• Заманхат
  • 08 Ақпан, 2012

МӘШҺҮР ЖҮСІП (1858-1931)

Кең тынысты ақын, кемел білімді тарихшы, кеңінен ойлайтын ғалым, ауыз әдебиетінің інжу-маржандарын жалықпай жинаған зерделі зерттеуші Мәшһүр Жүсіп Көпеев жер сұлуы – Баянауыл төңірегінде 1851 жылы дүниеге келген. Асылы Арғынның сүйіндігінен өрбитін Айдабол Күлік. Арғы атасы Тілеуімбеттің он бес ұлының көбі қалмақтармен соғыста қырылып, інісі Сексен бірі бесікте жатқан, бірі кебежеге тығылған екі немере жас баланы алып қашып, жаудан аман ап қалған. Соның бірі – Бесімнен Ақжігіт, Жанжігіт, Қармыс деген үш ұл туған.

Ақжігіт абыз атанған, ел адамы болған айтулы кісі екен. Ол Сыр бойының қожаларынан қалыңсыз қыз беріп, екі молда алдырып, «Мектеп басы» деп, медресе аштырып, ағайын-туғандары мен көрші-қолаңның балаларын жиып оқыттырған. Ақжігіттің төрт ұлының бірі – Сермұхамедтен болашақ ғұлама ғалымның әкесі Көпей. Азан шақырып қойған аты Көпжасар екен, түр-тұлғасы көпей қозыдай кішірек болған соң ағайындары еркелетіп, Көпей атап кеткен. Денесі шағын, шапаты болғанымен, зердесі нұрлы, еті тірі Көпей ауыл молдасынан хат танып, әжептәуір сауат ашып, келген-кеткен сауда керуендеріне қызмет етеді. Керуеншілерге еріп Түркістан, Тәшкент тіпті Бұқарға дейін барып, тәп-тәуір дәулет жинайды. Сөйтіп қырық жасқа келгенде қалың малын қарқа матап беріп Алтай-Мұраттың мықты бір шаңырақ иесі Қанайдың Танашының қызы Ұлбикеге үйленеді. Қой жылы әкесінің қырық екі жасында, анасы он сегізге қарағанда тұла бойы тұңғышы, көзін ашып көрген қызығы болып, дүйім елді аузына қаратқан ақын өмір есігін ашады.

Бес жасында ауыл молдасынан сабақ алып, сауатын ашқан Жүсіп баласының бірер айда құран қатипты тауысқан зеректігін көрген Көпей оны Баянауылдағы Нажмидден хазіретке алып келіпті. Баланың білімін байқап көрген хазірет.

– Балаңыз Бұхари-Шәріптің балаларындай өте зерек екен. Мұны әптиекпен алдандырмай, шар кітапқа салайын. «Шар кітапты оқысаң әр кітапты оқисың» деген ғой, – деп баланы медресесіне алып қалады. Екі жылдан кейін Баянауылға Омбыдан Қамардин хазірет көшіп келіп, Жүсіп соның дәрісін тыңдайды. Ұстазы не айтса, бәрін қағып алып, табан аузында сөзбе-сөз қайталап беретін шәкіртінің алғырлығына қызығып, хазірет оған өзі білетін дастан-қиссалардың бәрін оқытады. Зерделі шәкірт оқыған жыр-дастандарын ауыл арасында жатқа соғып, жұрт аузына ілезде ілінеді. Бір күні айрықша алғыр баланы көргелі медресеге аға сұлтан Шорманның Мұсасы арнайы келіп, оны сынап байқаған соң:

– Мынау бала елге мәшһүр болып, жұрт құлағын шулатайын деп тұр екен. Көп жасағырды тек тіл-көзден сақтасын, басына үкі тағып қойыңдар, – депті. Қамардин медресесін үздік бітірген үкілі бала біраз жыл өзі туып-өскен өңірде бала оқытып, мұғалім болады. Бірақ білімге құштар жас оқуын одан әрі жалғастыруға құлшынып, жиырма тоғыз жасында Бұхари-Шәріпке Шұқыр, Ұлықбек медре¬селерінде оқып, атақты ұстаздардан тәлім алады. Тәшкент, Түркістан, Самарқандта да болып, білімін байыта түседі. Содан елге шын мәніндегі мәшһүр, ғұлама ғалым болып оралады. Осы сапарларында ол араб, парсы тілдерін жетік меңгеріп, Шығыстың классикалық әдебиетімен жете танысады. Қазақ аңыздары мен Шығыс дастандарының үлгісінде «Гүлшат-Шеризат», «Ғибратнама», «Шайтанның саудасы», «Миғраж», «Қиямет ахуалы» тәрізді қисса- дастандар жазады.

Елге оралғаннан кейін ол орыстың танымал түрколог-ғалымы В. Радловпен танысып, ауыз әде¬биетінің озық үлгілерін жинап, сол асыл қазынаны тасқа бастырып, жұртқа таратумен шұғылданады. Ақынның саяси-әлеуметтік көзқарасына 1905 жылғы бірінші орыс революциясы тұсындағы оқи¬ғалар үлкен әсер етеді.

Мәшһүр Жүсіп 1907 жылы Қазан қаласындағы Хұсайыновтар баспасында «Хал-ахуал», «Сары-Арқа кімдікі?», «Тірлікте көп жасағандықтан көрген біраз тамашамыз» атты кітаптарын бастырып шығарады. Аталмыш туындыларында ол қазақ халқына азаттық беру, елде мектеп-медреселер ашып, жұртты жаппай оқыту, жер мәселесі, сөз бостандығы сияқты көкейкесті мәселелерді көтереді. Сондай-ақ халық ауыз әдебиетінің үлгілерін, хикаялар мен қиссаларды, «Көрұғылы», «Ер Көкше», «Сайын батыр», «Нәрік ұлы Шора», «Кенесары-Наурызбай» тәрізді тарихи жырларды жинастырып, Бұқар жырау, Орынбай, Шортанбай, Шөже, Соқыр ақын секілді жыр дүлдүлдерінің шығармаларын хатқа түсіріп, кейінгі ұрпаққа аманат етеді. Жалпы, Мәшһүр Жүсіп – қазақ әдебиеті мен мәдениетіне телегей теңіз үлес қосқан ақылман ойшыл, алымды ақын, тәлімді тарихшы, ғұлама ғалым.

Жатқанмен алтын жерде кір болмайды

Жай тас пен дүрдің құны бір болмайды.

Жаңбыры абрахмет жауғанменен

Сәддапқа төгілмесе дүр болмайды.

* * *

Қарасаң не нәрсе бар күннен жарық,

Көріп тұр мұны көзбен жүрген халық.

Күннің ашық-жабығын сұрасаңыз

Жарық деп жарқанаттың айпасы анық.

* * *

Бұлбұлға – өлім қыста гүлдің жоғы,

Гүлді көрсе, не керек ашы-тоғы.

Гүл майын қара қоңыз жақтырмайды,

Оның сүйген жұпары – аттың боғы.

* * *

Өлімнің болжамы жоқ келетұғын,

Әр пенде хақ жазғанын көретұғын.

Иманын жолдас етсін әр пенденің,

Уақыт жетіп, күн туса өлетұғын.

* * *

Дін қайда осы күні, ғылым қайда,

Тұрған жоқ анық көңілің бір құдайда.

Лақ пен тоқты алам деп жүрген жаннан

Ойлайсың тиеді деп кімге пайда...

* * *

Қызыл гүл жасарса ғой солып жатқан,

Бұл шақта әрбір нәрсе болып жатқан.

Жақсылық ойлаңыздар, біздің халық,

Тәрк етіп жамандықты толып жатқан.

* * *

Аспан толған жұлдыздан,

Жарқырап туған Ай артық.

Жабы туған тұғырдан

Қазанат туған тай артық.

Әділетсіз ұлықтан

Қайыры бар бай артық.

Түйе сойған жиыннан

Тоқты сойған той артық.

* * *

Кердеңдеп басқан келіннен

Кескектеген ит артық.

Көріп алған көріктіден

Көрмей алған текті артық.

* * *

Аттың несін мақтайын,

Алқалы топты жармаған?!

Түйенің несін мақтайын

Алыс жолға бармаған?!

Баланың несін мақтайын

Атаның тілін алмаған?!

Қызыңның несін мақтайын

Сыпсың сөзден қалмаған?!

* * *

Ұл он беске жеткенше,

Қолға ұстаған қобызың.

Ұл он бестен асқан соң,

Тіл алмаса доңызың.

* * *

Тірліктің қадірін

Өліп көрде жатқан біледі.

Денсаулықтың қадірін

Ауырып төсек тартқан біледі.

* * *

Кедей елдің көшбасшысы көп болады,

Кері кеткен елдің кеңесі көп болады.

* * *

Төренің жаманы төленгітімен қас болар,

Баланың жаманы әкесін өлтіргенмен дос бо лар.

Құдайдың ең жаман жаратқан адамы

Қатынының ойнасымен дос болар.

* * *

Мырзалық қонаққа пайда, малға қас,

Батырлық жолдасқа пайда, жанға қас.

Өтірік сөз – дауға пайда, иманға қас,

Өткір пышақ – қолға пайда, қынға қас.

* * *

Қарадан хан қойса қасиеті болмайды,

Үлгісізден хан қойса өсиеті болмайды.

* * *

Балаң жаман болса дәрменің кетер,

Қатының жаман болса арманың бекер.

Қайғы-қасіретпен дәуренің өтер.

* * *

Ақымақтың тізгіні құлағында болады,

Ақылдының тізгіні кеудесінде болады.

* * *

Ақымақ не істесе де, соны малданып жүре береді, ақылды алдымен ойланады, ақылына сыйса ұстайды, сыймаса тастайды.

* * *

Аққу азса, қанатын суға бұлар,

Құлан азса, тұяғын құмға бұлар.

Хакім азса, кеселі жұртқа жұғар.

* * *

Кеңескен азбайды,

Кең пішкен тозбайды.

* * *

Ұйқыдан басы кетпегеннің,

Көзінен жасы кетпейді.

* * *

Білмеген айыпты емес,

Білуді ойламаған айыпты.

* * *

Қаруы ержігіттің қылыш екен,

Қылыштың өткір пышақ інісі екен.

Құрбыңның алған жары жақсы болса,

Төрт елі маңдайының ырысы екен.

* * *

Ақыл, ажар тозады

Айлап ішкен арақтан.

Тарыдай бақ озады

Таудан биік талаптан.

* * *

Есерсоқ болмай ер болмайды,

Есепқор болмай бай болмайды.

* * *

Асқа барсаң, атыңнан түңілесің,

Тойға барсаң тоныңнан түңілесің.

* * *

Адамның бойында бірінен бірі өтетін үш асыл бар. Бірі – көз, бірі – тіл, бірі – көңіл. Көз – көңілдің, тіл – ауыздың басшысы. Көз қалай бастаса, көңіл солай кетеді. Тіл – көңілдің тілмашы, көңіл не бұйрық түсірсе, тілмен түсіреді.

Әзірлеген С. ЕСЖАНОВ

671 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз