• Ұлттану
  • 06 Тамыз, 2014

Назарбаев Үкіметті қайтадан құрды

Бүгін Ақордада өткен Үкіметтің  кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Министрлер кабинетінің қайта құрылатындығын жария етті деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін Қазақстан Үкіметінің  құрамында 17 министрлік, 9 агенттік, 54 комитет, 272 департамент  болса, құрылымдаудан кейін 12 министрлік пен 30 комитет қана қалды. Ал барлық 9 агенттік жойылып, комитет түрінде министрлік қарамағына кірді.

«Қазіргі уақытта мемлекетті басқарудың тиімді жүйесін құру талап етіледі. Жинақы Үкімет қажет. Бізге қажеттіден де көп шенеунікті отырғызудың еш қажет жоқ», - деп түсіндірді Елбасы өз шешімін.

Сонымен  Мемлекет басшысы жаңа 5 министрлік құрылатындығын жария етті.

«Ұлттық экономика министрлігі - оның құрамына Экономика және бюджеттік жоспарлау, Өңірлік даму министрліктері, Статистика, Табиғи монополияларды реттеу, Бәсекелестікті қорғау агенттіктері  кіреді. Премьер-Министрдің ұсынысымен бұл ведомствоның басшылығына Ерболат Досаев тағайындалды», - деді Елбасы.

Осыдан кейін Ұлт көшбасшысы Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірігіп, Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігі деп аталатындығын жария етті. «Министр лауазымына кеңесе келе, бұған Тамара Дүйсенова жетекшілік етеді деп шештік. Ал Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбековаға ешқандай кемшілік жоқ, тек біріктіріп жатырмыз. Егер келіссеңіз, онда министрдің бірінші орынбасары болып тағайындаласыз, бұрынғы жұмыстар ауқымын жалғастырасыз»,-  деді Н. Назарбаев.

Келесі құрылған ведомство Мәдениет және спорт министрлігі аталады. Оған Мәдениет министрлігінің, Дін істері, Спорт және дене шынықтыру істері агенттіктерінің қызметтері мен өкілеттіктері беріледі. Бұл ведомствоға Арыстанбек Мұхамедиұлы басшылық жасайды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Индустрия және жаңа технологиялар, Көлік және коммуникация министрліктерінің, Байланыс және ақпарат, Ұлттық ғарыш агенттіктерінің өкілеттіліктері беріле отырып, Инвестиция және даму жөніндегі министрлігі құрылғанын жария етті. Аталған ведомствоға Әсет Исекешев басшылық жасайтын болады. «Өздеріңіз де жақсы білесіздер, ол осы жылдар ішінде жұмыс істеп тәжірибе жинақтады және жұмысын одан әрі жалғастырады», -  деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Елбасы бұған дейін Көлік және коммуникация министрі болған Жеңіс Қасымбек аталған министрліктің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалғанын атап өтті. Ал бұған дейін Байланыс және ақпарат агенттігінің басшысы болған Асқар Жұмағалиев Әсет Исекешевтің орынбасары қызметіне кіріседі.

«Энергетика министрлігі құрылады. Өйткені бізде энергетика саласында тәртіпсіздік орын алып отыр.  Түсініксіз, мұнай мен газ бір жерде, қатты энергетика келесі жерде, электр энергиясы үшінші, атом энергетикасы төртінші  орында. Ештеңе де түсінбейсің», - деп атап өткен Мемлекет басшысы энергетика саласын бір орынға шоғырланатындығын баса айтты. ҚР Президентінің атап өтуінше, бұл министрлікке Мұнай және газ министрлігі, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің энергетика саласына қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің қоршаған ортаны қорғау саласына қатысты қызметтері мен өкілеттіліктері беріледі. «Талқылап, ойлана келе бұл саланы6 энергетиканы түсінетін Владимир Школьникті Энергетика министрі қызметіне тағайындау шешімін қабылдадым» , - деген Н.Назарбаев бұған дейін Мұнай және газ министрі болған Ұзақбай Қарабалинді жаңа министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалғанын айтты. Осы орайда Елбасы Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаровқа 2 бірдей қызмет ұсынды. «Бұл министрлікке қоршаған ортаны қорғау мәселелері кіреді. Нұрлан Қаппаров бұл жұмыстарды жақсы жүргізді. Ол өз қалауымен бұл министрлікте орынбасар ретінде жұмысын жалғастыра алады немесе мен оған «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының президенті болуды ұсынамын. Шешіміңді Мәсімовке баян етерсің. Мүмкін қазір айтатын шығарсың», - деді Н.Назарбаев Н.Қаппаровқа қарата. Өз кезегінде ол атом өнеркәсібі саласында жұмыс істеу қызықтырақ санайтындығын айтып, компания басшылығына мойын бұрып тұрғандығын сездірді.

Сонымен бірге ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі таратылып, оның қызметі еліміздің Ішкі істер министрлігіне толығымен өтті. Бұл жаңа ведомствоға ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов басшылық  жасайды. Ал министрлігі таратылған Владимир Божко Ішкі істер вице-министрі болып тағайындалды.

Ұлт көшбасшысы қысқаруға ұшыраған ведомстволардың басшылары жұмыссыз қалмайтындығын да атап өтті. «Біріктірілген министрліктер, қысқарып жатқан министрлер олардың жұмысында еш кінә жоқ. Үкімет менің тапсырмам бойынша оларды жұмысқа орналастырады. Ал бұрын министр болып, енді орынбасарлыққа тағайындалғандар өздері бұрын атқарып келген қызметтерінің бөлігін жалғастырады»,-  деді Н. Назарбаев. Сонымен қатар, Н. Назарбаев өңірлік даму министрі болған Болат Жәмішевтің Қазақстанның Даму Банкіне тағайындалатынын атап өтті. «Келіссеңіз, Қазақстанның Даму банкіне басшылық жасаңыз», - деді Елбасы.

ҚР Президенті қалған министрліктер өкілеттіктеріндегі бірқатар өзгерістермен сақталатындығын атап өтті. Атап айтқанда, Экономика және бюджеттік жоспарлау  министрлігінің бюджеттік жоспарлау саласындағы қызметі Қаржы министрлігіне беріледі. Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің балық шаруашылығы, су ресурстарын басқару, орман және су қызметтері ауыл шаруашылығы министрлігіне берілетін болады. Сонымен бірге Елбасының тапсырмасына сай Үкімет министрліктердегі комитеттер санын оңтайландыратын болады. Яғни, министрлік құрылымында аумақтық бөлімшесі бар комитеттер ғана қалуы тиісті. Ал ондай құрылымдары жоқ комитеттер министрліктің департаменті ретінде қайта құрылуы қажет.

Айта кетерлігі, Премьер-Министрдің екі орынбасары болады. Бірінші орынбасар болып Бақытжан Сағынтаев қаласа, ал адами даму мәселелері жөніндегі орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова болады.

Жиын соңында атқарушы биліктің жаңартылған құрамын айқындаған ҚР Президенті Н.Назарбаев олардың алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. «Осында отырған баршамыз, сондай-ақ барлық қазақстандықтар елдің ертеңі үшін жұмыс істесек, сонда ғана мақсатымызға жетеміз. Бағдарламалар бекітілді, тапсырмалар айқын. Енді тек жұмыс істеу керек. Ендеше сәттілік тілеймін. Барлық қалған жұмыстарды Кәрім Қажымқанұлы тиянақты түрде қарап шығатын болады. Министрліктер мен ведомстволардың алдағы мәселесін де шешеді. Үкімет еш кедергісіз жұмыс істеуіне тиісті шешімдер қабылдайды деп сенемін», - деді Мемлекет басшысы.

 

233 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз