• Заманхат
  • 15 Тамыз, 2014

Қаламгер туралы сыр

Итен ағаның этикасы

Журналистік этиканы кім, қалай түсінетінін қайдам,  өз басым этиканың қандай мағына беретіндігін, қай жерде этиканы сақтау қажеттігін ұғамын-ау. Алайда, қым-қуыт аласапыран тіршіліктің тынысын кәнігі тамыршыдай тап басып отыратын жорға журналистерге күнделікті қызметте этиканың ер-тұрманын ерттей беру керек пе? - Меніңше, этиканы қолданудың да өз орны бар болуы тиіс және ол оппонентіңіз екі жақты болғаны ләзім. Әрине, мен жеке пікірімді айтып отырмын. Аз-кем мерзімде қалам ұстап, қоғамдағы көп түйіткілді көңілге тоқығаннан кейін, өзім сияқты он екі мүше, алпыс екі тамырлы жаратқандармен жақын араласқаннан кейін келген байлам бұл. Сақа журналистерді білетін едім. Сондай-ақ, сақау журналистерді де көп кездестірдім. Айтайын дегенім, жуырда республикаға белгілі қаламгер Итен Қарымсақұлының «Қоңыр қалам» және «Адамдар, жылдар, тағдырлар» атты кітаптары қолыма тиді. Безендірілуі, түптелуі өте сапалы әрі айшықты.

Мұқа­басының көлем мөлшері де өзге кітаптарға қарағанда қанықтығымен қатар, қалыңдау ма деп қалдым. Кәсіби баспагер, дизайнер Бақыт Ойса басқаратын «Арна» баспасы жарыққа шығарыпты. Екі тәулік бойы бас алмай сол кітаптарды бақайшағына дейін сүзіп шықтым. Мәні терең мағлұматтармен бірге, қалам ұстаған «Қара балаларға» аса қажет очерк, репортаж, шытырманды детектив сияқты кез келгеннің оң жамбасына келе бермейтін күрделі жанрлардың жықпыл-жықпылына үңілдім, үйрендім. Ойға қалдым. Көп толғандым. Сонда көңіліме түйгенім біз күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп көп нәрседен қағажу қалып қойған сияқтымыз. Көңілім алай-түлей. Қос кітаптың ішінде бүгінгі дүниедегі сиқырлы сұмдықтардың жеті атасын көрдім. Таңғалдым. Таңдандым. Біз көбіне үстіртте, өмірден оқшаулау жүреді екенбіз. Мына кітаптарды оқып шыққанымда маған сондай терең әсер қалдырды, өмірге деген көзқарасымды бұрынғыдан да айқара оятып жіберді.  

 


Жоғарыда журналистің этикасы төңірегінде бекер сөз қозғаған жоқпыз. Осыған дейін бір бүйірге шаншудай қадалып қалатын сын мен бет-моншағында мәдениеті үлбіреп тұратын этиканың жанаса жүретіндігін көрсем көрген шығармын, бірақ, жадымда сақталмапты. Ал, енді сонау 70-80 жылдары Торғай өңірінде жүріп облыстың бас газетінде және жері шалғай Жезқазғанның кенді аймағын аралап, жеті қат жер астындағы шахтаға түсіп, кеншілердің кем-кетік өмірін де түгендей назарға ала саралаған жазбаларына көз жүгірте отырып, Итен ағаның қалыптастырған өз этикасы барына бас шұлғисыз. 
Одан кейін Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде өнеркәсіп, құрылыс және транспорт бөліміне жетекшілік жасай жүріп, егін, мал, өндіріс шаруашылықтарының жетістігімен қоса, аяққа тұсау болған кем­шіліктерін де сын жебесінің нысанасына алады. Бастан сипай отырып, мақтаудың да иін қандырады. Осы жерде берген бағамызды нақты мысалдармен тұздықтап отыр­масақ, сөзіміз жалаң болуы мүмкін. Мәселен, «Бос тұрған он екі пәтер...», «Дандайсыған директор», «Жылжымалы алаяқ», «Тілші болсаң қайтейін...», «Жайлау жайы толғантады...», «Аға­мыз өтірік айтады..», «Қатынас қаға­зындағы бұрыштамалар» сияқты мақалаларында кеңес заманындағы тоңмойын тоғышарлардың құлқыны мен қатып қалған бюрократияның тас қамалын қаламының қарымымен бұзып-жара әшкерелейді. Ол кездегі облыстық басылымның қуаттылығы сонда сын жебесіне бір іліккен сабазың бірден сабасына түсіп, көпке дейін сенделіп есеңгіреп кететін. «Ағамыз өтірік айтады...» атты сын мақалада Тасбөгет поселкесінің тұрғыны үшінші топтағы мүгедек Бектібай Талпақовтың өз пәтеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін «Қызылордамелиорация» өндірістік бірлестігіне қарасты №24 мехколонна бастығы Е.Микеевтің соңынан жарты жыл жүгіргені жөнінде айтылады. Ә дегенде үш күн мен бір жұма ішінде жәрдем беруге уәде берген суайт басшы кейіннен сөзінде тұрмай қу түлкідей құйрығын ұстатпай кетеді. Қыстың көзі қырауда әжетханасы істен шығып, жуыну бөлмесіне су көтерілмеген, оның үстіне балкон есігі ісініп жабылмай қалған қамкөңіл Талпақовтың отбасы қатты қорлық көреді. Бюрократияның қақпалынан шаршаған Бектібай облыстық газеттен араша сұрайды. Мәселенің мәнісіне араласқан, оны екжей-текжейлі тексерген журналист Итен Қарымсақұлы әлгі мүгедек жан Талпақовтың талай күн тығырыққа тірелген шаруасын оң шешіп береді. 
Тағы бір мысал. Итен аға «Тілші болсаң қайтейін...» деген сын мақаласында Жезқазған облысы, Жаңаарқа ауданы аумағындағы кең далада орын тепкен теміржол бекетінде қызмет бабын пайдаланып, разъезге тиесілі көмірді талан-таражға салған үлкен қылмысты батыл әрі айқара ашып көрсеткен еді. «Әсіресе, ол-ол ма, разьезд басшысының   жұмыста жіберген кемшілігін бетіне басқан, оны газетке жазған  қарапайым еңбек адамының, газеттің штаттан тыс тілшісінің қыр соңына түсіп қудалап тіпті жәбірлеуге дейін барды», – деп жазды Иекең сол сын мақаласында. Мәселе былай өрбиді. Облыс, аудан орталықтарының шалғай жатқандығын пайдаланған разъезд бастығы ойына не келсе, соны істейді. Мұны өзінің қарауындағы қарапайым жұмысшысы, Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің штаттан тыс тілшісі Әлімбай Маханбетов газетке жариялайды. Содан басталған дау-дамай ұзаққа созылады. Оны айтасыз разьезд бастығы тілшіге  күн көрсетпей, зәбірлеген, оған қоса әлімжеттік жасаған. Оның аяғы  мемлекет мүлкінің талан-таражға салынып жатқандығын, разъезд бастығының аралас тауарлар дүкенінің меңгерушісі болып істейтін әйелі Жұмашеваның жазықсыз жас ана Рамазанованың шашын жұлып, сабағанын жазуға әкеліп соққан. Басқа да кемшіліктер батыл әшкереленген. Газетте шыққан мақаладан кейін разъезд бастығы Ә. Маханбетовті шақырып алып, балағаттап, оған қатты шүйлігеді. Қарапайым жұмысшы өзінің коммунист әрі сол газеттің штаттан тыс тілшісі екендігін алға тартады. «Тілші болсаң қайтейін..! Оның маған түкке де қажеті жоқ. Ана газеттегі шатпағыңды қалтаңа салып қой. Менің беделімді түсіріп, абыройымды төгуге кім саған право берді?» – деп жерден алып, жерге салады. Содан құдалау басталады. Ә.Маханбетов болса  кері шегінбей жоғары  партия, атқарушы билікке шағымданады. Комиссия келеді. Алайда, Жұмашев оларды сары қымыз бен жылқының сүр еті, жал-жая, қазы-қартасына сылқия тойдырып, ауыз бастырықты да аямайды. Енді арнайы комиссияның өзі разъезд бастығын қорғаштай бастайды, өңешінен өткен соң ашықтан-ашық қорғайды. Міне, осындай шым-шытырықты, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықты Итен аға өзіне тән стильмен, жоғарыда айтқан көзге көрінбейтін этиканы сақтай отырып, ұйымдасқан «ұйықтың» ұйпа-тұйпасын шығарады. Ең бастысы, алыстағы елеңдеген ел-жұрттың еңсесі, мемлекетке деген сенімі көтеріледі. Бұл 1973 жылы болған оқиға. «Біздіңше еңбекшілер дабылына терең  үңіле қарап, оның тиісті шешіміне назар аударатын уақыт әлдеқашан жетті», – деп түйіндейді Иекең  «Жезқазған туы» газетіндегі сын мақаласында. Қазір ғой БАҚ-да сот шешімінен кейін ғана жүгенсіздіктерді жүндей түтіп жатады. Ал, Итен ағаның сол кездегі жарияланымдары сотқа дейін сүйреп, дәлелді дәйектемелерімен жетелеп апаратын-ды. 
«Мен Ұзекеңмен бірге қоян-қолтық бес жыл жеті ай  сыйласып еңбек еттім, жақсылығын көп көрдім, үлкен ұстаз санаймын. Сондықтан журналист ретінде қаз тұрып, қадам басуыма және қалыптасуыма, мәртебелі мамандыққа қиянат келтірмей, адал қызмет етуіме ықпал еткен Ұзақ ағаның өмірі жайлы қалай жазсам да жарасады» дейді ол. «Адамдар, жылдар, тағдырлар» атты кітабындағы  «Редактордың соңғы сөзі» толғау   стилінде жазған Итен ағаның жүректі елжіретер сөздері ойға оралады. Ол «Ұзақ Бағаев бауырына басқан жас  журналистің бірі едім, редакцияда жұмыс істеп жүріп, жоғары білім алдым. Осы Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газеті редакциясының табалдырығын ширек ғасырға жуық аттап, туған жеріме адал қызмет атқардым»,  – дейді ағамыз арада 50 жыл өткеннен кейін сол бір жаймашуақ жастық шағын еске түсіріп.
1962 жылы редакторлық қызметке келісімен Ұ.Бағаев жұмысты  жаңа қырынан қалыптастыруға күш салды. Аз уақытта газет гүлденді, бедел жинады. Оқырмандары да өзіне тартып, облыстық газет шын мәнінде қара халықтың айнасына айналды. Ұзекең сол 1963 жылы Қызыл Армия қатарынан борышын өтеп келген Итен ағаны бірден бұрынғы жұмысына қайта қабылдайды. Қылшылдаған қара балаға сенім білдіреді.  Үйретеді, жол-жоба көрсетеді, жөн сілтейді, ақыл-кеңесін айтады. Жас буын, қаламдары қатаймаған журналистер арасында Бағаев мектебі жүйелі жұмыс істейді. «Редактор Бағаев тілшіге тапсырма берер алдында буынсыз жерге пышақ ұрмас бұрын әуелі іске қол байлау болған кедергілерді зерттеп жазуды міндеттейтін еді. Кабинетінің есігі кіргісі келген жанға әрдайым ашық, өзінің де көңілі нәзік, қашан барсаң да жылы ұшырап қарсы алатын іскер әрі сергек, жұмсақ мінезді адам болды», – дейді Итен аға. Бағаевтың ұқыптылығымен қоса барған жерінде еш салмағы жоқ, бөгде адамның мазасын алмайтын жайлы мінезін де ұмытпапты ағамыз.
Итен аға Ұзақ Бағаевпен 1968 жылы маусым айында соңғы іс-сапарға бірге шыққанын, сол сапардан кейін оның көңіл-күйінің нілдей бұзылғанын әсерлі де әдемі әрі жеріне жеткізе суреттейді. Жұмыс бабындағы іс-сапарда Қызылорда облысының басшысы Х. Бектұрғанов көкорай шалған шабындықты аралай жүріп, бір көдеге бұрылады да оның  арасына қолын сұғып жіберіп, бір уыс балғын шөпті суырып алған күйі:
– Міне, қараңыздаршы, шөптің құрамы жақсы сақталған, иісі де аңқып тұр. Демек, жем-шөп дайындау жұмысын барынша қысқа мерзімде аяқтау қажет, – дейді. Шөпті уыстап қолын көтеріп тұрып,  сөзін тәмамдай бергенде редактор Ұзақ Бағаев осы көрініске қызығып кетіп:
– Хасан Шаяхметұлы, осы сәтті фототілші түсіріп алсыншы, тұра тұрыңыз, – дейді.
– Мені қайтесің, онан да анау еңбек адамдарын суретке түсір, – деп облыс басшысы бұрылып жүре береді.
Бұл бір ыңғайсыз жағдай болады. Жан-жақтан облыс активтері қарап тұр. Бірінші хатшының кездейсоқ, ойланбай айта салған бір ауыз сөзі Ұзекеңнің жүрегіне оқтай шаншылады. Нәзік жан ғой, беттері өрттей қып-қызыл боп кетеді. Түк үндемейді. Хасан Шаяхметұлы семинарды одан әрі жалғастыра береді. Оның ойында ешқандай теріс тиғыл болмағаны байқалады.
Ұзекең сол жолы оқыста айтылған басшы сөзін тым ауыр қабылдады. Іс-сапардан үйіне оралған соң зайыбы Нұрбибі апайды «Елге қайтайықшы, ауылға жақындайықшы деп мазалай берген көрінеді. Маған мұны кейіннен дастархан басында  апайдың өзі айтты. Содан кейін-ақ, Ұзекеңнің  газетке редактор ретінде қол қоюы сиреді, оның орнына орынбасарлары қол қоятын болды. Көп ұзамай желтоқсан айында Талдықорған облыстық газетіне редакторлық қызметке ауысып кетті. Осы Ұзекеңнің көңілін құлазытқан жағдайды көп жылдар бойы жадымда сақтап жүрдім, ұмыта алмадым», – деп жазды Иекең 45 жылдан кейін естелігінде.
Әдебиет сүйер қауым байқайтын шығар, мейлі газет, мейлі естелік кітап болсын биікке шыққан немесе шығармашылықта біраз белесті алған қаламгер ағаларымыз не 30-40-тағы адуынды ақын-жазушыларымыз «А» деген әріпті үйретіп, оқиға, сюжет немесе шығарма жазуды,  басқа да жазудың қыр-сырын, қиын жолын көрсеткен, ырыққа көнбейтін сөйлем көшін жетекке ілестіруге күш салған ұстаздарын тілге тиек ете бермейді. Мен мұны соң­ғы 20-30 жыл көлеміндегі аңғарған жәйттер негізінде  айтып отырмын. Бәрі де дана болып туған сияқты, кеуделерін керіп сөйлейді. Бәлкім солай да шығар. Ал,  Итен ағаның «Редактордың соңғы сөзін» оқып отырсаңыз, соншама ыстық сағынышты, ұстазына деген терең ілтипат сезімді еріксіз ұғар едіңіз. Меніңше бұл естеліктің тағлымы өте мол, оны оқу керек.
                                
Итен ағаның ілкімділігі

Қазіргі таңда баспасөзде Маркстің іліміне қайта жүгініп жатқан оқымыстылардың жазбаларын жиі ұшырататын болдық. Ол үрдіс дұрыс деп ойлаймын өз басым. Сол қауға сақал данышпан былай дейді: 
– Егер, адам тек өзі үшін өмір сүретін болса, өзі үшін еңбек ететін болса бәлкім, ол атақты ғалым, дарынды ақын да бола алар, бірақ, ешқашан да ол шын мәнінде толық жетілген зиялы ұлы адам бола алмайды.
Меніңше, Маркстің осы тұжырымын бүгінгі бас пайдасын бірінші кезекке қоятын, өздерін қазақтың сорпа бетіне шығар зиялы қауымына балайтын ағаларымыз, құрдас-замандастарымыз естен шығармағаны ләзім. Ал, арда кеткен алаштың азаматы Жүсіпбек Аймауытов Маркстің бұл байламын былайша тарқатады:
– Әлеумет тұрмысындағы зор кемші­ліктің бірі әлеуметтің мүшесі – әр адам өз ортасына қызмет етпеу. Кімде-кім өзіне біткен ыңғайына қарай өз жолымен жүріп қызмет етсе, өз басына да, әлеуметке де зор пайда келтірмек. Өз орнында істеген адамның  жұмысы да өнімді, берекелі  болмақ... Әр өнер, әр қызмет мемлекетке, әлеуметке керек. Әлеумет те, мемлекет те әр адамның еңбегі берекетті, пайдалы болуын тілейді. Неғұрлым әрбір мүшенің жұмысы жемісті болса, соғұрлым әлеуметтің әлеуеті де тез оңалмақ, – дейді.
Аймауытовтың бұл түйіні де коммен­тариді қажет етпейді, керісінше ой иірім­деріне жетелей жөнеледі. «...Бас мақсатын біржола ұмытып, әлеумет қызметіне бірыңғай берілетін адам болу мүмкін емес, ондай адам кемде-кем», – дейді қазақтың данышпаны Жүсіпбек шайыр.
 Сонау 50-жылдардан етене таныс, көрші ауылдарда қоңсы тұрған, ағайын-тумалығы да бар, облыстық газетте әріптес те болып, кейінгі жылдары Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінде бас редактор болған белгілі лирик ақын Әскербек Рахымбекұлы  бала кезгі досы туралы былайша толғанады:
– Мен білетін Итен кез-келгенге жал­пақшешейлік жасайтын адамға ұқсамайды. Жұрт жампаңдасып жатыр екен деп кірісіп кетпейді, кісікиік мінезі бар, сыр бермейді, сырттап жүреді. Ал, мен дегенде ол  неге ийді  де тұрады?  Түптеп келгенде, менің  қазір оған төрт тиын да пайдам жоқ қой.  Иекең бұндай ойдан атымен ада. Екі, үш күн бірге болып, ашылып, ақтарылып, өткен-кеткенді елжіреп еске алғанға мәз. Өзі де жадырап, жасарып кеткендей. Кәдімгідей бауыр басып қалыппыз. Оның журналистігі де өзіне тартқан. Бөсіп, бөрітіп жазу оған мүлде жат. Айтар ойын нақты дәлелдермен нақтылайды, факті-цифрлармен шегелеп шегендейді. Қаламы тиген тұс дау-дамай туғызбайды, иландырады, жіңішке жерлерді жиектеп өтіп кетеді. Журналистік шеберлігі басым, – дейді.  
Әсекең сонымен қатар Итен ағаның жеке кәсіпке деген ілкімдігін ашық мойындайды. Төтеннен тап келген нарық қатынасын  да сергек сезініп, ерте қимылдағанын айтады. 90-жылдардың дағдарыс сәттерінде досын оңашаға шақырған Иекең «Кеңес Одағы кезіндегі әскерлер Ленинск қаласынан кетіп жатыр. Жап-жаңа техникаларды түкке  тұрмайтын бағаға пұлдауда. Мен алды-арты бірдей тартатын су жаңа жүк көлігін болмашы тиынға әкеліп, қорама кіргізіп қойдым. Бұлардың базары көп ұзамай тарқайды. Сенің де пайдаланып қалғаның жөн», – дейді. Осыдан-ақ, Итен ағаның қоғамның, әлеуметтің, әулеттің еңсесін көтерумен бірге өзінің жеке басының, отбасының жарқын болашағын да жадынан шығармағанына көз жеткізесің. Әйтпесе, сол елең-алаңда жоспарлы экономиканы ысырып тастаған адуынды әрі ырыққа көнбейтін нарық қатынасының ертеңін жай журналист түгелі мүйізі қарағайдай экономистердің өздері де бұлыңғыр болжағанын жақсы білеміз.
И.Қарымсақұлы 1968 жылдан  Қазақ­стан Журналистер одағының мүшесі. Қазақстанның Құрметті журналисі, Қа­зақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин төс бел­гілерінің иегері, Қазақстан Журналис­тер одағы сыйлығының лауреаты. КСРО Журналистер одағының Құрмет дипломымен,  «Еңбек ардагері»,  «Қазақстан Республикасының прокуратурасына 20 жыл» мерекелік медалімен, еліміздің Бас Прокурорының Құрмет грамотасымен марапатталды. 
Қазақ журналистикасының қабырғалы өкілінің бірі Итен аға елу алты жыл бойы журналист деген мәртебелі мамандықтың атына кір жуытпай үлкен жолдан абыроймен өтті. Қазірде 75 жасқа толып отырған қаламгерге  мықты денсаулық,  ұзақ өмір тілейміз.  
Берік СӘДУАҚАСОВ,
журналист

530 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз