• Ұлттану
  • 11 Тамыз, 2014

Қазақ ежелден құзғынша ғұмыр кешуді ұнатпаған, біз де құзғынның кейпіне түспейік

Көтерген тақырыбымызға орай инновация сөзінің нақты мағынасы туралы айта кеткенді жөн санап отырмыз, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Инновация» термині, көптеген зерттеушілердің пікірінше, XV ғасырдың бірінші жартысында ағылшынның «innovation» сөзінен пайда болған, ол сөз «қайта жаңғырту» немесе «бұйымдарды жасаудың жаңа жолы» дегенді білдіреді. Жаңашылдық (новация) - бұл шығармашылық  ғылыми - зерттеу немесе өндірістік қызметтің өнімі, кез - келген құбылыс, оны пайдалану адам өмірінің нақты өмір сүру сферасында белгілі бір нәтижеге қол жеткізеді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Инновациялық Қазақстан-2020» форумында  таяу жылдары әлем елдері инновация саласы бойынша 3 топқа бөлінетінін, бұл ретте Қазақстан бірінші топқа кіруі тиістігін ескерткен еді.

«Қазақстанда ғылым осы уақытқа дейін өзімен өзі жұмыс істеп келді. Таяу жылдары әлем инновация бойынша 3 топқа бөлінеді. Әрине, бізде бірінші топқа кіруді қалаймыз. Бұл істе аутсайдерлер аз болмайды. Егер біз қазірден бастап жақсы жұмыс істесек, Қазақстанның бірінші топқа кіруге мүмкіндігі бар», - деді Н. Назарбаев.

«Бірінші топқа кіру үшін қазір бізге инновациялық дамуда өз базамызды жасауымыз қажет. Бұл салада ең алдымен инноваторларды дайындауымыз керек. Кәсіби  маман дайындау біздің негізгі міндетіміз болуға тиіс», - деп атап айтқан болатын Елбасы.

Мемлекет басшысының инновация саласына айырықша мән беруінің өзіндік себебі бар. Бүгінгідей ұшқан құстың қанатымен жарысқан заманда, өзіміздің бәсекеге қаблеттілігімізді арттыру үшін айтып отыр. Дамыған елдердің жаңашылдыққа талпынған үдерісінен артта қалмауға шақыруда.

Өз саласының мықты маманы болып, халықтың жоғын жоқтау кейбіреулер үшін күлкілі әңгіме болуы мүмкін. Батыстағы кейбір елдер инновациялық дамуға ерекше мән беруде. Сөзіміз дәлді болу үшін төмендегі деректерге көз жүгіртіңіз. Біз бұны өз-өзімізді кем, қор санағандықтан емес, азаматтар білсін, қаперіне осы бір мүмкін жайттарды ала жүрсін деген ізгі оймен, толықырақ тоқталып отырмыз.

Ағылшын министрінің мақсаты

Еуропадағы дамыған елдер жаратылыс дүниесінің мүлдем басқа құпиясына қазіргі уақытта көз салып үлгеруде. Көз салды деген сөз, жақында соған қол саламыз дегені. Таяуда Англияның Ғылым және инновация министрі Пол Дрэйсон ағылшын жастарына мына қағиданы,  заңдылықты түсінетін уақыт әлдеқашан жеткенін айтып дабыл қақты. Яғни, кешегі күні бізге тек қиял-ғажайыптай болып елестейтін дүниелер бүгін міне нағыз ақиқат өмірге айналып келеді. Әрине, министрдің бұл уәжі көпке таныс. Бірақ, оның болып өткен жетістіктен гөрі, алда болар таңғажайыптарды меңзеп тұрғанын түсінгеніміз дұрыс секілді. Дрэйсон мырза британиялық жастарды ұзақ болашаққа бағыттап тұр. Оның себебі ағылшын ғалымдарының өзгеше ой-жоспарында жатыр...

Ұлыбритания ғалымдары неге көз тігуде?

Олардың пайымынша, ХХІ ғасырдағы супер болашаққа ие мамандықтар қазақы ұғыммен айтқанда буы бұрқыраған, ақаусыз адам ағзаларын өсіріп-өндіруге тікелей байланысты болады. Бұл, тіпті, ондаған мамандықтың басын біріктіретін бүкіл бір индустрияның дамуын жүзеге асырады. Мәселен, жаңа ағзаны жасайтындар, оны сақтайтын мамандар, сату жөніндегі менеджерлер, ағзаны өндіріп, оны адам денесіне қондыратын хирургтер деген секілді... Ғалымдар бұндай мамандық иелерінің табыс көлемі алғашқы жылдары адам сенбес болатындығын болжап отыр.

Супер болашаққа ие мамандықтардың атауы қалай?

Британиялықтар ХХІ ғасырдағы супер мамандықтардың қазірше 14 түрін жариялап отыр. Біз солардың бірнешеуіне тоқтала кетейік:

Наномедик. Бұл мамандық жоғары деңгейлі диагностикалық құрылғылар мен адам өмірін ұзартатын химиялық заттарды пайдалануға қажет. Осындай  құрылғылардың диагностикалық қызметі мен техникалық жақтан қолдауын үнемі қамтамасыз ету наномедиктерден қол үзе алмайды.

фермер - гендік инженер. Жақын болашақта табиғи азық-түлік жершары тұрғындарына жетпейтіні белгілі. Сондықтан да оның орнын генетикалық модификацияланған тағамдар ауыстырады. Ал, арнаулы фермаларда адамға қажетті гендер мен өзгеріске ұшыраған сиыр, қой немесе басқада үй жануарлары өсірілетін болады. Мамандық сол үшін керек.

Есте сақтау қуатын ұлғайту маманы. Бұл мамандықтарға осы ғасырдың 20 жылдарында қажеттілік туындайы. Ақпарат көлемінің шеткен тыс көбеюі әсерінен адамдардың есте сақтау қабілетін жасанды жолмен арттыратын медиктер мен технологтар пайда болады.

Климат қорғаушы инженер. Олар күннен қалқалану мен ультракүлгін сәулелердің түсуін, әлемдік мұхит мұздарының еруін тежеу технологияларын әзірлейтін болады. Бұл әлбетте нағыз қажет мамандықтардың біріне айналмақ.

Космос ұшқыштары мен гидтер және сәулетшілер. Енді 1000 жылдан кейін космосқа көрші ауылға қыдырғандай бара береміз. Сол кезде космостық флот пайда болады. Ал, жастар ұшқыш және стюардесса болып қызмет істейді. Кейінірек космос сәулетшілері пайда болады.

Басқа мамандықтар

Бұдан өзге де өмірді ұзарту инженері, телегид, этика комиссары,  Эпидемиологиялық полиция, виртуальды адвокат, әлеуметтік үйлестіруші қызметкер, аспандағы фермер, климат сақшысы, баламалы транспорт жасаушы секілді мамандықтардың тізімі бар. Әр қайсысының өз міндеті анық.

Өзіміз туралы

Жағдай түсінікті. Қашанда арғы жағы үлкен мансапты, болмаса шылқыған байлықты көздеген «блатной» мамандықтарға ұмтыламыз. Соның оқуына ат терлетіп жатамыз. Ал, біз ол оқуды аяқтап, жұмыс таба алмай үйде жатқанда, басқалар сенің компьютеріңді, кіржуғыш машинаң мен теледидарыңды, бүкіл техникаңды жөндеп беріп, бар-жоқ ақшаңды сыпырып алып кетіп жатады. Содан кейін жастар Ағылшындар айтқан әлгі мамандықтарды қойып, шикі мұнайды өндіретін кәсіпорындардың да есігінен қарай алмай жүрген жайымыз кездесіп жатады. Сонда біз қазіргі қолда барды кәдеге жаратып, заманымызға сай мамандықтың өзін игере алмай жүргенде болашақ туралы қашан ойланамыз?!

Түйін

Қазақ атамыз әуелгі заманнан құзғын, құмай деген құстарды ұната бермейді. Өйткені олар өздерінің тірі аң аулауға әлі жетпегесін, басқадан қалған азықты аңдып, өлексе мен жемтікті талғажау етеді. Осындай өзгенің жасаған дайын еңбегін пайдаланып өмір кешу адам баласына, нақтырақ айтқанда ақылды адамға жат қылық болса керек. Біздің күйіміз де сол секілді болып қалмас үшін ғылымның дамуына ерекше күш салуымыз керек. Бізде Елбасы  дәріптеп отырған ғылыми-инновацияға ұмтылу бар. Бірақ, ол бәріміздің құлағымызға жеткенімен ары қарай санаға сіңген жоқ. Сөздің шынын айтсақ, біздің қоғам дәл қазір өтпелі кезеңде тұрғандықтан, бұлай болуыда заңдылық шығар. Дегенмен жол алыс деп кері қайтпас болар. Жаңалықтың, ғылымның бәрін сатып ала бергеннен, сатып беру мен өзіміз жасау аса маңызды. Оны әлемдік тәжірибе дәлелдеген.

 
 
 

259 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз