• Еркін ой мінбері
  • 15 Тамыз, 2014

ҚАЗАҚҚА ҚАУІП ҚАйДАН?

Куандык ШамахайҚуандық ШАМАХАЙҰЛЫ, ҚР мәдениет қайраткері, халықаралық журналист

Сөз басы
Тоқсаныншы жылдардың басында бей­­біт жолмен тәуелсіздік алуымыз біз­ге тарихтың тарту еткен баға жетпес сыйы. Енді, көздің қарашығындай осы құндылығымызды әлдебір еуразияшыл одақтан, кремльдік жымысқы саясаттан ғана емес, жалпы сыртқы күштердің ықпалынан қорғау әр қазақ үшін зор жауапкершілік. Өйткені, қазіргі алмағайып заманның өзі «жау жоқ деме, жар астында» деген нақылды еске салып тұрғандай. Адамзатты басқарудың барлық тетіктерін бір қолға шоғырландыруға тырысушылар XX ғасырда бүкіләлемді ашса алақанда, жұмса жұдырықта ұстағысы келді. Бірақ, оған озық ойлы елдер мен саналы халық жол бере қоймады. Отарлаушыларға тегеурінді түрде қарсылық білдіріп, елінің тәуелсіздігі мен дербестігін қорғау жолында жан аямай күресті. Қазіргі таңда ірі державалар отарлық саясаттарын «бостандық», «еркін нарық» секілді құлаққа жағымды естілетін сөздермен көмкеріп, өңін айналдыра бастағандай. Былай қарағанда мұның өзі де тыңнан түрен салған, бүгін ғана қолға алынып отырған әрекет емес.


Ертеде ежелгі Мысырдағы құпия білім мен маңызды мәліметтерін сақтаушылар әлем елдерінің сауда-саттық қатынастарын біртіндеп иеліктеріне алу тәсілін қолданып, мәдени байланыстарды өз мүдделері мен мақсаттарына сай икемдеп алып, басқаруға болатынын түсінген көрінеді. Солардың мұрагерлері болып табылатын қазіргі Батыс елдеріндегі қаржылық элита өкілдері өздерінің шынайы мақсаттарының ішкі сырларын жасыру үшін ғана жымысқы әрекеттеріне түрліше атап келеді. Онымен де шектелмей, дамушы ел мемлекеттерінің қоғамды басқару жалпы ұстанымдарын, тәсілдерін жасап, аталмыш үдеріске басшылық етіп келе жатқаны қазіргі ақпараттық дәуірде ешкімге құпия болмай қалған. Бәрімізге белгілісі, әрине, қару-жарақтың күшімен қырып-жою. Ықылым заманнан қолданып келген дәстүрлі қарулар: мылтықтың неше атасы, танк, бомбалаушы ұшақтар т.с.с. Тұрғындарын қырып-жойып, материалдық байлығын талан-тара­ж­ға салған соң бәрін өз иелігіне қаратып ала салады. Осы орайда, «Соғыс дегеніміз саяси мақсатты өзгеше тәсілмен жалғастырудың бір түрі» деп Карл фон Клаузевиц жайдан жай айтпаса керек. Әлем тарихында ондай қанды қырғын соғыстар талай өткен. Тарихи кезеңдерде бүкіл бір елді, ұлтты жалмап, жаппай құлдыққа салуға ұмтылған, алдын ала жоспарланған соғыспен қатар түрлі айла-шарғылар да жасалып келді. Қазір де адамзат ондай зұлымдықтың құрсауынан құтыла алған жоқ. Бірі өзгенің жеріндегі байлыққа көз алартса, енді бірі елінің тәуелсіздігі мен дербестігін қорғап қалу үшін жанталаса қарулануға мәжбүр. Ақыры, екі жақ та қорғаныс саласына қыруар қаржы шығындап, экономикалық дамуды тежеп, кері кетуде. Ақыры, әр ел өзінің геосаяси жауларымен бірлесе бәсекелесіп жүріп, жер ғаламшарының күллі тіршілігін, адамзаттың барлық өркениетін тып-типыл ете алатын зор қуатты қару-жарақты ойлап тауып, ұстап отыр. Жай отырған жоқ, арасында түрлі сылтаумен әр жерде соғыс өртін тұтатып та қояды.
АҚШ әскері Иракқа себепсіз басып кіріп, ол елден мистер Буш жаппай қырып-жоятын қару таппаған кезден бастап жұртшылық сырттан «экспортталатын» демократия атты құндылыққа күмәнмен қарайтын болған. Оған бұрынғыдай емес, отарлаудың құралы, белгілі бір елдің экономикасын әлсірететін, шикізат нарығын тартып алудың амалы, дамушы елдердің халқын қаржы жүйесімен арбайтын «ми шырмаушы» идеология деп қарайтындардың қатары қазіргі таңда азаймай тұр. Демократияның қорғаны саналатын алып ел 16 триллион долларлық сыртқы қарызға белшесінен батып отырғанына қарамастан жылына шамамен 1 триллион долларды әскери күшке аямай-ақ шығындап отыр.  Оған шын мәнінде әлемнің барлық елдері бірігіп, бір жылда қорғаныс саласына жұмсайтын барлық қаражатты қоссаң да жетпейтін көрінеді.

«Ірі жобаның» иелері икемдеп 
жатқан жоқ па?

Жат елдің әскері жерімізге басып кіріп жаулай алмасын делік. Бірақ, ел тұрғындарын қынадай қырып тастауға қауқарлы - геноцид құралдарын қайда қоямыз. Айталық, арақ-темекі, есірткі заттары, гендік өзгеріске ұшыраған азық-түлік өнімдері, дәрі-дәрмек, тамақ дәмдегіш қосындылар секілді химиялық өнімдер. Оларға бүгінгілер ғана уланып қала берсе, рахмет айтарсың. Кейінгі ұрпағы үрім-бұтағымен тұқым қуалаған ауыр науқасқа шалдығып, иммундық әлсіруге ұшырап құрып бітпек. Сонда, әлгі екінші соғыста бізден жеңіліп қалған Адольф Гитлердің «Шығыстағы варварларды тазалықтарынан ажырату керек. Оларды арақ-темекіге барынша үйір еткен жөн» деген өсиетінің қалтқысыз орындалып жатқаны ма?! Осынау гено­цидтік құралдар арқылы, яғни, спирттік ішімдіктер, есірткі заттары, кейбір вакциналары мен гендік өзгеріске ұшыраған жеміс-жидектерімен бүкіл бір ұлтты өзіне тәуелді етіп алып, жойып жіберуге қуаты жететінін аңғару аса қиын емес. Алайда, мұның бәрін қарапайым жұрт геноцидке ұшырататын қару-жарақ екенін қайдан білсін. Және ондай «улардың» көңіл көтеретін, стресті тарқататын, денсаулыққа аса пайдалы дүние іспетті БАҚ арқылы насихатталатынын қайтерсің. Ал, әлгі вакцинасын қатерлі ауруларға төтеп беретін қуаты бардай жалған уәжбен тықпалайды. Шын мәнінде, онысының «сау басқа сақина» болып жабысатын пәле екені қазірдің өзінде қылаң беріп жатыр. Осылайша, іс жүзінде ұлттың гендік қорына нұқсан келтіретін, қазіргімен қоймай келер ұрпақтың тұқымын тұздай құртатын мұндай дүниелерді геноцидтік апат қаруы дегеннен өзгеше қалай атауға болады?!
Медальдың екі жағы болатыны секілді жаһанданудың да жағымды жақтарымен қатар кері тұстары жетерлік. Аталмыш «ірі жобаның» иелері адамзатты қолдан сусып шығып кете беретін қағаз ақшаның құлақ кесті құлына айналдырды. Ақшадан ақша тудыратындардың әлемдік жүйесіне енгізіп, жұтып қоюды көздеп келеді. Кезінде Амшель Ротшильд: «Маған белгілі бір елдің ақшаға жасайтын бақылауы мен билігін бере салсаң болды. Ал, ол жерде кімнің заң шығаратыны мүлде маңызды емес» деген екен. Отарлауды көздеушілер үшін расында, барлық адамды түгелдей қырып тастау маңызды емес. Құл ретінде жұмсайтын біреулер аман қалуы керек қой. Сондықтан, түрлі елдердің экономикасын олар өздерінің отбасылық, кландық мүддесіне лайықтау үшін жанталасып жатыр. Онысын әрине, кез келген жан түсінбестей етіп өте жымысқы түрде жүргізбек. Ол үшін, әрине, арада доллар жүреді. Халықаралық валюта қоры, әлемдік банк секілді алпауыттар несиенің пайыздық өсімі арқылы да ойындағыларын орындап жатыр. Жалпы, осы банкир атты вампирлер өздері шөптің басын сындырмай-ақ несиенің өсімінің арқасында ақылға қонбайтын мол пайда тауып жатыр. Ал, банктен алған несиенің құрсауынан халық өмір бақи тер төгіп еңбек етсе де құтыла алмайтын жағдайға жетуі құлдықтың кісені емей немене. Мұндай тетікті жүзеге асыру бір күндік шаруа емес екені мәлім. Сондықтан, олар қоғам өмірінде жүзеге асырылуы неғайбылдау экономикалық теорияға бізді әбден сендірді. Бұрын маркизммен миымызды ашытқандары аз болғандай, енді келіп еркін нарықтық экономика қағидаларын тықпалап жатыр. Онысының астарына үңіл­сек, бүкіл қоғам, күллі жұртшылық несие алған-алмағанына, осынау құпия тетікті ұққан-ұқпағанына қарамастан  іс жүзінде экономикалық тұрғыдан өзгеге кіріптар болып, ат төбеліндей банкирлердің құлына айналып шыға келмек. Осындай мейірімсіз һәм жыртқыш жүйені енді келіп өзіміз асырап, баптап отырмыз. «Дерек пен дәйектің өзін қалай көрсетіп, түсіндірсең солай көрініс табады» деген екен герман ойшылы Фридрих Ницще. Иә, дін, идеология, ақпараттық технология, БАҚ арқылы адам­дардың санасына елеулі түрде ықпал етуге болады және әркім өзіне қолайлы қоғамдық пікірді барынша ойдағыдай қалыптастыра алады. Сол сияқты адам баласының ішкі ой-санасын, ұғым-пайымын зерттеп таныған соң, оларды діни сенімнің көмегімен немесе өзге де әлеуметтік догматикалық қағидалар арқылы тасада тұрып та басқара беруге болатын көрінеді. Егер, қажет деп тапса ішкі қайшылықтарды қоздыра түсуге, тапсырыспен атыс-шабыс ұйымдастыруға, шулы мақалалар жариялатуға дейін барады екен.  Тіпті, Мұхаммед пайғамбарды келеке еткен карикатуралар таратып, қасиетті Құранды өртеп, мұсылмандарды қара­лаған фильм шығарып та халықтар арасында ши жүгіртіп жатқан жоқ па, қазір. Мұның бәрі сырттай қарағанда кездейсоқ дүние іспетті көрінуі ықтимал. Алайда, іс жүзінде олай емес, бәрі алдын ала ойластырылған саяси сценарий.
Таяу Шығыс пен Еуропада ислам мен христан дінді халықтар арасына от жағып,  әлемде жаңа соғыстың өртін тұтатуға әрекеттенетін күштердің пасық пиғылдары қазірдің өзінде аңғарылып тұрғандай. Мұндай сәтте адамдардың санасын жаулап алып, өзіне қажет бағытқа қарай бұрып жіберуге ең қолайлы ұтымды қару - телевизия арналары екендігі мәлім. Негізінде, БАҚ атаулының абзал борышы - шынайы жағдайды айна қатесіз сол қалпында халыққа жеткізу ғана. Алайда, өкінішке қарай телевизия саласына ақша аямай шашып отырған олигархтар оларды «арбасына мінгізіп алып, өз әндерін шырқатып» қоятын тұстары да баршылық. 

Заңдық, құқтық жолмен жаулау

Өз ұлтына және оның болашағына қауіп төндіруі ықтимал елді мейлінше технологиялық, әскери күш-қуаты жағы­нан дамуына жол бермеу саясатын халық­аралық аренада ұстанып, жүзеге асыру – аталмыш фактордың негізгі миссиясы. Осы саясатының арқасында олар әскери технологиялық дамуы жағынан өзге елдерден озып шығып, артықшылыққа жетуге тырысады. Ондай озбыр елдер үшін табиғи байлығы мол дамушы елдер басты нысанаға айналады. Оған нақты мысал ретінде тағы да Ирак елін алуға болады.  2003 жылы АҚШ  шабуыл жасаудың алдында БҰҰ мен бірқатар елдердің қолдауының нәтижесінде Иракқа қарсы қаржы-эко­номикалық эмбарго қолданды.  Ирак елі сол кездің өзінде жыл сайын 300 мың сәбиі шетінейтін, экономикасы күйреген, тұрмыстық деңгейлері күрт төмендеген, сыртқы жауға төтеп бере алмайтын әлсіз күйде болатын. Қарсы жағын әбден титықтатып барып, жаулап алудың сұмдық тактикасын олар осылайша жүзеге асырды. 
Аталған соғыстың геостратегиялық мақсаты болғанын да ерекше атап айтуға тиіспіз. 1998 жылы Венесуэла билігі Уго Чавеске көшкен соң мұнай саясатында ірі өзгерістің орын алғаны да зерттеушілерді қызықтырып отыр.  Венесуэла мұнай ресурсы жағынан әлемде жетінші орында. Ал,  логистикалық тұрғыдан келгенде, АҚШ-қа ең жақын орналасқан кішкентай мем­лекет. Іргелес көршісі Канада өз мұнайымен әлемде екінші орындағы экономикасы берік, саяси тұрақтылығы жағынан сенімді ел. АҚШ-қа мұнай жөнелтетін басты үш елдің бірі болды. Венесуэладан келетін мұнай тасқыны саябырси бастағанда АҚШ өзге қайнар бұлақтарды іздестіре бастады. «Іздегенге сұраған» демекші, мұнай ресурсы жағынан әлемде төртінші орында тұрған, бірақ, күш-қуаты әлсіз Иракты олар қолайлы көрген.  Иракта адамзатты қырып, жойып жіберетін қару бар дегенді негізге алып соғысты ашып жіберді. Бірақ, онысының еш қисынсыз жалған сылтау екендігі кейін дәлелденді ғой. Осының өзі-ақ, табиғи байлықтың әлсіз елдер үшін опа бермейтіндігін көрсеткен жоқ па. Сонымен қатар, елдің борышқа белшеден батуы да ұлттық дербестіктен айырылудың алғышартына айналады екен. Өзін қорғауға дәрменсіз елдердің барлығында бүгінгі таңда ақпараттық нөпірдің күшімен өз өнімдерін өткізетін стратегиялық алаңға айналдыру ісі қарқынды жүріп жатыр. Себебі, көптеген елдер геосаясаты мен геостратегиясын жүзеге асыру үшін халықаралық заңдылықтар мен нормаларда көрсе­тілген нұсқауларды өздеріне тиімді етіп пайдалануға тырысады.  Онымен де тынбайды, өздеріне қолайлы жағдайды қалыптастыру үшін санқилы саяси-экономикалық ахуалды жасауға, өзгеге қысым көрсетуге күш салады.
Оған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Кезінде біздің де біршама заңдарымыз, әсіресе, табиғи ресурстар туралы заңдық нормалар әлемдік банк пен шетелдік сарапшылардың берген кеңестерінің аясында жасалғаны рас. Заңдарды оңтайландыру, әлемдік стандарттарға сай ету деген желеумен шетелдіктер өздеріне жайлы етіп «миды тазалайды» да ел Парламентінің қос палаталары арқылы заңдастырып ала салады. Ақыр соңында оның өзі шетелдік инвесторлар үшін еліміздің стратегиялық нысандарына ие болуына жағдай тудырады. Келесі бір қадамға келсек, белгілі бір елдің жерін өзіне қаратып алу немесе халықаралық нарықта құнды қағаздар түрінде шығарып кепілдендіру мәселесі деген бар. Енді, байыптап қарасаңыз, тәуелсіз елдің заңымен, халықаралық конвенциямен бекітілген нормаларға сай қазіргі заманның заңдық, құқтық соғыстың технологиялық тәсілі бойынша геостратегиялық саясаттың мықтап жүзеге асырылғанын аңғарасыз. Бұл үрдісті енді кеңірек талдап таратайық: Біріншіден, әлемдегі халықаралық жалпы­ға ортақ конвенцияларға енген кезде еліміз өзіне қандай міндеттің жүктеліп отырғандығын саналы түрде түсінгені абзал болар еді. Халықаралық заңдылықтарды қабылдағанда еліміз одан туындайтын барлық қолайсыздықтардың ұлттық мүдде мен елдің қауіпсіздігіне нұқсан келмеуіне зер салған саясат ұстануға тиіс. Алайда, бізде оған немқұрайды қарау белең алған секілді ме, қалай? Екіншіден, энергетикалық ресурстар мен табиғи байлыққа қатысты заңдарды Конституциямен және ұлттық қауіпсіздік саясатпен жіті байланыстыру жағы кемшін түсіп отыр. Шетел сарапшылары мен кеңесшілердің «ұсыныс, пікірлері» терең зерттелмейді, әйтеуір, халықаралық стандартқа сай болуы керек дегенді ғана алға тартып, өзгенікін білместікпен көшіру жағы басым түскені аңғарылады. Үшіншіден, табиғи байлық пен энергетикалық ресурстарды игеру, пайдалану туралы заңды бекітерде лоббистер мен азғана топтың мүддесі басым болды ма, әлде, таза патриоттыққа негізделді ме дегенге келгенде тағы да күмілжіп қаламыз. Төртіншіден, пайдалы қазбалар туралы заңда ресми тұлғалар мен жеке адамдарға берілуі мүмкін лицензияның саны шектелуі тиіс. Бір адам бірнеше учаскеде қат-қабат барлау жасайтындай немесе қазба жұмыстарын бейберекет жүргізетіндей жүгенсіздік болмауы керек. Бесіншіден, шетел инвестициясына қолайлы жағдай жасау мәселесі тек қана іргесі бекіген, заңдық, құқтық қорғау базасы әлдеқашан қалыптасқан өркениетті жоғары дамыған елдерде жүзеге асырылатын технология. Оны әкеліп, біз секілді дамушы елге тықпалау ұлттық мүдде мен қауіпсіздікті кейін қарай ысырып тастаумен бірдей. Алтыншыдан, шетелдік компаниялардың құқтық мәртебесі дұрыс белгіленіп отырмаған секілді. Осыдан кейін олардың «шаңыраққа қарауды ұмытуына» толық жағдай жасалынбайды ма?! Сондықтан көп жерлерде жергілікті жұмысшыларға төлейтін еңбекақы мен өздерімен бірге келген жалдамаларына беретін жалақысы арасындағы алшақтық шектен шығып кеткен.
Мұның бәрі айналып келгенде елдің экономикасын ірі көлемде қарызға батыруға немесе ұлттық қауіпсіздікке орасан нұқсан келтіруге әкеліп соқтыруы әбден мүмкін.  Себебі, жоғарыдағы ұста­нымдардың бәрі өз қолымызбен өзімізді буындырумен бірдей әрекет.  Оның негізін жат жұрттықтар қалап беріп қойған. Алайда, ол үшін әлде бір елді айыптауға негіз болатын ешбір  құқтық акт жоқ. Ал, шетелдіктер табиғи байлығымызды тонап жатыр дегендей  немесе басқаша жолмен сыпайы түрде болса да елдік, ұлттық мүддемізді көздесек халықаралық ере­желерді бұзған секілді ұғым тудырамыз. «Ары тартсаң арба сынады, бері тартсаң өгіз өледі» деп  мәймөңкелеп, ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіпті ескермеу тағы да ағаттық болар еді. Мұның өзі 1973 жылғы Чилидің, 2003 жылғы Ирактың тағдырын қайталауға итермелемесе екен деп бір Алладан тілегеннен басқа жол жоқ.
Аталмыш саясаттың құрбанына ХХ ғасырда Африка елдері айналған. Ал, ХХІ ғасырда біздің кезегіміз келмесе игі дейік. Жалпы қырғи қабақ соғыстың аяқталған кезінен бастап постсоциалистік елдерде болып жатқан жағдайларға жіті талдау жасасақ, бізде жүзеге асырылып отырған сыртқы қатынас пен халықаралық ынтымақтастықтың шынайы бейнесін жақынырақ тануға болады. 

Экономикалық жолмен 
қалай  жаулайды?

Бұл жерде қайтарымсыз көмек деген дүние елеулі орын иеленеді. Әлем елдерінің бір-біріне көмектесуі, жалпы ынтымақтасуы құптарлық жайт, әрине. Дегенмен, қайтарымсыз көмек арқылы бір ел екінші елдің экономикасын күйрететін технологияның да барын ұмытпауымыз керек. Мұндай технология белгілі бір саланы көтеруді көздемейді. Керісінше, ары қарай дамуына емес, болмашы ғана «жеммен» ілдебайлап отырып, біртіндеп өз меншігіне айналдыруға тырысады. Мысалы, энергиялық қуат көздерін дамытамыз деген желеумен біршама инвестиция енгізеді де қаржы, несиелерін салып, саланы өз еліне лайықталған технологияға көшіру саясатын ұстанады. Қарызды салаға құйғанда экономикалық тиімділігін ескеруді тапсыруы мүмкін. Ал, ешқашан еліңнің қауіпсіздігін ойла демейді. Осылайша, экономикалық пайдалы әрі тиімді ахуал қалыптастыру үшін әдейі әлемдік нарық бағасынан бірнеше есе арзан бағамен технологиясы мен өнімдерін ұсыну арқылы белгілі өндірісті өзіне тәуелді етіп қояды.  Осыдан кейін бірден өз елінің технологиясына бағынышты болған саланың қосалқы бөлшектері мен технологиялық жаңартуларын қалағанынша өздері жасап, әбден билеп-төстеп алады. Бара-бара елдің энергетикалық қауіпсіздігінің өзін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап өздері талап қойып, онысын сөзсіз мойындататын жағдайға жетеді. Осылайша, тәуелді етіп алған соң бағаны да өздері белгілейді, халықтың қанын теспей соруға көшеді. Батыстың жоғары дамыған елдерінің тәжірибесіне зер салып қарасақ, ешбір мемлекет энергетика мен байланыс саласын ешқашан жекешелендірмейді және шетелдік ұйымдарға бермейді.
Экономика мен нарықтың белгілі бір саласын импорттық мақсатқа негізделген саясатпен банкротқа ұшырататын тағы бір тәсіл бар көрінеді. Импорттық саясаттың негізгі құралы  стратегиялық «пайдалы» және «пайдасыз» деген топтан тұрады. «Пайдасыз» делінген технологияның өзі 1-3 жыл ғана шығынмен жұмыс істейді. Ал, 5-10 жылдан соң шығынын бірнеше еселеп өндіріп алады немесе бәсекелес жақтың экономикасын күйрету мақсатымен қайта бас көтеру мүмкіндігін біржолата жабу арқылы белгілі бір елді өзінің ықпалына енгізу стратегиясын қарастырады. Мысал ретінде Солтүстік Шығыс Азия елдері арасында 1970-жылдары болған шекаралық қақтығысты еске алуға болады. Оған себеп болған дүниенің өзі тым ұсақ әрі өте қызық жайт еді. Көршілес бір ел екіншісінен сиырдың бір құйыршығын бір ірі қараның бағасымен сатып ала бастайды. Соның салдарынан аша тұяқтының бәрі қырылып, жер жыртатын сиырсыз қалған елді аштық жайлайды. Елде тұрақсыздық орын алып, қауіпсіздікті сақтаймыз деген желеумен әскери күш қолданылып ақыры соғыс басталады. Мұндай жағдайлар әлем тарихында көптеп кездеседі.
«Пайдалы» делінетін технология – өз еліне пайдалы  стратегиялық шикізатты аз қаржымен, яғни, көп қиындықсыз жолмен тұрақты әрі ұзақ мерзіммен енгізуге жағдай тудыру. Ол үшін шектеусіз ықпал етудің технологиясын пайдалану. Аталмыш технология аясында белгілі бір шикізатты  экспорттаушы елге шикізатты жартылай немесе толықтай өңдеу кәсіпорындарын салуға мүмкіндік бермеудің стратегиялық саясатын жүзеге асырады. Сөйте келе экономикалық және саяси жанама ықпалға негізделген саясаттарын шикізат экспорттаушы елге қарсы қолданады.
Импорттық және экспорттық саясат пен оның бағасын да үйлестіріп үлгермеген біз үшін  жоғарыдағы технологиялардың түпкілікті мәні мен залалын айқындап зерттеу көптеген құрбандықтардың алдын алуға көмектескен болар еді. Жалпы өз бәсекелестерінің нарығын құлатудың үкіметтен үйлестірілген технологиясы соңғы кездері құрлықтан құрлыққа жетіп, халықаралық деңгейге көтерілгенін әлем сарапшылары ескертіп келеді.  Кей жағдайда қарсылас жақтың экономикалық базасын бүлдіру жолмен өз ықпалына енгізу саясатының бір құралына айналғандығы белгілі болып отыр.

Ұлттық дүниетаным өзгерсе не болмақ?

Шығыс халықтарында «Келешекте ірі қателікке ұрынбау үшін өткеніңе үнемі бұрылып қарап жүр» деген даналық сөз бар. Олай болса, белгілі бір халықтың тарихын қайта өңдеп жазу, тарихи санасын жою да отарлаудың орасан сұрқия саясаттарының бірі. Өз отанының шынайы тарихын ұмытқан адам түп-тамырынан ажыраған ағаш секілді болары хақ. Егер, толықтай бір халық, іргелі бір ел өз тарихын ұмытып, жат жұрттық зерттеушілердің зорлықпен мойындатқан тарихына сенсе не болады? Халықтың тарихын белгілі бір мақсатпен идеологиялық тұрғыдан бұрмалап, өзгертіп жазған жағдайда сол елдің болашағы міндетті түрде өзгереді деген заңдылық бар. Одан да бәлкім, тарихи сабақ алуымыз керек шығар. Жалпы, жат жұрттық отарлаушылар өздеріне аяқ-қол болатын құл-құтандарын белгілі бір елдің ішінен тауып, саяси сахнаға шығаратыны белгілі. Олар міндетті түрде алдымен елінің төл тарихын шет жұрттағы отаршы қожайындарына пайдалы етіп, өзінің қолайына икемдеп бұрмалайды. Ол үшін кейбір тарихи деректерді әдейі бүркемелейді, сызып тас­тайды, енді бірін зорайтады, халықтың санасын улап, адастыруға тырысады. 1990 жылдан бері жазылған тарихымыздың халы нешік. Жарыққа шыққан оқулықтар мен оқу құралдарын ерінбей салыстырып көре салсаңыз, еріксіз түрлі ойдың жетегінде кетесіз. Алайда, ең келеңсіздігі қасірет жат жұрт идеологиясының жетегінде кеткенін, солардың ықпалына түсіп, жымысқы әрекеттеріне қолшоқпар болып жүргенін билеушілердің өздері де сезбейтіндігі. Дегенмен, адамдардың соның ішінде тарихи тұлғалардың өткеннен сабақ алмайтыны, сол үшін болашақ оны аяусыз жазалайтынын ұмытпаған абзал.
Шығыс халықтарының тағы бір да­налық  сөзінде  «Бір  елді толығымен өзіңе қаратып ­басып алу үшін жеткіншектері мен жастарын өзіңнің ығыңа жығып, тәрбиеле» делінген екен. Мұнысы, жас­тардың ұлттық дүниетанымын  күрт өзгертуге бағытталмақ. Егер, дүние­танымымыз бен көзқарасымыз ұлттық сипаттан толық ажырап, тек мате­риалдық құндылықтарға ғана бас ұратын халге жеткен болсақ, онда кері қайтуымыз қиынға соғады. Ұлттық санамызға қайта оралудың арқасында ғана құлдықтың құрсауынан, бодандықтың бұғауынан босауымызға болады. Олай болмаған жағдайда адамзат тарихындағы жер бетінен ұлт ретінде қарасын батырған халықтардың қайғылы шырғалаңын біз де кешетін боламыз. Мұндай бейшара халге түскен халық отарлаушы жауларының мүддесін өздерінің қалыпты өмірінің құрамдас бөлігі деп шатасып, сол режимді өлердей қорғаштайтын көрінеді. Мысалы, 200 жылдан астам  Ұлыбританияның отарында болған Үндістандағы әлеуметтік кастыны алайық.  Бүгінде 300 миллионға жуық адам қайыршылық деңгейде өлместің күнін көріп отыр. Оларды «адам төзгісіз каст» деп атайтын көрінеді. Сол қауымның дүниетанымы бойынша олардың кедейшілігі маңдайға жазылған тағдыр, қоғамдағы бірден бір мүмкіндіктің өзі осы ғана. Мұндай көзқарасты нық орнықтырудың өзі шын мәнінде қылмыс. Халықтың дүниетанымының өзі олардың өмірін бірнеше буынға дейін осылайша бағыттап тастаған.
Қазіргі таңда қоғам өмірінде екі түрлі дүниетанымдық көзқарас анықталып отырғанын ғалымдар алға тартады. Оның бірі - калейдоскоп (жиынтық құрақтардан тұратын) сипатындағы дүниетаным. Адамдар түрлі оқиғалар мен шынайы дерек, ақпараттар ағыны ортасында өз орнын таба алмай бейберекеттікке ұрынуы. Олардың пайымынша, әрбір тың ақпарат пен оқиға, көрініс атаулы адамның миын одан ары балшыққа айналдырады. Ондай жағдайда адамдардың айналасын қалай сезініп, қабылдауы бейне бір әйнектің жаңа сынығын калейдоскопқа енгізгендей және онысы барлық ұғым мен пайымды өзгертіп жібергендей болатын көрінеді. Екіншісі, мозаика (өз ретімен толықтай көру) сипатындағы дүниетаным. Мұндай көзқарастағы адамдар айналасындағы оқиғаларды өзара сабақтастырып, біртұтас сипатта көре алады. Барлық мәселені себеп-салдарымен кешенді түрде қабылдай алады. Олар үшін белгілі бір оқиғада кездейсоқтық болмайды, шынайы өмір мен оқиға бұрын-соңды қалыптасқан ұғым мен пайымды айқындаушы фактор. Алайда, өкінішке қарай қазіргі таңдағы ақшаға табынған «өркениет» қоғамда калейдоскоп сипатындағы дүниетанымның кең өріс алуына ықпал етіп отыр. Омар Хайям: «Әлемдегі барлық көріністердің ішкі сипаты тым арыда жатады. Сондықтан, көзге көрініп тұрғаны аса маңызды емес, керісінше, бүкіл құпиясы мен шынайы сырын ішіне бүккен түпкі мәніне үңілу парыз» дейді. Олай болса, қоғамдағы әрбір тетікті саналы түрде түсінгенде ғана түрлі жағымсыз ықпалдарға қарсы тұра аламыз. Дәл қазір, біз үшін санқилы ақпарат ағынына ұлттық ділімізбен төтеп беріп, оған қарсы тұра аламыз ба, әлде, бодандықтың бұғауынан босай алмай құл болып қала береміз бе деген таңдау тұр. Саналы түрде дұрыс таңдау жасау үшін зор жауапкершілік пен терең біліктілік керек.

Инвестиция – игілік пе?
 
Өкінішке қарай, ел экономикасына инвестиция енгізудің көлеңкелі тұстары қылаң беріп жатыр. Мысалы, Латын Америкасындағы  мына бір жайтты тарихи ащы сабақ деуге болады. Елдің ауыл шаруашылығы саласына жарияланған тендер бойынша оған шетел инвестициясын тартуға тыйым салынған арнайы ереже енгізілген екен. Алайда, бірлескен компанияның инвестициясына рұқсат беретін заңдық құжат бар. Оны шетелдік компания асқан шеберлікпен пайдалана білген. Оффшорлық тіркеудегі бірнеше қожайыннан құралған секілді етіп бірнеше  ұжым бірлескен компания құрады да тендерде жеңіп шығады. Елдің ауыл шаруашылығы мен азық-түлік саласында басты ойыншыға айналады.  Ресми түрде бірнеше компания жұмыс жүргізіп отырғандай көрінгенімен іс жүзінде артында бір ғана қожасы бар ұйымның тұрғаны кейін белгілі болады. Компанияның көп жыл бойы жүргізген саясаты мен атқарған іс қызметі елдің экономикасына қыруар шығын әкеліп залалын тигізген.
Әлемнің алдыңғы қатарлы елдері түпкілікті қожасы беймәлім, ақырғы жауапкершілікті жүктеуге келмей­тін оффшорлық компанияларды мем­лекеттің стратегиялық маңызды сала­­­ларына жолатпайды. Ал, біз ше? Арқа­мызды кеңге беріп, сондай жағ­дайларға жол беріп қойған жоқпыз ба? Бұлар көңілді күпті ететін сауалдар. БАҚ арқылы олардың бізде көптігін артық мақтаныш етіп жатқан жоқпыз ба? Қалай дегенде де сұрақтан соң сұрақ. Қысқасы, мақтанудан қолымыз босайтын түрі жоқ.

Экологиялық жаулауды ескеріп 
жүрміз бе?
 
Экологиялық соғыстың өзінде екі бағыт айқындалған екен. Біріншісі, экологияның тұрақты балансын технологиялық тәсілмен бүлдіру болса, екіншісі, экологиялық құрылымды экономикалық фактормен қирату. Алғашқысы, қарсы жақтың экологиялық жүйесінің тепе-теңдігінен айыру белгілі бір елдің экономикасын күйретудің таңдаулы тәсілдердің бірі дегенді сарапшылар ескертіп келеді. Экологияның тұрақты балансын технологиялық тәсілмен бұзу мәселесі көп жағдайда кездейсоқ тұрпатта іспетті көрініс табады екен. Ал, кей жағдайда сирек болса да әдейі қасақана бүлдіру, ластау технология да қолданылады.  Кездейсоқ тұрпатта секілді жасалатын қастандықтың тәсілі, белгілі бір технологияны жүзеге асыруға қабілетсіз адамдарға істің тетігін әдейі ұстатып қояды. Сосын, әдейі біреудің қолымен от көсеуге кіріседі. Ғылымда экологияға еш нұқсан келтірмей жұмыс жүргізу технология әзірше шығарылған жоқ. Дегенмен,  табиғатқа келтіретін залалы мейлінше аз озық технологиялар жоқ деуге тағы болмайды. Айталық, цианит натри деген улы зат бар. Егер, оның техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтап, дұрыс қолдана білсек экологияға тигізетін зиянын азайтуға болады. Ал, оны білмейтін, қолдану тәртібінен бейхабар адамдарға әдейі берсе немесе сатса одан келетін қауіптің салдарын алдын ала болжаудың өзі қорқынышты.
Қоршаған ортаны қасқана бүлдіру технологияларға энергетикалық станциялар, ядролық қуат күшін пайдаланатын ұйымдар, өндірістер, құрылыс трестері жатқызылады. Экономикалық өндірістік жүйелі саясат жасалмайынша аталмыш технологиялар ұлттық қауіпсіздікке және тұрғындардың денсаулығы мен  гендік қорына залал төндіретін фактор ретінде қала береді. Осындай іс әрекеттерден шығатын кері салдарларды біле тұра оған әдейі қолдау көрсетуді, қаржыландыруды, ұйымдастыруды да экологиялық соғыстың бір түріне жатқызуға болады.
Экологиялық құрылымды эконо­ми­калық факторлар арқылы бүлдіру ел экономикасын тұралатып қана қоймайды. Сонымен қатар, қоғамдық-саяси  құрылымды да орасан түрде зақымдайтындықтан ең қауіпті техно­логияға жатқызылады. Мал ша­руа­шылығын құлдыратып күйрету стра­тегиялық саясат бізде кеңестік дәуір­ден бастап қолға алынған. Тәуелсіздік жылдарында оған өзіміз де қомақты үлес қосып келеміз. Экожүйені бүлдірудің салдарынан судың тапшылығын тудыру, жайылымды талқандап, мал жаятын өрісті тарылту көшпенділердің дәстүрлі шаруашылығын құртудың ең таңдаулы тәсілдерінің бірі. Қу тақырға айналған далада шығын көбеймесе мал басы өспесі анық.
Су ресурстарын құртудың тағы бір амалы орман, тоғайларды отау үшін көрші елдердің бірі ағашты жоғары бағамен импорттау стратегиялық саясат жүргізсе жеткілікті. Жерасты қазба байлықтарын пайдалану саласына мол көлемде инвестиция енгізудің өзі судың тартылуына, жердің азып-тозуына, жайылымдарды құнарсыз етуге әкелетін ең оңтайлы тәсіл. Ал, оны ескеріп жатқан біз жоқпыз.

«Ауру астан» немесе генетикалық қауіп
 
Әлем ғалымдарының салыстыруларына қарағанда, 1910 жылы бір алма жегенде адам бойына даритын темірдің көлеміне 2010 жылы 5 кг алма жегенде ғана зорға жететіндігі анықталған. Қазіргі таңда генетикалық кері әсер көрсетуі ықтимал технологияны қауіпті үрдіске жатқызып отыр. Ғалымдар генетика әсерін, мутациялық қаупі жоғары технологияны биологиялық, химиялық қару қолданудан да зор залал төндіреді деп санайды.  Генетикалық және мутациялық залал әкелетін технологияны ішінара қысқа және ұзақ мерзімде әсер ететін, кері ықпалы жылдам немесе баяу анықталатын, салдарынан арылуға болатын және болмайтын деп бірнеше бағытқа бөледі. Елімізге төнетін генетикалық технология қаупі ең алдымен азық-түлік, мал жемі арқылы таралу ықтималдығы басым. Азық-түлік қауіпсіздігі әрбір ұлттың ең басты қорғаны болғандықтан аталмыш салада ең жоғарғы талап пен стандарт, заң ережелер қызмет етуге тиіс. Осы саладағы саясат ақсаса, генетикалық қауіптің бұлты басымызға үйірілмек. Олай болса, бұл мәселе қауіпсіздіктің бірнеше саласын қамтымақ. Атап айтқанда, жер қыртысының, мал жайылымдары мен су көздерінің ластануынан сақтау секілді құқтық және қадағалаушылық кешендердің аясында қарастырылады. Жалпы аталмыш салаға белгілі бір жаңа технологияны енгізу үшін де жіті зерттеп, жылдар бойы тәжірибеден өткізіп барып өндіріске енгізеді. Біз фермерлік шаруашылықты дамытамыз деп шулап жүрміз ғой. Оған байланысты да туындауы ықтимал субъективтік құрбандықтар болатын көрінеді.
Фермерлік шаруашылықтың артықшы­лығы еңбек өнімділігінің жоғарылығы мен экономикалық тиімділігінің басымдығы екендігін бәріміз білеміз. Алайда, сүт пен етке сіңетін табиғи нәрлілік пен пайдалы витаминнің құрамы мен сапасы 5-85 пайызға дейін кеміп кететіндігін біле бермейміз. Оны азайту үшін мал жеміне түрлі комбикорм, биокормдарды пайдаланып жатады. Ауа райының ерекшеліктері, экологиялық тарихи эволюцияға сай ұлтымыздың гендік қоры да өзгеріске түсті. Жылдың төрт мезгілінің ауыспалы маусымына сай қазақ баласының  гендік қоры да соған лайықталған. Сапалы әрі витаминға бай экологиялық таза өнім түрлерін тұтынып келген қазақ ұлтының дене организмі аумалы төкпелі ауарайының құбылмалы өзгерістеріне төтеп бере алған. Малдан алынатын барлық өнімдерді ұқсатып пайдаланудың арқасында халқымыздың өсіп өнгені тарихи шындық.  Ал, енді фермерлік шаруашылыққа түбегейлі бет бұрған жағдайда өркениетті елдердің стандартын ұстануымыз керек болады. Ал, ондай экономикалық қалыптасқан база бізде жоқ.  Аталмыш технологияны стандарт бойынша жүзеге асыру үшін ондаған жылдар мен қыруар қаржы керек. Американың Миссури штатынан бірнеше сиырды ұшақпен тасып әкелумен мәселе шешіліп кетпейді. Стандартқа сай келетін фермерлік шаруашылық құрылмағаннан кейін, табиғи жемді сапалы комбикорммен алмастырмаған соң азық-түлік сапасының төмендеуіне әкеліп соғады. Оның салдары халықтың гендік қорына нұқсан келтіреді. Фермерлік шаруашылықтың мүлде қажеті жоқ деуден аулақпыз. Тек оны елдегі дәстүрлі мал шаруашылығымен дұрыс үйлестіріп, дамыта алсақ туындауы ықтимал кереғарлықтың алдын алуға болады дегенді айтқымыз келеді.
Геостратегиялық сыртқы саясат қырғи қабақ соғыс заманы аяқталғаннан кейін көптеген жоғары дамыған елдердің бас­ты ұстанымдарына айналды. 1973 жылы Чилиде болған оқиғаны  коммунистік лагер­дің қаупі ретінде идеологиялық қалқан етіп,  астыртын жаулағандары секілді өзге елдерге өз ықпалын ұлғайтуды көздеушілік белең алып отыр. АҚШ-тың көмегімен  Августо Пиночет билікті алғаннан кейін Чили елінің мыс нарығындағы саясат  американың геосаяси жүрісінің аясында шешіліп келді. Кезінде АҚШ Августо Пиночетті қолдау саясаты мен ресми түсініктемесі арасында елеулі алшақтық болды.  Бір жағынан Салвадор Альенде билігінің ірі мыс қорыту орындарын мемлекет меншігіне өткізуін АҚШ өз азаматтарының жеке мүлкіне қол салу деп қабылдады.  Ол тұста Чилидің ірі кәсіпорындары американдық жекеменшік компанияларының иелігінде болған. Осынау «майшелпектерден» қапияда айырылып қалу АҚШ экономикасының дамуына соққы болып тигендіктен олар құпия қызметтерінің тікелей араласуымен Августо Пиночетке биліктің тізгінін ұстатқаны бүгінде зерттеушілер үшін басы ашық әңгіме. Мұның бәрі бізге тарихи сабақ алу, ірі державалардың мүдделерінің, құрлық асыра жеткізетін саясатының ықпалына түспеу, ұлттық қауіпсіздікті сақтау үшін қажет. Бұл әрине, бір-екі адам, азын-аулақ мекеме, ұйымдардың ғана айналысатын шаруасы емес.  Дәл қазіргідей, «алдымен экономика, сосын саясат» - деп, арқаны кеңге салуға болмайтынын әлемде өтіп жатқан оқиғалар өзінен өзі ескертіп тұрғандай. Айналып келгенде, қоғам өміріндегі барлық іс әрекет саясаттан тыс тұра алмайтындықтан оны айналып өту мүмкін болмасы да белгілі.

439 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз