• Келелі кеңес
  • 15 Тамыз, 2014

Корея мен Қазақстанның жақындығы және екі жақты қарым-қатынасты дамытудың келешегі

Сон Чхи КЫН,
Қазақстандағы Оңтүстік Корея Республикасы елшілігінің Алматыдағы өкілдігінің басшысы, 
Бас консулы

Сөз басы
Корей Республикасы мен Қазақстан Республикасының арасындағы дипло­матиялық қарым-қатынастардың орнағанына биыл 21 жыл толып отыр. Бүгінгі таңда екі ел әлемдік қауымдастықта бірін-бірі қолдап, тек қана экономикалық жағынан емес, саяси тұрғыдан да ынтымақтастығын белсенді арттырып келеді. Сонымен қатар, екі ел арасындағы көпірге айналған 100 мыңдаған қазақстандық корейліктердің арқасында біртіндеп қоғамдық, мәдениет, білім салаларындағы қатынас кеңейіп, дамып барады. Қазақстан баламалы түрде салыстырғанда жас тәуелсіз мем­лекет болып табылады және елдің тұрақты дамуы үшін ұлттық бірізділікті нығайтуға, әлемдік қауымдастықта мәртебесін арттыруға бар күш-жігерін салып келеді, сондай-ақ мемлекеттің одан ары гүлденуін арттыру үшін жаңа даму модельдерін зерттеу үстінде. Бұл тұрғыда, Қазақстан үшін 1945 жылы тәуелсіздігін орнықтырғаннан кейін модернизациялау мен демократизациялауды тұрақты әрі ұтымды жүргізген Оңтүстік Кореяның даму дағдысы жақсы үлгі бола алады.


Қазақстан мен Оңтүстік Корея дипло­матиялық қарым-қатынасын 1992 жылы орнатқан, бірақ, 1997 жылғы азиялық қаржы дағдарысына байланысты, екі ел арасындағы қарым-қатынас тоқырауға ұшырады. Ал, 2000 жылы сол кездегі Корей Президенті Но Му Хённің басшылығы тұсындағы «Энергетикалық дипломатия» саясатының жүзеге асуының нәтижесінде екі жақты қарым-қатынас – қайта жан­данды. Содан кейін, президенттікке Ли Мён Бактің келуімен екі ел арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілді, яғни, әртарапты дами бастады. Бүгінде қазақстандық-корейлік қарым-қатынас стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті. Дегенмен, екі ел арасындағы өзара қатынас уақытша тыныштық кезеңді өткерді, тұтас алғанда олар тұрақты әрі тапжылмай дамып отырды. Президент Но Му Хён басқаруы тұсында Корея Қазақстанды бай табиғи ресурстары бар және дамуға әлеуеті жоғары әріптесі ретінде мойындады. Ал, Ли Мён Бактің президенттік басқаруының тұсында екі ел арасындағы қарым-қатынас дамуы сан жағынан да, сапа жағынан да артқаны айқын көрінді. Екі елдің басшыларының өзара тығыз қарым-қатынастары Пре­зидент Ли Сеул қаласының мэрі болып тұрған кезден басталған еді. Оған дәлел, бұрынғы Президент Ли Мён Бак 2012 жылы Қазақстанға 2 рет келіп кеткен болатын. Енді, Президент Пак Кын Хенің басшылығымен құрылған Кореяның жаңа үкіметі екі жақты қарым-қатынас жасауда жаңа өріс алады деген сенім бар. Себебі, қазіргі Корей үкіметі «Еуразия Жібек жолының» экономикалық әлеуетін жоғары бағалайды және осы аймаққа өте үлкен қызығушылық артып отыр. Соның ішінде, елдердің тауар айналымын жылдам жеткізу үшін Корейлік жарты аралдар мен Еуразияның «Жібек жолын» жалғастыруды дамытудың 7 маңызды дипломатиялық міндеттерінің қосылғанына сенім артады.
Сөйтіп, Оңтүстік Кореямен Қазақстан дипломатиялық қарым-қатынас орнатқаннан кейінгі қысқа ғана 20 жыл ішінде сапалық және сандық даму ынтымақтастығына қол жеткізді. Екі ел шекаралас болмағанмен де, Корея мен Қазақстанға дипломатиялық байланысты табысты дамыту қиынға соққан жоқ. Ең алдымен, Қазақстандағы 100 мың корейлік ынтымақтастықты дамыту жолында айтарлықтай ма­ңызды рөл атқарып отыр. Екіншіден, Корея мен Қазақстан өзара қосымша экономикалық құрылымдарға ие. Үшіншіден, екі ел аймақта үйлесімді рөлге ие және халықаралық аренада әріптестікті дамытуға ешқандай кедергі жоқ. Төртіншіден, Корея (ОDA) «дамудың арнайы көмектері» бағдарламаларын іске асыру жолдары бойынша өз тәжірибесін Қазақстанмен бөлісті. Осы мақалада екі елдің үйлесімін, ұқсастығын, екі жақты қарым-қатынасының одан ары дамуының келешегін анық әрі терең зарттегім келген еді. Сонымен, бұл мәселеге кешенді түрде келуім керек болды, сондықтан, мен археология, антропология, лингвистика және тарих жағынан екі елдің жақындығын зерттеуге ниет еттім. Бұл мақаланы жазу туралы идея уақытша экономикалық әріптестікпен шектеліп қана қалмай, мәдениет негіздері ұқсас қалыптасқан, екі елдің өзара бауырлық қатынасын нығайтуды көздеген ықыласымнан туындап отыр. Осы жерде тоқтала кеткім келеді, екі елдің халқының тарихта тамыры бір болғандықтан екі жақты қарым-қатынас о бастан дамыған. Қарым-қатынасты қалыптастыруға оң үрдістердің болуына сай 2012 жылғы Кореяның Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығы бойынша өткен Форумда «Жаңа Жібек жолы» деген әріптестіктің көпқырлы арнасы болып табылатын жаңа термин пайда болды. Мұндай қадамдар осы екі елдің жақындығына байланысты қордаланды.

Корея мен Қазақстанды біріктіретін төрт бөлім

Бірінші, Археологиялық жақындық – Номадизм.
Бәріңізге аян, Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан көшпенділіктің көп тараған жері болып табылады. Бұдан басқа, ең қызықтысы, отырықшы тұрмыс кешкен корей халқының қанында ат үстінде жүретін халықтың өзін­дік ерекшелігі сақталған. Бүгін әлемнің 170 елінде корей диаспорасының 7 млн. астам адамы бар. Бұл, ат үстіне жайғасқан халыққа тән ерекшелік болып табылатын корей халқының ДНҚ-дағы тұтастығы мен жігерлілігінің сақталғанының кепілі болып табылады.1  Ғалымдар корей хал­қының тарихтағы көшпенді халық екенін және олардың ДНҚ-сының шығу тегі бойынша ауқымды ізденістерін жалғастыруда. Әлем халқының ден­ші­лігі отырықшы тұрмыс кешкен, сондықтан, құжаттық материалдарын сақтауда осалдық танытып келген көне көшпелі халықтарға, «жабайы мінезді, талқандаушы, мәдениетсіз» ретінде қараған. Бірақ, тарихта осы іспеттес көзқарастар бұрмаланып келген. Шындығында, сол заманның үлкен жаңалығы от ауызды қарулар әлемдегі соғыс бағытын түбегейлі өзгерткенге шейін сол кездегі көшпелі халықтарда өте жылдам күшті әскер болған.
Табиғаттың қатал заңына төтеп беру үшін, көшпенділер батыл, талантты, нарықтық бағдарлы, бәсекеге қабілетті, дербес, сыртқы қарым-қатынаста мақтан тұтарлықтай әрі ашық болған.2  Сондықтан да, ат үстінде күн кешкен корейлердің ДНҚ-сы белсенді және әлемдік нарықта бастамашылдығымен сақталған деп айтуға болады. Бұлар қола дәуіріндегі тасқа жазылған суреттерде анық сипатталған. Сонымен қатар, тасқа жазылған бұғылар мен қола айна, корей халқының «Тангун» қолбасшысы туралы жазылған аңыз, бұның бәрі олардың күнге табынғандығының дәлелі болып табылады. «Ханзулар кітабы (қытайлар)» ғұндар мен корейлер бір тайпаның топтары ретінде сипатталады. Ханзулардың «ғұндар» деп атаған тайпалары ең әуелі Алтай өңірінде шоғырланып, одан кейін шығыс пен батысқа тарап кеткен.3 Есте қаларлығы, Корея аралдарында болған «Силла» атты ежелгі мемлекеттен қалған жәдігерлердің ішінен көшпенділер өмірін сипаттайтын «Донбок» қола қазан табылған.4 Ең қызықтысы, Силла заманындағы «Салт атты» қола мүсі­нінің сыртқы пішіні (№91 ұлттық қазына) Европалықтардың суреттейтін ғұндардың түріне өте ұқсас келеді. Әрине, сену қиын, бірақ қазір табылып жатқан біздің эрамызға дейінгі 3-4 ғасырлардағы тас мазарлар мен ағаш табыттардан жасалған Силла заманының шеңберлі қорғандары скиф-алтай қорғандарының пішіні мен құрылымына ұқсас. Осы тектес мазарлар 4-6 ғасырлардағы марипғандар (Силла корольдері) тұсында тұрғызылған, («ған» атағын атпен жүретін солтүстік халықтары қолданған. Бұл, Силла заманындағы король отбасылары кең далада еркін жүрген халық арасынан сайланып отырғанын дәлелдейді. Бұдан басқа, 1973 жылы Кёнчжу қаласында Мичу королінің қорғаны маңынан (Силланың 13 королі) Оталық Азия мен Иранда көп қолданыста болған қылыштарға ұқсас алтын қылыш табылған. Оның пішіні осындай суық қарулар пайдаланған үш мемлекеттің замандарынан басқа еш жерде кездеспейді. Ал, оның жасалуы мен пішініне ұқсас қылыш 1928 жылы Қазақстанда Бурабай көлінің маңындағы қабырлардан табылған.5 Демек, Кёнчжу қаласынан табылған алтын қылыш Орталық Азиядан әкелінген немесе оны біреу сол жақтан алып барған. 
Сөйтіп, біздің эрамызға дейінгі алтайлық мол жәдігерлердің Корей мен Қазақстаннан табылуы, корей халқының бабалары Орталық Азияның көшпенді халықтарымен ежелден жақын байланыс жасағанын дәлелдейді.
Екінші, Алтайлық бір тілдік топ бойынша жақындық6 Корей және қазақ тілдерінің тамыры бір, яғни, екеуі де алтайлық тілдік топтан  деген болжам бар. Лингвистердің пікірінше, корей мен қазақ тілдерінде 300-ге жуық сөз өте ұқсас болып келеді екен, мысалы: «чагын-шағын (маленький)», «бурак-булак(село)», «катал-қа­тал(требовательный)» және т.б. Қазақ­стандағы ең биік шың «Хан Тәңірі» деп ата­лады. «Тәңірі» сөзі ежелгі шаманизмнен шыққан Құдай деген мағынаны береді. Ал, корей тілінде бұл сөз «Таңғұн» деп айтылады, «корей халқының ру басы» деген мағынаны береді. Бұдан басқа, ең алғашқы корей королдігі Кочосонның астанасының атауы «Асадал» қазіргі Қазақстанның астанасы «Астана», бұлар тек атауымен ғана емес мағынасы жағынан да айтылатындығында өте ұқсастық бар. Сөз алды қосымшасы «аса», «ас» алтайлық «ас(аs)» «дараланушы» деген сөзінен шыққан, ал «дал», «тана» - алтайлық «тала(tala)», «төменгі белес немесе кең дала» деген сөзінен шыққан. «Дал» корей тілінде «Яньдал (күн асты)» және «Иньдал(көлеңкеде)» деген сияқты сол мағынасында қалған. «Ғажайып дала» немесе «көтерілген күн астындағы дала» деген мағынаны бе­ретін «Астала (As-tala)» сөзі уақыт өте келе астана деген қосымша мағынаға ие болды. Біздің бабаларымыз сөздерін иероглифтарда жазған, сондықтан, иероглифтен оқығанда айтылуға оңай «астала» сөзі «асадал» болып айтылу жағынан өзгеріске ұшыраған.8 Алтайлық тіл – түрік, монғол, тұңғыс-мәнжүр тілдерінің тармақтарының басын қосатын тілдік топ. Зерттеушілер жоғарыда айтылған тілдер өзара байланысты болып табылады деп санайды. Шынында, бұл тілдерде дауыстылар үндестігі, жалғамалылығы және т.б.9 жағынан ұқсастық қасиеттері байқалады.
Сонымен бірге, қазақ тілі түркі тілінен, корей тілі тұңғұс тілінен туған деген топшылау бар. Әрине, корей тілі мен оның теориясының тууы туралы түрлі пікір бар, оған қоса алтайлық тілдер тобына корей тілін енгізу бұл тек болжам болып отыр. Дегенмен, біздің эрамызға дейінгі Маньчжурия мен Корей жарты аралдарының кең атырабындағы тілдер 3 тілдік топ Суксин, Буё және Хан тілдері болғаны, оның ішінде алтай тілімен түбі бір Буё тілінен Когурё, Окчжо және Донъге тілдері пайда болғанына ешқандай күмән жоқ.10 Үш мемлекеттің ішінен әсіресе ат үстінде жүрген Когурё халқының өзіндік белгісі ерекшеленіп тұрады. Сонымен қатар, Когурё өте үлкен территорияны басып жатқан, оның ішіне Корей жарты аралдарының және Маньчжурияның солтүстік аймағыда кіреді. Осыларға зер сала отырып, Когурё алтайлық мәдениетпен өте тығыз байланыста болған деп айтуға болады.
Үшінші, Антропологиялық жақындық (моңғолдық шырам, бас сүйегінің пішіні) Конгук университетінің медициналық магистратурасының профессоры Го Ги Соктың 2001 жылғы жүргізген зерттеулерінің нәтижесі, екі халықтың антропологиялық тұрғыдан ұқсастығын дәлелдейді. Ол корейліктердің бас сүйегіне сараптама жасау арқылы корей халқының пайда болуын зерттей отырып, басқа халықпен салыстырғанда корей халқына қазақтар ұқсайды деген шешімге келген. Профессор Го әр түрлі халықтардың арасындағы ұқсастықты бас сүйегінің жіктері мен астыңғы жағындағы саңылауы арқылы және 60 белгісі бойынша зерттеген, нәтижесінде корейліктер мен қазақтардың бас сүйегінің құрылымы өте ұқсас екенін білген. Көшпенділердің «Жалпақ бастылық» үлкен емес әрі жалпақ маңдай және жатық ұзыңқай бас сүйегі дулыға кию үшін олар бас сүйектерін рабайсыз өзгерткен дегенді білдіреді.11  Корейліктерге бәрінен де Қазақстанның орталық-шығысы өңірінде тұратын Орта жүз қазақтары ұқсайды екен. Егер, картаға қарасаңыз бұл өңір Моңғолияның батысы, яғни, Алтайдың батыс бөлігінде орналасқан. Сондай-ақ, Байкал көлінің маңайында тұратын бурят-моңғолдарда корейліктерге ұқсайды. Олар Шыңғыс ханның негізгі ұрпақтары деген болжам бар. Кейбір мамандар Буё деген мемлекеттің атауы «Бурятия» дегеннен шыққан дейді. Бүгінгі таңда корей тарихшылары неоконфуциандық не­гізде «Корей жарты аралдарындағы кіші Қытайдың» әсерінен солтүстік далада құрылған ата-бабаларымыз Мань­ч­­журлердің тарихының бағасын осы күнге дейін білмей келген корей халқы үшін «Алтай» өлкесі үлкен маңызға ие. Тарихи архивтерде ат үстінде жүретін біздің елдің халқы Еуропа, Орталық Азия және қытай арасындағы делдал өкілдері болып сипатталады. Бұл халықтың ДНҚ-сында ноу-хау мен тарихтағы ең үлкен мемлекетті құру және басқару бойынша тәжірибелері сақталған.13 Бұдан басқа, сусамырды зерттеуші доктор Ли Хонг Гю, Сеул университетінде корей халқының пайда болуы туралы өте үлкен жаңалық ашты. Солтүстік елдердің болмысына тән организмді басқалармен салыстырмалы түрде алғанда көбірек жылу бөлетіндіктен, 70 пайыз корейліктердің организмдерінде май сирек жиналады екен, сондықтан да корейліктерде сусамыр ауруы аз кездеседі. Сонымен бірге, корейліктердің мұндай сыртқы келбеті мен генетикалық болмысы, яғни қардан және қытымыр ауа-райындағы суықтан қорғайтын сыртқы терілерінің қалыңдығы, бетінің жалпақтығы, жіңішке еріні, тәмпіш мұрыны, қалың қасы, кішкентай көзі, дененің жоғарғы жағының үлкендігі корейліктердің шығу тегі Алтай, Байкал, Сібір сияқты өңірлерден болғанын дәлелдейді.
Төртінші, Корей халқының алтайлық өңірмен тарихи жақындығы (туыстығы). Көптеген тарихшылар 3-4 мың жыл бұрын корейліктердің бір бөлігі Алтай өңірінде өмір сүрген деп санайды. Қазіргі кезде көп адам Корей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас осыдан 70 жыл бұрын корейліктерді Орталық Азияға күштеп жер аударғаннан кейін орнады деп есептейді, бірақ, шынына келгенде екі елдің қарым-қатынасы одан ертеректе басталған болатын. Бұған қоса, корейліктер протоплазмасының құрылымы бойынша алтайлық тайпалар тобына жатады. Алтайлықтардың сөзіне сүйенсек, «Таңзаған» алтайлық ертегісінде алтайлықтар өздерінің тегі санайтын алтын құрбақа болған, корей халқының Гори мемлекеті ертегісінде де дәл осындай Құрбақа-король бар. Яғни, алғашқы деректі материалдарда негізгі кориум Алтай болған. Таңқаларлығы, Қазақстанда табылған алтын табыттардағы сәндік үшін жасалған жәдігерлердің кескіндері, Силла мемлекеті дәуіріндегі әшекейлерде де кездеседі. Яғни, сол заманның өзінде корей халқы мен Орталық Азияның көшпенді тайпалары қарым-қатынас жасап тұрған, соның ішінде Еуразияның кең даласы арқылы сәндік бұйымдармен және бетінде бедері бар әшекейлермен алмасып тұрған.15 Сонымен қатар, Кореяның антикалық тарихы кітабында Кочосон халқы мен ғұндар туған бауырлар болып келеді деп жазылған. Бұл туралы деректер тек қана Қазақстанда ғана емес, Өзбекстанда да кездеседі. Мысалы, Афросиаб ғимаратының қабырғасындағы суретте Кокурё елшісі салынған. Бұл ғимарат қабырғасындағы суреттер 640-660 жж. Кокурё мен қытайдың Таң династиясы арасындағы соғыс жылдары салынған болу керек. Сондай-ақ, бұл қабырға суреттері Кокурё мен түркілер арасындағы алыс-берісті ғана емес, сонымен қоса, ұлы генерал Кокурё Ёнгэсомунның әлемге өзінің қожалығын жүргізгісі келген Таң династиясына қарсы тұру үшін көшпенділермен де ынты­мақтастықты арттырғысы келгенін баяндайды. Таң династиясының әскерін Талас шайқасында басқарған генерал Госончжи мен барлық корейліктер жақсы білетін генерал Ондол да Орталық Азияда дүниеге келген деген болжам бар.
Бұл тектес болжамдар Корей мен Қазақстан арасындағы тарихи жақындықты одан ары қызыға зерттеуге жетелейді. Сонымен қатар, Корё мемлекеті тұсында жазылған, араб-саудакеш тайпалары туралы ән, Кёндок король басқарып тұрған кездегі Силла мемлекетінің атақты ғалым-монахы Чунгдамның жазған үнді Кумаразивін мадақтайтын жыры, Пекче мемлекетінің Хукчисанчжи генералының түркілерге қарсы соғысы баяндалатын «Чангипаранга» әні сияқты Корей мен Орталық Азияның ежелгі байланыстарының тарихы туралы тұстары да бар. Дегенмен, Чосон конфуциондық дінді елдің негізгі діні етіп ендіргеннен бас­тап Корей мен Орталық Азияның белсенді қарым-қатынасы шектеліп, қытайдың Мён династиясымен қарым-қатынасы екпін ала бастаған.16 

Сөз соңы
Қазақстан – мәдениеттер тоғысқан көпұлтты ел. Сондықтан, қазақтар басқа халықтардың тәжірибелері мен мәдениетін зерттейді және жақсы түсініп, қабылдайды. Қазақстанда бейбіт әрі үйлесімді өмір сүріп жатқан 140 ұлттың ішінде өздерін 4-ші Жүзбіз деп есептейтін (қазақтардың дәстүрлі бірлестігі) корей диаспорасы, қазақтардың туған бауырларымыз деп санайды және жергілікті тұрғындармен жақсы әрі тығыз байланыста өмір сүруде. Сонымен қатар, Оңтүстік Корея мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 21 жыл ғана болса да, көп қазақтар корей кинофильмдері мен телехикаяларын жақсы көреді әрі музыкасын сүйіп тыңдап, Кореяны Азиядағы ең басты әріптесі ретінде санайды.17 Әрине, қырғи қабақ соғыс жылдарында бірін-бірі туралы аз білсе де қысқа уақыттың ішінде саяси кедергілердің жоқтығы мен өзара экономикалық толықтырушы құрылымдарының арқасында екі елдің әріптестік қарым-қатынасы дәуірлеп дамып келеді. Осы айтылғанмен ғана екі елдің қарым-қатынасын толық жеткізу мүмкін емес. Корей халқының қанына сіңген солтүстік халықтарының ұрпағы сияқты ат үстінде жүруге бейімділігімен қа­заққа ұқсас қасиеттері, жаңа сұраныстарды игерудегі ұтымды іскерлігі мен табандылығы одан ары жақындастыра түсті. Одан басқа, корей және қазақ тілдеріндегі көп ұқсастық та ынтымақтастықтың артуына дәнекер болды. Екі тілдің бір-біріне ұқсастығы кездейсоқтық емес. Бұнымен қоса, корей ғалымдарының зерттеулерімен дәлелденген екі халықтың антропологиялық жақындығы да бізді таңдандырады. Мұндай ұқсастықты тек қана екі халықтың шығу тегінің бір еке­німен және өз уақытында белсенді араласып тұрғанымен түсіндіруге болады. Ұқсас мақалдар, аңыздар мен ертегі­лердің ұқсас атаулары, бірқатар тарихи материалдардың бір уақытта пайда бол­ғаны Корея мен Қазақстанның о баста жақындығы барын тағы да дәлелдей түседі. Жалпы, бұл мақалада екі елдің барлық ұқсас қасиеттерін түгендеп шығу мүмкін емес.
Француз экономисті, Еуропалық қайта құру және даму банкінің бұрыңғы президенті Жак Аттали, ХХІ ғасырда қоғамда көшпенділердің өмір сүру салты мен ынтазарлығы, идеологиясы мен құндылықтары үстем болады деп болжаған еді.18 Яғни, біз бүгін жаңа номадизмнің қажеттігі туындаған дәуірде өмір сүріп отырмыз. Теңдессіз қоғамдық және экономикалық өзгерістер заманында өткен уақыттың құндылықтары мен өлшем бағалары жаңа дәуірге анахрондық және жарамсыз болып есептеледі. Мұндай жағдайда, халықаралық аренада өзіне көп көңіл аудартып отырған Қазақстанмен ынтымақтастықты арттыру және екі елдің сыбайластығы мен ортақ тарихы, екі елдің жақындығы, қандай бағытта болмасын дамудың шапшаңдығын арттырады. Әр дәуірдің өз қажеттілігіне сәйкес жаңа экономикалық және саяси байланыстар орнатуға болады, бірақ, тарихи әрі мәдени туыстықты қолдан жасау мүмкін еместігін айта кеткім келеді. Тарихи әрі мәдени ортақ негізде қаланған Қазақстан мен Кореяның қарым-қатынасы өзара ынтымақтастықты арттыруға, соның ішінде мәдени салада әріптестікті дамытуға мүмкіндік береді. Қазіргі екі жақты құрылымдық байланысты жаңа деңгейге көтеру үшін айтарлықтай негіз қаланды деп айтуға болады. Тек қана ынтымақтастықтың дәнін сеуіп, арамшөптерді тұрақты тазалап, сумен және тыңайтқышпен қамтамасыз етіп тұру керек. Дәл осындай жағдайда біздің жақындығымыз, рухани және мәдени құндылықтармен байланысымыз, оңтүстік кореялық және американдық қарым-қатынастағыдай біздің экономикалық мүдделерімізді қарқынды дамытудың өрісін кеңейтеді. Әзірше, Кореяда Орталық Азия туралы азды көпті теріс пікірлі имидж бар. Дегенмен, егер, біздің екі елдің жақындығы туралы кеңінен насихаттайтын болсақ, онда сөзсіз екі жақты оң әрі достық пікірлер тарап, ынтымақтастық іс-жүзінде жүзеге асыру арта түседі және «Алтай өңірінде экономикалық ынтымақтастықтық ұйым» құруға немесе «Алтай өңірінде мәдени бірлестік» құруға мүмкіндік туады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1 Юн Ёнг Хо, Янг Ёнг Хо, Ким Санг Ук және т.б.: «Еуразияның алтын кіндігі», Сеул, 2010 ж. – 299 бет).
2 Ким Сок Донг: «Корей Республикасының Экономикасы және корей халқының ДНҚ-сы», Сеул, 2011 ж.- 26 бет.
3 Осы саланы зерттеу жініндегі маман, Чон Су Ил профессордың сөзіне сүйенсек (Дангук университеті), «Ғұндар» олар қандай да бір тайпаға жатпайды, Алтай жотасының оңтүстік-шығыс аймағында өмір сүрген, өздерін ғұндармыз деп ата­ған көшпенділер. Кең мағынада алсақ, олардың бір бөлігі шығысқа (Чусин (Jϋsin), ал екіншісі Батысқа (Ғұндар (Hun) ауысып кеткен. Яғни, Чусиндерді (Jϋsin) Ғұндар (Hun) деп айтуға болмайды. Чусин (Jϋsin) негізінен шығыс аймақтарда өмір сүрген және Монғолияға-Маньчжурияға-Корей жарты аралдарына-Жапонияға тарап кеткен Ғұндар тайпаларының фракциясы болып табылады. 
4 «Донбок» –  көшпенділер тайпаларының көшбасшысы ет дайындау үшін рухани тазару салтанатына пайдаланатын, қола қазан.
5 http:/сafe. naver.com/centra­lasi­ago/1654.
6«Алтай – Ресей, Қазақстан, Қытай, Моңғолия шекарасында орналасқан және алтын тау деген мағына беретін қыр­қаның аты. «Алтай» сөзі – қазақ және моңғол тілдерінде: «алтын» және «алтан» деп сақталып қалған. Түрлі аңыздар мен лингвистикалық зерттеулер нәтижесі бойынша корей халқының түп негізгі бабалары дәл осы Алтайдан шыққан. Шын мәнісінде Алтай Республикасында (Таулы-Алтайда) корей тіліне ұқсас садун (құда), самчун (аға), пап (күріш), от (киім), мал (жылқы), мул (су), дак (тауық), маныл (сарымсақ) және т.б. сияқты корей тіліне ұқсас сөздерді естуге болады. Сонымен қатар, тұрғындары да корейліктерден құйып қойғандай айнымайды» – делінген 2010 жылы Қазақстандағы Корей Респуб­ликасының елшілігінің Шығыс-Қазақстан облысындағы туризмді зерттеу бойынша құрған делегацияның құрамында болған Донъянг университетінің профессоры Ким Ун Хэ-нің Өскеменге барған сапарынан кейінгі жазған «Корея мен Қазақстан ұқсас: Асадал елдері (Common Features of Kazakhstan & Korea)» атты мақаласының 15-16 беттерінде.
7Кейбір ғалымдардың айтуынша, Корей халқының антикалық тарихы баяндалатын «Хандангоги» кітабында «Тәңірі», «Те­ңыр», «Танғұн» және т.б. сөздер тара­ған өңірлердегі Құдаймен тілдесетін дін­басы­лары Кочосон мемлекетінің қара­мағында болған дейді.
8Ким Ёнг Ил «үш мемлекеттің география­лық кітаптарындағы ежелгі атаулардың түрлері мен алтай элементтеріне сараптама, Топономика» 2001 жылғы маусым.
Ким Пил Ёнг «Корей және қазақ тілдеріндегі жалғаулардың салыстырмалы сараптамасы», Алтай ғылыми журналы, №18, Сеул, Сеул университеті, 2008 ж., 126 бет
10 http://terms.navar.com/entry.nhn?cid=1189682&mobile&categoryId=200000850
11 Кенжу қаласында Кырёнг королінің қорғанында «Салт атты» кейпінде жа­сал­ған қышшының басы және Кимхэ қала­сында ІV ғасырдың ашық ағаш табыт­тардан жалпақ пішіндегі 10 бас сүйек табылған.
12 Ким Ун Хэ, 2010 ж., 8-12 беттер.
13 Ким Ун Хэ: Ұлы Чусинді (Jϋsin) іздеу, (1), Сеул, 2006 ж., 67-68 беттер.
14 Ли Хонг Гю «Корей халқының тегін генетикалық тұрғыдан іздеу», Байкал, корей халқының шығу тегін зерттеу, «Духовный мир» баспасы, 2003 ж., 233 бет.
15 КBC телеарнасының «Тарих» бағдарламасын түсіруші арнайы топ: «корей мен әлем тарихының ортақтығы», Сеул, 2011 ж. 28 бет.
16Чи Бэ Сон «Корея мен Орталық азияның тарихтағы алыс-берісі». – Ко­рея­ның Орталық Азиямен бірлескен ха­лықаралық ғылыми-конференциясы. Ко­рей мәдениеті мен ақпараты қызметі (КОСІS), 2012 ж., 144-146 беттер.
17Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Сұлтанов Болат мырза, өткен кездесуде Қазақстан Үкіметі батыста Германияны, шығыс елдері ішінен Оңтүстік Кореяны 1 әріптесі деп санады, деп тоқталап өткен болатын.
18Юн Ёнг Хо және басқалар, 2010ж., 52 бет.

1894 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз