• Келелі кеңес
  • 15 Тамыз, 2014

ДОССЫЗ ДҮНИЕ БОС

 Жарылқасын БОРАНБАЙ, 
«Алаш» тарихи-зерттеу Орталығының қызметкері

Қазақта бір керемет «Құданы – Құдай, ал досты бір-біріне періште қосады»  дей­тін сырлы да сұлу сөз бар. Қазіргі заман қағидаты, шын мәнінде, Уинстон Черчилль айтпақшы: «Англияның досы да қасы да жоқ, тек мүдделесі бар» деген түпсіз терең тұжырымға тіреліп тұрғанда, дос туралы әңгіме қозғау қызық боп көрінгені де рас. Менің білуімше, «дос болу» феномені адамзат баласымен бірге жасасып келе жатқан өнегелі өмірдің өрнегіне келеді. Ол, әсіресе, бал-балалық шақта, көбірек кезігеді. Ол туралы Расул Ғамзатов: «Жоғалттым кө­не достарды, таппадым бірақ жаңасын» деп жырлаған. Мәлік Ғабдуллин халық ауыз әдебиетін көп зерттеген адам, соның қалдырған мұрасында: «Қожеке,  Сіздің достарыңыз көп пе? – деп сұрағанда, – оны мен қазылық қызметімнен түскенде айтайын!» – деген әңгіме бар екен.


Адамзат тарихы нешеме ұлы адамдардың арасындағы достық туралы тәмсілдерді қал­дырып отырған. Оның арты қуанышқа да, қайғыға да ұласқаны жетерлік. Мәселен Карл Маркс пен Фридрих Энгельс арасындағы достық «марксизм-ленинизм ілімін» дүниеге алып келе алды. Ал, енді, атақты Шыңғысхан мен Жамұқаның арасындағы бала достық, кейіннен бір-бірін атажауға айналдырды. Абай ақын дүниеден өтерінде: «Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да, алдамаған кім қалды тірі жанда» деп күңіренді. Енді, осынау, қымбат сезімді ел-жұрт, халықтар мен мемлекеттер дәрежесіне көтергенде қалай болар екен, соны әңгімелеп көрелік.
Біздің қаттаулы тұрған тарихымыз екінші дүниежүзілік соғыстың сәл-ақ алдында, немістермен «мәңгі достық және бір-біріне шабуыл жасамау» туралы шартқа қол қойғанымызды әлі ұмыта қойған жоқ. Демек, мемлекетаралық болып жататын көптеген қаттаулы қағаздардың достыққа негіз бола алмайтындығын осыдан-ақ көруге болады ғой деймін.Оның қалай болғанын «Малорос, Белорос, Великорос» болып туысатын үш халықтың бүгінгі жағдайынан да көруге болады ғой деймін. Әйтсе де, мынадай, қым-қуыт кезеңде әлдекіммен туыспай, жолдас болмай, бірлесе қимылдамай отыра да алмайсың. Осындай алмағайып сәттерде маған «Түбі Түркі-түгел бол!» деген сөз өте-мөте ұнайды. Мәселен, мына біздер, қазақтар, Тәуелсіздігімізді жариялай сала  Түркия мемлекетінің біздің бостандығымызды мойындауы нағыз бауырластықтың белгісі емес пе?! Басқасы-басқа қиын-қыстау сәттерде Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесін жөндеуге қол ұшын созуын бұл да ұлы достықтың нышаны деп білемін. «Өзіміздің діндесіміз екен» деп араб әлемінің біздерді құшақ жая қарсы алуын, имандылық иірімдерін  көбірек жасау үшін зәулім мешіттер салуымызға көмектесуін ұмытуға бола ма? Осындайда «төскейде малы, төсекте басы қосылған» қырғыз бауырларды ұмытуға бола ма? «Өзбек өз ағам, сарт – садағам» дейтінді де бабалар айтып кетті емес пе? Тарихтың қоламтасын қозғасаң түркімен бауырларды Сырдың бойынан, Оғыз мемлекетінен таба аласыз. Отырар ауданының орталығы Шәуілдір селосының есімі түрікпеннің «чаудар» тайпасынан шыққанын  білгенде ойланбасқа амалыңыз қалмайды. Халқымыздың шежіресін ақтарсаңыз «Қазақ-Созақ бір туған, ал Созақтан – Қарақалпақ тарайды», дегенді  табасыз. Ал, енді, «Қырымның қырық ба­тыры» жыр тізбегін қарас­ты­ратын болсаңыз алдыңыздан Сарай­шық­ты астана еткен Ұлы Ноғайлы жұр­ты көл­­бең ете қалады. Ол уақта татарлар, шуаш­тар, қарашайлар, аварлар, шеркес­тер, башқұрттар, болса да ноғайлар, т.б. алдыңыздан «Құс жолындай» шұбай бас­тайды. Бір кездері ұлы Даланың төсінде «Алты Алаш» атанғаныңыз есіңізге түседі. Кәдімгідей қуаттанып қаласыз. Ендігі жерде, Тәуелсіздіктің туын желбіреткен жылдары олармен қалай туыстаспай, достаспай отыра алмақшысыз?!
Қазақ тегінде данышпан халық қой! Оның «Күлшелі бала сүйкімді» дейтін қызық сөзі бар. Егерде, біздің халқымыз бақуатты тұрса, мемлекетіміздің тұғыры мығым болса, онда біздің достарымыз да, тілеуқорларымыз да көп болады деген сөз. Ол үшін әрине, біздің қонақжайлылығымыз, мінезіміздің кеңдігі, бауырмалдығымыз, көнтерлілігіміз, шыдамдылығымыз, т.б. мың сан жақсы қасиеттеріміз қаймағы бұзылмай сақталғаны жөн. Ол үшін тініміз-тарихымыз, діліміз-жаратылысымыз, болса да тіліміз мен дініміз аман болуы шарт. Ол достықтың, туыстықтың біріктіруші эталоны болып қала береді. Ендігі әңгіме, біздің  «ақ аю», «айдаһар» атанған көршілеріміз туралы. Бұл екеуін, шын мәнінде, «құдай қосқан көршілер» деуге болады. Кезінде Сақ, Ғұн, Көк Түрік, Үйсін мемлекеті болып тұрғанымызда, болмаса Алтын Орда заманында бірлесіп тірлік қылғанымыз жасырын емес. «Ұлы Жібек жолын» күншығыстан батысқа қан тамырдай тарқатқан тұстар да болды. Заманалар көшінде, енді біздер қайтадан аралас-құралас елге  айналып отырмыз. «Ұлы Жібек» жолын асфальт, болат жолдармен қайтадан салып жатырмыз. Бұл өте керекті, әрі қуанышты жағдай. «Біз мал баққан елміз, Өзімізше жай жатқан елміз» деп Қаз дауысты Қазыбек бабам айтқандай, 1928 жылға дейін «көшпелі өркениетті» көздің қарашығындай сақтаған біздерге «атом энергиясын игеріп, ғарышқа самғаған» ғасыр талабына төтеп беру оңайға соқпайтынын мойындаған жөн болады. Оның ішінде көптеген тарих сахнасынан жоғалған мемлекеттердің «Мәңгілік Ел» бола алмауы, сөз жоқ, оның «Өмір сүрудің ең оңтайлы  жолын таңдап ала алмауы» да себеп болады. 
Биыл қасиетті Түркістан топырағында 100 жылдығы тойланбақшы болып жатқан Саттар Ерубаевтың:
Мен білмеймін шекарасын 
Солтүстік пен түстіктің,
Мен білмеймін шекарасын 
Жолдастық пен достықтың, – дейтін жыр жолдары бар. Жалпы, Адамзат баласы Ғаламшарда шыр көбелек айналған бір ғана Жұмыр жерді мекен еткендіктен түптің-түбінде бір-бірімен терең түсінісіп, доссыз өмірдің бос екенін біліп, тіршілікті бірге тамырлатқаны дұрыс болар еді деп ойлаймын.

491 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз