-би КСРО-да не болып, не атқарылып жатқанның бәрін білетін, оншалықты көрнекті емес, бірақ, аса ашық айтқан кеңестік қайраткердің: «Егер, біз орталықты шалғай арқылы нығайтқымыз келсе, онда оны біз еш толқусыз-ақ атқара ала­мыз» деген дәйексөзін келтіреді. «Міне, Ленин мен Сталиннің ұлт саясаты қан­дай. Бір жағынан «өз тағдырын шешу бөлінгенге дейін» деген айқай сөз­дері нәтижесінде бос сөз жүзінде, бө­ліну құқығы контрреволюциялық болып қалды» деп осылайша Мұстафа-би өзінің  көзқарасын  түйіндейді. 1935 жылы өзінің кітабында жазылған осы сөздерімен  Мұстафа-би кеңес­тік орта­лық­тандыруға қарсылық біл­діріп, Ресейден  Түркістанның бөлініп шы­ғуын, жеккөрінішті қамқорлықтан  босатуды талап етеді. Бұл идея мен талапты ол 1935 жылға дейін талмай қайталап отырды. 1923 жылдың 15 мамырында француз тілінде  «Шығыс және Батыс» жорналына жазған мақаласында: «Түркістан ұлттық тәуелсіздікке ұмтылады және ғасырлар бойы ұйқыда болған Шығыс та жеке фактормен өмір сүруді қалайды. Ол енжарлықпен өмір сүріп және біреуге қызмет жасап қалғысы келмейді» деп жазған.
Осы мақаласында Мұстафа-би тағы да былай деп жазады: «Императорлық үкіметтің жүргізген отарлау және орыстандыру саясаты, Уақытша үкіметтің ерікті және еріксіз жіберген қателері, ең соңында Кеңес үкіметінің ақылға сыймайтын езгісі, осының барлығының жиынтығы айналып келгенде Түркістан мұсылмандарын ұлт­тық тәуелсіздік жөніндегі автономия бағдарламасын өзгерту қажеттігіне сен­дірді». Одан ары қарай тағы да былайша жалғастырады: «Түркістанның тәуел­сіз­дік идеясы, енді, осы елдегі барлық пар­тиялардың, оның ішінде ұлттық пар­тияның, сонымен қатар коммунистік пар­тияның да  жалпы платформасы болып табылады. Олар әртүрлі әдістермен бір мақсатқа: бостандыққа және Түркістанның тәуелсіздігіне ұмтылуда». Түркістандық ком­мунистердің тағдыры, «ұлттық бейім­ділігі үшін айып­талған» түркістандық комму­нистер ерекше рөл ойнаған атақты кеңестік процесс өздерінің адалдығын рас­тағандығын Мұстафа-би мақұлдады, шын­дығында коммунистер деп аталған бұл патриоттардың барлығы да аяусыз атылды...
Өзінің әдеби қызметінде, сондай-ақ, өзінің таза саяси сөздерінде Мұстафа-би Түркістанның тәуелсіздігі идеясын Еуропа қоғамы алдында  өзінің пікірін бүкпесіз жеткізе алатын жан екендігін көрсете алды. Ол өздерінің халқына қатысты мақсатты ұстанып, соның жолында жүрген Кавказ бен Украина өкілдерімен тығыз ынты­мақтастықта болды. Мұстафа-бимен бірлесе отырып, олар 1933 жылы «Кавказ, Түркістан және Украина халықтар достығы Комитетін» құрды. Олар өз елдерінің мүддесін қорғай отырып, бірлескен жағдайда ұлы державалар үкіметтеріне үндеу тастады, бірлесе отырып ССРО-дан өз елдерінің бөлініп шығуын және тәуелсіз Түркістан, Кавказ және Украина  мемлекеттерін құруды  талап етті. 
Болашақ тарихшы Мұстафа-бидің Отаны  тағдырына объективті қараса, ол Мұс­­­тафа-бидің идеясының мәні мен оның барлық қызметін жақсы түсінері анық. Түркістан тек 70-жылдан астам уақыттан бері Ресей империясының құрамында болып келсе, түркістандық тұрғындардың өмірі Түркістанмен көптеген ғасырлар бойы жалғасып келеді. Бұл ел кезінде үлкен даму үстінде болып, атағы әлемге кеңінен жайылса, енді міне, талан-таражға түсіп, төменге қарай құлдырап кетті. Дегенмен, адамдар Түркістанның дамыған, гүлденген кезін осы күнге дейін  ұмытпаған... біздер, еуропалықтар Азияға Еуропаның басым­дығы бола бермегенін жиі ұмытамыз. Еуропа құрлығының Шыңғысхан дәуірінде қираған көптеген мемлекеттері және орасан зор ұлы империя туралы көп біле бермейді. Адамдар барлық Азия мен Еуропаның басым бөлігінде моңғолдар әлемін орнат­қанын ұмытады. Мұның өзі бірінен бірі оқшауланған екі Азия елдері – Қытай мен Иран мәдениетінің жақындауына жағдай жасады. Мәдени мұралардан түркілер өздеріне ешнәрсе қалдырмады деп әсте айтуға болмайды. Түркістанның нағыз батыры Темірлан болған, ол солай қала бермек. Өзінің туған Түркістаны үшін Темірлан үлкен мәдени құрылысшы болды. Ол түркі тіліне қамқоршы болып қойған жоқ, ол Самарқандта Шығыстың барлық әртістері мен жазушыларын жиып, сол кезде мәдени жағынан алда тұрған персид мәдениетін кейінге ысырып, өз астанасын халықаралық сауда орталығына айналдырды. Ол шын мәнінде өз елінің құрылысшысы атанды, көпірлер салды, Самарқандта жол салып, мешіттер мен сарайлар тұрғызды. Ол мәдени құрылыс орындары  бүгінгі күнге дейін өз құнын жоғалтқан жоқ. Бұл құрылыстардың барлығы дерлік Иран мен Қытай сәулет орындарымен үйлестірілген. Жалпы алғанда, ол өзіндік Орта Азия стилін құрады. Ол жеңілген халықтарға қаһарлы болғанымен өзінің ұлттық мәдениетін жасаушы ұлы адам. 
Мұстафа Шоқайдың өзінің көзінің тірісінде алға қойған мақсаты – Тәу­елсіз Түркістанды көру болатын. Орындал­маған  арманын кейінгі ұрпақ Түркістан ұлттық қозғалысын жандандыра отырып, қалай болғанда да жүзеге асырады, бірнеше ғасыр бойы Азияны билеп-төстеген Еуропадан  қарымта қайырады деген үкілі үміті еді.  Азияның қайта өрлеуі және Түркістанның даму ерекшелігі өзі­нің дәстүріне негізделген. Мұстафа-бидің саяси қызметін сипаттай отырып, ол өзі айтқандай дінге сенетін отбасында  тәрбиеленген адамы ретінде елді тек өт­ке­ніне негіздеп жаңартуға болмайды, қазіргі дәуірмен есептесіп, оның рухымен есептесу қажет деп есептеді. Азия өткен уақытта озбырлы ел болды, халық еркі есепке алынбады. Қазіргі заманғы  мемлекет  өктемшіл  немесе демократиялық  болғанымен, осы бұқараның  еркіндігіне негізделеді. Біздің көріп отырғанымыздай, ұлттық қозғалыстың дамуына осы бұқара қандай рөл атқарғандығын ерекше атап өтсе, мұнда Мұстафаның өз идеяларының күші де дәл сондай болды.  
Хандардың немесе сұлтандардың қа­за­сымен бірге, олардың істерінің басым бө­лігі де аяқталатын. Өйткені, балалары елді өзара бөліске салып, соның салдарынан әкелері өз қолымен құрған мемлекет те құлайтын. Енді міне, барлығы да тұтасымен ұлтқа тәуелді. Әрине, көсем қазіргі жаңа дәуір үшін де керек. Көсемнің қаза болуы,  Мұстафа-би сияқты адамның қазасы бұл ұлт үшін де апат. Бірақ, оның жағдайы Темірланмен салыстырғанда басқаша әрі төзімді. Ұлт өлмейді, Түркістан өз жолымен, оның халқы белгілеген жолымен жүре береді. Мұстафаның жоспары мен идеалын жүзе­ге асыратын көсемін халық өзі табады,  олар өз елін алға бастап, сонымен бірге олар да өз халықтары соңынан жүретін болады... Әйтседе, Түркістанға  талассыз өз көсемінің қазасымен келісу сияқты ой  ауыр болары даусыз.  Шоқаев өзінің елі үшін Ата Түріктің рөлін орындап, өз елін қайта дамытуы керек еді. Өзінің бастаған ісін аяқтай алмай өмірден өтуді ойлағанның  өзі де көсемге ауыр тиетін. Бірде ол маған былай деген еді: «Егер, маған тек Түркістанға барып, сондай бір бақытқа жетер болсам, барлық басшылықтан  бас тартар едім. Онымен тек жастар ғана айналыссын. Маған насихат басында болуға мүмкіндік берсе болғаны. Мен танымал басылымдарды басып шығаратын өзімнің сондай тамаша бір баспамды құрамын. Өзімнің ең жақсы жергілікті және шетелдік әріптес қызметкерлерімді ша­қырамын. Өзіміздің жерлестеріміздің көзін ашу керек. Олар әлі де нашар көреді, сондықтан, олардың көзін біліммен ашу керек». Ол өте данышпан еді. Өз халқын сүйе отырып, олармен үнемі байланыста және бар жан-тәнімен бірге болғысы келетін. Бірақ, Мұстафа-би қайтыс боларының алдында өз елінің адамдарымен жақынырақ қауышып, өзін ұнататындығын, адам­дар оны әлі де ұмытпағанын, бұ­рын­ғысынша бағалайтындығын, түркіс­тандықтар тұрақ­ты түрде оның отанын азат ету жолын­дағы күресі барысын үнемі қадағалап отыратындығын ес­тіп-білді. Бұл Мұстафа-би үшін үлкен қуаныш еді, осы жолда өлімге баруға да болатындығын сол уақытта қатты сезінді. Ол өз отандастарының рухын қол­дап, өзінің халқы үшін соңғы деміне дейін қызмет жасауға бар күшін аямай жұмсап, денсаулығына қарамай өз өмірін қиды... Мұстафа-би өмір сүре білді, Мұстафа-би өмірден лайықты өте білді.  Түркістандықтар оны бүгінгі көсемдері ретінде бағалап, өздерінің даңқты батырларымен қатар қоя отырып Мұстафа-биді қадірлейді, мақтан тұтады.  
Орыс тілінен аударған 
Есенкелді Төреқұлов, 
Қазақстан Журналистер Одағының  мүшесі

357 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз