• Ұлттану
  • 15 Тамыз, 2014

Ғұлама

Өмірхан ӘБДИМАНҰЛЫ,
филология ғылымының докторы, 
әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ-і 
журналистика факультетінің деканы

Өзім аса қатты қадір­лейтін асқаралы азамат­тардың бірі, қазақ әде­биетін зерттеуге зор үлес қосып, әдебиеттану ғылымын биікке көтер­ген  ғибратты ғалым, ұлағатты ұстаз Рахманқұл аға Бердібай туралы толғанысымыздың атауына осынау бүтін ұғымды тегіннен-тегін алып отырған жоқ­пыз. Бойына тылсым бір бекзаттық болмыс жинақтап, ғылым-білім жолында жүрген адамның бүтін бітімдік сипатын айқындайтын осы анықтама Рахманқұл ағаның азаматтық тұлғасына дәл келетін сынды. Ғұламалық – Рахаңның бойындағы бар қасиетті ашып, әр нәрсеге байыпты қараған маңғаз болмысына, тереңнен тартып, түбегейлі зерттейтін ғалымдық қасиетіне, әдебиет атты әлемді кеңінен игерген кемел білімпаздығына, талғамына табынта алған талғампаз табиғатына, өзі қанат қақтырған жас талантқа ұлт руханиятын биікке көтерер рух бере білген ұстаздық құдіретіне сай  бірегей ұғым. Мұны біз ұлт мүддесін бәрінен жоғары қоятын Рахаңды  жақын танып-білген отыз жылдан астам уақыт биігінен қарап айтып отырмыз. 


Рахманқұл ағайды алғаш көргенім әлі есімнен кетпейді. Ауылдың қарапайым «қитабан» баласы 1975 жылы құдай жарылқап, ҚазМУ-дың дайындық бөліміне ілініп кеттік. Бұрындары да  оқу іздеп те, былай да келіп-кетіп жүргенмен, арман Алматыны онша біле бермейтінмін. Енді, сабақтан қол боста емін-еркін аралап, жақсылап таныса бастадым. Жолбасшым – КазПИ-дің тарих факультетін бітіруге таяп қалған бөлем Оралбек Тұрманбетов. Ол күнде болмағанымен, қаланы жиі аралатып,  көрікті  жерлерін көрсетіп, мәдени орындарға алып барып дегендей, менің әсем қалаға деген сан жылдық сағынышымның мауқын басуға тырысып-ақ бақты. Әдеби ортаға, өнер, театр дегенге әуеспін. Бәрі таңсық, бәрі қызық... Ол кездегі ауыл деген «шет мекеннен» келген балаға Иран бағындай көрінетін Алматының «жұмақтай» әсемдігін айтып тауыса аларсың ба?.. 
Бір күні Оралбек бөлем: «Сен білмейтін бір қызық көрсетем, жұма күні кешкі алтыға дайындал» деді. Айтқан уағында кездестік, жетелеп ала жөнелді. Мен бір концертке барады екенбіз деп ойлағам. Абай көшесіне жақындау жердегі (ол кезде көшелерді әлі жыға танымаймын) жасыл дарбазадан еніп, екі қабат үлкендеу сары үйді айналып өттік. «Мұхтар Әуезовтің музей үйі, кейін алып келем» деді бөлем, әлгі үйді иегімен нұсқап. Қапталда тұрған аласалау келген шағындау үйдің ішіне кірсек, иін тірескен халық, сәл кешігіп қалған екенбіз, тұрып тұруға тура келді. Оралбек «гид» бұл музей  үйдің залы деп түсіндірді. Ұққаным әрбір екі аптада, жұма күні астананың зиялы қауымы осы үйде әдебиет пен мәдениетке, жалпы руханиятқа арналған жиын өткізіп тұрады екен.
Шынында да қызық екен... Залда өңкей ығай мен сығай толып отыр. Кейбірін кітаптарындағы суретінен, теледидардан көзім шалып қалған бейнелерінен шырамытып қаламын. Әне-міне дегенше жиын да басталып кетті. Төрдегі жиынды басқарып отырған кісіні жыға танымаған соң, кім екенін сұрап едім, Рахманқұл Бердібаев деген жауап алдым. Құдайдай шыным, таңырқап қарап қалдым.  Рахаңның салтанаты бө­лек еді. Кең маңдайы жарқырап, ақ-сары жүзінде нұр ойнап, мейірімге толы жанарын шүйіре тастап, маңғаз кейпін бұзбастан сөйлей жөнелгенде, толықша бұғағы бүлік-бүлік етіп,  өзгеше бір сән береді екен. Ол кісі маған сол тұста кейін құрдасы, әрі жан досы ұлағатты ұста­зымыз Тұрсекең (Кәкішұлы) айтатын «Пай-пай, біздің Раман елді табындырған пұт пайғамбарындай маңғаз отырады-ау» дейтін сипатта көрінді. Бұл менің салтанатты жиында алғаш көрген ше­шенім еді. Сөйлеген сайын әңгімесі тәтті болып барады. Әр сөзінен ұлттың ерте­ңін ойлаған салмақ сезіліп, шешенсіп, шешіліп сөйлемесе де, шегедей нықтаған шешімді ойлар «кәллаңның» шеңберін айнала-айнала келіп, шекеңді тесіп өтіп, қауашағыңнан шықпастай боп орын алғандай. Шындығын айтсам, сол тұстағы «қазақ руханияты» деген тіркес санасына сәуле сызған талай талантты жас осы университеттің тәлімінен түлеп ұшып, тұғырға қонды. 
 Япыр-ай, десеңші, уақыт деген зымыран ғой. Күні кеше ғана музей-үйдің мәжіліс залының төрінде Халық университетінің ректоры Рахманқұл аға отырар еді. Мерей мен мейірімге толы ақ-сары жүзі балбұл жанып, кең кеудесін кере, өзіне тән маңғаздықпен әңгіме бастайтын, әдемі қоңыр үнмен бейне бір домбырадан  шертпе күйді төгілткендей керімсал  сыр шертетін. Жанында кім жоқ дейсіз, шіркін! Бірде кеменгерліктің көне көзіндей боп, қасқа маңдайы жарқырап, бұйра шашы ысырыла-ысырыла желке тұсына ұйысқан, құмыға  шыққан үнімен әр сөзіне құнықтыра түсетін Әлкей Марғұлан келсе, бірде жасындай жарқ-жұрқ еткен Олжас жарқылдап тұрар еді мінберде. Енді бір де орысша-қазақшасы бірдей сол  кездегі Жазушылар   Одағының басшысы Әнуар Әлімжанов жер-жаһанның  жаңалығы мен ой-танымын жайып салып тұратын. Кей-кейде Тұманбай басын шайқап қойып, сыршыл лирикасын сызылта оқыса, Қадыр ақын әр сөзін тасқа басқан маржандай әрлеп, мін таппастай етіп әсерлеп, бейнелі көркемдікпен астасқан ойшылдықтан  санаңа салмақ сала ой орманын аралатып алатын. Әрекідік мінберде өз өлеңін төрт сағат жатқа оқудан жалықпайтын жас пері Мұхтар тұрар еді, жалынды жырларымен кемерінен асып-төгіліп.
Зиялы қауым орта толтырған жиын­дағы әңгіме арнасы бірде ежелгі дәуірге ендесе, енді бірде жыршылдық дәстүрге бет бұрып, одан қалса қазіргі әдебиетке келіп тіреліп жататын. Жүсекең (Елебеков), Ғарекеңдер (Құрманғалиев) шәкірттерімен келіп, әннен шашу шашса, Мағауия Хамзин, Уәли Бекенов сынды дәулескер күйшілер күй сазында  тербейтін. Сыр бойының жыршылары, Арқаның ақындары, Жетісудың әншілері дейсің бе, қойшы әйтеуір, бәрі тоғысып, жаныңды тербетіп, санаңды серпілтіп, жүрегіңді елжіретіп, көңіліңді көкке ұшыратын. Бәрінің қасында шыр-пыр болып Мардан аға (Байділдаев) жүрер еді. Көзін қиырдан салып, маңғаз күйде отыратын Рахаң осынау ұлттық руханияттың тұнығы тұнған дүниенің дирижері іспетті еді. Осы ортаға басын бір сұққан адам елітіп қалып, келесі жұма жеткенше елегізіп жүретін. Несін айтасың, қасиетіңнен айналайын, қарашаңырақ рухани орда еді ғой. Қайда сол қазір?!.. 
Өз басым Рахаңның бойындағы білім­паздықтың болмысын сонда аштым. Рухани әлемнің сан салалы өрісі тоғысқан ортада өзін еркін сезініп, қандай мәселеде болмасын әңгімеге араласып, ой білдіріп, пікір таластырып, түйінді тұжырым жасап, шешім айтып отыратын. Сұрағы өткір, пікірі орнықты шығушы еді. Бірте-бірте біз де бой үйрете бастадық. Сұрақ қояр «дәрежеге» де жеттік. Ондайда Рахманқұл аға сен жаққа жанарын қадай қарап, сұрағың дұрыстау шығып, өзіне ұнап жатса, кім екеніңді, не істейтініңді, аты-жөніңді қағазына түртіп алатын. Сөйтіп жүріп ертерек барсақ, Рахаңа сәлем беруге де жарап қалдық. Өз басым ҚазМУ-де тыңдаған лекцияларды осы Халық университетінен байыта алдым. Өйткені, онда көбіне университет дәрісханаларында айтыла бермейтін нәрселер сөз болатын еді. Мәселен, Олжастың «Ежелгі дәуір әдебиетінің жәдігерлеріне жазылған ескерткіштер монғол солдаттарының әскери жаттығуларында мергендік нысана болып, құрып бітуге айналды» деген жан айқайы алғаш осы Халық университетінің мінберінен айтылды. 
Құдай берем десе, оңай ғой. Бірінші курстың алғашқы семестрін аяқтап, өзімізді енді-енді студент сезіне бастаған екінші семестрде «Қазіргі кеңес әдебиеті» пәнінен бізге дәрісті Рахманқұл ағай оқитын болды. Сөйтсек, ол кісі ҚазМУ-де де дәріс оқиды екен. Білетіндер қуанып қалдық. Рахаң алғашқы сабақтан-ақ халық универститеті дәрісіне үзбей қатысып жүретін қыз-жігіттерге жылыұшырай қарады. Бірден танып, аты-жөнімізді атап, бұл балаларды білем деп, мерейімізді өсіріп тастады. Жалпы мен өзім бұл пәннің дәрісін екі адамнан тыңдадым. Рахаңнан кейін МГУ-дің профессоры Анатолий Бочаровтың дәрісін тыңдаған едім. Ол да білгірдің бірі. Кеңестік республикалар әдебиетін жілікше шағатын, лекциясын шешіліп оқитын, көсіліп сөйлейтін. Ал, Рахаң, аз сөзбен көпті ұғындыруға тырысатын. Әр нәрсенің сыртқы қабатын алып тастап, ішкі дәнегін көрсеткенді жаны сүйетін. Пәннің бағдарламалық мақсат-талабына орай кеңестік әдебиет қол жеткізген «социалистік реализм» әдісін  мадақтау  деңгейінде қалып қоймай, қия шыңға өз соқпағын қиялай  салып келе жатқан ұлт әдебиетінің озық үлгідегі  өкілдері қырғыз Айтматов, өзбек Пулатов, әзірбайжан Анар, армян Матевосян, грузин Думбадзе т. б. сол кезең әдебиетіндегі «жұлдызы жоғары» жазушылардың  шығармашылық ізденістерін түрлі қырынан қарастырып, жаңашыл сипатын тап басып танып, оны білімге құмар, «құйма құлақ» шәкіртіне ұғынықты етіп жеткізе  білетін. Рахманқұл ағай әр тақырыпты өткен сайын ортаға  сали­қа­лы ой тастайтын,  әр сабағында шәкірт жанын даналық пен тәлімгерліктің бесігінде тербей  білетін, шешендік пен  ойшылдықты астастыра алған шын мәніндегі ұлық Ұстаз еді.
Қашан да жаңалық атаулыға жаны құштар дәріскер әдеби үрдістегі жаңа бағыт, тың серпінді қалт жібермей жіті қадағалап отыратын. Және де әдебиет әлеміндегі жылт еткен жаңалықты немесе кеңестік әдебиеттегі өзі ғана байқап қалған әлдебір тың құбылысты алдымен шәкіртіне жеткізуге асығатын. Олардың кезең әдебиетінің көркемдік дамуындағы  айрықша мәнін терең саралай көрсетіп, әрбірін болашақ ізденістер бастау алар алтын жүлде  ретінде ұсынатын. Сол тұстағы төл әдебиетімізде белгі берген тың тенденциялар да ұстаз назарынан тыс қалмайтын. ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап әдебиетке жаңа леп әкелген  І. Есен­берлин, Ә. Әлімжанов, Ә. Кекілбаев, М. Мағауин тарихи романдарындағы тарихи шын­дық пен көркемдік шешім, тарихи дерек пен жазушы қиялының астасуының көркемдік шындыққа айналу үдерістері салиқалы сараланатын. Ә. Нұрпейісов шығармаларындағы терең қатпарлы тарихтың кең көлемді көркем суретінің құпиялары ашылып, О. Бөкеев туындыларындағы рухы биік романтизм, Д. Исабеков повестеріндегі қоғамдағы ащы шындықты ашқан реалистік сипат, Мұқағали, Төлеген, Жұмекен, Қадыр, Тұманбай, Мұх­тар (Шаханов) поэзиясындағы өзіндік ерекшеліктер мен жаңашыл ізденістер тарқатылып, тарамданып жататын. 
Тәлімгердің тәжірибелік сабақтарды жүргізу тәсілі де өзгешелеу болып келетін. Көбіне өзі емес, өзгені сөйлетуге құмар-тын. Өзі тұжырымды ой, кесек пікірін ғана білдіріп отыратын. Дәрісханадағы пікірталастың жандануына себепші де сол кісі еді. Әрқайсымыз алған тапсырмамыз бойынша баяндама жасап, ұстаздың назарына ілігуге тырысушы едік. Кеткен кемшілікке ескертпе айтудан, маңдайдағы көз көргенімен, көкірек көзінен қағаберіс қалып жылтырап жатқан көмескі сырды ашудан, тамсанудан әріге бара алмай, әсершілдіктің әсерінен ой теңізінің бетінде  қалтылдаған қармағымызды тереңге салудың жөн-жобасын көрсетуден ұстаз әсте жалықпайтын. Ғылым жолының ауыр екендігін ескерте отырып, ізденістің жөнін сілтеп, болашақ зерттеулердің бағдарына бағыттап отыратын. Талантты шәкіртіне ризашылығын да жасырмайтын. Үмітін үкілеп, арқаландырып қоятын. Қашанда әдебиет жайлы кемел ой қозғап, келешектің мақсат-міндеттерін межелеп отыратын. Ол кісі Ұстаз бен шәкірт арасындағы көзге көрінбес рухани жақындықтың жібек жібін, міне, осылай жалғайтын. Рахаңның төрт ай жүргізген сабағындағы салиқалы дәрістер сан жылдар ұмытылмастан санамызда жаңғырып, керек сәтінде қажетімізге жарағанының несін жасырайық. Иә, біз ғұламаның болмысына осылайша бойлай бастаған едік. Кейін еңбектеріне қайта қайырылып, қадала оқып, ой теңізінен маржан  тердік... Ендігі сөз ғұламаның ғұмырлық ізденісінің куәсіндей кітаптарынан  ұққанымыз не, ұғынғанымыз қайсысы сол туралы болмақ. Соны таразылап көрелік...  
Рахаңның ғалымдық тұлғасындағы ғұламалыққа тән айрықша бір қасиет –  әдебиетті кезеңдерге бөлмей, түп көтеріп, түгел қарастыратын тұтастық. Өзге ғалымдардай ана кезеңнің, мына әдебиеттің маманымын деп, өз білі­гіне шек қойып, шекара салмастан сөз өнерінің асылдығын дәуіріне қарап емес, ежелден бүгінге жеткен ұлт­тық дәстүрінің үзілмес желісінен таба­тындығы. Ол – әдебиетіміздің өткені мен бүгінін бірдей саралап, болашағына те­рең ой жіберіп, толғақты мәселелеріне нақты жауап тауып,  ұлттық бүтіндік біріктіретін әдебиетіміздің даму үдерісін үзілмес бірлікте қарастыруды мақсат тұтқан білімпаз. Ғұлама ғалымның әр кезде жарық көрген еңбектері мен зерттеу жинақтары тақырып ауқымының кеңдігі, ой тереңдігі, көкейкесті мәселені шегіне жете қарастыруымен қашанда да ғылыми орта мен әдебиет сүйер қауым талабынан шығып отырды. Зерттеу мәнеріндегі көзге айқын шалынар бір ерекшелік қай тақырып болмасын, мейлі ол фольклор мәселесі, мейлі бүгінгі әдеби үдеріс болсын, ең алдымен, басты мәселе жайлы өзіне дейінгі зерттеушілер не айтты, қалай қарастырды дегенді кеңінен толғап алып барып  ғана өз тұрғысынан қосар ойларын сонан-соң ортаға салатындығы. Сөйтіп, бірте-бірте әлгі мәселенің әлі ашылмай жатқан, бұрынғылар байқамай кеткен қырларына көз салып, ой маржанын тереңнен тарта отырып өзіндік ғылыми тұжырымдар жасап, пікір қорытады. Ғалымның ардың ісі деп білетін әдебиет жайлы сөз қозғау, ой толғаудағы жауапкершілігін оның осы қасиетінен-ақ аңаруға болады. Ол – өзгенің еңбегіне деген құрметі мен  өзінің толғамды ой-пікірі, түйінді тұжырымдарының таңғылықтылығы арқылы сөз өнері ғылымына адалдықты ту еткен  турашыл ғалым.
Ғалымның ғылыми ізденісінің басталуы мен жалғасын табуы да қызық. Оның алғашқы еңбектері әдебиет теориясының мәселелеріне арналып, роман жанрының табиғатын тану мен танытуға бағытталды. Кейіннен әдебиет тарихына көбірек көңіл аударып, одан әрі халық ауыз әдебиетіне, фольклорлық дәстүрге бетбұрыс жасап, бірте-бірте туысқан түркі тектес халықтар фольклорын типологиялық тұрғыдан қарастыруға бір жолата ден қойды. Сөйтіп, ұзақ жылдар бойы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының фольклористика бөлімін басқарды. Бүкіл түркі дүниесінде фольклорлық мұраны зерттеудің бірден-бір ұйымдастырушысы бола білді. Әу, баста бүгінгі заман әдебиетін зерттеуге ден қоюына басты себеп әдебиетшілік жолын сыншылықтан бастауы болса керек. 1955-59 жылдар арасында «Қазақ әдебиеті» газетіндегі еңбек жолы оны әдебиттанудың осы саласына алып келген-ді. Сөйтіп сыннан басталған талап талғамға ұласып, танымға жол ашты. Ғылымның қиын асуларынан қиналмай асып, «Әдебиет және өмір», «Қазіргі қазақ прозасынадағы замандас бейнесі», «Қазақ совет әдебиетінің  қалыптасуы», «Замана сазы», «Дәстүр мен тағылым» т.б еңбектерінде сөз болып отырған кезеңдегі әдебиеттің жаңашыл сипатын айқындап, сөз өнеріндегі «сиықсыз» дүниелерді ашып көрсетіп, сыншылдық пен зерттеушіліктің таразы басын теңгерді. 
Ғалым  ғылымдағы тұңғыш қадамы «Қазіргі қазақ романындағы сюжет мәселелері» (1961) атты зерттеуінде қазақ романдарының көркемдік деңгейін зерделесе, «Қазіргі қазақ романының теориялық мәселелері»(1970) тақырыбына жазылған докторлық диссертациясында роман жанры арқылы кезеңге тән көркем әдебиеттің даму заңдылықтарын теориялық тұрғыдан игеріп, әдебиеттің көркемдік құбылыс ретіндегі өнери қасиеттерін ғылыми жүйелеп берді. Рахаңның бұл еңбегі уақыт сұранысына толық жауап берген жоғарғы деңгейдегі ғылыми жетістік деп бағаланды. Кейіннен осынау зерттеулердің ғылыми тұжырымдары талай монографиялық зерттеулерге азық болды. Соның нәтижесінде «Роман және заман», «Қазақ романы», «Қазақ тарихи романы», «Мұхтар шыңы», т.б. еңбектері жарық көрді. Олардағы ғалымдық ізденімпаздықтың желісі үзілмес жүйесі М. Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы десе де болады. Қазақ әдебиетіндегі ұлы шығарманың жазылу тарихы, құрылымдық жүйесі, образдар болмысы, жазушы лабораториясы жан-жақты ашылып, шеберлік қырлары жеткілікті түрде талданды. Сондықтан да, ұлы жазушы игерген көркемдік талаптар кейінгі буынға үлгі меже ретінде ұсынылды. Әдебиетті зерттеу тәсілін мейлінше терең игерген ғалым ретінде ол әр шығармаға ұлттық танымның әдеби-теориялық құндылықтары үрдісінен қарады. Сөйтіп әлемдік әдебиет талаптарына толық жауап бере алатын  І.Есенберлин, Ә. Кекілбаев, Ә.Әлімжанов, М. Мағауин тарихи романдарына жаңашыл көркемдік-эстетикалық таным биігінен көз салды. Осынау жазушылар шығармашылығына 60-жылдардың екінші жартысынан бергі кезеңдегі  қазақ әдебиетінің дамуындағы ұлттық құбылыс ретінде ой жіберіп, тақырыптық, идеялық, көркемдік ізденістерінің сырын ашуға ұмтылыс жасады. Олардағы ортақ үндестіктер мен әр автордың, жеке шығарманың өзіндік ерекшеліктерінің сыр-сипатын, нақты көрсете алды. Аталмыш қаламгерлердің белгілі шығармаларындағы  («Көшпенділер», «Үркер», «Махамбеттің жебесі», «Аласапыран» т.б.) ерекшеліктер белгілі бір шығармаға тән тарихи оқиға мен халық тағдырында ірі міндеттер атқарған тарихи қаһармандар іс әрекетінің әр келкілігінен және әр жазушының тарихи деректі өз туындысына пайдаланудағы жеке дара қабілет-мүмкіндіктеріне байланысты екендігін білгірлікпен айқындап берді. Сол арқылы осы жылдар әдебиетіндегі тарихи шығармаларға тән ортақ сипат ішкі ширыққан көркемдік шындықтан танылар ұлттық болмыс, ұлттық идея, ұлт азаттығы, ұлттық тәуелсіздік ұғымдарының белгі беруі екендігін қиырдан шалып, қисынын тауып жеткізіп, санаға сыналап сіңірді.  Ғалым қашанда қазақ әдебиетін өзге әлемдік әдебиеттен бөліп алып, томаға тұйық жеке дара күйде қарауға қарсы. Ол үнемі қазақ әдебиетіндегі тарихи тақырыптың көтерілу деңгейін өзге ұлттар әдебиетімен салыстырмалы түрде салғастырып, олардағы көркемдік  сабақтастықтардың дәстүрлік негізін ашуға тырысады. Мәселен Әділ Якубовтың «Ұлықбектің қазынасы» атты тарихи романының идеялық бағдары мен сюжеттік өрімінен қаһармандар мінездемесін іздестіруі осының нақты айғағы. 
Ғұлама ғалымның әдебиет зерттеушісі ретінде ұзақ жылдардан бері тер төгіп, көз майын тауыса, ыждақатты түрде сарыла ізденіп зерттеген, іргелі еңбектер жазған саласы фольклористика. Әдебиеттің ұлттық болмысқа жақын бұл саласын ғалым уақыт өткізіңкіреп, кештеу қолға алғанмен, зор ынтамен кірісіп кетіп, ауыз әдебиетін зерттеу методологиясын жаңаша сипатпен байытты. Бүгінде бәріміз атын ауыздан тастамай жүрген Ахмет Байтұрсынұлының  ұсынған теориялық ұстанымның бірі әдебиеттің көркемдік міндеті тұрғысынан желілес бірлігі мен көркемдікке қойылар  талап ауызша және жазбаша деп бөлінбейтіндігі. Олар бірінен-бірі туындап, бірін-бірі толықтырып тұратын бір ұлттың бұрынғы және кейінгі әдебиеті деген ұғымды сөз өнерінің ұлттық болмысынан ерте таныған Рахманқұл Бердібай оның мәнін сол кезде-ақ ішкі түйсікпен сезініп, санасында қорытып, кейін түпкілікті  концепцияға айналған «қазақ әдебиетіндегі ауызша сақталған әдебиет» деген тұжырымды байыта түседі. Ол ауыз әдебиеті дүниелерін тақырып бойынша жіктеуге қарсы шығып, қазақ халық әдебиетін төл  ерек­шеліктіріне сай типологиялық салыс­тырулар мен дәстүрлік негізіне орай, өзіне ғана тән ішкі заңдылықтарға бағынған жүйелеу жобасын жолға қойды. Сөйтіп, өзі басқарып отырған бөлім арқылы фольклорлық дүниелерді жаңаша зерттеу әдістемесін ұсынып, фольклортану ғылымында жаңа бетбұрыс жасады. Бұл тұрғыда Рахаңның тікелей басшылығымен шыққан «Қазақ фольклорының типологиясы», «Қазақ фольклорының тарихилығы», «Қазақтың архаикалық фольклоры». «Қазақ фольклористикасының тарихы» атты ұжымдық еңбектерді атауға болады. Ғалым бұл үрдістен өзі де тыс қалған жоқ.  «Жыршылық дәстүр», «Қазақ эпосы», «Сарқылмас қазына», «Кәусар бұлақ», «Эпос – ел қазынасы», «Эпос  мұраты», «Айтыс әлемі» атты зерттеу еңбектер жа­зып, кейінгілерге үлгі-өнеге шашты. Бір қаламнан туған осыншалық көп салалы еңбек кім-кімге болса да аз көрінбесі хақ. Р. Бердібайдың бұл еңбектеріндегі ізденістер ұлттық фольклортануымыздағы өзі қалыптастырған зерттеу бағытын замана талабына сай жетілдіре түсу міндеттерін нақты қоюымен құнды. 
Рахманқұл Бердібайдың әдебиеттану ғылымындағы тұтас тұлға екендігінің тағы бір айғағы – сонау ХХ ғасырдың 60-жылдарында ғана  сөз бола бастаған ежелгі дәуір әдебиеті атты түркі тектес халықтарға  ортақ жәдігерлерді зерттеуге ерте бастан кіріскендігі. «Ежелгі жазба мұралар» атты көлемі кең, айтары мол бір кітапқа бергісіз кемел зерттеуінде қазақ әдебиетінің арғы бастаулары VІІ-VІІІ ғасырларда жатқандығын алғаш сөз етті. Әл-Фарабидің әдеби мұрасы, Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат-ат Түрік» сөздігі, Яссауидің шығармашылық ғұмырнамасы, Алтын орда-қыпшақ дәуірі жәдігерлері туралы ғылыми болжамдары мен ұсыныстары ежелгі әдебиетті зерт­теудегі жаңа арналарды ашты. Сонымен бірге, ғалымның осы еңбегі кең көлемдегі тың материалдар ұсынып, әрі аса қажетті мәліметтерді жинақтап беруімен де құнды. 
Түбі бір түркі халықтарына қатысты тарихи-әдеби жаңалықтардан  тыс қал­майтын, ұлт руханиятына келгенде еңбек етуден аянбайтын ғалымның зерттеушілік қарымының кеңдігін танытатын тағы бір қыры – жалпы әдеби байланыстардың тарихи негіздері мен бүгінгі күндегі көрініс белгілерін бедерлеп бере алуы.  Мәселен оның «Гүлістанның бұлбұлдары», «Достық кемесінде», «Сарқылмас қазына» сынды көкейтесті мәселелерді түптей көтерген зерттеулерінен бастау алып, «Байқалдан Балқанға дейін», «Жұлдыздар жарығы», «Ел боламыз десек» деген көсемсөздік дүниелерінде жалғасын тапқан халықтар достығына деген ізгілікті ой мен ілімді сөзге ұйытқан еңбектері айрықша атап өтуге тұрарлық. Білімпаз ғалымның түркі тілдес ұлттар мен ұлыстардың тарихи-этникалық және мәдени-рухани байланыстарын шежірешілдік үлгімен тігінен де, кеңістік кеңдігін көлденең-жазығынан да қарастыратын «Байқалдан Балқанға дейін» еңбегінің орны бөлек-ақ. Онда түркі халықтарының түп тамырластығы ғылыми тұрғыдан тұжырымды байыпталады. Ғалым тілі де, тілегі де бір түркі жұрты аталатын алып бәйтеректің отызға жуық тамырлы тармағын саралап, бұрынғы-бүгінгі мәдениетінің ерекше құбылысы арқылы  өркенді болашағын болжай алды. Еңбекте түркі жұртымен тарих тереңінде тамырласып жатқан қазақ халқының ел болу мәселелері де айшықтала көрсетіледі. Рулық сана деңгейінен көтеріліп, ұлттық тұтастық ұғымына қол жеткізу мәселелері алдыңғы қатарға шығарылады. Адамзат тарихына көшпелі мәдениет арқылы өшпес із қалдырған ұлттың өзге түркі жұртымен бірлікті ту көтерген ынтымақтастыққа қол жеткізу мәселелері айқындалады. 
 ХІХ ғасырдағы түркі дүниесінің  озық ойшылы И.Гаспринский көтерген «сөзде де, ойда да, істе де бірлік» мәселесін жаңа заман сұранысына сай жаңғырту тәрізді іргетасы берік тұғырлы  мәселелер түбегейлі сөз болып, жаңаша мән-мағынамен толыса түседі. Ғұламаны толғандырған «Үш бірлік» сынды аса қажетті, «Үш қатер» атты қауіпті жайттардың қаперден кетпеуі, тіл, ұлттық бірлік, діни сенім атты бүгінгі күннің ең бір өзекті мәселелерінің шешімін табар жолын іздеуі – нақты әрекет, көздеген мақсатқа жөн сілтеуі – көрегендік кепілі. Қазақ қоғамына тән осынша мәселелерді жарыққа шығарып, Абайша күңіренген ғұламаның өзекті өртер ащы шындықты айтып, «халқым деп, аһ ұрған», ұлтын сүйген ұлы жүрегінің қайғысы кімді болса да ойлантпай қоймасы хақ. Ұлт қамы  жолындағы тірлігінен кемеңгерлік лебі есіп тұратын ұлағатты санаткердің ұлт санасын оятуға күш салып, ұлттық ұғымын ұран ғып көтерумен бірге, береке басы бірлікті алға шығаруы – ойшылдық нысаны.  Ой толғамының негізгі арқауы – туған елінің жұлдызы жоғары боларының жолдарын іздестіру. Ендігі бір ойға өзек, танымға тірек болар сөз арнасын Рахаңның азаматтық тұлғасына қарай бұрсақ. Оның түп қазығы елім деп еміренген азаматтың әке ұлынан  ұлттың қамын жеген халық ұлы деңгейіне көтерілуді мақсат тұтқан мұраттар биігінде жатыр. Сонау елуінші жылдардың басында Алматы атты бас қаланың тастақ жолына табан тіреп, аяғын имене басқан балаң жігіт бірте-бірте қадамын нықтап, бойын тіктеп, қырағы көзін қиырға сала бас­тады. Әуелгі кезде консерваторияға түссем деген арман жетегіне еріп келіп, кейіннен  даналық өрісін әдебиеттен тапты. 1955 жылдан қайта шыға бастаған «Қазақ әдебиеті» газетінен тұғыр тауып, толғандырған ойларын оқырманға жеткізуге асықты. Осынау газетте 1956 жылы басылған «Ең үлкен мәдени  байлық» атты мақаласы 28 жастағы жігіттің ұлт рухын ұлықтаған азаматтық келбетін бір танытып тастаған-ды. Осы күнге дейін қазақ үшін ең басты  мәселе болып келе жатқан қазақ тілінің «жан қиналысын» айды аспанға шығара «тіл тістеген» заманда айтып-ақ тастады. Бәле басталды да кетті... «Рахметтің» орнына жазаланды, өсудің орнына қызметтен қуылды. Алдыңғы толқын ағалары бірде Мұхтар, бірде Ғабиден жылылық танытып, жанашырлық білдірген соң, өзегін өртеген өксіктен сәл де болса арыл­ды. Жігерлі жастың екпінінен сескенген «Орталық» оны ұлттың рухани көсемі, саңлақ санаткер Ахмет Бай­тұрсынұлының ізбасарына санап «ұлтшылдығы» үшін «ұр тоқпақтың» астына алды. Бұл «көрсоқырлыққа» суарылған «көзсіз» тоқпақтар көкіректі кернеген шерді сыртқа шығарып алған, «үндемеуді» ар санаған албырт жастың арынын басқанмен, сағын сындыра алған жоқ. Іштен тынды, намысын қайрады. Жаны егілгенмен, сағы сынған жоқ. Иілгенмен, құлаған жоқ... Уақытына орай азаматтық іс көрсету –ерлікке пара-пар! Ол осыны мықтап ұқты.
Ұстамдылыққа бой үйреткен жігітті ой өсірді. Сөйте-сөйте шын ғалым, шынайы ойшылға айналды. Ұлтының мұң-мұқтажына ортақтасып,  өркениетке ұмтылуына кедергі келтірер қасиетсіздікке қарсы тұрар қайсарлық табылды бойынан. Ағысқа қарсы  жүзе келе ұлт жанды арыс азаматқа айналды. Уақыт ызғары бет қаратпай тұрса да, батыл сөйлеп, тайсалмай айтудан еш таймады. Кеңестік өкіметтің саясат атты «соқыр балғасы» төбесінен солқылдатып соққан сайын, шыңдала  түсті, тұлғалана берді. Ұлт мүддесі үшін жанпидалық  құрбандық Рахаңды ақыры биікке шығарды. Ел-жұрты алқалап, ақыл-ойдың алыбына балады. Шыққан биіктен өзі де төмендемеуге тырысты. Азаматпын деген адамға сын болған әйгілі желтоқсан оқиғасы кезінде Кисловодскіде дем алып жатқан жерінен Алматыға асыға жетіп, Колбиннің қабылдауына қол жеткізіп, қазақ тағдырына қатысты шешімін күткен көп жайды «таққа» жоғарыдан тағайындалған «тақсырдың» алдында жасқанбай жайып салды. Ұлттың болашағына балаған жас өскін ұрпағына араша түсті. Ол  кезде бұл да ерлік болатын.
Иә, шын асыл жерде қалмайтынның белгісі ретінде ел ардақтаған азаматты үкімет те құрметтеуге мәжбүр болды. Тынымсыз еңбек даңқ тұғырына көтерді. «Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер» (1983), «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» (1992) атақтарын алды, Академик атанды, Ш. Уәлиханов  атындағы, «Түрік дүниесіне қызмет еткені үшін» сыйлықтарының иегері болды, «Парасат» орденімен, «Еңбектегі  ерлігі  үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды. 80 жасқа толуына орай мемлекеттік жоғары марапат «Отан» орденімен марапатталды. Осының бәрі  ғалымның маңдай терімен суарылған ұшан-теңіз еңбегінің жемісі, қайтпас-қайсар мінезінің жеңісі! Қазақстан  Республикасының   тәуелсіз    ел болуына  қалам  қуатымен өлшеусіз  үлес   қосқан  ғалым-қаламгер  егеменді  ел болған  тұстың дос қуанып, дұшпан назаланған заманын бастан өткеріп отыр. Аңсаған арманың алдан шықты деген осы-да! Рахаң кейінгі жылдары ата жұрты  ардақтаған абыз  ақсақалға  айналып,   туған  жері қасиетті  Түркістанға барып тәлімгерлік үлгі шашып, өнеге  көрсетті.  Қазақ  деген  қалың  елі  ұлағатына   ұйыған  данагөйлік  асқарына көтерілді. 
Қазақстан   ғылымына  еңбегі  сіңген  қайраткер, Қазақстан Ұлттық  Ғылым академиясының академигі,  филология   ғылымдарының докторы Рахманқұл Бердібайдың ғұламаға тән болмысын танытатын сан-салалы ғылыми-рухани  азаматтық  еңбектерін көз  алдымызға келтіргенде   мынадай жетістіктер  желісі  тартылар  еді. Ғұламаның ғылыми-зерттеу еңбектері, ғылыми-танымдық  кітаптары, оқулықтар мен  оқу   құралдарының  саны  40-тан  асып  жығылады  екен. Бұл аз  еңбек  емес-ау! 
Ғалымның  зерттеушілік  ізденісінің көрсеткіші – түрлі басылымдарда жарық көрген мыңнан  астам  мақала. 35 жылға  таяу Алматыдағы  ұлт  рухын оятар орда атанған  Халық  университетінің   қоғамдық  негіздегі  ректоры  ретінде   бес  жүзден астам   дәріс  жүргізіпті. Бұлардың әрқайсысы  ұлт руханиятының  мың  батпандық  жүгін арқалаған  құнарлы  сабақтар болып, талайлардың жадында жатталып қалды.  Қазақ әдебиеті  атты  сөз   өнерінің  асыл қазынасын бөліп-жармай, ежелгі   дәуірінен  бүгініне   дейінгі  кезеңдерін   түгелге   жуық  зерттеп,  жүйелеп, сарабдал  ой,  салиқалы  пікір  қорытты. Көшпелі  мәдениеттен   нәр  алған  қазақ өркениетінің айбынды    көрінісі  ауыз  әдебиеті мен   әлемдік   өркениетке  өлшеусіз табыс   болып  қосылған жазба  әдебиетін бөлектеп,  бөлшектемей,  бүтіндік   бірлікте   қарастырып,   дәстүр мен  жаңашылдықтың  сабақтастықтарын саралай  білді. Бүкіл  түркі  өркениетінде өзіндік қолтаңба қалдырды. Тарихи, әдеби, мәдени  бірліктің  негіздерін тарамдап, кеңінен зерттеудің кемел бағыты мен  бағдарын  ұсынды.  Ғұламаның ғылыми  танымына   бүкіл  түрік  әлемі  таңдай   қақты   десек,  артық айтқандық емес. 
Бұлардың қай-қайсысы да өз  ұлтын ұшпаққа шығармақ  «мен» деген азаматқа  ғұмырлық   жүк болғандай   үлкен істер.  Ал6  Рахаң осынау  бейнеті  мол  істен зейнетін тауып,  ар-ожданын  кір  шалдырмай,  азаматтық  тұлғасына   нұқсан  келтірместен абыроймен атқарып шықты. Ұлан-ғайыр еңбегі ұлтының абызына, халқының ғұламасына айналдырды. Бүгінде дүниеден өткенімен Рахманқұл аға мен үшін қашанда алымы асқарды шалған асыл ұстаз, ұлты үшін еткен еңбегі таусылмас қазынаға айналған ғұлама ғалым болып қала береді. 

 

344 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз