• Ұлттану
  • 15 Тамыз, 2014

ӘМІРЕ НЕЛІКТЕН «ҚЫЗ ЖІБЕК» ОПЕРАСЫНА ҚАТЫСТЫРЫЛМАДЫ?

Хасен  Қожа-Ахмет,
композитор, өнертанушы

«Өз елінде ешкімнің пайғамбарлығы мойындалмайды» дегенге саятын кең таралған сөз бар. Оған қазақтың «Қолда өскен бұқаның тайынша аты қалмайды» деген мәтелінің мағынасы сәйкес келетін сияқты. Иә. Тарихта қаншама ғұлама ойшылдар, оқымыстылар, саясатшылар, өнер иелері өз елінде халқынан қолдау таппай, тірісінде бағаланбай өткеніне мысалдар жетіп артылады. Ал, «Өлгеннің жаманы жоқ, тірілердің жаманнан аманы жоқ» деген мақалмен қазақ халқы өз ұлттық болмысын, өз ортасынан шыққан дарын иелерін қалай бағалайтынын дәл білдірген-ау. Әдетте, біреу туралы сөз болғанда қазақтың: «Е-е, анау ма? Әй, соны қойшы!» – деп (егер одан пайда түсіремін деген дәмесі болмаған жағдайда) мұрын шүйіруі, сірә, сүйегіне біткен мінез шығар.


Мұндай мінез, әсіресе, өнер адамдары ортасында жиі кездесетіні туралы түрлі әңгімелер бар. Дегенмен, тірі кезінде-ақ өз еліндегі замандастары мен әріптестері де, шетел зиялы қауымы да дарынын сөзсіз мойындаған адам ретінде – қазақ әнін тұңғыш рет өзге мемлекеттерде шырқап ұлтымызды танытқан, халықтық өнерімізге бөтен жұрттарды да тәнті қылған қазақтың біртуар әншісі Әміре Қашаубайұлын атауға болар. Тегінде, адам өзге халықтың фольклорлық музыкалық шығармасын бір тыңдағаннан түсіне қалуы (әсіресе, ол халықтардың географиялық орналасуына байланысты музыкалық жүйе, әуен иірімдері, поэтикалық шығармаларының құрылысы, сөйлеу тілдеріндегі екпін заңдары тым өзгеше болса) қиын мәселе. Сондықтан, француз Ромен Роллан, Анри Барбюс, орыс зиялылары Луначарский т.б. өз жүрекжарды пікірлерін жалпы қазақ музыкасы жайында емес, тек Әміренің дауысы туралы айтқанын көреміз. Әрине, Европадағы сол кездегі Э.Карузо, Б.Джильи, Ф.Шаляпиндердей дарындарды сан рет тыңдаған әлгі зиялыларды таңқалдыру оңай емес еді. Әйтсе де, Әмірені тыңдағаннан соң оның дауысын, орындау-шылық шеберлігін олар да сөзсіз мойындап «Мен Әміредей әншіні сирек кездестірдім!» (А.Барбюс), «Мен Шығыста әншіні неге бұлбұл құсқа теңейтінін енді түсіндім» (Р.Роллан) деген ғой. Ал, өз еліміздегі белгілі зиялы азаматтардың Әміренің өнері жайында айқан ыстық лебіздері қаншама! Әміренің Париж, Майндағы-Франкфурт, Мәскеу қалаларындағы концерттеріне байланысты А.Жұбанов өзінің «Замана бұлбұлдары» атты кітабында: «Әміренің аты тек Қазақстан емес, бүкіл Одаққа, бүкіл Европаға әйгілі болды. Әміре арқылы қазақтың әншілік өнері мемлекеттік шекараны сонау жиырмасыншы жылдардың ортасында-ақ аттап өтті, орыстың, батыстың ұлы мәдениет қайраткерлерінің ауыздарына түсті. Әміре – қазақтың қалай мақтаса да, қалай мақтанса да бола беретін, сия беретін асқан өнерпазы» – дейді (Алматы,1975 ж, 332-бет). 
Әрине, Әмірені көрген, тыңдаған композитор, әрі өнер зерттеуші ғалым А.Жұбанов әнші туралы тарихи фактіні айтып отыр. Әйтсе де, оның әнші туралы бұл пікіріне, Әміре дауысын естімеген қазіргі жұрт: – «Әміре анау дүниеге кетіп, енді, ешкімге бақталас бола алмайтындықтан, кейіннен жазылған, әдеттегі қазақи мақтау шығар?!» – деуі мүмкін. Осыған орай, мынадай ой келеді. Кейбірде, атақ-даңқы шыққан өнер адамдары өзі оқыған оқу орнының мерейтойына бармай, бәлен ұстаздың шәкірті екенін айтуды ар санап «Өзі болған қыз төркінін танымас»-тың керін келтіретін жағдайларды да кездестіріп жүрміз ғой. Ал, Әміре ешқандай оқу орнында ешкімді оқытпаса да, оны көптеген замандас әншілер ұстаз тұтып, өздерін оның шәкірті санап мақтануы, әдетте бірімен-бірі бәсекеде болатын өнерпаздар мінезіндегі ерекше жай емес пе?! Мысалы, белгілі әнші Жүсіпбек Елебеков: «Әміренің аты маған бала күнімнен таныс та ыстық еді. 1920 жылы атақты әншіні тұңғыш рет өз көзіммен көрдім. Әнін тыңдадым. Содан бастап Әмірені өзіме ұстаз тұтып, одан сабақ алдым. Оның әр жолы шырқау биігі зор, иірімі кең әндерді еркін айта беруі қайран қалдыратын. Әміренің даусы таза, ашық, биік еді. Әлі есімде, ол ашық далада концерт бергенде 7-8 шақырым жерде жүрген малшылар Әміренің даусын естіп, қайта жиналып келіп, қолқалап отырып ән салғызатын» – дейді Әміре күйтабағына 1974 жылы айтқан еске алуында. Ал, 1934 жылы құрылған Қазақстанның Музыкалық театрының директоры, қазақтың тұңғыш операсы «Қыз Жібекте» Төлегенді орындаған Қанабек Байсейітов «Құштар көңіл» атты (Алматы,1977 ж.180-бет) кітабында: «Адамдар, әсіресе, өнер адамдары өз қатарластарын оңайлықпен мойындай қоймайды ғой; бірі мойындаса, бірі қыңырайып, бірауыздан жоғары баға бере салмайды. Ал, Әміре жөнінде ондай «ары тарт-бері тарттар» болған жоқ. Жақсы әншімін дегендер де, орташа әншілер де – бәрі Әмірені ұстаз тұтып, одан бұрын ән салуды әбестік санайтын. Оған әншінің жұмсақ мінезі де біршама себеп болған шығар, бірақ, негізгі себеп – Әміренің теңдессіз әнші екендігі. Ән оның стихиясы еді. Соншалық әндердің ішкі-сыртқы әдеміліктерін келтіріп, мән-мағынасын ап-айқын етіп айтқанда, «мына Әміре мұнша ақылдылықпен қалай айтып отыр өзі?!» деп таңқалуға болатын еді. Әншіде Әміредей, ақында Исадай талант енді туар деп өз басым сене қоймаймын»,– дейді. 
Қазақ театрының көнекөзі Сералы Қожамқұлов 1974 жылы Әміренің фонографтағы дауысы табылып, күйтабаққа шығарда айтқан естелігінде: «Талай әншілерді көп естіп жүрдік, бірақ, тап Әміредей әнді нақыштай, қуаныш, күйінішін жүрекке жеткізе айтатын әншіні кездестірген емеспін. Әміре алғаш рет «Еңлік-Кебектегі» Жапал рөлінде ойнады. Онда ол «Көк көбелек» әнін салатын еді. Спектакль біткен соң жұрт сұ­рап отырып, оған ән салғызатын. Әміре кей әндерді өзі өңдеп, жанынан жаңаша әуен, үн қосып, түрлендіріп жібергенде, сүйсіне тыңдаушы едік. Сол кезде жалпақ елге даңқы кеткен Әмі­ренің мінез-құлқы, кішіпейілдігі, көп­шіл-қарапайымдылығы өз алдына бөлек­ше еді. Әміре бір ренжуді білмейтін, ақ көңіл еді. Әміре жол жүргенде де ойын-сауықтың қызығы, алтын қазығы сияқты көрінетін. Әміре – бәрімізге ұстаз еді» – десе, атақты актер Қапан Бадыров та өзінің «Өткендер мен өткелдер» кітабында (Алматы,1974 ж,183-бет): «Бүгінгі Қазақ Республикасының еңбегі сіңген әртістері мен халық әртістері бастаған тобының және лек-лек өсіп келе жатқан әртістер тобының ағасы болған Әміре Қашаубаев пен Иса Байзақовтың көркемөнерді өркендетудегі зор еңбегін халқымыз ұмытпайды»,– деуінен Әмірені тек қана әншілер емес, театр артистерінің де өздеріне ұстаз санағанын көреміз. Шынында да, алғаш 1925 жылы құрылған Қазақтың Мемлекеттік театрының №1-ші бұйрығымен театр артистігіне ең бірінші болып Әміре Қашаубаев және Иса Байзақов қабылданған. Осы театр өнерпаздарының алғашқы легіндегі жасы үлкені Әміре болған. Иә, Әмірені тыңдау бақытына ие болып, әншінің өнеріне тәнті болған адамдардың жүрекжарды пікірлері көптеген мақалаларда, кітаптарда молынан жазылған. Бұл мақала мақсаты Әміренің әлдеқашан мойындалған әншілігін қайталап дәріптеуден өзге мәселелерге арналатындықтан ол пікірлердің күллісін қайталамай, жоғарыда келтірілген бірнеше мысалмен қазіргі оқырманға Әміренің әншілігінен мағлұмат беруді жеткілікті санадық.
Әміре Қашаубайұлы мен оның туыстарына қатысты әкем Кәрімжан Қожах­метұлының естеліктерін, өз білетінімнің бірқатарын бұрын да жазған едім («Әміре аға» – «Қазақ әдебиеті» газеті, 23.08.1985 ж., «Көне сурет, тың дерек» – «Парасат» журналы, 2002 ж. № 11 ). Бірақ, байқар болсақ, Әміренің өміріне қатысты беймәлім, жұмбақ жайлар әлі де баршылық екен. Мысалы оның 1926 жылы Бакудегі «Түркологтар сиезіне» іссапарға А.Байтұрсынов, Е.Омаров тағы басқалармен бірге жіберілуі, Сібірдегі Иркутск қаласына концертпен баруы туралы әлі зерттеле қоймаған. Тіпті, Әміренің қаза болуы жағдайы да әлі күнге дейін жұмбақ күйде. Жуырда қазақ музыкасында европалық үлгідегі опера, симфония сияқты ірі жанрлардың пайда болуы кезеңі жайында мақала жазу барысында «1934 жылы тұңғыш қазақ операсы «Қыз Жібек» жазылып, қойылымға дайындалған кездері Әміре тірі бола тұра, оның әншілік деңгейінің өзгелерден биіктігі жаппай мойындала тұра, неге оған Төлегеннің немесе Шегенің рөлі берілмеген?» – деген сұрақ ойыма қайта оралды. «Қайта» деу себебім, осынау сауал бұрын, 1970-ші жылдары да туындаған. Бірақ, «Әміре қайғылы жағдайға қонақтан үйіне қайтар жолда ұшыраған екен», «ауруханадан үйіне түнде кетіп қалған екен» деген пікірлерді естігенмін. Сондықтан, ол кездері Әміренің Парижде Мұстафа Шоқаймен кездескені жайын білмегендіктен, әнші туралы естелік жазған кейбір өнер қайраткерлерінің сөз сыңайлары сол жұмбаққа жауап сияқты болғандықтан, оны әрі өрбітуді ыңғайсыз санаған едім. Мысалы, алғашқы қазақ операларын жазған композитор Е.Брусиловский (1905-1981 ж.) өмірінің соңғы бес жылында жазған «Естеліктерінде» («Жалын» журналы, 1994 ж.№1-2,) Әміре туралы: «Ал, сол тенор дауысты әнші қайда? Соның өзі осы екені рас па? Париж бен Страсбургтің сахналарында жарық жұлдыздай жарқ етіп көрінген Әміре Қашаубаев сенің алдыңда тұрған. Көзі қанталап мөлиген, денесіне тер сіңген, даусы қарлыққан, еңсесі пәс адам сол Әміре Қашаубаев па? Цивилизацияға жанаса кеткен Әміре арақ ішуге бой алдырыпты. Бірақ, ол белгісі жоқ, менің бөлмеме келіп тұр, тұла бойынан арақ исі аңқиды. Әлі де болса маған бірдеңені дәлелдемек болады. Рояльға сүйеніп алып, сол баяғыша «Ардақты» шырқамақшы. Бірақ, алғашқы «әу» дегеннен-ақ даусы жетпей, сүрінеді. Оған қарамастан «Ардақ» деп ышқынады. Ентіккен демін алмастырып, әрі қарай созбақ болады. «Сен ақ қоян» деп даусы барлыға күбірлеп кетеді де, көзіне жас іркіледі.Көпе-көрнеу жылап тұр. Бірақ, бұл мастықтың әсерінен төгілген көз жасы емес еді. Есектің күші адал, еті арам. Қазір даусынан айрылған шағында оның кездесіп, бас қосар адамы да шамалы, оған көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ, өзінің жалғызсырап қалғанына, елеусіз қалғанына қатты қамығады ол»... – деген жолдар бар. Брусиловский «Естеліктерін» архивтен алып, журналға жариялатушы Сапар Байжанов: «Әлбетте «Естеліктерде» қайсыбір оқиғалар мен адамдардың іс-әрекетін бағалауда даулы, тіпті жаңсақ қорытындылар да болуы әбден мүмкін» – дей тұра, оны қазақшаға аударғанда «мөлиген» т.с.с. қышқыл сөздермен неге қоюлатқаны түсініксіз! (Оданша, Брусиловский «Естеліктерінің» орысша түпнұсқасының өзін жариялатқаны жөн еді.) 
Ал, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында Төлегенді орындаған Қанабек Байсейітов те жоғарыда аталған кітабының 180-беттегі Әміре туралы естелігінің жалғасында: «Әміре десе, оның жолынан қай қазақ дүниесін аяп қалушы еді? Ең сараңының өзі әйтеуір бір сый көрсетіп қалуға тырысатын. Жалпы, халық оған сый көрсетуге таласатын, алғы-сын білдіруге асығатын. Аса жақсы көретіндігімізді аспен білдіріп әдеттенген елміз, Әміреге де сөйтетін: бірі қымызын, бірі арағын аямайтын. Ал, сыйлып тұрған жұрттың меселін қайтару Әміренің де әдеті емес-тін, соның арты барып кейде ауырлау жағдайларға соғушы еді. Одан ерте айырылып қалғандығымызға өзіміз де кінәліміз бе, кім біледі» – дейді. Әрине, мұндай «естеліктерді» оқыған жұрт «Әміре ішкілікке салынып даусынан мүлде айрылғандықтан «Қыз Жібек» операсына қатыстырылмаған екен» - деген қорытынды шығарары түсінікті. Тек Брусиловский оның «ішкілікке салынуы» себебін дала қазағының батыс цивилизациясына жанасуынан көрсе, ал, Қ.Байсейітов мұны халықтың Әмірені тым қатты сыйлауынан көреді.
1888 жылы туылып, Абыралы-Дегелең өңірінен Семей қаласына 1900 жылы келген Әміре қала «цивилизациясымен» 12 жасынан бастап-ақ таныс болған. 1918 жылы жасы отызға келген Ол Кеңес үкіметі орнамастан бұрын-ақ әйгілі әнші ретінде аты шыққан ғой. Әншінің жерлесі, жазушы Сапарғали Бегалин естелігінде: « Мен Семейде Әміремен танысқан кезімде, ол аты әйгілі әнші еді. Ол кезде ар жақ, бер жақ атанатын Семей қаласының той-думаны, арал серуені Әміресіз өтпейтін. Әміренің сол кездегі өте мәнеріне келтіре айтатын әндері «Үш дос», «Ағаш аяқ», «Бесқарагер» болатын. Мен Әміренің осы әндерді айтқанын 1913 жылы аралдағы бас қосудағы бір мәжілісте тыңдап сүйсінген едім. Әміренің сондағы үні әлі күнге құлағымда күмбірлеп тұрғандай» – дейді. Сәбит Мұқанов та: «Әміренің әншілігіне жүрген жерінің бәрі қызығып, ойын-тойына таласып шақырады. Біраздан кейін Әміренің атағы зорайып, маңайдағы қала-дала қолдан қолға түсірмейді. Абайдың өлуіне он жыл толуына байланысты, 1914 жылы Семей қаласындағы қазақ интеллигенциясы әдебиет кешін жасағанда Әміре ән айтып, жиынды таң қалдырады да, атағы көтеріледі» – дейді «Өмір мектебі» атты кітабында. Семейден өзге де орыс қалаларын аралаған Әміренің, қажет етер болса, ондай «цивилизациямен» Батыс Европаға бармастан әлдеқайда бұрын танысуына мүмкіндігі болды емес пе?! Мысалы, 1925 жылы А.Затаевич Әміремен Орынбор қаласында танысып, содан Қызылордада (ел астанасы) өтетін Қазақстан Советтерінің V сиезіне екеуі де делегат болып пойыз­бен бірге келген екен. Ендеше, арағы Париж­ден де мол орыс қалаларында талай той-думандардағы қошеметтерден жас, жігіт кездерінде бұзылмаған Әміре не­ғып ұлғайған, 45-46 жасында ішкілікке салынбақ?! (Қазақтың талай азаматтары ХІХ-ғасырдан Петербор, Мәскеу т.б. европалық қалаларға барып, оқу оқып «цивилизацияға жанасқаннан» арақ ішіп кетпеген ғой!). Негізінде, мұндай жағдайға ұшырау қошеметке дандайсу, «семіргенді көтере алмаудан» болады емес пе? Әміреден көптеген әнді нотаға түсіріп, бірге жүрген А.Затаевич оның мінезі туралы «аса қарапайым жан» деп жазса, ал, Әміре 1925 жылдың маусымында Мәскеудің Үлкен театрында концертке қатысып, шілдеде Париждегі Дүниежүзілік этнографиялық фестивальда ән шырқап жүлдемен оралғаннан кейін де мінезінің еш өзгермегенін Қалибек Қуанышбаевтың 1925 жылы желтоқсан айында әншімен алғаш кездескені жайлы естелігінен байқаймыз: «Қызылордаға келісімен Әміренің үйін іздедім. Біреуден біреу нұсқап, көрсетіп, әйтеуір таптым-ау. Келген бетімде есігін қағып едім, қысқа маңдай, үлкен ауыз, шашын тап-таза қып қырған, кіршіксіз таза киінген, тығынын алған шақшадай таңқиған, жап-жас түрі сарылау, бір инабатты жігіт есік ашты. Маған жақсылап тұрып сәлем берді. Түлкі тымақты шалқайта киіп, қара шапанды желбегей салып, ойда-жоқта есігінің алдында тұрған мені өзінен бес-алты жас кіші деп ойламаған сияқты. Амандасқаннан кейін: «Әміренің үйі осы ма?» – деп сұрадым. «Осы» дегесін үйге кіріп шешініп, жуынып жатқанымда, Әміренің өзі орамалды ұстап, күтіп тұрды. Жайланып болып, шайға отырғанымда, әйелімен амандасып, аз кідіріп: «Әміре ағай қайда?»-дедім. Ерлі-зайыпты екеуі біріне-бірі қарап күлді. Сол сәтте Иса (Байзақов) кіріп келді. Ол екеуміз бұрын­нан таныс болатынбыз. Аржағын Иса «жөндеп әкетті» – дейді. Тағы бір естелігінде Қ.Қуанышбаев: «Әміренің адамгершілігі аса зор еді. Барынша адал жүректі еді. Қаннен-қаперсіз, қалай болса солай жүретін. Дүние үшін қабақ шытып, бір тарықпайтын. Қоң етін кесіп беретін жомарт еді. «Біздің Әміре Атымтай-жомарт қой» деп күлуші едік. Кейде бір нәрсеге үлкен ерні томпайып, балаша өкпелейтін. «Ой, сорлы Қашаубайдың баласы-ай!» – деп, бір саусағыңды шошайтып қытықтасаң, күліп, ол өкпесін әп-сәтте ұмытып кететін»...– дейді. 
Яғни, Әміренің өз даңқына мастанып, мадақты көтере алмай «бұзылуы» көңілге қонбаса, оны масаң кезінде кездестіріп, «Ардақ» әнін айта алмады екен деп әншіні даусынан мүлде айырылған деу де сенімсіз. Өйткені, аспаппен тексеріп, өз дауысына сәйкес тональдықты тауып алмай бастап кетсе, «Ардақ» сияқты бірден жоғары дыбыстан басталатын әнді «сау әнші» де айта алмай қалады емес пе?! Мұны, композитор ретінде Брусиловский біле тұра, неліктен олай жазғаны түсініксіз. Ал, «ішпейтін» әншіні өз басым кездестірмеппін. Бірақ, олар бүгін ішсе, ертесіне қайтадан әнін айтып жүрмеуші ме еді?! Тек қана әнші я басқа өнер адамы ғана емес, не бір мамандығы бар жұмысшылар, қызметкерлер де ішеді, ертесіне қызметіне барады ғой?!.
Әміренің даусынан айрылмағанына дәлелді дәл осы «Естелігінде» Бруси­лов­скийдің өзі де айтады: «Мен Шегеге (операдағы кейіпкер.- Х.Қ-А ) арнап, Әміреден оның айыққан сәттерінде бірнеше ән жазып алдым. Олардың ішінде «Көбелек» («Көк көбелек» болар!-Х.Қ-А) және «Жапалақ» дейтін екі ән Шегенің партиясына тұрақты енді» – десе, тағы осы «Естеліктерінде»: «Қазақтың талантты жазушысы Сәбит Мұқанов, турасын айту керек, пәлендей музыкалық дарынды кісі деуге келмейді, сонда да болса ол халықтың бірнеше әнін орындап, әннің ең дәл нұсқасы осы деуі мүмкін, әйтсе де, одан гөрі әйгілі қазақ әншісі, халық әндерінің білгірі Әміре Қашаубаев айтқан нұсқаға жүгінген мақұл. Ересен музыкалық дарынды, кең диапазонды әнші өзінің вокалдық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, халық әндерін еркін, кең көсіле, асқақтата шырқайтын еді. Айталық, Сәбит Мұқанов әнді орындағанда өзінің от басынан ұзай қоймайтын даусына икемдеп, өзі де байқамай, әнді тым келте қайырып, қарабайырландырып жіберетін болса, Әміре Қашаубаевтың әні айнала төңіректегі он шақырымдай жерге жетіп жатушы еді».., – дейді! Ендеше, Брусиловский «Естелігінің» қай тұсы ақиқат?! Егер, Брусиловский Әмірені көп жылдан бері білетін адам болса «Бұл пікірін Әмірені даусы жойылмаған кезінде тыңдап, жазған ғой» дер едік. Бірақ, Брусиловский Қазақстанға тек 1933 жылдың жазына қарай келіп, Әміре қаза боларға шейін оны бар-жоғы бір жыл ғана көрген ғой. Тіпті, ол Әміре даусын Қазақстанға келе сала 1933 жылы естіген десек, келесі,1934 жылы әнші «Қыз Жібек» операсына қатысуға жарамастай болып, даусынан айрылғаны ма?! Қ.Байсейітов кітабында (100-бет): «Әлі опера дайын емес, бірақ, ойнайтын артистер дайынбыз, мен Төлеген екенімді, Күләш Жібек болатынын, Құрманбек Бекежан болатынын біліп алғамыз, сондықтан, ән таңдағанда өз дауысымызға лайық жағын да ұмытпаймыз. Брусиловский Әміреден төрт-бес ән алды, тіпті, «Затаевичтің жинағында бар әндердің де бір-екеуінің айтылуы өзгешелеу екен» деп қайта жазды. «Қос барабан», «Аққұм», «Көк көбелек», «Жиырма бес» тағы бірер әндер сол Әміренің айтуынан алынған»-деуіне қарағанда, Әмірені «Қыз Жібекке» қатыстырмау опера жазу басталмастан бұрын-ақ шешіліп қойылғанын, бірақ, оның операның жазылуына белсене көмектескенін, дауысы еш жойылмағанын, операға қажет бірнеше әнді Брусиловскийге орындап беріп, нотаға жаздырғанын айқын біле аламыз. Дәл осы «Қыз Жібек» операсының репетициясы жүріп жатқан (премьерасына бір жарым айдай мезгіл қалған) кездегі болған мынадай жағдайды А.Жұбановтың Әміре туралы мақаласынан келтірелік: «1934 жылдың сентябрь айында Қазақстан Халық ағарту Комиссариатының үйінде көптеген өнерпаздар бас қосқан үлкен мәжіліс болды. Оған әншілерден: Әміре Қашаубаев, Темірболат Арғынбаев, Қуан Лекеров, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Биби Сәрсенбаева тағы басқалары келді. Мәжіліс алдағы 1935 жылда Алматыға келетін граммафон пластинкаларына ән-күй түсіретін бригаданың жұмысына дайындық, музыкалық номерлерді, орындаушыларды саралап алудың басына арналған болатын.
Әнді сазбен, асықпай, қоңырлатып айтатын, баритон дауысты Темірболат, салған жерден қырандай аспандап, шырқап кететін Қуан, әр нотасынан сахараның кең тынысы сахнаға ере келіп тұрған Манарбек, әнді еркелетіп, уілдетіп, лебізімен жыланды іннен шығаратын Жүсіпбек, даусының жоғарысы әйелдің сопраносының «бақшасына кіріп кететін» Ғарифолла, жүрекке жылы тиетін, жұмсақ меццо-сопрано Биби – бәрі де, бәйгеге түсетін болғансын, бірінен бірі оздырамын деп, бар шеберліктерін салып, не бір сүбелі әндерді комиссияның алдына табақтай тартып жатыр. Октябрьдің арқасында еркіндік алған елдің ән шеберлерінің дауыстары да еркіндеп, сонау Алатаудың басынан асып кеткендей болып жатыр. 
Ең артынан бір бұрышта бүкшиіп қана, жұпыны киімде отырған Әміре басын көтерді. Аздап сырқаттанып жүрген кезі болатын. Сондықтан, біреулер оны келмес деп, енді, біреулер келгенімен жәй басқаларды тыңдап, ән айта қоймас деп отырған. Бірінші қараған кісіге сырт түрі қораш көрінетін шын жүйріктей, айқай шыққаннан кейін Әміре лезде басын көтеріп, бет-аузына жаңа бір өң еніп, қысқа мойынды, өзінен басқа кісі құлақ күйін түсіріп тарта алмайтын қара домбырасын дыбысын қатты шығармай бір-екі тықылдатып бұрады да, әншейіндегі мойны жуандап, алқымы кебіңкіреп, екі ұрты бір томпайып, бір қусырылып, алдыңғы отырысынан тікейіңкіреп алды да айқайға басты. «Ағашаяқ», «Үш дос», «Екі жирен», алдында Манарбек айтқан «Смет» тағы басқа әндер кетті. 7-8 әнді бірінің артынан бірін тастап жібергенде, отырғандар біріне бірі қарап, бір сәт пауза болды. Алдыңғы әншілер де бастарын шұлғып: «О, сорлы-ай, сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпеген екен ғой» десіп, рахаттанғандықтарын білдірді. Әміренің әні Наркомпростың аласа төбелі кабинетін көтеріп тастай жаздады. «Әміренің дауысы қалды, енді бізбен таласа алмайды» деп, әншілердің кейбіріне тән әңгүдіктеніп, барын ортаға салып: «қырдым» деп отырғандар, бүгінгі Әміренің әніне тең келе алмағандарын сезсе де, сыр бермегенсіп, жасанды күлкіге салып, басқалармен бірге мақтау хорына қосылып жатты. Өзінің адресіне деген осындай өсектің барын білетін Әміре, соңғы әнінің аяғында маңдайдан аққан терімен бірге, жұртқа білдірмей ғана көзінен шыққан ызалы жастың моншақ тамшыларын да сүртті де, ар жағындағы оқиғаның не болатындығында жұмысы болмай, кабинеттен жылдам басып шығып кетті. Әміренің бұдан кейін сахнада ән салмағанын көрген біздер үшін осы бір күн халқы сүйген, қазақтың ән абыройын Сена мен Майн (Франция мен Германиядағы өзендер. Х.Қ-А.) өзендерінің ағысымен жалғастырып дүниеге әйгі еткен, өзіне тиісті құрметті өнер атақтарын ұсақ өтірік-өсек үшін ала алмай кеткен ардақты әншісінің «бой жасағаны» сияқты болып көрінді» – дейді А.Жұбанов («Замана бұлбұлдары» кітабы, 346-347-беттер). Мақаласының соңында ол Әмірені 1933 жылдың күзінде жеке кездесіп тыңдағанын айтып: «Мен онда да Әміренің дауысынан тоқырауды таппадым» – деп, оның әншілігіне ұзақ тоқталып, аса жоғары баға береді де, Әміренің «әсіресе, басқада жоқ, өз алдына бір музыкалық «әңгіме» болып жататын домбырадағы сүйемелі» туралы, қазір де еш зерттелмеген ерекше мәселені қозғап өтеді. Әміре туралы көптеген зерттеулер жасап, жүздеген адамдардан деректер жинап, төрт кітап шығарған өнер зерттеуші Жарқын Шәкерім де «Әміренің дауысы өмірінің соңына дейін еш жойылмаған» деген қорытынды жасап: «Оның көз жұмғанға дейінгі бар қызығы да, қуанышы да саф алтындай мұқалмаған дауысы, айтқан әндері болды» – дейді «Әміре Қашаубаев» атты кітабында (Алматы, «Арда»,2006 ж.,157-бет).
Кеңес үкіметі кезінде жарық көрген мақала, кітаптардың өзінен-ақ, Әміре өмірінің соңғы кезеңі жайында екі түрлі «естеліктерді» кездестіруге болатын. Байқасақ өзге адамдардың пікірлері бір жақ та, «Қыз Жібек» операсының авторы Е.Брусиловский мен опера премьерасы кезінде Музыкалық театр директоры болған Қ.Байсейітов қана «сол жылдары Әміренің дауысы кеткен, өзі ішкілікке салынған» деген пікір айтады.Тұңғыш қазақ операсының қойылуы тарихи маңызды оқиға, ол туралы талай мақалалар жазылып, зерттеулер жүргізіледі, күндердің-күні «Қазақтың бірінші операсына, бірінші әншісі Әміре неге қатыстырылмаған?!» деген сауал туары хақ. Сондықтан, тұңғыш опера мәселесіне тікелей жауапты екі адамның Әміре туралы әлгіндей «естеліктері» ондай сауалға алдын ала жауабын дайын етіп қою үшін арнайы тапсырыспен істелінген жұмысқа ұқсайды. Ендеше, кейіннен есімдері елге танылған осы өнер қайраткерлерін мәселені басқаша айтуға итермелеген кімдер? Музыкалық спектакльдер мен операға ән дүлдүлі Әмірені шақырмай, өзі «Құштар көңіл» кітабында жазғандай, әнші болуға ықыласы жоқ Қанабек Байсейітовті қолқалуға нарком Темірбек Жүргеновті мәжбүр еткен не?! Бұл жұмбақтың сы­ры тек соңғы жылдары, Әміренің 1925 жылы Парижде қазақ ұлтшылы Мұстафа Шоқаймен кездескені, сол үшін әншіні өмірінің соңына дейін тоталитарлық Кеңес үкіметі мекемелері қудалауға ұшыратқаны туралы деректер ашылғанда ғана түсінікті болды. Бұл туралы Жарқын Шәкерімов: «Ұлт театрының шаңырағын бірге көтеріскен Социалистік Еңбек Ері, халық әртісі Сералы Қожамқұлов 1974 жылы маған айтқан естелігінде: «Бүкіл халық қошеметіне бөленіп, атағы жер жүзіне кеткен Әміре Парижден өте көңілді де шатты оралды. Арада бір-екі ай өтпей жатып бір күні бет әлпеті көгерген, көзі ісінген күйі жұмысқа келді. Не болғанын сұрадық. Ол «сұрамаңдар, мен айтпаймын» деді. Оның осы көрінісі арасына айлар салып, қайталанып жүрді. 1929 жылы ұлт театры Алматыға көшті. Мұнда келген соң да Әміреде сол күй үзілген жоқ.Ұмытпасам, 1931 жылдың көктемі еді. Бір ойын-сауықтан соң Иса, Әміре үшеуміз айлы түннің аспанында үйді-үйімізге бірге тарастық. Сонда, Әміре: «Мына пәлелердің менде не ақысы бар екенін білмеймін, түн жамылғысында қара киінген екеу үйден әкетіп, таң сәріге дейін ұстап қоя береді. Сондағы сұрайтыны «Мұстапа не деді?» дейді. «Айтқан әнімді тыңдап, көзіне жас алып елге сағынышын білдіргеннен басқа естіген ештеңем жоқ» десем, сенбейді. Сенген былай тұрсын, бірі ұстап тұрып, екіншісі қол жұмсап, көгала қойдай етеді» деп көзіне жас алып, қиналып жүргенін жайып салды. Бәрінен де сорақысы «осынымызды бір адамға айтушы болсаң, отбасыңа зияны тиеді» деп әбден қорқытатынын айтып еңкілдегені естен кетер ме. Қайран Әміренің сол сөзі әлі құлағымда» деген еді. Осыны Серағаң «ішіңде жүрсін» дегендей құлағыма сыбырлаған болатын. Ол кезде бұл туралы айту, жазу мүмкін емес-ті. Енді ойласам, Әміре жайлы шындық кейінгілер есінде жүрсін дегені екен» – дейді Жарқын «Әміре Қашаубайұлы» кітабында (82-бет). Жарқын осы сырды ішінде берік сақтағаны рас. Ол екеуміз 1970 жылдан таныс болып, менің Әміренің туысы екенімді білсе де, Қазақ теледидарында бір бөлімде істеп, 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне бірге қатыссақ та, маған айтпаған еді. Сірә, бұл деректі жария етіп жібереді деп ойлаған болар. Шынында да, ол жылдары мен отаршыл үкіметтің саясатын әшкерелеп мақалалар жазып, астыртын таратып жүргендіктен Әміре мен Мұстафа туралы деректі де пайдаланар едім. Бірақ қолда нақты архивтік дәлел болмағандықтан бұл да «үкіметке қасақана жала жабу» болып есептелер еді. Ал, тәуелсіздік жарияланғаннан кейін, кеше отаршылдарға құрақ ұшып қызмет қылып, ұрты майдан арылмағандардың өзін «Кеңес үкіметінен теперіш көрген, жатса-тұрса тәуелсіздікті аңсаған еді» деп бұқаралық ақпарат құралдарынан түсірмеу үрдіске айналды ғой. Сондықтан, көзіммен көрмесем, құлаққа сенбейтін әдетпен, Жарқын С.Қожамқұлов айтқанын 1998 жылы «Абай» журналында баян еткенімен, Әмірені саяси қудаланғандар қатарына қосуға асықпаған едім. Енді, Әмірені Мұстафамен кездескені үшін үкімет 1925 жылы Парижден оралғаннан бастаған аңду, қудалауын оны 1934 жылы қазаға ұшыратқанша тоқтатпағанына ГПУ архивінен нақты құжаттар табылып отыр. 2007 жылдың сәуір айында қолыма түскен құжаттың бірі – ОГПУ тергеушісінің сұрағына Елдос Омаровтың: «В феврале 1926 года я, Омаров, был командирован КазНаркомпросом в качестве представителя от Казахстана на Тюркологический съезд в Баку. Одновременно со мной были командированы Сулеев Билал, Байсеитов Газиз и Байтурсунов Ахмет. Ездил по персональному приглашению и Амре Кашаубаев, как казахский национальный певец.В пути следования в Баку Кашаубаев рассказывал о поездке его в Париж, кажеться, летом 1925 г. на Художественную выставку. По словам Кашаубаева, в Париже он встречался казахским эмигрантом Мустафа Чокаевым. При присутствии Байтурсунова, Сулеева, Байсеитова Кашаубаев сказал, что Чокаев разыскав его, водил к себе на квартиру. Жил Чокаев хорошо, говорил, что скучает о Казахстане» – деген 16.10.1927 жылы берген жауабының хаттамасы. Екіншісі, ОГПУ тергеушісінің сұрағына Ахмет Байтұрсынұлының: «Относительно Чокаева я знаю, только, что он находился в Париже. Кажеться в 1924 году на Выставку произведеий искусства ездил казахский певец Амре Кашаубаев, который по возвращении оттуда рассказывал, что видел Чокаева. При каких условиях он рассказывал мне об этом, не помню» – деген жауабының 18.06.1929 жылы толтырылған хаттамасы. Әміре арқылы Мұстафаның елге сәлем айтқанын сылтау етіп, 1920-шы жылдардың соңында Кеңес үкіметі қазақ зиялыларын репрессиялауға ұйғарғандықтан дәл осындай сауалдар мен жауаптар (Әміре мен Мұстафаға байланысты) сол жылдары тергеуге алынған М.Дулатовтың, өзге де азаматтардың «Қылмыстық іс» томдарында болуы мүмкін...
Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік ко­ми­теті архивінен осы екі құжат табыл­ғаннан кейін Әміренің 1925-1934 жылдар аралығындағы өміріне байланысты көкейдегі сан сауал шешімін тапқандай болып, осы мақаланы жазуды бастағанымда Жарқын Шәкерім өзінің жаңа шыққан «Әміре Қашаубайұлы» деген кітабын маған сыйлады. Ол кітаптың 83-88 беттерінде ҰҚК-нің зейнеттегі полковнигі Әмірхан Бәкірұлының осы мекеме архивіндегі құжаттар негізінде жазған, «Егемен Қазақстан» газетінің 28.04.2004 ж., 27.04.2005 ж. сандарында жарық көрген мақалаларының Әміреге қатысты тұстарын келтіріпті. Онда мынадай құжаттар бар екен: 
Шұғыл ақпарат 
Ұлттық қазақ әншісі Әміре Қашаубаев Парижден келіп, губерниялық «Қазақ тілі» газетінің редакциясына кіріп, Париж сапары туралы айтып берді. Сонда эмигрант Шоқаевты (көрнекті алшордашы) көргенін айтты. Соңғысы, Қашаубаев сөзіне қарағанда, Қырғызстан (Қазақстан - Ә.Б.) өміріне қатысты қызығып, ол жайлы жан-жақты сұрастырған. Сөзінің арасында оған (Шоқаевқа) біздің Тұрақты уәкіл Красиннің КСРО-ға оралуға ұсыныс жасағанын, бірақ өзінің репрессиядан қорқып, бас тартқанын айтқан. 
Қашаубаевта Шоқаевтың фотосуреті бар. Қашаубаев әкелген театр газеті Шоқаев­тың аудармасы туралы рецензия жариялапты.
Әңгімеге қатысушылардың бірі Шо­қаев жайында білуге қатты құмартып, Қашаубаевқа оның іс-әрекеттері мен көзқарастары хақында сұрақтар қой­ған. Қашаубаев жауаптан жалтарып, шын мәнінде онымен бұлар туралы әңгімелескен жоқпын, сондықтан біл­меймін деген...» 
№2 Меморандум 
Эмигрант Мұстафа Шоқаевты арнайы талдау.
1925 жылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша. 
Тамыз айындағы №1 Меморандумға қосымша, Семей губерниялық органының агентуралық мәліметтері бойынша, әнші Әміре Қашаубаев Семейдегі («Қазақ тілі») газетінің редакциясына кіріп, ре­дак­цияның хатшысы Смағұловқа, қызметкері Дөнентаевқа және басқаларға өзі­нің Парижге барған сапары және онда көрнекті эмигрант Мұстафа Шоқаев­пен кездескені туралы айтқан...(Бұ­­дан әрі жоғарыда келтірілген Шұғыл ақ­параттағы мәліметтер келтіріледі -Ә.Б.). Қозыбағаров пен Белгібаевтардың сол мәліметтері бойынша, Парижден оралған Қашаубаев онда Мұстафа Шоқаевты көргенін айтқан. Соңғысы жуырда Берлиннен келген. Қазіргі таңда түрлі баспасөз органдарында қызмет істейді. Отанға оралуға үлкен ықыласы бар, бірақ қуғын-сүргіннен қауіптенеді. Қашаубаев Белгібаевқа Шоқаев пен өзінің Парижде түскен суретін көрсеткен... 
ОГПУ бастығы Каширинге арыз. 
«Бүгін, яғни, 1927 ж. 14 мамыр күні сіздің уәкілдеріңіз біздің (Әміренің –Х.Қ-А.) үйге тінту жүргізді. Тінту кезінде Иса Байзақовтың екі поэмасы (өлеңдері) алынды. Неге алғаны бізге мүлде белгісіз. Осы баяндалған жағдайға байланысты тінту кезінде алынған поэмаларды қайтару жөнінде нұсқау беруіңізді сұраймыз және не себепті тінту жүргізілгенін хабардар етсеңіздер. 
Қол қойғандар: Байзақов пен Қашау­баев.» 
Әміре Қашаубаевтың ОГПУ мекеме­сінде тергеушілерге 
1927 ж. 6-маусым күні берген жауабы­ның хаттамасы (үзінді). 
« ...1925 жылы маусым немесе шілде айының бірінде мен барлық ұлттық рес­публикалардан жиналған 14 актермен бірге Парижге бардым. Барған бойда «Дария» отеліне орналастым. Екінші күні қонақ үйге Мұстафа Шоқай келіп, менімен әңгімелесті. Ол Қазақстанда болып жатқан жағдайларды сұрады. Арасында: «Үкімет басында кімдер тұр? Қазақтар бар ма?» деген сауалдар да қойды. Мен «бар» деп жауап бердім. Бірақ, олардың кімдер екенін айтқаным жоқ, ол да менен сұраған жоқ. Сонан соң, ол менің білімімді сұрады. Мен оған «ешқандай білімім жоқ» дедім. Әңгіме үстінде ол Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың хал-жағдайларын және немен айналысып жүргендерін сұрады. Мен: «Байтұрсынов Қызылордада мұғалім, ал, Дулатов әдебиетпен айналысып жүр» дедім. Мұстафа өзінің Сұлутөбеде туып-өскенін және сол жердегі туыстарынан хат алып тұратынын, сондай-ақ Кеңес Одағына барғысы келетінін айтты. Кеңес Одағының елшісі Красин оған елге қайтуды ұсынған екен. Бірақ, ол жолға көп қаражат керек екендігін және өзіне қауіпті болатынын ескертті. Тағы бір жолы Мұстафа Шоқаев мейманханаға келіп, актерлердің бәрін ресторанға қонаққа шақырды. Бірақ, актерлер әр түрлі себептерді сылтау етіп, ресторанға тек мен ғана бардым. Ресторанға барған соң ол екі саптаяқ сыра сатып алды. Екеуміз небәрі он бес минуттай бірге болып тарадық. Кетерінде ол Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовқа сәлем айта бар деп өтініш білдірді. Сөйтіп, өз қолымен менің қойын кітапшама олардың аты-жөндерін қазақшалап жазып берді.
Парижден Қызылордаға келген соң мен Дулатов пен Байтұрсыновқа бірнеше рет жолықтым. Оларға Мұстафа Шоқаевтың жолдаған сәлемін жеткіздім. Екеуі де оның шетелдегі хал-жағдайын, өмір сү­руге қаражатты қайдан алып жүргенін сұрады. Мен Мұстафа Шоқаевтың Париждегі француз және орыс баспаларында қызмет атқарып жүргенін айттым. Бірақ оларға Мұстафаның хатын көрсеткен жоқпын, ұмытып кетіппін.Кейіннен кітапша із-түссіз жоғалып кетті, іздеп таба алмадым. Бұл хатпен бұрын Қызылорда қаласында «Еңбекші қазақ» газетінің қызметкерлері Ахмет Елшібаев (Әміреге туыс, менің әкем Кәрімжанның немере ағасы – Х.Қ-А.) пен оның екі жолдасы танысқан. Соңғы екеуінің аты-жөндерін білмеймін...» 
Қолхат 
Мен, төменде қол қоюшы азамат Әміре Қашаубаев, Қазақстандағы Біріккен Бас саяси басқарманың өкілетті өкіліне жауапта көрсетілген мәліметтерді, өзімнің Парижде болғанымды, Мұс­та­фа Шоқаевпен кездесуімді, оның Бай­тұрсыновпен және Дулатовпен байланысы бар екенін құпия сақтайтынын айттым, оған Байтұрсынов қызмет істеп, Дулатов әдебиетпен айналысып жүр дедім. Мұстафа Шоқаев өзінің Сұлутөбеде туып-өскенін, сол жердегі туыстарымен хат алысып тұратынын айтты. Сонымен қатар, бұл жөнінде ешқандай жағдайда да ешкімге айтпаймын. Егер бұл қол қойған шартты бұзатын болсам, қылмыстық кодекстің баптарымен қылмыстық жазаға тартылатыным ескертілді. 
Осыны растап қол қоямын. 
Қашаубаев, 5.VІ.1927 ж. 
Осы құжаттардың әрқайсына түсінікте­мелер бере отырып, полковник Ә.Бәкірұлы мақаласында: «Осылайша, қанша ант-су ішсе де қауіпсіздік органдары Әміре Қашаубаевқа оншалықты сене қойма­ған. Сондықтан, оны аңдуды одан әрі жалғастыра түскен...
Не дегенде де, жазалаушы топ Қазақ­стандағы қайдағы бір қиялдан туғызған ұлтшыл-буржуазиялық ұйым мен Мұс­тафа Шоқай байланысты Әміре арқы­лы жүргізіп отырған деген болжамы осы тергеу материалдарынан айдан анық аңғарылады. Архивтік деректерге қара­ған­да, Әміре Қашаубаев Алашор­да ұйымының мүшесі ретінде Иса Байза­қовпен және Мұхтар Әуезовпен бірге бір тергеу ісінен өтеді. Тергеу көбінесе түнгі мезгілде алынған және әр жолы олар 3-4 сағатқа дейін созылып, жауапқа тартылғандар түн жарымынан ауа қайта­рылған. Бір тәуірі, аталмыш тұлғалар жауап алу кездерінде қаншама қысым мен қиянат көргендерімен, өздеріне жағылған жаланы мойындамапты. Дегенмен, осы үшеудің ішінде әйгілі әншінің шеккен зардабы бізге басым көрінеді. Себебі жоғарыдағыдай тергеулерден кейін ол үлкен сахнаға көп жіберіле бермейді. Шын мәнінде Әміре өз қызметінен шеттетіліп, қоғам өмірінен тыс қала бастайды. Бұл – бір. Екіншіден, ұзақ уақыт бойы ОГПУ органдарының бақылауында жүруі замандастары арасында оны сол қауіпсіздік қызметімен байланысы бар деген күдік туындауына бірден-бір себепші болады. Сөйтіп, қайран әнші екі жақтан күйеді. Ақиқатын айтсақ, Әміре ешқашан ГПУ-ға қызмет жасайтын жансыз болған жоқ еді. Парижде Мұстафа Шоқаймен бір рет кездесемін деп, соншалықты зобалаңды бастан кешкен ол 1934 жылы аяқ астынан, жұмбақ жағдайда бақилыққа озып жүре береді. Бар-жоғы бір сапардың барысындағы кездесуден туған дүрбелең осындай болатын...
Әмірені «Орта Азия және Қазақ­стандағы ұлтшыл ұйымдардың тапсырмасымен шетелдегі Мұстафа Шоқаймен байланыс жасады» деп айыптаған. Сол себепті Әміре Қашаубаевтің кімдермен кездесіп, оларға қандай әңгімелер айтып жүргенін, яғни жүріс-тұрысын тұрақты түрде бақылауға алған. Оған дәлел – ОГПУ құжаттары» – деп жазып, Ә.Бәкірұлы мынадай да құжатты келтіреді:
Меморандум ВО ПП ОГПУ Казахстана 
«За Кашаубаевым установить наблю­дение, с целью выявления его связей, а также не привез ли он кому-нибудь пере­­писку от М.Чокаева и не передал ли от него более  серьезные сведения или задания».
Осылайша, 1925 жылдан «қауіпті саяси қылмыскер» саналып тергеу, қудалануда жүрген Әміренің, Қазақстан тарихындағы маңызды мәселе – тұңғыш ұлттық операға қатысуына жол берілмейтіні түсінікті ғой. Міне, Қ.Байсейітов жазғандай «Әмірені қазақтың тым қатты сыйлап бұзып алғанын» ОГПУ құжаттары осылай дәлелдейді. Бірақ, қысастық үкіметтің қаһарлы мекемесінен жасалғанын жасыру мақсатында, кінәні әншінің өзіне арту үшін Әміренің дауысын жоғалтқаны туралы «ресми өтірік» ойлап шығарылып, осы жалғандық жалғаса беру үшін, көп жыл өте тұра, операға ең жауапты адам­дарға «естелік» жазу тапсырылған сияқты. Дегенмен, «Естеліктерін» жазған Е.Брусиловский оны жариялатпай, архивке тастап, өзі Мәскеуге көшіп кеткен (Қ.Байсейітовтің «Құштар көңіл» аталатын, оның айтуы бойынша Бексұлтан Нұржекеев жазған кітабы 1977 жылы шыққан). Ал, А.Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» кітабында (Алматы-1975 ж.) Әміре дауысының еш жойылмағаны туралы шындықты жазуы себебі, әншінің оған 1933 жылы жолығып, екі қызын музыкаға оқытуын аманат етуінен, сондай-ақ, А.Жұбанов ағасы Құдайбергенді 1937 жылы атқан, өзін де 1948 жылдары қудалаған үкімет әділетсіздігін Әміре жайында таратылған жалғандықты жоққа шығару арқылы әшкерелемек болған сияқты. 1925 жылы Париждегі Дүниежүзілік этнографиялық фестивальда екінші жүлдені алып (бірінші жүлде өзбек бишісі Фатимаға берілгендіктен, шын мәнінде әншілер ішінен бірінші жүлдені Әміре алды), сол қалада 11 концертке қатысып елге оралған Әміренің «цивилизацияны» көріп бұзылмағаны, даусынан айырылмағанына, оның 1927 жылы Майндағы-Франкфурт қаласында концерттер бергені де дәлел. Егер, Парижде Мұстафамен жолыққан «қылмысына» байланысты Әміре 1926 жылы Лондон шақыруына (бұл үшін КСРО-ға қажет валюта түсетініне қарамастан) жіберілмесе, ал, 1927 жылы оның Германияға концертпен баруына рұқсат етілуінің себебі ОГПУ-дің «ұлтшыл-буржуазияшылдармен күрес бөлімі» Әміренің шетелден Қазақстандағы ұлтшылдарды әшкерелейтіндей тағы қандай «сәлемдер» әкелетінін байқамақ болуынан да шығар.
Бір түсініксізі, М.Шоқайдың өзі Фран­циядағы КСРО елшісі Красиннің елге оралу жайындағы ұсынысын репрессиядан қауіптеніп қабылдамай отырып, КСРО-дағы саяси ахуалды өзі біле тұра, Әміреге екі рет келіп, оны қонаққа ертіп әкетуі және А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтарға хат жазуы, сөйтіп оларға «шетелмен байланысы бар» деген ОГПУ күдігін ту­ғызуы... Ал, осы аталынған «Ұлтшыл-бур­­жуазияшылдармен күрес бөлімі», жаза­лаушы мекеменің ГПУ аты КГБ деп өзгертілгенде де сақталып, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне байланысты да «табысты» жұмыстар жүргізген. Әмірені, өзге де қазақтың арыстарын қуғындап, жазалаған осы бөлімнің қызметкерлерінің тірілері қазір «Құрметті зейнеткерлер» болса, ал, осы «бөлімді» Желтоқсан көтерілісі кезеңінде басқарған, 1989 жылы көктемде бостандыққа шыққанымда мені де шақырып алып: «Егер, КГБ-ға көмектеспесең қайта­дан түрмеге жібереміз» – деп қоқанлоқы жасаған Тоқтархан Нұрахметов Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін көп жыл КГБ институтын басқарды, одан соң Қазақстан Парламентінің депутаты болды!.. 
Әміренің Парижде М.Шоқаймен кездесуі туралы С.Мұқанов өзінің «Өмір мектебі» кітабында былай депті: «1926 жылы (дұрысы 1925 ж.-Х.Қ-А.) Әміре Парижға барғанда, революция жылдары сонда қашып барған алашордашыл Мұстафа Шоқаев мейманхана-сына іздеп барып жолығады. Саясаттан хабары жоқ Әміре дүниеде бұндай кісі барын білмейді екен, сондықтан, Мұстафа Шоқаев өзін таныс­тырып: 
– Мені естіген боларсың? – десе, Әміре шынын айтып:
– Естіген жоқпын, – депті.
– О, қалай?! – депті Мұстафа,- әлде мені атамайтын болғаны ма жұрттың?
– Сені атаған кісіні көрген жоқпын, – депті Әміре.
– О қалай болғаны?! – депті Мұстафа, – большевиктер мені ататпайтын болғаны ғой, тегі?
– Білгілікті кісі болсаң неге атамасын, ешкім білмейтін біреу шығарсың, – депті Әміре. 
– Неге білмейді?..– деп Мұстафа ре­волюцияға, Совет үкіметіне қарсы болған қылықтарын айта бастағанда:
– Әй, доғар, әр қарай сөзіңді! – депті Әміре жекіріп, – Бет-аузың құрт тес­кен жапырақтай боп (Мұстафа қалың бұжырлы, кескінсіз, арық, талдырмаш денелі қара кісі болса керек), ілбиіп өлейін деп жүріп, өзің соқтыққыш біреу екенсің ғой. Не әкеңнің құны бар еді, әліңді білмей Совет үкіметімен жұлқысатын? Енді, жұртта қалған күшіктей ұлы да жүр!.. 
– Ә-ә, солай болған екен ғой! – Мұстафа жылап шығып кетіпті. 
Осы сөзді айтып келген Әміренің өзі. Соны тыңдап отырып, турасын айтатын Сәкеннің Әміреге: «Апырай, сенен де бір ақылды сөз шыққан екен», – дегені бар. Парижда жарты ай жатқан Әміренің есінде бұл ғажап қаланың ғажап сипаттарынан ештеңе де қалмаған. Бар есте тұтқаны – жалғыз Мұстафа Шоқаев» – делінген екен (С.Мұқанов. Таңдамалы шығармалар.11-том, «Өмір мектебі»,115-116 бет,Алматы, 1977 ж.). Егер, Әміре мен М.Шоқай арасында әңгіме С.Мұқанов кітабында баяндағандай болса, мұны қудалаудан құтылу үшін Әміре ОГПУ қызметкерлеріне жазып берер еді ғой. Ал, ілгеріде келтірілген ОГПУ құжаттары және Әміренің А.Байтұрсыновқа, Е.Омаровқа М.Шоқай жайында айтқаны С.Мұқанов жазуымен мүлде сәйкес келмейтінін көреміз. С.Мұқанов мұны үкімет Әмірені қудалауын қойсын деген оймен жазған болар деуге, кітап Әміре қайтыс болған соң ширек ғасырдан кейін жазылған. Сондықтан, Әмірені тілге тиек еткен С.Мұқанов 1960-жылдардың басында жазған бұл кітабында өзінің саяси қарсыласы М.Шоқайды (ол 1941 жылы қайтыс болсадағы) «мұқату» арқылы Кеңес үкіметімен өзінің бір көзқараста екендігін және бір дәлелдемек ниет көздеген сияқты.
Архивтен алынған ОГПУ құжаттары Әміренің «Қыз Жібек» операсына қатыс­тырылмауынан өзге де оның өмірін­дегі, міне­зіндегі көп мәселенің себептерін түсі­нікті қылады. Мысалы, Әмірені жұрттың «ішкіш» деуінің екі түрлі себебі болуы мүмкін. ОГПУ-дің Шұғыл ақпаратында мәлімделгендей, Әмірені аңду, қудалау 1925 жылдың тамызынан-ақ басталған. Мұны Парижден келгеннен соң көп ұзамай-ақ Әміренің бетінен жарақат көрген С.Қожамқұлов сөзі де растайды. Түні бойы ұйықтатпай тергеуден, ұрып-соққаннан есеңгіреген, беті жараланған адам мас сияқты көрінбеуші ме еді?! ОГПУ тергеуінде болдым деп айтсаң бала-шағаңды қырамыз деп қорқытқандықтан айтпауға қолхат берген Әміре, таяқ аса қатты тиіп, қызметке бара алмай қалған кездерінде, басшыларына шын себебін айта алмай «мас болып жатырмын» деуден емес пе оған қызметте жарияланған сөгістер себебі?! Әміренің жағдайының сырын ол бұрын қызмет қылған театр директоры Беков те, көп әріптестері де, Брусиловский де білмегенімен, бұрын Талдықорған облысындағы Қарабұлақ ауылында милиция бастығы болып істеген, екі адамды атқан жазасына кешірім жасалып, Алматыға оқуға алынған, көп ұзамай Музыка театрының директоры болған, үкімет сеніміне ие адам Қ.Байсейітовтің, сондай-ақ, оны тағайындаушы нарком Т.Жүргеновтің білмеуі мүмкін бе?!.
«Сталин үкімет аппаратындағы әріптес­теріне жиі думан жасап, мас бола ішкендерін сенімді санап, ал, тартынғандарынан күдіктенген екен» дегенді естігенім бар.Сондықтан 1979 жылы түрмеден босағаннан соң, КГБ мені саясатты қойды деп санасын, шығармаларымды Бұқаралық ақпарат құралдарында жариялатуыма кедергі келтірмесін деген оймен сол жылдары түнде қонақтан жорта, мас адамдай қатты әндетіп, баянды құлаштай тартып, көрші тұратын екі КГБ қыметкерінің ұйқысын бұзатынмын. ОГПУ азабынан құтылу үшін, саясатта шаруасы жоқ екенін жорта мас болып дәлелдемек Әміренің де бір сәтін Брусиловский көрген шығар?! Қазақтың тұңғыш театрының №1-бұйрығымен қабылданған артисі болғандықтан Әміренің масты ойнауы менікінен әлдеқайда сенімді шығары белгілі ғой! 
А.Жұбановтың кітабынан жоғарыда келтірілген: «Әміренің дауысы қалды, енді бізбен таласа алмайды» деп, әншілердің кейбіріне тән әңгүдіктеніп, барын ортаға салып: «қырдым» деп отырғандар, бүгінгі Әміренің әніне тең келе алмағандарын сезсе де сыр бермегенсіп, жасанды күл­кіге салып, басқалармен бірге мақтау хорына қосылып жатты»... – деуіне қарағанда, Әміренің сол кездегі жағдайына, әсіресе, «оның шәкіртіміз» десіп жүрген қызметтестері ортасында күйінгендер де, сүйінгендер де болған сияқты. Мұның себебі, өнер адамдары арасында кездесетін бәсекелестіктен болар. Мысалы С.Мұқанов, аталған кітабында (115-бет): «Ол кезде ұлттық театры жоқ қазақ тыңдаушылары Әміре қатынасқан кештерде одан бас­қаны тыңдағысы келмей, оны сахнаға ең кемінде он шақты рет шақыратын еді. Кейбір кештерде жұрт Әмірені сахнадан босатпай, бірнеше рет көрінгеннен кейін сахнаға шыға қоймаса, сәкіні тепкілеп, қол шапалақтап отырып алатын, содан кейін амалсыз шығып, бүкіл кешті бір өзі ғана өткізетін. Әміренің әндерін қазақ қана емес, басқа ұлттардың да адамдары аса зор бейілмен тыңдайтын» – десе, ал, Әміремен бірге 1926 жылы Шымкент, Ташкент қалаларында концерт беруге барғаны жайында Қ.Жандарбеков: «Әміренің залды күңрентіп жіберген ащы айқайы мен сыңғыраған көмейінен бұралып шыққан үнге таңырқамаған жұрт болмады. Бір кешті Әміренің бір өзі алды» – дейді «Әміре – топтан озған әнші» деген мақаласында. 
Қайсыбір жиындарда сөз тимей қалса қарапайым адамның өзі де өкпесі қара қазандай болып жатады емес пе? Ал, өзін осал әнші санамайтын, талай жерде өздері де қошеметтеліп жүрген өнерлі адам үшін, Әміренің артықшылығын мойындай тұрса да, онымен жүздеген шақырым бірге іссапарға шыққанда сахнада бір ән салу мүмкіндігі тимей қалғанда ішінде реніш неге пайда болмасын?! 
Әмірені ғана емес, сол жылдардағы сталиндік тоталитарлық жүйенің қазақ қоғамының қаймақтарын жоюы ортақол­дыларға жол ашып, қазақ қоғамына сол «жаңа жұлдыздарды» қанағат етуге тура келді. Әлі есімде, 1950-жылдардың аяғында, үйімізге радио орнатылғанда, кейбір әншілердің дауысын естіген әкем: «Әміре ағамдай қайдан айтсын, ән емес, айқай ғой мынау!» – деп, радио даусын өшіріп тастаушы еді. Енді 1975 жылы, фонографтан көшіріліп шығарылған сапасы нашар күйтабақтан тыңдағанның өзінде, байқасам, Әміре даусының өзге қазақ әншілеріне ұқсамайтын себебі онда көмекей дыбыстарынан гөрі, дауысты ашып айтатын италиялық бельканто бояуы басым сияқты.
М.Шоқайдың Францияда жүріп КСРО үкіметін сынап жазған мақалалары қазақ халқына жетпегенімен, Мәскеудегі үкіметтің шамына тиіп жатты. Бірақ, онымен Парижде жолыққан Әміреге үкімет «қатты ренжісе» де Мәскеу, Париж, Франкфурттағы концерттерімен аты әлемдік баспасөздерде жария болған әншіні ашық жазалай алмай, астыртын азаптап,1934 жылы оны, кейінірек, 1940 жылы тамызда, Мексикада эмиграцияда жүрген Троцкийге қолданған тәсілмен өлтірткенін көреміз. М.Шоқайдың Әміре арқылы сәлем жолдаған адамдары, басқа да 1919 жылы Кеңес үкіметі кешірім жасаған алашордашылар 1929 жылы түрмеге қамалып біткен кезде Әмірені үкімет сау қойсын ба?! Сталин жендеттері 1934 жылы әншінің көзін жоймаса да, 1937 жылы, тіпті, болмаса 1941 жылы, М.Шоқай Германияда «Түркістан легионын» құрған кезде Әмірені үкімет бәрібір аман қалдырмас еді. Замандастарының естеліктеріне назар аударсақ Әміренің М.Шоқайға қатты сөйлегенін жазған С.Мұқановтан өзгелері, оны ақкөңіл, момын, кісіге сенгіш, жомарт дейді. Бірақ «Батыр – аңғал» дегендей, Әміре ақкөңілділігі – оны осал деген пікір болмаса керек. Кеңес үкіметі кезінде саяси қуғын-сүргінге ұшыратылғандардың барлығын «жазықсыз» деу үрдіске айналды ғой. Ал, шындығында, сол жылдары Әмірені «халық жауы» ретінде сот-тауға негіз бартұғын. Мысалы Е.Омаровтың ОГПУ тергеушілеріне жауабында Әміре «Жил Чокаев хорошо» – деп айтты деуі, сталиндік кезең түгіл Брежневтік, тіпті Горбачевтік кезеңнің өзінде де «капиталистік қоғамдағы тұрмыстың артықшылығын дәріптеген антисоветтік үгіт-насихат» деп есептеліп, бұл үшін жазалайтын Қылмыстық кодексте арнайы бап та болған. Дәлел ретінде мынадай оқиғаны айтайын: 1986 жылдың жазында, Халық музыкалық аспаптары музейінде қызметте жүргенімде, туристік топпен Батыс Германиядан келген қазақ жігітімен сөйлескен едім. Желтоқсан көтерілісіне қатысып қамауға алынғанымда тергеуші егер көтеріліске қатысқанымды мойындаттыра алмаса, бәрі бір: «Кеңес үкіметінің қоғамдық құрылысына қасақана жала жапты» деп, 1977 жылы соттаған баппен мені қайта соттататынына сөз берген еді. Төрт ай тергеуден соң «Қылмыстық ісіммен» таныссам, әлгі, Германиядан келген жігітпен әңгімемді сеніп айтқан танысым 1986 жылдың күзіндегі бір реніштен кейін КГБ-ға арыз түсірген екен. Соған орай тергеуші «Шетелдіктен еңбекақысы көлемі, т.б. туралы сұрастырып, капиталистік қоғам тұрмысына қызығушылық та­нытты» деген де айыптау даярлап қойған еді... Ал, С.Мұқановтың: «Парижде жарты ай жатқан Әміренің есінде бұл ғажап қаланың ғажап сипаттарынан ештеңе де қалмаған. Бар есте тұтқаны – жалғыз Мұстафа Шоқаев» – деп жазуына қарағанда, Әміреге Париждегі Эйфель мұнарасы, Лувр сарайы т.б. ғажайыптардан гөрі М.Шоқай әңгімесі (әрине,қазақтың ұлт-азаттығы жайында) аса қатты әсер етсе керек. М. Шоқайдың Кеңес үкіметіне қарсы адам екенін біле тұра, ол қонаққа шақырғанда өзгелер үкімет қаһарынан қорқып бармағанда Әміренің бір өзі баруы, ал, елге оралған соң көптеген таныстарына Мұстафа туралы айтуы (сталинизм кезінде!) ерлік емес пе?!
Қазір тәуелсіз, демократиялық ел болдық десек те, Желтоқсан көтерілісіне қатысты қудаланғандар, туыстары жоғалғандар 21 жыл өткенімен, көпшілігі үкіметтен сескеніп, әлі үндемей жүр емес пе?! Ал, Әміре тергеуге алынып ұрып-соғуға ұшыратылғаны туралы, бала-шағасына зияндық жасаймыз деп қорқытқандықтан ешкімге айтпауға ОГПУ-ге Қолхат бере тұра С.Қожамқұлов пен И.Байзақовқа, т.б. достарына үкіметтің қиянатты ісін жария етуі, ол кездің жағдайын ескерсек, нағыз батырлық қой!..
2006 жылы шыққан «Әміре Қашау­байұлы» кітабында Ж.Шәкерім Әміренің руы Тарақ-ты жайына тоқталып, шежіре кітаптар авторларының әртүрлі пікірлерін келтірген екен. Олар бірде тарақтыны «Орта жүздің ноқта ағасы, арғын, найман, қоңырат, қыпшақ дейтін елдерге қосылмайтын ескі ел» десе, енді бірде «Арғынның ноқта ағасы» деген (Егер, тарақты тек арғынның ноқта ағасы болса, онда Орта жүздің ноқта ағасы кім?!). Қазақ қоғамының ғұлама білгірі Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің жазуы бойынша Тарақтының әкесі төре де, шешесі арғын қызы. Ал, Рәшид ад-Дин, Әбілғазы хан сияқты өткен заман тарихшыларының рулық туыстықты таңба бірлігіне, ұқсастығына қарап анықтау керектігін айтқанын ескерсек, төре мен тарақтының таңбаларының бірдей «тарақ» болуы (және қазақтың өзге руларындай емес, тарақтының да төре, қожалардай еліміздің әр тұсында шашырап орналасуы) Мәшһүр-Жүсіп сөзінің растығын дәлелдейтіндей. Сондай-ақ, қазақта «Төре жоқта тарақты баласы төре болуға жарайды» деген нақыл сөз де бар (М.Сәрсекеев. «Тарақты және Қаракесек шежіресі» 23-бет, Алматы, Атамұра-1995 ж.). Тек, төрелерден сан жағынан көп болуы тарақтының Шыңғысхан ұрпағынан тараған кейінгі төрелерден емес, әріден, Шыңғысхан аталарымен туыстығын байқатқандай. Қа­зақстан Ғылым академиясының Ш. Уә­ли­ханов атындағы Тарих және этнология институтының ізденушісі М.Қарамендина «Тарақ таңба – билік рәмізі» деп аталатын мақаласында («Қазақ тарихы» журналы, 2007 ж.,№ 6.) Түрік қағанаты кезіндегі ел басқарушылардың таңбасы – тарақ болғанын айтып, П.Небольсиннің 1852 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Очерки Волжского низовья» кітабынан: «Тарақ таңбасы тек «ақсүйектерге» ғана берілетін болғандықтан оны «хантаңба» деп те атайды...Кез келген ру өздігінен белгілі бір елтаңбаны себепсіз иемдене салуы мүмкін емес» – деген пікірін келтірген. Жоғарыда айтылған және басқа да пікірлер қазақ халқы құрамындағы тарақ таңбалы рулар: төре және үш жүздің ноқта ағалары: жалайыр, тарақты, табын тарақтысының жақын туыстығын білдіретін сияқты (Әрине, бұл мәселе әлі де тереңірек зерттеуді қажет етеді. Менікі тек Ж.Шәкерім кітабында келтірілген тұсқа байланысты туындаған ой). Шынында да, Кеңестік тоталитарлық кезеңде Әміренің ерлік мінез шығаруы ілгеріде келтірген «тарақтының төре болуға жарайтындығы туралы» халқымыздың нақыл сөзінің растығын дәлелдегендей. Өйткені, ол кезең орыс отаршылдары ғасыр бойы жүйелі түрде жүргізген хан-төре тұқымын ел билігінен шеттету саясаты салдарынан, кезінде Абылайдың түсін Бұқар жырау жоруы дәл келіп, шынында да ХХ-ғасыр басындағы ұрпағы төрелік айбардан айрылып «жоққа» барабар күйге түсірілген еді... 
Е.Брусиловский «Естелігінде»: Содан 1934 жылы 7 қараша күні «Қыз Жібектің» премьерасы болды. Жұрттың бәрі көңілдері толқып жүрді, сырттай әсердің олқылығына қарамастан, спектакльді аудитория ықыласпен қабылдар деп үміттенді. Бірақ та, амал нешік, бірден, кенеттен революция бола қойған жоқ. Пушкин көшесіндегі театрдың шағын залының өзіне кісі тола қоймады. Жиналған жұрт спектакльді әлдебір сенімсіздеу, әлдебір бейжай күймен көргендей болды» – депті. Шынын айтсам, осы мақалаға кірісуіме Брусиловский «Естелігіндегі» осы тұс түрткі болған еді. Өйткені, мұның алдында Брусиловский М.Әуезовтың «Айман-Шолпан» музыкалық пьесасы (музыкасын И.В.Коцых жазған) жайында: «Сонымен театр 1934 жылғы қаңтарда М. Әуезовтің «Айман-Шолпан» атты музыкалық пьесасымен ашылды.Спектакль кең дулы табыспен өтті, бір­неше мәрте қатарынан халық лық толы болды. Театрдың Пушкин көшесінің бойындағы үйі небәрі 450 орындық еді әлбетте, оған келгісі келген жұрттың бәрі қайдан сыйсын»  – деп жазған-ды. Ендеше, дәл сол 450 орындық театр үйінде 10 айдан соң қойылған «Қыз Жібек» премьерасына халықтың тым аз келуі неліктен? Ол кезде қазіргідей үйде ермек етер теледидар жоқ, киноның өзі сирек болғандықтан рухани шөліркеген жұрт үшін қандай да бір жаңа өнер туындысы, қойылым үлкен оқиға болды емес пе?! «Қыз Жібек» опера делінгенмен Вагнер шығармасы емес қой.Түгелдей, дерлік халыққа белгілі қазақ әндерінен тұратын, речитативтер орнына музыкасыз, кәдімгі сөйлеу тілі қолданылған «Қыз Жібек» операсының күрделілігі, шын мәнінде, «Айман-Шолпан» музыкалық пьесасынан айырмасы аз еді ғой! Премьера болған 7-қараша, Кеңес үкіметінің мереке күні болғандықтан көшедегі «Салтанатты шеруге» қызмет орындары міндеттеп, еріксіз шығарғанда да наразылығын жасыра білетін жұртшылық «Қыз Жібекке» келе тұра неліктен «бейжай» күйде болды? Рухани қажет ете тұра премьерасына халықтың бармай, «бойкот» жасауы – «Қыз Жібек» операсының сапасына еш байланысты болмаса керек. Өйткені, алғашқы қойылым болғандықтан әлі оны ешкім көрген жоқ та ғой. Сондықтан маған: «Бойкот себебі, бір күн бұрын ғана қаза болып, жерленген қазақтың ұлы әншісі Әміре Қашаубайұлының өлімі, оның үкімет тарапынан істелінгенін сезген жұртшылық наразылығынан болды-ау?!» – деген ой келді. Осынау, Әміреге қатысты трагедиялық жағдай: «Сталиндік зұлмат кезеңде де қазақ халқы үкімет қуғындаған арыстарын жоқтауға сескенбей, өз наразылығын көрсете алған екен ғой!» – деген оптимистік ой тудырып, халықтың өр рухын баян ету ниеті қолыма қалам алғызған еді.
Р.С.: 2013 жылы Әміренің туғанына 125 жыл толды. Бірақ, ұлы әншінің мерейлі тойы өз дәрежесінде атап өтілмеді. Осыған орай азаматымызға қатысты бүгінгі ұрпақтың әлі де атқармай отырған парызы баршылық. Мысалы, Қазақстан үкіметінің Әміреге Алматыда ескерткіш орнату туралы 1934 жылы 19 қарашада шығарылған № 540 қаулысы күні бүгінге дейін орындалмай келеді. Соңғы үш-төрт жылда бұл мәселе баспасөз беттерінде бірнеше рет көтерілсе де үкімет жағы үнсіз. Ал, сол жылы Әміре Қашаубаев аты берілген еліміздегі №1 музыкалық мектептің ғимараты мемлекеттік тәуелсіздік алғанымыздан кейін көп ұзамай-ақ сатылып кетіп, мектептің Әміре есімі қазірде «Көкіл» аталатын колледждің көлеңкесінде қалған жағдайда.
Әміре ағасының Парижден лауреат болып Алтын медальмен оралғанын, Әміре даусы Францияда жазып алынғанын, бірақ, ол елдің үкіметі тек алтынға сататындықтан КСРО үкіметі оны алғысы келмей отырғаны жайлы бала кезімде әкемнен сан рет естіген едім. 1974 жылы жазушы С. Бе­га­лин де өз естелігінде Париждегі Соррбонна университетінің профессоры Пер­ноның Әміре даусын фонографқа жазып алғаны туралы айтқан. Бүгінде, тәуелсіз ел болған кезімізде ұлы әншісінің даусын халқымыздың есітіп қуанып, рухани нәр алуына, есімін ардақтауына не бөгет?! Сондықтан, алдағы уақытта халқымызға сыйлық ретінде Қазақстан үкіметі Парижден Әміре даусын алдыртуы тиіс. Мәдениет министрлігі осынау жауапты істі жүзеге асыруды әміретанумен көптен айналысушы өнер қайраткері Жарқын Шәкерімге жүктесе жөн болар еді. 

 

356 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз