• Ұлттану
  • 15 Тамыз, 2014

Елбасы Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмиді қабылдады

Кездесу барысында республика соттарының 2014 жылғы бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындылары, Жоғарғы соттың күнделікті қызметі, сондай-ақ алдағы кезеңдегі міндеттері талқыланды, деп хабарлайды Ақорда баспа сөз қызметі.

Мемлекет басшысы сот жүйесі мемлекеттік басқаруды жетілдіруде, елдің алдында тұрған әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуде, шағын және орта бизнес субьектілері мен инвесторлардың құқықтарын қорғауда, олардың қызметі үшін оңтайлы жағдай жасауда айрықша орын алатынын атап өтті.

Қазақстан Президенті Үкіметті қайта ұйымдастыру, оның құрамын ықшамдау бизнеске барынша жайлы жағдай жасауға бағытталғанын айтты.

- Осыған байланысты біз тексерулерді қысқартуға бағытталған, кәсіпкерлікті реттеудің мүлде басқа тәжірибесін енгіземіз. Тексерулерге 2015 жылға дейін мораторий жариялағаннан кейін жағдай нашарлаған жоқ: салықтар түсіп жатыр, бизнес субьектілері жұмыс істеп тұр. Бұл рұқсат беру жүйесінің көптеген үдерістері, түрлі тексерулердің түгелдей жосықсыз екенін айтып тұр,  - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев келер жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа кодекстер қолданысқа енетініне тоқталды. Ол құқық бұзушыларға экономикалық санкцияларды көбірек қолдануға және түрмедегілердің азаюына әкелуі тиіс.

- Адамдардың сот әділдігіне деген сенімі сот органдарының жұмысына байланысты. Атап айтқанда, барлық даулар отандық сотта әділ шешілуі үшін мамандандырылған экономикалық соттардың жұмысын жетілдіру керек, - деді Қазақстан Президенті.

Жоғарғы сот төрағасы елдегі сот төрелігінің жағдайы туралы баяндады. Бірінші жартыжылдықта соттарға келіп түскен арыздар мен істердің саны 2013 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,5 пайызға ұлғайды. Медиаторлардың қатысуымен қаралған азаматтық істердің саны 475-тен 1911 –ге дейін өсті.

Қ.Мәми сондай-ақ электрондық сот өндірісін дамыту, сот қызметіндегі бюрократиялық үдерістерді азайту жұмыстары мен азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған шаралар туралы айтты.

Сонымен қатар, Жоғарғы сот төрағасы 4-5 қыркүйекте Астанада өтетін  ШЫҰ елдерінің Жоғарғы сот төрағаларының ІХ отырысын өткізуге дайындық барысы туралы хабардар етті.

Кездесудің қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы елдің сот жүйесін дамыту мәселелеріне қатысты  бірқатар нақты тапсырмалар берді.

245 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз