• Ұлттану
  • 15 Тамыз, 2014

Ақын ұлын асқар тауы жоқтайды...

Сағатбек Медеубекұлы, 
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық унивесритеті журналистика факультетінің  доценті

Мұқатай Жылқайдарұлы 1938 жылы 15 желтоқсанда Алматы облысы  Нарынқол ауданы Сарыжаз ауылында дүниеге келген. Әке мен шешеден ерте айырылып, жастай жетім қалған. Ауыл мектеп-интернатынан  кейін Алматыдағы №12 мектеп-интернатты  бітірген. ҚазПИ- де оқыған. «Советтік Шекара» газетінде тілші болып еңбек жолын бастаған.  Оқушы кезінен ақын ретінде республикаға аты белгілі болған. 1955 жылдан республикалық басылымдарда өлең-жырлары үнемі жарық көріп тұрған. 1967 жылдан бастап  «шаш ал» десе, бас алатын» кеңестік идеологияның сыңаржақ  шырмауында абақтыдан абақтыға, түрмеден түрмеге қамалып жүріп, өкінішті өмір тауқыметін 1982 жылға дейін (25 жыл!) тартады. Өмірінің соңында аудандық газетте істейді. Отбасын құрғаны белгісіз. Соқа басы өмірден жалғаз өткен.Соңында өлеңінен басқа ештеңесі қалмаған. 

Ақын өлгенде жер сілкінді, 
аспан жылады...
Қаршадайынан  өнерден де, өмірден де жетімдіктің тек ащы дәмін татып, Алашына бар болмысымен ашыла алмай кеткен арманы биік, ары пәк алып ақынның бірі Мұқатай Жылқайдарұлы  тірі болса, биыл 75 жасқа келер еді.  Жай келмес еді, сырға толы, жырға мол керуенімен кердең-кердең келешекке қарай  жылжып бара жатар  еді. Амал нешік... Ақынға келгенде маңдайы тар, қабағы қату қатал тағдыр оны  аямай соққылады. Тіл десе тілі, діл десе ділі бар асау ақын  орда бұзар мінезбен отызға қараған шағында жолсызға қарай кілт бұрылып адасты да кетті... Содан маңдайы тауға да соғылды, тасқа да тірелді. Жасымады. Азаматтық һәм ақындық намысының жеңімпаз туын тік ұстап желбіреткен күйі    Қазақ даласының  төрт құбыласын соқа басы сүле-сопа түгел шарлап болып, ақын есімін Алашқа әйгілеген аялы Алматысының төсінде алқызыл гүлін құшақтап келешекке жаңа қадаммен қайта бір серпіле қадам басып келе жат­қанда  қара жолдың үстінде зымиян за­манның зымыран мәшинесі қақты да кетті. Бұл 1990 жылдың 11 қарашасы еді. Мұқатай мұңлық Алматы-Нарынқол күре жолының үстіне қайта тұрмастай  қатты құлады. Сәлден кейін алып ақын  қазасына ашуланғандай Жер ана сілкінді. (Мөлшері жеті балдай...) Содан соң ақтарыла төңкеріліп,  ойбауырымдап Ай құлағандай күңіренген, күркіреген аспан ағыл-тегіл жылады. Толассыз екі күн жылады. Ақынның жамбасы жерге тигенше, жүрегі Жер-ананың жылы топырағымен көміліп біткенше тоқтаусыз егіліп тұрып алды. Бірлі-жарым ет жақыны, рухани жанашыры болмаса, барша қазақ Ақын қазасы мен табиғат азасы астасқан бұл  құбылысқа аса мән бермеген еді...  Содан бері де 23 жыл өтті...
Елі оны тірі күнінде-ақ іздеген!
Ақынын жоғалтып алған ел осы жиырма үш жыл бойы тоқтаусыз жоқтаумен болды. Жоо-жоқ, ел оны тірі күнінде-ақ іздеген! 
«Мұқағалиға» деген циклды өлеңдері мен «Мұқағали монологы» поэмасы және «Қарқара» тарихи дастаны мен өзге де тақы­рыптарға арналған өлең, жырлары ақындық-азаматтық биікке көтерген Мұқатай Жыл­қайдарұлын елдің ерекше бағалайтынын мына айғақтардан-ақ білуге болады:
– Оны оқырман тірі кезінде де іздейтін, («Өркен» газеті. Жауапсыз кеткен төрт хат» 1988 жыл, Сағат Сабырбек, Жаңыл Асылбекова, Кәдірбек Құныпияев);
– Ол қайтыс бола сала ақпарат құрал­дары жоқтады (Мұзафар Әлімбаев, Кәдірбек Құныпияев, Сағат Сабырбек, Жаңыл Асылбекова, т.с.с. «Алматы ақшамы», «Лениншіл жас», «Жетісу»  1990 жыл); 
– 1991 жылы Кеген аудандық Бөлтірік Атыханұлы атындағы Айтыс ақындары мектебінің  ұйымдастыруымен «Поэзия махаббатпен басталып, парасатпен аяқталады» деген тақырыпта Мұ­қатай  Жылқайдарұлын еске алу ке­ші өтті (Ұйымд-ған: ақын Нәсілхан Тоқ­тасынова, Аман­гелді Бұқабаев);
– 2003 жылы «Жалын» баспасы жыр жинағын шығарды (Бексұлтан Нұржеке, Сағат Сабырбек);
– 2008 жылы Қазақ радиосы  «Қайырлы таң, қазақ елі!» деген бағдарламасында Мұқатай Жылқайдарұлы туралы арнайы сұхбат берді (Бақыт Жағыпар, Сағат Сабырбек); 
– 2010 жылы «Қазақстан» ұлттық арнасы ол туралы «Сөнбес сәуле» деген бағдарламада деректі фильм көрсетті (Жаңыл Асылбекова);
– 2011 жылдан бері «Құрман баба» қоры  «Іздеушіңнің болғаны қандай жақсы...» деген атпен ақын мұраларын іздестіру акциясын ұйымдастырды. Қарағанды, Жамбыл, Алматы облыстарына арнайы экспедицияға шықты; құқық органдарына, ол еңбек етті, өмір сүрді деген елдімекендерге, мекемелерге сұраныс хаттар жіберіліп, жауап алынды. Өмірдерегі анықталды (Сайлау Ағыбаев, Сағат Сабырбек, Дүйсенбай Сығай);
– «Жас Алаш», «Президент және Халық», «Жетісу», «Алматы Ақшамы» га­зеттері бұл акцияны қолдап, өз бет­терінде ақынның жаңа табылған өлең, жырлары мен хаттарын және ол туралы мақалаларды  жариялады (Рысбек Сәрсенбай, Марат Тоқашбай, Сайлау Ағыбай, Сағат Сабырбек, Марат Қо­жам­бердиев, Жеңіс Шыныбеков, Қанат Тәкебаев,т.б.);
– 2012 жылы «Хабар» агенттігінің «Бармысың, бауырым?» бағдарламасында ақынның өміріне қатысты деректерге  іздеу салынды (Аманхан Әлім, Сайлау Ағыбаев, Сағат Сабырбек);
– 2013 жылы Алматыдағы өзі оқыған №12 мектеп-гимназияда 75 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен еске алу салтанаты өткізілді (Ұйымд. Рахима Бөлекбайқызы, баяндамашы ф.ғ.д., прфессор Темірхан Тебегенов, Еске алу айтқандар: Торғын Тасыбекова, Ғалым Жайлыбай, Оразақын Асқар, Босатқан Ұлдарбеков,Сайлау Ағыбай, Сағат Сабырбек, Марат Қожамбердиев, Талғат Нұрсұлтанұлы, Арман Октябревт.б.);
– Ақын өлеңіне Әсет Бейсеуов шы­ғар­ған «Алмалы Алматым» әнінің Ибрагим Нүсіпбаевтың балалар хорының орындауымен Қазақ радиосының Алтын қо­рына 1958 жылы жазылған нұсқасы  қай­та музыкалық мәдениет айналымына қосылды (Сайлау Ағыбаев, Сағат Сабырбек); 
– 2013 жылы ақынның  туғанына 75 жыл толуына орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде М. Сералин атындағы әдеби бірлестік «Ақын ұлын асқар тауы жоқтайды» деген тақырыпта студент ақындардың республикалық жыр мүшәйрасын өткізді. Мүшәйраға 25 талантты ақын қатысты. Олардың 11-не жүлде берілді (Ұйымд.:Өмірхан Абдиманұлы, Мұрат Шаймаран, Сағат Сабырбек, Марат Қожамбердиев, Талғат Нұрсұлтанұлы, Сайлау Ағыбаев, демеуші «Құрман баба» тарихи-мәдени қоры);
– Алматы ЖОО-да оқитын студент ақындар бір күнді «Мұқатайды еске алу күні» деп жариялап, сол күні ақын жатқан зират басына барып гүл шоқтарын қойды ( Талғат Нұрсұлтанұлы, Сағат Сабырбек)
– Ақын өмірінің соңына дейін кіршіксіз сүйіп өткен, бір поэма және «Суықтөбе сүйіктімнің ауылы» деген ән қалдыруға себепкер болған ғашығы Княгиня сұлуды іздестіріп тапты. Ақынның кластастары академик Сейіт Қасқабасов, Қазақстан Халық әртісі Торғын Тасыбековалармен байланыс орнатты, халықпен кездестірді  (Сайлау Ағыбай, Сағат Сабырбек, Талғат Нұрсұлтанұлы, Қапиза мен Әкімбек, Марат Қожамбердиев);
– «Мұқағали» журналының бір нөмірі Мұқатай өмірі мен шығармашылығына арналды (Батық Мәжитұлы, Сайлаубай Ағыбаев, Сағат Сабырбек);
– Мұқатай Жылқайдарұлының 1955 жылдан бері жеке тұлғалардың қолында сақталған, республикалық, облыстық, аудандық басылымдарда жарық көрген шығармаларын архив тігінділерінен көшіріп, қайта бастырып, жинақ етіп құрастыру ісі жүзеге асырылды (Талғат Нұрсұлтанұлы, Сағат Сабырбек, Сайлау Ағыбаев, Марат Қожамбердиев, Нұрлайым Данаева); 
– 2013 жылы шілде айында ақынның өмірі мен шығармашылығын арқау еткен «Өмірі өнеге» атты 20 минуттық деректі фильм «Жетісу» телеарнасынан көрсетілді (Авт. Алма Тілепалдықызы);
– Ақынның 75 жылдық мерейтойын 2013 жылы 7 желтоқсанда өзі туып-өскен  киелі Кегенде ел-жұрты үлкен салтанатпен тойлады.
 «Сталинге хат» және «Алмалы Алматым»
Мұқатайды ел неге осыншама жақсы көрді? Неліктен ұмытпайды? Тағдыры тым қиын болған соң аяғандықтан ба? Олай десек, тағдыры тайғақ талай пенде өмірден өтті ғой. Бірақ, Мұқатайдың жөні мүлдем бөлек. Мұқатайды туған елі қаршадайынан ақын деп таныды. Өткен ғасырдың елуінші жылдары-ақ  оның есімін газет-журналдардан оқыды.  Айналасындағы болмысқа таза көңілмен, ақ пейілмен, ақын­дық жүрекпен қарайтын Мұқатай мектепте сыншылдығымен, алғырлығымен, адуындылығымен,  батылдығымен танылған. Оның атағы «Сталинге хатпен» алғаш дүр ете қалды. Бесінші-алтыншы сыныпта оқитын Мұқатай  интернаттағы жағдайды Кеңес халқының пірі – Сталинге айтпақ болған ғой. Ол хат Жүсіп Бессарабұлы Бо­латовқа (Сталиннің сол замандарда ел аузындағы қазақшаланған аты ғой) жетті ме, жетпеді ме, белгісіз, әйтеуір  мектеп- интернат бір дүрліккен еді. Хаттың аяғы Мұқатайдың Алматыға «жер аударылуымен» біткен. Бұл «болам» деген баланың «жанам»  деген жүрегіне от бергенмен бірдей болды. Мұқатай бүгінгі академик Сейіт Қасқабасов, Халық әртісі Торғын Тасыбекова, кешегі әйгілі композитор Әсет  Бейсеуовтермен бір сыныпта оқыды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, кілең дарындылардың ортасында  бәсекелі өнер мен өмір бәйгесіне қосылды да кетті. Дәл осы орта Мұқатайдың атын  әуелетіп аспанға шығарды. Оның есімін бүкіл республика жатқа білді. Жатқа білетіні – «Алмалы Алматым» әнінің бұл мәтінін жазып, Әсет әуезін шығарды да,  оны ұстаз-композитор, балалар әнінің ақтангері Ибрагим Нүсіпбаевтың  шәкірттерінен құрылған Балалар хоры орындап, Қазақ радиосының  Алтын қоры арқылы  республика аумағына тез тарады. Бұл – 1958 жыл болатын. Әнді республиканың барлық мектептері сүйсіне орындады. Мәтіні де, әуезі де сүйкімді шығарма  сол замандағы ең мәшһүр ән болды. Ән әйгілі болған соң оны шығарғандардың есімі аталмай тұра ма, Мұқатай мен Әсеттің де есімдері сол әнмен бірге ел жүрегіне ерте еніп кетіп еді. 
 «Өлеңім өлсе, бірге өлем...»
Осы № 12-мектеп интернатта оқып жүр­генінде ол Мұхтар Әуезовпен кездесу ұйымдастырды. Кездесуді өзі жүргізді.  Мұ­хаңа арнап жұрт алдында өлең оқыды. Ұлы тұлғаның батасын алды. Бұл жөнінде газеттер жазды. Өзі де кейін  сағына еске алып,  естегісін «Семей таңы» газетіне жариялады. Сол өлеңі мынау:
Осындай  жүрегін жарып шыққан жырларын оқып отырсаңыз, ақын Мұқатай: 
– ұлы Абай айтқандай, «адамзаттың бәрін сүйген бауырым деп»: «Алатаудың көгінде, бірге туған жұлдызым. Айналайын тегіңнен, Бірге туған қырғызым» («Түбі бірге туысқан»);
– табиғаттың сұлулығын көркем ой, сиқырлы сөзбен сомдаған:
«Қысылғандай арнада көкірегі, тар шатқалда долы өзен өкіреді»,  («Тасқын»); «Селт еткізіп асқарды, Сапырғандай тастарды, Сатыр-күтір сайларда Бір керемет басталды. Үрпиіскен биікке, Үрке тартты киіктер. Қара бұлттың көз жасын, Құдай болсаң тыйып көр...» («Нөсер»); «Тау тағысы, тас еркесі – тау ешкі, Шоқ сақалын желбірете жел есті. Бір шегініп алды-дағы атылды, Бұйым көрмей алдындағы дөңесті («Тауешкі»); 
– өзіне дейінгі, өзі қатарлас және өзінен кейінгі дарынды ақындарды мойындай отырып,  құлай берілген ынтық көңілмен жырға қосқан: «Мұқағалиға», «Мұқағалиды еске алу»- 4 бөлімді цикл, «Мұқағали монологы»- 13 тараудан тұратын поэма; «Басқаным», «Құрақсуға» -ақын Құдаш Мұқашевқа арналған өлеңдер; «Менің тойым болады» – ақын Төлеген Айбергеновке арналған: «Төлеген-ау, тойға кел, қонақ етем, Әлде бұл да арман боп қала ма екен? Ақын деген –арман ғой, Сол арманның Тіршілікте бір тойы бола ма екен?»;
– тарихты тануға, танытуға, сол ар­қылы елдік-ерлік мұраттарды биікке көтеруге ұмтылған: «Қарқара» поэмасы әйгілі Қарқара жәрмеңкесіндегі қазақтың бейбіт өмірі мен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін суреттеген тарихи-деректі дастан.Табылып, жарияланғаны 672 шумақ; 
– туған жер, туған ел, Отан туралы азаматтық-патриоттық рухта асқақ сезім­мен ой толғаған:
«Бақытым да, байлығым да тауларым, Асқарлардың ақ күмісі – сауғаным. Шағаладай шабыт қанат қаққанда, Заңғарларда қыран болып зауладым, Аңын емес, әнін ғана ауладым» («Алатаудың ұлымын»), «Сапырып сай қуалай күмістерін, Өзені ойда қалды Жіңішкенің. Көрсең-ау тау ішінде асау Шелек, Алысып тасты үңгуге кіріскенін» («Далашық»), «Тауға шықсаң, ей, ағайын, балта емес, Туған жерге махаббатыңды ала шық! («Қарағайлар»), «Көкейдің құртын жеген жасыл мекен, Дүние-ау, осы ма еді Асы деген?! Төгілген көк шалғынға күміс моншақ, Түнде аққан жұлдыздардың жасы ма екен?..» (Асы жайлау аясында»), «Тарағанда көкке нұр, Таңың неткен арайлы. Дәл осындай шақта бір, Тудың ба екен Абайды?» («Жидебай»), «Найзағай ойнап көгіңде, Асығыс қайда тез ақтың? Қуатың күшті. Өзіңде Өрлігі жатыр қазақтың» («Ертіс»), «Шәлкөдеден арайлап, Таңың болып атайын. Қия алмастан қарайлап, Күнің болып батайын, Ризамысың, туған жер?» («Ризамысың, туған жер»), «...Жырымның гүлін егемін, Әнімді сен деп төгемін, Айналдым сенен, Кегенім» («Кегенім»);
– тағдырмен тайталасқан сергек сезім, сұңғыла көңілмен тіршілік түйткілдерін де әдемі астармен өрнектеген: «Алданып кейбір аңдардан, Көңілім менің қалса да, Жүрегі жомарт жандардан, Жақсылық көрдім қаншама» («Адамдарға алғыс»); «Туысқан, туған көп менде, Көлігін бермес өткелде. Құдайдан бір кем емес, Ақылын айтып сөккенде», («Туысқан туған»), «Бұ Кегенде сен қалмайсың, мен қалам, Болашаққа сен бармайсың, мен барам. Ақын ұлын түбінде бір жоқтайды, Аман болса, асқар тауым, кең далам» («Бұ Кегенде...») «Жылмиғанын жақын санап туыстың, Күліп берген кесесінен у іштім...» («Күлкілер»), «Бұрыштан иттер үреді, Үретін жерін біледі. Қасқайып келіп қабуға, Қорқады қоян жүрегі» («Ит үреді...»);
– ақындыққа адалдық, өлеңге құш­­тарлық сезімдерін де терең оймен әдіп­теген: «Ақ қанатты Алатаудың ұлы­мын, бақытына жыр тигеннің бірімін...» («Алатауым тұрғанда»), «Өлеңім өлсе бірге өлем, Өзегім егіз жырменен...» («Жазылмай жүрген бір өлең»), «Нашар болып өлеңімнің жолдары, Жұрт алдында тірі өлмесем болғаны...» («Бір өлемін, ол-анық»), «Тыныш жүру тірлікте мүмкін емес, Тепкілесе кеудеңді ғасыр әні» («Ғасыр әні»), «Көз көргендер, мен үшін өзгермеңдер, «Мұқатай өлді» деген сөзге ермеңдер» («Көз көргендер»).
Мұның бәрі – 2003 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Айхай, дүние» деген жыр жинағынан келтірілген мысалдар. Ол жинаққа ақынның барлық жыры енбеген. Биыл ақынның немере інісі Талғат Нұрсұлтанұлы және Елнұр Әбді­сүлейменов кітапханада сақталған газет, журнал тігінділерінен 1955 жылдан бастап жарияланған жырларын барынша жинақтады. Олардың ішінде аталмыш жинаққа енбегендері қаншама! Солар жарық көрсе, әдебиет сыншылары Мұқатайдың өлең өрнегіне өз бағасын берер күн әлі алда. 
«Таудың ерке тағысы едім 
мен кеше...»
Енді, оқырман көкейінде жауап күт­кен сұраққа тоқталсақ... Мұқатайдың  тағдырының басқа арнаға түсіп кетуіне  не себеп болған? «Ауылдағы қарттардай ренішпен, Үндемейді жартастар түне­ріскен. Ағытылған вагондай жол үстінде, Қалай шығып кеттім мен рельстен? – дейді өзі де. Адам алда не боларын алдын ала білетін болса ғой... Сонда келетін қауіп-қатерден сақтанып жүрер еді. Бірақ, ондай қабілетті Алла мыңдардың, тіпті, миллиондардың біріне ғана бергісі келсе берген ғой, әйтпесе ол да жоқ. Ал, Мұқатайға сәуегейлікті емес ақындықты сыйлапты. Сол ақындық қабілет арнасынан асқанда ел көрмегенді көреді, сезбегенді сезеді, білмегенді біледі. Мұқатай өз ортасынан озық болса, ол ақындық қабілетінің арқасы еді. Бірақ оның сезімтал жүрегіне, намысқой мінезіне, ар мен ұятты ойлаған санасына  жетімдік әжептәуір салмақ салса керек. Шарықтап  шығанға шыққанда да, қалықтап төмен түссе де сол жетімдік алдынан кесе көлденең шыға берген бе деп те ойлаймын. Айналасындағының бәрін аппақ күйінше көргісі келетін таза, пәк, періште ақын көңіл сан рет опық жеді-ау. Оның адал дегені харам болып, әділ дегені қиянат болып, шыншыл дегені өтірікшіл болып шыққан соң назаланбай қайтеді, капаланбай не етеді? Сондай сәтте  ақиқат іздеп шарқ ұратын ақын жүрегі ашынуға да, асаулыққа да жол беріп алады-ау, сірә.  Ақында асаулық болмаса, ақын ба?! Ашыну, торығу, қамығу, налу, күйзелу, қиналу болмаса, сол психологиялық ахуалдың бәрін өлең қалыбына салып, сыртқа шығарып барып басылмаса, ішқұса болып кетуі де ғажап емес еді. Ішқұсалықты Мұқатай тым ерте бастан кешірсе керек. Сонау «Сталинге хат» кезінде кім не демеді десеңізші. Тәрбиешісінен бастап директорына дейін не айтпады дейсіз. Сонда  ең алғаш жетімдігін бетіне басқан да болар үлкендер, тіпті «халық жауы» жасап жіберейін десе Мұқатайдың  жасы жетпей пұшайман қалған да шығар... Содан кейінгі бір- екі жылда оның жүрегін «қыстық бәтеңке» де бір тіліп өткен болатын. Алматыдағы интернатта оқып жүргенде  бір туысының  үйіне барады ғой. Кіші шешесі қыстық етік әпереді. Жап-жаңа  етікті жетім балаға беруге көзі қимаған туысының баласы берместің амалын іздейді. Сөйтіп «карта жасыру» ойынын ойнайық дейді. Кім жеңсе, жаңа қыстық бәтіңке соныкі. Мұқатай картадағы әр сызықты жатқа білетін, әр қаланы, әр атауды жадына құйып алған. Олай болатыны – күнде кешке география сабағына дайындалып жатқанда балалар «карта жасыру» ойынынан жарысатын. Намысшыл Мұқатай ата-анасы барлардан қалыспау үшін түгел жаттап алған еді. Енді, міне, туысқан бауыры бәсекелесіп, бәстесіп жатыр. Ол да мықты. Жеңілмейді. Бір уақытта бауыры картаның төмен жағына майда қаріппен жазылған бір атауды көрді де оны қайырып тығып тастап, бір-екі айналымнан соң жасырды. Мұқатай ол атаудың қайда екенін білуші еді. Бірақ, мына, картадан табылмады. Бауыры «онға дейін санаймын, таппасаң бәтеңке менікі», – деді. Мұқатай «сен ол жазуды тығып тастадың» деуге батпады. «Жыртып тастадың» деуге дәлелі жоқ. Бірақ, дәл сол тұста екенін анық білетін. Онға жеткізбей «мен жеңілдім» деп төсегіне барып теріс қарап жатып қалады. Содан таң бозынан тұрып, әлгі бәтеңкені туыс бауырының қасына қойып, өзі қоңылтаяқ жаздық тәпішкемен үйден шығып, қансонарды қарш-қарш кешіп, «интернатым қайдасың» деп кетіп қалады. Осындай қиянатты сәттер  қаншама рет қайталанғанын бір Алланың өзі біледі. Мұқатай соның бәрін өлеңмен жеңіп келе жатқан. Бірақ, өмірінің  бағытын тағы бір қараулық басқа жаққа мәңгілік түзелмеске бұрды да жіберді. Ол Семей облысында бір қойшыға көмекші болып жүрген. Бір күні зоотехник келіп қонақ болады. Ет асылады. Арақ құйылады. Алдында бірін бірі мақтап отырған басшы мен қойшы аяқастынан бір нәрсеге келісе алмай, керісіп қалады. Арты жаға жыртысуға ұласады. Мұқатай екеуін ажыратпақ болады. Бірақ, жұқалтаң жігітті  еңгезердей зоотехник итеріп тастап, қарсыласымен  арпалыса кетеді. Арпалыс кезінде қайнап тұрған қазанға құлайды. Күйеді. Коммунистік партияның көзі қырағы  кезінде  ешкім ештеңе жасыра алмайды. Ауруханаға түскен зоотехниктің қазанға құлауын анықтаған тергеуші екі ортада араша болған Мұқатайды «кінәлі» етіп сотқа  тартады. Сот оны бір жылға бас бостандығынан айырады да жібереді. Ал, зоотехник пен қойшы сүттен ақ, судан таза болып шыға келеді. Осы қиянат та жас ақынның жүрегін кескілемей қайтеді. Артында іздеуші, сұраушысы жоқ тұл жетім  Мұқатай ақтығын айтып жатып бір жылға жетпей сегіз айда бостандыққа шығады.   Бірақ, ол заманда сотталғанды, істі болғанды жұмысқа ала қоймайды. Бір ай бос жүрсең қаңғыбас деп абақтыға жабады.  Мұқатай мұңлық  туралы ақиқаты анықталмаған тағы бір аңыз бар. Талдықорған облысы жағында кітапханашы болып жұмыс істепті. Жұрт кітап оқысын деп оқырман жинау ниетімен небір кітаптарды таратқан ғой. Жылдық есеп кезінде кітаптың көбі қайтпаған. Мұқатайды «мемлекеттік мүлікті таран-таражға салды» деген айыппен тағы жауапқа тартқан да, айдатып жіберген.  Тағы бірде әлдекімдер соққыға жығып, сүйектерін сындырып кеткен соң ауруханаға түскен ғой. Жазылып шығарда үстіне киер киімі жоқ, аурухана киімімен үйіне келсе, «мемлекеттің  мүлігін ұрлап кетті» деп милиса келіп тағы ұстап алып кетіпті. 
Тізеге басу, асыра сілтеулерден ылғи түрмеге жабыла берген ұяты берік, ожданы асқақ арлы ақын  «сотталған» дегенге қорланып, «түрмеден шыққан» деген  сөзден намыстанып, ел шетіне жоламай, ылғи жырақта жүруге өзін өзі мәжбүрлеген.  Сонда да қаламын бір сәтке тастамай өлеңімен өмір сүре берген.  Түрмеде жатса да әдебиеттен бір елі ажырамай, үнемі оқумен, көңілге тоқумен айналысқан.
«...Ал досым, мен өзгерген 
адаммын...»
«Ертең 21-ғасырдың аяғына таман біздің қазақтың қаншасы ана тілін ұмытады?.. Қазірдің өзінде 20-30% қазақша басылымдарды тіл білмегендіктен оқы­майды. Сонда бізге өлең жазып не керек? Кімге арнап жазамыз? Оқушым қайда менің ертеңгі?.. Осыған жауап берші».
***
«...Жалпы опат, қаралы кезең болса да сол жылдардың өзінен қуаныш, жылт еткен сәулелі сәттер табуға болады. Өмірдің терістерін қуа бермей, күнгейіне де үңіліп көңіл бөлесің. Өмір тек қайғымен, қара бояумен жасалмайды...».
***
«...Шыда, келер жыл біздікі. Мен осы жылмен қызметті аяқтаймын. Өкіметке де біраз еңбегім сіңді. Егер, өзім күткен құпияның есігін аша қалсам әрі қарай қызмет істемей-ақ тек бірыңғай жазумен айналысамын. Ал, аша алмасам, жазуды тастап Алатаудың етегінде Өтежан (Нұрғалиев) айтқандай «сексендегі семіз балуан»  атанар тіршілікке көшемін. Әйел алып, оны еркелетіп, балаларымды ойнатып, шаруашылықпен өмір кешемін....»
***
«...Көп оқыған, ізденгіш, шебер аудармашы ақын қазақтың халық жырларындағы қайталаулармен шектелуі мүмкін емес, ескерсін дегенім. Ал, Мұқағалидағы қай­талау тек жай қайталау емес, үстеме толықтырғыш мағына беретін, сол арқылы өлеңнің интонациясы ғана емес бүкіл динамикасына, мағынасына күш беріп, әрлеп көркейтетін қайталау. Әсіресе, қайталанар сөз екінші тіркеске қосылғанда басқа жаңа мағынамен құл­пырып кетеді...».
***
«...Роберт Бернстің өлеңдеріндегі,  Мұқағалидағы қайталауларды салыстыра оқып көр; -Венгер халық поэзиясы – ХVІІІ-ХІХ ғ бізге өте ұқсас, әсіресе қайталау, қайырма; -Халық жыры.Тойдағы айтыстар – бұған  Мұқаңның «Қарасаздың шыбығын...» - айқын дәлел. Ғасырлар бойы халық, бүкіл бір ұлт жасаған поэзияны Мұқаңның қандай биікке көтергеніне,  жаңа қырларын, сырларын, мүмкіндіктерін ашқанына, жаңартқанына көңіл бөл.  Мұқағали Абайдан кем емес – тең емес. Аудармаларына, әсіресе, Данте «Б. Комедиясына», Шекспирдің сонеттеріне көңіл бөл...».
***
 «...Мен саған бірде-бір қуаныш әкеліп, жаныңды жадырата алмадым. Тек мұң сыйладым. 20 жылдай мерзімде 2-ақ рет кездестік. Сонда, мені неге ұмытпайсың? Неге жек көріп кетпедің? Қолды неге бір-ақ сілтемедің? Мені неге жақсы көресің? Осының себебін айтшы. Өтінемін. Ал, досым, мен өзгерген адаммын. Қазір мұң­лымын. Қуаныштың ізі де жоқ. Баяғы ақжарқын, тапқыр, әзілқой, адал жанды, өмірге ынтық Мұқатайға өзім де зармын. Ал, саған кездесерге дейін сол Мұқатайды мен де іздестіріп көремін. Қолыңа баяғы  Мұқатайдың өзі болмаса да көзін апарып табыстауға тырысамын...».
Бұл үзінділер ақынның  «көненің көзі, айнымас, жар дегенде жалғызының өзі,  сұрыпталып, сарқылып шыққан сары алтындай адал досы» (Мұқатайдың өз сөзі) ғалым, сыншы Абай мұражайын ұзақ жыл басқарған қайраткер Төкен Ибрагимовке 1977-78 жылдары жазған  хаттарынан алынды.
 «Сартаудан таңың атар-ау...»
«Мұқатай Жылқайдарұлы» деген атты жиі естимін. Жұрт «күшті ақын», «мықты ақын» дейді. Одан басқасын білмеймін. Сол ел бағасын санама сіңіріп алып, оны «қайдан көрсем екен» дегем де қойғам. 1985 жыл, Көктем. Дарынды суретші, шебер Төлеген Нұрғожаев екеуміз таң ертеңгі автобуспен Алматыға қайтпаққа күре жолдың бойымен құлдилап келе жатқанбыз. Алдымызда анадайдан ондатр терісінен тігілген көнелеу тұмақ киген, үстінде қара сұр пальтосы бар, менің бойымнан сәл биіктеу, жасы елулерден асқан,  өңі шаршаңқы, әдемі әлпетінің әрі тая бастаған кісі қарсы келе жатты. Төлеген : 
– Ана келе жатқан – ақын Мұқатай Жыл­қайдаров, – деді. Ол айтып болған шақта-ақ біз бірімізге біріміз қарсы кеп тоқтап, амандастық. Таныстық. Таныстықтан соң Мұқатай ақын бірден:
– Қиырда қалған қыршындар, Қайғылы маған жырсыңдар, Ескерткіш болып Кегенде, Тас тұғырда тұрсыңдар. Сартаудан таңың атады, Қарқара жайнап жатады, Қиырда қалған қыршындар, Сендердің жоғың батады.., –  деп қолын сермеп ұзақ шұбырта оқыды. Мен қызыға тыңдадым. Төлеген бізді фотоға түсіріп жатты. Мұқатай ақын келесі өлеңін оқыр алдында оның шығу тарихын айтты: Шөпшабыс кезі. Дала қосы. «Обком хатшысы келе жа­тыр» дегенді естіген басшы-қосшылар қара жолға су сеуіп әлек. Мұқатай мұны түсінбейді.  Келеді обком хатшысы қара «Волгамен». Шөпшілер тікесінен тік тұрып қарсы алады. Мұқатай елден ерек алға шығып, алшаңдай басып барып «Ассалаумалейкум!» деп обком хатшысына қолын  береді. Оның бұл қылығын жақтырмаған райком хатшысы: 
– Әй, мына біреулеріңді алып кетіңдер әрі, – деп зірк ете қалады. Сонда Мұқатай жалт бұрылып қасқая қарап тұрып: 
– Қозымен бірге азаннан, Ағыттым қиял көгенін. Жауқазын оймен жағаңнан,  Өріске салдың, Кегенім. Кегенім – менің Ке­генім, Өрісі шүйгін өзенім. Жетіде же­тім қалсам да, Талған жоқ менің өзегім. Атадан қалған сөз едім, Жақсыдан қалған көз едім Артықтау кетсем, тежедің, Айтылар тұсқа кезедің. Кегенім – менің Кегенім, Жырымның гүлін егемін. Әнімді сен деп төгемін, Айналдым сенен, өз елім...  – деп  төгілте жыр оқиды. Оқып болған соң шөпшілер дүр шапалақ ұрады. Обком хатшысы Мұқатайды қасына ертіп алады да шөпшілерді бірге аралайды. Ол обком хатшысы – Асанбай Асқаров екен.  
Кейін Мұқатаймен «Мұқағали монологы» поэмасы газетке шыққанда  Қарқарада, Тұрықбай Бейсебаев деген жас жазушының үйінде жолықтық.  Одан кейін, 1990 жылы Бөлтірік ақын  Атықанұлының 125 жылдық мерейтойына баратын болдық. Ол кезде «Мұқатай аудандық газетте істеп жүр» дегенді естігенмін. Ол да аудандық газет атынан тойға барады деп ойладым да бұған дейін жауапсыз кеткен үш өлең хатыма қосымша тағы бір өлең арнап ала бардым. Көлбастауда жұртшылықтың Алматыдан келген ақын, жазушы, журналистермен кездесуі болды. Бірақ, Мұқаң болмады. Сонда да, арнаған өлеңімді оқыдым ел алдында.  Алматыға келген соң бір аптадан кейінбе екен, Мұқатай аға менің жұмысыма келді. Далаға шықтық.  Құрманғазы мен Қонаев көшесінің қиылысына жақындағанда кілт тоқтап:  
– Сен әнеугүні жұрт алдында мені жоқтап өлең оқыпсың. Сол өлеңіңді оқышы, –  деді.  Мен оқыдым: 
– Мұқа, сен елдің ардағысың білесің бе, Өткен күндер,  от  күндер жүр есіңде. Ақын басың сәбидің добы емес, Тастай салар жарылса, күресінге. Жаралғансың тағдырмен күресуге, Хақың да жоқ шыдамың түгесуге. Сен ермедің минуттар тілшігіне , Уақыт саған амалсыз ілесуде. Жан сырыңды еш пенде ұқпағасын, Соған бола көңілде дық қағасын, Жуып-шайып бәрін де құрту үшін, Ащы суды еріксіз ұрттағасың. Ақын басың демесең жұртта қасын, Қойшы соны, тіл алсаң, ұрттамашы... Сартаудан таңың атар-ау, Қарқара жайнап жатар-ау. Қиырда қалсаң, жан аға,Сенің де жоғың батар-ау, Сенің де жоғың батар-ау... – деп аяқтадым. Мұқатай аға үнсіз төмен қарап тұрып сәлден соң басын көтеріп, даусы дірілдеп: 
– Сен мені шын жоқтап қалар ма екенсің,-деді. Жанары мөлтілдеп кетті. 
– Қой, аға, ерте, – дедім. Сол күннен бас­тап біздің үйде болды. Жиырма күндей-ау шамасы. Ащы суды татып алмады. Темекіні де азайтты. Әрі кіріп, реңі жасарып, күнде айнаға қарап, кербездене таранып, жаны рахаттана, өзіне өзі сұқтана қарап, ұзақ сипаланады. Көңілді. Менің балаларым оны «ата» дейді. Мұқатай атасы оларды ойнатады. Өте балажанды жан екенін  сонда көрдім. Талай нәрсеге қанықтым. Қазақстанда болмаған жері жоқ па деп қалдым. Оқымаған кітабы аз. Қазақ ақындарын былай қойғанда, орыс ақындарының өлеңін, шет ел ақындарының аудармаларын жатқа оқиды. Оқығаны қандай ғажап. Әр сөзді нық-нық айтып, таптап, баптап сөйлегенде еріксіз тыңдайсың, құлағыңның құрышы қанады. Ішкі мәдениеті биік, сөздік қорында былғаныш сөз жоқ, таза әдеби тілмен салмақты көркем сөйлейді. Текті мінезі қанында ақсүйектік барын танытады. Намысшыл. 
Ол кезде   7 ноябрьдің тойы үш күн болатын.Төртінші күн Мұқаңның бұрын жарық көрген өлеңдерін жинайық деген мақсатпен қазіргі Ұлттық (ол кезде А.С.Пушкин атында) кітапханаға шықтық. Жолда келе жатып:
– Паспортыңыз бар ма? Онсыз кіру би­летін бермейді – деп ем:
–  Бірінші Алматыда бір мілиса інішегімде,  деді. 
– Онда Сіз оны алып келіңіз. Мен кітап­ханада болам да сонсоң газет- журналдар (көк базардың қасы) жаққа барамын. Сағат үште сол жерде жолығалық, – дедім де мініп келе жатқан 128-бағыттың автобусынан түсіп, кітапханаға келсем, жабық. Сөйтсем,  ноябрь тойы төрт күнге созылыпты. Уақыт өт­кізіп барып уәделескен уақытта газет-жур­налдар жаққа барсам, олар да жұмыс істемейді екен. Мен Мұқаңды күттім. Ол кісі келмеді.  Екі күн өтті. Үйге келмеді. Үшінші күні жұмыста «Сізге «Алматы Ақшамы» газетінен  Кәдірбек Құныпияев деген ағай «жедел хабарлассын» деп жатыр, – деді. Мен телефон шалдым.
– Сақай, Мұқаңнан айырылып қал­дық, – деді.   
–   Қашан?
– Кеше қаражолдың үстінде машина қағып кетіпті... 
Содан бері 23 жыл өтіпті... 
Артында өмір шындығын, табиғат сұлулығын, тарих тағылымын, тағдыр тартуын, адамдар қасиетін ақи­қат­пен жырлаған өлеңдерінен басқа еш дү­ниесі қалмаған ақын Мұқатай Жыл­қай­дарұлының есімі елі барда өшпейді. Өшір­меудің бір амалы – жырларын жа­рыққа шығарып, халықтың қолына тигізу. Ол енді мемлекеттің есебінен шық­паса, бай­лығын байыпты іске жұм­сауға шебер азаматтардың есебінен шығар. Ең бастысы – жауһар жырлары өзі құлай сүйген қазағының қолына тисе, ақынға қойылған мәңгілік ескерткіщ сол болар еді.

1056 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз