• Еркін ой мінбері
  • 15 Тамыз, 2014

Бұл Ер Төстік емес

Мырзан КЕНЖЕБАЙ, журналист

Құдай қазаққа жер байлығын да, тіл байлығын да, қисапсыз рухани байлықты да аямай-ақ берген. Әттең, біз бүгінде соның бәрін, ата-анадан қалған сол қисапсыз қазынаны оңды-солды шашып, менен кейінгілер не болса о болсын, өзім жастық шағымды шайқап қалайын деп шалқақтап жүрген 21 жастағы желөкпе жігіт сияқтымыз. Онымызға анаған да, мынаған да еліктеп қырық құбылған көрсеқызар, әсіреқызылдығымыз қосылып, ұрпағы ертеңгі күні кім болары белгісіз біреулерге айналып баратқанымыз анық көріне бастады. Соның бірі қазақтың халық ертегілерін анимациялау ма деп қалдық. Жақында республика кинотеатрларына кеңінен таратылып, мол ақша түсіріп жатыр деген даңғазаға толы «Ертөстік» мультфильмі дәл осы уайымымыздың бекер еместігін дәлелдей түскендей болды.

Әлде, оның осындай зияны мол екенін аңғармау ма, әлде мол ақша түсіп жатыр деген ұранға үн қоссақ болды деген  тайыздық па, әйтеуір, бұл фильмді кейбір журналистер аспанға асқақтатып мақтай бастады. Рас, олар ара-арасында фильмнің кемшіліктерін де жұқалап қана айтып өткен болады. Дұрысына келсек, бұлар жұқалап, сипақтатып айтатын кемшіліктер емес. «Қазақфильм» киностудиясы «Көшпенділер» деп аталатын не тарихи, не көркем, не аңыз фильм екені түсініксіз «дүниені» шығарғанда да осылай жұқалап, сипақтатып айтып, ақыры қоя салғанбыз. Ақсақал актеріміз Асанәлі Әшімов «О-ой, бұл фильмнің прокаты керемет болайын деп тұр» деген сәуегейлігі әшейін құр сөз болып қалды. Рас, «Жаужүрек мың бала», «Көшпенділерге» қарағанда «аттонды» азамат дерлік болды. Оның да көркем фильм дегенді желеу қып, Сартай батырдың өмірінен, тарихи шындықтан шалғай кеткенін көп ақша түсіргендігімен жаба салдық. Рухани құндылықтан, гөрі материалдық құндылық, ақша мен байлық үстем болып тұрса не шара?! Бірақ...

 


Бірақ, мәселеге төтесінен келер бол­сақ, бұдан былай қазақ ертегілерін «Ер Төстікше» түсіруге дереу, тездетіп тыйым салуымыз керек. «Ер Төстік» атты бұл анимациялық толықметражды фильм туралы баспасөз бетінде  айтылған ескертпелер мен реніштердің бәрі дерлік бір-біріне ұқсас. Демек, соның бәрі негізсіз айтылмаған деуге әбден болады.
«Ер Төстік» қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі ең бір көркем де, көрнекті, мазмұнға өте бай таңғажайып дерлік құнды дүние. Мұндай рухани баға жетпес рухани құндылық әлем халықтарында кездессе де өте сирек кездеседі. Сонау ел қорғаған баһадүрлеріміз де, күміс көмей көсемдеріміз бен билеріміз де, кешелі-бүгінгі ғұлама ғалымдарымыз бен сөз зергері шайырларымыз да «Ер Төстікті», «Керқұла атты Кендебайды», «Алтын сақа», «Күн астындағы Күнікей қызды» және басқа сөз інжуін жастайынан қариялардан естіп, кітаптардан оқып өскендер. Ұлттық рухқа, ұлттық мәдениет, ұлттық салт-сана, ұлттық тәрбие, ерлік пен махаббат көріністері тасып-төгіліп тұрған осынау ғажайып дүниені фильм қып түсіріп, бүгінгі ұрпаққа ұсынбай тұрып, «Қазақфильм» АҚ ауыз әдебиетінің, мәдениеттің білікті ғалымдарымен, ақсақал тарихшылармен, әсіресе, ең бір ұлт жанашыры саналатын қаламгер қауыммен ақылдасуы керек еді. Амал не, қазынадан бөлінген қаржыны қайткенде тезірек игеру бірінші мақсатқа қойылатын осы заман қағидасының зардабы «Ер Төстікке» де тиді.
Тіпті, оның қоюшы режиссері Жәкен Дәненовтың «Ер Төстіктің» бейнесі суретшілер қиялынан туды» деп, көп ойланбай-ақ айта салған сөзінің өзі-ақ фильмді түсіруде оның қазақтың ұлттық фильмі болуы керектігіне ешкім де көп бас ауыртпағанын ап-анық дәлелдеп-ақ тұр. Өйткені, Ер Төстіктің бейнесін ұлттық мәдени, тұрмыстық, салттық дәстүрден хабары аз кез-келген суретші өз қиялымен салуына хұқы жоқ! Бұл–нағыз қылмыс. Өзіңіз қараңызшы, Ер Төстіктің үстіндегі киімі қазақ түгіл бүкіл Азия, бүкіл түркі жұртының үш ұйықтаса түсіне кірмейтін нәрселер. Қазақ ертегілерінің, аңыздарының  сорабымен (желісімен) бірлі-екілі фильмдердегі батырлардың киім үлгісі, осы анимацияның тақиясына тар келмес» еді. Амал не, «Айтақ!»-десе тұра шабатын әдетімізбен Төстікті, батыс Еуропа рыцарьларының ба, әлде, Ескендір патшаның, әлде, крест жарығы заманының көк темір киімінің үлгісімен құрсаулап тастапты. Тіпті, ол Төстіктен гөрі көп жағдайда Вольтердің Айвенгосына ұқсап кеткен. Ал, оның шашын өсіріп, төбесіне түйіп желке тұсындағы жиек шашын бірнеше бұрым қып өріп қоюын ешнәрсемен ақтап, дұрыстығын дәлелдей алмайсыз. Бұл орайда Жәкен Дәненовтың бұрын көшпенділердің батырлары шашын өсіріп, түрлі шаш үлгілерін жасаған деуі құр долбар, алдаусырату немесе солай емес екенін дәлелдеп көрші деп тұрған адамның айта салған сөзі. Оның жауабын суретшілердің қиялы деп алдында өзі-ақ айтып қойғанын режиссер бұл жерде ұмытып тұр. Жалпы, баяғы ертектерді көшпенділер заманы, отырықшылар заманы деп бөлудің өзі онша білікті, онша терең адамның сөзі емес.  Жәкен Дәненов журналистке берген жауабында Ер Төстік көшпенділердің батыры дейді де, бір кезде оған бүгінгі технологияның соңғы жетістіктерін қосуды жөн көрдігі несі? Астында ат, үстіне ортағасырлардың бас кезіндегі темір сауыт киген Төстік пен түйелі Кенжекейдің замандасы перінің қызы Бекторының қолында  ауыл балалары түгіл қаланың көптеген қуаяқтары ұстап көрмеген планшет, айпад сияқты ХХІ ғасыр құралдары қайдан жүр? Сол перінің қызы Бекторыны Жәкен Дәненов Бапы ханның қызы дегені қалай? Бекторы ертекте Бапының емес перінің қызы. Халық ұғымында перінің қыздары әрқашан сұлу келеді. Ендеше, перінің қызы, яғни, перизат Бекторы қолындағы ХХІ ғасырдың құралымен Кенжекейдің сұлулығын өзіне көшіріп алуға тырысатындай басына не күн туып тұр? Бұл айтылғандардың бәріне бірінші жауап: осының бәрі режиссердің де, оның кеңесшілерінің де, суретшілердің де қазақтың ұлттық рухани мұрасынан мол хабарының жоқтығынан дер едік Екіншіден, қазіргі қазақ киноөнеріндегілерде бірыңғай Батысқа еліктеу, соларға ұқсасақ, озық мәдениетті болатын шығармыз деген ой ғана бар. Ал, мұндай ой ұлттық намыстан, ұлттық санадан, ұлттық мақтаныштан не жұрдай, не сол қасиеттері тапшылау, білім-білігі төменқол адамдарда жиі ұшырасатынын көзіміз көріп жүр.
Ал, енді, қоюшы-режиссер Жәкен Дәненовтың кіп-кішкентай көрерменнің «Ер Төстік» қолынан қан ақса, неге құлап қала береді?» деген сұрағына берген жауабының түрін қараңыз: «Ер Төстіктің қаннан қорқатыны батырлығын кемітпейді, ерлігіне кедергі келтірмейді, қайта адам екенін аңғартып тұрады» – дейді («Ұлан» газеті 9-сәуір 2013) ол. О заман да, бұ заман Ер Төстік адам ба, әлде басқа бір мақұлық па деген күмәнді сауал туып па еді? Ау, Ж. Дәненов жаңа ғана Ер Төстікті көшпенділердің батыры  демеп пе еді? Жалпы, сөйлеген сайын осылай өз сөзіне өзі қайшы келетін, сөзінің табан тірер бұдыры жоқ адамға «Қазақфильм» халқымыздың қасиетті рухани қазынасы туралы фильм түсіруді қалай тапсырған десеңізші?!
Бұдан әрі қазбалай берсек, бұл анимациялық фильмнің музыкасына да, мәтіннің тіліне де байланысты көңіл қалдырарлық тұстар жеткілікті-ақ. Оны қоя тұрайық. Біздің айтпағымыз «Ер Төстік» фильмінде қазақтың осы аттас таңғажайып ертегісіндегі ұлттық көріністің ізі де, исі де қалмағаны. «Ер Төстіктей» әлем әде­бие­тіндегі теңдессіз дүниені бүгінге, Батысқа бейімдеймін деп бұлайша тоз-тоз  қылу ұлттық қазынамызға, ұлттық салт-санамызға зор зиян келтірумен бірдей. Біз «Ер Төстік» ертегісін Мәдени Мұрамыз деп білуіміз керек. Біз бұл жерде фильмді дәл ертектегі нұсқасындай қып түсіру керек деп отырған жоқпыз. Тіпті, сөйтсе де артық болмас еді! Дегенмен, мейлі көркем фильм, мейлі анимациялық фильм болсын, біз солардың ешқайсысында өзіміздің ұлттық ерекшелігімізді, ұлттық болмысымызды басты орынға қоюымыз керек екені қаншама айтылып келе жатса да соған құлақ аспайтын ауруға душар болғанымызды айтсаңызшы. Жалпы, Ж. Дәненовтың «Ер Төстікті» бүгінгі анимациялық фильмнің талабына сай түсірдік дегенін қалай түсінесіз? Фильм, оның ішінде анимациялық фильм ешқандай басқа талапқа емес, ұрпақ тәрбиесі, оның ішінде ұлттық тәрбие талабына сәйкес түсірілуі керек. Және оның сценариін де, музыкасын да жастайынан қазақтың ұлттық әдебиеті мен мәдениетінің кәусарынан қанып ішкен, ұлттық санасы жоғары адамдар жазуы керектігін ескерсек екен. Қазір Ресейде шығып жатқан анимациялық фильмдерді қарап отырсаңыз тек орыс рухын, орыс салт-сапасын аспанға асқақтатуға бағышталған айдай анық көрінеді де тұрады. Ал, біздікі тек еліктеу, не екенін өздері де білмейтін «цивилизация»-дан  қалып қоймау. Ал, ондай фильм жасаушылар алдағы уақытта Ер Төстік, Керқұла атты Кендебай, Күнікей қыздарға сөз арасында орысша, ағылшынша сөздерді қыстырғызып, ағылшын мәнерімен ән салдырып қоюы да ықтимал. Иә, бұдан бұрын түсірілген «Алдар Көсе» фильмін көрген балаларымыз Алдар Көсеге де, ондағы аталары мен әжелерінің адамға ұқсамайтын бет-әлпетіне де жирене қарайтын болғанын жасырмайықшы! Егер, бізден басқа мемлекет болса, өзінің негізгі ұлтын осылай көрсететін фильмдерді түсірген, оны экранға шығарған адамдарды түгел сотқа берер еді. Бірақ, «Алдар Көсеге» айтылған сын-ескертпелер айтылды да қалды. Баяғыда «Көшпенділер» де солай болды. Бүгін «Ер Төстікке» айтылған ескертулер де солардың кебін киері сөзсіз. Өйткені, қазір қазақтың өз жоғын жоқтап, өз мұңын мұңдаған сөзі өз елінде желге ұшқан заман болып тұр. Алла ақыры қайырын бергей, бұл істің! Қалай десеңіз де алғашқы толық өлшемді анимациялық фильм «Ер Төстік» қазақтың бүгінгі ұрпағын ұлттық болмысынан алыстатпаса, жақындата түседі дей алмаймыз. Байқауымызша, алдағы уақытта қазақтың халық ер­те­гілерінің желісімен талай мульт­фильмдер түсірілетін сияқты. Енді солар «Ер Төстіктің» кебін кимеу жағын қарастырайық. Ұрпағымыздың ұлттық дүниетанымына кесірімізді тигізбейік. Біздің манадан бері айтпағымыз өнердің ең маңызды саласы деп аталған кино төңірегіндегілер және солардың қара шаңырағы «Қазақфильм» осыны ескерсе екен.

693 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз